Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Стефан Малларме. Бүгінгі өлең кешегі өлеңнен жалығ...

29.05.2023 2376

Стефан Малларме. Бүгінгі өлең кешегі өлеңнен жалығудан туды 14+

Стефан Малларме. Бүгінгі өлең кешегі өлеңнен жалығудан туды - adebiportal.kz

Жюль Хурет: Қазіргі әдеби эволюция жайында не айта аласыз?

Стефан Малларме: Біз қазір поэзия тарихында бұрын-соңды болмаған ерекше құбылыстың куәсі болып отырмыз. Өйткені, қазір әр ақын өзі қалаған түске бояған жазу бұрышында өзі қалаған аспапта өзіне ғана тән әнін шырқап жатыр. Өлең өлең болғалы бері үздіксіз ыңылдап келе жатқан үлкен бір хор бар. Ал қазір әдебиетімізге алғаш рет сол хорда ән салудан бас тартқан ақындар келді. Бұл хор күні бүгінге дейін дәстүрлі әдебиетке тиесілі үлкен синтезатордың сүйемелдеуімен келді. Қанша уақыттан бері дамылсыз ыңылдаған бұл синтезаторлардың дауысы ақыры жұртты мезі қылып бітті. Ұлы Гюго өлерінде қабіріне өзімен бірге өлеңді де жүз жылға ала кеткеніне сенімді болғанына еш күмәнім жоқ. Әйтсе де, кейін Поль Верлен «Саггесті» жазып шықты. Талай шедевр тудырған Гюго сияқты ұлы жазушыны тілге тиек еткенім үшін кешірім сұраймын, бірақ ол ішкі дауысына, интуициясына емес, нақты әрі бірқалыпты лирикалық факторға сенген және сол себепті де мына бір ақиқатты көргісі келмеді. Бұл ақиқат – бір қоғам толықтай орнықпаған болса, бірліктен ада болса, ол қоғамда кемеліне жеткен өнер туудың мүмкін еместігі.  Жекелеген адамдардың толғаныстарын арқалаған осындай қоғамнан индивидуализм ғана туады. Бүгінгі әдеби туындылар мен қозғалыстар сол индивидуализм қажеттілігінің тікелей көрінісі. Қазіргі әдебиеттегі жаңашылдықтардың неге пайда болғанына жауап іздер болсақ мынадай шындықпен бетпе-бет келеміз. Өлеңнің ескі формасы нақты және өзгермейтін форма емес, ол тек жақсы өлең жазудың құралы ғана еді. Негізгі қағидалары бар еді. Жақсы, сонда қағидалардың шекарасынан асып жазылған өлең өлең емес пе? Белгіленген ережеден тыс өлең жаза алмаймыз ба? Әрине, жазуға болады. Олар жаза алатындарына сенді және өз сенімін ақтау деген ұлы мәртебеге ие болды. Плакаттар мен газеттердің төртінші бетін қоспағанда, кез-келген тіл мен ырғақ бар жерде өлең бар. Біз еркін өлең (ақ өлең, верлибр) деп жүрген жанрда кейде бізді таң-тамаша қылатын сан алуан бояулы жолдарға кез боламыз. Асылында, өлең деген нәрсе жоқ, әріптер ғана бар, азды-көпті оңға-солға жылжытылған сөздер, жолдар ғана. Өлең дегеніміз үздіксіз ізденіс пен өзгеріске талпыныс.

Бүгінгі өлең кешегі өлеңнен жалығудан туды. Тіпті дәстүрлі өлеңнің қорғаушылары да бұл пікірмен келіседі. Адам деген сан мыңдаған әртүрлі эмоцияға ие жаратылыстың кез-келген өлең кітабын қолына алғанда бастан-аяқ бірсарындық пен ескірген ырғаққа кез болуы қалыпты жағдай деп ойлайсыз ба? Ақын дәстүрлі өлеңді, ескі ырғақты рухы құлдырағанда, жаны құлазығанда ғана жазуы тиіс. Бұны қазіргі ақындар өте жақсы түсінді. Ескілікті айналып өтіп, дәстүрлі өлеңге мұқият әрі күмәнді күйде жақындады. Дәл осы өзгеріс, дәл осы құбылыс музыкада да болды. Бір уақыттардағы ең атақты музыкалардың орынын алғашында түсініксіз болған үзік-үзік, жаңа формадағы әуендер басты.

Жюль Хурет: Бөліну осылай пайда болды ма?

Стефан Малларме: Әрине. Парнасиялықтар көркем және ұқыпты жазылған өлеңге тым құмар болғандықтан, жаңашыл ақындардың талпынысын, қаламының қуатын көре алмады. Әлдеқашан дәуірі біткен, көлемді әрі ескірген өлең формалары шаршаған еді, «жағама жармаса бермеңдерші» деп өздігінен өтінетін-ді. Ал жаңашыл ақындар жәй ғана ескі өлеңнің өтінішін орындады. Бір сәтке демалуына мұрша берді. Олардың жасаған эксперименттерінің мақсаты – дәстүрлі өлеңнен толықтай бас тартып, оның көзін құрту емес, керісінше,  әдебиетке деген адалдық еді. Бір оркестрде кенет үрмелі аспаптың үнін естисіз, бірақ ол дыбыс үздіксіз жалғаса берсе не болмақ? Жастар сол негізгі үнді нағыз қажет кезде ғана қолдана білді. Мәселен, Александрин деген дәстүрлі өлшемді де ешкім ойлап тапқан жоқ еді, ол біз тіл деп атайтын құрылғыдан өздігінен бөлініп шыққан бір форма. Оны лек-легімен келген ақындар бірінен соң бірі қайталай беріп, ең соңында қазіргі бірсарындылық ауруына апарып байлады. Бірақ, бұдан былай ол еркіндігіне қауышпақ. Болашақ поэзия – шексіздік поэзиясы. 

Иә, бір бөліну бар. Бұл ескілер мен жаңалардың арасындағы бейсаналы әрекеттер нәтижесінде пайда болды. Екі тарапты бір күш біріктіруі керек. Ескілер өлең үшін адамгершілігін құрбан етуге дейін дайын өлеңнің кәдімгі құлы болды. Ал жастар, өзіне дейінгілерді жоққа шығарып, тікелей ырғақтан ғана шабыт алды. Менің ойымша, екі тараптың күш-жігері бірін-бірі толықтыра алушы еді. 

Менің ойымша, бұл өлең формасы Банвилл сияқты ұлылардың қаламынан туғанда оқырман сезімін шарықтау шегіне жеткізу қасиетіне ие болар еді. Мысалы, Банвиллдің «Темірші» поэмасында шетсіз, шексіз, шұбатылған александриндер бар, ал басқа өлеңдерінде, керісінше, адам сенгісіз ой тығыздығы мен ғажайып ықшам жолдарға куә боламыз. Қысқасы, қолымыздағы жазу құралын қаралай алмаймыз. Өте жақсы, бірақ шамадан тыс пайдаланудан шаршағандықтан, біраз демалуына жағдай жасағанымыз дұрыс.

Жюль Хурет: Сіз форма жайында сөз қозғадыңыз, ал өлеңнің басты тірегі мән (мағына) туралы не айта аласыз? Немесе өлеңдегі ой мәселесі жайында не айтасыз?

Стефан Малларме: Өлеңдегі мәнге тікелей жұмыс жасайтын жастар, оларды ескі философтар мен ескі әдебиетшілер секілді көретін Паранасиялықтардан гөрі поэтикалық идеалға жақынырақ. Меніңше жақсы ақын өзі айтқысы келген ойға оқырманды тікелей жолмен емес жанама жол арқылы алып барады. Паранасиялықтар объектті толықтай оқырманның алдына жайып салады. Сол үшін де өлең құпия тылсымынан айырылып, жалаңаш күйге енеді. Бір нәрсені жарату және жаратқан дүниесіне сену – теңдесіз ләззат, ал паранасиялықтар оқырманды осындай ләззаттан айырады. Оқырман өлеңнің мән-мағынасына бірте-бірте жақындап, сол процесті сезіну арқылы ләззат алады. Бір сезім ояту деген асыл мұрат осы. Объектке апарар жолдың түзулігі, обеъкттің анықтығы өлеңнің бізге беретін ләззатының 4/3 бөлігін жоқ қылады. Поэзия дегенің – символ, тылсым, құпия.

Жюль Хурет: Мені де мазалайтын осы мәселе еді,олай болар болса өлең қараңғылықта қалып қоймайды ма?

Стефан Малларме: Я оқырманның, я ақынның біліксіздігінен өлеңнің мағынасы көмескіленсе, бұлыңғыр күйінде қалып қояр болса – бұл қауіпті жағдай. Бірақ біздің әңгімеміз жақсы ақын мен жақсы оқырманға ғана қатысты. Ал ақыл-парасаты орташа деңгейдегі, әдеби мәдениеті төмен біреу біздің айтып отырған кітаптардың біреуін қолына алып, «кітап маған ұнады» дейтін болса, нағыз қателік сол. Әр нәрсе белгілі бір шарттар төңірегінде және өз деңгейінде бағалануы тиіс. Өлеңде әрқашан бір тылсым жұмбақ болуы  керек, әдебиеттің басқа мақсаты жоқ. 

Жюль Хурет:  Сіз жаңа әдеби қозғалыс жасадыңыз ба?

Стефан Малларме: Әдеби мектептерді, сол мектептерді еске салатын әрбір көзқарасты және әдебиеттегі ақылгөйлікті иттің етінен жек көремін. Жазу толықтай жекеменшік нәрсе. Ақынға өмір сүру құқы берілмеген мына қоғамда, ақын өз бейітін қазу үшін жер бетінде жалғыз қалған адам секілді. Егер мені әдеби мектептің жетекшісі ретінде көретіндер болса, оның екі себебі бар. Бірінші себеп: жас жазушылардың пікірлеріне әрдайым қызығушылық танытқаным. Екінші себеп: жас толқынмен жақын қарым-қатынаста болу әдебиетімізді жаңашылдыққа бастайтынына шын ниетіммен сенгендігім. Мен жалғызбын, жалғыз сенерім де осы. Поэзия қоғамның қозғаушы күші, ал оның қоғамдағы орыны – адамдар үшін  әлдеқашан мағынасын жоғалтқан жеңіс тұғыры. Ақын қоғамға қарсы жаппай ереуілге шыққан, өзіне ұсынылған барлық ескірген дүниелерден бас тартқан халық. Олар өзіне ғана тән түсінік пен құпия жұмыс әдісіне ие. Ақынға ұсынылған ешбір ақыл кеңес оның өзінің таным-түсінігінен биік бола алмайды. 

Жюль Хурет: Верленнің әдеби қозғалыстағы орыны қандай?

Стефан Малларме: Паранасиялықтарда сезімнен, күнә сауаптан алыс бір өлең түрі бар еді. Осындай «өлеңге» алғаш болып қарсылық білдірген Верлен. Ол «Сагессе» атты өлең жинағына қасақана ұйқассыз өлеңдерін енгізді. Кейінірек мен «Түстен кейінгі жануарлар» өлеңімді жариялағанда Менес, Диеркс және Кладель сияқты жолдастарымнан басқа барлық Паранасия мектебі бетіме түкірді. Ал, мен бар болғаны Александрияға жаңа толқын әкелуге тырыстым. Осылайша дәстүрлі өлең формасы Александрин арқылы да салмақты ой жеткізуге болатынын түсіндіргім келді. Бұл жаңалықты мен жасағаныммен, өскелең ұрпақтың әкесі, ақиқатында – Верлен. Тұлға ретінде де, ақын ретінде де мінез-құлқы, көзқарасы өзгермеген Верлен. Нағыз өлеңнің қоғамнан шеттетілген шағында, жалғыз өзі сол қоғамды  адамзаттың бүкіл қайғы-қасіретін қабылдауға мәжбүр еткен Верлен.

Жюль Хурет: Натурализмнің жойылуына не дейсіз?

Стефан Малларме: Натурализмді баланың ермегі деуге болады. Алдыңа асыл тастар коллекциясын жинап алып жәй ғана тастардың атын қағазға жазып шығасың. Оны соншалықты көркем, өте жоғары деңгейде жазып шыққан күннің өзінде шығарма сол бір асыл тастың құнындай да болмайды. Мүмкін емес. Өлең - жарату өнері. Адамның жан дүниесіне шам жағу, нұр шашу арқылы ғана ләззат алуға болады. Поэзия символдармен, ақынның жаратушылық қасиетімен ғана өз қадірін сақтайды. 

Түрік тілінен аударған: 
Мәдиасқар Қанжарұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар