Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Соғысқа қарсы соғысқандар

17.03.2022 685

Соғысқа қарсы соғысқандар 12+

Классик жазушы Лев Толстой ойлары қанша уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтпай келеді. Көптеген зерттеушілер ақылманды ұғыну үшін оның жазбаларын талдап-таразылайды. Ғалым Айгүл Ісмақова Толстойдың соғысқа деген көзқарасы жайында оның әйгілі шығармасына тоқталып былай дейді: «Соғыс және бейбітшілік» – сол кезде асқақтап тұрған Ресей қоғамының айнасы болса, бүгінгі Ресей қоғамы үшін сын болып табылатын шығарма. Шетелде «Ресей халқын, оның психологиясын тану үшін Толс­той­ды оқу керек» деген қағиданы ұс­танатын интеллектуалдық орта бар. Олар үшін орыстың әлемдік дең­гейдегі шығармаларының көш ба­сында «Соғыс және бейбітшілік» романы тұрады. Әлем әдебиетінде Лев Толстой сияқты соғыс және бейбітшілік xронотопы негізінде текті мен тексіздің псиxологиясын һәм табиғатын анықтап, оның бет­пердесін нақты іс-әрекеттер ар­қылы ашып берген жазушы бол­ған емес». Ал қаламгер Думан Рамазан былай дейді: «Толстойдың шығармаларын оқып отыр­ғанда да көз алдыңа сол заман­ның кескін-кейпі, тыныс-тіршілігі мен адамдарының бейнесі елес береді. Сан түрлі оқиғалар мен көркем бейнелер көз алдыңнан тізбектеліп көшіп жатады… Тұшынасың, түйсінесің… Сөзбен сурет салады».

Бала кезімізде мектепке барар жолда құрбылармен бірге қарт кісіге үнемі сәлем беріп өтер едік. Өзімізше үлкендерден көріп алған әдет бойынша әлгі қарияның қолын алып амандасқанға мәз болып қалатынбыз. Ылғи да таң-азанмен жалғыз өзі мал жайғап жүретін ол бізді көрген сәтте әжімді жүзіне күлкі үйіріліп, марқаятын. Көзімізбен алғаш көрген Екінші дүниежүзілік соғыстың тірі куәгері еді ол. Қашан қарасаң да басына тақия киіп, оның астынан аппақ орамал байлап алатын. Оған қараған сайын қан майданда алған жарақаты жайлы ел ішінде айтылатын әңгімелерді еске түсіріп, таңырқайтынбыз. «Қырық жыл қырғын болса да ажалсыз адам өлмейді» екен ғой. Майдангердің басқалардан ерекшелігі бірден байқалар еді. Көппен етене араласпай, томаға-тұйық, ылғи да өзімен-өзі оңаша жүре беретін. Бәлкім, өзгелер түсіне де кіргізіп көрмеген қасіреттің дәмін татқандықтан оқшауланып қалған шығар. Әйтеуір, соғыс деген сөз шықса болды сол қарияның ойға орала кететіні бар.

Адам баласының тартқан тауқыметі мен көрген қорлығын ең бірінші болып түсініп, тіл қататындар ойшылдар мен жазушылар көрінеді. «Шынайы жазушылар – адамзаттың ар-ожданы» депті Л.Фейербах. Соғысқа қарсы күресіп өткен ақылман Толстойдың мысалы әлі күнге өзектілігін жоймай келеді. Өзі де майданда жүріп, қан-қасапқа куә болған классик өмір бойы тыныштық пен бейбітшілікті көксеп өтті. Жазушының «Екі соғыс» деген антиәскери жазбасында оның соғысқа деген жиіркеніші мен қарсылығы көрініс тапқан. «Қазір христиан әлемінде екі соғыс жүріп жатыр. Рас, оның бірі аяқталған, екіншісі әлі біткен жоқ, бірақ екеуі де бір мезгілде жүрді және олардың арасындағы қарама-қайшылық таңғалдырады. Біріншісі, яғни аяқталған соғыс ескі, бекершіл, ақымақ әрі қатыгез, мезгілсіз, артта қалған пұтқа табынушылық соғысы, бір адамдарды өлтіру арқылы басқа адамдарды қалай және кім басқару керек деген мәселені шешкен испан-американ соғысы. Екінші, қазірге дейін жалғасып келе жатқан және барлық соғыс аяқталғанда ғана аяқталуы тиіс тағы да бір соғыс – бұл бір махаббат пен ақылға негізделген жаңа, жанқиярлық, қасиетті соғыс – соғысқа қарсы соғыс (В.Гюго съездердің бірінде айтқандай), яғни ең үздіктер, адамзаттың ең озық бөлігі дәл сол адамзаттың өрескел, жабайы бөлігіне қарсы – христиандар, кавказдық руханилар соңғы уақытта күшті Ресей үкіметіне ашқан соғысты ерекше қарқынмен және табыспен басқарып келеді» дейді Толстой. Жазушы пікірінше, екінші соғыс – әскери қызметтен бас тартқан әлемдегі ең жақсы адамдар, өзі айтқан «бірнеше христиандар», яғни кавказдық руханилар Ресей үкіметіне қарата ерекше әрекет еткен соғысы. Әскери қызметтен бас тартқан адамдардың, «соғысқа қарсы соғыстың батырларының», ұрыста немесе жазалау камераларында, не болмаса қатты қуғында қаза тапқандардың есімдерін келтіре отырып, «Бір соғыс бәрін жаулап алды, ал екінші соғыс туралы ешкім де білмейді десе болады» деп жазады жазушы. Ол соғыстардың туындау себебін «әскер мен зорлық-зомбылыққа» негізделген мемлекеттің агрессиялық сипатынан көреді. «Мемлекеттердің барлығы бейбітшілікті қалайтынына сендіреді, сонымен бірге бәрі бір-біріне қарсы қаруланады» дейді ол. Толстой мына бір ойын жеткізеді: «Біздің заманымыздың адамдары рухани күштің мәні мен әрекетін түсінуі керек». Жазушы «адамдар өзіне берілген қарудың құдіретіне сенсе» және әрбір адам «өз санасы мен ар-ожданына» еретін болса бейбітшілік орнайтынына сенеді. Толстой соғысты адамдардың бір-бірін себепсіз жойып жіберу құралы ғана екенін және ол белгілі бір жоғары таптың мүддесімен астасып жатқанын баяндайды. Халықты бір-бірін өлтіруден бас тартуға шақырады. Егер ақылға салса, ешбір адам соғыспауы керек еді. Дүние өз орнында тұруы үшін де бейбітшілік үстемдік құруы тиіс. Бірақ бәрібір қантөгіс болып жатады. Жазушы былай дейді: «Барлық мемлекет адамдарды алдап: мен басқарып отырған сендерді басқа халықтар жаулап алу қаупі бар, мен сендердің амандықтарың мен қауіпсіздіктеріңді қорғаймын, сондықтан маған жыл сайын миллиондаған рубль, еңбектеріңнің жемісін беруді талап етемін, мен оны сендерді қоғауға арналған қару, пушка, порох, кемеге жұмсаймын; одан бөлек, мен құрған ұйымға баруларыңызды талап етемін, сонда сіз бір үлкен машинаның – мен басқаратын армияның ақылға сыймайтын бөлшектеріне айналасыз. Бұл армияда бола отырып, сіздер адам болудан және өз еркіңізден бас тартып, менің қалағанымды істейсіздер. Бәрінен бұрын, мен басқаруды қалаймын; бірақ мен қолданатын үстемдік құралы – кісі өлтіру, сондықтан мен сендерге кісі өлтіруді үйретемін». Кісі өлтіруге қарсы қаруланған руханилардың күресі миллиондаған адамның көзін ашқанын жазушы үлгі етіп көрсетеді. Олардың қаруы ең әуелі рухани-идеялық қару, яғни жер бетіндегі соғысқа, адам өлтіруге қарсы қару. Қантөгіске, жазықсыз жандарды жазалауға қарсылық танытып күрескендер өздері де тар қапасқа түсіп, азап шеккенін, бірақ берілмей, өз идеясына адал боп қалған Дрожжин, Изюмченко, Ольховик пен Середа есімді шаруалардың ерлігін Толстой жоғары бағалайды. «Ольховиктің әскери қызметтің күнәсі туралы айтқанын түсінген Середа басшыларға келіп, ежелгі шейіттер айтқандай: «Мен азаптаушылармен бірге болғым келмейді, мені азап тартушылар қатарына қосыңыз» деді және оны азаптай бастады, содан кейін тәртіптік батальонға, артынша Якутск облысына жіберді. Мен ондаған руханиларды білемін, көпшілігі қайтыс болды, соқыр боп қалды, бірақ олар Құдайдың заңына қайшы келетін талаптарға бағынбайды» дейді Толстой.

Толстой күресі тоғышарлық пен немқұрайлыққа қарсы күрес. Әлемде адам қолымен жасалатын апаттардың астарында осы екі мінездің жатқанын байқауға болады. Әркім өзі сызып алған сызықпен ғана жүріп, жан-жағына қарамаса, өмір сүретін қоғамындағы оқиғалар мен өзгерістерге тіл қатпаса, онда ол өзгеге қолайлы болған қағидаға өз еркімен көндіккенін білдіретіндей. Толстой «Екі соғыс» жазбасында жоғары тап мүддесін көздейтін тиімсіз «заңға» әр адам қарсылық таныту керегін мысалмен жеткізеді. Жазушы америкалық Джесси Глодвин деген адамнан хат алғаны жайында айта келіп, хат жазушының өзіне айтқан кішігірім өтінішін мысалға келтіреді. Жазушыдан Америка ұлтының игі ісіне, сарбаздары мен теңізшілерінің ерлігіне деген сезімін білдіруді өтінген хат жайында «Бұл мырза, американдықтардың басым көпшілігімен бірге, бірнеше мың қарусыздарды (американдықтардың қаруына қарағанда испандықтар қарусыз деуге болады) ұрып-соққанын күмәнсіз игілікті іс» деп ойлайтынын және оған өзінің да пікір білдіруін сұраған хатын мысқылдайды. «Бұл ақылсыз қарияның қайраты тасыған жаспен төбелесіндей» ақылсыз әрекет дегенге келтіреді. Ақыл мен ар-ожданға сүйенген жан соғысты тоқтатуға, болдырмауға қауқарлы деп көрсетеді.

Этимологияда соғыс сөзінің бір мағынасы «аңшылық» дегенді білдірсе, антына адал әскерилер «соғыс – жерді қорғау мақсатындағы ең соңғы шара» дейді. Азаттық үшін басқа жол қалмағанда ғана қолға қару алып, айқасқа шығасың. Ал Толстой болса қандай да бір соғыс өзін ақтап ала алмайтынын, Құдай заңына қарсы әрекет екенін айтады. «Барлық соғыс аяқталғанда ғана аяқталуы тиіс». Ақылман Толстойдың «соғысқа қарсы соғысы» әлі де жүріп жатқандай.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар