Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Шоқан мен Мәлік. Ұлттық мұрат...

26.07.2019 9675

Шоқан мен Мәлік. Ұлттық мұрат 16+

Шоқан мен Мәлік. Ұлттық мұрат - adebiportal.kz

Қай дәуір болмасын, ұлтын сүйген ұлы тұлғаларға тән ортақ мұраты, атқарар қастерлі миссиясы болады. Осы мұрат Шоқан Уәлиханов пен Мәлік Ғабдуллиннің өмір жолы мен ғылыми зерттеуінде қалай көрініс тапты деген сұраққа мақалада жауап іздеген едік.

Қазақ топырағынан екінші мыңжылдықта шыққан тұңғыш кәсіби ғалым ретінде Шоқан Уәлихановтың есімі аталатыны сөзсіз. Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған ұлы жерлесіміз Әбу Насыр әл-Фарабиді өткен ғасырда тек қазақ өзіне меншіктеп алғаны болмаса, өзге көптеген ойшылдар мен ғалымдарымыз секілді, араб тілі арқылы өлмес туындылар жасаушы, түркі халықтарына ортақ тұлға. Ал Шоқан (Мұхаммедқанафия) Уәлиханов болса – еңбектерін орыс тілінде жазған қазақ ғалымы. Ғылым аспанында жарық жұлдыз болып көтеріліп, ерте ағып түскен ғалымның қамшының сабындай қысқа ғұмырында атқарған орасан ауқымды істері, жазып қалдырған құнды еңбектері үш ғасыр жүзінде әлемдік, отандық ғалымдардың назарында. Шоқан Уәлихановтың география, этнография, дінтану, экономика, тарих, әдебиеттану т.б. ғылымдар бойынша өз дәуірінің танымдық, зерттеушілік көкжиегі тұрғысынан тұжырымдаған ой-пікірлері ешқашан құнын жоймақ емес. Мысалы, Шоқанның қазақтардағы дін туралы айтқан кейбір ой-пікірлері діни ахуал қазақ қоғамынның санасын сарсылтуға таяған кей тұста өзекті ме ойлайтынымыз бекер емес.

Жоғарыда аталған және одан өзге де көптеген ғылымдар бойынша зерттеу материалдарын қалдырған Шоқан Уәлихановтың еңбек еткен үлкен бір саласы – әдебиеттану. Қазақ әдебиетін жанрға бөлуге алғаш талпыныс жасаған ғалымның түркі халықтары, оның ішінде қазақ, қырғыздардың әдебиеті мен мәдениеті жөнінде арнайы тоқталып, соқталы зерттеу еңбектер жазғаны белгілі. Сондықтан да Шоқан Уәлиханов – кейіннен А.Байтұрсынов теориялық, жанрлық, терминологиялық тұрғыда бекемдеген қазақ әдебиеттану ғылымына тұңғыш түрен салушы екендігі анық.

Отандық әдебиеттанушы ғалымдарымыз қазақ әдебиетінің тарихы, теориясы, фольклоры және дәуірлеу мәселелері тұрғысында Шоқан еңбектеріне, ондағы ой-пікірлерге жүгініп жатады. Академик-жазушы, филология ғылымдарының докторы Мәлік Ғабдуллин де қазақ халқының ауыз әдебиетін, оның ішінде батырлар жырын зерттеу барасында Шоқан Уәлиханов еңбегіне тоқталғанын көреміз. ХІХ ғасырдың ортасында Шоқан Уәлиханов арнайы жазып алып зерттеген «Ер Сайын», «Едіге» жырларын бұдан тура бір ғасырдан соң Мәлік Ғабдуллин де қарастырады және ғылыми мақалалар жазып, онда Шоқан Уәлиханов тұжырымдарына жүгінеді.

Мәлік Ғабдоллаұлы өзінің ең сүбелі еңбектерінің бірі «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты академиялық ғылыми зерттеуінде Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығына көңіл бөліп, арнайы тоқталады. Ғалым еңбегінде әсіресе, Шоқан Уәлихановтың ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, баспа бетіне шығару тұрғысындағы еңбегіне айрықша баға береді. «Халқына адал ниетімен қызмет етуді көздеген, соны арман еткен Шоқан, бұл жөнінде көп жұмыстар істеді. Соның бірі – қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жинап баспа жүзіне шығару, оны мәдениеті озық елдерге таныстыру болады және бұл Шоқанның алдына қойған зор мақсатының бірінен саналады», - деп атап көрсетеді.

Ғылым мен білімі бірнеше ғасыр бұрын жолға қойылған Еуропа ғалымдарының Шығыс әлеміне, сол жақтан ғалымдарға деген көзқарасы Шоқан ғылымға келген кезде тым жақсы деп айтуға келмейтін еді. Сондықтан Шоқан Уәлихановқа айналасындағы еуроцентристік көзқарастағы ғалымдардың көзін жеткізіп, мойындату қажет болды. Себебі, сол замандағы ғылыми теория бойынша «адамзат өркениетіне қосқан еш үлесі жоқ» деп қарастырылған түркі халықтары үшін теңдессіз олжа Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк ескертіштері әлі «ашылып» оқылған жоқ еді. Көшпелі халықтарды арамтамақ, тұтынушылар деп ашық астам кемсітушілік еуропалық ғылымда етек алған еді. Осы туралы Мәлік Ғабдоллаұлы былай деп жазады: «Қазақ халқын қорлап кемсітуге қарсы шыққан Шоқан қазақтар жайында Еуропада орын алып келген түсініктердің жалған екенін әшкереледі. Сондықтан да ол қазақ халқының жабайы, тағы еместігін мысал етеді. Еуропада қазақтар жайында айтылып жүрген жалған пікірлерге намыстанған және оларды жоққа шығаруды көздеген Шоқан қазақ халқының ауыз әдебиетін жинап бастыру жайын қарастырады, бұл іске оның өзі белсене араласады».

Шоқанның әдебиет үлгілерін жинаушылығы туралы досы, зерттеуші ғалым Г.Потанин былай деген екен: «Шоқан – қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін көп жинаған адам. «Көптен бері қазақтың ертегілерін, мифтерін, эпикалық жырларын, аңыз-әңгімелерін жинау ісімен шұғылданып жүрмін» - дейді Шоқан». Шоқан Уәлиханов өзіне Жаратқанның берген таңғажайып қабілетінің арқасында ол Қашқарияда азғана уақыт болған кезеңде ұйғыр тілін үйренген екен. Осының нәтижесінде, ұйғырлардың көптеген өлеңдерін жазып алады. Бұл жөнінде Г.Н.Потанин: «Шоқанның жинаған материалдары үлкен бір портфель болып еді. Кейбір жазғандарын өзім де көріп едім», - дейді және оның кейбіреулерін Шоқанның оқып та бергенін айтады. Бірақ бұл материалдар, Потаниннің айтуына қарағанда, кейіннен жоғалып кеткен». Бұл еңбектер табылғанда, қандай тамаша болар еді дейміз де. Мүмкін, Омбының, Мәскеудің, Петербургтің әлдебір архивінде Шоқанның бұл жинақтамалары шаң басып жатқан да болуы бар, бәлкім.

Шоқан Уәлихановтың қазақ әдебиетін жинаудағы елеулі еңбегіне академик Мәлік Ғабдуллин былай деп лайықты баға береді: «Шоқан қазақтың ауыз әдебиетін жинаушы ғана емес, сонымен қатар оның зерттеушісі де болады. Рас, ол ауыз әдебиетінің шығу, даму тарихы немесе көркемдік ерекшеліктері жайында арнаулы еңбектер жазған емес. Жалпы қазақ халқының тарихы, этнография, қоғамдық өмір, әлеуметтік тұрмысы туралы жазған еңбектерінде ауыз әдебиетін сөз етеді, өз кезі үшін үздік, ал бүгінгі күні мәнін жоғалтпаған ғылыми пікірлер айтады. Сол кездің өзінде ол қазақтың ауыз әдебиетін жоғары бағалайды. Қазақтың аңыз-әңгімелері, ертегілері мен жырлары, мифтері халықтың өткендегі тарихын білу үшін маңызы зор материалдар деп қарайды. Мәселен, көшпелі халықтардың, соның ішінде қазақтардың шығу тарихын зерттеушілер үшін ауыз әдебиеті бірсыпыра дерек болатындығын айта келіп, Шоқан былай дейді: «Егер жұрттың айтуынан Геродот жинаған Гомердің өлеңдері мен аңыздарының аз да болса тарихи мәні бар десек, егерде өзгеріліп мысал тәрізді болып кеткен аңыздардың негізінде оқиға және шындық жатады десек, қазақтардың тамаша және жүйелі түрде айтылатын, олардың қазіргі тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, ата-бабаларының тұрмысын елестететін аңыздарының да тарихи деректерге сәйкес келетіндігіне, тарихи маңызы барлығына шүбәләнбауымыз керек. Халықтың ақыл-ойынан және қоғамдағы қалың бұқараның сана-сезімі, өмірі мен алға басуы негізінде туған бұл шығармалар ауызша айтылу түрінде бірден-бірге, содан бүкіл халыққа жайылады, сондықтан да олардың тарихи, әдебиеттік және психологиялық мәні жоқ емес». Шоқан бұл пікірін «Шамандықтың қазақтағы қалдықтары», «Ұлы жүз қазақтарының ертегілері мен аңыздары», «Жоңғария очерктері», «Тәңірі» секілді еңбектерінде де айтады. Қазақтың ауыз әдебиеті халықтың өткендегі өмірін елестететін, тарихи мәні болатын материалдар екендігін көрсетеді».

Шоқан Уәлиханов атасы Абылайдың заманына дейін ерлік пен елдікті ту еткен кешегі арда халықтың өз тұсындағы жат жұртқа бағынышты халден қалай құтылуы туралы сан толғанып, қиналмады деп айта алмаспыз. Найза мен шоқпар, шиті мен садақтың заманы өтіп, ғылым-білімнің дәуірі жеткен уақытта Шоқанның таңдауы қазақ халқын әлемнің озық мәдениетті елдеріне танытып, назарын аударуға түсуі заңдылық. Шоқанның ғылыми мақалаларындағы кейбір ойларға қатысты кешелі-бүгінгі күннің көзқарасымен пікір білдіріп жататынымыз бар. Халықтың халық болып, қандай жағдайларда болмасын ертеңгі күнге аман жетуінің басты кілті – салт-дәстүрін заманаға сай үндестіре сақтай алуы екендігін бүгінгі жаһандану дәуірі анық айқындап берді. Қазақтың барша ғұмырымен өрнектеліп, біте қайнасып жатқан аса бай фольклорында Шоқан Уәлиханов бастаған ұлт зиялыларының үміті жатыр. Бұл үміт ешқашан үзілмегей дейміз.

Қан майданда қазақ, өзбек, түркмен, қырғыз т.б. түркі халықтары өкілдеріне өз тілдерінде фольклорлық туындыларын оқып беріп, олардың рухын жанып, намысын қайраған білімдар фолклоршы Мәлік Ғабдуллиннің ғылым жолындағы негізгі зерттеу бағыты – қазақ фольклоры болғаны белгілі. «Қобыланды батыр» жырын толықтай жүйелеп зерттеумен қатар, өзге де төрт жүзден астам көлемді, шағын мәтінге ие батырлық жырларды да мейілінше жинақтап, әдеби қорда жинақталуына үлес қосқан ғалым былай дейді: «Ел арасынан батырлар жайындағы жырды ең алғаш рет жинаған адам Шоқан Уәлиханов». Мәлік Габдуллин бұл сөзіне дәлел ретінде Шоқан Уәлихановтың шығармалар жинағынан алынған мына үзіндіні келтіреді: «Шамандықтың қазақтардағы сарқыны» деген еңбегінде былай деп жазады: «Мен қазақ-қырғыз халықтарының ертектерін, мифтерін, батырлар туралы жырларын, аңыз-әңгімелерін көптен бері жинап, зерттеп жүрмін. Мен бұл жөнде жазғандарым бірнеше дәптер болды». Шоқан Уәлихановтың қазақтың батырлық жырларын бірінші жинаған адам болуы да заңдылық болар. Себебі, қазақтардың Ресей бодандығына өту процесі әлі де аяқтала қоймаған кез еді ғой. Ұлы жүздің Ресей бодандығына кіруіне негіз болған Черняевтың Шымкент қаласына жорығына қатысқан Шоқан осы сапардан кейін туған өлкесі Көкшетауға оралмағаны, қайын жұрты Тезек төренің еліндегі Алтынемелде мәңгілік тыныс тапқаны белгілі.

Қазақ әдебиеттану ғылымында батырлар жыры жайындағы алғашқы кешенді ғылыми еңбек жазу барысында Мәлік Ғабдуллиннің алдынан көптеген идеологиялық тосқауылдар болғанын, жазған ғылыми мақалалары сүзгіге түсіп, қырағы көздердің нұсқауларына қарай қайта өңделіп жазылып отырғанын ғалымның ҚР Ұлттық архивтегі жеке қорындағы қолжазбалардың мазмұнына, ондағы көптеген өзгертулер мен түзетулерге қарап білуге болады. Сталинизмнің әдебиетке идеологиялық ықпалы барынша шегіне жетпей тұрған кезеңде, яғни қырқыншы жылдардың ортасына дейін жазылған мақалаларда Шоқан Уәлиханов еңбектерінен үзінді келтіре отырып, орнықты пайымдаулар білдіреді: «Қазақтың батырлар жыры жайында да Шоқан азды-көпті пікір айтқан. Бұл жырлар, Шоқанның айтуынша, ноғайлы дәуірінде, ХІҮ, ХҮ, ХҮІ ғасырлар шамасында туған. Онда «халықтың рухы, көзқарасы, әдеті, мінез-құлқы, тұрмыс-тіршілігі суреттелген. Сондықтан бұл жырлардың әдебиеттік жағынан болсын, тарихи жағынан болсын маңызы зор». Мәлік Ғабдоллаұлы кейіннен алдыңғы айтқан пікірлерінен бас тартып, «Едіге батыр», «Қобыланды батыр» т.б. жырлардың кейіпкерлері мен ол жырлардың туып қалыптасуы т.б. байланысты басқаша тұжырымдар жасауын сталиндік мұратқа адал, қырағы цензураның ықпал-күшінің салдары деп білеміз.

Қазақ фольклоры, оның ішінде батырлық жырлардың рухани, идеологиялық қуатының жас ұрпақтың, жалпы халықтың санасына қаншалықты әсері барын кешегі кеңес үкіметі де қапысыз білді. Сол үшінде болар, оларды жинап зерттеп, советтік идеологияға сай елеп-екшеп, «сұрыптап» ұсыну қажет болды. Қазақ фольклоры шығармалары, атап айтқанда «Қырымның қырық батыры» сияқты ұлы туындылар дәл осы сталиндік советтік дәуірде жазып алынды. Қазақ фольклорын жинақтап, жүйелеуде осы тұста көптеген белгілі қазақ ғалымдары еңбек етті. Солардың бірі – Мәлік Ғабдуллин болды. Мәлік Ғабдуллиннің өзі тікелей зерттеп, диссертациялық еңбек, монографияға айналдырған «Қобыланды батыр» жыры туралы Шоқан Уәлиханов қарастырды ма, жоқ па деген сұрақ туындауы сөзсіз. Бұл тұрғыда Мәлік Ғабдоллаұлы өзі де ізденіс жасаған болса керек. Ғалым жазбаларында мынадай ой айтады: «Ел арасынан Шоқанның көптеп жинағаны батырлар жайында шығарылған жырлар дедік. Бірақ Шоқанда «Қобыланды батыр» жыры өз алдына кездеспейді. Қобыланды батырдың атын ел еңбектерінде ғана атап кетеді. Бұған қарағанда, «Қобыланды батыр» жырын Шоқанның тыңдағаны, естігені сөзсіз. Бірақ «Қобыланды батыр» жырын Шоқан жазып алды ма, жоқ па – ол арасын айту қиын. Өйткені оған келтірерлік дәлеліміз жоқ. Рас, Шоқанның көптеген қолжазбалары жоғалып кеткенін еске алсақ, Шоқанның бізге кетпей, жоғалып кеткен материалдарының ішінде «Қобыланды батырдың да» болуы ғажап емес». Фольклортанушы ғалым Мәлік Ғабдуллин осылай болжамдайды. Әбден мүмкін. Себебі, Аягөз маңында «Қозы Көрпешті» қобызбен сүйемелдей отырып Шоқанға жырлап берген атақты Жанақ ақын Шоқанға «Қобыланды батырды» жырлап бергендігіне еш күмәніміз жоқ. Шоқан Уәлиханов қазақ даласындағы махаббаттың символы болған ұлы ескерткішке ерекше мән беріп, ол туралы сипаттама жасап, суретін де салғаны осының айғағы.

Шоқан өзінің әдебиеттану бойынша зерттеуінде салыстырмалы әдісті қолданғаны белгілі. Осы тұрғыда славян халықтары мен қазақ халқының ертегілері туралы саллыстыру жасайды. «Қазақтың кейбір ертегілері мен мақал-мәтелдері европа халықтарының шығармаларына ұқсас келетіндігіне таңдана отырып, Шоқан бұл ұқсастықтың сырын ашпақ болады. А.Афанасьев жинап бастырған «орыстың халық ертегілерінің» ішінде тек алты ертегінің ғана қазақ ертегілеріне ұқсамайтындығын айтады. Ал мұндай ұқсастықты қазақтардың славяндармен, әсіресе орыс халқымен, қарым-қатынас жасау негізінде болғандығынан деп қарайды», - деп атап көрсетеді Мәлік Ғабдуллин. Шоқан Уәлихановтың орыс (славян) пен қазақ (түркі) халықтары ертегілерінің мазмұндық, сюжеттік ұқсастықтарына мән беруі – кейінгі фольклортанушылардың назарынан тыс қалмағаны белгілі.

Қазақ сөзінің қадірін түсініп, оны орынды пайдаланып, қасиетін сезінудің орнына Абайша айтқанда «жұртты шарлап, мал үшін зарлап» сөз қадірін кетіргендерді өз заманында Шоқан да жақтырмағандығын, халық ақындарына тиісінше кеңес беріп отырғандығын Мәлік Ғабдуллиннің Шоқан жайындағы мына пікірінен аңғарамыз: «Шоқан кейбір ақындардың азын-аулақ ақы алу үшін байлардың сөзін сөйлеп, ақындық өнерін құнсыз нәрсеге сатуына ренжиді. «Мұндай ақында бет жоқ, өз қасиетінің бағасын сезіну де жоқ. Ол өзінің дарындылығын қандай сұлтандардан болса да асып түсетін қасиет деп қарамайды. Қайта ақындық өнер – ат-шапан табу үшін біткен өнер деп қарайды» деп, жалдамалы, бас пайдасын көздегіш ақындарды сынайды. Ал байларды жақтамай, бишаралық күйге түспей, халық мүддесін жырлаған ақындар «халық арасында қатты құрметтеледі» дейді. Көптеген ақын, жыршылармен кездесіп, сөзін тыңдаған Шоқан оларға ақыл-кеңес беріп, сын да айтып отырған. Потаниннің сөзіне қарағанда, Шоқан Жанақпен талай рет кездескен және дарынды ақынға әр түрлі тақырыптар ұсынған. Бұған жалғас, Шоқанның танысының бірі И.Ибрагимов мынадай бір фактіні келтіреді: «Бір жылы, - дейді ол, – Шоқан елге келеді. Оны құрметтеп алушылардың ішінде Орынбай ақын да болды. Шоқан Орынбайды қасына шақырып алып, жырын тыңдады. Атақты ақынның жырын сүйсіне тыңдаған Шоқан оған үлкен бір сын айтты. «Тілің шұбар екен, дін сөздерін көп қосады екенсің. Қандай ойды болса да қазақша айтып жеткізуге болады, бұған қазақ тілінің оралымы да, байлығы да жетеді».

Тіл шұбарлығы мәселесі – біздің басымызға бүгінгі күні ғана төнген қауіп емес екені де белгілі. Жат жұрттардың мәдени шабуылының ықпалымен түркі тілінің басына талай рет қара бұлт үйірілген екен. Махмұт Қашқаридің сөздігі, Қожа Ахмет Яссауидің хикметтері, Сәйф Сараидің нәзира жырлары, ХХ ғасыр басындағы Зейнелғабиден Әміреұлының «Насихат Қазақиясы» – барлығына да ортақ идея – тілді таза ұстау, туған халқының еңсесін жоғары көтеру ғой. Шоқан Уәлиханов бұл ескертуді жасаған тұс – кешегі жыраулар заманындағы саф қазақ тілінің араб-парсымен әбден қойыртпақталып, жадау тартқан заманы еді. Ғалымның өз замынанда аузымен құс тістеген, айтысқанда қарсы келгенді сөзбен сүріндіріп жеңбеген ақыны қалмаған, оқыған-түйгені мол атақты Орынбай Бертағыұлына айтқан бұл орынды сынының мәні мен маңызы күні бүгінге дейін артпаса, еш кемімесе керек. Себебі, қазіргі күні орыс тілімен шұбарлану ықпалымен қатар, кейбір локальді орталарда араб тілінің кері ықпалы да айқын сезіліп отырғаны ақиқат. Қазақтың ғасырлар бойы сөздік қорынан орын алып келген шілдехана («шілделік», «шылдақан» т.б. түрде де айтылады), ауызашар т.б. сөздерін арабша айтып, ұлттық бояудан ада жателдік фольклормен жаңа заман қазағының құлағын сарсылтып әлек-шәлек болып жүргендер мен орысша, ағылшынша қойыртпақтап, тіліміздің қадірін кетірушілердің, сондай-ақ білімділіктің әлдебір сипатына балап, өлеңдерінде орынсыз жат сөздерді қолдануды қол көретін жүйріктеріміздің шөре-шөре халі – ұлы Шоқанның ескертуіне лайық кептің нақ өзі екендігі анық. Қазақ зиялысы сол заманның өзінде тіл тазалығына мән берген екен ғой. Бұл – Абайдың «Өлең сөздің патшасы» жазылардан көп бұрын айтылған ескерту.

Мәлік Ғабдуллин Шоқан Уәлихановтың туған халқы алдындағы еңбегі туралы мынадай қорытынды жасайды және бұл тұжырымды оның өз еңбегіне де берілген қорытынды деп бағалауға болатындай: «Шоқан қазақтың ауыз әдебиетін жинауда, оны зерттеуде үлкен еңбек сіңірген ғалым болды. Оның бұл еңбектері қазақ халқының тарихынан айрықша орын алады, оны халқымыз аса жоғары бағалайды».

Қазақ халқы ғана емес, әлемнің оқымысты зиялылары бағалап жатқан ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов өзі араласқан еуропалық үлгідегі зиялы қауымға қазақ халқының мәдениеті мен әдебиетін оларға таныстыру, таныту, осы арқылы өзінің туған халқы әлдебір артта қалған, жер бетінде жөңкіле көшіп жүрген жабайы номадтар емес, арғы-бергі дәуірлерде әлемдік өркениетке лайықты үлес қоса білген, тарихы тұғырлы ел, бегзат қауым екендігін дәлелдеуді мақсат еткенін оның іс-әрекетінен, жазбаларынан анық сезінеміз. Бұл – Радлов пен Томсен түркі жазуының кілтін әлі таппаған, оспан түріктерінен өзге түркі халықтары түгелдей отаршыл империялардың табанына тапталған күрделі кезең еді.

Шоқан Уәлиханов туған топырақта дүниеге келген Мәлік Ғабдуллиннің де маңдайына туған халқының білім мен ғылым жолында ешбір халықтан кем емес алғыр, қан майданда қайсар да батыл жүректі екендігін бар ісімен, ғұмырымен дәлелдеу жазылған екен. «Қазақ деген ат майданда да, әдебиетте де танылсын» дейді, майданнан жазған бір хатында, Мәлік Ғабдуллин. 1945 жылы Мұхтар Әуезовке жазған хатында «Абай жолы» романын жазған авторды шын жүректен құттықтай отырып, Мәлік Ғабдуллин былай дейді: «Елдің атын ері шығарады деген ғой. Сіздің алған наградаңыз Қазақ халқының алған бағасы. Сіз секілді атақты адамды тапқан анаға, тәрбиелеп өсірген халыққа мың рахмет. Қарт ананың ақ сүтін адал ақтап, әлемге өз елінің атағын шығарған ардақтымыз Мұхаңа мың да мың рахмет! Қазақ деген бай, дәулетті, оқымысты білгір, мәдениетті, батыр ел барын бүгін барлық әлем біліп қол қусырып сәлем беретін болды. Мұндай абыройлы атаққа жету жолында Сіздің жасаған еңбектеріңіз ерекше орын алуда. Біз бұған қуанамыз, шаттанамыз, мақтанамыз».

Демек, кешегі ғасырларда өмір сүрген ұлы ғалымдарымыз, айтулы зиялыларымыз қазақ деген халықтың жақсы атын оның өнерін, әдебиетін, мәдениетін, ерлік рухын насихаттау арқылы әлемге танытуды мұрат тұтқан екен. Осы үрдіс, мұрат – қазіргі буынның да ұстанымы болса, еліміздің ертеңі жарқын, іргетасы бекем болары анық қой.

А.Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар