Сәкен Жүнісовтің «Кемеңгерлер мен көлеңкелер», Әбіш Кекілбайұлының «Абылай хан», М. Байсеркеұлының «Абылайханның ақырғы күндері», «Кек қылышы Кенесары», Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Сана дерті», «Абақты-ғұмыр», «Фрустракция»(Нәзір Төреқұлов, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанбек Қожанов, Сәкен Сейфуллин туралы), Думан Рамазанның "Абылай ханның арманы", "Кенесары-Күнімжан" пьесалары – қазақ тарихының ақтандақ беттерін көркем шындықпен өрнектеген туындылар.
Қазақстан Республикасы дербес мемлекетке айналған соң бұрын айтуға, жазып жариялауға жабық болып келген көптеген тарихи құбылыстар, ұлттың мақтанышы болған ұлы қайраткерлер өмірі мен қызметі драма шығармалар арқауына айнала бастады. Ысқақовтың «Жан қимақ», Оразбаевтың «Шыңғыс хан», «Естайдың қорланы», С.Сматаевтың «Той үстінде топалаң»,Б.Әбілдаұлының «Төле би», О.Дастановтың «Әзірет Сұлтан», А.Бекбосыновтың «Соңғы сезім», Таразидің «Алатау сынды алабым», Шахимарденнің «Томирис» пьесаларында халқымыздың басынан кешкен сан қилы тағдыры тарихи дәлдікпен, ерекше көркемдік қуатпен бейнеленген. Ал Сүлейменов пен Мұқаевтың «Заманақыр», Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» пьесалары экология тақырыбын, әлемге әйгілі болған Семей полигонының қазақ халқына әкелген трагедиясын суреттейді.
Сонымен қатар, Тәуелсіздік жылдарындағы драматургияның жемісі деп Ә.Таразидің «Ақын, Періште. Махаббат», Р. Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан», Т.Нұрмағамбетовтің «Бес бойдаққа бір той», Қ.Ысқақовтың «Қыл көпір», Қ.Ысқақ пен Ә.Таразидің «Алатау сынды алыбым», И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», С.Балғабаевтың «Тойдан қайтқан қазақтар», «Ғашықсыз ғасыр», «Ең әдемі келіншек», Ә.Ақпанбетұлының «Дүние-думан», Д.Амантайдың «Сәлеметсіз бе, қоңыр мұң», С.Сматаев пен Т.Теменовтің «Көгілдір такси», А.Жағанованың «Жан алқым», Н.Әбутәлиевтің «Өттің, дүние», А.Бекбосыновтың «Соңғы сезім», Д.Исабековтың «Актриса», «Тор», «Ескерткіш», Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланы», Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер», «Өмірзая» т.б. туындыларын атамай кетуге болмас. Аталған драмалық шығармалар – тәуелсіздік жылдарында қазақ әдебиеті қорына қосылған рухани қазына екенідігіне ешбір дау жоқ.
С.Жүнісовтің «Кемеңгерлер мен көлеңкелер» атты драмалық шығармасы – М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов сынды қазақ әдебиетінің алыптарын кейіпкер етіп ала отырып, қоғамдағы шындықты, тартысты жағдайларды, кемеңгерлердің азаматтық ұстанымдары мен дүниетанымдарын, оларды аңдып баққан көлеңкелердің іс-әрекеттерін қым-қиғаш тартыс үстінде шеберлікпен танытқан көркем туынды.
Ә.Кекілбайұлының 1997 жылы жарық көрген «Абылай хан» драмасы енді тәуелсіз мемлекеттегі қоғамның рухани-эстетикалық сұранысынан туындаған. Суреткер өз шығармасы үшін драма жанрын таңдаған. Кезінде классицистер ел бастаған ерлердің саясатын тек драма ғана шынайы көрсете алады, драма адамзат баласының шығармашылықта ойлап тапқан ең кемел формасы деп есептеп, оны «жоғарғы жанр» деп атаған. Классицистердің шығармашылық ұстанымында шындық бар. Рас, өршіл идеяны патриоттық пафоспен жырлау үшін прозалық жанр тарлық ететіндей. Тарихты құрғақ сипаттау, көз тоқтатып, көңіл тояттар жарқын адами мінез-құлықсыз көрсету, оны дерексіздендіретіні белгілі. Қазақтың төл тарихы Абылай хан тұлғасымен жарқын. Ә.Кекілбаев «Үркер», «Елең-алаң» романдарын да Абылай бейнесімен әрлеген. Алайда роман мен драмада тақырыптық қайталау кездескенімен, мазмұндық қайталау жоқ. Ең бастысы драмадағы тартыс табиғаты, драматизм болмысы өзгеше. Драма қазақтың көкке өрлеген жыраулық поэзиясының өктем үнімен ғана емес, зәулім сезімдерді аспандата жырлауымен құнды.
Жолтай Жұмат-Әлмашұылының үш актілі «Абақты-ғұмыр» атты поэтикалық драма-сұхбаты да жазықсыз жазаланған халқымыздың дарынды перзенттері Мағжан Жұмабаевтың, Нәзір Төреқұловтың, Сұлтанбек Қожановтың тарихи-көркем бейнелерін танытуға арналған. Пьесаның тақырыбы – қазақ халқының көрнекті қайраткерлерінің, дарынды перзенттерінің тарихи тұлғаларын таныту, идеясы – асыл адамдарын сақтай, қорғай алмайтын адамзат ұрпақтарына ортақ қасіретті қасиет сипатын әшкерелеу. Пьесаның үш актісіндегі көріністер Мағжанның түрмедегі, фәнидегі соңғы түніндегі толғаныстары және Ташкентте Сұлтанбек Қожановтың, Мәскеуде Нәзір Төреқұловтың кабинеттеріндегі сұхбат сәттері бойынша бейнеленген. Алаштың үш қайраткері сұхбаттарының желісінде олардың қазақ халқының қазіргі және болашақ тағдыры, сөз өнері шығармаларының ұрпақ тәрбиелеудегі Алаш ұранды қазақ даласын, атамекенді, ұлттық ділді, тілді, дінді сақтаудағы эстетикалық ықпалды қызметі қамтылған. Тарихи деректер үйлесімді пайдаланылған.
Бүгінде жас драматургтер де бар. Олар елімізде ұйымдастырылатын түрлі конкурстарда көзге түсіп, танылып жүрген жастар. Мәселен, Гүлжайнар Халдина, Еркінбек Серікбай, Мерей Қосын, Әннес Бағдат сынды жас драматургтерді айтуға болады.
Adebiportal.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.