Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Шона Смаханұлы және ұлттық амбиция ...

05.10.2018 11185

Шона Смаханұлы және ұлттық амбиция

Шона Смаханұлы және ұлттық амбиция  - adebiportal.kz

Ұлттық амбициясы мықты адамдар болады. Латынның осы амбиция сөзінің өзіне сан түрлі анықтама берілген. Өзін- өзі шектен тыс жақсы көру деген мағынаға саятын анықтаманың көп екенін байқауға болады. Бірақ сол «шектен тыс сүйіспеншілік» деген көзқарас кімнің көзімен қарағанда арнасынан асып кетіп отыр, бұл басқа мәселе. Әрине, белгілі бір кеңістікте амбицияң өзгелерге кедергі болатын болса, олар оны «шектен тыс» деп бағалауға бейліді. Ал, анығына келгенде амбиция да, «шектен тыс» деген межелеу де шартты, әрі дерексіз ұғым ғана. Мен Шона Смаханұлын жастайынан ұлттық амбициясын қалыптастыра білген қаламгер деп бағалар едім. Оның «Тотияйын» тіліне риза болып, өз дәуірінде оқырманы мен қаламдастарының арасында бағасы анықталып қойған. Бірақ бүгінгі таныммен қарайтын болсақ, оның жасаған әрбір қадамы сол мықты амбицияның нәтижесінде ғана жүзеге асқан.

Өзі анасынан ерте айрылған қаламгер, ұлтының ана тілінен айрылып қалмауы үшін күрескен. Ал күрескерлерде күдік пен кейінге қарай жалтақтай беретін мінез болмайды. Бүгінгі таңда түрлі психологиялық тренингтер жүргізетін коучерлер ең алдымен адамның арманымен ауыра алуы тиіс екенін айырықша жазып жатады. Расымен, ауырмасаң, арман арман күйінде көкейдің бір түкпірінде қалып қоя береді. Ал ауырсаң, көкейді тесіп, жүзеге асуы үшін мазаны алатын болса керек.

Шона Смаханұлының ішкі тінінің мықты болғанын Қажымұқанды алғаш көргендегі әсерінен- ақ байқауға болады. Бала Шона «балуан деген осындай бола ма, мен оны жыға аламын», деп айтқан деседі. Оны естіген төрдегі балуан баланы шақырып алып, алдына отырғызып, басынан сипалап отырып ұйықтатып тастаған екен. Елдің барлығы алдындағы баланың ұйқыға кеткеніне таңғалысыпты. Ал мен баланың сол кездегі ішкі буырқанысына қайранмын.

Сол кездегі ел астанасы болған Алматыдағы ана тілінің жағдайы қаламгердің қабырғасына қатты батып, Д.А. Қонаевтың алдына барғандығы да, әлгі біз айтқан арманмен ауыра алған адамның бетін қағу мүмкін еместігін дәлелдей түседі. Алдын- ала тіркелмей, тура тартып отырып, «Ол- Қонаев, мен- Шонаев, біз-туыспыз », деп айтып, ішке енуін- бергі жақтан тапқырлық, өжеттік деп айта салуға болатын шығар. Ал тереңдей алатын болсақ, жоғарыдағы айтқан мықты амбицияның көрінісі.

Әке мен шешеден ерте айрылған қаламгердің өзі білім іздеп Алматыға келген. «Әйтеуір адам қатарына іліндім ғой, мен кім едім, мен кешегі жетім едім ғой» деп өзіне ғана арналған аласа ғана мақсаттарды қоюына ешкім кедергі емес еді. Бірақ ішкі қуаты мықты жандар олай етпейді.

Соғыс бар, одан кейін шаруаға араласып, Алматыдағы студенттік жылдар қарбаласымен ақын 1950 жылыдан бері ғана таза шығармашылықпен айналыса алған. Есесіне ол- өнімді әдеби мұра қалдыра білген қаламгер.

Қазір ақын Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылының ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің мақтанышы.

Оның "Қу түлкінің сыбағасы" , "Ұры тіс" "Ұр, тоқпағым, ұр" "Айға ұшамын" "Жүз шымшыма, қырық қышыма" "Кездік" деп аталатын кітаптарына қарап, қазақ сатирасын қаншалықты деңгейге көтере алғанын аңғару қиын емес. Осы жанрда қалам тергемек болған жас сатирик, немесе сахнада жұртқа күлкі сыйламақ болған әртіс те, алдымен Шона Сманханұлының емтиханынан өтіп, кітаптарын оқып шығуы тиіс деп есептеймін. Сонда ғана бізде қазақы қалжыңның қаймағы бұзылмай, ал «күлкі» жанрының дамуы дұрыс бағытқа түсе алады.

«Мен Шонамын, шағып алатын сонамын», деген сөзі ол бала жасынан бастап- ақ айта алған.

Тіл мен салт-дәстүр, ұлттық мәдениет жайында сөйлем түгілі, сөз тіркесін айтуға болмайтын заманда- ақ оның тегі (фамилиясы) Смаханұлы болған. Тегіне –ов, -ев-ті жалғатпай, ешкімнен жалтармай, ұлы- деген қосымшаны қостыруға қазірдің өзінде онша жүрегі дауаламайтындар бар. Ал қаламгерді оқырманы осы Шона Смаханұлы деген ныспымен таныған.

«Жетоқсан оқиғасы» кезінде де ол ұлттық мүдделердің ескерілмей, тілдің жағдайының мүшкіл екендігін алаңға барып айтудан жалтармаған. Оқиғадан кейінгі тергеулер де оның өміріне әсер етеді.

Егемендік ала салған жылдары мектеп оқушылары :

«Анамның тілі - айбыным менің,

Анамның тілі - ай-күнім менің!

Сүйемін байтақ елімді туған,

Сүйемін мәңгі - өмірді думан», - деген қайырмасы бар «Анамның тілі» деп аталатын Әбиірбек Тінәлиев әнін жазған Шона Смаханұлының өлеңі жиі айтылатын еді. Бәлкім инновациялық бағытта білім алып жатқан оқушыларда бұл әнді айтып отыруға уақыт та жоқ шығар. Дегенмен, Алматыдағы қазақ мектептері мен балабақшаларының ашылуына барынша тер төккен тұлғаның ол сөздері Ана тілінің әнұраны болып қала береді.

Мен кейде осындай қыруар шаруаны шығармашылықпен қатар алып жүрген тұлғаның мотивациялық қуатты қайдан алғанын түсінбей дал боламын. Шамасы тұлғалық психологизмнің мықты тіні гендік ақпарат арқылы берілетініне қайран қаласың. Біз бүгін сергек жүріп, мақсатқа жеткен батыстық адамдардың өмірінен өнеге түюге құштарланып жүрміз. Шона Смаханұлы сынды тұлғалардың өмірнамасында біз бағамдай бермейтін мықтылық жатқанына аса мән бере бермейміз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар