Атмашы, Наган, атмашы!
Қорқала, жаным, қорқала!
(Татар халқының «Наган жырынан»)
Қыз бен жігіт. Бірінсіз-бірі тұра алмайтын. Көргенше асығатын. Құштар көңіл бірін-бірі іздеп дегбірі қалмайтын. Сәт сайын көрмесе сағынатын, аңсайтын. Ұйқысыз, мазасыз түндер қаншама! Бірін-бірі көргенде сезімнің оты сыртқа шығып, асау жүрек тайдай тулап, алақандай кеуделеріне сыймай, шарасынан шығып кетердей болушы еді. Іңкәр жүректің, асыл сезімнің, тұтанып кеткен отын әзер босатын. Бернияз үшін Зейнеп көк жүзінде әсем қалқыған аппақ Ай, көк айдынды кербез сызған сұлулық пірі аққудай елестейтін. Ал Зейнеп үшін Бернияз жігіттің падишасы, сұлтаны, сұңқары, асыл бекзадасы іспеттес болатын.
Осы татар жеріне келгеніне бір жылдай боп қапты. Аз ба, көп пе өзінің шамалауынша халқына қажетті істер тындырып жатқан сияқты. Түркілер үшін ыстық, жалпы қыпшақ баласына қастерлі көне шаһар Қазанда, елі үшін рухани іс тындырмақ болып, оның нашриятынан халқының ардақ тұлғалары Абайдың, Сұлтанмахмұттың, Мағжанның, Сәкеннің жыр кітаптарын шығарып үлгірді. Тағы да біраз ауыз әдебиетінің үлгілері шықты. Шығармақ дүниелері әлі де қаншама. Жоспар күтіп тұр. Оқу кемисариятының баспа істері жөніндегі білдей өкілі, былғары күрте киген кәмесер. Осы жерде жүріп ол зеңгір көктегі қол жетпес бақыт жұлдызын тапқандай болды.
Осында жүрерде ақылшы ағасы, Қазақстанның оқу кәмесері Ахаң, Ахмет Байтұрсынов шақырып алып: «Бернияз, қарағым, өзіңді бір үлкен игілікті іске жұмсағалы отырмыз.Қолыңнан іс келетін, жігерлі жас екенің байқалады. Орынбор баспаханасы әлі әлсіз. Полиграфиялық қуаты төмен. Ел ішінде көптеп мектеп ашып жатырмыз. Оқулықтар шығарып үлгіре алмай жатқанымыз мынау. Татар ағайындарда баспа, нашрият ісі жақсы өркендеген ғой. Қолымыздан келген көмегімізді аямаймыз деп отыр.
Бернияз Күлеев
Осындағы бұрынғы «Уақыт» газетінің редакторы Фатих Кәримов қазір Қазанда. Соған жақсылап хат жазып отырмын. Қазанға барған соң саған бірден-бір көмектесетін адам сол болады. Бернияз, қарағым, өзіңе бармасқа болмай отыр. Бізде математика символдары, латын әріптері жоқ. Оның үстіне өркендеп келе жатқан оқу ісіміз, жас әдебиетіміз бар. Халқыңа игілікті бір ісің тиеді, шырағым! Қазан-университет сияқты үлкен оқу орны бар, іргелі мәдениет ордасы. Барған соң жақсы жағымен көзге түс! Жастыққа салынба! Алдағы жұмыстарыңа үлкен жемістер тілеймін!»-деп, үлкен ағалық тілегін айтып, шығарып салып еді.
Содан бері бірталай уақыт өтті. Қазанда есігі басқа жақтан шығатын Уәли деген бір татардың кең бөлмесін жалдап алды.
Бөлме есігінің сыртына «Қазақ мәтбуғаты уәкілі» деген ірі әріппен баспаханада басылған қағаз жапсырып қойды.
Фатих Кәримов қолдан келген көмегін аяп қалған жоқ. Жұмыс дөңгелеп жүріп берді. Мәшеңке жоқтықтан алып келген кітаптардың барлығы қолмен көшіріліп жазылған. Бернияз әрбір гранканы, беттелген қағаздарды өзі оқып, мұқият түзетеді. Әріп теретін татарлар қазақша сөздердің көбін дұрыс шығара алмай қате теретін кездері де болып тұрды. Мұның барлығына ықтият болу керек, әрине.
Кітаптарда тез шыға бастады. Шыққан кітаптарды мәшине жоқ, ат арбамен теміржолға апарып тиеп, қағаз, құжаттарын Орынборға жөнелтеді. Қойшы, әйтеуір бір тыным жоқ. Кеш бата қатты шаршағанын сезеді. Өлім қонағаға сүрініп жығылады. Соншалықты жұмысбастылықпен жүріп ол осы жерде зеңгір көктегі қол жетпес бақыт жұлдызын тапқандай болды.
Шіркін! Жүрегінің жарқын жұлдызы болған сол бір бақытты тапқан сәттегі ләззатты айтып жеткізу мүмкін емес! Сол бір ләззатты, сол бір бақытты Бернияз тілмен жеткізіп бере алмайды, әрине!
Зейнеп – арыны басылмаған албырт та асау жүректің, қызуы басылмаған жас жүректің жарық жұлдызы еді. Қуанышты көл-көсір сезімдер сыйлайтын да, қызулы сезім отына май құятында да осы бір татардың сұлу тоташы Зейнеп болатын.
Зейнеп Ахмеровамен Бернияз Қазанда, "Шығыс клубында" алғаш танысқан болатын. «Шығыс клубы» татар зиялыларының ұйымдастырған поэзия, өнер, театр, музыка жайында жастардың пікір алысып отыратын мәдени орталығы болатын. Бернияз осы клубтың ұйымдастырған кештеріне жиі келіп-кетіп тұрушы еді. Осы жерде ол Зейнеппен ұшырасты. Ай маңдайы жарқыраған татардың сұлу аруы еді, Зейнеп. Гимназия бітірген, қазіргі кезде Қазан университетінің медицина факультетінің студенті атанған дәулетті отбасынан шыққан қыз болатын.
Бүгінде Бернияз қызды асыға күтті. Орталық бақтағы үлкен терек өскен маңайда кездеспек болған. Мұңдайда уақытта өтіп болмайды. Жігітке әрбір минуты жылдай көрінді. Көрмегеніне көп уақыт болмасада жігіт қызды қатты аңсап сағынып тұрғанын сезді. Жүрегі де атқақтай соғады. Тіпті кеудесінен шығып кетердей. Махаббаттың сиқырлы құдіреті деген де осы болар сірә?!
Ай жаңа туып келе жатыр. Барқын көкте сансыз жұлдыздар жымың қағады. Жігіттің жүрегі одан әрмең қатты соққандай болды. Шыныменде келмей қалар ма екен? Жоқ, мүмкін емес. Келмеуі. Зейнеп уәдеге берік қыз. Тек сыртқы көрік, бет ажары ғана емес, ақылы да өзіне сай. Осылайша алабұртып, дегбірі қашып тұрғанда қыз да көрінді. Ай маңдайы жарқырап Зейнеп келе жатыр. Жігіт құшағын аша ұмтылды. Жас жүректер үнсіз, тілсіз түсінісіп бір құшақ, бір дене болып, бір-бірін аймалап, аялап ұзақ тұрды.
Айдында әсем сызған аппақ аққудай көктегі күміс Ай да біртін-біртін толысып, өзінің мол сәулесін жерделі үнсіз табысқан жүректерге себезгілеп аямай төге бастады.
- Түн қандай тамаша!-деді қыз түнгі табиғатқа сұқтанғандай.
- Айтары жоқ, тамылжып тұр. Мен өскен өңірде де айлы түн осылай тамылжып тұратын.
- Еліңді сағындың ба? - деді қыз.
- Иә, қатты сағындым. Әсіресе, елде қалған анам мен қарындасымды-деді жігіт жеңіл күрсініп.
- Жақын адамдарыңды ұзақ көрмеу де адамға қиын ғой-деп қыз да күрсініп қойып, жігітті қоштағандай болды.
Мұңлық жүректер ұзақ тілдесті. Көп сырлар айтылды. Жігіт қызды құшағына алды. Ай сүттей нұрын төгіп тұр. Олар жапырағы молынан төгілген ақ қайыңның астында тұрып ұзақ аймаласып, өбісті.
Қайың жапырақтарының ара-арасынан ай сәулесінің күміс нұры себезгілейді. Зейнептің шарасы кең, түнгі аспандай қап-қара боталаған жанары ай сәулесінен ұшқын атып, ерекше жарқырап сұлу көрінеді. Мрамордай әсем иегі, сүттей ақшыл жүзі арайлана түскен. Жігітте сүйіктісінің түнгі періштедей әсем мүсінін жаңа көргендей қиыла да сұқтана қарай береді. Осы бір аяулы да қимас мезеттер өзінің қайталанбастығымен жігіт жүрегін ерекше бір толқытып жібергендей. Бір кезде Бернияз өзінің қоңыр даусымен жыр жолдарын төгілте жөнеледі:
Қызарып, сұрланып,
Лүпілдеп жүрегі.
Өзгеден ұрланып
Өзді-өзі керегі.
Екі асық құмарлы,
Бір жолдан қайта амай.
Жолықса ол зарлы,
Сөз жөндеп айта алмай.
Аяңдап ақырын,
Жүрекпен алысып.
Сыбдырын,тықырын
Көңілмен танысып.
Дем алыс ысынып,
Саусағы суынып,
Белгісіз қысылып,
Пішіні құбылып.
Иығы тиісін,
Тұмандап көздері.
Үндемей сүйісіп,
Мас болып өздері.
...Жанында –жапырақ,
Үстінде –жұлдыз да.
Елбіреп –қалтырап
Жігіт пен ол қыз да.
- Ой...қандай тамаша сұлу жырлар еді! Бұл кімнің жырлары еді, ә, Бернияз? - деп, Зейнет өзінің сүйсінгенің жасыра алмады.
- Ол қазақтың Ибраһим Құнанбаев деген ұлы ақынының жырлары ғой, Зейнеп. Қазақтар Абай дейді. Осы ғасырдың бас жағында қайтыс болған. Шіркін, Абай! Жастардың сезімін, көңіл-күйін қалай дәл берген! Жанымыздағы сусылдаған ақ қайының жапырақтары да, үстімізде төніп тұрған анау көктегі жымыңдаған жұлдыздарда қазіргі біздің тұрған орайымызға, жай-күйімізге, көңіл ауанымызға ғажап үйлесіп тұрғанын қарашы! - деді Бернияз дауысына бір толқыныс діріл жүгіргендей.
- Иә, Абайдай ұлы ақыны бар, сіздер қандай бақытты халықсыздар! - деді, Зейнеп.
- Иә, - деп, Бернияз оны қостап қойды, - Абай біздің бақытымыз, көктегі жарық жұлдызымыз ғой. Сіздердегі Ғабдолла Тоқай да сырлы, мұңлы жырлар жазған ғой.
- Дұрыс айтасың, Бернияз. Татар халқының мұңын да, сырын да, шерін де қозғаған ғой Тоқай жырлары. Қайғы-мұң, шері ішінде жатқан көз жасындай Ақеділ, бар қатпары ішінде жатқан татар мұңы да, татар аруының ерке күлкісі де жатыр ғой осы жырларда! - деп, Зейнеп жеңіл күрсініп қойды. Бір кезде Бернияз дауысына көңілді бір леп жүгіртіп, үнін ойнақылана құбылтып, әлдеқандай тамаша бір жырды шабыттана жатқа оқи жөнелді.
Келші көзім, күн бетінді көрейін,
Сүйші, Сәулем, тұншығып мен өлейін.
Жет, жұлдызым, жылжып қана жібектей,
Жұлдызды-жүзік, Айды алқа ғып берейін.
Сөзің-сиқыр, есті тұман басқандай,
Ессіз жүрек дария болып тасқандай.
Күлкің, Күнім, күндей күміс табаққа
Мінсіз сұлу меруертті шашқандай.
... Еркетайым, келсең егер қасыма,
Сәулелерден шоқ қадар ем басыңа.
Көз жасымнан меруерт тізіп берер ем,
Келші, күлмей көзден аққан жасыма.
Келші, көзім, Күн нұрына көмейін,
«Сүйші-өлейін, неге өлейін?»-демейін.
Жет, жұлдызым, жылжып қана жібектей,
Жұлдызды - жүзік,
Айды алқа ғып берейін!
Соңғы жолдарды оқығанда Бернияз Зейнепке қарай екі қолын ұмсынғандай, өңі де бір ынтызарлық қалыпқа түскендей, бал-бұл жанып, елжірей, қиыла қарағандай болды. Жанарларына кіреукеленіп жас тұнғандай. Бернияз шыдап тұра алмай Зейнепті көзінен, екі бетінен шөпілдетіп сүйе бастады. Қыз жігіттің құшағына кіре түсті. Зейнеп әлі де әлгі бір әсем жырлардың әсерінен айықпаған тәрізді. Тамсана береді. - Ғажап! Шын ғашықтардың көз жасын, мұң тілін, сыр тілін ұғынғандаймын!
Бұл ғажап жырдың иесі кім болды екен, ә?! - деп, Зейнеп шын қызығушылық танытты.
- Иә Зейнеп. Барша ғашықтардың көз жасын, мұң тілін, сыр тілін ұққандаймын - деп, қалайша, тамаша айттың! Жырдың иесі қазақтың талантты үлкен ақыны, маған өлең жолында үлгі, ұстаз, болған аға тұтатын Мағжан Жұмабаев деген ақын. Шіркін, Мағжан қазір қай жерде жүр екен?! - деп, Бернияз күрсініп жіберді. Даусына мұң араласты.
- Тамаша! Мағжанның да, сенің де жырларыңнан жаңаша бір өрістің сыр-сипаттарын аңдағандай боламын. Біздегі Дәрдімант поэзиясына ұқсайды.
- Иә, Дәрдімант үлкен ақын ғой! «Шура» журналының шығарушысы татардың атақты миллионері Шәкір Рәмеевтің әдеби бүркеншік есімі ғой, Дәрдімант деген, жаңылыспасам - деді, Бернияз.
- Дәл өзі. Қазір Дәрдімант қайда, біреу қайда! Заман қысып кетті ғой - деп, Зейнеп ойлы кейіпке ауысты.
- Зейнеп, әлгінде өзің сүйсінген Абай поэзиясын ілгері әкеле жатқан,әдебиетіміздің талантты үлкен толқыны бар бүгінде. Өзім аға, ұстаз тұтатын Мағжанды айтпағанда, Ахмет, Мыржақып, Жүсіпбек, Қошке, Сұлтанмахмұт, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар сияқты талантты ағаларым әдебиетімізді үлкен биікке көтеріп, өрге сүйреп келеді - деп, Берняз ағынан жарылды.
Қыз бен жігіт қолтықтасып ақ қайыңдар шоғыры өскен алаңқайға беттеді. Бір биік қайыңның жанына келіп тұрды. Күмістей аппақ ай нұрлы молынан түсіп тұр. Бернияз Зейнепке арнағандай ғып, шабыттана жыр төге жөнелді.
...Көп мұңдастық,
Біз жыластық,
Көріп ең ғой жас қайың!
Уа, дариға,
Қайда-қайда
Жаным дескен жан-жарым?!
...Көк пе, жер ме,
Су ма, жел ме,
Әлде алған ай ма екен?
Айтшы, қайың,
Менің жаным,
Айтшы, айтшы, қайда екен?!
Осыдан кейін Бернияз жұмысымен, Зейнеп оқуымен болып, қыз бе жігіт көп кездесе алмай жүрді. Тек бір әредікте Зейнеп ата-аналарына өздері жайлы айтқанын, олардың бұларға деген көңілдерінің түзу еместігін айтып, соған көп қынжылып, көп уайымдап, мұңайып қайтып жүрді.
Соңғы бір келгенде Зейнептің жүзі салыңқы, сағы сынған, көп уайымнан аса қатты жүдеген. Көп жылаудан көзінің айналасы бұлаудай боп ісініп, қызарған. Оңашада көп жылайтын болу керек.Ата-анасының соңғы сөзі өте қатқыл болыпты.
- Айдалада жүрген, қаңғырып келген қайдағы бір қырдың қырғызына маңдайымызға басқан ардағымызды қолымыздан беріп, тентіретіп,жетектетіп жіберер жайымыз жоқ! Мен деп жүрген татардың жігіттері көп қой! Жібі түзу біреуі табылар. Солардың біреуіне жіп тақсын!
Қызымыз райынан қайтсын! Қайтпайтын болса, ата-ана алдындағы парыз, қарызын өтемегені! Ата-аналық ақ батамыз да жоқ! Бізден еш бір кешу де болмайды! Осыны білсін!- депті.
Бернияз Зейнепті қалай жұбатарын білмеді. Бар бітіргені құшағына алып, жас жуып боталаған көздерінен сүйіп, салалы саусақтарымен оның жібек талдай шаштарын аялап, сипай берді. Шынына келсе Бернияз да тамақтан, ұйқыдан қалып, қатты жүдеген. Сары уайым мұны да иектеп алған. Бернияз өзінің соңғы кезде іштей бір берік байламға бел буып жүргенін қызға сездірмек болды.
- Біздің махаббатымыз бақытсыз да баянсызда болды-ау, Бернияз! - деп Зейнеп солқылдап ұзақ жылады.
Қойшы, жыламашы, жаным! Енді мен не қылайын! Өзімнің де қолымнан келер дәрмен жоқ. Мен бір шешімге келмекші болып отырмын.
- Қандай шешім?
- Сені кездестіргенде өзімді бақытты сезініп ем! Енді дүниедегі ең бақытсыз мен екем! Сенсіз маған бұл өмірде қызық та, мән де жоқ! Сенсіз өмірдің құны маған бес тиін. Сен маған ренжіме. Мен кетемін. Мені бұл ақырғы көруің. Қош!
- Қайда?! - деп Зейнеп шошып кетті. - Еліңе кетпекшімісің?
- Жоқ, жаным! Сені тастап, мен еліме қалай қайтам! Мен о дүниеге аттануға біржола бет қойдым. Сенсіз өмір – тұл! Көп ойланып, толғанып, жүрегімді қатайтып, осындай қатал шешімге келіп отырмын. Мені бұл жолдан ешкім қайтара алмайды. Сөкпе! Жағдайымды түсінерсің, кешір мені! - дейді, Бернияз алабұртып, дауысы дірілдей шығып.
- Бернияз, не дегенің?! Мені жалғыз тастап қалайша кетпекшісің? Мені де ала кет! Будым мен де басымды осы шешімге! Кетсек бірге кетейік! Сенсіз маған да өмір жоқ! Артыңда қала алмаймын! Саған деген махаббатым маған бәрінен де жоғары! - деп, Зейнеп қыстыға жылап, басын жігіттің омырауына қойды. Олар өзара ақылдасып, берік бір байламға келді. Үнсіз келісіп, қабақпен ұғынысты.
Осы шешімнен кейін бойларына лып-лып қан соғып, ерекше алабұртып, көздері тұмандап, бір-бірін ерекше елжірей, аялай, ұзақ аймаласты. Қас қағым сәт болса да олар өздерін бақытты сезінді. Жүздерінде абыржу жоқ. Өңдерінен ештеңеге өкінбейтіндіктері сезіледі. Бұл қатал шешімнен оларды енді ешкім де қайтара алмайтын еді. Қыз жігітсіз, жігіт қызсыз өмір сүруді бос әурешілік санайды. Қаңтар айының соңғы күндерінің бірінде, қыстың қыраулы бір түнінде олар уәделескен жерде кездеседі. Екеуінің де жүректерін тоқтатып, батыл бір шешімге келгені жүздерінен көрініп тұр. Аса қобалжу сезілмейді. Тек бұдан кейін өздерінің мәңгі бірге болатынын сезінгендей, көңілдері аса көтеріңкі. Ширақта, серпінді қимылдары соны айғақ еткендей. Бұрыңғы өткен Қозы мен Баян, Сейпілмәлік пен Жамал, Еңлік пенен Кебектің жолдарына бас ұрғандай, соларға тағзым етіп, мінәжат қылғандай аса бір албырт, тебіреністі күйде, екіұдай сезімде еді. Суық ажалды көп ойлай қойған жоқ.
Бернияз Зейнептің аяз сүйіп ажарландырған, сұлу жүзіне сұқтанғандай ұзақ қадалып, аса бір қимастықпен албыраған еріндерінен ұзақ сүйді. Бойы бір ысып, бір тоңазығандай. Денесіне, өн-бойына жеңіл діріл жүгірді. Қыз да демін алмай қатып қалған. Бар жан-тәнімен қызулы, отты дірілді ол да сезгендей. Бойларынан безгек ұстағандай қалшылды байқады. Бірақ екеуі де бақытты жандай бір сертке бекіген.
Түнгі сағат бірлердің шамасында олар Бернияздың пәтеріне келеді.
Бернияз үстелінің үстінен қағаздарды алып, әлденелерді жаза бастады. Ең соңында бір парақ қағазды бөлек алып, ернін күбірлетіп, өлең жазып жатқандай болды. Иә, Бернияз соңғы жырын жазап жатты. Осыдан соң үстелінің тартпасынан алдын-ала дайындаған екі тапаншаны алып оқтай бастады. Екеуін де салмақтап көріп, біреуін Зейнепке ұсынды.
Ақыр соңында Бернияз қоңыр үнімен күбірлеп әлденедей өлең жолдарын оқыды:
Ты не должна любить другого,
Нет, не должна!
Ты с мертвецом святыней слова
Обручена!
Бұл Лермонтовтың «Любовь мертвеца» деген өлеңі болатын. Тапаншалар қатарымен тарс-тарс ете қалды. Артынша өлі тыныштық орнады.
Үй иесі Уәли абзи шырт ұйқыдан қатарынан екі рет атылған мылтық дауысынан шошып оянды. Мылтық дауысы қатардағы, көрші бөлмеден шыққан сияқты. Іші бір сұмдық, бәлені сезгендей үй иесі тез киініп, Бернияз пәтерінің есігін қақты. Бірақ іште тым-тырыс. Есікті ашқан ешкім болмады. Іште шам жанып тұр. Үй иесі абыржи сасқалақтап көршілеріне дереу хабар беріп, барлығы есікті бұзып ашып кірсе, қолдарында тапанша, қанға боялып жатқан қайран екі жастың жансыз мүрделерін көрді. Іс біткен. Қолдарынан келген қайран жоқ. Үстел үстіндегі қағаздарда Бернияз бен Зейнеп сот орындарына өздерінің өліміне ешкімді де кіналамауын, барлығы да екі жастың өз еріктерімен болғандығын жазыпты. Және Бернияз өзінің жеке заттарын Орынбордағы туыстарына жіберуін өтініпті. Бір жапырақ қағазда Бернияздың соңғы жазған жыр жолдары да маржандай тізіліп жатты. Ақынның бақұлдасқан, ақтық сөздері сияқты.
Ал жүрегім, өлейін.
Дегеніңе көнейін.
Аз күн тұрған жалғанға,
Келіп едім демейін.
Өлер жерің, осы деп,
Дәл жүректің тұсы деп,
Қорғасын оқ өткізіп,
Өз қаныма өзімді
Қарқ қып мәңгі көмейін.
Өлең соңында Бернияз 1923 жыл, 21 қаңтар деп өлеңнің жазылу мерзімін де көрсетіп қойыпты. Ертеңіне екі жастың қайғылы қазасы бүкіл Қазан шаһарына тарады. Бүкіл татар халқы, Қазан халқы боп екі жастың аяулы өлімін аса қайғырып, үнсіз азалады. Қаза хабары Орынборға, Бернияз туып-өскен елге де жетті.
Алыстағы Мағжан ағасы да қайғыдан қан жұтып, өзінің сыйлас, қадірлі шәкірт інісі Бернияз өліміне:
...Мен күңіренем ұлы ойлар кеп басыма,
Жырласаң ед шомылып көз жасыңа:
Тұңғиықтың түбіндегі тамаша
Өзі-ақ көшіп келмес пе еді қасыңа... –
деп, өзінің шерлі де мұңлы, зарлы толғанысын жеткізді.
Татар халқы махаббат үшін өз бастарын өлімге тіккен аяулы жастардың қайғылы қазасын көпке дейін ұмытқан жоқ. «Наган жыры» дейтін, мұңлы да сырлы, зарлы жыр туғызды. Бұл ұзақ жыр әнмен қосылып, айтылады. Жырда екі жастың мезгілсіз өлімін азалай отырып, қоғам, әлеумет, ортаның шеңберіне сыймай кеткен, құрық үзер мінезді, ноқтаға сыймас өрде, асау жастыққа тән қайрат-қажырды, ғашықтарға тән өлмес үміт-жігерді, бәрінен де өз өмірлерінен де махаббатты биік қойған, пәк те таза, қайсар да адал сезімдер паш етілетін.
Сәбит Жәмбек
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.