Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қош бол, қоңыр құлжа!...

30.08.2021 4553

Қош бол, қоңыр құлжа! 12+

Қош бол, қоңыр құлжа! - adebiportal.kz

«Осыдан былай қарай Баянды тауының көркін тілмен айтып жеткізе алмайсың. Күннің бір шекесі қылтиып көрінгеннен беткейдегі түсі қанық көкпеңбек майда бетеге, жылға жылғадан бытысып өскен ұлпа құрақ мың бұралып қоя береді-ау. Оқшау-оқшау сеңгір қандай маңғаз, аяқ ұшы тисе сусып кететін тас қорымда алтын шуақ аунап-қунайды. Ақ түбіт бұлттар аспан жүзінен сырғанап түсіп, жұлдызы әдемі, арда емген шоқыларды құшады».

Бұл жазушы Несіпбек Дәуітайұлының өткен ғасырдың соңын ала жазған «Жол» повесінен үзінді. Дұрысы Нес ағаңның жолы осылай басталғандай. Сырттай даңғыл, айбатты көрінгенімен, бұралаңы мен бұлтарысы көп, қым-қиғаш шытырман жол. Әсіресе шығармашылықта сайрап жатқан жол жоқ. Оның жолы ауыр да, азапты жол. Міне Несіпбек Дәуітайұлы сол жанкешті, аласапыранға толы сапарында, қазақ әдебиетіндегі өз жолын тапқан, өз жолын жасақтаған, сол жолға өшпес із қалдырған аз ғана суреткерлердің сабынан болды.

Несіпбек Дәуітайұлын алдыңғы ағалары, артынан ерген інілері, тіпті тұтас әдеби қауым Шер ағаң қойған ныспымен «Қордайдың қоңыр құлжасы» деп еркелететін. Еркелетіп қана қоймай соған арқаланатын. Өзінің де сыртқы бітімі, тұтас болмысы, жазу табиғаты даланың сол тағысына тым жақын еді. Бір тауды бір өзі жайлағандай, бір өзі үлкен бір әдеби мектеп, әдеби қауым болды. Таластан ұшқан талай саңлақтың Несіпбек Дәуітайұлының алдынан өтпегені, тәлімін алмағаны, ағалық қамқорлығын көрмегені некеншік.

Енді міне қасиетіңнен айналайын, Қордай иесіз қалғандай, қазақ әдебиеті құлжасынан айрылғандай, тұтас сөз сүйер қауым күңіреніп отырған жайы бар. «Күні біткен күнінде, айы біткен айында» десек те, марқасқаларының бірінен кейін бірін келместің кемесіне аттандырып жтақан жұртшылық үшін ауыр қаза. «Әдебиет порталының» ұжымы жазушының отбасына, жақын туыстарына, ел-жұрты мен қалың оқырман қауымына қайғырып көңіл айтамыз. Бір өкініш, бір үміт. Үміт дейтініміз – әлдеқашан уақыттың сүзгісінен өткен Несіпбек Дәуітайұлының шығармашылық әлемі қазақ дейтін қаймана жұртымен мәңгілік бірге жасайтыны сөзсіз. Оның артында қалған мол мұрасы – ел мерейін тасытқан, ұлт айбарын асырған рухы биік қазына екені даусыз.

Қордайдың қоңыр құлжасы ту сыртымыздан күдірейіп қарап тұрғандай.

Қош бол, қоңыр құлжа!

Несіпбек Дәутайұлы - 1947 жылы 30 ақпанда Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Киров атындағы колхозда (қазіргі Кенен ауылы) дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

1972—1980 жылдары аудандық «Қордай» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарды. Жамбыл облыстық газетінде меншікті тілші болған. Қазір «Жамбыл» әдеби-көпшілік журналының Бас редакторы. Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры.

Таңдаулы көркем шығармаларға арналған республикалық жабық бәйгелердің жүлдегері, Ғ.Мұстафиннің 100 жылдығына байланысты үздік әңгімелерге арналған әдеби бәйгенің бас жеңімпазы. ҚР Ұлттық кітапханасы өткізген «Ең үздік роман» байқауында «Құдірет пен қасірет» романы жүлдеге ие болған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Қазақ әдебиеті» газетінің проза жанры бойынша лауреатві. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі және Астананың 10 жылдығына арналған медальдармен марапатталған. Халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің Бас жеңімпазы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар