Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Салауат Кәрім. Асыл...

02.09.2022 2623

Салауат Кәрім. Асыл

Салауат Кәрім. Асыл - adebiportal.kz

Қарсы беттен Әуезовті танитын адамдар келе жатса, анадайдан етек –жеңін жиып, бойын тіктеп, аяқ алысын түзеп, мұның тұсынан көбі алақанымен  төсін  басып, ибамен иіліп өтеді.  Ал мынау... көзі бір ағараң етіп, жүзін жылыта бас изейді. Сонымен болды. Сонда қалың ерні оқыс түріле күлімдейді; одан жұмсақ толқында тоқ бұзақтың шет бектесін кемеріндей жұмыр, сұлу  иегіне нәзік шұғыла  нұр шашырайды, сәл шүйіріле берген езуіне де жарығы мен жылуы солғындау жұқалаң сәуле ұялайды. Дәл осы сәтте сен оның мағынаға толы маңғаз кескінін кенет қызықтап бір сәт именуді ұмыта жалт  қарағаныңды білмей қаласың; өйткені оның жер басып жүрген тірі пендеге мырза Құдай тым сараң сыйлайтын осынау пайғамбар пішіндес қияпатты келбеті соншалық тартымды, көзің түгіл, көңіліңді ұйытып,  бар ықыласыңды  біржола тұтқындап әкетеді», -  деп ұлы тұлға, асыл тұлға  Мұхтар Әуезовтің бітімін осылай суреттейді, оның кескіні мен келбетін келер ұрпаққа осылай жеткізеді -  «Менің Әуезовім» естелік эссесінде академик –жазушы Зейнолла Қабдолов. 

Мұхтар Әуезов  - ұлт  мәдениеті мен  өнерін, қазақ  әдебиетін жаңа биікке  көтерген, халықтың рухани өмірінің дамуына баға жетпес үлес қосқан, елдің әлеуметтік-мәдени өркендеуіне зор еңбек сіңірген халқымыздың асыл  перзенттерінің  бірі. 

Мұхтар Әуезов алғашқылардың бірі болып  Абайдың  даналығын таныды,  ұлттың  рухани дамуының  жаңа кезеңінде Абайдың  халыққа қажет маңызды тұлға екенін түсініп, «Абай жолы» роман-  эпопеясын жазды, уақыт пен тарих тоғысында, тұлға мен тағдыр қиылысында жарық көрген осынау  ғаламат  көркем туынды халықты биікке көтерді, қазақты әлемге паш етті, ұлт мәдениетін Абайсыз, Әуезовсіз және оның  «Абай жолы» романысыз елестету мүмкін емес, ол толық болмас та еді.

«... Мұхтардың рухани кәмелетке  жеткен тұсы қазақ еліндегі қаладан басталған шын мәнісіндегі тарихи  Ояну дәуіріне дәл келеді. Ал Ояну дәуірін бастаған Алаш пен Алашорда, оның көсемдері Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов.  Көсем болатын себебі – бұлар анадан тек алаш, яки қазақ  деп туған, яки  ұлтым деп өмір сүрген, тумысынан, тіпті сәби кезінен –ақ бесікте тербеленген еркелер емес, ел жұртын рухани бесікте тербету үшін жаралған серкелер.

...Тал бойында «жастықтың оты жалындап, талаптың аты арындап» тұрған Мұхтар өз кезеңінің  мұншалық мағыналы,  мерейлі, мәрт тартыс- тағдарынан сырт қала алмады. Басымен сүңгіп, араласты да кетті. Оның тауды бұзып, тас жарған, буырқанған асау ағысты талант тасқыны да осы тұстан, осындай тарихи тайталас жағдайында басталған еді», - деп  жалғайды Зейнолла Қабдолов жоғарыда аталған туындысында.

Әуезов әлемі  Абайдың  рухани ізгілік  нәрлерінен бастау алып, оның ұлттық көзғарасы ұлт - азаттық Алаш идеяларымен қалыптасты, сол кезде  Мұхтар  Әуезов ұлтына, еліне, қазаққа  қызмет етуді өзінің  өмірлік мақсаты, борышы деп түсінеді, мұны совет елінің алғашқы жылдарындағы мәселелерге арнаған жас Мұхтардың жазғандарынан анық көруге болады. Мұхтар Әуезов «Қазақ қызметкерлерінің міндеті»  мақаласында советтік құрылысқа, алғашқы аяқ басты істеріне: «Осы себептерден қазақ оқығандары социальный революцияны мақсұт қылса да  қазақтың қараңғыда жатқан қалың елінің бір тілегі соңынан қалмайды. Ол тілегі елді мәдениетке жеткізіп, ағарту, өнер – білімге тартып, құралдандыру, дүниенің халын көруге көзін ашу, шаруасын түрлеп, ішінен жетілу.  Міне, бұл тілектің бәрі де азаматтың мойнына парыз» деген осынау ұстанымынан көруге  және үйіп төгіп уәде берген советтер билігіне жас Мұхтар: «Түбінде қазақ жұртының басынан әлденеше төңкерістер өтер. Бірақ іс басында жүрген азаматтардың сол замандардан белгі алып қалмауы ұят. Қолдан іс келетін заманда елдің бір тілегін орындай алмауы –ұят іс, істейтін уақытты сөзбен өткізсек, қараңғы елдің алдындағы міндетімізді сөз деп ұққанымыз, одан басқа жауапқа орын да қалмайды» деп өзінің басты мұраты, елге адал қызметті  мақсат еткенін байқауға болады.

Мұхтар  Әуезов 20 - жылдары елдегі  саяси – әлеуметтік,  ағартушылық - мәдени істерге белсене араласып, қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді  сөз етеді, әдеби шығармашылығын арттыра түседі,  1921 жылы қараша айында «Қызыл Қазақстан» журналының №3 және №4 сандарында «Қорғансыздың күні» әңгімесі жарық көреді.

Келесі  1922  жылы «Еңлік –Кебек» трагедиялық пьесасын жазады, сол күзде Ташкент қаласына келіп, Орта Азия мемлекеттік университетіне тыңдаушы болып оқуға түседі, «Шолпан» және «Сана» журналында  жұмыс істей жүріп, осы басылымдарда «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Оқыған азамат», «Кім кінәлі», «Заман еркесі» әңгімелерін жариялайды.  

1927 жылы жазылып, 1928 жылы жарық көрген М.Әуезовтің  «Қилы заман» романы  қазақ әдебиеті тарихында ұлт азаттық күреске арналған, тақырыптық, идеялық, мазмұны, көркемдігі жағынан кәсіби деңгейде жазылған туынды болды. Роман М.Әуезов талантының ірілігін, оның азаматтық, перзенттік ерлігін көрсетті.

Осы кезде жас Мұхтарды елдің білімі мен ғылымы,  мәдениеті мен өнерінің  мәселелері  терең ойландырды, ал  алғашқы жазған көркем туындыларынан ұлттық болмыс, ұлттық  табиғат, ұлттық мінез, халықтың тұрмыс салты мен  дүние-  танымы  айқын көрінді. 

Ахаңа көрсетілген ізет…

Мұхтар Әуезовтің 1923 жылғы 4 ақпанда «Ақ жол» газетінде жарияланған  XX - ғасырдың басындағы аса ірі саяси  тұлға, Алаш ұлт- азаттық қозғалысы  көшбасшыларының бірі,  қазақ тілі білімінің негізін қалаушы, әдебиет теоретигі, ағартушы ұстаз  Ахмет Байтұрсынұлының  елу жылдық тойына жазылған «Ахаңның елу жылдық тойы» мақаласы Ахаң өміріне, өткен жолына, ағартушылық, әдеби  шығармашылық  еңбегіне, ғылыми қызметіне, қоғамдық- саяси өміріне бас  иген, құрмет көрсеткен, баға берген  мақала  болды.

«Өзге  дүниеде  болып жатқан ұлы өзгерісті қоя тұрып, қайықтың өзін алғанда, әлденеше тарихшыға еңбек болатын тарихи оқиғалар өтіп жатыр. Бұрынғы уақытта қазақ баласының есіне келмеген, мағынасы үлкен уақиғаның бірі – қазіргі жасалып отырған Ахаңның 50 жылдық тойы. 

Саясат толқынына түсіп, ойы ашылған қазақ жұрты, бұрынғы ауыр күнде басшысы болған азаматының атын құрметпенен атағысы келеді.  Еркін ойды ойлатпай ауыздан шыққан сөзді баққан патша заманында қазақ жұрты қайрат қылған еріне арнаулы сөзін айта алмаса, бүгінгі күнде азаматы 50 жасқа келіп, сақал шашы ағарған күнде өксікті сөзін айта алады.

Ахаңның майданға алғаш жыры шығып, әдебиет, саясат жолында жол бастаған күндері бәріміздің де есімізде»,  – деп Ахаңды қорғап қоштап, Ахмет Байтұрсынұлының жалпы қазақ руханиятындағы орны, оның барша  қазақ баласының  көсемі екенін айтады.

Мұхтар Омарханұлы бұл мақаласын  қазақ қоғамы,  оның оқығандары таптық тұрғыда бөлініп жатқан кезде, А.Байтұрсынұлы  2021 жылғы  қазан айында большевиктер партиясынан шығып, оқу –ағарту халық комиссары қызметінен босатылып, қазақ зиялылары арасында айтыс –тартыс  ушыңқырап тұрған кезде, әсіресе, Орынбордағы совет билігінің басына келген  қазақ оқығандарының  Ахаң тойы ел жұртқа танылатындай болып өтуін құптамаған кезде жарық көрді. 

«Бірақ Ахаңның бұрынғы айтқан сөзін әлі қазақ баласы ұмытқан жоқ, өлеңіндегі белгілі сарын әлі ескірген жоқ. Әлі күнгі қазақ даласының күшті сарыны болып, Арқаның қоңыр желімен бірге есіп, шалқып жатыр. Бұдан 10-15 жыл бұрын: 

Алаштың үмбетінің бәрі мәлім,

Кім қалды таразыға тартылмаған? – деп Ахаң айтса, бізде осы күнде соны айтамыз. Айналып келіп таразыға тартылған, сыннан өткен Ахаңның ғана ардақты атын атаймыз. Одан басқа жалпақ елдің сынына толып, мейірін қандырған кісілері санаулы», - деп жазған Мұхтар Әуезовтің  өзі де  ұлты  үшін сынға түсті, қайшылыққа толы, күрделі ХХ - ғасырда өмір сүріп, қиын-қыстау кезең дүрбелеңдерін басынан өткерді, советтік репрессиялық режим тарапынан үнемі қудаланып, сан мәрте таразыға тартылды.

 

Қазақтың қос асылы, қос алыбы

Өткен ғасырдың 50 -жылдарының басында М.О. Әуезовтің қатты  қуғынға ұшырауы себептерінің бірі Алашорда қатарында болғаны, ұлттық ой көзғарастары үшін ғана емес, сондай-ақ  Семей полигонындағы ядролық сынақтарды тоқтату жөніндегі ұстанымы үшін қудаланғаны туралы соңғы мезгілде жиі айтыла бастады.

Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің Семей полигонындағы атом сынағына тоқтату жөніндегі ұстанымы мен Жапония сапары барысында  жарияланған  күнделігіндегі жазбалар, сонымен қатар екі ұлы тұлға, қос асыл Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезовтың Семей сынақ полигоны зардаптарын алдын алу жөніндегі қызметі туралы Қазақ Ұлттық Хореография академиясында 2017 жылғы 30 қарашада өткен «Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 120 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстанның өнері мен әдебиеті: өзекті мәселелері және жаңа көзғарастар» атты республикалық ғылыми–тәжірибелік конференциясының пленарлық мәжілісінде Диар Қонаев «М.О.Әуезовтің өмірі мен қызметінің белгісіз беттері» ғылыми баяндамасында: «1999 жылы Алматы қаласындағы «Өлке» баспасынан кезінде Қазақстан Ғылым Академиясының негізін қалаушы және тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың көмекшісі болған Бөпеш Аяпбергеновтың естелік кітабы жарық көрді. Бұл кітапта Б.Аяпбергенов белгілі қазақ жазушысы Қалмұхан Исабаевпен әңгімесінде өзінің жеке куәгері болғанын және  естігендерімен  бөліседі.

50-жылдардың басында Қ.И. Сәтбаев поезбен Мәскеу қаласына аттанды, осы сапар  барысында  көрші купеде Мәскеуге М.Әуезовте бара жатады. Б. Аяпбергеновтың айтуынша, осы жоғарыда  аталған  кітапта сапар барысында Қаныш Имантайұлы мен Мұхтар Омарханұлы күні  түні, ұзақ уақыт бойы әртүрлі тақырыптарда әңгімелесті,  – дейді.

М. О. Әуезов әңгімелерінің бірінде Семей полигонындағы ядролық сынақтар туралы мәселені, атом жарылыстарынан болған орасан зор зиян туралы толқып әрі қызу әңгімелейді, ядролық қаруды сынауды тоқтату қажеттілігі туралы мәселені көтереді. Ол өзінің жерлестерінен атом бомбасы сынақтарының ауыр зардаптары туралы толы ақпаратты білетінін айтады. М. О. Әуезов туған өлкесінің жері мен табиғаты бүлінгенін, осы жерлердің табиғатының, тіршіліктің  өшіп бара жатқаны туралы туралы әңгімелейді.  Бірақ М. О. Әуезов ең басты мәселе - жергілікті халықтың жарылыстардан қалай зардап шегетіні туралы айтады. Ол полигонға жақын орналасқан жерлерде тұратын адамдарда басталған аурулар мен денсаулығының күрт нашарлауы, адам өлімдері туралы мәліметтерді  хабарлайды.

Академик Қаныш Сәтбаев Мұхтар Омарханұлының сөзіне үлкен мән беріп тыңдайды, оның атом қаруын сынауға байланысты қалыптасқан жағдайға деген қатты алаңдаушылығын толық қолдайды. Ол осы мәселе бойынша СССР ҒА Атом энергиясы институтының директоры, Атом жобасының ғылыми жетекшісі, академик Игорь Васильевич Курчатовтың  қабылдауына  баруды ұсынады. Сондай- ақ Қаныш Сәтбаев өз тарапынан Қазақстанның Ғылым Академиясынан атмосферадағы осы жер үсті жарылыстардың адам үшін зиянды салдарын зерделеу мақсатында ядролық қару сынақтарының ауданына арнайы ғылыми экспедиция жіберуге шешім қабылдайды. Мәскеу қаласына келген бойда екеуі келісім бойынша И.В. Курчатовпен кездеседі, оған атом қаруын табиғатқа және осы аймақта тұратын адамдарға сынаудың үлкен зиянды салдары туралы мәлімдейді. И. В. Курчатов қазақ ғылымы мен мәдениетінің қос көрнекті өкілін мұқият тыңдайды. Бірақ ол бұл ядролық сынақтардың мәселесін тек екі адам  - Сталин мен Берияның құзырында екенін, оны  тоқтатуды  Сталин мен Берия ғана  шешетінін айтып, оның өзі тек атом жобасының ғылыми жетекшісі екенін, бірақ Лаврентий  Берияны қазақ зиялыларының атақты өкілдерінің мәселені көтергені  туралы хабардар етуге және осы мәселені  шешуге  уәде береді.  Л.П. Берия Қ. И. Сәтбаев пен М. О. Әуезовтың И. В. Курчатовқа сапары туралы біліп, қазақ халқының екі ардақты ұлын қудалауды бастайды. Қ. И. Сәтбаевқа Қазақстан тарихшылары Кенесары Қасымовтың көтерілісін дұрыс баға бермегені, «бай феодалдық эпосты» мадақтаған ғалымдарды қолдағаны, сондай-ақ Республиканың Ғылым академиясы жүйесіндегі қаржылық және шаруашылық бұзушылықтар үшін көптеген айып тағылады.

Осының салдарынан 1952 жылы Қ.И. Сәтбаев Қазақ СС Ғылым Академиясының президенті қызметінен босатылады, Қазақстаннан Мәскеуге жұмысқа кетуге мәжбүр болады» -деп баяндайды.

Мұхтар Омарханұлының өмірбаяндық тарихынан  белгілісі осы кезеңде 1953 жылдың 12 наурызында Қазақ мемлекеттік университеті бойынша №187 «Өзінің ғылыми-педагогикалық қызметінде ұлтшылдық сипаттағы қателерге жүйелі түрде жол бергені үшін -  қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры М. О. Әуезов қызметінен босатылсын»  деген бұйрығы шықты.

И.В. Сталин қазасынан соң және Л.П. Берияның тұтқындалып, атылғаннан кейін Қаныш Сәтбаев Қазақ ССР  Ғылым Академиясының президенті қызметіне қайтып оралғаны белгілі, Сәтбаев келген  бойда 1955 жылы Семей сынақ полигонына  медицина ғылымдарының докторы, атақты ғалым, болашақ академик Б.А. Атшабаров басқаратын кешенді ғылыми экспедициясын жібереді, дәрігерлер мен ғалым биологтардан құрылған аталған экспедиция Семей сынақ полигоны төңірегін, оның маңындағы Семей облысына жақын аумақтарды атом жарылысының адамдардың  денсаулықтарына зиянды  әсері, оның қоршаған табиғат пен адамдарына зардаптары туралы зерттеулер жүргізді, көптеген материалдар жинайды, қорытындылар жасайды. Осы жылдың күзінде академик И.В. Курчатовта  осы зерттеулер негізінде ядролық сынақтарды жер бетінен жер асты сынақтарына ауыстыру туралы мәселені көтереді.

Енді осы мәселемен тығыз, бүгінде  адамзатты  толғандыратын,  қорқыныш тудырып отырған  ядролық қарудың, яғни атом қасыретіне қарсы Мұхтар Әуезовтің 1957 жылы Атом және сутегі бомбасын сынауға тыйым салу жөніндегі Халықаралық III -ші конференция жұмысына қатысқаны және  «Күн шығыс» еліндегі сапары туралы күнеделіктерінде  Хиросими және Нагасаки ойраны мүлде бөлек әсер қалдырғаны, апат көрінісі бір өзін ғана емес, келген қонақтардың ешқайсысын енжар қалдырмағаны, оның ауыртпалығының соншалықты болғанын қираған, қоқымға айналған дүниелер мен қарс –қарс айырылған қара жер, қабығы сыпырлып, қотырланып, жалаңаштанып қалған төрт бес мыңжылдық бамбуктер, майысып, балқып, еріп кеткен шөлмектер, қожыр- қожыр, теңбіл –теңбіл денелер, бет жүздер аңғартады.

Жердің өзі осыншалықты күйге түскенде адам халы қаншалықты деңгейге жеткенін елестетудің өзі қиын. Апат тасыретін тартқан, құлақтары шұнақ, беттері қисық, желке шаштары  түсіп қалған өңшең кем –кетіктер, кәдімгі адамға тән табиғилығынан айырылып қалған, ешбір сарын –сазға ұқсамай қаңғырлап –күңгірлеп шығатын үндер – осы бір жиынның қаншалықты салмақты болғанын ұғындырады деп жазады.

Сапар ба­ры­сында жапондық әріптестерімен өткіз­ген кездесулері мен сұхбаттары жай­лы, жапондарға не айтып, жапондардың ол туралы не жаз­ғаны жайлы жапон мұрағаттрынан табылған тың деректерді жариялаған, Қазақстан Жапонтанушылар қоғамының төрағасы, ғылым докторы - зерттеуші  Батырхан Құрмансейіт «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Әуезов жапон жазушыларына не айтты?» мақаласында: «Саясаттың жетегінде кеткен совет әдебиетін әбден сынап жазған жапон жазушысы Таку Эгава Әуезов жайлы «Қазақстанның ақсақал жазушысы Әуезов мырза» деп жылы сөйлеп, «совет елінде де мықты жазушының тұғыры нық еке­нін», «саяси модаға» еріп оңды-солды аласұрмайтынын», «жақсыны жақсы деп, кемшілікті кем деп дұрыс бағалай біле­тінін» алға тартып, Мұхаңның сол мінезі жапондарға ұнағанын айтады» дейді.

Бұған тағы қосатын болсақ, Әуезовтің жапон жазушыларымен өткізген сол тарихи басқосуы одан кейін­­гі кезеңде советтер елі мен жапон елі ара­­сындағы әдебиет саласындағы бай­­ла­ныстарға зор әсер еткені анық. Олай дей­тініміз, мысалы, Шюничиро Аки­куса есім­ді Жапон университетінің доценті 2000 жы­лы жариялаған «Совет Ода­ғынан махаб­батпен. Қырғи қабақ соғыс кезеңіндегі Жапониядағы мәдени бай­ланыстар мен жұмсақ күш» атты мақа­ласында біз сөз қылып отырған жиыннан кейінгі жылдары жапон тіліне Совет Одағынан тек орыс классиктері ғана емес, ұлттық әдебиет туын­­ды­лары да аударыла бастағанын айтады.

Жапон жазушысы Шюничиро Аки­кусава Әуезовтің жапон жазушыларымен өткізген сол тарихи бас қосуынан кейін жапон тіліне совет елінің  ұлттық әдебиет туын­­ды­лары да аударыла бастағаны туралы сөзінің жаны бар, өйткені  М.Әуезов көп жылдар СССР Жазушылар одағы жанындағы  СССР халықтары әдебиеті жөніндегі комиссияның тұрақты мүшесі болды, комиссия мүшелері ұлт әдебиеттерінің  білгірі ретінде  М.Әуезов пікірмен жиі санасып отыратын, мұны сол кездегі мәжіліс стенограммаларынан айқын аңғаруға болады. Тіпті  1957 жылы СССР Жазушылар одағының секретариаты М.Әуезовке Жазушылар одағы басқармасының III пленумына «Ұлттық форма және новаторлық туралы» баяндаманы дайындау үшін тапсырыс берді. Шығыс халықтары, Орта Азия елдерінің,  оның ішінде бауырлас түркі тілдес халықтары мәдениеті мен өнерінің, әдебиетінің білгірі  Мұхтар Әуезов  ұлт мәдениеттері мен әдебиеттерінің  жанашыры және  қамқоршысы еді.   

Мұхтар Әуезов  «Манас» эпосын қалай қорғады?

Көпшілік қауымға белгілі Мұхтар Әуезовтің осы бір  ерлігі жайында биыл ұлы кемеңгердің  125 -жылдығы қарсаңында тағы бір айтпай кетуге болмайды деп ойлаймын.  

Қырғыз халқының  «Манас» эпосының тағдыры совет кезінде социалистік идеология тұрғысынан  қарсылықтарға ұшырап, бірнеше рет талқылауға түскені белгілі. «Манас» эпосын кітап етіп (көп томды) басып шығару мәселесі 1930 жылдардың ортасында көтеріліп, бірнеше рет талқыланды. Бұл мәселе Мұхтар Әуезовтің әртүрлі жылдардағы баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларынан оқуға болады. Отызыншы жылдары алғаш екпінімен «Манасты» түгелдей шығару туралы шешім қабылданғанымен сол жылдардағы идеологиялық саясат салдарынан қозғалған игілікті жұмыс іске аспай қалды. Бұл мәселені қайтадан көтерген 1952 жылы да идеологиялық саясат қайтадан ушығып тұрған мезгіл болатын. Манастану ғылымында ерекше тарихи болып есептелетін 1952 жылғы 8 маусымда  Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында өткен конференцияда Мұхтар Әуезов қатысып идеологиялық ахуалдың  ыңғайына жығылған  баяндамашылар мен сөйлеушілер «Манас» эпосын  жариялану мәселесін тағы бір қиып жіберуге шақ қалғанда, өзінің терең ойлы, ғылыми дәлелді сөзімен, пікірлері және дәлеледерімен бүкіл конференцияның бетін оңға бұрып, «Манастың» біріктірілген нұсқасын шығару туралы шешімінің қабылдануына ықпал етті. 

Бұл қырғыз халқының ұлы эпосы «Манастың» халықтық па, әлде халыққа жат шығарма ма?» деген сұрауға  жауап берген конференция болды. Бұл сұрау Кеңес Одағының ұлттық республикаларында алдыңғы қатарлы, ойлы, ұлтшыл адамдардың қамауға  алынып, абақтығы жабылып жатқан кезінде қойылды. Конференциядағы әр сөздің нәтижесінде айыпты болып, айдалып кетудің қаупі тұрған кез болатын. Конференцияда сөз сөйлеген, жарыссөзге  қатысқандардың ойларында осындай жағдай әсерінің болғаны да анық. Бұл кезде М.Әуезовтің соңына да  тыңшы түсіп, өміріне, бас еркіндігіне қауіп төніп тұрған кез болатын.

Конференцияға дейін бірнеше ай бойы сол кездегі советтік қырғыз басылымдары: «Қызыл Қырғызстан», «Советская Киргизия» тағы басқа газеттерде «Манас» эпосының халықтық сипатын талқылаған мақалалар жарияланды, осы мақалалардың ішінде «Манасты» қолдаған жарияланымдар болғанымен, сол кездің идеологиялық ресми талаптарына жауап берген, «Манас» эпосының жариялануына қарсы мақалалар легі басым еді.

Конференцияны ашқан Асылбек Алтмышбаев конференцияның жұмысын әрі қарай сол кездегі ресми идеологиялық сипатта бағыт беруге тырысады. (А.Алтмышбаев 1912 -1987 жылдары өмір сүрген)  ірі қырғыз философы, ғылым докторы, Қырғыз ССР  ҒА академигі (1954), үлкен ғылыми қоғамдық ұйымдарды басқарған адам,  ғылыми кіріспе сөзінде үкіметтің ресми ұстанымына назар аударып, әрі қарай  конференция жұмысына  бағыт  береді.   

Негізгі баяндаманы  Москвадан келген тілші – ғалым, Өзбек ССР ҒА корреспондент- мүшесі А.К. Боровков жасады. (А.К.Боровков 1904 - 1962  жылдары өмір сүрген) – өзбек тілі грамматикасы, шағатай  тілі, т.б тілдік мәселелермен айналысқан түрколог ғалым. Бір айта кететін жәй, бұл конференцияның бағдарламасы бойынша М.Әуезовке арнайы баяндама берілмеді, сондықтанда ол жарыссөзде сөйледі. Осы конференцияға қатысушылардың ішінде «Манасты» зерттеу тәжірибесі жағынан Мұхтар Әуезовке тең келетін ешкім болмады.      

Тоқтала кететін жәй,  Мұхтар Әуезов Орта Азия мемлекеттік университетінің   аспирантурасына 1929 жылдың 1 наурызында қабылданды. Сондағы зерттеу тақырыбына «Манасты» алды, ғылыми жетекшілігіне профессор М.Ф.Гаврилов бектілген болатын. Келесі 1930   жылдың 18 наурызында берген  ғылыми есебінде қандай бағыт, қандай салада жұмыс істеп жүргені, олардың қандай дәрежеде  атқарылғандығы туралы баяндады. Ал бұдан бұрын Ленинград университетінің студенті Мұхтар Әуезов «Манас» эпосын зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы шешіп, осы ойын жүзеге асыру мақсатында 1928 жылдың маусым айында Бішкек пен Ыстықкөл, Қарақол атырабындағы ауылдарда болып, онда белгілі манасшылармен әңгіме  дүкен құрады. Онда ол ел арасына  танымал манасшылармен тіл табысу оңай емес екенін, олардың көрінген көк аттыға ақтарыла бермейтінін көреді, оған көзі жетеді.Ойшыл, дана, сөзге шебер, салт дәстүрге жетік Әуезов терең ілім- білім парасатымен манасшылардың талғамынан шыға білді,олардың бірден баурап алады. Бұл қасиеті жыршылардың оған ашылуына, еркін көсілуіне жол ашады.Сондайда ол айрықша көңілін аударған тұстарын дәптеріне түсіріп алады, жазғандары үш дәптерді, жалпы саны араб ғәрпінде жазылған 145 бетті құрады,  сол кезден бастап  «Манас» жырын жинай  бастайды.      

Мұхтар Әуезов бертін келе:  «Мен,  «Манасты» 30 - шы жылдардың басында зерттей бастадым және 1935 жылға қарай өзімнің зерттеуімнің бірінші редакциясын жаздым, содан кейін оны 1937 жылы қайта өңдедім, ал 1942-1943 жылдары ол менсіз редакцияланды, бірақ 1944 жылы мен қайта түгендеп, өңдедім және соңғы редакцияға ұсындым» - деп жазған болатын.

«Манас» жыры бойынша мол тәжірибе жинаған халық ауыз әдебиеті мен фольклорының білгірі  Мұхтар Әуезовтің жарыссөздегі сөзі ғылыми өте терең ойлары, эпосты әдеби –теориялық тұрғыдан терең талдаған әділетті сөзі осы конференцияның басты жетістігі болды. Боровковтың баяндамасы қаншалықты идеологиялық сипатта,  ресми болғанымен, Әуезовтің  ғылыми терең талдауына, ұтқыр дәлелдеріне конференцияға қатысушылары төтеп бере алмады.

Конференцияның бүкіл жұмысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов сөзінің негізінде шешім қабылдаумен аяқталды. Мұхаңның конференциядағы сөзі «Манас» ұлттық эпосының қырғыз халқының тарихына қайта оралуына, әлемдік  ауыз әдебиеттерінің алтын қорына тікелей жол ашты.            

1958 жылы  Мұхтар Әуезов «Новый мир» журналының 8 санында қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» повесіне сәт сапар тілеп батасын берді. Мұхтар Әуезов  өзінің осы мақаласында  жас жазушы Ш.Айматовтың алғашқы повесін жан жақты талдау жасап, әдеби тұрғыдан жоғары баға берді. Әңгіме, повесть сияқты шағын жанрдағы жас қаламгердің жаңа туындысына өзіндік ерекшеліктері мен повестегі ел өмірінің суреттелуі, еңбек адамдарының мінез құлқындағы ұлттық сипаттар мен жалпы әдебиеттегі ұлттық құндылықтар жайында жазушының жаңаша ойлары туралы жазып қолдау білдірді.

Жылдар өткеннен кейін  атақты  Шыңғыс Айтматов: «Бір кезде Мұхтар Әуезовтің кітаптарымен кездесуім  менің ішкі дүниемді жарқыратып  бергені есімнен  шықпайды... Меніңше, орыс мәдениетінің дамуына өз кезінде  Пушкин қалай әсер етсе, осы күнгі  ортазиялық көркем ойдың және біздің барлық көрші  отырған халықтарымыздың  рухани өмірінің қалыптасуына Әуезов те сондай әсер етті» деп жазды. 

Шыңғыс Айтаматовтың бұл сөзі Мұхтар Әуезовке бүкіл қырғыз халқының  шексіз ықыласының да көрінісі еді.   

Серік Қирабаев: «Мұқаң – өмірі қанша күрделі, ауыр жағдайда өтсе де бақытты  өмір сүрген адам».

«Абай» романының жарық көруі, оған оқырмандардың жылы ықылас танытуы оған үлкен демеу болды. Бұл партиялық басшылықтың көзғарасына қарамастан, жазушы беделінің  халық арасында арта түскен кезі болатын. Оның үстіне роман орыс тіліне аударылып жарық көрді, одақтық көлемде үздік бағасын алды. 

«Абай жолы» романын оқығаннан кейін  орыс зиялылары туралы бірнеше классикалық романдар жазған, өзінің тағдыры да Мұхтар Әуезов тағдырына ұқсас,  атақты  Константин Федин: «Мен жас кезімде Казақстанның даласында тұрдым, сол кездегі көш­пенді қазақтарды көп көрдім, алайда тек  Мұхтар Әуезов қана өзінің «Абайы­­мен», менің қазақ халқы туралы білігімді толықтырды, мен енді ғана хош иісті самал ескен даланың жұ­пар ауасын жұтып, қазақ боп кеткен тәріз­­дімін» деп жазды. 

Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясын он бес жылдай жазды, ал академик-сыншы Мұхамеджан Қаратаевтың айтуынша оның алдында жиырма жылдан астам әзірлік кезеңінен өтті. 

М.Әуезов 1942 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік унивреситетінде тұңғыш рет Абайтанудан арнайы курс пен семинар ретінде дәріс оқи бастады, ол өмірнің соңына дейін Абайтануды ғылыми жолға қойып, жетілдірді.  

1949 жылы жазушыға бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлық берілді. Романның сыйлық алуына арналған Алматы филармониясының  залында үлкен жиналыс өтті. 

Осы жиналыс туралы академик Серік Қирабаев «Өмір тағылымдары»  естелігінде: «Онда Мәлік Ғабдуллин баяндама жасады, жиналыс соңында Мұқаң  сөз сөйледі. Романның жазуылуы, Абай өмірінің деректері, оны пайдалану жолдары жайлы ұзақ әңгімелеп, ол өз еңбегін бағалаған партияға, Сталинге рахмет айтумен аяқтады. Бұл бір жаңалық болды. Бұған дейін жазғандары мен сөйлеген сөздерінде партияға, оның көсемдеріне сөз арнау Мұқаң әдетінде болмайтын. Ол – басшылыққа елпілдеп, қошемет сөз айтпаған жазушы. Сөз Сталинмен басталып, Сталинмен аяқталатын заманда Мұқаңның мұндай мінезі қыңырлық, іштей жаңа өкіметті қолдамауы деп саналатын, оның басынан таяқ кетпегені де осыдан. Осы әдетті Мұқаң  бүгін бұзды. Жазушының жазғандарын оқыған, сырын түсінетін адамдар (Айқын Нұрқатов екеуміз бірге отырғанбыз) тағы да айтпай кетер ме екен қипыжықтап отырды. Жұрт разы болып қалды. «Кеңес өкіметі бәрін беріп жатыр ғой, қасарыса беріп қайтеді?» - деп ойладық біз де. Дуылдап қол соғылды. Бірақ Мұқаң сөзінің бұл бөлігін созбай, езбей, «рахмет!» деген сөзбен қысқы қайырды. Төгіліп, шашылған жоқ.           

... Мұқаң – өмірі қанша күрделі, ауыр жағдайда өтсе де  бақытты  өмір сүрген адам. Әсіресе, елуінші жылдардың екінші жартсынан бастап бұрынғы қиындықтардың бәрі артта қалып, шалқып бір жүрді –ау жарықтық-  деп еске алады. 

1957 жылы Мұхтар Әуезовтің 60 жылдығы сол кездегі Одақ көлемінде кеңінен аталып өтті. Қыркүйек айының ортасынан бастап, туған күні қарсаңында және кейінде қазақтың ұлы жазушысының мерейтойымен құттықтаған жеделхаттар лек –легімен келіп жатты, олардың ішінде, өзімен үзеңгілес жақын әріптестері, ақын –жазушы қаламдастары: А.Тоқомбаев, А.Фадеев, К.Федин, Вс.Иванов, Н.Тихонов, А.Корнейчук, М.Рыльский, В.М.Жирмунский және тағы басқа атақты адамдар бар.  1957 жылғы 27 қыркүйек күні СССР  Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығымен  Мұхтар Омарханұлы Әуезов 60 жылдық мерейтойы және қазақ – совет әдебиетінің дамытуға қосқан зор еңбегі үшін Ленин орденімен марапатталды, ал 28 қыркүйекте Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумының Жарлығымен «Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген ғылым қайраткері» деген атақ берілді. Ал осы мерейтойы кезінде М.Әуезов туған жерінде болып, көптеген кездесулерге қатысты. М.Әуезов шығармалары отыздан астам елдердің ұлт  тілдеріне аударылды. Қазақ ССР Жоғары Советінің  депутаты  болып сайланды. Лениндік сыйлық алды. Мәскеуде Лениндік және мемлекеттік сыйлықтар комитетінің тұрақты мүшесі болды. Шет елге жиі шықты, онда Совет  жазушылары атынан сөз сөйледі. Қазақстан ғылымы мен Жазушылар одағы Әуезовке сүйенді, иек артты, оның беделін пайдаланып, алға ұстады.

1960 жылдың 12 қарашасында Алматы қаласында қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбаевтың жаңғыртылған, қоладан құйылған, биіктігі 7 метр ескерткіші қайта бой көтерді. Ескерткіштің ашылу салтанатына Мұхтар Әуезов, Дінмұхамед Қонаев, Жұмабек Тәшенов және өзбек ақыны Ғафур Ғұлам және тағы басқа адамдар қатысты.  Мұхтар Әуезов ескерткішті ашардағы сөйлеген сөзінде: «Тағы бір терең, маңызды мағына беретіні - Абайдың өзі, бізге өзінің жанашыр жүрегінің толқуын, мыңдаған толассыз ойларын жеткізіп, оның өлмейтін  туындыларының беттерінен, өсиет парақтарынан,  енді бізге сондай жақын сезінеді, оның бейнесі айқын көрінеді!» -деп сөйлейді, бұл  Мұхаңның  орындалған басты парызының бірі еді.    

Мұхтар Әуезовтің өмірі  -  ұлтын шексіз сүйген, елінің  мұраты үшін жан аямай күрескен адамның жарқын үлгісі, қандай қуғын-  сүргін болмасын, оның рухын жеңе алмады, оны сындыра алмады, ол тағдыр тәлкегіне  қарсы тұрып,  шыңдалған,  биікке көтерілген жеңімпаз тұлға, хақының асыл перзенті.   

Әуезов әлемі, Әуезов өмірі -  қазір де  адамзат биігіне жетелейтін мәңгі туындыларымен  халқының рухани әлеуеті мен болашағына, елдің  дамуына қызмет ете бермекші.                                   


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар