(профессор Шәкір Ибраевтың «Абай феномені» еңбегі)
Әлеуметтік қатынастардағы әділетсіздік, адами құндылықтардың жұтаңдауы, қараңғылықтың бұғауы мен надандықтың тұсауына шалдыққан қазақ қоғамының көрінісі Абайдың психологиялық күйі мен жаратылыс болмысын толғандырды. Қаяу түскен көңілдің астан-кестенін шығарып, ақындық қызметке еріксіз бойлауға итермеледі. Бастапқыда өлең жазуға ынталы болмаса да, тумасынан дарынды ақынды сөз құдіреті өзіне бағындыра алды. Осылайша, ақ қағаз бен қара қаламды ермек қылған ақын қоршаған ортаның сын-сипатын, ақиқаттың болмыстағы кескінін, сезім иірімдерінің жай-күйін жырлауы мақсатты іс-әрекетке айналды. Бірқатар адамдарда ақындық қабілет жастайынан немесе жүре келе көрініс табуы мүмкін, алайда Абайдың ақындығы – өз алдына жеке дара. Оны ешкімге ұқсамайтын және ешкім қайталай алмайтын дарындылық ретінде қабылдау керектігіне баса назар аударған жөн. Себебі Абайдың шығармашылық қабілеті мен интеллектуалдық әлеуетінің пісіп-жетілгені сонша – екеуі бір арнада тоғысып, ақынның замана шындығын қоспасыз, анық әрі айқын бейнелеуіне негіз болды.
Абай поэзиясының шығармашылық табиғатын тануда жүргізілген зерттеу жұмыстары біраз уақыт біржақты әрі жасанды пайымдаулардан тұрды. Ұлы ақынның таным ізденістері мен жан дүниесін күйзелткен психологиялық үдерістерінің сын-сипаты назардан тыс қалғаны байқалды. Нәтижесінде, Абай поэзиясындағы ақынның көпқатпарлы болмысы толық ашыла қоймады. Мысалы, материалистік философия суреткердің даналығы мен сөз шеберлігін мазмұн мен форма тұрғысынан ғана қарастырып, ойшылдың сезімі мен таным құпиясын шешуді мақсат етіп қоймады. Өткен ғасырда идеологияға байланысты бұл философиялық бағыт кең сипат алса да, Абай шығармашылығының қыр-сырын түсіндіруде айтарлықтай жетістікке жете алған жоқ. Көркемдік және әлеуметтік терең мәнге ие Абай болмысын мейлінше толық тану әрі зерттеу – ұлттық әдебиеттану ғылымының міндеті. Жылдар бойы жүргізілген зерттеулер ақын өлеңдеріндегі суреткерлік және тәрбиелік маңызын жан-жақты талдаса да, ендігі кезек идеалистік бағыттың құрамдас ұмтылыстарына келгенін мойындау керек.
Абайдың феноменологиялық экзистенционалдық дүниесіне бойлап, ауқымды ғылыми зерттеулер жасаған ғалым – Шәкір Ибраев. Оның Абайтану мен ұлттық әдебиеттану ғылымына енгізген жаңашылдығының ғылыми салмағы мен ауқымы қомақты. Фольклортанушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор – 120-дан астам ғылыми мақалалар мен баяндамалардың, 7 монографияның авторы, сонымен қатар, 10-нан астам ғылыми жинақтарды басып шығарған. Ш. Ибраев Абайдың көпқатпарлы болмысының құпиясын ашу жолында бірқатар зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мысалы, ғалымның 2021 жылы жарыққа шыққан «Абай феномені» атты кітабында ұлы ойшылдың ақындық қызметі жан-жақты талданады. Бұл зерттеу еңбегінің маңызы Абай мұрасын феноменологияның қазіргі заманғы жетістіктері арқылы қарастырылуында анықталады.
Ш. Ибраев Абайдың суреткерлік болмысындағы феномендерді эстетикалық және прагматикалық аспектілердің көмегімен айқындайды. Ғалым «Абай феномені» атты кітабында әдебиеттануға қатысты зерттеулермен қоса, психология, философия, әлеуметтанудың да тың ізденістерін қолданғанын байқауға болады. Әлеуметтік ортасынан рухани азық таппаған Абайдың мұрасы П. Бурдье, З. Фрейд, Э.Д. Хирш, Ю.М. Лотман, Ж.-П. Сартр, Х.-Г. Гадемер, М. Хайдеггер, Э. Гуссерль секілді әртүрлі ғылым өкілдерінің пайымдары арқылы түсіндіріледі.
Мысалы, ғалым ақынның феномендік сипатын анықтау мақсатында белгілі бір тұрақты факторларды қамтыды. Ең алдымен, ғалым мәтін және мәтіннің тұтастығынан туындайтын діңгекті идеяның мәніне назар аударды. Ш. Ибраевтың пікірінше, Абайдың болмысы мен әлеуметтік шындығын анықтау үшін мәтін бүтін және тұтас күйінде талдануы керек. Сонда ғана шығармадағы ой иірімдерінің реттілігі бұзылмай, ақынның жеткізгісі келген ақпараты дұрыс қабылданады, сәйкесінше түсіндіріледі. Екіншіден, мәтіндегі ақпараттың мәнін ашатын мәтіннен тыс факторлар да ескерілуі тиіс. Абай поэзиясының тууына әсер еткен қоршаған ортаның шындығымен қоса, автордың жеке тәжірибесі де назардан тыс қалмауы керек екендігін айтады. Үшіншіден, мәтіндегі ақпараттың мегамәтіндік сипаты жан-жақты талдануы маңызды. Ғалым Абай мұрасын құрайтын өлеңдеріндегі, қара сөздеріндегі, аудармаларындағы ортақ мәдени код, символ, детонативті сөздердің жиынтығына көңіл бөлуді жөн көреді. Төртіншіден, ғалым қоғамдық сана мен шығармашылық сананың өзара байланысының маңызына тоқталады. Ш. Ибраев: «Абай сөзді мезгілі келетін уақытқа, күні туатын қоғамдық санаға бағыттады», - деп ой қорытады, яғни ақын шығармашылығындағы тақырыптардың өміршеңдігі мен нақты адресаттың болуы да – айтылған байланыстың айғағы.
Ғалым Абайдың феномендік санасына тереңінен бойлап, дара бітімінің әлеуметтік сипаттамасын жинақтайды. Мысалы, Ш. Ибраевтың пікірінше, ұлы ойшыл әлеуметтік-саяси, экономикалық факторлардан тәуелсізсіздігімен ерекшеленеді. Нақтылап айтқанда, Абай қоғам ішінен орын сайлауды немесе абырой-атаққа бөленуді мақсат етпеген. Қазақтың қара басына түскен ауыртпалығын әбден сезінген ақын өзіне тиесілі қызметтің көтерер жүгі қомақты екенін жете түсінді. Замана шындығын бүкпесіз бейнелеп, қалған өмірін халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтауға арнады. Өлеңдерінің халық тарапынан қолдау таппауы да әбден мүмкін еді, дегенмен Абайды бұл мәселе толғандырған жоқ. Қоғамның жалған мақтанынан бас тартып, шын ақындық қызметке бой түзеген. Көркем туындыларындағы қоғам қалыбының шынайы көрініс табуы – феномендік құбылыс екендігіне ғалым Ш. Ибраев назар аудартады.
Сонымен қатар, ғалым Абайдың феномендік тұлғасын көркем туындыларында бейнеленген замана шындығымен байланыстырады. Яғни ақын мұрасының құнды болуының бірден бір себебі – тарихи сипаты. Ш. Ибраевтың пайымдауынша, Абай ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ өмірінің шынайы кейпінен, адамдар арасындағы қарым-қатынас қалыбынан, ұлттық және адами құндылықтардың сапасынан толық ақпарат береді. Нақты тарихи кезеңді тікелей Абай мұрасы арқылы тану оның ақындық болмысының феномендігін дәлелдейді.
Абайдың ақындық қызметіне тән тағы бір феномендік құбылысты Ш. Ибраев былайша түсіндіреді: «Абай өз өмірі мен социум тіршілігін ажыратып қарамайды, бұл екеуі ақын санасында бірлескен ұғым болғандықтан, ақын тағдыры социум кейпімен бірге пайымдалады». Жоғарыда атап өткендей, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамының біртұтас бейнесі Абай арқылы ғана зерделенді. Ш. Ибраевтың пікірінше, бұл үрдістің қалыптасуына ақынның өзі себепкер. Нақтылап айтқанда, Абайдың поэзиясында ішкі дүниесін толқытқан психологиялық үдерістер орын алумен қатар, ақынның замана шындығы мен жеке тәжірибесі, ой және жан сезімдері тұтас қоғамдық ортадағы адамдардың мінездемесіне айналғанын да байқауға болады.
Сонымен қатар, ғалым Абайдың өлең жазу барысын феномен ретінде қабылдайды, себебі ақын өлеңді санада әбден пісіп-жетілген уақытта ғана жазған. Кейін қағазға түскен сөз иірімдері қайта түзелмеген. Абай бастапқыда ақындықты қызмет ретінде қабылдамады, дегенмен, көңілін тыншытпаған, айтпасқа болмаған ақиқат шумақтары санада тұрақтала алмай, сыртқа шығудың амалын тапқан. Нәтижесінде, суреткердің дара тұлғасы өлеңсіз өмірін көре алмады. Идея таңдалып, өлең жолдары бірінен соң бірі тізіліп біткеннен кейін Абайдың поэзиясы жарыққа шыққан. Әрі Ш. Ибраевтың пікірінше, Абайдың аз сөзге көп мағына үстей алуы да феномендік құбылысқа жатады. Абай өлең өнерінің қағидалары мен ережелерінен тәуелсіз. Оның ойында белгілі бір формаға сай болу емес, ақын тұлғасының жай-күйін бұзған көркем шындықты қоғамға ұсыну маңызды сипат алды.
Ғалым ақынның бірқатар феномендік қырларына өлеңдерінде жасақталған ұлттың тілі және мәдени кодын жатқызады. Басқа адамдардың Абайдың ақындық өнерін қайталай алмайтыны немесе тәржімаға келтіруде қиындықтарға тап болуы – осының айқын дәлелі.
Осы орайда Ш. Ибраев ақынның хор қызындай сұлу, бірақ сұлулығына сай келмейтін ақылының асқақ болмауына ауыр күрсінген «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңін келтіреді. Мәдени код бойынша «ақылына көркі сай» қыздың сәйкессіздікке ұшырауын жырлаған бұл өлең арқылы қазақ халқының терең пәлсапанына үңілуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ», «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Қыран бүркіт не алмайды салса баптап» өлеңдеріндегі қазақ халқының ұлттық тіліне негіз болған ұлттық сананың, болмыстың сын-сипаты берілген.
Ш. Ибраев Абай мұрасының өміршеңдігін ұлттық және адами құндылықтарды жиі тілге тиек еткенімен де байланыстырады. Мысалы, «Абай дәуірінде моральдық-этикалық нормалардың құлдырауының басты себебі – әлеуметтік қарым-қатынасқа, пайда табуға, күнкөріске кісіліктен гөрі пысықтық, қулық, өтірік айту, арамдық, алдау тиімдірек болып, құндылықтың орны ауысуында еді», - деп, дәлелді байламға келеді. Тұмшаланған немесе қараңғылықтың шырмауына тап болған халқының келешегі ақын бойында үрей тудырды. Ғалымның пікірінше, Абай жаңа құндылықтарды енгізуді мақсат етпеген, тек «қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заманда» болған құндылықтар жүйесінің үстемдік етуін аңсаумен күн кешеді.
Ғалым Абайдың феномен ретінде танылуына оның оқырманды өз деңгейіне шақыруын да жатқызады. Кеселді мәселердің туындауына әсер еткен себеп-салдарларды анықтап, шешу жолын бағдарлай отырып, ақынның биік интеллектуалдық әлеуеті өзіне сай оқырманды талап етті. Абай мұрасын түсіне алатын, ғибратты сөздерін көңіліне тоқып, мақсатты әрі саналы әрекет жасайтын жастарды ғана тәрбиелегісі келді.
Ш. Ибрав Абайдың ақындық қызметке келуіне трансценденталды сананың ықпалы зор екенін хабарлайды. Өмір шындығын таразыға салып, оның ақ пен қарасын ақтарған ақынның мұндай әрекеттері трансценденталды сананың биігіне жеткен кезде, психологиялық құбылысқа айналады. Көңіліне қаяу түсірген, жүректі толғандырып, санаға қанат бітіре отырып, ақын бұл мәселелердің туындауына негіз болған факторларды іздей бастайды. Өлең көркем сөздің кестесінен ғана емес, қомақты идеяның, хабардың діңгегінен құрыла бастайды. Ғалым трансценденталды сананың Абайдың дара бітіміне әсер еткені сонша – ақындық қызметтің қозғаушы күшіне айналғанын мәлімдейді. Қоғамның жадау кейпі, ондағы дау-жанжалдар, түсініспеушіліктер, әділетсіздіктер және т.б. «жүрегі жылы», «көңілі сезімпаз» ақынның психологиялық жай-күйін бей-жай қалдырмағанын анық байқауға болады.
Абай қоршаған ортадан қолдау мен рухани таяныш таппаған соң, жалғыздықтың шырмауына тап болады, дегенмен ақынның өлеңдерінде адресат болмады деген сөз емес. Абай өз өлеңдері арқылы оқырмандарымен толыққанды диалогқа түседі. Кейде бұл диалог өз-өзімен жүретінін де көруге болады. Мысалы, Ш. Ибраев: «Абайдың өз-өзімен сырласып, ой-толғаныстарын ақтарып, соңында өз-өзіне басу айтып, белгілі бір тоқтамға келетіні – аса қызықты творчетволық үдеріс». Ғалым бұндай әрекетті рефлексиялық үдерістің нәтижесі ретінде түсіндіреді. Өлең сөзін сөйлесер адам таппаған соң, сұрақтарына жауап күткен ақынның дара бітімі осындай әрекетке бойлауына тура келеді. Абайдың бірқатар феномендік қырларының бірі ретінде ақын психологиясындағы рефлексиялық үдерісті жатқызуға әбден мүмкін.
Ғалым Абайдың феномендік қырларының биігіне қоршаған ортаның, идеологияның тезіне шыдаған ақындық қабілеті мен қызметіне адал болғанын жатқызады. «Саналы адамға соның ең қиыны да, ауыры да болашағы жоқ, үміті аз, рухани құндылығы жоғалуға жақын, азып-тозған өз қоғамы. Сондай ортада отырған Абайдың интеллектуалдық қуатына, ойлау жүйесінің феномендік жаратылысына қалайша таң қалмасқа», − деп Абайдың мінсіз, жасандылық атаулыдан аулақ жүрген ақындығына байланысты ой айтады. Ш. Ибраев ұлы ойшылдың экзистенциясының өзін феномендік құбылыс ретінде таныды. Ақынның қоғамға орай дара бітімін сәйкестендіруі, өмірдің мәнін анықтау мақсатында өлім мен өмір дихотомиясына бойлауы немесе рухани еркіндікке ұмтылысындағы ізденістердің барлығы да Абайдың ешкімге ұқсамайтын болмысын көрсетеді.
Қорытындылай келе, Абайдың ақындық қызметіндегі феномендік құбылыстарды тану мен сырын ашуға ұмтылған Ш. Ибраевтың «Абай феномені» атты зерттеу еңбегінің ғылыми маңызы зор. Абайдың көпқатпарлы тұлғасындағы шығармашылық және психологиялық үдерістердің туындау себептері мен кейін поэзиясында көрініс тапқан ақынның көркемдік шындығы жан-жақты қарастырылады. Ш. Ибраевтың Абай мұрасын зерттеуі қазақ әдебиеттану ғылымындағы жаңа ізденістер мен пайымдаулардан тұрады. Шетелдің озық ойлы ғалымдарының призмасы арқылы ұлы суреткерге ғана тиесілі асқақ болмысына үңіліп, көркем мәтінді тану жұмыстарына тың серпіліс әкеледі деп санаймыз.
Толқын АХМЕТБЕКОВА, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ әдебиеті кафедрасының магистранты
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.