Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Таласбек сыйлығы мәреге жетті...

24.09.2024 571

Таласбек сыйлығы мәреге жетті 14+

Таласбек сыйлығы мәреге жетті - adebiportal.kz

Белгілі жазушы, күйші, кинодраматург, өнертанушы Таласбек Әсемқұловтың шығармашылығын ұлықтауға арналған «Таласбек сыйлығы» өз мәресіне жетті. «Таласбек сыйлығын» табыс ету қорытынды кеші 23 қыркүйек күні, Ұлттық академиялық кітапханада өтті. Кешке Астанадағы зиялы қауым, күйшілер, жастар қауымы қатысты. Кешті күйші Рүстем Нүркенов жүргізіп отырды. Әдеби-сазды танымдық кеш еркін әңгіме форматында өтті. 

Таласбек Әсемқұлов атындағы IV Республикалық күйшілер байқауы екі кезеңмен өткен. Қорытынды кешке екінші кезеңге өткен күйшілер қатысып, жұрт алдында байқаудың талабына сай күй шертті. Күйшілер байқауының әділқазылары белгілі күйшілер Сәрсенғали Жүзбай мен Ардаби Мәулет қатысушылардың күйін сахнадан тірідей тыңдап бағасын берді. Соның нәтижесінде жүлделі орындр мынандай шешім тапты. 

Таласбек Әсемқұлов атындағы IV Республикалық күйшілер байқауының жеңімпаздары: 

1-орын Ілияс Тұрсынбек

2-орын Арман Жаныбеков

3-орын Қайролла Сұңқар

V «Таласбек» сыйлығының «Үздік әдеби туынды» номинациясы бойынша лауреат атанған ақын Тоқтарәлі Таңжарық. Ақынға «Таласбек сыйлығы» «Сен осы қалада жүрген секілдісің» өлеңі үшін берілді. 

СЕН ОСЫ ҚАЛАДА ЖҮРГЕН СЕКІЛДІСІҢ

...Бағдарсыз үйден шығам да

метроға мініп,

кез келген бекеттен түсемін.

Жолаушылар ағынына ілесіп жоқ боламын.

Көше толы жарнамаларға жаутаңдай қараймын.

Тойханалар мен гипермаркеттері көп шаһарда

Мен секілді әлдекімнің өмір сүріп жатқанына таңырқаймын.

Өзгелер ішінен өзімді әзер тауып

түн ортасы үйге ораламын.

Сен осы қалада жүрген секілдісің.

 

Іңір түсе сырасы мақтаулы барға бас сұғамын.

Мені онда шайыр достарым күтеді.

Біз әдебиет жайлы әңгімелесеміз.

«Поэзияның дәуірі өтті ме?»

деген сұрақ қойылады ортаға.

Мың рет дауласқанбыз, тағы да дауласамыз.

Ғашық болудың қандай нығмет екенін сезбейтін жас ақын

ғашықтық жырларын оқиды.

Оған ғашық бола алмаудың қасірет екенін түсіндіре алмайсың.

Барқын сыра балқытып, 

шалықтағанымызда

Газа секторы мен Украинадағы соғыс туралы айтамыз,

Ауғанстандағы талибандарды өсектейміз,

Нигериядағы балаларды аяймыз,

діншілдерді ғайбаттаймыз.

Құдайдың бар екеніне шүбә келтіріп,

Құдайдың жоқ екеніне налимыз...

Соңыра өз жалғыздығымызды қолтықтап,

тұрақсыз мекен-жайымызға қайтамыз.

Сен осы қалада жүрген секілдісің.

 

Демалыс күндері жұмыссыз достарым бильярдқа шақырады.

Қызыл шардың лузаға кірген сәтін тамашалаймыз.

Бір-бірімізді қолпаштап, арқадан қағамыз.

Өмірден қымбат ештеңе жоқ екенін,

Уақытты текке өткізу қиянат екенін,

Босқа сенделу денсаулыққа зиян екенін,

Бүгінгі күннің қайта оралмайтынын,

Отанды сүюден басқа мұрат болмауы қажеттігін

сөз етісіп, даурығамыз.

Десе де сен есімнен бір сәт көтерілген емессің.

Сен осы қалада жүрген секілдісің.

 

Анығы, сен осы қалада жүргендейсің.

Мені қазір ұйқысыздық меңдеген.

Көрші мешіттен таңғы азан шақырылғанда көз ілемін.

Ерте тұрып терезені ашып,

таза ауаға кеудемді тосамын.

Күннің алқызыл шұғыласы бөлмеге саулайды.

Көкірегіме көмескі шақтың сазы құйылады.

Он жеті жасымда тыңдаған әлдебір сыбызғы күйін аңсаймын.

Сен осы қалада жүрген секілдісің...

Жүлде алған шығарма жайлы қазылар алқасының пікірі:

Таласбектің бір сөзі бар еді: қаламгер жетіліп төрт сатыдан өтеді: 1. Нашар және қарапайым (оңай), 2. Нашар және күрделі, 3. Жақсы және күрделі, 4. Жақсы және қарапайым (оңай). Тоқтарәлідің өлеңі осы төртінші сатыға шыққан, бір романның жүгін арқалаған дүние. 

Жазушы, мәдениеттанушы Зира Наурызбаева

 

Мен Тоқтарәлі Таңжарықтың «Сен осы қалада жүрген секілдісің» деген туындысына дауыс беремін, себебі бұл өлеңге Алматының шығармашыл қауымының өмір салты, жалпы Алматы атмосферасы, суреткер жанның дүниені қабылдау трагедиясы, құпия махаббат оқиғасы және  басқа да нәзік дүниелер еркін сыйып, иектесіп, иықтасып, өзінше бір тылсым әлем құрастырып тұр. Бұл өлеңді жоғары деңгейдегі поэзия үлгісі деп қабылдауға әбден болады.

Жазушы, драматург Мадина Омарова

 

Тоқтарәлі әдебиеттің түрлі жанрында қалам тербей алатын көпқырлы қаламгер. Оның поэзиясы шөл далалықтағы бір шоғыр бітік өскен қараорман секілді, астары терең, жазуы көркем. Осы өлеңі де аялдап ойлантуға шақырады, кинотуынды  ленталарындай жетелеп отырады, әлемдік картиналардың жиынтығы ойшылдың жүрек елегінен өтіп өлеңге айналған, қамырық пен қападағы қалпымызды қарапайым әрі күрделі стильмен суреттей алады. Ол құдайына сауал жолдайды әрі күмәнданады. Сонысымен әдемі, биік.

Жазушы Сағдат Ордашова

Кеш соңында Қазақ Ұлттық өнер университеті ректорының міндетін атқарушы Раушан Нұртаза, күйші Сәрсенғали Жүзбай, Ардаби Мәулет пікір айтып,  дәстүрлі «Таласбек сыйлығына» сәттілік тіледі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар