Әлем әдебиетінде табысқа жеткен жазушылар – шығармаларында Құдайды іздеген қаламгерлер. Виктор Гюгоның «Қуылған» романының басты кейіпкері Жан Вальжанның, епископ Мириэльдің табиғаты, болмысы ерекше шеберлікпен суреттеледі. Жан Вальжан жасөспірім кезінде аш отбасы үшін нан ұрлап, жиырма жыл бас бостандығынан айырылады. Қаншама жыл айдауда болған, түрме көріп, психологиясы бұзылған, өмірден түңілген, безінген, адамдарға үрке, жек көре, сенімсіздене қарайтын оның өмірін епископ Мириэльмен кездесу күрт өзгертеді. Өзіне жылы қабақ танытып, дастарханынан дәм татырып, үйіне қонуға рұқсат еткен епископтың күміс ыдыстарын ұрлап, қашып бара жатқан Жанды жандармдар қолға түсіреді. Жандармдардың көзінше епископ: «Бұл ыдыстарды мен өз қолыммен сыйға тарттым, бірақ сен мен сыйға тартқан күмістен жасалған шамды алуды ұмытыпсың» дегенде Жан таңғалады. Таңғалмаған да ше? Оны, яғни, ұрыны кіналамай, ұрланған заттардың үстіне сыйлық қосып берді және қымбат зат. Романда сол епископ пен Наполеонның мынандай диалогы бар.
– Мейірімді адам, сіз маған неге бұлай қарайсыз? – деп сұрайды Наполеон.
Сонда епископ: – Тақсыр. Сіз менен мейірімді адамды, ал мен сізден ұлы адамды көріп тұрмын. Біздің әрқайсысымыз осы қасиетімізбен көптеген ізгіліктер жасай аламыз, – деп жауап береді.
Осы мейірімді епископтың шарапатын көрген Жан Вальжан қаншама адамға көмектесіп, игілікті істер жасап, француз қоғамын өзгертуге өз өмірін арнайды...
...Маған ұлы романтиктің «Тоқсан үшінші жыл» романының идеясы ұнайды. Республикашылармен күресіп жүрген маркиз Лантенакқа құтылып кетуге мүмкіндік мол. Бірақ, өрттен үш сәбиді ол құтқармаса, ешкім де арашалай алмайды. Не істеу керек? Таразының бір басында – өз тағдыры, екінші басында – үш сәбидің өмірі тұр. Лантенактың қатігездігін өмір мен өлімнің, жақсылық пен жамандықтың не екенін білмейтін үш періште жеңді. Талай адамды қиналмастан қырып салған Лантенак өз тағдырынан үш сәбидің өмірін жоғары қояды. Қатігез жүректі өлім де жеңе алмайды, оны тек қана сәбидің күлкісі жеңе алады. Сәбидің күлкісі мен көз жасының алдында биік мұраттарды да құрбандыққа шалуға болады.
Виктор Гюго шығармаларында Құдайды, ізгілікті іздейді.
Француздың ғана емес, әлемнің ұлы жазушысы Виктор Гюго 1802 жылдың 26 ақпанында дүниеге келді. Дәрігерлер өте әлсіз болып туылған кішкентай сәбидің өмірі ұзаққа бармайды деп айтқанымен, Құдайдың құдіретімен Виктор тірі қалады. Виктор отбасындағы үш ұлдың кішісі еді. Әкесі Жозеф Наполеон армиясының генералы еді. Ал Гюгоның анасының офицер Лагоридің (кейіннен генерал) көңілдесі екенін қоғам білді. Әрине, бұл әкесіне ғана емес, Гюголар отбасына оңай соққан жоқ. Әкесі мен анасының арасындағы жанжал, ұрыс-керіс кішкентай Виктордың жүйкесіне қатты әсер етті. Виктордың он бір жасында анасы мен әкесі ажырасып кетті. Әрине, бұл жүрегі нәзік Гюгоға оңай соққы болған жоқ. Өмірге ғашық бала жүйкесі әлсіз, ашуланшақ, әлемге кектене қарайтын адамға айналды. Оған ата-анасының мейірімі жетіспеді. Балалар анасымен бірге қалды. Анасымен ажырасқаннан кейін әкесі үлкен мансапқа қолжеткізді. Бай, бақуатты адамға айналды.
Әкесі кейіннен өзі сүйген әйелді кездестірді. Бұрынғы күйеуімен Софи қайта қосылғысы келгенімен, бәрі де кеш еді. Ызаланған Софи өзі кінәлі бола тұра балаларының көзінше әкелерін жиі жазғыратын. Балаларының туған әкесімен араласуына қарсы болды. Бір кезде махаббат үшін күйеуін тастап, балаларын әкесінен айырған Софи көзі тірісінде балаларын туған әкесімен араластырмауға барын салды. Шешесі дүниеден өткеннен кейін ғана Виктор Гюго әкесімен жақын араласа бастады. Анасының көңілдесі генерал Лагори Наполеонға қатысты қастандыққа қатысқаны үшін өлтірілді.
Тумысынан өте талантты Гюго он төрт жасынан бастап, шығармашылықпен айналыса бастайды. Көптеген жазушылар секілді Виктор Гюго елге алғашында ақын болып танылды. Оның туған ағасы Эжень де ақын болғысы келді. Ағайынды Эжень мен Виктор танымал, әлемді мойындатқан ақын болуды армандайтын, бірге қиялдайтын. Екеуі бір-бірімен жарысып, өлең жазды. Өзінен Виктордың таланты басым екенін Ежень білді, туған бауыры бола тұрса да, Ежень Викторды қызғанды. Екеуі де Адель есімді бір қызды ұнатып, ғашық болды. Сол қызға сезімдерін білдіріп, өлең арнады. Ағасы Эженьге інісі Виктордың өзінен талантты, өзінен харизмасы мықты екені ұнаған жоқ. Міне – тағы да кедергі. Адель де Викторды ұнатады. Өмір бойы ағайынды Эжень мен Виктор бір-бірін түсінбеді, анығында, Эжень Викторды кешіре алмады. Гюготанушалыр: «Эжень Викторды Адель үшін, яғни қыз үшін емес, шығармашылықта жолы болмағаны үшін кешірмеді» деп жазады. Виктор ғашық болған, сол қызға қолжеткізу үшін ағасымен бәсекелесіп, күресіп, қол жеткізген Адель кім еді? Адель табиғатынан дарынды, болмысы қарама-қайшылыққа толы Виктор Гюгоны, күйеуін түсіне алды ма?
Гюготанушылар: «Адель – сұлу, көрікті, тартымды қыз болғанымен, терең парасат иесі емес еді. Тіпті тоғышарлау еді. Ол ешқашан Гюгоны түсіне алмады» деп жазады. Екеуінің отбасылық өмірі бастапқыда қалыпты басталды. Бақытты болуға ұмтылу, бақытты отбасын құруға ұмтылу... бәрі де уақыт өте келе арманға айналды. Ата-анасының арасындағы ұрыс-керістен психологиялық соққы алған Гюгоның жүйкесі өте әлсіз еді, тез ашуланатын, бәрін жүрегіне жақын қабылдайтын. Оның өмірдегі ең үлкен арманы: бәлкім, әйгілі жазушы болу емес, қарапайым, жарасымды отбасын құру болған шығар? Ол бастапқыда өз отбасының тыныштығын барынша сақтауға тырысты. Балаларына жақсы тәрбие беріп, олардың жетістікке жеткенін армандап, жақсы әке болуға барынша тырысты. Бірақ бала кезде алған психологиялық соққы, еркіндікті сүйетін шығармашылық болмысы идеал отбасын құру арманының тас-талқанын шығарды. Ол «Мен ешқашан өз әке-шешем секілді өмір сүрмеймін» дегенді жиі айтатын. Бірақ оның басында, отбасында оның ата-анасының тағдыры қайталанды. Әйелі Адель Гюгоның досы ақын Сент-Беваға ғашық болды. Гюгоны емес, күйеуінің досын сүйсе де Адель Гюгодан кете алмады. Себебі, Гюго танымал еді. Жақсы қаламақы алған Гюго бақуатты өмір сүрді. Ақшаны, байлықты жақсы көретін Адель үшін күйеуінен көңілдесіне кету оңай болған жоқ. Әрине, отбасындағы күнделікті ұрыс-керіс, әйелінің көңілдесі барын білу – бәрі де Гюгоға, табиғатынан талантты, шығармашылық адамына оңай болған жоқ. Гюго бәрін ұмыту үшін өмірге өші кеткендей жазды. Отбасынан жылу тапқан, табынушылары көп Гюго жас қыздармен жиі көңіл көтерді. Неге жазушы ажырасып кетпеді? Адельден екі ұлы, екі қызы бар Гюгоға да Адельді тастап, басқа әйелге үйлену оңай болған жоқ. Себебі, анасының әкесімен ажырасып кеткенін, өзінің бала кезінде әке махаббатына бөленіп өспегенін ол кешіре алмады. Балаларының тірі жетімнің күйін кешкенін жазушы қалаған жоқ.
Гюго – отбасылық өмірде жолы болмаса да, әдебиетте айы оңынан туған жазушы. Шығармаларында Құдайды іздеген жазушы. «Қуылған», «Париж Құдай-ана соборы», «93 жыл» шығармалары арқылы тарихта қалды. Виктор Гюго – мәңгілік жалына жармасқан жазушы.
Аягүл МАНТАЙ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.