Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ретбек Мағаз. Кермиық...

17.07.2024 2446

Ретбек Мағаз. Кермиық 12+

Ретбек Мағаз. Кермиық - adebiportal.kz

Әңгіме

– Бұл жай бұзау емес, бұғының бұзауы – бұғышақ, – деді әкем біз ошарыла қоршап тұрған кішкентай теңбіл жануардың арқасынан сипап. Бұғышақ тәлтіректеп дір-дір етеді. Мен сонда да санамдағы «бұл өте ғажайып бұзау» деген алғашқы түсінігімнен арыла алған жоқпын.

Бағана, жаңбырдан соң әпкем, қарындасым үшеуміз кемпірқосақ тамашалауға сыртқа шыққанбыз. Шешеміздің «аяқкиімдерің су болады ғой» деген сөзін елең қылмадық. Құрымты тауының қыр арқасынан етегі түрілген бұлт астынан көрінген батар күннің шуағы біз отырған Талдық сайына шөккен түйдек-түйдек тұманды түрткілеп оятып, тау басына қарай мамырлатып барады. 

– Әне, кемпірқосақ, – деді бізден бұрын биікке шығып үлгерген әпкем Бағдар. Тырмысып мен де шықтым. Ғажайып!

– Қандай әдемі, – деді шығып үлгермесе де Гүлбар. Оның кемпірқосақты әлі көрмегенін білемін. Сәл төмен түсіп, қолынан тарттым. Үшеуміз кемпірқосақ тамашалап отырмыз. 

– Егер су толы шелекті алып жүгіріп, кемпірқосақты қуып жететін болсаң, ол сенің ыдысыңды алуан реңді інжу-маржанға толтырып береді екен, – деді Бағдар кемпірқосақтан көз алмаған қалпы.

– Неге қумаймыз? – дедім мен.

– Қуып көргем, жете алмадым. Сен жақындаған сайын алыстай береді. Қызық!

–  Онда өтірік шығар?

– Шын! Бір ретте жете бергенімде аяғым тайып жығылып, шелегім ақтарылып қалған. Әйтпегенде… Бағдар біртүрлі мұңайып қалғандай болды. – Мүмкін, жазық жерде болса, қуып жетуге болатын шығар, – деді сосын.

– Ержеткенімде атпен қуалап ұстаймын, маржандарын сендерге беремін. Мен өзімше масаттанып тұрмын. Бұл сөзіме екеуі де мәз болып, көздері күлімдеп кетті. Бағдар менің тез ержетуімді армандағандай бас-аяғымды шола қарап тағы да жымиып қойды.

Қиял шөңетіне батып бара жатқанымды аңғармаппын. Бағдардың: 

– Бекітхан атамды қара, әне, Бекітхан атам келе жатыр, – деген дауысынан селт еттім. Гүлбар екеуміз ол нұсқаған жаққа қарастық. Төмендегі қаптал қарағай арасынан қисаңдап Бекітхан атам шығып келеді екен. Мойынына көтерген бірдеңесі бар. Енді солай жүгіре жөнелген Бағдардың артынан біз де кеттік. Алдымен Бағдар жетті. Ізін баса мен. Соңын ала қарындасым. Жүгіріп келе жатқан бізді көріп күтіп тұрған Бекітхан атамды қоршай ентігіп тұрмыз. Ортада атамнан тыс тұла денесі дір-дір етіп, қап-қара көздері мөлдіреген, арқасы теңбіл-теңбіл, шолақ құйрық бір ғажайып бұзау жатыр.

– Орман арасынан тауып алдым. Қалың жаңбырда енесінен адасып қалыпты, – деді атам. Біз аң-таңбыз. Бұзауды қайта көтеріп, шойнаңдап үйге беттеген оның соңынан ердік. Бұл шақта алтын шайқауға кеткен әкемде келіп, кері жорғасын атағашқа байлап жатыр екен. Менің санама «кемпірқосақты кері жорғамен қусам жете алар ма екенмін» деген ой келген. Бірақ мына ғажайып бұзаудың қызығының алдында ол неге тұрсын, тез-ақ ұмыттым. 

Желі басына әкелінген ерекше бұзауға біз түгілі сиырларда одырая қарап, таңырқап қалды, сәлден соң ғана мұрындары пысылдап, иіскеп көрмекке жақындай берді. Мен қызғанып кеттім бе, әйтеу желі басында жатқан шешемнің күнделікті сиыр айдайтын ырғай таяғын алдым да, алдымен ентелеп жеткен арбақ мүйіз қасқа сиырды тұмсығынан бір-ақ ұрдым. Қыстыгүні мені сүзіп жібергені бар. Сол үшін іштей кектеніп те жүретінмін. Таяқ қаттырақ тиген болса керек, сиыр анадай жерге барып тұмсығын көкке көтеріп, басын шайқақтата берді. Ең мықтысының беті қайтқан соң, басқа сиырлар жолауға батпады.

– Малды басқа ұрғаны несі, – деген шешем менің бұл қылығыма налып. – Білсең, малымыздың құты бұл сиыр. Қасқа сиыр басын шайқап әлі тұр. Мен «құт» деген сөзден тіксініп қалсам да, сиырдың көңілін аулаудың жолын тауып үлгермедім. Өйткені осы кезде әкем де келіп қалған. 

– Бекітхан атам бұзау тауып алды, – деді бізден бұрын үлгеріп Гүлбар. Әкем әлі дірілдеп жатқан бұзаудың қасына келіп, жүрелеп отырып әр теңбілін сұқ саусағымен санамалап:

– Жай бұзау емес, бұғының бұзауы – бұғышақ, – деді. Біз аң-таңбыз. Ішімізден «бұғышақ, бұғышақ» деп бұрын естімеген сөзді қайталаймыз. Әкем «сиырсүзіптастайды» деген соңоны үйге алып келдік. Мойынына мойыншақ тағып, оң босағаға кереге көзінен өткізіп байлап қойдық. Қашып кетер дәрмені жоқ оның алдына шешем тегенеге құйып сиырдың шикі сүтін қойды. Шөлдеп қалса керекбұғышақ жып-жылтыр мұрынын шүйіре иіскеп алып, сүтті ақырын сіміре бастады…

Киізүйдің көлеңкесінде отырмыз. Бекітхан атам ағаштан әлдене жонып әбігер. Мен ес білгелі осы кісінің оң көзі жұмулы, оң аяғы ақсақ, қастары да қабағын жауып тұратын қалыптан тыс ұзын. Бір көрген адамға сонша сұсты, суық көрінері қақ. Бірақ біз үшін мейірімді. Үнемі ағаштан ойыншық жонып береді. Көбінде жасайтыны машина. Жасаған машинасына әкем екеуі анада-санда ішетін арақ құмырасының қақпақтарын доңғалақ етеді. Сосын көк сырмен сырлап, тұмсығына «Азаттық» деп жазып қояды. Атам енді жонып отырған ағашын сау көзімен сығалап тексерді. Біздің бар назарымыз ол кісінің бетәлпетінде; әжімді маңдайы тершіген, кеберсіген еріндері сәл дірілдейтін сияқты. Енді  ұзын қастары жоғары-төмен түсті, сол сәт оның мәңгі жұмулы жүретін оң көзі жылт етіп ашылып жабылғандай болды, оны мен аңғардым, қарашықсыз, аппақ екен, шошып кеттім. Сасқанымнан:

–  Ата, не жонып отырсыз? – дедім. 

– Бұғышақ, – деді ол кісі. Үшеуміз енді оның қолына телмірдік. Расында бас пішіні ұқсап келеді екен. Біз кәміл сендік. Өйткені Бекітхан атам өте шебер адам. Біздің үйдің ұсақ-түйек шаруасының бәрін осы кісі істейді. Жайлауға келісімен бұзауларға арнап қарағай бұтақтарынан қора салып, шешемнің нан пісіріп, шай қайнатуына тастан әдемілеп жер ошақ қалап, пеш жасайды. Келіп-кеткен кісілердің біздің қорамыз бен жерошағымызға таңғалмайтыны жоқ. Осы бір қажырлы да, қайратты, бейнесі әкемнен сәл ғана үлкенірек көрінетін кісіні неге «ата» деп атайды екенбіз деп ойладым мен іштей. Мүмкін аяғы ақсақ, көзі соқыр болғаннан соң шығар? Білмеймін. Есіме атам үйде жоқ бір күні түскі шай үстінде болған жағдай түсті.

– Атамның кемпірі қайда? – дегем тосыннан. Әкем абыржып қалды. 

– Кіп-кішкентай болып осы бала қайдағыны сұрайды, – деген шешем де таңырқап.

– Қайтыс болып кеткен, – деді әкем жауап тапқандай. 

– Балалары қайда? – дегем тақылдап. – Үйі жоқ па?

Әкем енді шынайы бейнемен салмақты сөйледі:

– Балам, атаң біздің жамағайын туысымыз болады. Ол кісі кезінде үйлене алмаған. 

– Неге үйлене алмаған?

– Заманы солай болған, балам. Көп қорлық көрген.

– Кімнен, әке?

– Солақай белсенділерден.

– Атамның көзін солар алған ба?

– Атаңның көзі туада жоқ.

– Ол қалай?

– Білмейім балам.

– Аяғы да туада ақсақ па?

Әкем естімеген адамша шайын сораптай берді. Менің басым толы жауабы жоқ мың сұрақ.

– Әке, солақай белсенділер қазір қайда, – деймін тағы. Әкем:

– Олар қазір жоқ,балам. Қазір заман тыныш, – ауыр күрсінді де, – қазір заман тыныш, – деді қайталап.

Шешем қолыма кілегей жағып, қарма нан ұстатып: «Бұзаулар арғы бетке өтіп кетіпті, айдап келе ғой, құлыным», – деп мейірлене маңдайымнан иіскеді. Менің атам туралы жұмбақ ойларым сол бойы шешусіз қала берген.

Атам жұмысын аяқтап қалыпты. Қолындағы бейнеге бір, қасымызда көлеңкелеп жатқан бұғышаққа бір қарайды. Біз де онымен бірге бұғышаққа қарадық. Бұл күндері оған әбден бауырбасып алғанбыз. Ол қос құлағын қағып-қағып қалып, орнынан үрке түрегеліп, саздауытқа қарай ойнақтай жөнелді. Бұнысы – бізбен ойнағысы келгені. Бізде оның артынан жүгірдік. Теңбіл бұзау асыр салған беті сайға түсіп, қас-қағымда қайта келді. Сосын бізді шыр айнала тағы ойнақтады. Бұғышақтың тұяқтары сырт-сырт етеді. Біз сылқ-сылқ күлеміз. Айналамыз жап-жасыл, төбеміз көкпеңбек. «Әкем айтқан тыныш заман деген осы шығар» деп ойлаймын мен іштей. Киізүй көлеңкесінде жұмысын тоқтатып, бізге қарап мақорке шегіп Бекітхан атам отыр. Бізге ұқсап сылқ-сылқ етпесе де, оның да миығында күлкі бар. Кенет бұғышақ киіз үйді бір айналып шықты да, жұлдыздай ағып, арғы беттегі өзін тауып әкелген қарағай арасына кіріп жоқ болды. Біз аңтарылып солай қарап тұрмыз. Бұғышақ ізім-қайым. Кенет құлағымызға қарағай ішінен тырс еткен дыбыс жетті. Ол дыбыс қайта жалғасты. Тырс-тырс… Қарағайды ендей жүгіріп бара жатқанын сездім. Тұяғы әлдебір тасты не көлденең жаққан қу бұтақты жанай өтетін сияқты. Бірақ бұғышақ көрінбейді. Гүлбар жылап жіберді. Өзім де жылауға жақын тұрмын. Бағдар бұғышақты тауып алардай қарағай ішіне сұқтана қарап, тапжылмай тұр. Әлден уақытта тырсылдаған тұяқ дыбысы да жоқ болды. Мен енді жылай бастадым. Кенет сырт-сырт еткен тұяқ дыбысы тура артымыздан шықты. Жалт қарастық. Әне, жұлдыздай ағып бұғышақ келеді. Біз жарыса күліп жібердік. 

Бекітхан атам көлеңкеде ыңылдап ән айтып отыр. 

– Керім-ай аудай,

Кермаралдай,

Кермиық-оу,

Ауылың қайда-ай?..

– Ата, Кермиық деген кім? – деймін мен.

– Ешкім емес, ән ғой, балам.

– Айтыңызшы, ата, әдейі айтпай тұрсыз.

– Кермиық деген – сұлу, әдемі деген сөз. Сенің бұғышағың секілдікіршіксіз.

– Онда бүгіннен бастап оны «Кермиық» деп атаймын...

Расында сол күннен бастап «Кермиық» деп атап кеттік. Қарсы беттегі қарағай арасын ендей жүгіру бұдан кейін Кермиықтың еріккендегі әдетіне айналды. Біз де бұрынғыдай алаңдамайтын болдық. Көз алдыңда қарағай арасына сүңгіп кетіп, «А» деп ауыз жиғаныңша қасыңда тұратын бұл желден жүйрік теңбіл жануардың соншалықты жылдамдығы мен сергектігіне таңғалмасқа шараң жоқ. Сөйтіп, біз енді төртеу болдық. Ол бізден екі елі айырылмайды. Бірге өрістен бұзау айдап келеміз, отын теруге барамыз, мөп-мөлдір бұлақтан төртеуміз жарыса су ішеміз, бірлікте жаңбырдан соң кемпірқосақ тамашалаймыз. Кейде Кермиықтың жанарына қараймын, тұп-тұнық қарашығынан үшеуміздің бейнемізді көремін, үңіле түсемін, әне кемпірқосақ, тіпті тау аспан бәрі сиып кетіпті. Мен қатты ғажаптанам. Бұл әлем оның жанарынан тіпті де сұлу, тіпті де анық, әсерлі болып көрінеді екен. Қажаптанып отырып: «Күндердің күнінде кемпірқосақты осы Кермиық қуып жететін шығар, – деп ойлаймын. – Бірақ бұл су толы шелекті ұстай алмайды ғой, тез үлкейсе екен, мен мініп алармын, сөйтіп, Кермиықпен шелек толы інжу-маржанды алып қайта оралармын», – деймін. Қиялым шарықтап, бұғышақтың екі шекесін жарып келе жатқан томпақша мүйіз орынын сипалап, маңдайын қасып, оның кемпірқосақты қуып жететініне кәміл сенемін. Тағы, бұл қанша қатты шапса да, жығылмайтынымды, бір мүйізіне маржан толы шелекті іліп, бір мүйізінен тас қып ұстап алатынымды елестетемін.

– Алақай, алақай, машина кележатыр. Гүлбар ентіге үйге кірді. Жүзі жайнап кетіпті. Мәз болатын жөні де бар, жайлауға ілуде бір келетін машинаны алдымен көру, оны сүйіншілеп басқаларға мәлімдеу бақыты расында көп ешкімге бұйыра бермейді. Біз дабырласып шай ішіп отырып аңғармаппыз, енді естідік, машинаның дауысы жақыннан шықты. Қалыспай Бағдар екеуміз де сыртқа жүгірдік. Артымыздан Бекітхан атам да. Әскери сұржасыл пикап. Сайды өрлеп біздің үйге қарай келеді екен. Мен, неге екенін білмеймін, қуана алмадым. Негізі, менің санамдағы машинаның түсі көк болатын. Көктемде бізді жайлауға көшіріп әкеліп тастаған Сейітханның көкпеңбек «Азаттық» маркалы машинасы. Мен үшін одан артық машина бар ма?! Сейітханнан артық шофер бар ма жалғанда?! Жүкті тиеп болғаннан кейін әкем: «Жайлаудың жолы күдір, жүрек тоқтатып ал», – деп бір жартының ауызын ашқан. Сөйтіп, екеуі қақ бөліп жұтып алған да, салып ұрып жайлауға келгенбіз. Бұл жайлауда кім машинаға арнап жол салды дейсің? Небір күдірді бағындырып, жолды сол машинаның өзі тауып келген жоқ па еді! Содан кейін бұл жерге келген машина осы болса керек. Бірақ маған біртүрлі сұсты, суық көрінді. 

– Сақшы машинасы, – деді Бағдар. – Сақшының машинасы кележатыр, – деп мен оны үйдегілерге жеткіздім. Әкем таңырқай орнынан тұрып, сыртқа шығуға ыңғайланды. Неге екенін білмеймін, Бекітхан атам шойнаңдап, өзі салған бұзау қораға барып кіріп кетті. «Қорқады байғұс», – деді әкем. Себебін сұрап үлгермедім. Өренің астында жатқан бұғышақта жат дыбыстан үркіп үйге кірді. «Орман қорғайтындар сияқты», – деді әкем.

Өрге қарай ұмтылған машина өзелене келіп тоқтады. Көліктен тура машиналарының реңі сияқты сұржасыл түсті форма киген екі адам шықты. Белдерін белдікпен қатты буып, аяқтарына герзі етік киіп алыпты. Бірі – қазақ, бірі – қытай екен. Қазағы әкеме қол беріп амандасты, қытайы басын изеді. Үйге кірді, шешем дастарқан жаңалап, шай құйды, мен қымсына босағадан сығалаймын. Гүлбар әкемнің алдында отыр. Бағдар шелекті алып суға кетті. 

– Бұларыңыз заңсыз, – деді қазақ.

– Онсыз да ит-құсқа жем болатын еді, сүт беріп асырап отырмыз, –  деді әкем.

– Біз бұны алып кетеміз.

– Балаларға әбден бауыр басып қалып еді.

– Біздің басқа амалымыз жоқ, әлде айыппұл төлегіңіз келе ме?

Қазақ күлді. Әкем тосырқап қалды.

– Қайда апарасыңдар?

– Оны өзіміз білеміз, мүмкін, хайуанаттар бағына…

Менің құлағым шыңылдап, басым айналып кеткендей болды. Көз алдымнан түсініксіз көріністер өтіп жатыр. Сұр киінген әлгі екеу босағада жатқан Кермиықты тарпа бас салып, көтеріп есіктен шығып барады. Бағдар мен Гүлбар жылап, жеңдеріне жармасты. Әкем қолын сермеп, әлденелерді айтып сөйлеп тұр. Жүзі қатулы, наразы. Шешем қыздарын тоқтатып, құшағына басты. Менің жылағым келді, бірақ жылай алмадым. Сақшыдан қорықтым. Жыласам, сақшы меніде әкететін сияқты. Сақшы деген сөз маған үрей шақырады. Шешем мен тіл алмай қойған сәттерде: «Сақшыға бере саламын», – дейтін.Сақшы деген өте жауыз ғой, жауыз болмаса Бекітхан атам неге қорқады? Әкем оқитын романдардағы Алтайдан ауа көшкен елді әуеден келіп бомбылайтындар, қоршап алып, қырып тастайтындар, екіқабат әйелдің ішін жарып, баласын найзаға түйреп өлтіретіндер осы сақшылар шығар?! Мен түгілі үлкендер де сақшыдан қорқады, өздерін бір күні ұстап әкететіндей үрейленіп жүреді. Енді олар менің бұғышағымды да алып кетіп барады. Жыласам, мені де алып кететіні сөзсіз. Неде болса шыдайын. Мен шыдадым, жылаған жоқпын. Әне, сұп-сұр пикап алыстап барады. Бәлесінен аулақ, кетсін, енді қайтып келмесін…

Кермиықты алып кеткеннен кейін біраз күн біздің ойынға зауқымыз соққан жоқ. Әсіресе мен ана екеуінен бөлек кететінді шығардым. Бұғышағым жоқ, оның орнына қолымда кішкентай мүсіні ғана бар, бірақ бұл Кермиыққа ұқсап күн санап өспейді, ойнақтап еркелей алмайды, оның жанарынан өзімді көре алмаймын. Енді кемпірқосақты қуып жетіп, оларға шелек толы інжу-маржан әкеле алмайтын шығармын. Соны ойласам, ішім удай ашиды. Олардың алдында қарыздар секілденіп, жолай алмай жүрмін.

Бір күні төменгі жақта тұратын Метыхаттың баласы Ібілә келді үйге. Ібілә менімен құрдас. Жай келмей, мақтанып, масайрап келіпті. Мақтанатыны – астына тоқым тартып тұрып бір әдемі тай мініп алыпты. Сүйкімді, жуас торы тай. Бұлақ бойында олай-бұлай шапқылап, мені қызықтырады. Менің де шапқылағым келіп сұрап көріп едім, бермеді.«Сен міне алмайсың, асау, жығып кетеді», – дейді. Сөйткен сайын құмарым артып, оның артынан жаяу салпақтап жүгіремін. Жүгіре-жүгіре діңкем әбден құрыды. Ібілә мені қызықтыру міндетін орындап болған сияқты, үйіне қайтты. Мен үйге келіп, әкемнің тізесіне жатып өксіп жыладым. Сақшы келіп кеткен күннен бергі қысасым енді шыққандай ұзақ жыладым. Әкем басымнан сипап отырғаны болмаса, «қой» деп уатпады. Ертесі атына мініп, жоғары өрлеп кеткен әкем кешке жақын бір тай жетелеп үйге оралды. Жоғарғы жақта отыратын Сәбиханнан сатып алыпты. «Мынау – сенің бәсірең», – дейді. Мен қуанып кеттім. Бірақ көңілім онша толмай тұр. Өйтетіні – Ібіләнің тайына қарағанда үлкендеу сияқты. Көзіме тым сүйкімді көрінген жоқ. Әкем: «Үлкен болса, қаражон, жақсы ат болады», – деді. Тоқым тартып мініп алдым. Мінген соң білдім, жорға екен.Кеудеме қанат біткендей марқайып, күні бойы шапқыладым. Қолымда – Кермиықтың кішкентай мүсіні. Қара тайым желдей еседі. Көңілім сергіп сала берді. Енді жаңбыр жауса деп армандадым. Ондағы ойым – кемпірқосақты қуалап көрсем, шіркін!

Қаладан келген Ұйғыр саудагерге әкем кері жорғасын сатты. Саудагер қайта-қайта санап, әкемнің қолына бес мың юань ұстатты. Әкем кішкентай әйнек құмырадағы жаздайғы шайқаған кебек алтындарын алып, әлгі бес мың юаньды қалтасына салып, саудагерге ілесіп қалаға кетпекке ыңғайланды. Мен «әкем хайуанаттар бағына барса екен, Кермиықты іздесе екен!» деп ойладым, бірақ онымды айта алмадым. Өйткені әкемнің басқа да жұмыстары көп сияқты. Қара портпледіне шешеме сандықты ақтартып, біраз құжаттардыреттестіріп салып алды. Арасында бәріміздің жеке-жеке түскен суреттеріміз бар. «Паспорт шығып қойыпты, енді күзге айналса қол тимейді, ары қарай Үрімжіге визаға жіберемін» дегенін естідім. Бірақ ол шақта паспорт, виза дегендердің не екенін онша түсініп кеткен жоқпын. Артынан шешемнен сұрап едім: «Балам, күзде біз Қазақстанға көшеміз, әзірше ешкімге айтып дабыра қылмаңдар, паспорт деген – соған қажетті құжат», – деді. 

Күзге қарай жаңбыр көп жаумай кетті. Жауса да аспан қап-қара жабағы бұлтпен тұтасып, әсем кемпірқосақты көрсеткен жоқ. Салқын түскен сайын  Бекітхан атамның аяғы қақсайтынды шығарды. Түнімен ыңыранып шығады. Онымен бірге біз де ұйықтай алмадық. Сосын әкем ол кісіге бөлек күрке тігіп берді. Ол кісі енді бізді қасына жолатпайтын болды. Күні бойы күркесіне кіріп алып, жамбасына қытайдың май дәрісін жағып, отқа қыздырынатта жатады. Мен дәрінің құмырасымен ойнаймын, сыртында айдаһардың суреті бар, иісі сасық қорап, сонда да ойнаймын. Бір күні қоқыста жатқан бірін тауып алып, ішіне су құйып, ол суды жамбасыма жағып пешке қыздырынып үйде жатқам. Шешем қолымнан жұлып алып, отқа тастап жіберді...

Өмірімде бірінші рет күзден сүреңсіздік сезінгендеймін. Ойыным да қиыспай-ақ қойды. Көңілім жабырқау. Қара тайым да бұрынғысынан гөрі өсіп, үлкейіңкіреп кеткен сияқты. Бір-бірімізге әбден үйренісіп, етене болып кетсек те, мен оның мазасын алып, бұрынғыдай албаты далақтап шапқыламайтын болдым. Қазақстанға жақында кететін сияқтымыз. Бағдар мен Гүлбар екі күннен бері шешеме үйдің ішін буып-түйісіп қасында жүр. Кешкісін әкем менің қара тайымды жетелеп жоғары кетті. «Балам, тайың енді дем алсын, арықтады, Сәбихан атаңның жылқысында жүре тұрсын, Қазақстаннан қыдырып келгеніңде мініп тұрасың», – деді. Расында, қара тай арықтап-ақ қалған еді. Мен басымды мағынасыз изей салдым. Тайды жетелеп бара жатқан әкемнің артынан қарап үнсіз тұра бердім. Алдағы белегірден аса бере қара тай шылбырын соза тартыншақтап, артына қайырылып бір қарады да, сайды жаңғырта шырқыратып тұрып бір кісінеп алды. Мен «қара тай келер көктемде жүйрік ат болып оралса, кемпірқосақты қуып жетемін ғой» деп ойлап, тәтті ойымның жетегінде үйге қарай аяңдадым. 

Екі күннен кейін тағы да машинаның дауысы естілді. Бұл жолы алдымен мен көрдім. Алдыңғы сұр түсті пикап емес,Сейітханның көкпеңбек «Азаттық» маркалы жүк машинасы. Көзіме оттай басылды. Машина кабинесінде Сейітханнан тыс алдыңғы ұйғыр саудагер және оның жолдасы болса керек, тағы бір адам бар екен. Әкем мен Сейітхан құшақ айқастыра амандасты. Қонақтар үйге кіріп, дабырласып шай ішті. Шай ішіп болғаннан кейін, екі саудагер мен әкем үшеуі оңаша ұзақ отырып ақша санады. Ақша санап болған соң мақұлдасып, бір-бірінің қолдарын алысты. Бүгін сиырлар өріске айдалмаған, бұзаулары әлі желіде байлаулы болатын. Біз енді желі басына қарай беттедік. Мен аздап бірдеңе түсінгендеймін. Әкем сиырлардың бәрін сатып жіберген екен ғой. Екі саудагер ұзын бишіктерін алып, айдап кетуге ыңғайлана бастады. Шешем жасын сығымдап желідегі бұзаулардың ноқтасын мойнынан бір-ақ сыпырып алып, әр босатқан бұзауының көзінен сүйіп, құшақтап еміреніп жүр. Босаған бұзаулар қаннен-қаперсіз ойнақтап, бүгінгі еркіндіктеріне разы пішінде енелерін шыр айнала орғиды. Екі саудагер ұзын бишіктерін сартылдатып, сиырларды желі басынан айдап кетуге тырысты. Желіден арқан бойы ұзаған сиырлар жан-жаққа шашырап, оларға ырық беретін емес. Хайуандар әлденені сезетін секілді ме, әлде екі саудагердің өздерін ажалға айдап бара жатқанын біле ме, әлде бізді қимай тұрма, олар қанша сабаса да, екі жаққа бұлтыңдап қашып, желіден ұзамай қойды. Бір кезде арбақ мүйіз қасқа сиыр жалт беріп кері қашып келді де,желі басының неше жылғы көңаралас бопыраған топырағын иіскеп-иіскеп жіберіп,басын жерден алмаған қалпы өкіріп жіберді. Қасқа сиыр өкірген соң қалған сиырлар бой берсін бе, оның қасына топырлап бір-ақ үйілді. Қарап тұрған біздер шешеме қосылып шуылдай жөнеліп едік, әкем зекіп тастады. Шешем үйден үлкен ақ орамал алып шығып, қасқа сиырдың көз жасы ма, сілекейі ме, белгісіз, аузынан аққан сорасын сүртіп жатты. Мен«қасқа сиыр да жылайды екен-ау» деймін ішімнен. Есіме осы желінің басында оныырғай таяқпен аямай ұрғаным түсті. Шыдамай өксіп-өксіп жібергенімді өзім де аңғармай қалдым. Бағдар мен Гүлбар да сора-сора, шешеме ілесіп, сілекейі ағып өкірген сиырлардың аузы-басын сүртіп жүр. Әкем мен Бекітхан атам теріс айналып үйге қарай аяңдады. Мен де соңдарынан ердім. Артыма қайта қарауға батпадым, тек біз кеткен соң екі саудагердің «Аһа»деген ащы боқтық аралас дауысы мен бишіктің қатты шартылын естідім.

Сол күні үйде ет асылды. Ет жеп болғанша шешемнің қабағы ашылған жоқ. Содай кейін әкемдер сыртқа шығып, көгалға сырмақ сап, жайланып отырып арақ ішті. Мен ұйықтамай қастарында отырдым. Қолымда – Кермиықтың кішкентай мүсіні. Әне, Құжырты тауының қыр желкесінде тұп-тұнық ай дөңгелеп барады. Түнгі шегірткенің жағы талар емес. Төменнен бұлақтың сыңғырлаған даусы ап-анық естіледі.

– Керім-ау айдай,

Кермаралдай,

Кермиық-оу,

Ауылың қайда-ай? – деп ән салды Бекітхан атам. 

– ...Кең жайлау құлазиды-ау ел көшкен соң,

Жолыққанша аман бол, амал қанша-ай?! – деп шырқады әкем. 

– Әке, Бекітхан атам да Қазақстанға бара ма? – деймін мен олардыңсөзін бөліп.

– Жоқ, Бекітхан атаң осында қалып, мына кең жайлауды күзетеді, – дейді қызып алған әкем.

– Жоқ, Бекітхан атаң менімен бірге қалаға кетеді, кемпір алып берем, – дейді Сейітхан.

– Онда менде бармаймын, – деймін мен. 

– Бармағаны несі? – дейді әкем.

– Тайым жоқ, Бекітхан атамда жоқ, бұғышағым да жоқ, қалай барам?

Ортада сәл үнсіздік орнады. Кенет Бекітхан атам қарадай қарқылдап күлді. Сосын олар қауқылдасып тағы бір тартып жібереді. Сосын Бекітхан атам қарадай сұңқылдап жылады. Сейітхан арқасынан қағып жұбатып: 

– Немене, ғашығың есіңе түсіп кеттіме? – деп қалжыңдады.

Содан соң Бекітхан атам жаңағы әнін қайта шырқады. Құлағымда «Кермиық-оу, ауылың қайда?..» деген сөз жаңғырып, әкемнің алдында отырған беті қалғып кетіппін...

Ертесі Сейітханның машинасына жүгімізді тиеп алып, жайлаудан қайтып бара жатқанымда, жуық жылдарда бұл араға қайтып келмейтінімді сезбеген едім. Тек балалық көңілмен Сейітханның машинасының тастан тасты шаншыған дөңгелегіне қарап қызықтап отыра беріппін…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар