Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Төлен Әбдіков прозасындағы суреткерлік үрдістер...

07.09.2022 3852

Төлен Әбдіков прозасындағы суреткерлік үрдістер 14+

Төлен Әбдіков прозасындағы суреткерлік үрдістер - adebiportal.kz

Ағартушылық, сыншыл реализм үрдісінде қалыптасқан қазақ прозасы өзінің көркемдік, революциялық дамуында уақыт ағымына орай көркемдік-идеялық өзгерістерді басынан кешіріп отырды. Қазақ әдебиетінің тарихына қарап отырсақ, бір ғана социалистік реализм әдісінің қайнауынан әртүрлі әдеби бағыттар мен ағыстардың лебін байқағандаймыз. Мыржақып, Спандияр, Шәкірім, Жүсіпбек, Мұхтарлардағы сыншыл реализм сипаты кейінірек Сәкен, Сәбиттердегі революциялық сипаттағы тақырыптарға ауысты да соңынан, Мұқаң, Сәбең, қос Ғабаң қалыптастырған эпикалық дәстүр әуеніне ойысып жүре берді. 

Алпысыншы жылдары қоғамдағы белең алған көктемнің алтын күрек желіндей болған «жылымық» кезең қазақ әдебиетін де көркемдік, сапалық тұрғыда өзгерістерге түсірді. Проза саласы да өзінің жанрлық, идеялық түлеуін бастан кешіріп, әлемдік әдеби үрдістермен үндесіп, өскелең әдебиеттің жемісін тере бастады.

Сол кездегі жас қаламгерлермен Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбай, Асқар Сүлейменов, Оразбек Сәрсенбаев, Рамазан Тоқтаров, Қалихан Ысқақов, Сәкен Жүнісов, Қабдеш Жұмаділов, Төлен Әбдіков, Бексұлтан Нұржекеев, Дулат Исабеков, Дүкенбай Досжан т.б. орнықтырған қазақ прозасындағы соны стиль, жаңаша үн, көркемдік ырғақтар аға буын өкілдері тарапынан біраз консервативтік көзқарасқа душар болғанмен, соңынан қазақ прозасының әдепкі көркемдік даму күйіне үндестік тауып, кірігіп, үйлесіп кетті. Әсіресе М.Мағауин, Ә.Кекілбай, А.Сүлейменов, Т.Әбдік прозасында әлемдік әдебиетте өз үнін айқын білдірген модернистік әдебиеттің көркемдік принцип, өрнек үлгілері айқын байқалды.

Т.Әбдік өзінің әдебиеттегі алғашқы тырнақалдысы «Райхан» атты әңгімесін жазғанда 20 жастан асқан жас жігіт екен. 

Жазушының «Көкжиек» (1969), «Күзгі жапырақ» (1971), «Ақиқат» повестер, әңгімелер жинағы (1974), «Айтылмаған ақиқат» әңгіме повестер (1979) жинағы, «Өліара» (1985), «Ақшақыда қыс қатты» (1987), «Парасат майданы» (2002), «Оң қол» (2002), «Әке» (2005) кітаптары жарық көрді. Бұдан кейінгі тұстарда «Ардагер» атты пьеса мен «Тұғыр мен ғұмыр» атты повесі жазылды.

Жазушының «Парасат майданы» повесі өзінің көркемдік жаңалығымен ерекшеленіп, Халықаралық ПЕН-клубының сыйлығына ие болып Франц Кафка атындағы орденмен марапатталды (2003). Еуропалық алтын медальдің иегері (2003), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2004) атанды. Президент жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2002) атағы беріліп, 2013 жылы жоғары мемлекеттік марапат, «Парасат» ордені берілді. Осының барлығы қарымды прозаик Т.Әбдіктің әдеби қызметіне берілген зор баға, мәртебелі атақтар! 

Т.Әбдік туған әдебиетімізде өзіндік дәстүр ерекшелігі мен жаңашылдық сипаттарын бойына жинақтаған қаламгер. Жазушының осы қасиеттері жайында академик-сыншы Серік Қирабаев: «...Аға ұрпақтың монументтік өмір суреттерін бейнелеген тәжірибесін қоса, кейінгі жастар реализмді халықтың тұрмыс-тіршілігінің жұпыны суреттерін, адам характерінің қайшылықты диалектикасын ашу арқылы байытуға тырысты. Бұл – тарих сабағына сын көзімен қарауға, адам өмірін психологиялық талдау арқылы барлауға жол ашты. Бұл тұрғыда С.Мұратбековтің, Д.Исабековтің, Т.Әбдіктің, Т.Нұрмағамбетовтың әңгіме-повестерін еске алу артық емес», - деп жазыпты.

Дәстүрлі сүрлеу аясындағы Төлен Әбдіктің ұлттық сипаты терең, қазақы құнары мол шығармаларының да аз еместігін атап өткен орынды. Жазушының «Өліара» романы, «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт», «Оралу» секілді хикаяттары, «Бас-сүйек», «Бір күндік ашу», «Қонақтар» тәрізді әңгімелері осы сөзіміздің дәлелі бола алады. Жазушы Ә.Кекілбаев Төлен Әбдіктің осы қасиетіне байланысты: «Күн нұры мен жер нәрін бойына мейлінше сіңірген құнарлы дарын иесі», - деп бағалаған.

60-70 ж.ж.(XX ғасыр) қазақ прозасында А.Сүлейменов пен Т.Әбдік өздерінің биік, зерделі, интеллектуалдық прозасымен ерекшеленді. Т.Әбдіктің әдеби ортада үлкен резонанс тудырған шығармалары: «Оң қол», «Ақиқат», «Тозақ оттары жымыңдайды», «Парасат майданы» повестері – шынайы интеллектуалдық биік дүниелер. Жазушынң қай-қай шығармасы болмасын оқырмандарын ойландырады, толғандырады, жүрегіңді қозғайды, жаныңды тазартады, рухыңды шындайды. Метафизикалық биіктерге ұмтылдырады.

Төлен Әбдіктің осындай шығармашылық келбетіне байланысты әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Г.Прәлиева былайша тұжырымдайды: «Кейіпкердің ішкі ойы арнасынан асып-төгіліп жатады, әлгінде өзі айтқандай өзінің өміріне, мына тіршілікке қанағаттанбай арпалысады, жан азабына түседі. Ал әдеби шығармада қолданылатын «қанағатсыздық» сөзі, ұғымы монолог түрінде беріліп, кейіпкердің ішкі ойлау, толғау  процесін тудыратын көркемдік компонент. Адамзатты не тіршілікте, не шығармашылықта тыныштық бермей үнемі арпалыс пен азапқа салып қоятын қанағатсыздық сезім сөз өнерінде, әдебиеттануда да үздіксіз ойлау процесі, оқиғаға жанды қозғалыс, динамика, өмір беретін ең қажетті шеберлік тәсіл десес болады. Сондай-ақ мұнда ағыл-тегіл ой, сезім ағыны құрамында қарастыратын «сесорлық» (сезілді) әсер де сәтті қолданылған».

Төлен Әбдіктің аталмыш шығармаларында модернистік әдебиеттегі абсурдтік поэтика сілемдері, «ой, сана ағыны» басымдыққа ие болып отырады. Жазушының «Тозақ оттары жылыңдайды» повесіне қатысты әдебиеттанушы ғалым, профессор Б.Майтанов : «Қазақ прозасында шетел тақырыбына қалам тартып, әлемдік цивилизация, қоғамдық прогресс сипаттарын, ғылыми-техникалық революцияның адам санасына әсерін интеллектуалдық биіктен топшылай білетін жазушылардың бірі – Т.Әбдіков творчествосында дүниетаным, білім тереңдігі мен көркемдік шеберлік өрнектері жарасымды бірлік табатынына автордың «Тозақ оттары жылыңдайды» повесі де дәлел», - деп жазады.

Ал жазушының «Ақиқат» повесіндегі модернистік сипаттарға байланысты әдебиеттанушы ғалым Ж.Жарылғанов: «Кейіпкер мүсіндеуге модернистік лабиринт тәсіліне жүгініп отыратын жазушы жындыхана нысанына арқа сүйейді. Әлемдік әдеби нұсқалардағы лабиринт «Әлем-тестр» (Шекспир), «Әлем-кітапхана» (Борхес), «Әлем-жатақхана» (Маканин) т.т. түрінде болса Т.Әбдіковте «Тіршілік –аурухана» тұрғысында көрінеді» - дей келіп: «Композиторлардың шарттылығы, тарихи-әлеуметтік фонның бұлыңғырлығы, кейіпкердің болмыс туралы бағасының абсолютті субьективтілігі, көзсіз тенденцияшылығы аталмыш повестегі модернистік стиль айшықтарының айғақтары», - деп ой түйеді.

Жазушы шеберлігі жөнінде зерттеуші Н.Үсенова: «Жазушы шығармаларының бірден-бір ерекшелігі жеке адамның санасындағы, ойлау жүйесіндегі сан алуын сезімдік, психологиялық, философиялық құбылыстарды, сана қозғалысының пластикасын беру мен жан диалектикасын менологқа, ой ағымына, түс көруді талдауға және де психологиялық сыртқы детальдарға (ым мен ишаратттарға, іс-әрекеттегі, дауыс ырғағындағы, портреттегі физиологиялық, физиономиялық, сезімдік құбылыстарға да көңіл бөлген», - деген ой айтады.

«Парасат майданы» – жазушының ең сүбелі де көркемдік ойының астары терең, күрделі психо-философиялық туынды деп білеміз. Алғаш рет «Таң шолпан» журналында жарияланған бұл шығармаға халықаралық Ф.Кафка атындағы алтын жұлдыз берілді. Бұл мәртебелі сыйлықтың жазушыға берілуінде де бір заңдылық бар. Оның бұрынырақтағы «Ақиқат», «Тозақ оттары жымыңдайды» атты аллегориялық повестерінде көтерген әлеуметтік-патологиялық мәселелер де ең алғаш осы Ф.Кафка туындыларынан бастау алғандығын ұмытпағанымыз жөн.

«Парасат майданы» жөнінде белгілі қаламгер, ақсақал жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Төлен Әбдіктің бұл шығармасы – бүгінгі болмыстың ащы да өзекті шындығынан туындаған жан айқайы. Менің досым Анатолий Ким де хикаяттың әлі пісіп жетілмеген аудармасын оқығаннан-ақ: «Мынау қазақтың Кафкасы ғой!» - деп өзінің таңғалғанын жасыра алмаған еді», - деп ой толғайды.

«Парасат майданы» – жазушының адамзатқа бағытталған жан айқайы; өмірдің тылсым сырына үңілген жанның өзгелерге айтар өсиеті. Төлен Әбдіков бұл философиялық шығармасында қоғамның балалығы үшін қам жегенін, оған жаны ашып, жол сілтемек болғанын байқаймыз. Жақсылық пен жамандықты, жауыздық пен мейірімділікті қатар қойып, кімнің жеңіске жететінін баяндайды.

«Парасат майданындағы» тұлғаның екіге жарылуы, тұлға дихотомиясы, оның амалгамдық, амвивалентік күйі модернистік әдебиеттегі бар құбылыс. Мен осындай көркемдік құбылыспен қатар «Пасарат майданындағы» кейіпкер тұлғасының екіге жарылуынан трансгрессия құбылысында байқаймын. Шындықтың қат-қабат қатпарларын ашуда, оның рационалдық қана емес, иррационалистік болмысын танытуда реалистік суреттеулер шындықтың тар өрісті бір ғана қабатын алып олқы соғып жатады. Осы тұрғыда әлем суреткерлері шындықтың толық шырайын таныту үшін, шығармаларында экзицстенциалдық, мифопоэтикалық, сюрреалистік тәсілдерге жүгініп, шындық болмыстың бейсаналық, түйсік, ұғарлық сәттерін ішкі бір сана талпынысы, ұмтылысы (интенция) арқылы өрістеп жатады. Осы ұмтылыстың бірі - көркем әдебиеттегі трансгрессия.

Трансгрессия классикалық емес философияда мүмкін шектен мүмкін емес шекке өтудің феноменін білдіретін термин. Ол сонымен бірге постмодернизмнің басты, шешуші ұғымдарының бірі, ақыл иесі жанның, субъектінің мүмкін шектен, мүмкін емес шекке (аралыққа) өтуі. Фуконның пайымынша трансгресс-эксцесті іске асырушы акты, ойына келгенді асыра пайдаланушы.

Көркем әдебиетті трансгерссивті шығармаларға тоқталатын болсақ, тіл ұшына ең алдымен көрнекті американдық постмодернист жазушы Джон Симонс Барт оралады. Ол К.Ваннегут, Д.Бартельми, Д.Хеллер, Т.Тинчандар сияқты «қара номор мектебінің» негізін салушылардың қатарына жатады. Оның алғашқы романдары «Жүзбелі опера», және «Сапар соңы» 1956 және 1958 жылдары жарық көрді. «Есірткі сатушы» романы жазушыға танымалдылық әкеліп, 1960 жылы шығарма жарық көргеннен соң қоғамдық пікір оны XX ғасырдағы ірі америкалық жазушылардың қатарына қосты. Оның «Хаттар», «Ағыстың баяндаулары», «Жұмалық кітап», және «Күлкі бөлмесіндегі алдасушы» жинақтары – постмодернистік әдебиеттің классикасына айналды. Үздік сатирик және нәзік стилист. Барт сатиралық ғылыми фантастикаға жататын бірнеше шығарма жазған. Соның ішінде трансгрессиялық романға жататын оның «Әлдекім есімді теңізшінің соңғы саяхаты» (1991) сияқты романын ерекше атаймыз.

Джон Барттың «Әлдекім есімді теңізшінің соңғы саясаты» (1991) атты романының протогнисті (басты тұлға) фантастикалық метанарративті секіріс жасайды. Кемедегі шторм кезінде ол суға құлап, XX ғасырдан, «Мың бір түн» ертегісіндегі Сандыбад теңізшінің заманына тап болады.

Трансгрессия көркем әдебиетте көбіне тұлғаның екі ұдайлық күйі, немесе тұлғаның екіге жарылуымен көрініс табады. Әлем әдебиетінде бұған мысалды орыс жазушысы Федор Достоевскийдің 1845-1846 жылдары жазылып, 1846 жылғы 1 ақпанда «Отечественные записки» журналының екінші санында «Голядкин мырзаның бастан кешкендері» деген тақырыппен жарық көрген «Двойник» («Сыңар») повесімен, неміс-швейцар жазушысы Герман Гессеннің 1927 жылы жарық көрген «Түз көкжалы» («Степной волк») романдарын атауға болады.

Трансгрессияның қазақ әдебиетіндегі көрініс табуына келсек, оның арғы тамыры қазақ фольклорында жатқандығын аңғарамыз. Бұған «Бақтыбай би» ертегісі мен «Ертөстік» ертегісі мысал болады. «Бақтыбай би» ертегісінде бір келіншектің күйеуі екіге жарылып, екеу болып кетеді. «Ертөстік» ертегісінде басты қаһарман бір кеңістіктен екінші кеңістікке ауысып, жер астында жылан патшасы Бапыханның еліне тап болады. Тұлғаның екіге жарылуы немесе трансгрессияны біз алғаш қазақ жазушысы Сәкен Сейфуллиннің аяқталмай қалған «Біздің тұрмыс» романынан ұшыратамыз. Романның бірінші бөлімінде Аян мен екінші бөліміндегі Қайыпназар тұлғалары зерделей қарасақ - бір-ақ тұлға. Басты протогониске өзек болған өмірлік прототип - жазушының өмірдегі өз болмысынан бастау тартады.

Қазіргі қазақ әдебиетінде тұлғаның екіге жарылуы Т.Әбдіковтың «Оң қол» әңгімесінен басталады. Трансгрессиялық сипаттарды М.Мағауинның «Тармақ» романы, «Қыпшақ аруы» хикаятымен, Т.Әбдіковтің «Парасат майданы» повесінен, А.Алтайдың «Кентавр» әңгімесінен байқауға болады.

Трансгрессия тәсілі ерекше жарқырай көрінетін тағы бір сүбелі шығарма – Төлен Әбдіковтің «Парасат майданы» хикаяты. Шығармадағы нараторлық тұлға – жүйке ауруларын емдейтін клиниканың пациенті. Шығарма өзегі – оның дәрігерге табыстап кеткен күнделігі. Ф.Достоевскийдегі, Г.Гесседегі бұл әдеби дәстүрді жазушы ары қарай жалғастырып отыр. «Махаббат пен ғадауат майдандасқан» (Абай) кейіпкердің жан әлемін, жан азабын, жан күйзелісін жазушы психологиялық тұрғыда шебер ашады. Әрбір үш-төрт күн сайын кейіпкер өзіне кереғар басқа тұлға, зұлымдық ойға иек беруші жан болып оянады. Осы бір трансгрессиялық құбылыстарды жүйкесі науқас кейіпкер сорлағанда білмейді. Оның басты трагизмі де осында. Басқа бір зұлым ойлы жасырынып жүрген жанмен хат алысады, ой бөліседі, интеллектуалдық дискуссияларға барады. Парасат майданында ашық күреске түседі. Оны аңдуға кіріседі. Бірақ, бәрі білер, нәтижесіз. Барлық сыр хикаяттың шешуші финалында ашылады. Осы сұмдық сырды жазушы былай көрсетеді: «Бір адамның бойында кезектесіп бір-біріне ұқсамайтын екі тұлға пайда болады – Дәрігер түсініп отырсың ба дегендей маған қарап қойды. – Ал кейде екі тұлға кезектесіп ауысып отырады. Бұл ешқандай ертегі емес, психика әлемінде кездесіп жүргени құбылыс. Мен сізге әлдеқашан тарихқа енген белгілі деректерді ғана айтайын. 1887 жылдың қаңтар айының аяқ кезінде әлдебір орта жастағы ер адам Американың Нарстаун деп аталатын шағын қаласына келеді. Өзін Браун деп таныстырған бұл адам келе салып, кеңсе тауарларын сату ісімен шұғылданады. ол тамағын өзі істеп, сатып алған магазинінің түпкі бөлмесінде тұрып жатады. Шіркеуден қалмайды. Тауар әкелу үшін бірнеше рет Филадельфияға барып келген. Ақкөңіл, жайдары осы адаммен қала халқы тез табысып кетеді. Алайда наурыз айының 14-і күні ол күтпеген мінез көрсетеді. Көшедегі көрінген адамға жалынып, қай қалада тұрғанын сұрап, өзінің мистер Браун емес, мистер Берн екенін, ешқандай сатушы емес, Грин қаласының дін уағыздаушысы екенін айтып, елді айран-асыр қылады. Ақыры Грин қаласынан әйелі келіп, 17 қаңтарда аяқ астынан жоғалып кеткен күйеуін танып, алып кетеді».

Міне біздің аты-жөні белгісіз кейіпкеріміз де осындай ауыр күйге ұшыраған. Ол енді үш-төрт күннен кейін зұлым ойлы жан боп оянатын өзінің тұлғасына кездескісі келмей парасат майданында, рух майданында адалдығын сақтағысы келіп өлімге бел байлайды. Кейіпкеріміздің кейінгі тағдыры не болды, өлді ме, тірі қалды ма, оған автор жауап бермейді. Ол жағы бізге де керегі жоқ. Ең маңыздысы ол емес. 

Повесте кейіпкердің аузымен айтылатын дәрігердің сөзі осы шығарманың концептуалдық түйіні секілді: «Ал, мен ойлаймын: мына заманда, қалыпты жағдай мен шектен тыс құбылыстың мидай араласып кеткен тұсында, дерт пен денсаулықтың ортасына шекара қою мүмкін емес. Айталық, бір тісің аузыңа сыймай кетсе – патология, ал кеше ғана күйіп-жанған ғашықтар мен қанды көйлек достар аяқ астынан бір-біріне опасыздық жасап жатса – патология емес, бұл тіршілікке тән қалыпты жағдай. Және осындай ұғымға да, қағидаға да етіміз үйренген. Әйтпесе, адамгершілік мұратыңды сатудан артық қандай патология болуы мүмкін?!»

Бұл тұрғыда жазушы Төлен Әбдіковтің концепциясы да нық берік. Ол: «Адамның өзін-өзі жеңуі – ең үлкен жеңіс. Ол үшін адам өзін-өзі рухани жетілдіріп, адамгершілік, имандылық, парасат  заңымен өмір сүретіндей дәрежеге жетуі керек. Адам түзелмей, қоғам түзелмек емес», - деп тұжырымдайды. Біз де өз сөзімізді қаламгер тұжырымымен қорыта отырып, сексеннің сеңгірін бағындырып отырған ақсақал қаламгерімізге алдағы уақытта зор денсаулық, үлкен шығармашылық табыс тілейміз!

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар