Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Сұлтан Дәулетханұлы. Құс қанатындағы сағыныш...

09.06.2020 3840

Сұлтан Дәулетханұлы. Құс қанатындағы сағыныш 12+

Сұлтан Дәулетханұлы. Құс қанатындағы сағыныш - adebiportal.kz

Мергеннің соңғы сөзі

Араны зор айдаһарларды

жер-көктегіні жалмайтын,

Қандыауыз қорқауларды

қорғаны жоқтан қалмайтын,

Жұтқыш жыландарды

құйтымдай құсты арбайтын,

Ашкөз атжалмандарды

кем-кетікті қармайтын,

Зымиян-зиян түлкілерді

аңғал біткенді алдайтын,

Өлексешіл құзғындарды

өлім-жұт тілеп сарнайтын,

Атарға бірін оғымның қалмағаны-ай,

Жаныма тыныштық орнайтын!

31.10.2013.

Құс қанатындағы сағыныш

Туған жер, тым жырақта қалғаныңмен,

Біргесің бала күнгі арманыммен.

Сендегі мөлдірлік пен сұлулықты

Ақын боп жырларыммен жалғадым мен.

Есімде өзіңде өткен тәтті шағым,

Жүректі алаулатқан от құшағың.

Көгіңнен қалықтаған қыран көрсем,

Деуші едім: «Мен де осылай көкке ұшамын!»

Жиырма жыл көрмесем де қиырыңды,

Күн туар тұғыр етер биігіңді.

Тізбектелген құс көрсем қоңыр күзде,

Күрсініп күйге түсем жиі мұңлы.

Нендей күй кешудесің, өлкем, бүгін?

Көз тоймас қалпында ма көркемдігің?

«Келгенше қайта айналып қош-қош» дескен,

Қайтқан құсқа жанымның шертем мұңын.

Олардың тыңдай-тыңдай назды әнін көп,

Соңынан қош айтысып боздадым кеп.

Асығар жыл құсындай алтын ұям,

Мен сені сағынамын өз қағым деп!

18.11.2012.

Асыл мұрат

Кім сағынбас туып-өскен өлкесін?

Кім сағынбас онда қалған еркесін?

Талай жандар сағыныштан құса боп,

Жамылды ғой қара жердің көрпесін.

Тажал соғыс соның бәрін жоқ қылған,

Еш кінәсыз, еш күнәсыз көп құрбан.

Халқы үшін туған ердің жанына,

«Халық жауы» деген таңба соқтырған.

Сан боздақты сан түрлі етіп жазалап,

Елдің ішін саналыдан тазалап,

Басқыншылар дегеніне жеткен соң,

Бастан ұшты сан ғасырғы таза бақ.

Қара түнек төнді сосын ғасырлап,

Қара түгіл, ханның құтын қашырды-ақ.

Жойқын күштен күрт азайған қайран ел,

Ашкөз жаудың айтқанына бас ұрмақ...

Қаралы жұрт қарғыс айтты бұл күнге,

Тірі қалу арман болды кім-кімге.

Алтай асып кетпегенде амалсыз,

Миллиондардың бар болуы мүмкін бе?..

І

Ер Қасқырбай айырылып алты ұлдан,

Дариядай болды әп-сәтте сарқылған.

Өзінің де мерт боларын сезсе де,

Үміттенді түсіне енген жарқылдан.

Көңілі оның көп нәрсеге күпті еді,

Сол бір жарқыл ер еңсесін тіктеді:

Он екі жыл жолдас болған жанына,

Сүйген жары тағы да оның жүкті еді.

Хат әкелген шығарып сап Мақсымды,

Алтынжанын құшағына қапсырды.

Еміреніп құрсақтағы сәбиге,

Жүректегі аманатын тапсырды:

– Жалғандағы жан серігім, Алтынжан,

Қырандаймын қанаты өртке шарпылған.

Ертең – шайқас, сау қаларым белгісіз...

Туған жер мен жан – садаға халқымнан.

Үміттендім түсіме енген жарқылдан,

Асыл деген ат қойғайсың ардақтап,

Аман-есен ұрпақ қалса артымнан.

Санасына құй Атажұрт қадірін,

Ол – ежелгі бабалардан тағылым.

Тар жол, тайғақ кешулерге тап болсаң,

Құдай саған берсін төзім, сабырын.

Түн жарымда ел ауады Алтайға,

Саулығыңа серт берген ер Нартай да.

Жаратушы жолықтырсын жұмақта,

Сендей маған ғұмыр-бақи жар қайда?!

Осыны айтып қоштасты да қыр асты,

Қайран жары жасын жұтты тым ащы.

Ертеңінде ұлы қырғын басталып,

Қайран дала қызыл қанға ұласты...

ІІ

Абыздардай шомып кеткен кәрі ойға,

Алтай тауы қорған болған талайға.

Бұлдыр үміт жетегінде жүргенді,

Жеткізді ғой жаңа күн мен жаңа айға.

Алтын келін ай маңдайлы ұл туды,

Қам көңілге қуанатын күн туды.

Етек-жеңін, есін жиған есіл ел,

Баяғыдай күннен-күнге құлпырды.

Қанға сіңген сақтап ата ғұрпымды,

Игі істерге бастаймын деп жұртымды,

Елмен бірге ерте есейген Асыл ер,

Білім менен ізгілікке ұмтылды.

Қазақтарға айла ойлаған мың түрлі,

Жар астында жау бар еді ұрты улы.

Бейбіт елдің бұлт үйіріп басына,

Жалғастырды «халық жауын» құртуды.

Қысық көздер тепкіге алып текті ұлды,

Азап-сордың атарбасын жектірді.

Тас түрмеде аш бүргеге таланып,

Құсалықпен өткізді ол көп күнді!

Сұм жендеттер көрсетті оған көп «сыйды»,

Тар қапаста жаны мұздап, ет күйді.

Ол аздайын, бір көруге зар болған,

Өмірі үшін жанын қияр қорған жан,

Іздесе де таба алмайтын жалғаннан,

Анасына ажал оғы кеп тиді.

Қабырғасын қайыстырып, өкінтіп,

Онан сайын өзегіне от құйды.

Жас оғлан жаны күйіп аһ ұрды,

Бойға жинап күш-қайратын ақырғы.

Енді бәрі кеш боларын білді де,

Қарауылға қабыланша атылды.

Жарқ еткізіп жанарынан шырақты,

Жауын жерге теректей ғып құлатты.

Босатып ап көрші досы Доржыны,

Тақымға алды қашқын қуар құла атты.

Түспеу үшін мойынға енді от-қарғы,

Атажұртқа кетуге Асыл оқталды.

Дос кеңесі көкейіне қонған соң,

Екеуі де моңғол жерін бетке алды.

ІІІ

Дөрвөд[1] жұрты дос құшағын ашты оған:

«Мынау – асың, мынау – атың, баспанаң», –

деп кәрі-жас меймандостық танытты,

Доржы досы қорғап жүрді басқадан.

Бөтен елден көріп таза пейілді,

Асыл бекзат сергелдеңнен сейілді.

Жыл өткенде ұлан-асыр бір тойда,

Жолықтырды қазақ қызы Мейірді.

Бұл өлкеге ол да жалғыз келіпті,

Жетімдіктің тауқыметін көріпті.

Бастан кешкен қиянатын айта алмай,

Екі көзге берді бейбақ ерікті.

Қарындастың қамы батып жанына,

Жігіт те оған жайын айтты ағыла.

Қоштасса да бір-біріне бақ тілеп,

Цагаан сарда[2] кездесті олар тағы да.

Тәңірі жар боп жүректерге гүл екті,

Жұптастырып тілектерге тілекті.

Бір-бірінен бақыт тапқан екі жас,

Адалдықты, адамдықты ту етті.

Жаппар ие сынағына салғандай,

Жас отбасы бір перзентті армандай,

Жүрген кезде жыл соңынан жыл өтті.

Отыз жылдың ой-қыры артта қалғанда,

Жеткізді Алла оларды асыл арманға.

Ат шаптырып той жасады ерекше,

Туғанындай болып кеткен жандарға.

Сыздаған сол санадағы жараға,

Тимесе де, жүрмесе де далада.

Әкесінің өсиетін еске алып,

Мұрат деген есім берді балаға.

Арман болған белесі мен қыраты,

Атажұртқа жету еді мұраты.

«Біз жетпесек, баламызға бұйырсын», –

деп шал-кемпір ойға кетіп тұратын.

Сол Мұраттың Құдай бағын оздырды,

Қалың дөрвөд оны бас пен көз қылды.

Сүйінетін із барына қуанып,

Қайран әке, қайран шеше көз жұмды.

IV

Қайраттанды ол жетілуге талмастан,

Күндер өтті қайғы-шаттық алмасқан.

Сүйген жарын жолықтырды бір күні,

Байөлкені мекендеген қандастан.

Бәйтеректей жапырағы жайқалған,

Ұрпақ өнді одан небір майталман.

Аламанда шашасына шаң жұқпай,

Топты жарды боз жорғадай тайпалған.

Бақытына бақыт қосып салмақты,

Ел ағасы болды елуде ардақты.

Ерен еңбек билік жақтан еленіп,

Зор қызметке шақырса да, бармапты.

Бармағаны – қазақ елі болды азат,

Осы күнді жылдар күтті сол қазақ.

Ата қоныс жаннан қымбат болды оған,

Басқа елде жүрсе де бақ олжалап.

Атақ, байлық бұлғаса да қос қолын,

Аңсары ауып көптен күткен көшке оның

Ойланбастан көшу жолын таңдапты.

V

От пен дауыл өтіндегі өтті күн,

Азаттық ап, көтерді Алаш көк туын.

Әлем халқы қайсарлығын мойындап,

Таныды оның тектілігін, бектігін.

Шаңыраққа қонған кезде мерей бақ,

Уық болып шаншылды оған Керей, Уақ.

Құшақ ашқан ағайынмен қауышты,

Ұрпағының жат болмауын көп ойлап.

«Өзге елдің болғанынша сұлтаны,

Өз елімнің болайын, – деп, – ұлтаны»,

Асқақ рухпен Отанына оралды,

Сол баяғы Қасекеңнің ұрпағы.

Күн кешкен жоқ елге келіп жабырқап,

Арналы өзен жалғасындай сол ұрпақ.

Мұраты асыл жалғыздардың рухына,

Талайлар жүр тағзым етіп, таңырқап.

Р.S.

Жырақ жүрсе, жыр оралып, ойға мұң,

Биіктерден көрген сәтте байрағын.

Жанарыңа жас тұндырар тектілік,

Кім сағынбас алтын ұя, аймағын?!

10.09.2012.

Бір қап май шам

Қараңғылық басады деп құрлықты,

Қарашадан қала, дала дүрлікті.

Құдайды алып әлдекімдер есіне,

Құлшылықты жасады-ай кеп, құлдықты.

Дүниеге таянғанда «бітер күн»,

Май шамдары қымбаттады дүкеннің.

Елді есінен тандыратын хабарлар,

Жұқартты әбден жүйкесін де Жүкеңнің.

Жүкең қарттың күйінетін жөні бар:

Жан болмады маңайында оны ұғар.

Ата сөзін құлаққа аспай жүргендер,

Ерте-кеш пе, бір бәлеге жолығар...

Қара шалы болса-дағы қорғаны,

Қамқа әжені қайғы бұлты торлады.

Елдің бәрі қамданды деп май шаммен,

Апта бойы ауыз жаппай зарлады.

Қаладағы ұл, келініне налыды,

Көз жасының толастамай ағыны.

Үйдің ішін азынатып жіберді,

Жалған сөзге күшейген соң нанымы.

Ғұмырында дәл осындай жай аз ба?

Не айтады ашу қысқан ойы азға.

Тыныштығын сақтау үшін үйінің,

Жолға шықты Жүкең сұмдық аязда.

Жақсы үмітін сол бір үрей қамаған,

Қалада жүр май шам іздеп сан адам.

Шаршап жүріп Жұмағали кешкісін,

Бір қап май шам алып келді қаладан.

Қайран Қамқа бар май шамды бас салды,

Қуанғаннан жанарына жас та алды.

Зары өткен бағасы зор бұл байлық

Көк сандықтың ең түбіне тасталды.

Сап тыйылып үй ішінің бораны,

Қара шалға алғыс қарша борады.

Кең дастархан жайылды да Жүкеңе,

Өз үйінің болды сыйлы қонағы.

Ертесіне көптен күткен күн жетті,

Қамқа оянса, қараңғылық шын кепті.

Қатты ұйқыда жатқан шалын тұр-тұрлап,

Ұйқылы-ояу үрей отын гулетті.

Шал қараса сағатына – таңғы бес:

«Өткердік қой басымыздан сан күрес,

Қайдағыдан қорықпашы, бәйбіше,

Тоқтамайды бұл тіршілік мәңгіге еш!»

Жүкең сөзі Қамқа әжейге ой салды,

Ой салды да, үрей күшін қайтарды.

Ауылымызды қорқыныштар жайламас,

Жүкеңдердей жандар барда байсалды.

Таңы да атты арайлы боп сол күннің,

Қамқа әжейге реті жоқ қорқудың

Болса-дағы сол май шамын сақтап жүр,

Бағасынан қымбат көріп алтынның.

Р.S.

Жердің бетін қараңғылық басқан жоқ,

Шөкім бұлтсыз ашық болды аспан көк.

«Жүректі алған қорқыныштан сау қалдық...» –

деп ертесін той бастады жастар көп...

21.12.2012.


[1]Дөрвөд – моңғолдың бір руы

[2]Цагаан сар – моңғолдың ұлттық мерекесі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар