Бізді алғаш таныстырған Қалихан Ысқақов еді: - Мына отырған мықты Әкім Әшімов деген жігіт, - деді қарсы алдында биіктен қарағандай боп нағыз отырған топ-толық әдемі жігітті нұсқап.
Сөйдеді де, өзі аузындағы сигаретінің түтінін тұншығардай сорып бұрқылдатып алды да, тұқылын онсыз да асып-төгіліп тұрған күлсалғышқа мыжғылай салды. – Қазір бұл Әшімов деген фамилиясын документтерінде қалдырып, шығармаларына «Тарази» деп қол қоятын бопты. Мәскеуден оқығандағы үйреніп келгені болу керек. Сәрә, нашар жазар болсам, әкемнің атына кір келтірмейін дегені шығар, - деді сөзінің аяғын қағыта әзілге бұрып.
Әкім күлімсірей отырып: - Әй, мен саған қазақтың көне қаласы Таразының атын еске салу үшін алдым дедім ғой, - деді.
- Бізге енді сөйдейсің, ал ішкі есебің әлгіндей ғой, - деп Қалихан оған дес бермей қарқылдай күлді.
Әкім онымен сөз таластырып даурыққан жоқ, қосыла күлді де қойды. Мінезінің салмақты, артының мықты жатқанын осы күлкісімен-ақ сездірді.
Кейіннен біз баяғыдан, бала күннен бірге өскендей етене дос болып кеттік. Сөзіміз жарасты, әңгімеміз жарасты. Ол өз шығармашылығы туралы жарытып ештеңе айтқан жоқ, ал, жалпы әдебиет туралы, сол алпысыншы жылдарда бүкіл Кеңес Одағы бойынша «төртінші буын» атанған шығармашылық өркен туралы ой-пікірлері байсалды да орнықты еді. Ол мақтауға да, сынауға да қызынбайтын, өзінің ойын нақтылы дәлелдермен түйіндейтін.
Бірде Қалихан маған қолжазба алып кірді. – Қолың тисе, мынаны оқып көрші, әлгі Бүлкілбайдың шатпағы екен, - деді. – Бүлкілбайың кім? – деп едім. – Әкімді айтамын да, - деді Қалихан, - Киношниктердің қойған аты екен. Дәлірек айтсақ, Мәжікеңнің – Бегалиннің қойған аты көрінеді. Өзің көрдің ғой, аспайды да, саспайды да, бір қалыптан айнымай бүлкілдейді де жүреді. Қытығына тиейін деп, өзі туралы не айтсаң да мыңқ етпейді, «солай ма еді», - деп күледі де қояды, - деп сырттай риза көңілін білдіріп, Қалихан рахаттана күлді. – Бұл әлі осы бүлкілімен-ақ нағыз ұзаққа шабатынның өзі болады.
Сөйтіп, Қалихан қалдырып кеткен бес-алты баспа повесті кешкісін үйге қайтқан соң асықпай оқуға кірістім. Повестің аты «Құйрықты жұлдыз» еді. Тіксініп қалдым. Көркем шығармаға қойылған мұндай тосын атты жатырқай қабылдағаным анық. Ғылыми-фантастика болар, деп топшылағам. Алайда, повесті оқи бастағаннан-ақ әлгі жатырқау да, күдік те жайына қалды. Өзгеше бір жазу мәнері бар, оқушысын мүлт жібермей арбап, тартып отыратын иірімді оқиға өзінің ішкі жұмбағына үйіре бастады. Шығарма оқиғасының жұмбақталып өрбігені, кейіпкерлерінің бір-бірімен қарым-қатынастары, іс-әрекеттері, сөйлеген сөздері – бәрі де жұмбаққа толып тұрған тәрізді. Бұл, шығарманы оқып отырғанда алатын әсерің, «апыр-ай, бұл қандай жұмбақ өмір?» деп әрі қарай білгің, көре түскің келеді. Өйткені. Жазып отырған оқиғада, оның ішіндегі кейіпкерлері де қаз-қалпында көз алдыңа келеді. Ал, шығармадан бас көтеріп, ой жіберіп қарасаң, еш күмән жоқ, бар оқиғасы да, кейіпкерлері де таныс, бейтаныс, күнделікті өмірде өзімізге жиі ұшырасып жүрген жайлар. Тек, мына автор соның бәрін жіті көрген, таңдай білген, ал онан өзге ешкім байқамаған да, көрмеген де. Мәселен, повестің бас кейіпкері Сәтжан сол кезде менің құрбыласым, мінезі ақжарқын, ойы сергек, заманына ой көзімен де, сын көзімен де тіке қарайтын өжет мінезді жігіт, алайда өзінен басқа ешкім себейтін, ешкім ұға алмайтын ішкі жұмбағы бар, тіпті түсіндірші, айтшы десең, өзі де түсіндіріп айтып бере алмайтын сияқты. Ал, оның кіршіксіз тазалығына, адалдығына, ақылдылығына күмәнсіз сенесің. Демек, бұл өз кезеңінің алға шығар қаһарманы. Сол сияқты, оның антиподы – Кірпішбайға қараңыз. «Ә» дегенде Кірпішбайы несі, деп атын ұнатпай қаласыз да, біртіндеп: «әй, дәл өзі ғой, Кірпішбай десең, Кірпішбай ғой, оны басқаша атау мүмкін емес қой», - деп жазушының тапқырлығына, Кірпішбайдың аты да, заты да мүлтіксіз екеніне риза болып, кәміл сенесің.
Мен повестің бас кейіпкерлерін ғана еске алдым, ал қалған жанама кейіпкерлердің әрқайсысы талдауға тұрарлық, әрқайсысының типтік қасиеттері бар екенін айтар едім.
Адам өзіне әсер еткен нәрсені еш уақытта ұмытпайды, сол бір қырық жыл бұрынғы қыркүйек айының соңғы күндеріндегі кеш менің есімде ұмытылмастай боп қалған. Мен әдебетімізді есігін бұлқынбай, жұлқынбай жайбарақат ашып кірген тамаша бір талантпен осы алғашқы повест арқылы танысқаныма қуанған едім. Осы кезге дейінгі замандастарымды оқығанымда, бір-бірімізге ұқсап кеткенімізді, кейде ғана жазушыларымызға еліктеу, солықтаудың іздерін байқап, әзілмен іліп-шалып кететінімізді еске алдым.
Ал, мына Әкімнің повестінде біреуге ұқсаудың, яки еліктеудің нышаны да жоқ. Мен сол ғажап повестің әсерімен түн жарымынан ауса да Қалиханға телефон соқтым.
- Ұйықтап қалған жоқсың ба? – дегем.
- Жоға, бірдеңені шатпақтаған боп отыр едім, - дейді. Мен оған Әкімнің повестінен алған әсерімді айтып: «Осы уақытқа дейін бұл қайда жасырынып жүрген жазушы» - десем, Қалихан да мәз болып: «Айттым ғой, өзіңе, бұл әлі осы бүлкілімен-ақ алысқа шабады» деп, - дейді. – Мұның «Тұлпардың ізі» деген толықметражды кинофильмі де түсіріліп болған көрінеді. Жақынға экранға шығады, - деді.
Қайран Қалиханым-ай, Қалағам-ай, ә, мұның білмейтіні де, естімейтіні де жоқ-ау, - деп қайран қалам, сүйсінем. Оншақты күннен бері Алматының ой-қырын бірге аралап, сүйікті қаламыздың мейрамханалары мен кафелерінің дәм-тұзын бірге татып жүрсек те, жаңа досым Әкім өзінің мынандай ғажап повесть жазғанын, сценарий бойынша көркемфильм түсіріліп жатқанын айтпаған еді. Бұл да Әкім мінезінің жата беріс тастар қырының бірі болатын.
Көп ұзамай «Тұлпардың ізі» фильмін көрдік. Қоюшы режиссері – қазақ өнерінің тарланы Мәжит Бегалин еді. Әкім арқылы ол кісімен жақын танысып, кино қайраткерлерімен араласымыз басталды. Әкім киностудияның бас редакторы боп тағайындалғаннан кейін директоры Камал Смайылов, қазақ жазушыларының үлкені бар, жасы бар бір тобы киноға қызметке келді. Жылына бірлі-жарым өлмеші фильмдер түсіріп, ілдалда күн кешіп келген «Қазақфильмнің» өнімді де өнерлі кезеңі сол жылдарда бастау алды. Қазақ киносының негізін қалаған атақты Шәкен Аймановтың «Алдар Көсе», «Атаманның ақыры», сценариін Олжас Сүлейменов жазған «Атамекен» фильмдері, тамаша режиссер Мәжит Бегалиннің «Шоқан Уәлиханов», «Мәншүк» туралы фильмдері, Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмі, Әкім сценариін жазып, қырғыз режиссері Болот Шәмшиев түсірген М.Әуезовтің «Қараш-Қараш» оқиғасы фильмі,Б.Соқпақбаевтың повестері бойынша Абдолла Қарсақбаевтың балаларға арналған «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат» - сол жылдардағы ұйымшыл киностудия ұжымының, оның жас басшыларының нәтижелі еңбектері еді.Әкім киностудияның шығармашылық басшысы ретінде көзге түсті. Өзінің шығармашылық жеке еңбегімен қатар, қызметтегі мәнсабы де дүрілдеп өскен. Басқа қызметтерін айтпағанның өзінде, жетпісінші жылдары ол Қазақстан Кинематографистер одағы басқармасының бірінші хатшысы қызметін он жылға жуық атқарды. Сол жылдары баспадан оның «Үлкен ақыл», «Асу-Асу», «Қиян соққан соқпақ», «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Қыз махаббаты», «Басынан Қаратаудың», «Кек» тәрізді кітаптары жыл аралатып шығып жатты, ол аз болса, Алматының, Республиканың облыстық театрларының сахналарында: «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Қос боздақ», және басқа да пьесалары қойылып, драматургия жанрында да айтарлықтай еңбек етті. Ал, мұнша еңбек үлкен лауазымды қызмет атқарып жүрген адам үшін оңай емес екені айтпаса де белгілі.
Камал Смайылов пен Әкім Тарази басқарған жылдарды қазақ киноөнерінің қазақ тіліне ауысу жылдары деуге болады. Мәскеу шенеуніктерімен бірде айтысып, бірде тартысып жүріп, екеуінің ұлттық киномызды жаңа белеске көтергенін зерттеушілер әлі талай жазатын болар.
Қоғамдағы орны, қызметі қанша биіктегенімен автордың қолындағы қаламның босаңсығанын сезсе, оқырманнан кешірім болмайтын белгілі. Қайта, керісінше, шығармашылығының да жоғары болғанын қалайды. Бұл тұрғыда Әкім Тарази өз оқырмандарының діттеген жерінен көрініп отырды. Алғашқы «Құйрықты жұлдыз» повесі мен биіктен көрінген жазушы әрбір жаңа шығармасымен: мейлі ол повесть болсын, мейлі топтама әңгімелері болсын оқырман көзіне оттай басылып, жарқырап көрініп отырды. Жазушының тіл байлығымыздың көне бастауынан нәр алып, мөлдірете баяндайтын жүрекке жылы стилі әр шығармасында даралып тұратын. Оны ешкіммен шатастырмай-ақ біден танитынсыз.
Жоғарыда айтқанымыздай, «Құйрықты жұлдыз» повесінің астарындағы жұмбақ сыр жазушының кейінгі шығармаларында бұрынғыдан да көрі тереңдеп, кейіпкерлерінің іс-әрекеттері де ірілене түскен. «Үлкен ауылдағы» Мэлс, «Асу-Асудағы» Қодарқұл, Сері, Сұлтандар төңірегіндегілерді Сәтжан сияқты келеке, мадақ етіп қана қоймайды, бұлар ымыраға келместен күрес ашады. Міне, осы тұста жазушы шығармаларының астарындағы жұмбақтың шетін шешкендей боласың. Ол автордың қазақы керенаулыққа, құлықсыздыққа, топастыққа деген ызасында, өштігінде жатыр екен. Кейіпкерлер арасындағы бітіспес күрес адам бойындағы екіұдай мінез бен әрекеттер айқасында екен. Осы бітіспес күресті жазушының барлық шығармаларының алтын арқауы деуге болады. «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз» романдарын оқи отырып, кешегі Кеңес өкіметі тұсындағы ауылдың, қаланың күнделікті тұрмысында болып өткен кеселдерді, адамдар арасындағы мысықтілеулестікті, олардың бір-біріне деген сүйіспеншілік-махаббаттарымен қатар, бірін-бірі аямас өрттей өштіктерін, қоғам игілігі үшін емес, жеке бастарының болымсыз күйкі тірліктері үшін қанды кезептікке баратындарын жазушы толғамды оқиғаларды саябыр салқын суреттей отырып көз жеткізеді. О бастағы, алғашқы повесіндегі жұмбақ сырлар осылайша бүкіл шығармашылығын бойлап кеп, трагедиялық оқиғаларға астасып, біртіндей шешілгендей әсер етеді.
Мен өз басым, жазушының барлық шығармаларын жазу жылдарына қарай ретімен тізіп, шығарар болсақ, үлкен бір шығарманы оқығандай әсерде болар едік деген ойға келем. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында «құйрықты жұлдыз» повесімен басталған, күрделі де жан-жақты, жүзге тарта кейіпкерлері бар сан алуан тағдырлары, қилы-қилы жылдарды бастарынан кешірген адамдар өмірінің тарихымен танысар едік. Бір қарағанда, айқай-шуы да жоқ, саясатқа да пәлендей араласы шамалы, жәй көзге тыныш көрінген бұйығы жатқан өмірге жазушы үлкейткіш әйнек арқылы үңіле зер салып, небір жантүршіктірер жәйттерді ашады. «Лима мысқылдай күлді. «Енді маған бәрібір, мама. Өзіңді күт, денсаулығыңды ойла, папамды күт, аяқ-қолы сырқыраушы еді. Соған мұқият болшы! Ал, маған кінә қоймаңдар, мен ұлы жолға бет алдым, ұлы жол!..».
Енді, келіншек саспады, абдырамады. Пешке от жаққандай немесе таңсәріде тұрып сиыр сауғандай немесе самауыр қайнатқандай... сабырлы қалпын бұзбастан, төбесінен төмен қарай канистрдағы бензинді сорғалата құйды. Міне, бұл ауыр бір трагедиялық халдің ең соңғы түйіні. Онан әрі жап-жас келіншек от қойып өзін-өзі өртейді. Ал, осы келіншектің өзін-өзі өртеуіне себепкер адамдар «Аудан орталығына соғып, бүкіл бір аймақты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған құдыретті туыстарына жолығып, болған істі баяндап, солармен ақылдасып, кеңесіп, ақырында көршілес ауданның басшыларына сөз салып, Бекабадта ешқандай өрт болған жоқ, ешқандай өртенген әйел болған жоқ, өртенген әйелді көрген ешкім жоқ, деп өртті де, дертті де басып тастаудың амалын тапты» деп аяқтайды автор трагедиялық повесті. «Қорқау жұлдыз» күні кешегі «өркендеген социализм» орнады деген еліміздегі көпке беймәлім халдердің бірі еді. Сексенінші жылдың соңғы жылдарында, тоқсаныншы жылдардың алғашқы жылдарынында біз Әкім екеуміз Жазушылар одағының басшы қызметтерінде қатар жұмыс істеді. Оның мінезінің кеңдігінен, досқа, жолдасқа деген қалтқысыз алдалдығынан үлгі-өнеге алуға болады. Қандай іске болса да үлкен жауапкершілікпен қарайтын, жазушылар қауымының талап-тілектерін орындауға барынша мұқият қарайтын сергек жан екеніне, үлкендерге іні, замандастарына дос, жолдас, құрдас, жас өркенге аға, ұстаз бола білгенінің куәсі болдық.
Бүгінде кемелденген жас жетпістің биігіне шыққан кемел жазушыға мықты денсаулық, отбасына бақыт, шығармашылығына жаңа табыстар тілейміз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.