Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Станислав Ежи Лец. Хамелеон билікке келгенде, айна...

15.08.2019 3323

Станислав Ежи Лец. Хамелеон билікке келгенде, айналасындағылар өң-түсін өзгертеді 16+

Станислав Ежи Лец. Хамелеон билікке келгенде, айналасындағылар өң-түсін өзгертеді - adebiportal.kz

Әлемге бір ғана сөз айтқым келген. Бірақ өйту қолымнан келмеді де – жазушы болып кеттім.

***

Тозаққа өрт қоюдан қиын ештеңе жоқ.

***

Оның өлімі – оның өмір сүргеніне дәлел емес.

***

Адам құйрығын басқан сәттен бастап бәрі позаға айналады.

***

Бірін-бірі қапсыра құшақтағаны сонша, араларында сезім сыятын да саңылау қалмады.

***

Диссертацияның тақырыбы: «Адамзат тарихындағы адам».

***

Сені бәрі бір сатады, сен тек бағаңды асыр.

***

Екпін! Екпін! Өмірді бір-ақ күнде сүруге болады. Бірақ қалған уақытта не істейсің?

***

Техниканың шексіз дамитыны сонша, адам өзісіз-ақ тындыра беретін жағдайға жетеді.

***

Иттей адал еді, иттей қылып атып тастады.

***

Өтіріктің кітапқа дейін де өмір сүргеніне сенгің келмейді екен.

***

Күнтізбедегі реформа жүктіліктің мерзімін қысқарта алмайды.

***

Қателік – шындық кейпінде өмірге келгенде ғана қателік.

***

Арманыңды жауларыңа тықпалап көр, мүмкін олар оны іске асыру барысында өліп кететін шығар.

***

Таяқтасаң барабанның да музасы оянады.

***

Өзің ойлашы! Прометей құдайлардан ұрлап әкелген отқа Джордано Бруноны өртеп жіберді.

***

Ойланар алдында жақсылап ойланып ал!

***

Өзің де тамаққа айналып кеткен соң, үстел тоқпақтағаннан пайда жоқ.

***

Мақал-мәтелдер біріне-бірі қайшы келіп жатады. Халық даналығы дегеніміз – міне, осы.

***

Ақымақтықты шеберге апарып: «Мынадан парасат шыға ма?» - деді. Шебер: «Шықпақ тұрмақ артылып қалады», - деді.

***

Ғылыми амалға жүгінетін балгерге сенудің қажеті жоқ.

***

Ал, жарайды... Қабырғаны баспен сүзіп құлаттың делік... Сонда сен көрші камерада не істемексің?

***

Біз бір-біріміздің көзімізге қарадық. Ол өзін көрді, мен – өзімді.

***

Нағыз жау сені ешқашан тастамайды.

***

Адамдар түптің түбінде ағайынға айналады да, Абыл мен Қабылдан қайта бастайды.

***

Хамелеон билікке келгенде, айналасындағылар өң-түсін өзгертеді.

***

Ол адамның білімсіздігі сонша, классиктердің цитатасын ойдан шығаруына тура келді.

Орысшадан аударған Нұрлан Қабдайұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар