Әңгіме
1
Береке кемпір ояу, таң атар емес, әлі түн.
Таяу жерден күйеуінің ретсіз тынысы білінеді. Әркез көңілін аулауға тырысып, жұмсақ күліп, ықтай сөйлейтін қамкөңіл жарын оятып алмайын деп қыстыға күрсініп алды. Шіркін, бір сағат көзін ілсе қайтер, бәрібір азапты түсі маза бермейді. Түстен де сорақы, қатерлі ісік жасушалары бүкіл денесіне жайылғалы басылмаған, сай сүйегін сырқыратқан ауыруды бір сәт болса да ұмытар еді ғой.
Көрпе астынан білегін зорға сырғытып, алақанымен кеудесін сипалады. Екі омырауы да жоқ...
Одан бері де жиырма жыл өткен шығар. Мешпетінің кеудесін теуіп, тырсия керіп тұратын сол шіркін тумысы әйел затының сәні еді ғой. Әу баста-ақ жаратылмасада болатын басы артық еттей көріп екеуін де сылып алып тастағандары қайткені. Есіркеген ешкім жоқ. «Жаның қалғанына шүкір» деген жұрттың жұбатқышын қарасаңшы. Ол кезде бұнысына пұшайман болатын күйі де жоқ-тын...
«Терезені күншығысқа қаратып салса болмас па еді..?». Береке кемпір шалына іштей өкпелей бастады. Күн шыққанын ертерек көргеннен не түспек... күн одан ары терезе әйнегімен сырғып, дөңгелер де кетер.
Жиырма жылдың алдында, екі омырауы аманда, тап осындай көктемгі күннің бірінде терезеге қарап отырғаны есіне оралды: Жанға жайлы наурыздың аяғы болатын. Күн жиегі көрінісімен-ақ шуағын төгіп елжірейді. Төрт ұлы, екі қызы бар, молда ағасын қосса жетеу, ол да бала сияқты, өмірі ер болып жар сүймеген, жарымжан адам. Жаңа түскен үлкен келіні шай дайындап, барлығы жұмысқа қамданғанымен, гуілдей әңгіме айтып таңғы астарын әжептәуір ұзақ ішкен. Шалының жаға-жеңін оңап, қолына портфельін ұстатып жолға салды да, терезе алдына жайғасты. Сонадайда қақпадан алдымен шалы шықты. Шыға сала жол бойындағы әлдекімге қолын сермей бірдеме айтып жатты, дауыстары бұған естілген жоқ. Одан кейін үлкен ұлы қақпаға таяу жерден кері қайтып үйге кірді, «жаңа үйленген неме келіншегін қимайма екен» деп езу тартқаны да есінде тұр. Едел-жедел өскен екі қыз бір-біріқуалап, сықылықтап жүгіргендей болып содан кейін кетті. Араларында он сегіз ай ғана парық бар екі қызын былайғы жұртқа егіз десең сенетіндей. Денелері қатар толысып, қатар бойжетіп келеді. Аса өңді болмасада жалпыға жағымды қараторы, жіңішке қасытары көздеріне жарасқандай, қарағанға жылы көрінетін момын жүзді, жұмсақ шырайлы қыздар. Сол күні шабындық басында түнеп қалған сиырларды қарауға әкесінен міндет алғанортаншы екі ұл артқы есіктен шығып кеткен болу керек, сәлден кейін далада жүргенінде, тіпті одан кеиінгі бірнеше сағат бойы да олардың қарасы бұның көзіне шалынбады. Он сегізге әлі ілінбеген кіші ұлы ғана есік алдында ары-бері айналсоқтап көбірек жүрді. Дене-тұрқы шағындау, әкесінен аумайтын дөңгелек көзді, үнемі күле сөйлейтін жағымды жігіт болып өсіп келе жатқан бозбала қанша еркелетседе ұя бұзбас момындығынан жазбайтын.
Оның атын неге Орақбай деп қойғандары есінде жоқ, мүмкін алдындағы ұлдың аты Балғабай болғасын шығар. Әйтеуір құрсақтағы кезінде де сабырлы, тып-тыныш жататын. Туғаннан аяғын басқанға дейін «бақтым-ау» дейтіндей мазасын алған жері де есінде жоқ, толғағы да тым жеңіл болған-ды. Аяғын қалай басты, қолына ілінген шырпымен жерге сурет сала бастады. Бірде – осы ұлының беске толған жылы болу керек, қолына қағаз-қарындаш алып сурет салуды үйренген кезі, өзі ас қамымен әбігер болып жүргенде, қалған бес баласы әлденеге таңданып, өрескелдеу күліп үстел басын айналып жүргенін көріп қалады. Басында сәп салған жоқ. Сәлден кейін балалар бұны шақыра бастады: – ойбай! Апа, мына қызықты қара, – деп үлкен қызы келіп те кетті. Ақыры шыдамай қастарына барып еді, кішкентай Орақбай ортада отыр, алдында үлкен ақ қағаз, басқалары бірі күліп, бірі аңтарылып сол қағазға тесіліп қалыпты. Қағазда шашы додыраған, көзі жоқ, тісі ақсиған сақалды адамның бейнесі тұр. Тіпті, сұмдық, тірі адам сияқты. Бес жасар ұлының бұл өнеріне таңғала беріп, жерге үш түкіріп ойын жиып ала қойған. Сөйтті де суретке қайта жалт қарап жүрегі дір ете түскен. «Мынау сол ғой!» – өзінің түсінен шықпайтын қызыл сақалды кемпір. Құлағы шыңылдап, еріні кеберсіп, жүрегі кеудесін тесердей дүрсілдеп кетті. Содан кейін-ақ ұлына сурет салғызғанды қойды. Артынан еріп аңдиды да жүреді. Қолына қалам алса, қарындаш алса, тіпті жіңішке шырпы ұстасада жан ұшырып барып баланы басқа іске айналдырып, қолындағыны алдап алып жүрді. Бала ақыры суретті ұмытып, кейінірек ағаш оюға, әлдебір мүйіз-сүйектерден мүсін жасауға әуестенген. Бірақ онысы былайғы жұртты суреттеріндей аса таңғалдырмайтындай, әйтеуір ішіндегі құмарын басарға шұғылданған харекеті болып қалған еді.
Сол ұлы аулада өзі жиып әкелген анау-мынау ағаштарды ақтарып саралып көп жүрді. Сонда сыртынан қарап отырып ғажайып бір разы күй кешіп еді. Денесі шағындау болғанымен сонадайдан білек бұлшық еттерінің шымырлығы, ширақ әрекеттері көз тойдырардай. Солай айналып жүрді де сәлден кейін қақпаның оң жақ бұрышындағы ат қораға кіріп кетті. Орта мектептен кейін ары қарай оқыған жоқ, үлкен қаладағы оқудың қалай екенін тұңғыш ұлдан көрді ғой, әсіресе көзінен таса қылса анау бір сұрқия суретті тағы салардай қорқыныш болды ма, әйтеуір ары қарай оқытқан жоқ.
Наурыздың күні қиыстай көтеріліп, терезе тұсына келгенде жылжымай қалғандай. Денесін терезеден түскен күн қыздырып, ыстықтай бастамаса сонда отыра беретін бе еді, ақырын жылжып молда ағасына барды. Сәресін ішіп қайта жатып қалған шал баладай балбырап ұйқыда жатыр. Жас келін түскі асқа қамдана бастаған, ол жерде де келіннен аса қояр жұмыс жоқ. Состиып аз тұрған соң ат қорадағы ұлына бет алды. Терезеден түскен күн шуақты болғанымен әлі наурыз ғой, дала ойындағыдан салқын екен. Күн түспейтін қорада салқын тиеді-ау деп қайта кіріп, аз аялдап, ұлының қалыңдау сырт киімін тауып, сыртқа шықты. Құстың мамығынан сырып тіккен жеңіл киім. Содан аяңдай жетіп ат қораның есігін ашып қалса жаңағы балғын мұрты енді тебіндеп келе жатқан ұлы балаң жүзі көгеріп, ат қораның матшасында қайыс арқанға асылып тұр екен…
2
Таңнан әлі белгі жоқ. Мүмкін қазір түн ортасынан да аунамаған шығар.
Береке кемпір кеудесін тырмалай түсті. Қыстығып барады. «Өлім деген қандай екен?» деді ішінен. Көз алдына кейде қараңғылық, кейде әппақ нұр, кейде пішінін өзі де айтып бере алмайтын бір сырлы қақпа келеді. Анасынан туардан бұрынығыны білмегеніндей, өлгеннен кейінгіні де қалай білмек.
Көзін жұмып екі омырауының орнын тағы сипалай бастады. Екі жағындағы кереқарыс тыртықтар саусағына сезіліп тұр.
Алдыңғы ғасырдың қақ ортасында туыпты. Көктем әлде күз, жаз ба, қыс па өзі де білмейді. Ол туралы ешкім айтқан да емес, әйтеуір туғаны шындық, жер басып жүр, әлдекімнің ойы емес екені немесе ешкімнің түсі емес екені белгілі. Ондай тәтті де жеңіл күн болған да емес, өмір өзінің өмір екенін дәлелдеп-ақ келеді.
Алғаш ес біле бастағанда жарымын жерден қазып, төбесін шыммен қалқитқан жалғыз ауыз жер лопының алдында ойнап жүретін-ді. Ол кезде бұлар осы өзі жатқан Алағақ деп аталатын ауылдың шығыс жағындағы Тұздыкөлдің басында жалғыз үй отыратын. Әкесі кейде есік алдында әлдеқайдан сүйреп алып келген өгіздің терісінен қайыс тіліп, ал кейде сонадайдағы бетінде ақ сағым ойнаған Тұздыкөлден бері қарай көлеңкесі сағымға араласып, бейнесі бұлдырап тұз арқалап келе жататын. Шешесі байқұс ештеңесі жоқ қазанды қайнататын да жүретін, сол құр қазанның қамы үшін құла түзді кезіп отын іздейтін-ді. Онысы күнге күйген сиырдың тезегі немесе құм төбешіктерден ілуде бір кезігіп қалатын баяғыда өліп қалған сексеуіл мен түзгеннің тамыры тұғын. Ал, өзі ұзақты күн есік алдында қолына не іліксе соны ойыншық етіп ойнайтын. Алдынан кейде кесіртке жорғалап өтеді, күн қыздырған шағылдың шоғына шыдамай, аяғын кезек көтеріп, басын қисайтып, бұған күмәнмен аз-кем қарап тұратын да одан ары жорғалай жөнелетін-ді. Ол да мүмкін бұның шешесі сияқты ұясындағы балаларына асығатын шығар.
«Береке!» деп озандады шым үйдің көлеңкесінде отыратын ағасы. Оның есі сол шақта да ауыс. Шақырғаны–шөлдегені. Оған су әпереді. Ұзынды күн осылай өтеді, еш парық жоқ, ұқсамайтыны – қыста суық, жазда ыстық, көктемде аздаған жаңбырлы күндер болады, күзде санаулы күндер самал соғады. Әкесі арқалап әкелетін тұзға ұн айырбастап алады,талшықтары сол.
Жаз баласы кеш болса Тұздыкөлдің маңын шіркей буады. Соқыр шіркей құлақ-мұрынға анталап тірі кісіні жеп қоярдай гулейді. Бұлар көз байланбай, шіркей шықпай үйге кіріп алуға тырысатын. Әке-шешесі, ағасы үшеуі мұрындары шуылдап ұйқыға кеткенде сырттағы шіркейдің гуіліне құлап тұрып ұзақ жатады. Әбден сілесі қатқанда шешесінің тандыр болған омырауын таңдайына басып ұйқыға кетеді. Жеті-сегіз жасар қызының күнде тартқылауымен шешесі жарықтың омырауы салақтап кіндігінен төмен құлаған. Кейде шешесі есік алдында оны-мұны іспен күйбеңдеп жатқанда әлденеге құлазып, таңдайы құрғаса анасының арқасына жабысып, омырауын иығынан асыра созып еміп тұратын-ды.
Осындай шіркейлі жаздың бір кешінде, бұлар орынға отырып, қатықсыз қара көжелерін сораптай берген сәтте сырттан дабыр естілген. Бұл ештеңеге түсінген жоқ, алдымен әкесі шықты, соңынан шешесі кетті, ашық есіктен гулеп шіркей кіре бастаған. Шаң-шұң дауыс көпке дейін басылған жоқ, бірақ анық естілмейді, мойынын созып естиін десе құлақ-мұрынына шіркей қаптайды, амалсыз көрпеге басын тыға берген. Көптен кейін үйге шешесі жалғыз кірді. Есікті жапты, шамды өшірді. Әкесі сәлден кейін қайтып кіретіндей- ақ, ештеңе болмағандай бұның жанына қисайған. Сөйтті де ал жыласын. Қыстығып, үнін шығармаған боп мұрнын тартып көз жасын төкті кеп. Бұл түкке түсінбеседе әлдебір сұмдықтың болғанын жүрегі сезді. Таңдайы кеуіп, белгісіз бір шөл қысқан. Анасының бауырына тығыла түсіп, кеудесін сипалап тандыр болған омырауының ұшын таңдайына басты. Шешесі жылаған сайын сора берген, күндегідей емес, омыраудан ащы сордың, тұздың дәмін сезгендей. Сезген сайын шөлдейді, шөлдеген сайын сорады. Анасының көз жасымен бірге иіп шыққан сорлы сөлді жұта берген, жұта берген...
Әкесі сол беті оралған жоқ. Сол күні біраз адамның тұтқындалғанын, аз-ақ күнде тепкіден өлгенін кейін білді. Тек тұздың басынан бір адым сыртқа шықпайтын әкесінің анау айтқан қылмысты қашан, қалай жасағанын ешқашан түсіне алған жоқ. «Көппен көрген ұлы той» дейді анасы, бұның несі той екенін түсінсе бұйрмасын. Ертең келер деген үмітпен, немесе әр таңнан оянғанда әкесі жататын бұрышқа жаутаңдаумен күндер сырғи берді. Жай сырғыған жоқ, бәрі өзгерді. Енді Тұздыкөл жақтан сор әкелуге шешесі баратын болды, ал, қазанның астындағы қызыл от бұның еншісіне тиді. Күн қыза сортаң қыраттарға шашылған қызыл шағылдар да қайнап кететұғын, табаны тесік кебістен күндіз шоқтай қарып, түнде мұздай басылатын қызыл қиыршықтарды өмір бойы жеккөрді. Сонысынан болар, кеиін үлкен ұлы ауладағы самалдықтың маңын қызыл шағылмен көмкеріп әсемдемек болғанда тұлан тұтып еді ғой, тіпті әжептәуір ренжіген, онысын ешкім түсінбесе де, әйтеуір аулаға қызыл шағыл жолатқан жоқ.
Дүниенің бір шеті тау, бір шеті тұзды көл, ал қалған жері қызыл шағылды қыраттар десе сенетін еді. Тезек теретін кенеп қапты арқалап таңнан кешке дейін тентірегенде осы оңбаған даланың нағып таусылып қалмайтынына таңғалатын. Жоқ, таусылмайтын. Ондағы тезек те, сексеуілдің тамыры да, тіпті қурай да таусылып қалуы мүмкін,. Ал, дала мен шөлдің шеті туралы бұның ақылы жеткен емес.
- Молда ағама не болған? – дейтін кейде.
- Ертеректе армияда болған, – дейтін әкесі, – тауда жүргенде көшкін түсіп, тәулік бойы қар астында қалып, суықтан осылай болып қалды бейбақ, бір күні сақаяды...
- Армияға бармағанда үлкен оқудың иесі болар еді, қарғам-ау, кітаппаз еді ғой, амал не, шөл далада неше тәулік тентіреп, әбден ыстық ұрған. Ендігі күйі мынау болды, – деп шешесі кемсеңдейтін.
- Апа-оу! Әкем суық тиген деп еді ғой, сен жаңылып отырсың ба?
- Әкең солай дей ме, онда солай болғаны-ау, онда суық өткен, мен жаңылып отырмын...
Жалғыз ұлының қалай жынданғанынан неге жаңылып отырғандарына түкке түсінбейтін. Кейін, өзі ауырған түні – қызыл сақалды кемпірге жолыққан түні, әркімнің санасында әр түрлі жауап болатынын сонда білді.
Әкесін әкеткендерден сырт, бұл жерге келіп кететіндерде жоқ емес тұғын. Кейде бейсауат жоқшылар, бірде тұз сұраған кембағал жандар болатын. Ал, ай сайын тракторын гүрсілдетіп, он жасар ұлын ертіп Ардақ шал келетін. Ол құр келмейтін, айырбасқа әкелген ұннан бөлек, бірер тал құрт, тіпті кірлеген үш-төрт түйір кәмпит, қара күз өте, қысқа айналмай азды-көпті сүрі ала келетін еді.
Терістікке қарай баланың мимырт жүрісімен жарым күндік жерде қалқиған бейіттер бар. Тезек теріп жүргенінде сол маңға кейде топ-топ адамдар келеді. Керіш құмды қазып, киізге ораған адамды сонда көметінін, шоқиып отырысып, қамыға беттерін сипап тарасатындарын көрді. Жақыннан емес, алстан ұрдалып көретін, бейіттен де, бөтен адамнан да қорқатын-ды.
- Береке,сен бізді бағасың ба?!
Әкесінің де, шешесінің де көп сұрайтын сұрағы осы. Әдеттегі мамыражай кештерде сүріге немесе жас сорпаға тояттағанда, жаздың аптабын себезгілеген жаңбыр басып, шіркейсіз, естен кетпес рахатты іңірде қойылатын осындай қамсыз сұрақтарды бала кезінің ең тәтті сәттеріне балайтын. Сонда кенет бұл өңірде енді қайтып қыс пен жаз, ыстық пен суық, қаптаған шіркей болмайтындай, ендігәрі тезектің де, тұздың да қажеті қалмағандай салқын кеште бүк түсе тынығып жатқан алдамшы далаға жалаңаяқ жүгіретін еді.
- Иә, бағамын, – дейтін.
Бұл өзі де бір мақсатсыз, ешбір мағынаға ұмтылмайтын сұрақтар ғой, «иә» деген жалғыз ауыз жауаппен жабылып қала беретін.
Әкесі кеткен жылғы жаз ыстығын алабөтен сезіндірді. Ала таңнан қара кешке дейін тентірегенімен шешесі де тұз қырып жырғата алған жоқ. Қысқа салым Ардақ шал бұлардың қолындағы қалған тұзды алып, қыс бойы жетер ұн-шай, азықтармен бірге желіні шәугімдей қысыр ешкі әкеліп тастаған. Енді бұларда бұрын соңды болмаған «жаңа тірлік» – қыстың қамы деген шаруа бар. Көл шетіндегі сортаңға біткен қызыл мия мен ерменді, өздері су ішетін құдықтың маңын ғана көмкеретін азғантай көкті буыны қатсада қолдарынан қан ағыза жұлып жүріп жинады. Жер бетіндегі ең қиын, ең қатал қыс – Осы қыс болар деп еді, емес екен, одан да өтіп кетті ғой. Қайтадан жаз келді, бұларды сағынғандай зарлай ызыңдап қара шіркей қаптады, қызыл шағыл қайта қайнады, күн қайта шыжғырды. Қара күз қайта жетті, сөйте-сөйте айналып үшінші қысқа әкеліп тіреген.
Сол қыс барлық қиын қаңтардың ішінде бұған тісін көбірек батырған қыс болған сияқты. Содан кейін қаршадай Береке шын есейді, есейді де бұның мойынына ажырғыдай мінген өз өмірі басталды.
Сол түнді ешқашан, тіпті еш уақытты есінен шығарған емес. Шешесі баяғы қысыр ешкінің еркек лағын сойып, соның бір жілігін асты. Қаңтардың қақ ортасында күн кенет жылынып, қалың қар жауды, түні бойы жауды. Ағасының тоймағанын сезіп, алдындағы еттен асатқан, сонда шешесі риза болып бұны көзімен аймалап отыр еді ғой. Сыртқа шықса үп еткен жел жоқ, жүзін жұмсақ қар қытықтайды. Қандай сұрқия, алдамшы кеш еді өзі. Кейінгі өмірінде тыныштықтың бәрінен секем алатыны сол шығар. Тыныштық біткен - Ұры, қуаныш атаулы – жалған сезіледі. Жас ет буынын алып, күндегіден ерте,тіпті тым ерте қалғи беріп еді, таңдайына басатын сортаң омырауды да сол күні ұмыт қалдырғаны қалай..? Ұйқы мен рахаттың алдында ешқашан бейқам болмау керектігін, «өмір» дейтін осы жалмауыз кемпірдің назарынан сақтану үшін қалжырай қайраттану керектігін бұған ешкім де айтпаған еді. Сол бейқам ұйқыдан, ғұмырындағы ең қамсыз, ең ұзақ, ең ақылсыз ұйқыдан таң әбден атқанда бірақ ояныпты.
Қар тоқтаған. Ағасы есіктің алдын күреп жүр, маңдайы шып- шып тер, білегі түрулі. Анадайдағы қалтқының астында ақ ешкі гүрт-гүрт шөп күйсейді. Тап қазір мына далада ұлы той болатындай, әппақ қар көз қаратпай күлімдейді. Босағадағы томарда қабырғаға арқасын сүйеп шешесі отыр. Әлгінде бұл оянар алдында ғана дауысын есіткен сияқты, «ойлауытқа қарай қайыра күре, ерігенде еңкейіп ағып кетсін...» деп жатқандай еді. Сол ойлауытқа қараған беті тып-тыныш отыр екен. Жанына барып еркелегісі келген еді, сонда сезді, жүзінде қан-сөл жоқ, мүлде қурап, еттері төмен тартып, жағы түсіп кеткен. Бейшара қыз бұрын мүлде жүздеспегенімен жаратылысында бар аналық түйсікпен өлімді жазбай таныған.
Шешесінен естігені бойынша ағасы екеуі оң жаққа зорға жатқызып, қол аяғын жазып сырмаққа орады. Сонда неше күн өткенін әлі есіне келтіре алмайды. Бейуаз ағасы екеуі шешесін ораған сырмақтың екі жағынан көтеріп жарым күндік жолға бір күн жүргені шын. Бейіттің маңына түнде жетті. Күмбездің біреуіне түнеп, ертесі жұмсақ керішті қаза бастаған. Қысқы тоң құрғақ топыраққа терең кетпеседе бұлар үшін оңай шаруа емес еді. Қабырды қазуға бір күн, жұрттан көргені бойынша бет ағаш табуға тағы жарым күн кеткен сияқты. Тек жерлер сәтте ғана бір қария жетті. Ақ сақалынан жас саулап, өлімнің барлық парызын ада еткен. Одан арғыға жаны шыдамаған шығар, «ал, үйлеріңе қайтыңдар, шырақтарым!» деп атына мініп жөнеле берген еді ғой.
Үйге жеткесін, ағасы ұйқыға кеткен де, өзі оңбай ауырған. Бірде ұйықтап жатқандай сезіне береді де, ұланғайыр жазықтың қақ ортасында жалғыз қалғанын көреді: жап-жарық дала, қып-қызыл шағыл, бірде аяз, бірде қапырық ыстық. Шешесінің тандыр да, сортаң омырауын іздейді, жоқ!
«Ертеректе армияда болған, тауда жүргенде көшкін түсіп, тәулік бойы қар астында қалып, суықтан осылай болып қалды бейбақ, бір күні сақаяды» – әкесінің үні келеді. «Армияға бармағанда үлкен оқудың иесі болар еді, қарғам-ау, кітаппаз еді ғой, амал не, шөл далада неше тәулік тентіреп, әбден ыстық ұрған. Ендігі күйі мынау болды» – деп шешесі кемсеңдейді.
Кенет бүкіл бейітті қазып, онда жатқан сүйектерді шашып ойнап жүрген қызыл сақалды кемпірді көреді. Білтеленіп жалбырлаған шашының ұшындағы қызыл ленталар өрттей лаулайды. Қып-қызыл көйлегінің етегі жалпақ даланың бетін көмкеріп, одан арғы таулардан аса барып аспанның жарымын бүркей желбіреп тұр. Әлдекімнің мүрдесін іздегендей қабырды ұзын тырнақтарымен қазады да, жарқыраған әппақ бас сүйектерді уысына салып күл қылып үгітіп шашады.
«Менің шешеме тиме!» дейді айқайлап. Қызыл сақалды кемпір жалт бұрылып, әп-сәтте бұның алдына жетеді.
- Мына жалпақ сорлы дала, анау тұзды көл, осындағының бәрі менің иелігімде, – дейді де бұның оң қолын білезігінен бүре ұстайды, – Сен де, міне менің уысымдасың. Анау ағаңның күнін енді сен көретін боласың..!
- Өйте көрме, – дейді бұл жалбарынып. Қаршадай санасынан «ағамды бағасың ба?» деген өтініш есіп өтеді.
- Ал, ненің ақысына? – қызыл сақалды кемпір қарашықсыз көзімен бұған ішіп-жеп қарайды. Тістері алтыннан және ол әрқашан күліп тұратын, қаншалықты ызбарлана сөйлеген сайын сақылдай күлетін еді. – Ендеше сен мынаған уәде бер: ағаңның жаны мен өзіңнің өмірің олжаң, анау бейіттегі мәйіттер олжаң, ал, ақысына сен осы дала мен көлдің маңынан ешқайда аттап баспайсың. Осы жердің пендесі боласың, осы үрейің мен қайғыңды есіңнен шығармауға, тауқыметтен талықпауға уәде бересің! Ал осыдан жаңылады екенсің, сенен керегімді алатын боламын...
- Уәде беремін, – дейді сонда бұл бейбақ.
Ертесі орынынан қалжырап тұрған еді. Күн ызбарлана бастаған. Неше күн аш қалған ақ ешкі мен екі серкеш үсіп өліпті. Қыс әлі ұзақ, солардың етін талшық етіп болса да көктемге іліну керек, оған дейін бұлардың ауызына түсер басқа дән жоқ еді ғой. Ағасы жаңа жаққан отқа қыздырынып пеш түбінде бейуаз күйде отырған. Қалайда тамақ дайындауы керек еді, бүкіл денесі ауырады, оң қолының білезігі тіпті қақпан қысқандай ауырғаны әлі есінде.
Сонда,кенетжүрегі зу етіп білезігіне қараған,бес саусақтың қатты қысқан табы білеуленіп анық білініп тұр екен…
3
Таң белгі бере бастапты. Терезеден бозғылт сәуле білінеді.
Береке кемпір көрпеден қолын шығарып білегіне қарады. Ала көлеңкеде анық көрінбегенімен еті қашып, сіңірі мен сүйегі ғана қалғаны сезіледі. Күйеуі Мамық шал да ояу сияқты, біркелкі тыныстап, арасында мұрынын тартып қойып үнсіз жатыр. Екеуі де тіл қатысқан жоқ.
Береке шалына разы, кемінде өкпесі жоқ. Шешесін көмген жылғы қыстың шеті сөгіле бере тракторымен Ардақ шал жетті. Осы шалдың келетініне Береке сенген. Сондағы шалдың жанынан қалмайтын он екі жасар бала – осы Мамық еді. Дөңгелек көзі жаны аши қарайтын, қурайдай арық ақсары бала тұғын. Әкесінің қас- қабағын бағып, зыр жүгіріп, бұйырған жағына лып етуге дайын тұратын елпек. Сол күні-ақ екеуі қолға ілінер сырмақ көрпелерді, әке-шешесінің киімі мен азғантай қазан-ошағын тракторға басты, молда ағасын тіркеменің орнықты жеріне жайғастырып, өздері жанына шоқиды да он шақырым жердегі Алағаққа тартты. Трактор басында отырған Ардақ шалдың күнге күйген, аязға тоңған шүйдесі қап-қара болып айғыз-айғыз әжімдермен өрнектеліп көрінеді. Сырмақ деген аты болмаса, баяғы бояуы өшкен, шеті қырқылған, әлденеше жерден тесілген сұрғылыт киіздің үстінде отырып Мамық бала бұған қарап жымиып қояды. Үстінде бүкіл жұрт киетін солғын жасыл реңді әскери мешпет. Төс қалтасынан құлағының жартысы сынған ескі қалам көрінеді. Оқуға түскен сияқты. Ол қаламның кейін Мамықтың түбіне жете жаздайтынын білсе сол күні-ақ суырып алып артында бұлдырап қалып бара жатқан тұзды көл жаққа лақтырып жіберетін бе еді.
Тұздыкөлден алғаш аттанғаны сол да, одан кейін сол тұздың басына қайтып барған да емес. Ардақ шал бұларды үйінен елу қадам жердегі жалғыз ауыз үйге орналастырды.
- Өз үйіме-ақ көшіріп алар едім, – деді ол, – бірақ әкеңнің түтіні өшпесін, осында отырыңдар, анау біздің үй, не керектің бәрін сол үйден аласыңдар.
Шынымен солай болды...
Кемпір оң жамбасына қарай зорға аунады. Көмектесуге тұрмақ болған Мамық шалды «жата бер» деп тоқтатқан. «Өзім...» оң жамбасымен жатуы жатқаныменжаңағы азғантай қимылға бүкіл денесі қайта сырқырай жөнелді, тісін тісіне басып дыбыс шығармауға тырысып шыдап қарысады. Сүйектерін, кеміктерінің арасын, жілік майына дейін тісі өткір сансыз құрт кеміріп жатқандай.
Мамық шал кемпірін жақсы біледі, мана оянғанда «тәуірсің бе?» дегісі келіп еді, өүйткен жоқ. «Тәуірмін» деп алдайтыны мұнда тұр. Ал, тәуір болмайтыны екеуіне де түсінікті. Тіпті Мамық шал кемпірін аяп, Құдайдан «осы бейкүнә пендеңді ертерек алсаңшы» деп жалбарына тілейтін де еді. Отауласқандарына елу жыл болғанымен, алғаш көшіріп әкелген күннен бастап есептесең, бірге өмір кешіп жатқандарына алпыс жылға таяп барады. «Е-е,өмір деген осы екен!» деп сезіне бастағаннан міне осы қазірге дейін бірге.
Бұларды көшіріп жандарына қондырып алғанның келесі жылы әкесі Ардақ шал тракторы аунап екі аяғынан айырылып қалған. Бұған оқуын тастатпай, мүгедек шалды,өзінің есалаң ағасымен қоса Мамықтың екі інісін қаршадай Береке бақты. Ондағы адамдар ешқашан тойған емес. Тоя жейтін тамақ та барма еді,болған күндеде жас бала мен кәрі адамның жегенін аңдып отырмасаң, мейлінше жесе қарны жарылып өлетін еді ғой.
Шынымен қарыны жарылып өлгенін көрді ғой. Онда Береке көшіп келмеген, өзі он жастар шамасындағы кезі, алпысыншы жыл шығар. Кейін Берекелерді көшіріп әкеліп қондырған сол жалғыз ауыз үйде әкесінің жамағайын туысы тұрды, көздері көкшіл, шашы сарғыш бұйра келген үйелмелі-сүйелмелі үш ұлы бар. Үлкені бес жасар, кенжесі екіден енді асқан. Сирақтары шырпыдай болып үй сыртына шығып, қатарласып дәрет сындырып тұратын-ды. Үшеуінің әкелері Ардақ шал өңдес, жақ сүйегі шығыңқы, дауысы зор, жұмысқа белсенді қаражон кісі – Қуанған. Шешелері арық сары, оңып, реңі қашқан, етегі қырқылған кенеп көйлегін қысы-жазы тастамайтын. Қашанда шиқылдап жөтеліп, бір жөтелсе тоқтай алмай, жөтелген сайын кеудесін азаптай тырмалап отыратын аласа бойлы – Бақтыгүл. Екеуі де таңнан коллективтің жұмысына кетеді. Кеткен сайын үйде қалатын ересектеу Мамыққа «ана үшеуіне көз қырыңды сала қойшы» деп арнайы тапсырып кететін-ді.
Сол жылдың күзінде жұрт жаппай масақ теруге шықты. Өнім тіпті мол еді, түгел қамбаланды. Астық ерте қамбаға кетіп, кебежесінде дән қалмаған халық тарыға бастаған. Кәрісі де, жасы да аш болатын. Еңбекқор екеуі масақ тергенде де көзге көбірек түссе керек, қарағанның басына дейін шапшып шығатын сүтті шырмауықтың сабағын бұрап ескен жіппен кере құлаш бидәй масағын буып, түнделетіп арқалап келе жатқан жерінен ауылдың жасақтарына ұсталыпты. Ертесі елді жинап, өзімшіл, озбырлықтары үшін екеуін бірнеше күн бойы үйіне қайтармай сындағаны есінде. Осыған кектенген Қуанған апта бойы торуылдап жүріп, бір күні таңға жақын қамбадан жарты қап бидәй ұрлайды. Сәті түскені сонша, қамба күзететін қысық көз, таңқы танау жігіттің семіз қатыны толғатып6, келесі күзетші ауысқанша қамба бірнеше сағат қараусыз қалған. Үш кісі бойы биік көлденеңі жиырма неше қатар, ұзыны тай шаптырымға кететін бидәйға толып тыңқиған сарғыш кенеп қаптардың ең түпкі жағынан, күзетші оңай байқамайтын тұсынан біреуін бәкімен осып, жарты қап құйып алған. Ертесі Бақтыгүл екеуі таң бозынан коллективтің жұмысына жөнеледі, түске таяу тұрған үш бозөкпе бала түктелмеген шикі бидайды тоя жеп, үшеуі бірдей жарылып өліп еді.
Кешкісін қарындары теңкиіп қатып қалған үш бөбекті алдымен үйге кірген Бақтыгүл көрді. Бір күн өткізгесін Қуанғанды ертіп, Ардақ шал Мамықты ертіп, тағы бірнеше адам болып үш баланы көміп қайтқан. Алағақтың терістігінде, таудан келген өзеншенің шетіндегі қабақтың үсті. Маңайында топырағы жаңа жабылған бейіт көп жатыр. Төменіректегі өзеншенің бойында колективтің сиырлары жайылып жүр. Тусыған күздің тұмса жағалауына жайылған малдардың түгі жылтырап, сауыры жыра салып әбден семірген, бірнешеуі ыңқылдай түсіп, қарындары теңкиіп күйіс қайтарып жатыр. Ардақ шал да, жамағайын інісі де қатты өкіріп жылады. Ертесінен бастап көксау шешелері бейіт басынан қайтпай жатып алды. Ұзаса үш-ақ күн жатқан шығар, ол да сол бейіт басында өлді.
Әкесінің сол жамағайыны бертінге дейін тірі жүрді. Қаладан бірнеше рет көргені бар, адам танымайды, үстінде сол кездегі әскери мешпет реңдес үлкен мақталы шапан, онысының солғын жасыл реңі баттасқан кір мен майдан көрінбейді. Қаланың жұрты танып жатқан жоқ, «жас кезінде оқуға қатты беріліп, ойсоқты болған» немесе «бір қызға ғашық боп, соған үйлене алмай кейін жынданып кетіпті» десіп, сан-саққа жорып жүрді. Мамық шал оларға ештеңе деген жоқ. Қалаға барған сайын сол жамағайын туысына қолында бар ақшасын ұстатып кететін. Анау да берген садақасын құлықсыз алып, бетіне бажырая бір қарайтын да қоятын.
Береке екеуі он жеті жасқа шығатын жылы бұл ауылдық мектепке мұғалім болып орналасты. Сол жылы ғой «жарылып өлген жетімдер» деген өлең жазғаны. Онда Береке кәдімгідей бөйжеткен, селдір шашты, қараторы шырайлы, үнемі тұнжырап жүретін, тұнжыраған жүзінде де бір аяулы мейір тұратын қыз болды. Сол алғашқы әрі соңғы өлеңін алдымен Берекеге оқып берген. Жылап отырып тыңдап еді. Кейін ол өлең ауылға тарады, алдымен оқушылары жаттады, одан қара халық, одан кейін ел төрінде отыратын атқа мінерлерге жеткен. Адам аштан өлмеуге тиісті бақытты қоғамды осынша масқаралағаны үшін бір жыл бойы жұмысынан қуылды, екі аяғынан айырылған Ардақ шалды да баласын дұрыс тәрбиелемегені үшін жұрт алдына сүйреп шығарып, масқаралай сөкті.
Ауылдың халықтық құрылтайы өтетін кең залының алдыңғы қатарына мектеп оқушылары жайғасты. Олардан кейін ауылдағы кәдірлер, ары қарай ауыл жасақтары мен белсенділер, артқы қатарларда диқан-малшылар. Осылардың қарсысындағы мінбенің алдында көзін шолақ аяғының ұшына қадап, сағы сынық Ардақ шал қонжиып отыр. Мамық әкесінің сол жақ қатарында, бетіне масқаралаудың белгісі ретінде қағаз жапсырылған, мойынына кенеп жіпке байланған ауыр тас ілініп еңкейіп тұрған. Күн түсетін терезе жақ бұрштағы жалғыз үстелде ауылдың хатшысы сындаған жұрттың пікірлерін мұқият хатқа түсіріп әбігер. Сұрғылт кепкасын әлсін-әлі қозғап, пісте мұрынының ұшына қарай сырғи беретін көзілдірігін сұқ саусағымен көтергіштей береді. Ол әуелі «жарылып өлген жетімдер» деген өлеңді оқып шықты да, ондағы өрескел әрі жалған оқиғаларды сынға алды. Үміт күттірген, абзал заманда тәрбиеленген жас білім иесінің мұндай қадамға барғанына өкініш білдірді, мұның кешірілмейтінін де атап өтті. Одан кейін ауыл басына сөз берілді.
Мамық жолдас, – деді ауыл басы, кеудесі сырылдап, ентіге. Оның демінен кешегі жеген жас еттің иісі бұрқырап, бүкіл залдың ішін кернеп барады. Қай кезде де көйлегінің жағасын кірлетпей таза жүретін кірпияз адам, әр сөзін асықпай, сәл аялдап көңілінен өткізіп алып сөйлеитін, сөйлеген сөзі иландырмай тұрмайтын, өңі қарасұры болғанымен, күлгені шуақты, жүзі тым мейірлі жан еді. – Мамық жолдас жаман адам емес. Алғашқы жасаған кінәсі үшін бір адамды құртып жіберуге болмайды, біздің принципымыз – кешірімшілдік. Бірақ, қырағылықты ешқашан жоғалтуға болмайды, мұндағы ең үлкен қателіктің Ардақ жолдастан келіп тұрғанын халық білгені жөн. Ал Мамық жолдастың мұндай былғанған идеямен бала тәрбиелеуіне біз жол бере алмаймыз. Сондықтан оқытушылық қызметтен қол үзе тұруы керек. Әрі қырағылықты арттырып, идеясын тазарту үшін үйрену мен білім асыруды әрқашан тоқтатуына болмайды. Бұндай үйрену Ардақ жолдасқа да қажет...
Мамық біраз күн қамауда болды. Көктемнің қары енді еріген тұсы, жер дымқыл ызғарлы. Аяғы жоқ шал үйренуден кеште батпақты көшемен еңбектей сүйретіліп қайтатын, сөйтіп, өкпесінен суық өтіп, бір ай ауырып жатты да қан құсып өлді. Мамықтың қалтасынан түспейтін құлағы сынық қалам әкесіне әлдебір оқымыстының сыйлағаны болып шығып, ол буржуазияның жаршысы деп танылды да, тасқа қойып балғамен күл-парша етіліп шағылып жазасы берілді.
Ардақ шал үзілерге бірнеше күн қалғанда, ойда жоқ жерден «Мамық екеумізге батаңызды беріңіз, мен сізге келін боламын!» деп Мамықты таңғалдырып, әкесін соңғы рет қуантқан батыр Береке, міне жиырма жылдың алдында айыққан ауруы қайта жармасып, күллі тәнін жаулаған дертке шыдай алмай, өзі де өлім деген кең дүниенің қақпасын тырмалап, ары өтуге тіленіп зарығып жатыр.
«Е-ех, дүние!.. ». Мамық ауыр күрсініп алды.
- Су... – деді кемпірі,– ауызымды шаяйын, тұзды су берші.
4
Онсыз да кермек сор татыған суға азырақ тұз қатып кемпірінің басын сүйеп отырып ауызын шайғызды. Содан жұмсақ орамалды жылы суға малып арқасын сүрткіледі. Орамал қанша жұмсақ болса да кемпір қатты ауырсынады. Әр жасушалары тек ауыруды ғана сезуге жаралғандай, бар қуатын соған жұмсап, аса тез және орасан зор әсермен үлкен миын соққылайды. Тістене-тістене кемпір байқұстың жағы да талғандай, «болды» деп қолын сермеп, көрпесін қымтанып, көзін ашпай үнсіз жатып қалды.
Бұл тұста таң әбден атқан. Шалды шайға шақырып қолдағы кіші келін келді, шал жуынуға жөнелгенде де шығып кетпей, көзі жұмулы жатқан енесіне аяй қарап көбірек тұрды. Бауырсақ мұрын, бадырақ көз, бөкселі, момын келіншек енесін қатты жақсы көретін. Үлкен ұл мен екінші ұл екеуі де отау шыққан, қазіргі қолда отырған үшінші ұл басқаларына қарағанда бірмойын, қырыстау боп өскен. Жалғыз інісі қайтыс болғаннан кейін мінезінің шатағы тіпті асқынғандай, тез шамданатын, бұздым-жардым, ұрдым-пердім болды. Өзінің бітімі де бөлек, нағашысы – молда ағасына тартқан кесек тұлғалы, қоңқақ мұрынды, көзі шаралы. Бірмойындығына орай қолына алған жұмысын тындырмай тынбайтын шөгел де осы. Өзі сезімге көбірек еліткіш, махаббатқа бой алдырғыш еді. Махаббаттан жолы болмаған кездері бүкіл үйдің апшысын қуырып, барлығына тисе сөйлеп, аға-әпекелерінің бар ісін ұнатпай қырсығатын да жүретін. Ал, бір бақытты күндері әндете түсіп, барлық жұмысты өз жайымен жайғап, күндей шуақтанып, жадырап кететін. Оның осы тұрлаусыз болмысына алған жары кеңпейіл, мейірбан жан болып жолықты. Үйленгеннен кейін де анау-мынау келіншектерге көңілі кетіп, ойы бұзылып жүретінін шеше байқұс сезбейді дейсің бе, шешесі сезгенді өз әйелі сезбей ме екен, жоқ, келін сезсе де білмегенсіп, сол исалмастау көнімпаздығымен үйді айрандай ұйытып отыр.
Келін аз аялдап күйеуі мен атасына, екі қызына таңғы ас бергелі шығып кеткенде Береке көзін ашты. Келіні туралы ойлап жатып оның есіне күйеуінің де бір мезгіл бұхалтыр келіншекке көңілі ауа қалғаны түскен. Ол қай кез еді өзі, онда күйеуі осы ауылды басқарып тұрған. Кіші ұлдың қайғысынан Береке қатты семіп, аз-ақ күнде қартайып кеткен еді. Сол жылдары қайғысын да, қуанышын да сыртқа әшкере шығара білмейтін байқұстың омырауы шаға беретін. Алғашында үрпінен қанды сүт ақты, ауылдың кемпір-кешегі оны қасіреттің салмағынан көрді. Кейін ол ауыруы асқынып, кеудесі ісініп киіміне сыймай-ақ кеткен. Ақыры қатерлі ісікке айналып, алты бала емізген екі омырауын сылып тастауға тура келді.
Бұхалтыр қырықтан енді асқан жесір келіншек еді. Өзі батыл, қалжыңбас, қуақы қатын. Жалғыз ұлы қалада оқуда, арық, ұзын бойлы бала жігіт қыстық-жаздық каникулдарда ғана келетін де, бұхалтыр қатын жалғыз тұратын. Ұлы біртоға, момын, оқуды да жақсы оқитын, ауылдағы балалардың үлгісі, сол ұлы үшін де жұрт қатынға жақсы қарасатын. Қатынның қасы қияқ, көзі қарақаттай, еріні жұқа, сөйлеген сайын қаймақ ерінін жымқыра тістелеп, езуінен сүйкімді шұңқыр жасап тұратын ажарлы адам. Күйеуі ішімдікке көбірек салынып, бір күні түн ортасында үйіне оралып екпеттеп жатып ұйықтайды да сол қалпы тұрмаған деседі.
Не қылса да бұхалтыр қатынның жаман аты шықпаған жан. Тіпті ол «аламын» деп сөз салған адамдарға да ыңғай білдірмеген. Күйеуінің қорғансыз жесірге көмектесіп жүретінін бұл өзі де теріс көрмеген. Кіші ұлдың өлімінен кейінгі сырқат, одан кейінгі екі жыл бойына өз-өзімен болып үйде күтініп жатқан кездерінде де күйеуінің кейде жұмыстан түн ортасында келетініне іш жимаған. Кейін көңіліне күдік орнап, ел арасына сыбыс тараған кездерінде де жүрегінде қызғаныштан көрі аяушылық көбірек болды. Күйеуін аяйтын.
Тамыз еді, тамыздың он жетінші жұлдызы болатын. Қатерлі ісіктен ада-күде айыққан. Күн жексенбі. Ауылдың базарын аралап, күйеуімен бірге керек-жарақ алып жүрді. Күн ыстық, базарда адам да көп, күйеуінің сол жағынан қолтықтап қаперсіз келе жатқан. Кенет, қолтығынан жеткен болымсыз дірілді саусағы сезіп қалды. Алғашында тох соққандай селк етіп барып, соңынан дүрсілдей соққан жүректің тербелісі жетті. Жайлап күйеуінің жүзіне қарап еді, бұл байқамаған сәтте жүзіне лап етіп шыққан қызыл алаудың енді қайта бастаған табын көрген. Қарсы жақтағы әлденеден көзін тайдырып, жүзін ары жағына қарай бұрып әкетті. Берекеде алдына қарап еді, көгілдір көйлек киген, әдемі жасыл жаулық таққан бұхалтыр келіншек келе жатыпты. Толықша денесі көгілдір ауға түскен балықтай бұлқынады, торсықтай омырауын жасыра алмай жұқа жібек дір-дір қағып тұр. Оның жанында ұзын бойлы ұлы, қолдарында асай-мүсей. Береке таяу келіп, жылы амандасып, бұхалтыр келіншектің баласының маңдайынан иіскеді. «Аман бол айналайын» деді сосын. Кездесу осындай кездейсоқ әрі шұғыл аяқтады да, бұлар ары қарай үйлеріне қайтқан. Сол күні екеуі де ұйықтай алмады. Ұйықтамағанын күйеуіне білдірмегенімен, күйеуінің ояу екенін сезген. Түнгі сағат он ба, әлде он бірдің мөлшері ме, үйдегі телефон шырылдады. Сонымен бұлардың өмірін тағы бір рет ойрандап кеткен әлгі бір суық хабар жетті.
5
Күн арқан бойы көтеріліп, енді терезені аймалай бастаған. Таңғы шайларын ішіп болса керек, үйге екі қызын ертіп Балғабек кірді. Шаралы көзіндегі уайымды сездірмегендей болып, салқын, қоңқақ мұрынын шешесінің маңдайына тигізіп, ақырын ғана иіскеді.
- Жағдайың қалай, апа?– деді сосын. Қыздары да сәл именіп тұрып әжерлеріне жақындады. Береке ақырын ұмтылып, екі қыздың құлағынан иіскеді. «Жақсымын» деді зорға сыбырлап. Қыздар қатар тұрып, әжесінің саусақтарын уқалап, өздерінше жандары ашып жатыр. Олар уқалаған сайын саусақтары сынардай боп ауырсынады, кемпір үн шығармай шыдап жата берді. Ауырғанын, тіпті білдірген де жоқ.
- Күрес пен Жеңісті шақырдым, – деді Балғабек, алдымен кіші ағасының атын атады, – үй ішімен тамаққа, – деді сосын толықтап.
- Наурыз көжеге. – деді сәл отырғасын тағы да. Дұрыс бопты дегендей кемпір ақырын ғана иегін көтерді. Кешегідей емес, сөйлеуге де шамасы келмей бара жатқанын енді сезіп жатыр.
- Далаға ойнаңдар! – деді Балғабек қыздарына, шешесінің жайсыздығын ол да сезген сыңайлы, ақыры өзі де ұзақ шыдап отыра алмады, – әкемді шақырайын, әгілер түсте келеді, ет аса берейін.
Мамық шал кіргенше Береке терезе алдында қарайып тұрған дөңгелек гүл текшенің не екенін түсінбей соған қадалды да жатты. Оған алғаш қарағанда әлгі дудар шашты қызыл сақалды кемпір екен деп қалғаны рас. Бірақ ол ондай алыста, үнсіз, бейбіт тұратын ба еді. Көңілі жай тапқан алаңсыз күндерінде келіп жан дүниесін ойрандап кететін қызыл сақал, осындай күйзеліп, азаптанып жатқанында іздесе таптыратын ба еді. Шалы екеуі де ұйқысыз жатқан сол түні безілдеген телефоннан үлкен қалада саудамен шұғылданып жататын екі қызы, күйеу балаларымен бірге көлік апатынан опат тапты деген суық хабар жеткен. Тіпті оны бір туғаны да, туысы да емес, осындай өлімге әбден еті өлген мейірімсіз, қайғыруды ұмытқан сақшы жігіт күндегі мың жұмысының біреуін әдетінше мүлтіксіз орындап тұрған адамдай сабырлы қалыппен, қоңырқай ғана үнмен айтып тұр; мәйітті боршалайтындарын, үш күннен кейін алуға болатынын, ешкімде жаласы қалмағанын, кенже қыздың тынысы емханаға келгеннен кейін үзілгенін де мұқият жеткізді. Сондағы Мамық шалдың құлағына трупканы төсеп, бүкіл денесі селкілдеп үсіз тұрған тұрысы бұның көзінен әлі кеткен жоқ. Мамық шал сол күні қартайды, саңқылдап тұратын дауысынан айырылды, шашы бірнеше күнде-ақ әппақ қудай боп ағарды.
Сонда тұңғыш рет қызыл сақалды кемпірді өзі іздеп аласұрып еді. Оның бар екеніне, осының бәрін басына байлап, сорын қайнатып жүрген сол екеніне әбден сенген. Бала кездегі білегінде қалған саусақтың табынан басқа, оның барына көз жеткізетін тағы үш оқиға болып еді. Оның бірі – кіші ұлдың бес жасында салған суреті. Екіншісі – молда ағасының өлер алдындағы сөзі.
Молда ағасы ауырған жоқ. Алпыс бес жасына дейін бұлардың қолында болды. Мамықты да, жиендерін де жанындай жақсы көретін. Одан кейінгі бір жақсы көретін дүниесі – өлім. Ол тіпті өлімге әр күн, әр минут сайын дайын жүретін. Орақбайға күйзеліп отырған Берекенің жанына келіп, құлағына «өлгені жақсы болды» деп еді. Көңіліне келседе, есалаң ағасын кешірген. Орақбайдың қазасынан кейін оның өлімге деген құштарлығы да асқына түсті. Жатса, тұрса аңсайды, барлығына тілейді. «Енді бәріміз өліп қалсақ» дейтін тамақтан кейінгі шүкірлік айтылар тұста.
Сөйтіп аңсап зарығып күткен күні де жетті. Алғашында ажалының келгенін жесір шалдың өзінен басқа ешкім білген жоқ. Қайсы бір жұма күні түскі астан кейін төсегінде тыныш жатқан шал біреумен самбырлап сөйлессін де жөнелсін. Тіпті салғыласып қатқылырақ сөйлесіп, арасында «ал енді не қыласың, маған ештеңеде істей алмайсың» деп тебітіп қалады. «Кіммен сөйлесіп отырсың, молда аға» деп сұраған Мамыққа «қызыл сақалмен» деп еді. Бұған балалары күлген, тек Берекенің ғана жүрегі зу етті. Сөйткен ағасы кенет көрпесін бүркеніп жатты да қалды. Берекенің ойы әлем-тапырық. Қызыл сақалдан келетін үрей оны әрдайым осылай есеңгіретіп тастайтын. Істеген ісінің берекесі қашып, нанның қамырына ашытқы салмай илеп, ошаққа шәугімді құр қойып әбден есі кетті. Сөйтіп кешкі асты зорға дайындап, ауыр аяқ келінін атасын оятуға жіберген, келіні жылап келді. Молда ағасы да сол қалпы оянған жоқ.
Үшінші оқиға бұлардан көрі бұлыңғыр. Оны қызыл сақалдың барлығын дәлелдейтін оқиға дегеннен көрі қорқынышын ұлғайта түскен түсі деп қарар еді өзі. Ол жылдарда балалардың бәрі оқуда. Жеңіс университетке түскен. Күйеуі мұғалімдіктен әкімшілікке ауысып, қолдары ұзара бастаған кезі еді. Ол кезде ауыл да қазіргіден шағын, жұпыны. Ұлдары еңбекшіл Мамық екеуінің күй-жайлары тез жақсарып, еңселі үй салып, жұрт алдына өте бастаған. Жеңіс аласа бойлы, шымыр, төртпақ қарулы жігіт. Әкесі сияқты жүйесін тауып сөйлейтін сөзгеде ұста. Сол ұл университеттің бірінші жылын бітіре сала «оқуды тастаймын» деп қиғылық салды.
- Оқу емес, түрме! – деді ол. Оң жақ бетінің ұшында үлкен қалы бар, сол қалына шыққан бірнеше тал түкті ешқашан қырмайтын.
- Ауласынан шығармайды, қоғамда не болып жатқанын көрмейсің, кітап кеміресің де отырасың.
- Шетелге кетемін, – деді сосын бірде, – Мен барамын, жалғыз өзім-ақ біраз жұмыс істеймін, сосын бәріңді әкетемін.
Алғашында Мамық екеуі де тулағанымен, соңыра «біз не көрмедік, осы баланың еркіне жүгіріп бір соңын бақпаймыз ба» деген ой да бас көтере бастаған. Ал, Жеңістің ойы шетелге ауғаны сонша, оянғаннан ұйқыға кеткенше ауыз жаппай шетелдің әңгімесін айтатын болды. Өзі осы кеше ғана барып оралғандай, ондағы барлық дүниенің мұндағымен өзгешелігін, игілігін айтады. Ақыры бұл ойы басқа балаларғада сіңе бастады, көрші-қолаң, туыс-туған да ептеп сыбыстан естіп, ел арасына «балаларын шетелге оқуға жібереді екен» деген сөз гуледі.
Шілденің ортасы. Балалармен Мамық түгел пішен тасуға кеткен. Береке мен екі қызы кешкі астың қамын көріп жүрді. Ас әзір болғанша пішеншілер оралмаған соң, бейуақ болса да төсегіне қисая салып еді, әп-сәтте ұйықтап кетіпті. Ұйықтағанын күткендей-ақ түсіне қызыл сақалды кемпір кірді. Арқандай иірілген ұзын тырнақты саусағымен екінші ұлының кеңірдегінен қылғындырып тұр екен дейді, бұған қарап алтын тістері жарқырай қаһарланып: «ұлыңды шетелге жіберуші болма» дейді. Бұл оны тыңдамай ұлын құтқармаққа ұмтыла беріп еді «жіберме» деп анау ақырып қалды, дауысының зоры сонша, бүкіл денесі дір етіп, орынынан атып тұрған. Өз-өзіне келе алмай аз-кем отырғаннан кейін барып сыртта самбырлап сөйлеп жүрген күйеуінің үнін есітті. Пішеншілер келіп, тракторды оңап, шөпті маяға лақтырып жатыпты.
Үш ұлы қатар тұрып айыр шаншып мая төбесіне шөп лақтырады, он екі жасар кіші ұлдың өзі ағаларынан қалыспай шашылған шөпті әп-сәтте жинап дайындай қояды. Мамық шетте марсиғандай қалыппен бүйірін таянып тұр. Ас үй жақта екі қыз шұғыл қимылдап, тамақ түсіріп жатыр. Сәлден кейін үлкен үстелді айнала отырып, барлығы тамақтана бастады. Үлкен ұлдың маңдайынан шып-шып тер шығып, ыстық астан жеделдете қарбытады, оның әзірше шетел туралы сөз қозғарға мұрсасы жоқ. Мамыққа күн ыстығы өткен сияқты, әлі шөлін баса алмай қара шайдан жиі сораптап, орамалымен желпіне түседі. Үшінші ұл Балғабек пен кіші ұл Орақбайдың арғы жағына ел қона қалғандай, бірін-бірі түртіп ойынға айналған. Балғабектің қолы қаттырақ батып кетсе, анау шар ете қалады. Кіші қыз ойсырай бастаған табаққа қамыр үстемелеп, үлкен қыз босаған шыныларға шай құйып әбігер. Екінші ұлдары Күрес ежелден томаға-тұйық бала. Ештеңеге асықпайды. Ойын да бірден ашып айтпай, әрқашан томсарып жүретін. Мұрыны барлығынан өзгеше, үйде ілулі тұратын әжесінің суретіндегі мұрнындай жалпақ біткен, танауы кең, бетінің жарымын алып тарбиып жатыр. Мұның да самайынан аққан тер желкесіне құлап, одан ары екі иығы мен арқасына құйылады. Береке оған қарап отырып мойынындағы қып-қызыл боп қанталап тұрған саусақ табын көріп қалды да баж етті. «Ойбай, мынаның моыйнына не болған».
Мамық селк етіп қап, кемпіріне жақатпағандай бір қарап қойды да үндеген жоқ.
- Жаңа трактордан түсерде мойынын арқан қиып кетті, – деді кіші ұл таңдайы тақ етіп.
- Тыныш отыршы ей, – деді екіншісі оған қарап тыжырына қалып.
- Ештеңе етпейді, апа, – деді сосын, – мойынымда тұрған арқанды байқамай қалып, тіркемеден секіріп кетіппін, сол арқан ысып кеткен ғой, түк етпейді.
Сол түні де Береке ұйықтай алған жоқ еді.
6
Даладан екінші ұлдың дауысы жетті. Әйелі, қызы үшеуі көліктері мен есік алдына дейін келіп, есіктерін сартылдата жауып, Балғабектің самбырлай берген сәлемін алып жатыр. Оның жалғыз қызы бар, өзінен аумаған жалпақ мұрын, тек мінезі әкесіндей ауыр емес, одан көрі Балғабекке жақын, өрт ауыз, шырт етпе мінезді, ұшқыр қыз. Енді қазір-ақ ұшыртып осы үйге кіріп әжесін аймалайды. Береке соны күткендей есік жаққа көзін аудара беріп, аяқ жағында отырған Мамықты байқады. Манадан кіргенін де сезбегені қалай. Сен қашан келгенсің деп сұрамаққа оқталып еді, тілі шойындай қатып, таңдайына жабысып қалыпты. Үні шықпады.
Одан кейін бір ұл, бір қызын ертіп үлкен ұл мен үлкен келін келді. Олардың ұл-қызы осы әулет бойынша ең бойшаң балалар болған. Бірақ қалайда жүздерінен Мамық пен Берекенің бір белгісі көрінетін. Аздап жасқаншақтау жанарлары көңіл баққыш және бұл үйдің барлық баласындай көнпіс, тіл алғыш. Олардың әкелері де шетелге барам деген арманын ұзақ жылдар бойы ұмыта алмай, ақыры біржола есінен шығарып, осы ауылдың бір шетін мекендеп қалды ғой.
Енді балалар шулай жүріп, кемпір жатқан үйге үлкен үстелді кіргізіп, аналарына жақын отырып наурыз көже ішті. Сораптаған дауыстар мен көженің жағымды иісі Берекенің тәбетін ашқандай боп, ақырын ғана тамсанып қойып жатыр. Кіші келін кесемен көженің сұйығын әкеліп, ауызына қасықпен тамызбақ болып еді, онысын Береке де құптап, ақырын ғана басын изеді. Бір тамшысын таңдайына басып, тамсанды да Мамық шалға қарады, шал түсінгендей кейіппен келінінің қолындағы кесесін алып, кемпіріне иіле жақындап кеп тағы бір қасық сорпа жұтқызған. Одан ары Береке қалжырап, жалғыз қасық сорпа буынын алғандай боп, көзі іліне берген еді. Балалар ақырын ғана жылыстап, бірден-бірден сыртқа жөнелді. Үстел жиналып, үйде енді тағы да Мамық пен кемпірі қалған.
Наурыздың күні терезеден батысқа қиыстап, ашық аспанда ақырын ғана жүзіп барады. Мамық еш мақсатсыз терезеге телмірді де отырды. Анда-санда мойынын бұрып кемпіріне қарап қояды. Кемпірдің жүзіне жұқалтаң қызғылт қан жүгіріп, мұрны терлеп ұйықтап жатыр. Аулада әлденені айтып үш ұлы күбірлесіп отыр. Ас үй жақта үш келін ыдыс жуып жүрген сыңайлы, кейде сыңғыр еткен кеселердің дыбысы шығып қалады. Кенет үйдің ішін өзі бұрын білмейтін ғажайып иіс керней бастады. Жанға жайлы әрі аса жағымды жұпар. Оның күштілігі сонша, терезе жақтауларынан шыққан иіске енді ғана тіріле бастаған көбелектер жыпырлап қона бқалған. Қайдан келгені белгісіз, терезе сыртына бірнеше мысық жиналып алыпты. Балалар да, келіндер де, немерелер де соны қызықтап, таңғалысады. Кенет кемпір көзін ашты да шалына дыбыстады. Шал шапшаң қозғалып, кемпірінің ауызына құлағын төсеген.
- Құтылдым... – деді кемпір үздіге.
- Кімнен? – деді шал, – неден? – деді сосын.
- Өлмей құтылмайтын пәледен, қызыл сақалды кемпірден.
Сосын Мамықтың жүзіне апара берген білегі сылық етіп кеудесіне құлады. Демінен шығып жатқан жаңағы ғажайып иіс одан сайын жұпары аңқып күшейе түсті.
Есік алдындағы ала төбет ұли жөнелді.
Соңы.
2024 жыл. Наурыздың 29 жұлдызы.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.