Әңгіме
Бірнеше шақырым қара жолды әрең дегенде артта қалдырып, тепсеңге шыға келгенінде алдынан шағын ауылдың сұлбасы көрінді. Ауыл көрінген соң, одан ары жүруге жүрегі дуаламай, бой жазып алмаққа машинадан түсті. Ауылдан шыққан ескі тас жол да тура осы арадан қарақотырланып барып ақырласады екен. Екі қолын құлаштай керіп есінеп, айналаға қарады. Ойлы - шұқырына шөп өсіп, шеті жемірілген тас жолдың үстіне шегірткелер қаптап алыпты. Назарын соларға бұрып аз - кем тұрды. Аяғын сермеп қалып еді, жәндіктер жанұшыра қанаттарын сыр еткігізіп, анадай жерге барып қонып жатты. «Кешкі жолдың қызуына тартып келіп жүрген болар», - деп ойлап қойды ішінен. Осы маңда шегіртке қуалап ойнаған бала кезі есіне түсіп, көкірегін әлде бір мұң қабыздағандай болды. Сонда да ештеңе ойламауға тырысып, жол үстіндегі жәндіктердің қимылын қызықтап біраз уақыт тұрып қалғанын өзі де аңғарған жоқ.
Күн кешкіре бастаған. Жолдың сол жақ бетіндегі қойнауда шашыраңқы ауыл жатыр. Оң жағындағы дөңеске мазарлық орналасыпты.
Жақынғы күндері, таңғы шай үстінде шешесі: «Өткендер түсіме жиі кіріп жүр. Бізден дұға дәмететін сияқты. Туған ауылыңды көрсетіп, аруақтарға құран бағыштап қайтсам жөн еді», - деп айтатынды шығарған. Сол кезде шеше сөзіне онша сәп салмаған болатын.
Бағана Майқапшағайдағы шекара өткеліне барып келе жатып, осы ауылдың тұсына жақындағанда, сол сөз есіне түсіп еріксізден бұрыла салған. Енді не істерін білмей абдырап қалды. Туған ауылының осы ауыл екенін білсе де, алты жасында қалаға кетіп, жиырма жылдан соң тосыннан келіп тосырқап тұр.
Тура тоқтаған тұсында мазарлыққа қарай жанасалай бұрылып кететін бөлек жол жатыр екен. Ара-тұра болса да көлік үзілмейтіні сорабынан аңғарылады. Енді сол жолға түсті. Есінде қалуынша бұрын жолдың екі жағының бәрі егістік болатын. Бір ауыл тегіс қант қызылшасын егетін еді. Аз кем жүрген соң, бетон діңгектері қисайып, науалары бейбірекет құлап, шашылып жатқан ескі каналдың жанынан өтті. Өтіп бара жатып төңкерілген науаның біріне үлкен қылып, қара бояумен жазып қойған «A(II)RH+» деген жазуды көзі шалып қалды. Жақындаған да анық көрінді, әріптерге қатарластырып қызыл түспен бесжұлдыз салыныпты. Онысы күн жеп өшкіндеп қалғандықтан анық аңғарылмайды екен. Бұны бұрын да бір жерден көрген сияқтанып, есіне түсіре алмады. Неге екені белгісіз бұл белгілер қараған сайын өзіне қарай тартып әкетіп бара жатқандай, мазасыз күй кешті. Сосын көзін тез тайдырып ала ғойды.
Бала кезіндегіге қарағанда іргесі кеңейіп кеткен мазарды аралап жүріп, нағашы ата-әжесінің аты жазылған үлкен зиратты әрең тапты. Жерден бір шымшым топырақ алып салып, жүрелей отырып құран оқыды. Орынынан тұрған кезде күн ұясына кіріп, көкжиек қызыл жалқынданып тұр екен.
Көлігіне отырып әлдене есіне түскен ол, ауылдың сыртын айналып өтіп, бағанадан бері сонадайдан состиып тұрған, төбесі қираған қант зауытының қасына келіп тоқтады. Тоқтады да, көлік ішінде, рөлге сүйеніп сұлқ отырып қалды. Көз алдында сонау жылдардың буалдыр елесі; әкесінің осы зауыттың бастығы болғаны, кейін заман аяқ асты өзгеріп, зауыт жабылып, жұмыссыз қалғаны, күнде мас күйінде ес жимай жүретіні, үй ішінің айғай – шуы, шешесінің долданып жылағаны, өзінің қарынының қатты ашып, өлердей қорыққаны… Иә, иә бағанағы бетондағы белгіні ол алғаш әкесінен көрген еді ғой. Тура жүрек тұсынан. Екеуі бірге суға шомылуға барғанда айтқан «Бұны үкімет арнайы салып берген, жусаң да, қырсаң да өшпейді. Менің қан тобым ғой бұл. Ауғанға барған жігіттердің бәрінде бар. Сенің қан тобың шешеңе ұқсап кеткен. Ынжық!», - деп желкесінен қысып – қысып қойған. Содан соң жағаға шығып, қалтасынан насыбай алып ерініне салған да жерге тісіле қарап аз отырып, өзінен - өзі қарқылдап күлген.
Сол күлкі көп жылдарға дейін құлағынан кетпей жүрді. Жақынғы күндері түнде түсінде белгісіз біреу тура осылай тағы күлгенде шырт ұйқыдан шошып оянған еді…
Одан әрі ойлағысы келмеді. Селт етіп рөлден басын жұлып алғанда, әлдеқашан көз байланып кеткен екен. Ауыл жақтан ит үргендей болды. Әр -әр жерден әлсіз электр шамының жарығы жылтырайды. Енді көп аялдап тұрмады. Машинасын оталдырып, газды қатты басып қалды да, зымырай жөнелді. Жолдың кедір-бұдырына да қараған жоқ…
***
Қойнаудағы ауылдың тағы бір таңы атты. Оңтүстіктен көшіп келгендеріне біраз жыл болған Жәрменбеттің үйіне алыс Алматыдан құдалар келетін болып, үй маңында абыр-сабыр, қызу дайындық жүріп жатқан. Орта жастан асқан ауылдың кәнігі асабасы үй иесін оңаша шақырып алып:
- Аға, бүгін музыканың дауысын қатты шығарып қоя алмаймын. Әлгі біздің құрдас Жансейіт қайтыс болыпты түнде. Әне жігіттер қабір қазып жатыр, Олар таңертең осында келе жатқанымда солай деп тапсырды, - деді ауылға кірер тас жолдың арғы жағындағы қыратқа орналасқан мазарлықты иегімен нұсқап.
Тамыз туа шөбі әлдеқашан қуарып, сары сабанға айналып қалған дөң басында, бастарына үйрек тұмсық кепкі киген бірнеше адам, қабір қазып әбігерленіп жүр. Ауыл мен мазарлық арасын қақ бөліп, бір ұшы қатпар-қатпар сары белдердің арғы жағына жұтылып жол жатыр.
Жәй күндері осы мазарлық маңына келіп айналаға қараған адамға, қойнауды құлдай орналасқан ауылдың көше - көшесіне дейін ап-анық көріне қалады. Бұрын совхоз орталығы болып дәурендеген. Бүгіндері әр жерден шыққан түтінін де осы қыр үстінде тұрып-ақ оп - оңай санап аласың. Қора-қопсысы қирап, есік-терезесі үңірейген ескі үйлер көңілге кірбең ұялатып, үрей шақырады.
Есесіне жылдар өткен сайын қатары көбейіп, кем - кетігі жаңаланып отыратын мазарлар еңсесін тіктеп, көкке қол созған қияқ айлары шыққан күнге шағылысып алыстан менмұндалайтын…
Алматыдан құда келеді деп, шағын ауылдың үлкен-кішісі дерліктей той болатын үйге жиналып алған. Басында жабырқаңқы келіп, бір-бірімен салқын амандасып табысқан жұрт, көп ұзамай-ақ өздерінің мерекелік көңіл-күйлерін адаспай тауып алған сыңайлы. Той иесін қолқалап бірер жүз грам тартып алғаннан соң, әжімді жүзінің ар жағынан тепшіген терімен бірге көңілі де көтеріле қалған ауыл асабасы музыка дауысын сәл көтеріп қойып, жұртты биге шақырды. Есік алдындағы төбесі қаңылтырмен жабылған қалтқының астында бірнеше әйел сәбіз аршып жатыр. Солардың қасында, таяғын қос қолдап таянып отырған әже, алыста қабір қазып жатқандарға қарап, ауыр күрсініп қойды.
- Жансейіт жақсы азамат еді қарағым, барар жері бейіш болғай, - деді сосын бетін сипап.
- Байқұс, ауылдан шыға берісте, тасжолға көлденең жатып ұйықтап қалған екен, үстінен көлік мыжып өте шыққан көрінеді - деді етженді кексе қатын.
- Жолға көлденең жатып ұйықтағанды шығарып еді, ақыры ажалы содан болған болды ғой, - деп күңкілдеді енді бірі.
«Мен ұйықтап кетсем ауыл бір жаққа көшіп кететін сияқтанып тұрады апа, сіздерді күзетіп жатамын ғой», - дейтін еді деп көзіне жас алды бастапқы кемпір.
- Оның сонда жататынын осы ауылдың бәрі біледі ғой, қай көксоққан келімсек екен, - деді сағыз шайнаған сары әйел.
- Бұл ауылға сырттан келетіндер қабір басынан ғана қайтып жатпаушыма еді, - деді енді бірі.
- Бәріне қалаға қашып кеткен қатыны кінәлі, ержетіп қалған тәп -тәуір ұлы да болған. Қаңғытып кетті ғой, - деді манағы кексе қатын.
- Жансейіт солардың бар екенін ұмытып та кеткен шығар?
- Жансейіт біл..
- Жоқ…
- …
Одан кейінгі сөздерді қатты қойылған музыка дауысы басып естіртпей кетті. Құдалардың ауыл шетіне ілінгені хабарланды. Жұрт тегіс ортаға биге басып, солай қарай қотарыла жөнелді. Бір әйел кемпірдің қолына табақ толы шашу әкеп ұстатып үлгерді.
Ауыл мен мазарлық арасын қақ бөліп жатқан жол үстінен құдалар мінген көліктердің қарасы да көрінді.
Сонау дөң басындағы қабір қазушылар да күректеріне сүйеніп ауыл жаққа қызықтай қарасып қалыпты…
Көрнекті сурет ашық ғаламтор кеңістігінен алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.