Отырған сол бір ауыл иіндегі,
Көндіріп жігіттікке биыл мені.
Кім екен көлбеңдеген көз алдым да,
Қызылды-жасылды боп киімдері.
«Құстар қайғысы» осылай су төгілмес жорғадай бірден жүйтки жөнеледі. Оқыған сайын емініп ішіне кіре түсесің. Оқыған сайын сыры жұмбақ әлемнің шүңетіне сүңгігендей қуат аласың. Бейне қолына ежелгі жыр-дастандардың бірін алып, әжесіне қоңыр ырғақпен күмбірлеп оқып отырған жыр құмар бала сияқты ерекше күйге түсесің. Ақынның поэтикалық қуатына еріксіз бас иесің. Өмірде осындай кесек дастандар болады. Тағдырдың, әмірі күшті ішкі шығармашылық шарпылыстың, уақыттың өзі тудырған дастан-поэмалар болады. Айталық, Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» толғауын тудыру үшін тек қана Қасымның күйін бастан кешіріп, Қасымның рухымен тыныстауың керек қой. Жұмекен Нәжімеденовтың «Жаңғырық» поэмасын жазу үшін ақынға қаншама тереңдік пен Махамбеттің ерлігі мен серті, алмастай өткір тілі керек десеңші. Мұқағали Мақатаевтің «Моцарт. «Жаназасы» сынды реквиемін жазу үшін адамның жаны қандай қуатты күйді көтере алуы мүмкін. Қазақ әдебиетінде осындай тағдырлы туындылардың қатары аз да емес, көп те емес. Ең бастысы бар. Сол бардың бір осы Айтанұлы Омарғазының «Құстар қайғысы» дастаны.
Қап-қара қанатындай екі бұрым,
Пәк дене, жас қарулы еті мығым.
Жер құшып жығылардай топшысымен,
Алдымда дірілдетіп екі иығын.
Дастан тұтастай қара өлеңмен өрілген. Бұл Омарғазы Айтанұлының қара өлең үлгісінде жазған алғашқы әрі соңғы дастаны болса керек. Дастанның көтерген жүгіне, көркемдік бояуы мен былайғы поэмалардан әлде қайда көлемділігіне (дастан алты жүз жетпіс шумаққа тарта) қарап «Құстар қайғысын» лирикалық өлең-роман деп бағаласада болатындай. Біз бүгін Омарғазы поэзиясының бір белесі саналатын бұл дастан туралы талдауды кейінгі жазбаларымызға қалдыра тұрып, тақырыбымызда көрсеткендей, осы шығарманың жазылу тарихы туралы баяндаймыз. «Құстар қайғысы» ақынның 1955 жылы жазған алғашқы «Кездесу» атты дастанынан кейінгі жазған туындысы. Омарғазы Айтанұлы өзінің «Құстар қайғысына» түсінік» атты мақаласында бұл туралы жан-жақты баяндайды. Шығарманың жазыла бастаған уақыты шамамен 1956 жылдың жаз айы болса керек. Дастанының жазылуына да, араға отыз жылға жуық уақыт салып оқырманмен қайта қауышуына да Мақатан Шаріпханұлы себепкер болған екен. Оқырманға Мақатан Шәріпханұлы Көгедай туралы айта кетсек, ол Қытайдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі. Омарғазы Айтанұлының замандас, қаламдас досы. 1960 жылдары «Салиха-Сәмен», «Ертіс жұлдызы» сияқты фильмдердің цинарин жазған. «Өлара» сынды көлемді романның авторы. «Жыр-жолында» атты өлең-дастандардың авторы. 1983 жылы қырықтан аса бере, ең кемелді жасында қайтыс болады. Өзі қаракөктің тұқымы Мақатан сол жылы (1956 жылы) жазда Омарғазының ауылына арнайы барып, ел аралап, жер шалып, аунап-қунап қайтады. Сол жолғы сапарда Омарғазының әкесі Айтанның ағасы Сейтен ақсақал Мақатанды арнайы өз үйіне қонаққа шақырады. Сол қонағасының үстінде Сейтен сонау Алтайдан келген Шақаңның (Шәріпхан төре) баласы деп, жас қонағына мінгізбекке белдеуге есік пен төрдей қаракер ат байлайды. Бұл Сейтеннің бітімі бөлек «Құндыз қоңыр» деген атақты тұлпары еді. Мақатан атты айналып қарап шығып, құлағындағы жәнтекей еніне көзі түседі. Сейтен ақсақалдың айтуынша әңгіме былай болған екен: «Біздің ел ең алғаш Алтайдан Жәйірға көшкенде, ұлы шешем Бәшке жаңа ұзатылады. Сол кездің салты бойынша атақты бәйге ат қаракерді мінгізуді қаласа керек. Бірақ ондай жүлдегер жүйрікті ол кісі қалай қисын. Бұл енді алысқа ауып бара жатқан құдаларына салқындық тудырмай қоймайды. Кейін келе нағашы атамыз бұл ісіне өкінсе керек. Бірнеше жылдан кейін қызын төркіндеп келуге шақырады. Қайтарында кері атты жетектетіп, қара қоңыр жылқысынан бір қысырақтың үйірін қоса айдатады. Осы бір үйір жылқы ақыры ауылымыздың ұйтқысы, құты болды. Енді оның ентаңбасын бұзуға кімнің қолы барсын!»,- деп өткен уақыттың шежіресін шертеді. 1958 жылы ұжымдастыру науқаны жүрілгенде, коммунаның жылқысына қосылған кіл қара қоңыр жылқы әне сол қысырақтың тұқымы екен. Сол Бәшке апамыз мініп келген Қаракер аттың кейінгі тағдыры да ерекше болыпты. Бір күні Жәйір тауының желкесінен асып түсе берістегі Қарғыма деген жерде отырған да, аяқ асты қар жауып, ел қыстауға көшуге жиналады. Жігіттер жылқыны иіріп әкеп енді ат ұстауға кіріскенде, жарықтық Қаракер үйірінен бөлініп, бір дөңнің басына шығып, тұмсығын шығысқа қаратып кісінеп-кісінеп жібереді де, құйрығын тік шаншып тартып отырады. «Кетті, жануар!» деп үлкендер жағы шу ете қалады. Соңынан тұра қуған қуғыншылар бірнеше күн қуалап жете алмай қайтады. Есті жануар сол шабысымен Сауыр тауына өтіп, кейін өзінің сағынған мекеніне жеткен хабары келеді. Бұл кезде Қаракер баяғы сұңқардай түлеген келбетті кезі емес, әбден қартайған өлер шағы екен. Оны енді қайтадан Жәйірға сүйрелеудің өзі артық еді. Сүйтіп, жарықтық жануар, туған жерінің суын ішін, шөбін жұлып, құлын күнінде кісінеген жеріне жантайыпты. Міне бұл «Сәменбетке дарыған сары үкі» дейтін ес-ағасы қазыбектердің жұрағатынан болған ауылдың хикаясы екен. Осы кеште айтылған Сейтен ақсақалдың «Сары үкі» мен Қаракер ат туралы хикаясы жас ақындар Омарғазы мен Мақатанды қатты шабыттандырады. Бұл туралы Омарғазы: «Сары үкіге» табынатынымызды білсем де, «Сәменбетке дарыған сары үкі» дегенді сол күні тұңғыш естідім. Үкі – құс, Сәменбет – адам ғой. Бірақ үкі Сәменбет пе? Сәменбет құс па?- осы екі ұғым бір бүтін тұлғадай, киелі нәрседей керемет әсер етті. Мақатанға жазасың ба?- дедім. Өзімнің жазғым келіп тұрған. Мақаң маған жол берді. Бұл аралықта Сейтен бізге шын ба, өтірік пе? Үкіге соқтығамын деп киесіне жолыққан талай-талай өкініштерді де айтқан. Ақыры кеңесе келе, ол өкініштердің орнына ойдан бір өкініш жасап, дастанның сюжетін махаббатқа құруға келістік»,- деп жазады.
Сонымен Мақатан көп ұзамай Алтайға жүріп кетеді де, Омкең үйінде қозғалмай жатып дастанды жазуға кіріседі. Сары үкі туралы аңыз-әңгімелерді қайтадан қарап, сараптан өткізеді. Ақыры дастанды 1956 жылдың соңында жазып бітіріп, толық аяқтатқан соң Мақаңа әкеліп көрсетеді. Мақаң қуанышты күй танытқанымен, бұл дастанды осындай трагедиялық бояуымен қазір жариялау қиын екенін айтып, кей тұстарын қайта қарауды ұсынады. Алайда Омарғазы бұл күндері «Менің шығысым» атты бөгенайы бөлек дастан жазуға кірісіп кеткендіктен, қайта жазуға мұршасы болмайды. Сонымен Мақаң: «Қайта жазбасаң бұл шығармаң жуықта жариялана қоймас, менде жатсын, мен оқып жүрейін»,- деп қалап алып қалады. Осыдан соң көп ұзамай Омарғазыны қуғындау басталып кетеді де, сол бойы Мақатаннан да, дастаннан да хабарсыз қалады. Жиырма жылға созылған сүргін ақынның қара басын «ойыншық доптай» әр қиырға домалатқан еді. Бұл тұста «орнында бар оңалар» деген әншейін үміт қана болатын. Әйтпесе, «Мәдениет төңкерісінде» жойылып кеткен он неше дастанның өзі бір қаламгердің өмірі үшін оңай салмақ па? «Қырық жыл қырғын болсада ажалды өледі» дегендей, ақыры 1976 жылдың бір күнінде, жазылғанына жиырма жыл болып, әбден ұмытыла бастаған «Құстар қайғысын» Мақатан Шәріпханұлы өз қолымен Омарғазыға әкеліп табыстайды. Осыдан кейін де көңілінен күмән арылмаған ақын, дастанды қолына тағы он жылдай ұстайды. Тек 1985 жылы өткізілген жазушылардың мемлекеттік төртінші мәжілісінен кейін ғана жарыққа шығаруға бекиді. Сонымен 27 жасында жазған атақты «Құстар қайғысы» дастаны ақынның елуді орталап қалған тұсында ғана өз оқырманымен қауышады. Шығарманың тағдыры да иесінің өмір жолы сияқты қилы-қилы кезеңдерді осылай бастан кешіреді.
Үзілмей содан бері осы жылау,
Айта алмай өзіме-өзім жоқтау-сұрау,
Өткіздім қанша жылды, есімде жоқ,
Семсердей можа болып ұшқан қылау.
Омарғазы осы дастаны туралы жоғарыда аталған мақаласында: «Дастанда арысы жәнтекей, берісі есағасы-қазыбек мақтанышпен жыр етілген. Мұны қалай түсіну керек? Бұл автордың бір руға сыңайы ауғандық па? Бұған менің ақтау айтуымның қажеті жоқ. Халқымыздың ата салты бұл сезімді (жиен біткеннің нағашыларына деген сезімін) заман-заманнан-ақ өзі осылай қалыптастырған. «Қалқаман-Мамыр» дастанында Қалқаман: «Ел қылып тобықтыны тұра алмаймын»,- деп өз руының әділетсіздігіне қарғыс айтып бетін теріске бұрады. Сондағы: Соны айтып қамшы басты күрең атқа, қуса да жеткізбейді жамағатқа. Ұлы жүз елібайда нағашысы, жөнелді бет алып Бұқар жаққа. Әрине, даралық ішінде ортақтық болады. «Құстар қайғысындағы» тұрмыс, ел салты, жастардың екі ай жаз сауық сайраны, табиғат суреттері – осының бәрі ортақтық. Оның үстіне дастан романтикалық сарында жазылған да, ондағы адам қайғысы мен құстар қайғысы бір ру, тіпті бір ұлт емес, жалпы адам баласын осы қайғыға тартады. Дегенмен Сәменбетке дарыған сары үкінің құдыретімен дүниеге келген бір кесек еттің ақырында өз «жаратушысының» тілегіне қайшы шығуынан туған қайғылы драма жиен сезімін тағы да сол даралық өз мейірімен сақтап қалады»,- деп жазады.
Жыласа ол зар илесе, жалғыз өтсе,
Қайырса көмейінен безілдетсе,
Ақырғы арманым сол: құс қайғысын
Адамдар өздерінің қайғысы етсе!
Дастанның сірге жияр тұсындағы осындай жоқтаулы, зарлы сарын лирикалық кейіпкердің ғана емес, тұтас дастанның бұралаң тағдырын да аңдатып тұрғандай. Дастанда табиғат, адам, өмір, ғашықтық, тіршілік, тұрмыс, салт-сана, байырғы бабалық түсініктер мен танымдар, мифтік астармен жымдасып бәрі біртұтас тұлғаға айналып кеткен. Олардың жымдасып, қабаттасып, қатпарланып кеткені сонша, ақынның асқақ сезімімен бірге сорғалап, табиғаттың өзіндей шынайы, жарасымды кеңістік құрған. Дастанның ең басты ерекшелігі де осы. Құнарлы тіл, іриәсіз сезім, шынайы махаббат, араздық өмірдің өз заңдылығындай ақ қағазға кестеленеді. Көптеген көлемді дастандар мен поэмаларға тән жасанды сюжет пен жасанды интеллектуалдандырудан ада. Табиғаттың уақыты жеткенде пісіп жетілген өз өнімі сияқты.
Қайғы не, мен кетсем де табиғат бар,
Тау мен тас, мені іздесең қойныңды ақтар.
Мен емес, менің сырым – сенің сырың,
Қашан да сен өзіңсің мені жоқтар.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.