Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Сұраған Рахметұлы. Қазақ – ойдың ішіндегі халық...

22.11.2018 8422

Сұраған Рахметұлы. Қазақ – ойдың ішіндегі халық

Сұраған Рахметұлы. Қазақ – ойдың ішіндегі халық - adebiportal.kz

Сұраған аға, Сарыарқа төріне қош келдіңіз. Сізді Алаш жұрты «қазақ поэзиясының қара нары» деп поэзиямызға жаңа сүрлеу қосқан белгілі ақындардың бірі деп қабылдайды. Алғашқы сұрағым, әлбетте, ақындық туралы болмақ. Сіз үшін ақын деген кім?

– Әлемдік деңгейде де, қазақ пайымында да ақынға қатысты өте көп толғамдар бар. Әлемдік тілмен айтатын болсақ, ақын дегеніміз – авангардта жүретін рухани жауынгер. Ал қазақ пайымында ақын дегеніміз – хәкімдікке жақын адам. Жалпы, ақын өлеңді жазу үшін келмейді, ақын – поэзияны әлемге паш ету үшін келетін үлкен ғарыштық рух иесі. Сондықтан ақынның жүрген жері қай уақытта да той-думаннан гөрі, көсемсөз, философияға жақын. Ақынның айтқан сөзінің барлығы – Тәңірдің лепесіндей саф. Сондай бір ерекше құбылыс иесі ақын. Ақын болып туу дегеніміз – бір таңдауға немесе қандай бір жасанды жағдайларға қатысы жоқ. Ақын өз дегенімен келеді, өз дегенімен кетеді. Ақынның айтары бар. Айтары жоқ ақын болмайды. Ақын айтатын болса, халықтың маңдай алдында тұрып айтады, халыққа жасырынып тұрып халықтың көлеңкесінде айтпайды. Ақын сондығымен ақын. Шыны керек, біздің заманымыздағы маңдай алдымыздағы біздің жұлдызымыз, қазақтың бас ақыны және де қазақтың ұлы тұлғасы – Абай. Сол Абайдың кескіні, Абайдың бүгінгі дидары, Абайдың айтып жүргені, Абайдың айтып кеткені және Абайдың ой түйгендерінің барлығы ақындыққа қатысты таңғажайып алтын тамырлы лепелер.

Қазақ елі – сөз парқын жіті таныған халықтың бірі һәм бірегейі десек болады. Біз жыраулар поэзиясында өзіндік үнімен танылған Ақтамберді, Бұқар жыраулар, Қазтуған жыраулардың тегеурінді толғауларын жаттап өстік. Өнегесін бойымызға сіңіріп өстік. Осы ұлы тұлғалардың кезіндегі айтып кеткен идеялары немесе қозғап кеткен мәселелері бүгінгі таңда да өзегін жойған емес. Сіз – осы жыраулар поэзиясын толыққанды зерттеген, толыққанды таныған адамдардың бірісіз. Қазіргі таңда жыраулардың поэзиясы қаншалықты насихатталып жатыр? Және біздің ұлттық руханиятымызға жыраулар поэзиясының тигізген әсері қандай?

– Жыраулар поэзиясы дегеніміз – қазақтың саф таза кезінде, қазақ рухының өр кезеңінде, рухы өлмей тұрғандағы үлкен құбылыс. Қазақ дүниесіндегі жыраулар – әлемдік деңгейдегі жауһарлар. Бүгінгі қазақ сол жыраулардың үлкен түренін жамылып, сол үнмен келе жатқан халық, қаймана топ. Сол қаймана топтың жүрегіндегі жазу – қазақтардың көтеретін туы жыраулар поэзиясында анық көрінеді. Анық көрінуінің себебі жыраулар – қазақтың мәңгілік жаны. Ол басқа жерден келген жоқ, басқа бір ғарыштан немесе басқа халықтардан арзан бағамен сатылып, сол жерге қоныстанбаған қазақтың төл өнері болғандықтан, жыраулар поэзиясы дегеніміз – бүгін аса бір қасиетпен, киемен аталатын үлкен дүние. Жыраулар поэзиясындағы әр сөзді, әр парақты алып қарасаңыз, бүгінгі әлемдік деңгейдегі нарықтың айналымға салатын ұлы дүниелер жиынтығы. Жыраулардың әр сөзі – қағидат, әр сөзі – иманилықты тербейтін жәдігерлер. Қазақтың бір кереметі сол жыраулық, шешендік, ой санасатын, ой жарыстыратын ой алаңындағы ең үлкен ғажайып тұлғалар жырауларда болды. Жырауларымыз қазақ әлемін қаншама рет сілкіндірді. Біраз уақыт бойы жыраулардан адасқан кезіміз болды. Адасу дегеніміз – сол жырауларды тастап кету емес. Қазақ дүниесінде, қазақ руханиятында, қазақтың жанында қаншама уақыт бойы жыраулар ғұмыры жасырын жатты. Бәрібір сол жыраулар қазір де өмір сүріп келе жатыр. Ұлттың жанын, жүрегін, дүниетанымын ең бірінші кезекте қозғайтын осылар. Шалкиіздер, Доспамбеттер, атақты Марқасқа – осылардың барлығы біздің бүгінгі жеткен жетістігіміз. Бүгінгі жеткен шыңымыз – бүгінгі біздің әлемдік деңгейдегі әдебиеттің түреніне қосып беретін алақанымыздағы алтынымыз. Басқа алтын жоқ бізде. Құдай тағаланың бізге берген ең үлкен сыйы – жыраулық. Жыраулық қазаққа тегін келген жоқ. Қазақ тек қана зар мен шерді айтқан жоқ. Қазақтың жыраулары қазақ дүниетанымын, қазақтың үнін үр дүниеге паш еткен еді. Осындай бір керемет үн!.. Қазақтың ымы да, қазақтың үні де, қазақтың айтқан әр сөзі де сол жыраулық поэзияның ішкі қозғалысында жатыр. Әр уақытта Доспамбетті, Махамбетті оқыған сайын бір дүбірлі өркениетті дүниеге кезігесің. Бір шеттегі әдебиеттен табылмайтын, сырт әдебиеттерінен өмірде кезіктіре алмайтын бір керемет сөздерді, керемет ойларды осы жыраулар поэзиясынан табасың. Бұл – менің қазағым!.. Бұл – менің үнім. Бұл – менің ата-бабамның жүрген жолындағы барлық қасіреттер менен қуаныштардың немесе қазақтың ұлы дәуірінің үні ретінде сақталып отыр. Бүгін жыраулар поэзиясын жырауларды өмірге келтірген, соны ұмытып бара жатқан кезде біздегі үлкен түренге алып келіп, кісенді жылдарда, жаралы жылдарда соны айналымға салған біздің классик жазушыларымыз бар. Әсіресе, Мұхтар Мағауиннің атын ерекше атау керек. Ол бізге бес ғасырдың үнін жеткізді. Әсіресе, қазақтың өзін танымай кеткен қиын сәттерде осы жыраулардың үнін айналымға салды. Қазақтың Тәңірінде жасын болып ойнаған жыраулардың бір кезектегі үлкен үні ұйқыдағы қазақтарды жұлқылап оятты. Сол оятудың нәтижесі 1986-шы жылғы жеңіске, Желтоқсандағы азаттық аңсаған қозғалысқа әкелді. Қазақтар сол кезде ұлы жыраулардың үнін әлемдік деңгейге «лақтырды». Сол кезде қазақтың үнінен, әртүрлі ойынан сескенген билік іштей жік-жапар болды. Сол билікке қыннан шығарып, жарқылдататын алтын алдаспан біздің жыраулардың жырлап кеткен ойлары екенін түсіндік. Оны студенттер мен жастар, сол кездегі зиялы қауым, сонымен қатар ақындар барлық деңгейлерде түйсінді. Түсіну былай тұрсын, қайтадан жаңғыруға әкелді. Әр жерлерде, аудиториялар мен мектеп қабырғаларында жырынды ақындар, жақсы зиялы қауым өкілдері үзіп-жұлып айтып жүрді. Енді не дейміз? Бүгін ешқандай кедергі жоқ бізге. Соны үлкен деңгейге шығару, тәржімалау немесе оны қайта насихаттау, қайта жаңғырту – біздің қолымызда. Қолымызды ешкім қағып тұрған жоқ. Сондықтан бұл бүгінгі деңгейдегі ақындардың үні, ақындардың үлкен түрені, қозғалысы, ми қатпарындағы өлең болып келе жатқан дүниелердің барлығы – сол жыраулар поэзиясының шырағы. Бүгін қайтадан жаңғырып жатыр деп айтсақ, бұған ешқандай шек келтірудің керегі жоқ. Өйткені бұрынғы өткен жыраулардың алпыс екі тамырын иіткен, тамырындағы бұлқыныстар, ойындағы армандарының барлығы біздің қанымызда тулап жүр. Бұл біздің намыс. Яғни, бұл біздің өмір сүретін жадымыздың ең бір қалыптасқан киелі тұсы. Осы тұс – жыраулар.

Билік, мемлекет, үкімет – қазақ поэзиясының ең бірінші жарнамашысы болу керек

Жуырда сіздің «Қаламұш әлем» атты үлкен зерттеу еңбегіңіз қолыма түсті. Сонда сіз әлемдік әдебиеттегі ірі тұлғаларды, ақын-жазушыларды зерттеп, халыққа жаңа қырынан танытқан екенсіз. Қазақ әдебиеті әлемдік аренаға шықты ма?

– Әлемдік әдебиеттің ең үлкен бір саласы – қазақ әдебиеті, қазақ поэзиясы. Әлемдік әдебиет үлкен бір бәйтерек болса, оның көрнекті бұталары немесе шетінде тұратын, ортасында тұратын, нақты көзге көрініп тұратын бір керемет жағы осы – біздің поэзия. Біз әлемдік деңгейге жеттік пе, жеткен жоқпыз ба дегенде, ойланатын бір ғана мәселе бар. Әлемдік поэзияға жету үшін не істеуіміз керек? Біздің сүйікті билік, үкімет, мемлекет поэзияның жаршысы болу керек. Билік поэзияны қай кезде ұмытпаса, ақындарын ұлықтаса, соларға қолдау көрсетсе, солардың жазғандарын әлемдік деңгейде жарнамалап беретін болса, онда қазақ поэзиясы бүгінгі деңгейден ары қарай асып кететін мүмкіндіктері бар. Бүгінгі жетіп тұрған деңгейі – әлемдік деңгей. Әлемдік деңгейдегі ақындардан кем жазбайтын һәм солардан асып түсетін жақсы ақындар бар. Олардың барлығы бүгінгі, кешегі біздің ақындар – Қадыр, Тұманбай, Мұқағали, Жұмекен, Фаризалар. Осылардың бәрі әлемдік деңгейде қалам тербегендер, қанмен жазғандар. Ақындардың барлығын айтып тәптештеп жатудың керегі жоқ. Ақындарды небір тобымен немесе қандай бір тізіммен, тіркеумен әлемдік деңгейге кіргізбейді. Ол өзінің ынта-жігерімен, өзінің айтайын деген ойымен, өлеңмен әлемдік сұрыпқа жетуі тиіс. Ал соған әлем қанағаттанды ма деген сұрақ бар. Әрине, қанағатты деп ойлаймын. Неге десеңіз, бұл әлемдік жаңғыру қазаққа келді. Қазақ ақындары бұрынғы айтпай жүргенді айтып жатыр. Бұрынғы жетпей жүрген биіктерді бағындырды. Бұл – бағындырудың соңы емес және бағындырудың басы емес. Бұл бұрынғы Абайдың кезінен, Абайдан кейінгілер, бейадауат соғыста отқа оранып туғандар, соғыстан кейінгілер, бүгінге дейінгі жырлап жүрген ақындардың биігі сол. Өкініштісі, бір саяси кедергілер, әртүрлі казармалық тәртіптер, қиын-қыстау сәттер, қуғын-сүргін – осылардың барлығы қазақтың тағдырын айналып өткен жоқ. Содан кейін біраз жылдар бойы тоқыраған болуына күмән жоқ. Бір жүйені мақтаған кездері де әбден болуы мүмкін. Бірақта сол жүйенің ішінде де қаншама ақындар туды, қаншама жақсы өлеңдер қаз тұрды. Жұбан Молдағалиевтің тілімен айтсақ: «Мен қазақпын – мың өліп, мың тірілген!». Бұл жерде ақын биология ғылымына қатысты өлімді айтып отырған жоқ, ақын рухани дүниені, рухани өлімді, рухани тірі өлікті меңзеп отыр. Осылардың барлығын қарап отырған кезде қазақ поэзиясы – әлдеқашан алдыңғы қатарға жеткен поэзия. Бұл үшін таласып, кеңірдек жыртудың керегі де жоқ, бұл үшін Мәскеумен ақылдасудың керегі жоқ, бұл үшін біз орыс әдебиетінің үстіндеміз бе, әлде астындамыз ба деп әрқилы жағынан қараудың қажеті жоқ. Біздегі ең қиын дүние бұл – казармалық тәртіпте жүргендегідей жарыместік, жартыкеш көптілділік жоқ болды. Яғни, испан тіліне, ағылшын тіліне аударылуы тиіс ең жақсы деген поэзиямыз тәржіма көрмей қалды. Сондықтан әлемдік деңгейдегі шығармалар текті оқырманға жетпей қалған жағдайлар кездесті. Ал қазір кедергі жоқ. Бірақ тағы да айтайын билік, мемлекет, үкімет – қазақ поэзиясының ең бірінші жарнамашысы болу керек. Жапон поэзиясы бүгінгі таңда әлемдік деңгейді қалай бағындырып жүр? Нобельдік сыйлықтарды қалай алып жүр? Осылардың барлығын насихаттап беретін өзінің мемлекеті, билігі, жанашырлары.

Әдебиетте постмодернистік, модернистік және реалистік секілді бірнеше ағымдар бар. Осы тұрғыдан зер салсақ, болашақта постмодернистік бағыттағы өлеңдер оза шаба ма, әлде реалистік туындылардың бәсі жоғары тұра ма?

– Постмодернизм – ешкімге қажетсіз дүние емес. Мұның шырқау шегі бар. Шыны керек, бұл ағым – тұнып тұрған шеберлік. Поэзияның ішіндегі ағымдардан жатырқауға болмайды. Поэзияға қарап отырған кезде постмодернизмге және модернизмге дейінгі немесе модернизмнен кейінгілер деп екі жікке бөлу жөн секілді. Ал енді модернизм дегеніміздің өзі – тап-таза шеберліктің шыңы. Бұлардың ішінде әртүрлі қисынсыз ағымдар болуына таласым шамалы. Көше әуендері секілді әртүрлі жағдайлар кездесуі ғажап емес. Алайда постмодернизмнің өкілдері бүгін әлемдік сұранысқа ие. Бір таңғажайып өлеңдер жазып жүрген, соларды қазақ тіліне тәржімалап жүрген ақындардан осы сұрақты үнемі сұрап отыру керек пе деп ойлаймын. Мысалы, 1958 жылдан құбылыс болған Аргентиналық Хорхе Луис Борхестің атақты «Ауытқу» өлеңі бар. Эзра Паундының өлеңдері қандай керемет. Сол секілді Латын Америкасы және де Француз әдебиеттеріндегі құбылыс болған ақындардың өлеңдері қазақ тіліне тәржімаланған жоқ. Көбін орыс поэзиясынан, орыс ақындарының айтқанымен біз түсінеміз, қараймыз, оқимыз. Ал төл тілде оқу ол біздің қолымызға әлі жете бермеуі мүмкін. Бірақта қазір ағылшын тілін оқып жүрген жастар бар. Әсіресе әлем әдебиеті бүгін біздің қолымызда тұр. Шығармалары тәржімаланып та жатыр. Қазақ ақындарының өлеңдері испан, қытай, хинди т.б. тілдерге аударылуда. Осылардың барлығы бүгін әлемдік санатқа қосылып жатқан құндылықтар. Енді әдебиеттегі ағымдарды ішінен салыстырып немесе кейінгі дәстүрге қарсы қойып ешқандай жақсылық таппаймыз. Жыраулар поэзиясындағы, тіпті қара өлеңдердегі постмодерндік үлкен дүниелерді қайда қоямыз? Бәдік өлеңдердегі бейқисындарды қалай орнына қоямыз? Оны қай ағымға жатқызамыз? Мысалы, Тұманбайдағы тылсым сырларды нендей негізге жатқыза аламыз? Жұмекендегі бір керемет иірімдерді қандай ауанға теңеп, нендей қисындарға жатқыза аламыз? Қадыр Мырза Әлидегі тапқырлықтарды қалай жоримыз? Осылардың барлығы өте бөлек ірі-ірі дүниелер. Жақыпбаевтың жалынды жырлары қандай! Ақ өлеңмен жазылған әңгімелер де бар. Осылардың барлығы бүгінгі қазақ поэзиясын өсіріп келе жатқандар. Ағымдар қазақ поэзиясын өшіру үшін келмейді, өсіру үшін, алға бастыру үшін келу керек. Абстрактілі түрде мұны жарнамалау немесе оның барлығы дұрыс деуден аулақпын. Бірақ келген ағым – өзінің ізін тастайды. Келген ағымнан жатырқап, жан-жаққа қашудың қажеті жоқ. Кезінде социалистік реализмді біз қалай қабылдап алдық? «Батыр бала Болатбектен» бастап біз не жаздық? Солардың барлығын екшеп қарасаңыз, қайсы өміршең екені көзге көрініп тұрған жоқ па? Сондықтан авангардта жүрген ақындар өзінің өлеңін, поэзиясын белгілі шыңға қарай сүйреп, қазақ руханиятын жаңғыруға әкеле жатқан ақындардың барлығына бас ию керек. Бұлар – үлкен ақындар. Өйткені әлемдік әдебиеттегі әртүрлі иірімдерге малтыға аунаған, соған барған, соларды оқыған адамдар ғана осы ағымдармен ойнай алады. Ал енді қарапайым ақындардың кейбір өлеңдерін қарап отырған кезде, әрине, біраз жағдайлар көзге түседі. Бір ыңғайсыз жағдайлар да кездесуі мүмкін. Олардың барлығын текті оқырман өзі елеп-екшейді. Оқырманның жадысында, сезімінде қалмаған, оны қабылдамаған өлеңдер өз уақытында өзінің міндетін атқарып қалуы мүмкін. Мысалы, шың басындағы керемет бір жауһар секілді өлеңдер кездеседі. Шыбынның жасындай ғана өлеңдер кездесуі мүмкін... Модернизм, постмодернизм және басқа ағымдар туралы жазып жүрген сыншылар көп. Өте білімдар азаматтардың қисынды ой орамдары да бар. Осылардың жазып жүрген еңбектерін насихаттау, оқулықтарға енгізу, үлкен әдебиет сараптамаларын әдебиет айналымына салу жөнінде қазақ әлемі жарамды жұмыстар жасап жатыр. Жасамай жатқан жоқ. Әсіресе, «Мәдениет порталы», «Әдебиет порталы», әдебиеттің жалпы түренін көтеріп жүрген газет-журналдар, сайттар қазақ поэзиясын әлемдік деңгейге шығару жолында елеулі еңбек жасап жүр. «Қазақ әдебиеті» әсіре саясиланудан шығып, әдебиленіп келеді. Ал жетпейтіні, жоғарыда айттық, бұл – мемлекет тарапынан жасалатын жарнамалар. Әлемдік деңгейге қаратып жасайтын үлкен игілікті жұмыстар. Осыларды біз қалай түсіндіреміз, қалай айтамыз? Сол үшін бізге ең керегі – әлемдік дұрыс жарнама. Әлемдік қисындағы таза шығармалар керек. Біреудің аузымен емес, қазақтың өзінің үнімен, қазақтың өзінің үкіметі, қазақтың өзінің сарапшылары әлемдік деңгейге берген ұсыныс арқылы қабылданған үлкен этикалық сыни материалдар болу керек.

XX ғасырдың басында Абайдан кейінгі ірі ақындардың толқыны пайда болды. Міржақып, Ахмет, Мағжанның шоқтығы биік туындылары жазылды. Олар қазақты оятуға, қараңғылықтан құтқаруға тырысты. Осы шақтан бері қарай бір ғасырдан астам уақыт өтті. Қазіргі таңда біздің қазақ ояу ма, әлде әлі де ұйқыда ма?

– Қазақтың ұйқыдағы дәуірі – ол біздің қасірет. Қазақтың оянғаннан кейінгі істеп жүрген дүниелерін, бағасы бүгін емес, ертең берілуі мүмкін. Ертеңгі ұрпақтың міндеті жоғары. Қазақ қай кезде де сергек болған. «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп сонау «Елім-айдан» бастап келе жатқан үлкен ұрандар, Шығыс Түркістандағы Сұлубайдың Бүркітбайдың әні, Омарғазы Айтанның өлеңдері, қазақ әлеміндегі барлық ақындардың айтайын дегенінің барлығы – қазақтың жан дүниесі. Бұл жай ғана айтыла салған шер немесе зар сияқты дүниелер емес, бұлардың айтайын дегені – қазақтың дүниесін әлемдік деңгейге қазақтың сарынын, философиялық түйіндерін жеткізу. Сол жолда қазақтар қағілез болды. Қиын кезеңдерде қызыл ту тіккен жерді мақтау, сол тұғырнамалық, саяси дүниелерді мақтаған одалар, жартыкеш дүниелер болды. Сондай-ақ оның да оқырманы болды. Бірақ бір қызықтысы – барлығы екшеліп қалды. Ал енді қазіргі жағдайда қазақ – қағілез. Оянды!.. Үні шығып жатыр. Қазақ деген мемлекет өзі айналымға түсті. Саяси-әлеуметтік, экономикалық немесе геостратегиялық жағынан қазақтар әлемдік айналымға толықтай түсті. Осыған байланысты қазақ поэзиясы қалыс қалмайды. Міндетті түрде көш жүре түзеледі. Сонымен бірге қазақтың үні де болады. Қазақ жүрген жер тек қана той-думанмен шектелмейді. Қазақ – ойдың ішіндегі халық. Қазақ – ақша бұлттардан келетін әртүрлі жауһар тамаша тамшылар сияқты. Қазақ – құстың даусымен оянып, көкке қарап қол жайып, құстың дауысын өлең қып жіберетін сондай тамырлы ақын халық. Қазақ аналары – бесік жырын бесіктегі баласына әнмен, ыммен, үнмен, мәнмен айтқан ерекше ұлт. Сондықтан осы ақындық дүниелері қай уақытта да мәңгі жасайды. Мәңгі жасауы тиіс. Ал енді кейде мұны маразмға шалдыққан ұйқылы-ояу, есеңгіреген жұртшылық болады. Осылардың бәрі құрып кетіп жатыр. Үні өшкен халық – сол қалпымен қалады. Ал қазақта қазір үн бар. Тілдік жағдайларда кедергілер болуы мүмкін. Ол енді басқа мәселе. Оның обалы да, сауабы да бар. Тілдің тағдырын ақын ғана қанмен жылап тұрып өз ойларын айтады. Бұл – қазақтың ұйықтауы емес, бұл – серпілуі. Тіл туралы өлең айту деген сол. Мағжан мен Сұлтанмахмұттың кезі – басқа дәуір. Олар басқа дүниеден, басқа жағдайлардан оятқысы келді. Мұнда қазақтар өздігінен ұйықтаған жоқ, оны әлдилеп ұйықтатқан жоқ, оны сол казармалық мырзақамақ пен түрмеде қамады. Қапаста ұстады. Сол кездерде ақындардың ащы дауысы шыққаны бар. Басқа не істеу керек? Қырылу керек пе? Қырылған тұстар болды. Басқа бір соғыстарға, басқа бір мәселелер төңірегінде өрбіген майдандардың ішінде жүрді. Қаншама қазақтар қырылды. Қаншама жастар кетті. Қолдан жасалған репрессия, қудалау, аштық – осылардың барлығы қазақтың басынан өткен қайғылы жылдар. Қайғылы жылдардың барлығында қазақтың ақындары жан-жүрегімен жылады. Бұл – ұйықтау емес!

Ең керемет сыншы, ең әділ сыншы – текті оқырман ғана

Жұмекен Нәжімеденов бір өлеңінде: «Тым ащы айтсам, кейіме, ісінбей кет, Тым тәтті айтсам, мән берме, түсінбей кет, Тәтті сөзден ақыл-ой ауырады, Тәтті жеген сәбидің тісіндей боп», – деген еді. Қазіргі таңда қаламгерлерге сын айту қаншалықты маңызды? Сіз өзіңізден кейінгі жас буын ақын-жазушыларға көңіліңіз тола ма?

– Сын дегеніміз – шын деген сөз. Қатты айт, тәтті айт, сының шын болу керек. Шын айтылмаған жерде сын айтудың керегі жоқ. Бүгін поэзиядағы әрқилы жазып жүрген ақындардың кейбір дімкәстігін қарайсың, байқайсың. Біріне-бірі соқтығып жатқан бос сөз бар. Бос соқтығу! Ешқандай дәйексіз, дерексіз соқтығу кездеседі. Бұл әдебиеттің өсу кезеңіндегі әртүрлі сәттер болуы мүмкін. Сын көп жағдайда мақтаумен басталады да, мақтаумен аяқталады. Мұның ішінде айтылатыны бар-ау... Айтылмайтын дүниелер де айтылады. Мақтауға келмейтін бірдеңелер бар. Құртып жүргені осы! Қатты айтылсын, тәтті айтылсын бәрібір сын дегенімізге шын жанашыр көзбен қарау керек. Рас, көңіл толатын, толмайтын ақындар бар. Шыны керек, ең керемет сыншы, ең әділ сыншы – текті оқырман ғана. Әдебиеттанушы мен сыншылар сынды жазып береді. Әрине, ол басқа мәселе. Ал сол әдеби сараптан көрі текті оқырмандардың сарабы – бүгін ғажайып сын. Ол – сынның сыны. Әлгі ақындар туралы әртүрлі пікірлер айтылды. Мұқағали мен Жұмекеннің дәуірі – екеуі де екі бөлек дүние. Бірақ біртұтас қазақтың үні! Екеуі екі сарынмен шығып отыр.

«Атақ деген немене, ақ жорға ма деп қалам,

Әр тақымда бір шауып, бір қазыққа тоқтаған.

Байлық деген немене, сараңдық па деп қалам,

Жайған қолға тоқтамай, жұмған қолға тоқтаған.

Бақыт деген немене, сұлу қыз ба деп қалам,

Әр жігітпен бір билеп, бір жігітке тоқтаған».

Осыдан артық не айту керек? Жұмекен осыны қалай керемет айтады! Ал енді тәржімалап көр. Испан тіліне, қытай тб. тілге, бір миллиард адам тұтынатын ағылшын тіліне осыны тәржімалап көр. Ертең таңертең әлемдік ақын боп оянуың мүмкін...

Жоғарыда біз ірі ақындардың қатарына Жұмекенді жатқыздық. Жұмекеннің бір өлеңінде: «Ауырлығы – табыттай, жеңілдігі – көбіктей» деген өлең жолы бар. Енді осы Жұмекен – біздің интеллектуалдық поэзиямыздың бастауы деп айтуға келе ме?

– Әрине, интеллектуалдық поэзияның бастауы деп айтылуы керек. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Алғашқыда қиналып, адамдар «бұл не?» деп жүрген жағдайлар болды. Бірақ оқырманын тапты. Оқырманын тапты деген сөз – жүйесін тапты деген сөз. Сөз жүйесін, үн жүйесін тапты. Өлең – есін тапты. Сондықтан бүгін сол интеллектуалдық деңгейдегі ақындардың көш басында Жұмекендер бар. Тек қана Жұмекен емес, Жұмекендер бар. Осылардың барлығын қарап отырған кезде есіме Тұманбай келеді. Тұманбай Молдағалиев! Тұманбай туралы әртүрлі пікірлер айтылады. Жұмсақ, кей жағдайларда басқа пікірлер айтылады. Тұманбайдың постмодернизмге қосқан үлесі, сол туралы жазғандары қандай екенін білесіз бе? Бұл ғажайып! Бұл құбылыс! Тек қана «Куә бол-ды» қара. Ғарыштан түскендей әдемі ән, мәтін, ым, үн... Керемет шығар?.. «Көзімді жұмсам да көрем сені». Мұнан артық қалай айту керек? Осы қарапайым сөзді барлығымыз білетін сияқты көрінеміз. Бірақ анау шетте отырған партугалдар, француздар, ағылшындар, мына көрші қытай білмейді ғой?

Көзімді жұмсам да көрем сені,

Соғады арманымның қоңыр желі.

Куә бол арман, куә бол Алатау, бақытыма куә бол,

Көк терек көлеңкелі.

Осыны қарасаңыз, ғарыш бар, жер бар, ауа бар, бәрі бар. Бұл – Тұманбайдың әлемі. Тұманбайды біз жіті зерттей алмай жүрміз. Тұманбайдың жеткен шыңын, биігін бағалай алмай жүрген жағдайларымыз бар. Сондықтан жас ақындарға, сыншыларға аманат, серт ретінде қабылдау керек. Тұманбай – осы заманның ұлы ақыны. Тек қана сыртқы пошымы мен қарапайым имиджіне қарап немесе сол ақынның жайдары-жайсаң сондай бір сұлу мінезіне қарап бүгін баға берілмейді. Баға дегеніміз – өлеңнің ішкі қуатына берілу керек. Поэзияның поэзиясына берілу керек. Айқайға емес, жоғарыдағыдай керемет иірімдерге берілу керек. Ол кісінің дүниеден өткеніне біраз уақыт өтті. Тұманбай туралы сараптамалар аз кездеседі. Бірақ халық бүгінге дейін айтып жүр. Анау үнге орап, әнге орап «лақтырған» Тұманбайдың ұлы дүниесі бар. «Көктемді қондырып қанатына, Құс қайтып оралды Алматыма». Енді не істеу керек басқа? Қандай ғажап дүниелер бұл? Білесіз бе? Кезінде көп адам өлең жазған. Маркс те, Маозедун да өлең жазған. Маркстің өлеңдерін оқу мүмкін емес. Қазір адамдар олардың қағидаттарын ғана біледі. Ал енді өлеңдерін кім оқыды? Керемет өлеңдер бар. Маоның қаншама ғажайып өлеңдері бар. Сонда бұл ақындық дегеніміздің өзі жаратылыстан, мынау ғарыштан келетін һәм келтірілетін дүние секілді. Сіздер, жас ақындар, бір күні жастанып жатып сол Тұманбайдың тек қана саз ретінде, ән ретінде жазылған мәтіндерін қарап көріңіздер, оқыңыздар. Таң дәуіріндегі Қытай ақындарының бірі Либайдан Ван Вейден бастаған керемет өлеңдер бар. Бұлтпен, шуақпен араласқан бір мұнардың ішінде жүретін... Енді сол сияқты, содан да өткір, содан да жайсаң, содан сырлы, әуезді дүниелер бүгінгі менің Тұманбайымда бар. Интелликтуал ақын деп айтатын, көш басында тұратын керемет ақынның бірі – сол Тұманбай Молдағалиев.

Моңғолия өңірінде Күлтегін бабамыздың тасы бар. Біздің қазақ жазуы – сол Күлтегін дәурінен бастау алды десек, қателеспеспіз. Бұл, әрине, шындық. Қазіргі таңда Күлтегін жазуы өз деңгейінде зерттеліп жатыр ма?

– Тастағы бәдіздер туралы бітіктастың білгірі Қаржаубай Сартқожаұлынан сұрау орынды шығар деп ойлаймын. Күлтегін жазуына қатысты көптеген ойларды айтуға болады. Сол тас жазу, бәдіз алдымызда тұр. Оның мәтіндері тәржімаланды. Оқылып жатыр. Әлемдік айналымда жүр. Жазу – ұлы құндылық. Қазақтың мақтанышы рәміз менікі – бұл менің жүрегімдегі жазу. Яғни, менің жан дүниемдегі құндылық. Осылардың барлығын бүгін Тәуелсіз Қазақстан әкеліп жатыр. Мәтінді былайғы ақындар, ғалымдар ғана емес, қарапайым оқушылар, шәкірттер, білімгерлер айналысып, оқитын жағдайға келді. Бұлардың бәрі бүгінгі күннің қимылы. Кезінде тасқа қашап кеткен осындай керемет дүние – бүгін айналымға түсетін болса, ол біздің Көктүріктердің, Түріктілдес жұртшылықтың, қауымның, ұлы Түріктің рухани жадысының теңдессіз күшті болғандығы. Бұл бізге мақтаныш! Тек қана мақтап қалмау керек. Дүние жүзінде сондай бір керемет жазулар жоқ. Ал болғанның өзінде ғұмыр жасы аз болды. Енді Түркі жазуы. Әлемдік деңгейде аты шыққан үлкен Түркия мемлекеті Моңғолиядағы Түркі бәдіздеріне қатысты тасқа жазылған сына жазудың барлығын қорғауға алды. Келешекте айналымға түсуі мүмкін. Оның бағдарламалары, т.б. әдістемелерінің барлығы жасалады. Бұл айналымға келе жатқан рух дүниесі. Мінекей, Еуразия университетінің дәлізінде Күлетін ескерткішінің түпнұсқадан алынған көшірмесі тұр. Осыны көріп өскен білімгерлер, шәкірттер жазуға ынтасы оянады. Бүгін, ширек ғасырдан кейін немесе елу-жүз жылдан кейін қолданысқа енеді. Өйткені бұл біздің алақанымызда тұр. Алақанның сызығындай анық дүние – Көктүріктердің тасқа қашаған жазуы. Бәдіз, руналық жазу. Оны орыстар да, басқа мемлекеттер де бәрі зерттеді, бірақ Моңғолияда тұрған сол тастағы жазуды моңғол ғалымдары мен қазақ ғалымдарындай, соның ішінде Қаржаубай Сартқожаұлындай зерттеген ғалымдар, және оны қорғаған жадлы мемлекеттер аз. Міне, бұл біздің артықшылығымыз.

Қазақ – қазақша сөйлеген тұста қазақ болады

Сұраған Рахметұлын не мазалайды?

– Тіл! Тіл мәселесі. XVI ғасырда әлемдік деңгейде айналымға түскен 16 мың тіл болатын. Қазір бар-жоғы 1620-дай тіл қалды. Дүниежүзіндегі сол халықтардың 240-ы ғана белгілі 11 тілде сөйлейді. Басқаларының барлығы күйреп, жоқ болып бара жатыр. Сол 1600 тілдің біреуінде сөйлейтін бірнеше-ақ адамдар болуы мүмкін. Ертең олар дүниеден көшкен кезде солармен бірге тілі де сол қалпымен құруы ғажап емес. Тәңір бізге Ұлы Тәуелсіздікті берді. Тәуелсіздіктің бір тұғыры – тіл. Сол тілді енді өміршең ету біздің алдымызда тұрған мақсат, парыз, жүрегіміздің тұсындағы дұға. Біз мына тілден айырылсақ, бәрібір ұлт болмай қаламыз. Сол қалған 11 тілдің ең басында қытай тілі, хинди, ағылшын тілі тұр. Ағылшын тілінде 1 миллиярд адам сөйлейді. Дүниежүзінің 43 мемлекетінде 16-18 миллион қазақтар бар. Осылардың қаншасы қазақ тілінде сөйлеп жүр? Қазір санақ өткізуге болады. Қанша қазақ қазақ тілінде сөйлейді? Қайдам, бірақ ары кеткенде 5 миллион болуы мүмкін. Қалғаны орта деңгейде, қалғандары қазақ тілін білмейтін орысқұлдар болса, таңғалмаңыз. Сондықтан, жалпы қазаққа қазақтың қасіретін бетіне баға беруге болмайды. Одан аулақпын. Қазақ – қазақша сөйлеген тұста қазақ болады. Сол кезде тәуелсіздік баянды болады. Сол кезде қазақ ұлты толыққанды ұлт ретінде есептеледі. Қазақтың тілі қазір жақсарып келе жатыр. Бұрын жұрттың 80 пайызы еш үндемейтін. Онда тіл туралы мәселелер өте аз айтылатын. Қазір көп айтылып жатыр. Көп айтылды деген сөз – сол 80 пайыз қазақтың жанашырлығына қарай ойысты. Сондықтан тіл мәселесі бүгінгі ең өткір, зәру мәселе ретінде көтеріліп жатыр. Әр қазақ өз бесігінде өзінің ана тілінде, сүт тілінде сөйлейтін қазақтарды тәрбиелеу. Ал мұны тәрбиелемесе, басқа тілде сөйлейтін қазақты сыртқы қабына қарап, біз қазақ деп айтуымыз мүмкін емес. Бүкіл қазақтар қазақ тілінде сөйлеген кезде барлығы баянды болады. Барлығы қазақ тілінде өлең оқып, сол ақындардың жазған өлеңдерін жатқа айтып, соның әуезіменен күліп, соның әуенімен ән айтып, соның ішіндегі мұңымен мұңданып отыратын сәтте тіл өміршең болады. Өркениеттің күйреуі – ең бастысы тілден. Өркениетті елдер бірін-бірі жалмаумен келді. Үлкен тіл кішкене тілді жоғалтты, жұтты. Бір жүзжылдың ішінде қалған тілдер жоқ болуы әбден мүмкін. Сонда не істейміз? Дүниежүзінде қалған 6-7 тілмен сөйлейміз бе? Орыс, қытай, араб, партугал, ағылшын, француз тілі дейміз бе? Осымен сөйлесеміз бе?! Онда қазақтың ұлты қала ма? Үш тұғырлы тіл дегеннің өзінде байқап, жан-жағымызды бажайлап айтпасақ, мұның өзі де қатерлі. Ағылшын тілінде сөйлеп үлгересің. Қазақ – тілге бейім, ұғымтал халық. Сондықтан мұны ескерту керек деп ойлаймын. Жапондықтар жапон тілінде сөйлейді. Әлемдік деңгейдегі технологияларды игергенімен, ағылшын тілі оларға қызықты емес. Ал керісінше, сүт тілімен, уыз тілімен келген қарапайым тіл – аса қадірлі. Сондықтан қазақта бір ғана тіл болу керек. Ол – қазақ тілі. Басқа қосымша тілдер керек, әрине. «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» деген сөздің өзінде қателік бар. Қадыр ағамның аруағы кешірсін. «Өзге тілдің бәрін үйреніп ал, өз тіліңді жай құрметтеп қана қоя сал» дегендей. Бұлай болмайды. «Өз тіліңді жақсы біл, Өзге тілді құрметте» болу керек. Ең басты мәселе сол. Сондықтан тіл дегеніміз бүгін қасіретке айналмауы керек. Тілсіз ұлт болмайды. Баласын жетектеп кетіп бара жатқан жас ана баласына өзге тілде сөйлеп бара жатыр. Ертең сол бала соны қайталауы мүмкін. Бұл қасірет... Мазалайтын дүние.

Әрине, сіздің ойыңызбен толықтай келісемін. Енді философия әлеміне ойыссақ. Он сегіз мың ғаламның иесі Тәңір тағала әлемді жаратып, мың бояулы түске бояп, Өзінің әсем табиғатымен адамды тамсандырады. Осы құбылыс әуелі ақынның жанын тербеп, жыр тууына ықпал ететіндей. Біз ақ пен қара түсті классикалық түске теңейміз. Қоңырды қазақтың өзі дейміз. Сол секілді көптеген айрықша түстерді атауға болады. Сіздің түсіңіз қандай?

– Қара дегеніміз – қара түн, ақ дегеніміз – ағарған таң. Екеуінің аражігінде өмір сүріп жатқан пенделер. Бұл – адамның ғұмыры. Менің ең жақсы көретін түсім – қоңыр. Қазақ барлығын да қоңырға теңеген. Қоңыр аң, қоңыр ауыл, қоңыр үн, қоңыр ат, қоңыр саз... Соған қарап отырған кезде қазақтың қоңыр сөзінің өзі өлең сияқты. Қоңыр, қоңыр, қоңыр деп айта беретін болсаң, мінекей. Қоңырқаздың дауысы алғаш бұлттан келіп салбырап түскен кезде, қоңырқаздың дауысын жерге лақтырған уақытта соны қағып алған құлақтың құрынышындағы қоңыр әуен – қазақтың әуені. Домбыраның қоңыр үні!.. Төл үн, төл бояу... Бұдан артық өң жоқ болуы мүмкін. Бірақ өз тарапымнан ақ пен қараны жақсы көремін. Тіпті, бірнеше кітабымды да солай шығардым. Біреуге жақсы, біреуге жақпады. «Ақтегершік», «Өрен жүйріктің сілекейі», сосын Дәулеткерей бауырым бастырып берген «Түске оранған күз» кітабы басқа бір өңмен, тілдесудің нәтижесінде жарық көргені бар. Қоңыр түсті ұмытпау керек. Қоңыр түсің, қоңыр кешің, барлығы қандай да бір бояудан тысқары болып тұратын дүние. Мүмкін Репин, Пикассо, мүмкін Сальвадор Дали осындай өңдерді жиындықтап, керемет суреттерін сала алмаған шығар. Қазақтардай тек қана қоңыр түспенен бояу жағатын, қоңыр түспенен ән айтатын, қоңыр түспенен қоңыр түс көретін сыршыл халық жоқ дүниеде. Сондықтан осы қазақтарды, менің қазағымды қоңыр қазақ деп атаймыз. Дүние де солай қарап тұрған болуы керек деп ойлаймын.

Менің қолымда сіздің «Түске оранған күз» деген тамаша жыр жинағыңыз бар. Осы жыр жинақтан бір өлең оқып берсеңіз.

– «Түске оранған күзді» көп жас ақындар оқып жүр. Өлеңдерінің басы қайырылған. Айналымға түскен өлең. Жарнамалап отырған жоқпын, бірақ белгілі деңгейде оқырмандардың қолына жеткен кітап. Кітаптың ішінде мынандай бір өлең бар.

Себебі дейсің бе, себебі десең, ол былай,

Қандай бір күштен миымыз қалған сорымай.

Жер шарын саған қақ бөліп ашып берер ем,

Қолымды қаққан инеліктердің қорлығы-ай...

Бұл – менің қазақ дүниесіне, осы қоңыр қазақтарға айтайын деген ойымның бір парасы болған. Ақындар қай кезде де уақытпен бірге өмір сүреді. Ақынды уақыт, уақытты ақын толықтырады. Әсіресе, қазақ ақындары. Қазақ ақындары сондай саф, сондай қоңыр. Сондықтан ақындық жасай берсін!

Сұраған аға, бізбен жүздесіп, сұхбат бергеніңізге, әдебиет жайлы әңгімелескеніңізге үлкен алғысымызды білдіреміз. Еңбегіңіз жемісті болсын.

Сұхбаттасқан: Біржан АХМЕР


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар