Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қос-қос басқан, қос басқан...

28.04.2022 4832

Қос-қос басқан, қос басқан 12+

Қос-қос басқан, қос басқан - adebiportal.kz

Бүгін астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың Мұқағали Мақатаев атындағы залында белгілі дәулескер күйші, Арқа күй мектебінің үздік өкілі, өнертану ғылымдарының магистірі, Тәттімбет атындағы үшінші Республикалық конкурстың Гран При иегері Қайрат Хамитұлы Айтбаевтың «Қосбасар» атты күй кеші өтті. Күйшінің шығармашылық кешін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді.

Тыңдаушының жанын жадыратып, иманын таразылайтын салихалы күй кешіне, қазақ күй өнерінің шын жанашырлары жиналды. Сырлы сазға, кәусар әуенге ынтыққан тыңдарман, күйшінің саусағынан шыққан асыл дыбысқа сүттей ұйып, нілдей тынып отырды. Қайрат Хамитұлының қырық жасқа толуына орай, ұстаздары мен тыңдармандары алдында есеп беру негізінде ұйымдастырылған кешке Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай, күйші, профессор Жанғали Жүзбай, әдебиеттанушы, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы, абайтанушы, ғалым Омар Жәлел, күйші, журналист Сәрсенғали Жүзбай, ақын, әдебиетші Сұраған Рахметұлы, әнші Толғанбай Сембаев сынды ел ағалары мен ұлт зиялылары, және күйшінің әріптестері, замандастары қатысты.

Қаймана қазаққа қара домбырасы мен қоңыр күйі арқылы қадыры артқан Қайрат Хамитұлы алаш жұртына күйшілігі мен ғана емес, күй зерттеуші, өнертанушы, хас өнердің тамырын дөп басар сыншылдығымен де белгілі. Оның осы уақытқа дейін «Шертпе күйдің өзекті мәселелері», «Күйші – Жанғали», «Әнші», «Ән негізі аралас өлшемге құрылады», «Күйші – Сәрсенғали», «Бір мысқал» сынды қазақтың классикалық ән-күй өнері туралы өзекті мәселелерді көтеретін ғылыми зерттеулері, танымдық мақалалары музыкатану саласындағы сүбелі еңбектерінің бірі болып саналады. Халық композиторы Естай Беркімбаевтың өмірі мен шығармашылығы негізінде қорғаған магистрлік жұмысы да, естайтану ғылымы үшін олжалы дүние екендігі баршаңызға аян деп ойлаймыз. Сол негізде жарық көрген «Бір мысқал» ғылыми еңбегі музыкатанушылар мен студент қауымының зор ықыласына бөленіп те келеді.

Осы орайда, Қайрат Хамитұлының «Бір мысқал» кітабы туралы, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Иманғазы Нұрахметұлының бір ауыз пікірін ел есіне сала кеткен артық емес секілді. Ғалым ол туралы былай дейді: «Естайды көрген қарттардан әнші жайында құнды деректер алған және сол деректерді өзінің зерттеуінде ұтымды пайдаланып, сөйлете білген. Әсіресе, Кәкен Тәшімов ақсақалдың Ақкөл өңірінің әнші-қиссашылары туралы айтқан деректері көп нәрсенің мәнін түсінуге жетелейді. «Кәкен ақсақал бізге «Күлше мен Назымбек», «Кесік бас» қиссаларын және «Балқадиша», «Қарғам-ау» әндерін айтып берді. Домбыраны ғажап тартады. Байғабыл арқылы жеткен Естайдың ән бастардағы «қара шертісін» сұлу қайырды. Байғабыл Жылқыбаев «Бір мысқалды» айтарда тартатын автордың сөзімен айтқанда «қара шертістің» Естайдың ән шақыртқысы екені айтылып отыр. Осының өзі – үлкен жаңалық, үлкен табыс. Кәкен Тәшімов: «Мен ән салуды Мүфтиден үйрендім, Естайға ән салғызу қиын еді. Есекең қисса айтпайтын, тыңдағанды ұнататын»,- депті. Осы кішкентай детальдан Естайдың мінезі, әншілік ұстанымы байқалып тұрған жоқ па? Әншінің немересі Зекен әженің аузынан жазып алған деректері де аса құнды». Ғалым Иманғазы Нұрахметұлы Қайраттың өнертану ғылымы жолындағы осы бір ізденгіш, талпынғыш қасиетін тап басып айтып отыр. Алдағы уақытта Қайрат Хамитұлының қазақ музыкатану ғылымына қосар үлесі көп боларына сенеміз.

Сонымен, Қайрат Айтбаевтың «Қосбасар» атты күй кешінің шымылдығы, Мағауия Хамзинның «Шопан» атты күйімен ашылды. Жалпы күй сүйер қауымға белгілі, Қайраттың өнер жолында күйші Таласбек Әсемқұловтің алатын орыны айрықша, «Шопаннан» кейінгі күй кезегі Таласбек ағамыз жеткізген Байжігіттің «Жылқыда» күйіне ұласты. Одан кейінгі күй кеш атымен сабақтас «Қосбасарға» келді. Мағауия Хамзин жеткізген Тәттімбеттің «Қосбасарының» бірінші түрі күйшілер ортасында көп шертіле берілмейтін еді. Қайрекең осы күйді аттай қалап алып, өз бояуымен күмбірлете тартты. Келесі орындалған күй – Таласбек Әсемқұлов жеткізген Байжігіттің «Еркеатан» күйі болды. Күй кешінің осы тұсына келгенде күйшінің арқасы жазылып, маңдайы жіпсіп, тынысы ашыла түсті. Келесі күй Мұқамеджан Тілеухановтың «Тағдыр-ай» күйімен жалғасын тауып, тыңдарманын зәру бір күйге бөледі. Зар мен сағынышқа толы тәтті күй, тағдырлы күй тыңдаушының қиялын шартарапқа сала бергені сол еді, кезегі келіп, бабы жетіліп тұрған Сүгірдің «Шалқымасы» арнадан асып, лықси жөнелгенде жиналған жұрт бір желпініп қалды.

Қайрат Хамитұлының күй-қоржыны біршама бай екендігі жалпы жұртқа белгілі. Әсіресе, Тәттекеңнің тылсымға толы сырлы, назды күйлерін өз мәнерінде биік тартатыны көпшіліктің көңіл түкпірінде екені анық. Келесі күйдің кезегі де сондай шұғылалы күйдің бірі – «Көкейкестіге» жалғасты. Күйші Қайрат бұл жолы «Көкейкестінің» бізге жеткен Мағауия Хамзин тартқан үлгісін орындап берді. Жалпы Қайрат Хамитұлы Арқа күй мектебі ішінде Әбікен Хасенов пен Мағауия Хамзин мәнерін тең меңгерген, сол аралықтан өз жолын таба білген күйші екені даусыз. Абай айтатын «Ақылдының сөзіндей ойлы күйден» соң, күй шеруі Мағауия Хамзинның «Қосбасарымен» өз биігін тауып жатты. Бірінен бірі сырлы, бірінен бірі мұңлы, бірінен бірі жұмбақ, бірінен бірі ажарлы, айшықты күйлерден кейін Қайрат саусағын Тәттекеңнің «Сарыжайлауына» салғанда тыңдаушының тебіренген, сүйінген дауысы зал ішін кернеп кетті. Әркім өз жүрегіндегі «Сарыжайлауына» барып қайтқандай күй кешіп, аңсарын қармап, сарығын басқан саналы жұрт күйшіге деген ыстық пейілін, шын ыризашылығын жасыра алмай ұзақ қол соғып тұрып алды. Әр күйге арнайы тоқталып, әр күйдің мән-жайын, жай-жапсарын тыңдаушыға әрлеп ұсынып, кештің тізгінін ұстап отырған ақын Дәулеткерей Кәпұлы, кезекті күйді Мағауия Хамзинның «Белгісіз солдатына» бергенде, қоңыр домбырадан сырлы сарын ағытыла жөнелді. Ұлы ұрыс даласындағы белгісіз батырдың, белгісіз жауынгердің ерлігі, қаһармандығы, шаһит кешкен жанқиярлығы тыңдарман ойын сан түрлі ырғаққа бөлеп, күйдің шүлен шуағына шомылдырды. Осыдан кейін аз ғана үзіліс алған күйші Қайрат кезекті домбырасына қол созды. Ол – Қайраттың күй әлемімен жақсы таныс тыңдарман үшін көптен белгілі, кәнігі қарағайдан 1937 жылы шабылған, тарихтың көзіндей, шежірелі домбырасы еді. Қайраттың жан әлеміне жақын, жансерігі еді. Көненің көзіндей, асылдың сынығындай домбырасын қолған алған Қайрат, кешінің сірге жияр тұсын Дайрабайдың күйі «Дайрабаймен» жалғап, одан ары Тәттімбеттің «Бозайғырымен» ұластырып әкетті. Қазақ күйінің табиғатына орай, далалық күй мәдениетінің жалғасуы көбіне күй жеткізушінің талабына, талант деңгейіне, болмыс-бітіміне тікелей байланысты болып келеді. Осы тұрғыдан келгенде, Арқа күй мектебі, әсіресе Тәттімбет Қаназғапұлының күйлер шоғырының бізге аман-есен жетуінде, күйші Әбікен Хасеновтың алар орыны айрықша. Қайрат Хамитұлы да осы ұлы үрдісті жалғастырушылардың санатынан. Мойынына күй аманатын арқалаған азамат екені түсінікті. Аталмыш кештің соңын ала, Қайрекең сол Әбікен ағамыз жеткізген Тәттекеңнің «Секіртпе», «Қосбасар», «Сылқылдақ» сынды күйлерін қалпын бұзбай, қайрауын келтіріп, тамылжыта тартты. Бірінен кейін бірі жосылған, бірінен кейін бірі асқақ түсіп, алапатын асырған, салтанаты салқар күй кешін Ықыластың атақты «Жезкиік» күйі түйіндеді. Сахнадағы қалақтай ғана Қайраттың домбырасынан төгілген қуатты әуен, Сарыарқаның төсінен сан тарапқа жөңкілген киіктей ойнап, құралайдай құлдыраңдап барып, әр жүркетен өз орынын тауып жатты. Күйге сусап келген салихалы жұрт күйшіге деген құрметін шын көңілден соғылған шапалағымен ұғындырғандай болды.

Кеш соңында сөз алған Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай күйшіге деген құрметі мен алғысын білдірді. Ақын Мирас Асан Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың құттықтау хатын оқып, ізгі тілегін жеткізді. Өз кезегінде Қайрат Хамитұлы да алыс-жақыннан жиналған өнер сүйер қауымға рақметін жаудырды. Жұпар күйдің жылуына мейірі қанып, пейілі кеңіген алқалы жұрт, бірін-бірі қимай тарасып жатты.

«Көкейкесті»

Қайрат Айтбаевқа

Ішімдегі әлдебір дүние үзіліп кеткен сынды...

жандүниемді жарып шыққан осы бір дауыс,

дауыс ішінде булыққан нала,

наланың үмітке

үміттің махаббатқа

Махаббаттың ғадауатқа ұласар тұсы, –

тоғыз перне үстінде тербеліп,

қос ішек бойымен шайқалар,

бейістің көкқанат құсы.

Алдымда жөңкілген дала,

артымда құлан жортпас құба дүз,

мен сол құба дүзге жалғыз құлынын қалдырып

бейуақта кісінеген құландаймын бүгін.

Шанақтай аспанның астынан саудырап

сансыз жұлдыздар сүңгісін қадайды маған –

ол да бір құласаң құтылмас жылым.

Мыңжылдар балбалтас бауырына орап,

қырық жыл киіз құндақта қымтап,

сартап болған сағынышын туған жер төсіне арқалап

құлаған жылқыдай

сарығым басылар бір күн.

Отты теңізді кешіп өткендей осы бір күйден соң

маңдайым бұрқырап

ажалға айтармын үкім.

Ажал...

түнімен күлге аунап шыққан көрттей

қос қабырғамды қарпиды менің.

ащы жусанның көкбұйра нілінде –

балқиды демім.

Дүн-дүние түп көтеріле көшкендей

біздегі далалық құлазу.

Басылмай қалды ақыр бір перне,

айтылмай кетті ақыр бір арзу.

Ішімдегі әлдебір дүние үзіліп кеткен сынды...

Қайда?..

қайраулы қалың қолды кейін қайырар

қара домбырамның мысы –

күміс қауырсындарыңмен жебей көр енді

Тәттіекемнің жаралы құсы.

Фотосурет авторы Ерлан Омар


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар