Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Серікбол Хасан: «Өлеңді көз жасына батырып жіберуг...

01.09.2015 4634

Серікбол Хасан: «Өлеңді көз жасына батырып жіберуге болмайды»

Серікбол Хасан: «Өлеңді көз жасына батырып жіберуге болмайды» - adebiportal.kz

 




«Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты-жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып жариялауды жалғастырады. Бүгін назарларыңызға жас ақын Айдана Сегізбаеваның өлеңдеріне ақын Серікбол Хасанның жазған пікірін ұсынамыз. 



www.adebiportal.kz




1536648_292545170938648_3933679294840017742_n.jpg


 

Шаршатқанда жанымды күндізгі іңір,

Жанарыма аппақ ай кіргізді нұр

Ойларымды ойнатып жетегінде,

Жымыңдайды жырақтаан жұлдыз-ғұмыр.

 

Қандай жұмсақ даланың түнгі лебі,

Көкті аңсаймын. .. сағынам. .. кімді? нені?

Жүрегіне анамның ағып түскен,

Жарық жұлдыз шығармын кім біледі?!

 

Жұрт ұйқыға кеткенде түн ауғанда,

Мен малынып отырам бір арманға.

Ай-жұлдызға қараймын таң атқанша,

Тағы бір күн өмірлік нұр алғанға.

 

Дес бермеймін нажағай, жасындарға,

кемпірқосақ керіліп асылғанда.

Жұлдызымды жағамын оңашаға,

Өз аспаным шайдай боп ашылғанда.

 

Жұлдызымды жағамын оңашаға,

Сөндірмесін өсекпен бала-шаға.

Аса жарық көрінер жырақ тұрса

Кіп-кішкене көрінер аласаға. ..

 

Мені елітіп жүреді ертегі-өмір

Басылмайды арманшыл ерке көңіл

Шығыстағы анамның жүрегіне

Ағып түсті бір жұлдыз ертеде бір...

 


***

 


Мендегі түн əлдилі,

Жанарымда ақ жұлдыздар қалғиды.

Түн ауғанда тылсым сəтті сүйемін,

Тыныштығым тіл қататын əр күйлі.

 

Бар əлемді тербегенде түн-бесік,

Мен отырам ұшан-теңіз жыр кешіп.

Түсініксіз тіршіліктен екеуміз,

Қашайықшы бірлесіп.

 

Ап қалады ақ сəулелі таңсəрі,

Арманымның алыста еді аңсары.

Шынайы өмір суық əрі сұрғылтым,

Мен шаршадым...

 

 

***

 


Кіммін мен...

Жұлдыз жасты мөлдіретіп түнге ілген.

Тереземнен түнгі қала телміріп,

Таң атқанша отырамын күмбірмен.

 

Кіммін мен?!

Ақ қауызы ашылмаған гүлмін мен...

сабағында сансыз күндер үзілген,

Аман қаларымды кім білген?!

 

Кім екенін тірі пенде білмейді,

Мəнсіздіктен мəн іздеген гүлдейді.

Мəнсіздікке мойынсұнған кірлейді,

Содан мəнсіз бірін-бірі күндейді.

 

Толқын-тағдыр тыңдамайды тізгінсіз,

Меңіреу бақ тіл қатпайды бізге үнсіз...

Түсініксіз... мен адасқақ арманмын,

Ал, сіз кімсіз?...

 

 

***


 

Мен бәлкім ақымақпын,

Анау мынау бақыт деп шатымақпын.

Негізінде ешкімге керегі жоқ,

Жел өтінде үзілген жапырақпын.

 

Баянсыздау тағдырым баққа арнаған,

Сыйғызбады маңдайға мақпал ғалам.

Мен жапырақпын əуеде қалқып жүрген,

үзілсе де ешкімге тапталмаған.

 

Өзге əуеден жоқ менде басқа тұрақ,

(Болашағым əрине бас қатырад)

Тағдыр желі соққанда қорғансыз қап,

Үзілмесін тағы да жас жапырақ.

 

 

***


 

Шағала-хаттар самғады саған шарқ ұрып,

Хатымда менің жартылай күдік, жарты үміт

Неге екен сені сенімсіздіктерге қимайды,

Алқызыл жүрек алқынып...

 

Өкпелі сəттер жанымда бір күн тоқтамай,

Мені өртесе де өкініштер мен от талай.

Толқын көңілім толқып та барып сағынып,

Жағаңды сенің соққаны ай...

 

Жаныңда ғана жабырқау жаным тыншиды,

(Осылай ессіз өзгеше сені кім сүйді?)

Салқындық сезсе секемшіл үнсіз жүректен,

Ып-ыстық тамшы ыршиды.

 

Көзімде ғана көңілдің үнсіз өкпесі,

Өшкен өкпемді көзімнен енді төкпеші...

Жалған өмірде жалған сезімге ермеймін,

Тек Жанымнан  кетпеші...

 

 

***

 

 

Кеш болса да... жүрек бəрін түсінді,

Əмірінен қаша алмаймыз оның біз.

Айдынымнан қыз ғұмырды ұшырды,

Жүрегіме қоныс тепкен қоңыр күз!

 

Қуанышқа құмар едім, шаттыққа,

Махаббатқа адал едім. ..ақ едім!

Аңғал көңіл, сен ашуға аптықпа,

Айнымалы адамдардың əлемін.

 

Амал қанша патша көңіл пендеге,

Сезіміңді сезіп тұрып сезбесе.

басқаша əлем кезіп жүрмін мен неге,

Шынайы өмір өзгеше!

 

 

***

 

 

Телефоным

тағы да үнсіз, тағы да хат келмеді,

(қандай қиын сезімнің жат көргені)

ақ жүректі ақтарған армандарым,

алдап кете береді әттең мені.

 

Телефонға телмірген сағаттарым,

Көңілде алаң, жанар мен қабақта мұң.

Торғын күндер тоқтаусыз жұбатады,

Мәнсіз өткен әр күні әр аптаның.

 

Сен мен үшін шарқ ұрған қайда көңіл,

Армандарды ұшырдық айға небір.

Қабағымда бұлт болып үйріліп тұр,

Табанымнан тайқыған тайғақ өмір.

 

Жүрекке ұшқын жағатын от қалағам,

Көзіме көл бермеші көк Тағалам.

Жүрегімде жыр толқын тербеледі,

Жағасына қайық кеп тоқтамаған.

 

 

***

 

 

Ақша бұлтты Көкке қолын көтерді ой,

Көктемдегi соқыр жауын ұнайды.

Мына аспан да мен секiлдi екен ғой

Күліп тұрып жылайды.

 

Аспан Ашық, күлiм қағып күн алтын,

Қара жерге қамқорлыгын төгеді.

Үлбiреген нәзік бұлттар жылаңқы,

Жылағысы келеді.

 

Соқыр жауын менің анам секiлдi,

Құшагына қысып тұрып ұрсатын.

Ақ жауынға күтіп тұрып бетiндi,

Жылап және күлшi акын.

 

Тағдырласпыз тек табиғат жазықты,

Жыламауга жетпейтугын шыдамы.

Сәл мұңайды бир ақ сәтте нәзіктік,

Ағыл тегіл жылады.

 

Қабақ шытпай, қарсы шыкпай ешкімге,

Тамшы болып төгілем.

Дал осындай жылауықтау кескінмен,

Аспан болып көрінем.

 





 

«Өлеңді көз жасына батырып жіберуге болмайды»

 

 

1471098_595696127223764_2890391774225276189_n.jpg

Бұл автор жұлдызға ғашық қыз екен. Олай дейтінім, бір өлеңінде «жарық жұлдыз шығармын кім біледі» дейді, тағы бір өлеңінде «жанарымда ақ жұлдыздар қалғиды» деп жазыпты. Келесі бір өлеңінде «жұлдыз жасты мөлдіретіп түнге ілген» деп келтіреді. Және ақынның жас қыз бала екенін де біліп қойдық. Анығында «ақ қауызы ашылмаған гүлмін мен», «айдынымнан қыз ғұмырды ұшырды» деп өзі білдіріп қойды. Сонымен, жас ақынның жырына өзімізге баға беруге тырыстық.


Біраз іздеген, оқыған ақын екенін көрініп тұр. Бірақ, ұйқасы, көркемдігі әлі әлсіз. Әлде де тілін, техникасын жетілдіре түсу керек сияқты.

Бұл өлеңдердің авторы сыршыл ақын екен. Көбіне табиғатпен тілдеседі, мұң шағады. Қуанатынымыз, адам жаны мен табиғатты үндестіре біледі. Өлеңін сезіммен жазады. Бұл қыз баланың табиғатына лайық шығар. Бірақ, сезіммен жазылған өлеңді араға біраз уақыт салып, қайта оқуға кеңес берер едім. Сонда кеткен қателіктер көзге ұрып тұрады.

Тағы бір байқағынымыз, автордың өлеңдері «жылауық» екен. «Ып-ыстық тамшы ыршиды», «көзімнен енді төкпеші», «көзіме көл бермеші», «күліп тұрып жылайды», «ағыл тегіл жылады»,  «бұлттар жылаңқы, жылағысы келеді», «жылап және күлшi ақын», «жыламауға жетпейтұғын шыдамы», «тамшы болып төгілем» деген жолдар соның айғағы. Бір емес, бірнеше жерде өлеңді жылатып жіберген. Әрине, өлеңнің өн бойында мұң болғаны дұрыс та шығар, бірақ тұтастай көз жасына батырып жіберуге болмайды...

Алдымен, әттеген-айлардан бастасақ. Алғашқы өлеңнің алғашқы шумағында айлы түннің әдемі суреті бар. Алайда, «жұлдыз-ғұмырмен» ұйқастырғысы келді ме екен, «күндізгі іңір» деген жасанды тіркес шумақты бұзып тұр. «Көкті аңсаймын» дегені жүрекке жылы тиді. Өйткені, ақындардың әлденені аңсауы заңды құбылыс (ол туралы «Ақындар аңсаған мекен» деген мақаламда жазғам).

«Мен малынып отырам бір арманға» деген жол да өлеңнің сәнін қашырып тұр. Маған ғана солай ма, «малыну» сөзі ластану, бүліну секілді әсер береді де тұрады. Сол сияқты «Мені елітіп жүреді ертегі-өмір» деген жолдағы «елті» де өлеңнің өңін бұзатындай. Шоқанның «Жыны бар әйелдерді «елті» деп атайды» дегені бар еді ғой. Соны оқып алғасын ба, «елті» зат есіміне туындаған етістіктердің бәрі маған жаман мағына береді де тұрады. Бұл да енді өз ойым.

«Ақ жауынға күтіп тұрып бетiңдi» деген жолдағы, «күтіп» деген сөзді «тосып» деп өзгертіп жіберген дұрыс болады-ау. «Мен отырам ұшан-теңіз жыр кешіп» деген жолда да кемдік бар. «Күн кешіп» деуге келетін болар, бірақ «жыр кешіп» деген тіркес нанымсыз.

Жүрекке ұшқын жағатын от қалағам,

көзіме көл бермеші көк Тағалам.

Осы өлеңнің тігісін әлі де жатқызып жіберген дұрыс. Асығыс жазылғаны байқалып тұр. Ұшқыннан барып от шығады емес пе? Жалпы, ұшқын жағу, от қалау деген тіркестер дұрыс па өзі? Сосын екінші жолдағы «көк Тағала» деген не? Көк Тәңір ме, Хақ Тағала ма? Әлде екеуінен құралған жаңа сөз бе, түсініксіз.


Жалпы алғанда, мынау шумақтарды қайта қараған артықтық етпейді деп ойлаймын:

 

Жұлдызымды жағамын оңашаға

Сөндірмесін өсек пен бала-шаға

аса жарық көрінер жырақ тұрса

кіп-кішкене көрінер аласаға.


***


Кім екенін тірі пенде білмейді

мəнсіздіктен мəн іздеген гүлдейді

мəнсіздікке мойынсұнған кірлейді

содан мəнсіз бірін-бірі күндейді.

 

Енді ақынның артықшылықтарын айтайық. Кейбір өлеңдерінде сәтті шумақтар, әдемі тіркестер кезігіп қалып жатты. Мысалы, «жұлдыз жасты мөлдіретіп түнге ілген», «жүрегімде жыр толқын тербеледі», «торғын күндер тоқтаусыз жұбатады» деген жолдар тамаша емес пе?

 

Толқын-тағдыр тыңдамайды тізгінсіз

Меңіреу бақ тіл қатпайды бізге үнсіз.

Түсініксіз, мен адасқақ арманмын

ал, сіз кімсіз?


***


Жаныңда ғана жабырқау жаным тыншиды

(Осылай ессіз өзгеше сені кім сүйді?)

Салқындық сезсе секемшіл үнсіз жүректен

Ып-ыстық тамшы ыршиды.


***


Қуанышқа құмар едім, шаттыққа

Махаббатқа адал едім, ақ едім!

Аңғал көңіл, сен ашуға аптықпа,

Айнымалы адамдардың əлемін.


***


сен мен үшін шарқ ұрған қайда көңіл,

армандарды ұшырдық айға небір.

Қабағымда бұлт болып үйріліп тұр

Табанымнан тайқыған тайғақ өмір.

 

Осындай тұтастай сәтті шумақтар да бар. Негізінде бүгінгі ақын үшін осы да үлкен жетістік. Ең болмағанда бір шумағың жатталып қалса, жетістік емей немене? Автордың ақындық мүмкіндігі жоғары. Тек, әлде де талаптанса, ізденсе, өзіндік ізін салса деген тілегім бар. 




Серікбол Хасан






Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар