Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Айнаш Қасым. Парвин – дәстүрлі әдісті жалғастырған...

09.04.2024 1481

Айнаш Қасым. Парвин – дәстүрлі әдісті жалғастырған жаңа заман ақыны 14+

Айнаш Қасым. Парвин – дәстүрлі әдісті жалғастырған жаңа заман ақыны - adebiportal.kz

Отыз бес жыл ғана өмір сүрген қысқа ғұмырында қасида, мәснәуи, қыта жанрларындағы жыр жинағын мұра етіп қалдырған, жаңа дәуір әдебиеті кезеңінде өмір сүргеніне қарамастан классикалық әдебиет өкілдері ізімен дәстүрлі тәсілде жыр жазған ирандық әйел ақындардың бірі – Парвин Етесами. Ата-анасының Парвинге азан шақырып қойған аты Рахшанде болған. Парвин Етесами 1907 жылы Табриз қаласында сол замандағы ғылым-білімді терең игерген, араб, түрік, француз тілдеріне жетік әкесі Исуеф Етесамидің зиялы әулетінде дүниеге келді. Иусеф Етесами жас кезінде Теһранда екі жылдай «Баһар» журналын шығарып, аудармалары арқылы ирандық оқырманды Еуропаның әдеби жауһарларымен таныстырды. Әкесінің аудармалары кейін ақын қыздың шығармашылығына әсер етіп, өлеңдерінен көрініс берді. 

Жеті-сегіз жасынан бастап өлең шығарған Парвинге әкесі парсы, араб тілдері мен әдебиеті дәрістерін мұғалім жалдап, үйде оқытты. Оның үйінде Әли Акбар Деһхода, Мұхаммед Тақи Баһар, Аббас Ықбал Аштиани, Саид Нафиси сияқты белгілі ғалымдар мен ақындар бас қосып, жиналатын. Осындай кісіліктері мол адамдардың шарапатты сөздерінің жасөспірім қыздың ақындық шығармашылығының қалыптасуында әсері зор болды.

Парвин Тегеран қаласындағы қыздарға арналған америкалық мектепте ағылшын тілін оқып үйренді.
1925 жылы мектепті тәмамдаған соң сол мектепте бірнеше жыл сабақ берді. Он тоғыз жасында Керманшаһтағы полиция бастығы лауазымындағы ағайындарының біріне ұзатылды. Бірақ ерлі-зайыптылардың дүниеге көзқарастары мен ой-пікірлерінің әрқилы болуына байланысты жаңа құрылған отаудың шаңырағы шайқалып, Парвин көп ұзамай Тегерандағы әкесінің үйіне оралды. 

Кейбір зерттеушілер Парвиннің «Ей, гол! То зе джамиате голзар че диди? Джоз сарзанеш, бадсарие хар че диди- «Уа, гүл! Сен гүлстаннан не көрдің? Тікеннің айыптағанынан басқа не естідің?» деп басталатын өлеңін осы жағдайға байланысты жазылған деп топшылайды. Парвин 1936 жылдан бастап мұғалімдер даярлайтын институттың кітапханасына қызметке тұрып, ғұмырының соңына дейін сол жерде еңбек етті. 

Сүзек ауруына шалдыққан отыз бес жастағы ақынның жас жүрегі 1942 жылы кенеттен соғысын тоқтатты. Ақын өлім аузында жатқанда өз қабіріне қойылатын мәрмәр құлпытасқа жазылатын «Ин ке хаке сиаһаш балин аст»-«Бұл қара тас төсек болды» деген өлеңін жазып қалдырды. Дәл сол жылы әкесі Парвинге өлеңдер жинағын шығаруға рұқсат берген еді. 
Ақынның алғашқы өлеңдер жинағы Мұхаммед Тақи Баһардың алғысөзімен жарыққа шығып, жас ақын парсының танымал ақындарының қатарына қосылып, әдеби ортада танымалдыққа ие болды.

Әли Акбар Деһхода «Амсал ва хекам» деп аталатын төрт томдық қомақты жинағының бірінші томында Парвин өлеңдерін парсы әдебиетіндегі үлгілі, нақылға толы сөздер ретінде Малек аш-шоаройе Баһар, Адибе Пишавари, Яхия Доулатабади сияқты сол замандағы көрнекті ақындардың шығармашылығымен бір қатарда талдады. Содан бастап көпшілік Парвин Етесами өлеңдеріне ден қоя бастады. 

Парвиннің жаңа дәуір әдебиеті ақыны болғанына қарамастан, шығармашылығынан орта ғасырлық классик ақындардың лебі сезілу себебін ирандық белгілі ғалым Абдулхосейн Зарринкуб жас қыздың ақын болып қалыптасуына әсер еткен әдеби орта өкілдері төңірегінде қарастырып, былай түсіндірді: «Хорасан стилінің шебері Малек аш-шоаройе Баһар Фаррохи, Анвари, Мази шығармашылығына ерекше ықылас білдірді. Саид Насыр Аллаһ Тақва Насыр Хұсрау жинағының құрастырушысы әрі жауапты шығарушысы болуымен қатар, Санаи стиліне еліктеді. Әли Акбар Деһхода Моулана мәснәуилері мен Санаи шығармашылығын жоғары бағалады. Парвиннің әкесі Етесами әл-Малектің жазбаларынан да Фирдоуси, Сағди, Низами сияқты бұрынғы заман ақындарының шығармаларын жақсы білгені байқалады. Аббас Ықбал және «Баһар» журналымен азды-көпті шығармашылық байланыста болған басқа да адамдардың ескі стильдегі өлеңдерді жоғары бағалайтындықтары аңғарылады».

Иран әдебиетінің жаңа дәуірі 1922 жылы Нима Иушиждің «Әпсана», Жамалзаденің «Йеки буд, йеки набуд»-«Ерте, ерте, ертеде…» әңгімелер жинағымен, Машфақ Каземидің «Теһране махуф»-«Қорқынышты Тегеран» романымен және Хасан Моғаддамның «Жафархан аз фаранг амаде»-«Жафархан Еуропадан келді» пьесасының жарық көруімен басталды. Ол кезде Парвин он алты жастар шамасында екен. Балаң ақынның үлгілі ақындарға еліктейтін кезі. Әйтсе де Парвин сол кезеңнің аты аңызға айналған ақыны, парсының дәстүрлі өлең үдерісінде төңкеріс жасап, парсы өлеңіне жаңа мазмұн, жаңа пішін енгізіп, «Парсының жаңа өлеңінің атасы» атанған Нима Иушиж шығармашылығына бет бұрмай, кейбір қатарластары сынды жаңа заман ақындарына ілеспей, Мохаммад Хосейн Шаһриар, Амири Фирузкуһи, Пажман Бахтияри, Хамиди Ширази сияқты дәстүрлі әдісті жалғастырған замандастарының алды болды. Мысалы, жаңа заман ақындарының бірі Ахмад Шамлу бұрынғы заман ақындарын сынап, олардың әдістерінен бас тартып: «Бұрынғы ақындардың өлеңдері өмір жайлы емес еді. Олар құр қиялға ерік беріп, шарап пен жарды ғана жырға қосатын. Күндіз-түні ғашығының бұрымын ермек етіп, шарап тостағанына жармасып, жер құшып, мастықпен: «Құдай!» деп күңіренетін еді» жазды. Парвин шарап пен жарды, тұспалдап болмаса, ашық түрде ғашық оты мағшұқты жазбады. Әйтсе де жанр жағынан классиктер салған сүрлеумен жүрді. Бұл да ақынның өзіндік өмірлік ұстанымын аңғартса керек.

Парвин Етесами қыта, қасида, мәснәуи, тәмсіл, мұсаммат сияқты әдеби жанрларда өлең жазды, ғазал жанрына қалам тартпады. Әсіресе, ол қыта мен қасида жазудың шебері болды. Парвин қасидаларының үштен бірі насихат үлгісінде жазылды. 
Зерттеуші М.Д. Йахақидің пайымдауынша, Парвин қасидаларынан Насыр Хұсрау әдісі байқалғанымен, жатық, қарапайымдылығы жағынан Сағди стилінінен кенде еместігі сезіледі. Сол себепті Парвин шығармашылығында «хорасан» мен «арақи» стильдері араласып, өзгеше, өзіндік стиль пайда болды. 

Парвин қыта жанрында Санаи мен Анвари әдістеріне көбірек ынта қойды. Парвиннің қыталары көбінесе диалог, екі адамның – «Ұры мен төреші», «Мас пен ақылшы», екі жануардың – «Құмырсқа мен жылан», «Қасқыр мен ит», «Қасқыр мен шопан», «Бұлбұл мен құмырсқа»; екі заттың – «Жанар мен жүрек», «Ақ пен қара», «Тұнық пен тұнба», «Гауһар мен тас», «Бас пен тас», «Таба мен қазан»; гүл мен табиғаттың – «Гүл мен тікен», «Гүл мен шық», «Гүл мен топырақтың» өзара сөйлесуі түрінде келеді.

Әдебиетте «мұназара» «айтысу, «дауласу» деп аталады. Мұназара – парсы әдебиетінде бұрыннан бар әдіс. Бұл тәсіл Онсори, Асади Туси, Анвари, Низами, Сағди, Салман Савуждың кейбір шығармаларында кездессе, Фәрид әд-Дин Аттардың «Илаһинамесінде» кеңінен қолданылған. Парвин өз шығармашылығында осы әдісті жандандырып, жаңа белеске көтерді. Әдетте мұназара тәсілі қолданылған өлеңнің кіріспе бөлімінде кейіпкердің бірі өз хал-жағдайынан сыр шертіп, не мақтанады, не мұңын шағады немесе екінші жақтағы кейіпкермен сырымен бөліседі. Кейде оны айыптап, мінін бетіне басады. Негізгі бөлімінде қарсылас жақ бірінші кейіпкердің айыптары мен таққан кінәларына жауап беріп, өзін қорғауға тырысады. Қорытынды бөлімнің жүгін кейіпкер арқалайды. Ақын екі кейіпкердің айтысын қорытындылап, өзіндік шешім шығарады.

Парвин Қажар әулеті (1795-1925 ж.ж.) билік еткен заманда дүниеге келіп, кейін билік Реза шаһ Пәһләвидің (1925-1941ж.ж.) қолына өткен екі билеушінің қоғамында ғұмыр кешті. Өзгерген жаңа қоғамда өмір сүрген ақын үшін кейіпкерлерінің біріне сұрақ қойғызып, екіншісіне жауап бергізіп, сөйтіп солар арқылы өз сөзін, өз үнін, өзіндік ұстанымын жеткізетін мұназара тәсілі оңтайлы болған. 

Сыртқы пішіні жағынан алып қарағанда ерекшелігі мен жаңалығы жоқ сияқты көрінетін Парвин қыталарынан ақынның заманаға, билік тізгінін ұстаған шенеуніктерге деген мысқылы, көлегейленген кекесіні мен астарлы әжуасы сезіледі. Бұл белгілер ақынның «Мұназара», «До ғатре хун»-«Екі тамшы қан»-«Маст о һушиар»-«Мас пен ақылшы» тақылеттес қыталарынан көрініс тапты.

Мас пен ақылшы

Шариғат сақшысы маскүнемнің жағасына жармасты.
Абайла, дос! Бұл жүген емес, жейде ғой!
Себебі, сен сүрініп-жығылып бара жатырсың!
Менде не кінә, жол тегіс емес!
Сені қазының үйіне ертіп бармасам ба!
Азанда болмаса, түнде қазы ояу ма екен?
Уәлидің сарайы жақын маңда, жүр сонда!
Жеті түнде уәли шарапханадан басқа қайда дейсің?!
Сақшыға хабар бергенше мешітте қонып шық!
Мешіт теріс қылықты жан түнейтін жер ме екен?
Жасырып динар бер де, өзіңді азат ет!
Шариғат ісі дерһам, динармен шешілетін бе еді?
Бас сауғаң үшін киіміңді шешіп аламын!
Тозығы жетіп, сау тамтығы да қалмаған!
Қалпағыңның түсіп қалғанын да байқамағансың!
Баста ақыл болу керек, қалпақсыз қалу ар ма екен?!
Шарапты көп ішкенің сондай, есіңді де білмейсің!
Ей, мылжың! Есімді білмей не көрініпті?!
Ақылды жұрт масты жөнге салуы керек!
Ақылшыны көрсетші, бұл жерде ақылды адам жоқ!

Ақын шығармашылығын мазмұны жағынан үгіт-насихат, кедейшілік пен мұқтаждық, ана мейірімі сияқты тақырыптарға бөлуге болады. Әсіресе кедейшілік пен мұқтаждық тақырыбы Парвин шығармашылығының негізгі бөлігін құрайды.

Сол себепті кейіпкерлерінің дені – жылаған жетім бала, бегі бүгілген кейуана, аяғы талған масақшы, қары талған шөпшек теруші, басынан бағы тайған қария, бақытсыз тұтқын, жарлы жігіт сияқты қоғамның төменгі саты өкілдері. 

Парвин Етесамидің қоғамдағы теңсіздік пен әділетсіздікке, жетімнің көз жасы мен жарлының наласына немқұрайды алмайтын адамгершілік, ғибраттық, үгін-насихаттық мұрат тұрғысында жазылған өлеңдерінің мазмұнынан гуманист ақын Сағди туындыларының әсері болғаны жақсы сезіледі.

Парвин «Жетімнің көз жасы» атты шығармасында елдің мал-мүлкін талан-таражға салып, үлде мен бүлдеге оранып бара жатқан шаһтың тәжіндегі жылтыраған асыл тасты көзі шалып қалған жетім баланың сұрағына белі бүгілген кейуана арқылы жауап беріп: «Бұл менің көз жасым мен сенің жүрегіңнің наласы» ғой деп, қара халықты малға, патшаны отарды қорғаған қасқырға теңеді.

Ақын қарияның тілімен «Жетімдердің көз жасына қарасаң, гауһар тастың жылтырау себебін түсінесің» дейді. Парвин қаламының қарымымен патшаны ұры атап, оның әрекетін еш бүркемесіз әшкере бейнелеуі де ақынның батылдығының, еркек кіндікті замандас ақындарының көбінің батылы жетіп айта алмаған, шындықты көрсете білген жүректілігінің белгісі.

Парвин кейде кедейшілік пен жоқшылықта күй кешіп жатқан кейіпкерін бірінші жақтан сөйлетіп, ішкі жан күйзелісін, мұң-мұқтажын өзіне күңіренте ақтартып, монолог үлгісінде берді.
Мәселен, «Андуһе фақр»-«Пақырдың наласы» қытасындағы кейуананың хәлі оқырманын бейжай қалдырмайды:

Кейуана ұршығына мұңын шағып:
«Уһ, жіп иіремін деп шашым ағарды.
Қайта-қайта иіліп, саған көз тіккенім соншалықты,
Жанарымның нұры суалып,
Белім бүгілді.
Лашығымның үстіне бұлт үйіріліп,
Көз жасын көлдетті.
Қыс түсті.
Дүниенің ырзығынан мақұрым менен басқалар
Қыстық отынын қамдап алды.
Ешкім біреуге тегін отын мен көмір бермейді.
Егер аңдасаң, бұл – арман, келесісі – үміт.
Құс екеш құс та ұясын қымтап жауып алды.
Жорғалаған аң да бұрыш бұрышқа тығылды.
Жамап-жасқаудың күйігінен
Саусағыма жүрек қаны тамшылады.
Киімімнің торланбаған жері қалмады.
Бір жағын жамасам, екінші жағы сөгіліп кетеді.
Кеше инемді сабақтайын дегенде
Қолым дірілдеп, көзім көруден қалды.
Көбінесе аш ұйықтайтын болғандықтан,
Мұрным көршінің тамағының иісін сезеді
Үйімнің төбесі сыланбағандықтан,
Бұлт пен жаңбыр көрсем, жүрегім дүрсілдеп кетеді.
Үйінің тесік төбесі елек сияқты болса,
Қар мен балшықтан адам қалай жай табады?
Өрмекші таңертең перденің орнына
Жарық төбеге өрмегін тоқиды.
Замана бағында бүршікті тамашаламақ болған аяғыма
Қадам басқан сайын тікен қадалады.
Тауқыметті көп тартқаным соншама,
Көзімнен жас сел болып ақты.

Шайыр өлеңнің соңында орта ғасыр ақындарының салты бойынша өзіне қарата сөйлеп: «Парвин, байлар жоқ-жітіктің қамын ойламайды. Сондықтан темір есікті босқа ұрғылама» деп аяқтайды.

Ақын шығармашылығының өн бойынан басты кейіпкерлерінің бірі кедейдің міскін халіне жаны ашығанымен, үнемі оны жақтай бермейтіндігі аңғарылады. Ол кедейдің бейшара күйге душар болуының себебін анықтауға тырысады. Алланың «Сенен әрекет
менен берекет» деген қағидасын естен шығарған жанның басты кінәсінің жалқаулықта екендігіне назар аудартады. Адал еңбекке үндейді: «Жомарт дастархан» шығармасында он екі мүшесі сау тіленші өзінің міскін күйі жайлы Аллаға мұңын шағып: «Бұл таразы, егер Алланың таразысы болса, неліктен алалау мен теңсіздік орын алған?» дегенде Алла Тағала оған: «Қолыңнан іс келмесе, оған өзің кінәлісің. Кітапты Алланың атын атап ашқанда, ықыластан басқа есік ашылмайды емес пе?! Біз сені несібесіз жіберген жоқпыз. Қажет дегеннің бәрін нәсіп еттік. Еңбек етсің деп қол бердік, дерһамың болса, динар етсін дедік. Қалаған жеріне жетсін деп аяқ бердік. Сөйтіп өзіңді құрдымнан шығарсын дедік» деп ары қарай оған өмірлік шамшырақ көз бергенін, топырақтан жаратқан денесіне дем салғанын, ақыл иесі еткенін, білегіне күш бітіріп, ынта, ықылас секілді баға жетпес қазыналарды сыйға тарқанын санамалап шығады.

Парвин шығармашылығын зерттеушілер ақынның заты әйел бола тұра ана мен әйел теңдігі мәселесін дұрыс көтере алмағанын, замандас құрбыларының жағдайын жазып, бұл тақырыпты өлеңіне өзек етпегенін айтып, айыптауға дейін барды. Дегенмен, Парвин шығармашылығынан тікелей осы тақырыпты қарастырған үш өлеңді кездестіреміз: «Ферештейе онс», «Наһале арзу», «Зан дар Иран».

Парвин «Ферештейе онс» өлеңінде әйелді болмыстың тұтқасы санап, оны періштеге балады. Платон, Сократ сияқты ғұламалардың даналық мектебінен тәрбие алғанын атады. Лұқпан хәкімнің де ананың ақ сүтінің арқасында мәшһүр болғанына назар аудартты. Ақын сол замандағы орта жастан асқан әйелдер мен аналардың, жетім қыздардың кедейшіліктің тауқыметін тартып, ауыр тұрмыста өмір сүріп жатқан хал-жағдайын «Андуһе фақр»-«Пақырдың наласы», «Тоһидаст»-«Кедей», «Тиребахт»-«Бақытсыз», «Шекайате пирзан»-«Кейуананың наласы», «Мадаре дурандиш»-«Көреген ана», «Нағмейе хушечин»-«Масақшының әні» сияқты өлеңдерінде ашып көрсетті.
Бұл мақалада ХХ ғасырдың басындағы Иран әдебиетіндегі некен-саяқ әйел ақындардың көшбасында тұрған Парвин Етесамидің өмірі мен шығармашылығының кейбір қырын ғана зерделеуге тырыстық. Ақын шығармашылығы өз елінде жан-жақты зерттеліп, ғалымдар тарапынан лайықты бағасын алған. Қазіргі таңда Парвин өлеңдерінің әлемнің көптеген тіліне аударылуына байланысты шетелдік зерттеушілердің де назарына ілініп, елінен жырақта да құрметке ие болуда.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар