Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
"Қырғыздың көрдім ақынын..."...

26.06.2024 1790

"Қырғыздың көрдім ақынын..." 14+

"Қырғыздың көрдім ақынын..." - adebiportal.kz

«Қырғыздың көрдім ақынын» дейтін «Шаншар театрының» әзілін қазақ түгіл, қырғыздардың өзі әбден риза болып тамашалағанын youtube каналындағы ашық комментарийлерден анық білеміз. Театр болса да істікке шаншуға қазақ үшін ыңғайлы қырғыз туғандар екен. Иә, бұл театр. Театрға бәрі жарасады. Ал, айтыста ше? Аламан айтыс ағызып келе жатқан аттың шабысы емес, оны кейде бұрып, кейде бұзып айтуға болады. Бірақ... бірақ....

Дүние жаралғалы, адам, адам болғалы айтыс-тартыссыз заман болмаған. Мүдделер қақтығысы бірде қарумен, бірде сөзбен шешіліп отырса керек. сол шешімдердің ішінде өлеңмен шешу, өнермен шешу дегенде қазақ-қырғыз арасын жымдастырып, жақындататын айтыс сынды өнер, қос халықтың ортақ құндылығы еді. Айтыс – қазақ-қырғыз дипломатиясының өзінше бір тапқан өзгеше жолы. Осы  дипломатия қос бауыр халық қаншалықты тиіміді пайдаланып жүр, болмаса қандай мақсатта айтысып жүр дегендей төменде соған тоқтала кетсек дейміз.

Қазақ-қырғыздың қашаннан бері айтыстың аламанында қанша мәрте домбыра мен қомызды түйістіріп, ақ қалпақ пен бөрікті қанша мәрте сүзістіргені есімізде жоқ. Бар білетініміз, естелікке түскен – Сүйінбай мен Қатағанның айтысқан аламаны әлі күні қазақтар арасында зор мақтанышпен айтылатыны ғана есімізде екен.

Ау, Сүйінбай, Сүйінбай,

Тоқтат енді сөзіңді.

Ояйын ба көзіңді!

Ақынмын деп ойлайсың,

Мен тұрғанда өзіңді.

Басыңнан өлең жаудырып,

Бір құрайын тезімді.

Барың болса қарышта,

Барар жерің сезілді.

Келіп қапсың байқамай,

Өлетұғын жеріңе.

Қазулы тұрған көріңе,

Көрсетейін көзіңе.

Ажал айдап келген соң,

Саған өлім тегінді... - 

деп басталмай жатып бірден дүрсе қоя беретін қырғыздың Қатаған ақыны жас Сүйінбайды сөздің қанжарымен бауыздап алмақ болады. Көптігін айтады, ірілігін айтады, батырлығын айтады, қыза-қыза келе Кене ханның басын алғанын, Наурызбайдың жаназасыз қалғанын айтады. Кекірлік бар, күпірлік бар, асқандық бар. Ал, ол кез қазақ хан-сұлтандарының өлтірілгеніне жыл да толмаған шағы еді. Қазақ-қырғыз арасының соңғы екі жүз жылдық тарихындағы бітпес дауы мен бітіспес жаулығының пердесі осылайша енді ақындар аренасында ашылады да, бұл дау қырғыз үшін елдігінің, ерлігінің белгісі болса, қазақ үшін қан қайнатар, намысқа булығар көзі болды.

Қатағанның намысыңды қақтаған қатал сөздерінен соң Сүйінбай іркілмеді де, тосылмады. Кезегі келгенде олда жұлып алғандай:

Мақтанып жүрсің, Қатаған,

Бес-алты біткен танаға.

Кенесары, Наурызбай,

Қырғызды келіп бес шауып,

Келтірген ауызын тобаға.

Манаптарын кергілеп,

Апарып тыққан молаға.

Бұл Құдайдың қазасы,

Қазаға қарсы бола ма?...

- дей келіп, қырғызды қылышпен жер қыла алмаған Кенесары орнына, сөзбен жерлеп, Қатағанның аузына құм құяды. Бұл айтыста Сүйінбай да қарап қалмайды, кезі келгенде бұл да ірілігін, көптігін, күллі үш жүздің ру-тайпаларын жіпке тізіп, қатарға тұрғызғандай қылып қырғыз манаптарының көз алдарынан өткізеді. Бұл бір делік.

Одан кейін де қазақ-қырғыз қанша рет кездесті, қанша рет ат жарыстырып, көкпар салысып, қанша рет сөз сайыстырды ол жағы енді бізге де, сізге де белгісіз.

Қатаған мен Сүйінбайдан соң Сарбас пен қырғыз Қалмырзаның айтысы, Сүйінбай мен Арыстанбектің айтысы, Қаңтарбай мен Арыстанбектің айтысы, Жамбыл мен Тоқтағұлдың, Кенен мен Оспанқұлдың айтысы деп тізбектеліп кете береді. Сүйінбай мен Арыстанбектің де айтысы Қатаған-Сүйінбай айтысы сорабында өтеді. Бұл айтыс – қырғыз туғандардың қарымта жауап айтысы іспетті. Сүйінбайды сүріндірмек болған, кеткен сөз есесін қайтармақ болған кезекті сөз бен намыс тартысы болғанға ұқсайды. Бұларды бір ғасыр, екі ғасыр ілгері өткен қазақ-қырғыздың сөз, мүдде тартысы, жақын екі халықтың кейде қырбай, кейде тату кезіндегі сөз жарысы десек те, жақынғы ширек ғасыр ішінде де, қазақ-қырғыз ақындары Оразалы мен Элмирбектің айтыс, Ринат пен Аалының айтысы, Балғынбек пен Элмирбектің айтысы сынды өздерінше бір төбе айтыстар өткен екен.

Оразалы Досбосынов пен Элмирбек Иманалиевтің айтысы – қазақ пен қырғыз ақындарының арасындағы заманауи айтыстың көрнекті үлгілерінің бірі ретінде бізге таныс. Бұл айтыс екі халықтың айтыс өнерін қайта жаңғыртып, жаңа буын ақындарының шығармашылығының тәуелсіздіктен кейінгі айтыс ретінде көрерменге қайта танытты. Бұрын екі ұлыс ретінде, екі ұлт ретінде айтысса, енді екі мемлекет уәкілі ретінде айтысады.

Ай, бұл айтыс атамыздан бізге жолдас, 

жолдасты жолға тастау мүлде болмас. 

Күткен ұлың ұлардай қонды алдыңа,

Халайық мұндай қызық күнде болмас. 

Елім сенің атыңнан сөйлеймін бүгін, 

Демеңіз, мұндай сылтау кімде болмас. 

Менің сөзім ағайын сендердікі,

Елде жоқ рух, ақындық тілде болмас,

 - деп бастаған жырын Оразалы ары қарай жалғай келе Махамбетше арманын толғайды да, кезегін Элмирбекке береді. Қырғыз ақыны Элмирбек те қарап тұрмайды. Кезегі тигенде, тиегі ағытылғандай жырын төге жөнеледі.

Жиылған халқым аман бой? 

Мен Қырғызстан айтамын саламды.

Ол тұрған халқым аман ба? 

Бұл мен ордоның айтамын ғой саламды.

Байыртан бері келеатқан 

Бақтысын көріп, бір көрген 

Бақытту халқым аман ба? 

Қасының жұртқа көркі өскен 

Татуы халқым аман ба? 

Киндик кесіп, кирирінді жудырған халқым аман ба? 

Қонағы келсе, мәмін деп сый қылған халқым аман ба?

Мұхаммедтай үлкенді тудырған халқым аман ба?

Амандасумен бастаған Элмирбек еш іркілмей желдірмелетіп қазақ еліне деген зор құрметі мен ілтипатын еш бүкпей  жеткізеді. Ал, сөз кезегі тиген Ораз ақын кәнігі әдетіне басып, теңеу табамын деп отырып Элмирбекке теңеуден шалыс басады. Бармағының балтаға сап болатынынан бастап, өзін жарылатын минаға дейін теңеп мұқата, қырғыз ақынының қитығына тие бастайды. Соңғы жиырма-отыз жылғы қазақ-қырғыз айтысын қарап отырсақ, қазақ арасынан қырғыздың дүлдүлдерімен теңесе, мысын баса айтыса алған ақын осы Оразалы, бірақ, соның өзінде де дәл осы жолғы айтыста қырғыз ақыны Элмирбектің біздің Оразалыден бір бас жоғары тұрғанын мойындамай, қанға тартып бұра тартқанымыз әділдікке жат екені анық.

Айтыс ары қарай шиеленісіп, дамып кете барады. Қазақ тарапы, Оразалы Элмирбекті мұқатумен, кекетуден ары аспайды. Сөз саптасынан қарсыластың десін баспақ болған емеурінін байқап отырасыз, бірақ, оған ыққан қырғыз ақынын көрмейсіз. Бұл да бір тәсіл. Вилла десе де, мина десе де оған іш тартып, ашуланбастан Элмирбек бұл қыспақтан еш қысылмай шығып кете береді.

Сонда бүй дейді:

Мені Баткенге қойған мина деп, 

Көлге салған вилла деп 

Аны қайдан білесің? 

Көп нәрсенің өзіңді жанып жүрген оқшодың 

Көп виллаға не салып барып жүрген оқшодың 

Көп нәрсенің алжақтан ылғап жүрген оқшодың

Көпшіліктің алдында ыңырдап жүрген оқшодың 

Нұр әкеңе қосылып жырғап жүрген оқшодың... 

- деп тоқтайды. Осы жерде Оразалы жеңілген еді. Элмирбектің қарымтасының шындығын ашар болсаңыз сөздің саяси астары қоюлап, салмағы ауырлап зәкірдей тереңге тартады. бірақ, сөзге жығылғысы келмеген Оразалы кезегі келгенде «Манасты» жинақтаған Шоқанды көлденең тартады:

Шоқанды сен білгенсің. 

Іште жатқан күніңді ақ 

тірнектеп жүріп тірілтіп 

тарихыңды табатын. 

Манашыңды жазатын. 

Айтпақшы, сен Шоқанға 

қашан ескерткіш соғасың?

Қазақ тарапының қырғыз туғандарды ықтырудың ең үлкен көзірі ретінде Шоқан мен Мұхтардың «Манасты» хатқа түсіріп, құтқарып қалғаны болды. Оған да Элмирбектің жауабы дайын екен:

Әр нәрсенің өзінде Шоқандай сөйлесіп 

Ал көп сөзінде дой жарашы 

Ерлері болса екі елдің қосылып тұрады арасы 

Ешқашан бұлбұлттай санасы 

Еме Шоқанға қойған ескерткіш. 

Анын жинап кеткен «Манасы», 

- деп сөз табады. Шындығында бұл айтыста Элмирбек Оразалыны бір емес, бірнеше жерде жеңіп кеткен. Бүгінге дейін бір қазақ дәл осы айтысқа мойын бұрып бағалады ма, бағаламады ма, әділ қарады ма, қарамады ма ол жағын білмедік. Бұл екі. 

Бұл айтыстардан да күрделірек, айтыстың ығынан, шеберлігінен эмоция басым, қуанышынан дуы басым тағы бір қырғыз-қазақ арасындағы айтыс өтті. Ол – Ринат пен Аалының айтысы.

Алқын-жұлқын, екі иығын жұлып жеп айтатын Ринат бұл айтыста тіпті төгіле буырқанады. Оразалы мен Элмирбектің айтысы бұл айтыстың алдында айналайын болып қалады. 

Ринат сонда бүй дейді:

Кез келді бәске басты тігетұғын. 

Құрықтап құрғанды ілетұғын. 

Қырғыз бауыр, қош келдің елімізге

Тұлпармын тәуекелдің мінетұғын. 

Елдегі атыс-шабыс төңкерістен 

Демалуға келдің бе бір-екі күн 

Қазақтың ақындарын жамандайтын 

Мықтының көріңіздер міне түрін. 

Сен емессің біздерді интернетте 

Білімсіз, ұятсыз деп күлетұғын.

Қазақтар қырғыздардан тарайды деп 

Қайдағыны әңгіме қып жүретұғын. 

Абылай ханды Бұқар жырау азғырған деп 

Сөз айтқан намысыма тиетұғын.

Құдайдың шүкіршілік әміріне 

Туды ғой жауап берер міне, күнім...

Берекесіз балталанған ағаштан ұшқан жаңқадай Ринаттың сөздері көрермен құлағына бейберекет шашылып жатты. Тағы да өктемдік, тағы да кеміте қарау, шақырлатып тісін ақситып, сес көрсету. Солтүстік көршінің Дума депутаттары түгіл журналист, блогерлерінен күнде өктемдіктің неше түрін көретін қазақ елі – өзі ағайыны, әрі көршісі қырғыз еліне келгенде тіземізді батырғымыз кеп тұрады. Ринат та сол. Шеберлікпен емес, басқа шауып, төске өрлеп дүрсе қоя беруді намысты қорғаудың, сахнадағы ырықтылықты сақтаудың, ақындық басымдығын көрсетудің өлшемі еткендей. Намыс солай қорғалатын ба еді? Африкадан да қонақ келсе жапырылып қалатын қазақ, қырғыз десе, өзбек десе намысы қозып, маңдайы тырыса қалады. Жә, Аалы не дейді. 

Илгерден қырғыз дел айтқан,

Илгерден қазақ дел айтқан

Айланайын бауырлар, 

Билесіздер мен айтқан 

Қазақ менен қырғызды 

Бир туған қылып деп айтқан.

Бир еркін берер бабалар

Дәл осы жайлы көп айтқан. 

Қолымдағы қомыздың үш ішегі қылы бар. 

Бири болса ұлы жүз,

Бири болса Орта жүз,

Бири болса Кіші жүз 

Бауырым мұны билип ал... дейді. 

Айтыстың басы осындай өзара ырғасудан басталады да, қорғана, баспалай келіп, Аалы соз соңына қарай Ринатты аямай сыбап-сыбап алады. Бұл өзі туысқан екі халықтың ортақ ауруы негізінде. Қазаққа келсе қырғызды тапап, қырғызға барса қазақты тапап отыратын әдеті.

Ақиқаттың ашайын осы ортада соның бір,

Ауыр болса да айтайын шындыққа жасап шолу бір

Қырғыздың тең жартысы базарында Қазақтың

Аз тиынын тауып жүр 

Біраз қызың біз жақта саудаға тәнін сатып жүр. 

Еркектерің ентігіп құрылыста жанын бағып жүр. 

Айтып айтпай не керек, бірталайы қырғыздың 

Осында күнін көріп жүр. 

Қазақ жаман болса егер бұл жақта олар неғып жүр? – 

дейді кезегі келгенде Ринат Зайтов Аалы Туткишевке. Әрине, айтыстың талабы қарсы жақтың кемшілігін тауып, бетіне басып, сағын сындырып, мысын басу. Ұлт пен ұлт айтысқан дегенде қазір тек қазақ пен қырғыз айтыспаса, басқа жұрт бұл үрдістен өтіп кеткен. Солай болса да ағайынды екі жұрттың алқын-жұлқын сөз сайысына келгенде, намысқа шабатыны шындық. Қазақтар да қырғыз еліне барса, той иесі, ұйымдастырушы ретінде қырғыз ағайындар да аяп қалмайды. Оның мысалын көлденең тартпай ақ қойдық. Ринат пен Аалының айтысы да сондай. Кешегі Қатаған мен Сүйінбай айтысының заманауласқан заңды жалғасы ғана. Бірақ, бір қызығы Сүйінбайдың Қатағанды жеңгенін қырғыз манаптарынан бастап мойындап астына ат мінгізіп, басына алтын уықты киіз тігіп, алдына үйір жылқысын салып риза-қош қылып аттандырса. Ал, соңғы айтыстардың жалпы ауанын қарап отырсаңыз, қазақ жеріне келіп тұрса да, қазақ ақындарын сөзбен әлденеше сұлатқан қырғыз ақындарының шеберлігі, парасаттылығын мойындап жатқан біздің қазақ аз екен. Ал, Аалы не дейді. Аалы да аямайды. Астанада отырмын, «қалың» қазақтың арасында мысым басылады, құтым қашады деп жатқан ол жоқ. 

Қырғызға қарай өте мол, 

Жаман сөз шықты бойыңда... 

Шетелге қырғыз қарызды 

Санатта екі миллиард доллар. 

Шетелде қазақ қарызы 

Неше миллиард доллар 

Билмесең досым немесе көңіліңе түюп ал...

Жүз жиырма төрт миллиардқа доллар қарыз етеді билеп ал..

Шетелден жүз жиырма төрт миллиард қарыз алсақ 

Астанадай қаладан алтоун қатар салмақпыз.

Бұл келтірілген, көлденең тартқан қарымта жауаптың бір-екеуі ғана. Бұндай салмақты қарымта жауапты Элмирбек пен Аалыдан нешеуін табасыз. Құр көбік сөз емес, сөзді жүйеге жығып, кісі иланарлық кеп айтады. Тек бұл біздің елге келген айтыстар емес, біздің ақындардың әлденеше мәрте қырғыз еліне барған  айтыснда, біздің айтыскерлердің шоумен айтыскер екенін көрініп қалып отырады. Ақындық қуатына азаматтығын суарған, салмағы басым тұратын қырғыздың ақындары қазір Сүйінбайға айналғанда, біздің ақындар Сүйінбайға орынсыз соқтығатын Қатағанға айналғандай. Осымен үш дейік.

Бұл үш айтыстан не үшін мысалға келтіріп отырмыз. Бұл айтыстар қазақ-қырғыз арасындағы еріккен сөз таласы емес, намысқа шабысқан, елдігін бұлдаған, қазақ қырғызға не қылды, қырғыз қазаққа не қылды дескен айтыстар десек те, қазақтан қырғыздың несі артық, қырғыздан қазақтың несі артық дейтін бір қоңырсыған, арзан намыстың иісі мүңкіп жататын айтыс-тартыс еді. Қатаған сонау заманда біз сондай көп едік, қырып едік, жойып едік дейді. Оған жауап ретінде Сүйінбай қазақтың бүкіл руларын тізіп шығады. Сол көптігін Оразалыде Элмирбекке мақтана айтады. Қазақ елімен қатар Қытай мен Монғолды мекендеген, Ташкентте жатқан қазақтың бәрін шарпып сөзінің тұздығы етеді. Әрине қырғыз үшін қазақ – көп, үлкен халық. Бірақ, Қатаған мен Сүйінбайды қоя тұралық, бүгінгі қазақ-қырғыз ақындары айтысқанда жан-жағына қарап айтыспай ма екен деп қаласың. Шынын айтар болсақ, қазақ пен қырғызды қоссаңыз, Ауғанстан халқының санына жете ме екен. Анау шығыстағы Қытайды қоя тұрыңыз. Мына көрші Ресейден қанша ғасыр теперіш көргені қомыз бен домбыра ұстаған екі халыққа да, ақындарына да намыс емес екен. Солай болса да, бірі «Манаш» деп, бірі «Қабанбай» мен «Махамбет» деп көпіргеніне теңеу таппайсыз. Қазақтың қырғызды жеңейін дегендегісі мен қырғыздың қазақтың сағын сындырайын дегендегісі ұқсас кеп. Қытайдың күн өткен сайын іргені түріп көтеріліп келе жатқан, Алатаудан лықса асып төгілейін деп тұрған экономикалық, саяси әлеуетімен біздің «намысқой» ақындардың шаруасы бес тиын. Қырғыз қырсықса Кенені айтып, қазақ қызынса қырғыздың «сатқындығын», кекірлігін айтып содан уақытша болса да сөзден тоят тапқанды қанағат тұтып, соны жеңіс санайды. Өзбек, қырғыз, қазақ шет жұрт үшін бір стандар ғана. Тілі бір ме, діні бір ме, Кенесарыны өлтірген бе, өлтірткен бе, оларға бәрібір. Соған намыстанатын қазақтың да намысы жалған намыс. Соны мақтан қылып айтқан қырғыздікі де болмағыр мақтаныш. Біздің түсінуіміз ше, ортақ менталитеттердің ортақ комплексінен шыға алмаған ағайындардың бір-бірінің сүрінгенінен, қисайғанынан барақат табу өсетін, өнетін жұрттардың тірлігі емес. Кенені өлтірдің деп қырғызды кіналап шыға келетін қазақтар Кене ханның қырғыз қолында бір неше ай жатқанында, іздеп келмеген қазаққа, өлгенінде керек болыпты. Тірі денесін тік көтеріп хан қылып сыйлай алмағанында, кесілген басы намысын жанитын құралға айналыпты. Парадокс пе, парадокс. Бұл ілмек, бұл түйін шағын ғана екі халықтың арасындағы дау қоздатып отыратын шоққа айналып кетіпті. Қазақ үшін қырғызға ғана емес, басқа халық алдында да кінәлі болмай ақ, адал шыққанының өзі мәртебе емес пе? Бүгін тірі ағза ертең тарих. Тарихтың көші бізбен тоқтамайды. Жақын отырған екі ұлт түгіл ру ішінде мал қуылып, қан төгілетін сәттер қаншама. Айтыскер ақындардың тар шеңберде айтыспай, бір уақыт жан-жағына қарап, дүниеде қырғыз бен қазақтан да басқа күшті халықтар бар екенін, сахнаға шыққанда тыңдарманның көңіл ауанымен ойнамай, рухын жалған намыспен жанымай, сергітетін, өсіретін есті жыр толғаса құба-құп. Сонау Қатаған-Сүйінбайдан бергі не деген тозбайтын тақырып, не деген тоймайтын құлақ, сабақ алмайтын сана. Олар айтады, біз шамданамыз, біз тіс қайраймыз, олар кешірім сұрайды. Қырғызды көрсе қазақ жынданатын, қазақты көрсе қырғыз жек көретін бұл не қылған бітпейтін агрессия. Демек, ойлау тоқтап тұр, сана басқаша пайымның бар екеніне көз жеткізе алмай тұр. Қазақ та, қырғыз да қып-қызыл шұнақ қаңқу сөзге өлердей мас есі аздау халық болып отыр. Шамалы миынды қозға алатын халық болғанымызда, болды, жетті, тозды деу керек емес пе. Біздерде ол жоқ екен. Уақыт өткен сайын өршеленіп, жыл алыстаған сайын кінәсі ауырлай береді екен. Мына Еуропаны Кенесарыдан ерте Наполеон бір талқандады, кейін Гитлері екі талқандады. Ондағы аққан қан мен кесілген баста сан жоқ. Бүгін сол француз бен немісің, италиян мен испаның Шенген деген үлкен бір аумақта бір үйдің баласындай ынтымақта отыр. Оның қасында өзбек, қырғыз, қазақ деген бір ананы тел емген, бір атаның балалары емес пе? «Өспейтін жігіт өнбес дауды қуады» демеуші ме еді. Дауды қудық не таптық, кім ұтты, кім ұтылды. Осы күнімізден артық қандай дәлел керек?

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар