Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Танакөз Толқынқызы: Қазақстанның әдеби имиджін көт...

19.02.2017 7717

Танакөз Толқынқызы: Қазақстанның әдеби имиджін көтеретін жобаларым бар

Танакөз Толқынқызы: Қазақстанның әдеби имиджін көтеретін жобаларым бар - adebiportal.kz

Елімізде қазақ әдебиетін шет елге таныту мен ел руханиятын дамыту жолында тер төгіп, онысын жалпақ жұртқа жар салмай, махаббатпен еңбек етіп жүрген қаламгерлер баршылық. Сол аздаған топтың ішінде ерлі-зайыпты Дәурен Берікқажы мен Танагөз Толқынқызын ерекше атауға болады. Жуырда ғана Испанияда қазақ ақындарының антологиясы жарық көріп, оған біраз қаламгерлеріміз сапарлатып, тұсаукесеріне қатысып қайтқан еді. Бұл игі іске де Дәурен мен Танагөз ақындар мұрындық болғанын атап өткен жөн. Біз Танагөз Толқынқызымен осы сапар жайында, қазақ әдебиетінің шет елдерге танылуы жөнінде әңгіме - дүкен құрған едік. Сұхбат барысында ақынның жеке шығармашылығы жөнінде де әңгіме айтылмай қалмады.

298d930f05fb4a7ecf47638a760c4fcb.jpg

Ақындарды мен үш топқа бөлемін

Сүйкімді ақын шақтап алған көлемін

Ала көйлек, гүлді көйлек көремін.

Шайырларды «әйел ақын», «жақсы ақын»

Және «өте жақсы ақын» деп бөлемін.

Әйел ақын келген кезде сүйкімді

Ішімізде ойнап кетер күй түрлі.

Бақ пен бақыт бұрқыратып әтірін

Жай кетпейді, бұзып кетер ұйқыңды.

Жақсы ақын мен өте жақсы ақыннан

Мың есе артық әйел ақын аһ ұрған,

- деп келетін, өзіңіз аударған орыстың Юнна Морицтің көзқарасымен ойыңыздың үндес екенін айтқан едіңіз. Сауалға осы тұрғыдан келсек, әйел ақын дегеніміз кім? Және жақсы ақын мен өте жақсы ақыннан мың есе артық етіп тұрған қандай артықшылығы?

Жақсы ақын мен өте жақсы ақыннан

Мың есе артық әйел ақын аһ ұрған.

Қандай ғажап сүю деген сұлуды

Адамзатты адастырған ақылдан.

Ал мен осы үш топқа да жатпаймын.

Басқаға емес тек өзіме шақ қайғым.

Ақын емес өлеңшімін жай ғана

Менен басқа көтеруге бұл атты

Қарағым-ау, ешбір «ақын» батпайды.

Білсеңіз, бұл өленің аяғы осылай аяқталады. Менің айтқым келген ойым осы соңғы шумағында тұр. Бұл сарказмге толы өлең. Өмірде жақсы ақын, өте жақсы ақын, әйел ақын деп топ-топқа бөлініп алған. Ал мен тіпті ақын да емеспін. Жай ғана «өлеңшімін» деп аяқтайды Юнна Мориц. Мен де өзімді ешқандай топқа жатқызбаймын. Әсіресе әйел ақындар тобына. Өлең - менің өзіммен өзім сөйлесетін ішкі мінәжатым. Ешқандай досым жоқ. Ешқандай сырласым жоқ. Егер алда жалда біреуге сырымды ашқан болсам, ол тек өлеңге ғана ашылды. Ол мақтанатын дүние емес. Біле білген жанға ол - трагедия. Досымның жоқ болатыны - қоршаған адамдардың жамандығынан емес, о баста жалғыз болып жаратылғандығымнан болар. Өмірде расында да жақсы ақындар, өте жақсы ақындар, және әйел ақындар өте көп. Соған орай жақсы өлең де, өте жақсы өлең де, әйелдің өзі сияқты сұлу өлеңдер өте көп. Бірақ жаныңды дір еткізбейді. Оларды оқып шыққанда өн бойынан бір мін таппайсың. Бірақ жүрегіңді қозғай алмайды. Ішіңді аласапыран күйге түсіріп, ах, шіркін, қандай ғажап мынау!-дейтін туындылар өте аз.

Мұқағали «Поэзия – махаббатпен басталып, парасатпен аяқталады» дейді ғой. Нәзік жанды ақындарда көбіне махаббатпен басталып, махаббатпен аяқталып жатады. Бұны кемшілікке жатқызамыз ба?

Немен басталып, немен аяқталса да, бастысы, ол шынайы дүние болса, нағыз өлең болса, болды. Әрине, тақырып талғамайтын мықты ақындар болады. Қай тақырыпқа қалам сермесе де өлеңдері мөлдіреп тұратын. Олар – тума таланттар. Мен оларға тек қызығамын. Өзім ол топқа жатпаймын.

Өлеңді – мінез, мінезді – тағдыр деп қабылдайсыз. Дегенмен, өлеңде кімнің тәрбиесін көбірек «тұтындыңыз»?

Мен қазақтың да, әлемнің де барлық мықты ақындарын оқып өстім. Кейбіреуінің тұтас шығармашылығы, кейбіреуінің жекелеген өлеңдері ұнауы мүмкін. Мен үйренбеген ақын жоқ. Нашар ақыннан да үйренуге болады. Ең болмаса, осылай өлең жазбау керек деп ой түйесің.

Танагөз әпке, жуырда ғана Испания жерінде қазақ әдебиетінің жалауын желбіретіп қайттыңыздар! Бұл бастама қалай басталған еді? Испан елінде өткен сәулелі күндер қалай өрбіді? Шығармашылық кездесулер жиі болған шығар?

–Түркия мемлекетіне бір риза болатын жерім – олар халықаралық поэзия фестивальдерін жиі өткізіп тұрады. Бұл қазір әлемде сиреп бара жатыр. 2013 жылы Стамбулда өткен поэзия фестивалінде мен Испанияның көрнекті ақыны Хусто Хорхе Падронмен таныстым. Ол кезінде әлемдік әдебиет тарихында ақындарды ерекше таң қалдырған «Тозақ шеңберлері» атты туындының авторы. Бұл туынды кезінде Испанияда ғана емес, тұтас Еуропада бес жыл қатарынан үлкен резонанс тудырған шығарма. Латын Америкасының жаңа прозасының негізін қалаушы Хорке Луис Борхестің өзі Хусто Падроның бұл кітабына: «Хоркенің «Тозақ шеңберлері» туындысы ұзақ жылдардан кейін мені қатты қобалжытып, қайғыртып, еңкілдеп жылатқан бірден бір кітап болды»-деп баға бергені тегін болмаса керек. Хусто Хорке Падрон Испан тілі Король академиясының «Фастенрат» сыйлығын Федерико Гарсиа Лоркадан кейін алған тарихтағы екінші ақын. Содан болар Эдмонд Вандеркамен «Хусто Хорке Падрон- ұлы ақын. Ол Федерико Гарсиа Лорканың орнын басуға әбден лайық» деді өз кітабында. Мен осы шығарманы қазақшаға аудардым. Оның тұсаукесер рәсімін 2015 жылы сәуір айында Астана қаласында жасадым. Бұл кітаптың тұсаукесер рәсімін Испанияның Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырды. Хусто Хорхе Падрон сол жолы бірінші рет Қазақстанға келді. Осы сапарды ол маған қазақ ақындарының антологиясын испан тілінде шығарғысы келетінін айтты. Біз оны қуана қолдадық. Және қолымыздан келетін көмектің барлығын жасадық. Дәурен Берікқажы екеуміз антологияны толық құрастырып беріп, оның жолма-жол қазақ тілінен испан тіліне аударатын аудармашы таптық. Бұл айтуға ғана оңай болды. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін қомақты қаржы керек болды. Қазақстанның Испаниядағы төтенше және өкілетті елшісі Бақыт Дүйсенбаевқа осы жобаны қолдап, демеуші табуға көмектескені үшін алғысымыз шексіз. Ең ғажабы антология Испанияның астанасы Мадридте басылып қана қоймай, тұсаукесер рәсімі де сол жақта, шетелде өтті. Бұрын соңды бұндай жағдай тарихта болмаған. Бұл антология – бастыс еуропа тіліне аударылған алғашқы жоба.

45e5f192a7c8160b30e02f307790ad6d.jpg

Бұндай халықаралық деңгейдегі жобалар жалғасын таба ма?

Біз бұдан бөлек азербайжан тіліндегі қазақ ақындарының 2 томдық антологиясын даярлап жатырмыз. Егер бұл антология жарыққа шықса, оның түрік тіліндегі нұсқасын да шығарғымыз келеді. Және тағы бір қомақты жоба, ол қазақ ақындарының антологиясын ағылшын тілінде шығарғымыз келеді. Ақындар іріктеліп, олардың өлеңдерінің жолма-жол аудармасын ағылшын тіліне аударып қойдық. Және Лондондағы баспа үйінің директорымен де Астанада бірнеше рет кездесіп, осы антологияны шығару барысын талқыладық. Мәселе тек қаржыға тіреліп тұр. Жобаның қаржылық мәселесі шешілсе, антологияны шығаруға біз әзірміз. Осы тұрғыда айта кеткен жөн, біз мемлекет тарапынан қолдау күтеміз. Себебі бұл мемлекеттік масштабтағы жоба. Ұлт әдебиетін әлемде ең көп тараған ұлттардың тіліне аудару – бұл үлкен мәселе. Себебі мәдениет – эстрадалық музыкадан ғана тұрмайды. Мәдениет музыка, сурет, әдебиеттен тұрады.

Сол сапардан қандай ой түйіп қайттыңыз? Болашаққа жаңа жоспар құрған да боларсыз? Бүгінде жарыңыз Дәурен аға (Берікқажы) екеулеріңіз аударма саласында біраз еңбек етіп келесіздер? Бүгінде кімдерді аударып жүрсіз?

Әрине, бұндай сапарлар адамды сергітеді. Күйбең тірліктен бір мезгіл басыңды көтеріп жан-жағыңа қарауға мүмкіндік туады. Қазақстанның әдеби имиджін көтеретін бірнеше жобам бар. Әттең оны тыңдайтын есті құлақ, оны қаржыландыруға алысты көре білетін, әдебиетке салынған инвестицияның қаншалықты маңызды екенін түсінетін меценаттар керек. Байлық – бір жұттық. Ал рухани байлыққа салынған қаражат әр ғасыр сайын құнын жоймай, көбейе береді. Үзіп-жарып жекелеген өлеңдерді француз тіліне аударғаным болмаса, үлкен антологияны француз тіліне аударуға әлі кіріскен жоқпын. Өйткені әлі бұл жобаны да қаржыландыратын мемлекеттік ұйым немесе жеке кәсіпкерлерді таба алмадым.

Жақында Лондоннан «Capitals» деген әлем халықтарының үздік ақындары енген антология жарық көрді. Сол антологияға Дәурен Берікқажыұлы Темірхан Медетбек пен менің өлеңдерімді ағылшыншаға аударып берді. Дәурен қазіргі заман ақындарынан жекелеген авторлардың жеке поэзия жинағын ағылшын тіліне аударуға құлықты. Оның да қаржылық мәселесі шешілсе, аудармаға кірісетін болар.

«Біз – таулықпыз», «Сағынып жүрмін», «Айтқым келеді» кітаптарыңызды оқырман қауым жылы қабылдады. Келесі кітабыңызды қашан шығармақсыз?

Келесі кітап қашан жарыққа шығатынын білмеймін. Әзірге кітап шығару жоспарымда жоқ.

Сырлы әңгімеңіз үшін алғыс білдіреміз!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар