Қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихын қарап отырсақ, көрнекті жазушыларымыздың көпшілігі қысқа да, қиын - әңгіме жанрын мөлдірете жазған. Және қалай жазған десеңізші! М.Әуезовтің, Б.Майлиннің, Ғ.Мүсіреповтің, М.Мағауинның, Ә.Кекілбайұлының, Қ.Жұмаіловтың, Ә.Таразидың, С.Мұратбековтың, Р.Сейсенбаевтың, О.Бөкейдің, Т.Нұрмағамбетовтың, Д.Исабековтың, Қарауылбек Қазиевтің т.б. сөз зергерлерінің әңгімелері сөз жоқ, қазақ әдебиетінің үлкен олжасы.
Әдеби даму – тоқтамайтын үрдіс. Қазақ халқы тұрғанда әдебиеттің өркені өседі, көсегесі көгереді! Озық па, тозық па, көркемдік деңгейі қандай дәрежеде екендігіне таразы – мәртебелі уақыт, көкірегі ояу оқырман.
Тілі шұрайлы, тұщымды әңгіме оқысам жаным жадырайды. Көңілім аспандайды! Өйткені сюжеті шымыр, бас аяғы жып-жинақы, айтар ойы анық әңгіме ойлы оқырманды әуезді әннің қайырмасындай шалқар сезімге бөлейді.
«Әңгіме – ұзын-қысқалығына қарай он минуттан бір сағатқа дейін оқып бітіруге болатын, әбден аршылып алынған бір-ақ нәрсе, бір ғана оқиға, немесе бірігіп кеткен бірнеше оқиғалар тізбегі туралы жазылған шағын шығарма, - дейді атақты ағылшын жазушысы Сомерсет Моэм. – Әңгімені еш нәрсе қосуға да, алуға да болмайтын етіп жазу керек.»
Ал танымал ғалым, жазушы Зейнолла Қабдолов бүйдейді:
«Жақсы әңгіме!..
Ол – бес жүз бет роман емес; көлемі бес-ақ бет болуы мүмкін. Оны оқып шығу үшін бір жеті керек емес, бір-ақ сағат жетуі мүмкін. Жұмыстан бос, демалыс сағаттарыңызда қолыңызға алып, қызыға оқып, қызғана қадалып, көз ала алмай, толқына тебіреніп отыру қандай рақат!
Жақсы әңгіме шебер жазушыдан туады. Өмірдің бір ғана бөлегін жарқ еткізіп, жайып тастап, оқушының көз алдына қилы-қилы мінездің адамын алып келіп, жақсысына сүйсінтіп, жаманынан түңілтіп отыру қандай шеберлік.
Біреулер былай дейді:
-Үлкен жазушылар әңгімені ұсақ нәрсе деп қарайды, оған мән бермейді, менсінбейді.
Қате пікір! Әңгіменің шағын жанр екені рас, бірақ ол ешқашан «ұсақ нәрсе» болған емес. Керісінше, ең бір ірі нәрсе! Тамаша таланттың, қабілеттің, шеберліктің жемісі. Әдебиет тарихы осыны көрсетіп отыр...»
«Әңгіме – әдебиеттің ең қиын жанрының бірі, - дейді ғұлама ғалым, айтулы сыншы Серік Қирабаев. – Ол шағын көлемде үлкен міндеттерді шешеді. Адамды суреттеуде, олардың ойын, сезімін күрес жолында көрсетуде үлкен жанр мен әңгіменің арасында айырма жоқ».
«Әңгіме – қиын жанр. Сол себепті де Флобердің «әңгіме жазу қиын болғандықтан роман жазуға мәжбүр болдым» деген сөзінде терең мағына бар, - дейді белгілі сыншы Сағат Әшімбаев. - Жеке дауыста ән айту кез келгеннің қолынан келе бермейді. Ал хорға қосылып екінің бірі ән айта береді.
Әңгіме жазу да сол сияқты. Адам көзінің ешнәрсені жасыра алмайтыны сияқты, әңгіме жанрында да жазушы жетістігі мен кемшілігін жасыра алмайды. Әңгіме де жазушы шеберлігінің айнасы, бәрі көктамырланып көрініп, бәрі сайрап тұрады».
«Атамұра», «Алматыкітап», «Аруна» баспаларынан өзге баспалардан шыққан кітаптар қазір дүкенге көп түспейді. Жарыққа шыққанын мерзімді баспасөз арқылы ғана білеміз. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жарық көргендері кітапханаларға тегін таратылады. Аллаға шүкір, 2017 жылдан бастап, Мәдениет және спорт министрлігі шығарған кітаптардың таралымы 5 мың данаға жетті. Бұл орайда «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» газеттері мен «Жұлдыз», «Жалын», «Адырна» журналдарына айтар алғысымыз шексіз. Көркем шығармаларды үзбей жариялап келеді. Әрқайсысы өз деңгейінде, үздігі де, орташасы да бар.
Біз әдебиет сыншысы емеспіз. Дей тұрғанмен, соңғы тоғыз-он жыл бедерінде түрлі басылым беттерінде жарық көрген бірқатар әңгімелер жайлы сөз қозғағанды жөн санадым.
***
Төлеген Қажыбаевтың - «Қараой қайғысы» «Қазақ әдебиеті» газетінде (29.11.2013) жарияланған.
Өткен ғасырдың басындағы орыс ойраны, Сібірді өз билігіне көшірген «жарты патша» - Колчактың ақ дегені - алғыс, қара дегені – қарғыс болып тұрған кездегі Омбыға тақау Жарқамыс ауылына салған ылаңын оқығанда төбе шашыңыз тік тұрады! Қолдарындағы азын-аулақ малын бағып, өлместің күнін көріп, шықпа жаным шықпа деп отырған отыз үйлі қазақ ауылынан казактар мініс атын сұрайды. Сіңірлеріне ілінген момын қазақ жоқ атты қайдан тауып берсін.
« - ...Онда біз былай істейміз. Сен екеуің анау шілік ішіне тығылған қызды алып келіңдер. – Бастарына бастыра киінген ақ папахалы қос казак аттарын борбайлатып, ауылдың ық жағындағы тал-шілігі ұйыса өскен шұбарға қарата тасырлатып шаба жөнелген.
Үйінен атып шыққан Әуесек кемпір мыналарды қарын тартқан терезеден бақылап тұрса керек, қотанды басына көтеріп дауыс салды. Қотанға шығуға жасқанып тұрған жарқасмыстықтар әр тұстан қылтиып, төбе көрсеткен. Зифа да екі ұлын жетелеп көк арбаның қасына келген.
- Зейнолла-ау, анау иттер Ақборыққа кетті ғой. Масқара болмасақ жарар еді, - деген Әуесек кимешегінің шалғайымен жасы сорғалаған жүзін сүрткен болды...»
Қос салт атты казактардың жас қыз Ақборықты дедектетіп айдап келуі, адамшылықтан безген жирен мұрт Усовтың қызды жәбірлеуі, қыздың әкесі Зейнолланың Усовты кеспелтек ағашпен құлақ шекеден салып өтуі, Зейнолла мен Зейнолланың екі ұлын қанішер казактың винтовкамен атып кетуі, сол күні қос құлынын қос қапталына алып Зейнолланың бір қабірге жерленуі, абиыр-бәкірінен айырылып қорланған Ақборық арудың қораға барып асылып өлуі жүрек сыздатып, жанардан жас тамшылатады. Жарқамыстықтар жағаларын ұстады! Бұдан артық қатыгездік болмас, сірә!..
Арада біраз уақыт өткен. Қаңтар айының боранды күндерінің бірінде үш әскери адам тағы да Жарқамысқа, ауыл шетіндегі тоқал тамда отырған қос жесір Әуесек кемпір мен Зифаның үйіне келіп қонады. Жендет Усовты Зифа қапысыз таниды, таниды да кек қайтаруға бекінеді. Орайы келген сәт!.. Отағасы мен қос құлынын жер жастандырған Усоф пен үш қанішерді түн ішінде ұйықтап жатқан жерлерінде балтамен жайратып салады қайсар әйел.
Ертеңінде Омбыдан шыққан қызылдар отряды бір жетіден бері сытыла қашқан Усов пен екі әскериді тұтқындауға Жарқамысқа жетеді.
«Қараой қайғысындағы» оқиғалар тізбегі көз алдыңызға кино көргендей елестейді. Әңгімедегі автордың шұрайлы тілі, қорғансыз, момын, көнбіс, кедей қазақтар мен кеуделеріне нан піскен тәкаппар, тасыр, жауыз казактардың, оның ішінде жирен мұрт Усовтың характерлері айырықша дараланған. Бұл жазушы шеберлігі.
***
Нұрдәулет Ақыштың «Байлар кварталында» әңгімесінің («Жас Алаш», 31, 22.04.2015) тақырыбы айтып тұрғандай, дәулетіне мастанған «Джиптегі» тоғышар әйел, күзетшілік жұмыстарынан айрылып қаламыз ба деп жағымпазданған тайғанақ жігіттер, пара алуға дағдыланған кейбір полицейлердің тірлігі тамаша бейнеленген.
Ұсақ-түйек сауда жасап үйелменін асырап отырған Омарбай тау жақтағы базарға бара жатқанда, «анда-санда көк түтінді бұрқ еткізіп қойып» салдырлаған ескі «Газ – 2410» маркалы машинасы кенет біреу тас төбесінен қос қолдап ұрғандай селкілдей барып, тұрды да қалды. Мотор от алмайды. Аң-таң күйде жалма-жан газды басып, кілтті қанша бұраса да өкпесі өшкен ескі машина міз бағар емес. Енді капотты ашып тексеріп, ақауын іздеу керек. Тас жол бойымен арлы-берлі зулап өтіп жатқан иномаркаларға қызыға қарайды. «Бұл не фокус? Айда, марш!» - деген зілді дауыс гүж ете қалды кенет. Кеуде тұсында «Күзетші» деген жазуы бар униформалы жігіт ағасы екен. Сөйтсе, салтанаты келіскен бірінен бірі өткен коттедждер қалашығы - байлар кварталының маңында бір минут аялдауға болмайды екен. Жылдам кетуі керек. Дікеңдеп, дауыс көтерген күзетшіге машинаның бұзылғаны, мотордың от алмауы дәлел емес. Неге бұл жерге тоқтайды? Тіпті террорист болуы да мүмкін-ау Омарбайдың.
Шыр-пыры шыққан Омарбай ақталып-ақ жатыр. Сол сәтте мигалкасы безектеп полиция машинасы жетті. Коттедждегі байлардың біреуі шақыртыпты. Омарбайдың ескі «драндулетін» былайырақ итеріп апарып тастаған полицейлер, өзін машинаға отырғызып қаладағы бөлімшеге алып кетті. Апарып тергейді, протокол толтырады. Аңқау Омарбай полицейлерге сыйлық беріп құтылмаққа әрекет жасайды. Машинасындағы бір жәшік алқорыны ұсынады. Оны місе тұтпайды аналар. Ақыры полицейлердің сөз ләмінен пара беру керектігін түсініп, бес мың теңге береді. Азырқанса да жып еткізіп қалталарына жытырып жібереді қызыл жағалылар. Жазушы шап-шағын оқиға арқылы сөз түсінбейтін, кекірейген, сірескен жағымпаз күзетшілердің, тойынған тоғышар байлардың, пара алып дағдыланған жылмақай, екіжүзді полицейлердің бет-бейнесін ғажап суреттеген.
«Байлар кварталында» - бүгінгі күнгі, өкінішке орай қоғамда жиі кездесетін кейбір екіжүзді адамдардың кескін-келбетін, адамшылықтан алыстаған, имандары әлсіреген, жүректері кірлеген, ұяттан безген тірліктерін көрсетуімен құнды әңгіме.
***
Серік Асылбекұлының «Дүние жарты» («Қазақ әдебиеті», №10,13.03.2015) атты автобиографиялық әңгімесін кейінгі жылдары жарық көрген тамаша әңгімелердің бірі дер едім.
Ұлы Отан соғысының даңқты қаһарманы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы хақында шыққан шығармалар біршама. Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогын, Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндерін», Мамытбек Қадыбаевтың деректі туындыларын оқымаған қазақ кемде-кем шығар. Ал «Дүние жарты» өз айтары, өз идеясы, өз ойы бар бітімі бөлек туынды.
Автор батыр Баукеңнің өзіне тән мінез-құлқын, ешкімге ұқсамайтын дара жаратылысын аса сыршылдықпен нәзік суреттейді. «Жалын» баспасынан шыққан «Адам қайраты» аталатын майдан тақырыптарына арналған су жаңа новеллалар мен әңгімелер, естеліктер кітәбінің сүйінші данасын үйіне апарғанда, Баукең қуанудың орнына мұқабадағы түрі еуропалық солдаттың суретін көріп, үстелдің үстіне лақтырып жібереді.
« - Мынауың тап-таза еуропалық, - деді қарт батыр. – Орыс па, поляк па, молдован ба, әйтеуір қазақ емес. – Сонан соң қайтадан маған шүйлікті: - Ал осы кітапты көз майын тауысып жазған және осындағы шығармалардың басты кейіпкерлерінің бірі гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы кім?!
- Қазақ, - дедім енді-енді бірдеңелер миыма жете бастаған мен тұқшиыңқырап кеткен еңсемді қайтадан тіктеп...»
Кітап мұқабасындағы еуропалық солдаттың суреті өз ұлтын жанындай сүйетін, намысқой, рухы биік, батыр Баукеңнің жанын жаралады. Тіпті алдына келген дәмді асқа да тәбеті соншалықты шапқан жоқ. Дәл сол кездері, екі-үш айдан бері Қазақстанның Россияға өз еркімен қосылғанына 250 жыл толуына ат шаптырып ұлан-асыр той өткізуге дайындық жасап жатқан іс-шара да жүрегіне шаншу болып қадалған.
Әсілі қазақтың көрмеген құқай аз ба? 1932 жылы айдың-күннің аманында тең жартысы қолдан қасақана жасалған аштықтан қырылды. 1937-38 жылдағы нәубет ше? Қайсыбірін айтарсың...
Жазушы С.Асылбекұлы әңгімені Баукеңмен, Жәмила апаймен қоштасып өз үйіне қайтқан соң бірден аяқтай салмаған. Ойланған, толғанған, біреу кірпіктерінің арасына тіреу қойып кеткендей түн ортасына дейін төсегінде әрі-бері дөңбекшіп ұйықтай алмаған. Автордың мұңды көңіл-күйін сол түнгі ауа-райының құбылысы, үйдің қаңылтыр шатырын тырсылдатып, жаңбыр жауа бастағаны да әрлеп, аша түскен, одан әрі дамытқан, Бауыржан Момышұлының: «Беспечность, трусость нации в конце концов приводит к ее гибели. Неужели так трудно понять вот такую очень простую истину?!» деген сөзі жан дүниесін астаң-кестең еткен. Сойы бөлек, көп қазақтан оқшау, көкірегіндегі намысы алдаспандай өткір, ақылы дариядай шалқар, жаны гүлдей нәзік осы бір қарт батырдың армандары Алатаудай тым асқақ, әз наурыздың ұлпа қарындай тым-тым әппақ екендігін пайымдайды автор.
Неге дүние жарты? Әлде, бұл қу дүние дегеніңіздің өзі бар болғаны бір жартыкеш нәрсе ме екен? Кім болжап, білген? Хәкім Абай төртінші қара сөзінде: «Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі кәніш (іс-әрекет) болса керек» дейді.
Бір басына атақ-даңқы жетерлік батыр Бауыржанға не жетпейді? Жетпейтіні сол, туған елінің бодандығы, басында азаттығы жоқтығы жанына батады. Кешегі қан-қасап майданда Россияның жүрегі Москваны жаудан қорғап қалған, сол үшін бойындағы қызыл қанын аямаған жауынгерді уайым-қайғы мүжіп қана қомай, миын шаншиды, жүрегі аласұрады. Қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдау, жарасын емдеуге зәрредей болса да үлес қосуды парызым деп санайды. Мұндай мақсат-мұратты кешегі Алаш арыстары да, батыр бабаларымыз да көкседі, туған елінің азаттығын аңсады, сол жолда жандарын қиды.
***
Елеусіз Мұратовтың «Құл» әңгімесін («Жалын» журналы, №11. 2014) бей-жай отырып оқи алмайсыз. Қазіргі қоғамдағы ардан безген, ақша табудың артына шам алып түскен пенделердің кескін-келбетін айқара ашқан. Болған оқиғаны боямасыз суреттеген, қорытындысын оқырманға қалдырған.
Он бес жыл бұрын бала шағасына нәпақа іздеп ауылдан қалаға келген Жоламан айдың күннің аманында отбасынан тірідей айырылып, құлдыққа түсемін деп ойлады ма? Сегізінші әрең бітіріп, берісі өз ауылы Ақбұлақ, әрісі аудан орталығынан ұзап шықпаған, қалтасындағы құжаттары мен азын аулақ ақшасынан айырылып, дымсыз қалған Жоламан полиция бөліміне түседі.
« ... – Сені не істесем екен? – дейді капитан шеніндегі жас жігіт. – Әгәрәки хаттама толтырсам, көзің бозарып он бес тәулік қамауда жатасың. Жоқ, мен саған бір жақсылық жасайын, қанша дегенмен қазақ емеспіз бе? Тауда мал бағатын ағайымның қора-қопсысы бар еді, соны салып берсең қайтеді, ақыңды жемейді. Одан кейін ауылыңа өзім шығарып саламын...»
Адам баласына сенгіш, аңқау Жоламан алданғанын қайдан білсін? Сарыбай таудың қуысындағы қыстауға алып келгенде жағдайдың мүлдем басқаша екендігін бірақ біледі. Сабырбаевтар әулетінің кішісі Сарыбайдың айтуына қарағанда полиция бұны 3 мың АҚШ долларға сатқан екен. Сөйтіп аяушылық дегенді білмейтін ожар, еігезердей Сарыбайдың қойшысы болып шыға келеді. Қой соңында жүрген Жоламан екі-үш мәрте қашуға оқталып еді, басқан ізін аңдып, үйдің төбесінен дүрбі салып бәрін бақылап отыратын Сарыбай адымын аштырмай, өлімші етіп сабап тастады. Соңғы рет қашқанында қата тиген қамшы көзін зақымдады ма, зағип болып, әп сәтте жанын сипалап қарманып қалады.
Әңгіме соңында отыз бес жастағы жігіт ағасы дегенге кісі сенбейтін, бойында қырым еті қалмаған, сақал шашы ағарған Жоламан туған ауылына оралды. Алғаш жолыққан Әукен шал Жоламанды құшақтап, жылап көріседі. Жерлестері бұны әлдеқашан жерлеп, жаназасын да шығарып қойыпты.
Жалғыз ұлы Ұласбек үлкен жігіт болыпты, жақында үйленіпті. Ал келіншегі Күміс күйеуінің жолына қарайлап жүріп, осыдан бірер жыл бұрын тұрмысқа шығыпты.
Бейшара Жоламан Ұласбек ұлының көз алдында, бір жылдан соң дүние салды. Тайқы тағдырына мойын ұсынған, ылажсыз көнген, көнбіс, момын адамның өксікті өмірі қатты әсер етіп, жүрегім шаншыды...
***
Бүгінгі әдебиетімізде өз ана тілінен жеріген, ата-әже тәрбиесінен ажыраған жетесіз ұрпақ жайлы жазылған шығармалар көп болмаса да бар. Думан Рамазанның «Жатбауыр» («Жұлдыз» журналы, №1, 2013 жыл) әңгімесі өрнектеген өгей, жатбауыр, қатыгез ұл тірлігін көріп жағаңызды ұстайсыз.
Жазғы каникулды пайдаланып келіншегі екеуі Дубайға барып демалмақшы болған қалада тұратын жігіт ағасы, әбден кісікиік болған, бір ауыз қазақша білмейтін он жасар ерке ұлы Даниалды ауылдағы әке-шешесіне әкеледі. Ұлы мен немересін көптен көрмеген кемпір шал да ес жоқ, кемпір немересін бас салып, бетінен сүйіп, бауырына тартты. Даниал болса, жақтырмаған кейіп танытып, меңіреу адамша мелшиіп тұра берді. Оған көңіл аударған әжесі жоқ, асты-үстіне түсіп еміреніп-ақ жатыр.
Шал-кемпірдің ұлы тым асығыс, әкесінің қой соямын, жас малдың етін жеп, сорпа ішіп кет дегеніне қарамай қайтуға жиналады. Даниал ауылда қалғысы келмей, «я не хочу здесь оставаться» деп жыламсырай бастап еді, әкесі «прекрати» деп қатты жекіп тастады.
Автор әңгімеде жаңа туған жас қозысын емізбей аяқ асты жеріген күйлі саулықтың іс-әрекеті жайлы детальді әшейін алмаған. Аш қозы ақыры өліп қалды. Бұл малдың ісі. Ал саналы адам баласының жат бауырлығына не айтасыз?
Ығыбай ақсақал мен кемпірдің тасбауыр Даниалдан көрмеген құқайы аз. Қаладағы нағашыларының тәрбиесін көрген бала мінезінде өзінің ата-әжесін менсінбеушіліктен, жатырқаудан, тәкаппарлықтан туған цинизм басым. Әжесінің дайындаған тамағын ішпей ауылдағы дүкеннен чипси, кериешки, колбаса, сыр, қара нан алып жейді. Жайғасып отырып, қалта телефонын алып, ойын ойнауға көшеді. Мұнымен қоса тығылып темекі тартады. Оның шылым шегетінін, атасы ұлдың қалтасынан бір пәшкі темекі тауып алғанда білген.
Еркетотай ұлдың іші әбден пысты. Баратын жер, басатын тауы қалмағандай. Бір кезде у-ду болып жататын ауыл клубы, ондағы кітапхана қаңырап бос жатыр. Бәрі бүлінген. Ырду-дырдуы мол Алматыны, емін-еркін тірлікті, әке-шешесін сағынды. Баланың еркіне салса, бір мүйнет тұрғысы жоқ ауылда.
Бір күні кешке Даниалдың тартып тұрған темекісін сөндірмей лақтыра салғанынан мал қора мен шөп, мал өртенді! Түгелдей жанып кетті.
Өрттің шығуына себепкер болған Даниал екенін білген атасы ашуланып, немересінің бетінен тартып-тартып жіберді.
« ... – Что я сделал? – Даниалдың көзі ақшиып кетті. Жанары жасаурап, иегі кемсең қақты...». Өрттің тұтануына қатысын біле тұра мойындамаған жатбауыр, кекшіл немере үйден қашып кетеді.
Қашқан немересін жалынып-жалпайып, өзінің білетін жаман орысшасымен Алматыға қайтасың дегенді әрең түсіндіріп, атасы атқа мінгізіп алып келеді. Аш құлақтан, тыныш құлақ, мына баладан айырылып қалмай тұрғанда үйіне жеткізейін деген Ығыбай кәрия жолға шығады. Алматыда құшақ жая ешкім қарсы алған жоқ. Ұл мен келін Дубайдан курорттан әлі оралған жоқ. Құдалардың түрі анау, шүлдір-шүлдір орысша сөйлеп, суықтық танытты. Даниал болса нағашы ата-әжесімен қауышып мәз-мейрам.
Ығыбай ақсақалдың көңілі ақтүтек борандай алай-түлей. Бір жағынан ашуы қозып, бір жағынан қызғаныш оянып қаны басына шапшыды. Ежелгі сырқаты бас көтеріп, жүрегі қысты. Өзін-өзі зорлағандай бір-екі кесе шәйді зорға ішіп, құдағиының қалыңыз деп қолқалауына қарамастан қош айтысып, шығып кетті. Құдасы болса «досвидание» деп дүңк етті де, жиенін ойнатқан күйі үн-түнсіз қала берді... «Шіріген жұмыртқа!.. Шіріген жұмыртқа!.. – дей берді іштей күбірлеп. – Шіріген жұмыртқа!..»
Лифтіден түсіп сыртқа шыққан соң, немересі балконнан қарап тұрған шығар деп елеңдей артына бұрылды. Көңілі алдапты... Ешкім жоқ... Бұны іздеп жатқан жан баласы көрінбейді... «Е, ит тіршілік-ай!.. Итшілеген өмір-ай!..» – деді кеудесін кере ауыр күрсініп... Көзі қарауытты... Жүрегі шаншыды... Дүние шыр айналып кеткендей... Етпеттей құлады...
***
Рахымжан Отарбаевтың «Бәтидің бағы» («Егемен Қазақстан», 20.10. 2017) әңгімесін рахаттанып оқыдым. Әжуә-мысқылы сұмдық! Кеңес одағы кезіндегі «ләббай-тақсыршыл» аудан басшыларын өлтіре сынаған! Жағымпаздықтан жарыс өтсе, осы Қызылқамыс ауданының басшылары бас жүлдені қанжығалар еді!..
Сонау жер шеті - ықтасында жатқан елге Қазақстан басшысы Колбин келеді екен. КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа өтуге. Сол-ақ екен, аудандық партия комитетінде қызу қарбалас басталды. Болашақ депутаттың кандидатурасын қолдап сөйлеуге шешен адамдар керек. Және бірөңкей қазақтар сайрап қана қоймай, бір орыс ұлтының өкілін де қосқан ләзім. Жиналыс соңында бір ақсақал бата беруі тиіс!
Райком хатшысы Есен Наушаевичта ес қалмады. Бюро мүшелерін түн ортасында қайта жинаған. Үлкен адамды қарсы алу оңай емес. Бәрі тап-тұйнақтай болуы керек. Ұлы орыс ұлтының өкілін табу қиынға соқты. Нюра есімді жеңгеміздің өмірбаяны келмейді. Бірнеше күйеуге шыққан. Калининградтан Сахалинге, одан Украинаға кеткен. Одан соң бір жігітпен тағы бас қосыпты. Ол ішіп кетіп, іссапарға барған біздің ағамыздың етегінен ұстапты. Әрі орысшаға шорқақ. Өз тілінде балағат сөзге жүйрік. Қасындағы қазақтарға орысша боқтауды үйреткен де сол жеңгеміз – Нюра! Енді не істеу керек? Жалғыз ғана қуаныш – Нюра Колбинның жерлесі болып шықты!
«... - Құрып кетсін! Клубқа жолатпаңдар! Пәлесі жұғар.
- Бір қаладанбыз. Барамын, қолын аламын деп тәуір көйлегін киіп, үстіне әтір сеуіп отыр. Енді қайттік?
- Таңнан қалдырмай облыс орталығындағы санаторийге жолдама беріңдер де машинаға салып жіберіңдер.
- Ол путевканы әлгі қырсық Алсаевқа бер дегеніңіз қайда? Бірақ ол Есентукиге болмаса бармаймын, Колбиннің өзіне айтар құпия сырым бар деп келіп кеткен...»
Дау-дамай, ұзақ керістен соң Колбинді қарсы алуға дайындық ыңғайланған сияқты еді, қай шопанның үйіне түседі деген мәселе тағы кесе-көлденеңдеді. Ленин орденді шопан Жәсеннің үйі ылайық болғанымен, әйелі Бәти таңқы танау, алакөз, мінезі де шәлкем-шалыстау. Көкдолының өзі, ашуы бетіне кілкіп шығып тұрады. Бір көзі қыли. Далаға қарайды. Ылғи шыныаяқты шатастырып отырады. Әрі жәй отырмайды, жан-жағына түкіріп отырады. Үлкен кісі ұшынып кетуі мүмкін...
Райком хатшысынан бастап бәрінің бастары қатты. Алақай! Табылды! Аудан орталығында орыс тілінен сабақ беретін орта мектептің мұғалімі, жасы қырыққа келіп қалған кәрі қыз, отырыстың гүлі, әдеміше келген құмырсқа бел, төңкерілген қозы құйрық Әлима «уақытша» Жәсеннің әйелі болады. Әрі Әлиманың әншілігі де бар. Ал Бәти болса қазан-ошақ жақта жүрсін. Қонақтар жаққа оның аяғын қия бастырмау керек. Байлау осы болды.
Ертеңінде түс ауа екі-үш тікұшақ Қызылқамыс ауылына кеп қонған. Келісілген сценарий бойынша сыйлы қонақты қарсы алу басталып кетсін. Бәрі ойдағыдай! Пионерлер қызыл галстуктері желбіреп қақ жарылып күлімдеп тұр. Аудандағы «Ақ жайнақ» ансамблінің әнші қыздары әр қонаққа иіліп гүл ұсынған.
Жүз саулықтан 132 қозы алған озат шопан Жәсен үйінің төріне озған сәттен бастап Колбин риза кейіпте. Тура қаладағыдай тұрмыс. Бәрі бар. Үй іші жып-жинақы, жайнап тұр! Озат шопанның жұбайы Әлима майысып шәй құя бастады. Өзі көрікті әйел екен! Неткен үйлесім! Биыл Әлима ханымды Еңбек Қызыл Ту орденіне ұсынсын! Колбин өзі қолдайды! Аздан соң әдемі әйел Әлима сызылтып ән салсын! «Ақ жайнақ» әні кетті әуелеп!
Бұл әңгімелер Бәтидің құлағына жетсін. Ызаға булығып отырған Бәти орнынан тұрып төргі бөлмеге ұмтылған. Екі жігіт жолын бөгеді. Бөтен кісіге кіруге болмайды. Протокол бойынша жұбайы үй иесінің жанында отыр.
Апырым-ай, не сұмдық бұл?! Жыл он екі ай азапты Бәти көреді де, орденді Әлима алады. Шәйді де сол құйып, атақ-абыройға бөленеді! Көрсетейін сендерге! Бәтиді білмей жүр екенсіңдер?!
«Аула ішінде қараң-құраң кісі көрінбеді. Борбайлап кеп ошақта лаулап жанып жатқан отқа жүгініп отыра қалған. Резеңке бауы босап кеткен дамбалын сыпырып жібергені сол еді... Шар еткізіп... Долылық қысқанда шыдата ма, алысқа шапшыды. Себелеген зәр таусылып бітсе екен-ау. Тезек шоғы аз-кем күл көтерді де, сөне берді...»
Сөйтіп ошақ оты сөнгендіктен ас піспей, ет желінбей қалды. Тастай. Қамыр да салынбаған... Әдейі біреу су құйған сияқты... Райкомның бірінші басшысы бастаған аудан басшыларын ұятқа қалдыру үшін...
Бір қызығы, сол жер... әзіл ретінде басталса да, бара-бара «Бәти сиген» атанып кетті...
«Жағымпаздық жарға жықты!.. Қазақ қайда бара жатыр?.. Не істейміз?!.» - деген сұрапыл сұрақ қояды автор.
***
Бүгінгі күннің ащы дерті – парақорлық, жемқорлық, тәртіпсіздік екені жасырын емес. («Қазақ әдебиеті», Көсемәлі Сәттібайұлы. «№1 ҰРЫ». №30,30.07.21) Жемқорлықтың қай саланы болсын қамтығаны, ауадай жайылып бара жатқаны өкінішті-ақ! Тіпті ана бір кезде «тендер дегеніміз – ішіп-жеңдер» деген сөздің шыққанын, шығып қана қоймай афоризмге айналғанын ел-жұрт біледі. Жемқорлық салдарынан сапасыз, шала-пұла жасалған қалааралық тас жолдар, ауыз сусыз отырған қазақ ауылдары, пара алу үстінде ұсталған ірілі-ұсақты лауазым иелері, т.б. бүгінгі қоғамның келеңсіз көріністерін ести-ести үйреніп кеткеніміз сондай, «е-е, солай ма?!» дейтін деңгейге жеткеніміз жетіскендік емес.
Әңгіме басында болған-толған, тоғышар облыс әкімі суреттеледі. Әкімдіктің алып ғимаратының алды-артының бәріне бейнебақылау камералары қойылып, ары-бері өткен көліктер мен келімді-кетімді адамдарды айтпағанда, ұшқан құс, жүгірген аңға дейін алақанында тұрса да, ол аздай ғимаратты айнала күзетіп он шақты полицей жүрсе де, аяқ асты сап етіп, кезінде ауыл-аймаққа аңыз болған, баукеспе ұры атанған Ергештің кіріп келуі кабинет иесін селк еткізді.
Бақсақ, Ергеш әкімге жәйдан-жәй келе салған жоқ. Лауазым иесінің өмірде жіберген қателігін, қателігін емес-ау күнәсін айтуға келіпті. Жылы-жұмсақ орынтақ иесінің жан-дүниесі былғанған, жүрегі кірлеген, күнаға белшесінен батқан. Жүрек неге кірлейді? Жүрек неге қараяды? Осы орайда көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов бүйдейді: «Жүрек – тазалық мекені. Сұлулық мекені, ерлік мекені, әділет мекені... Өзімшілдіктен, өтірік-өсектен, жерлестік-жіктестіктен, өкіметті алдаудан, мемлекет қалтасына түсуден, дүниеқорлықтан бүгінгі қауым түгел арылып болды ма? Қорлық-зорлық, қылмыс құрып бітті ме? Жоқ. Ендеше, жаңа адам жасаудың бірінші бабы – жаңарған адам жасау болады...»
Бұл кешегі кеңес дәуіріндегі тоғышарларға қарата айтылған сөз еді ғой. Тәуелсіз ел болдық, азат болдық дейміз! Қане өзгергеніміз?! Қане түзелгеніміз?! Бүгінгі кейбір адамдардың, қолында азын-аулақ билігі бар кісілердің кескін-келбеті ғой Ғабең айтқан сөздер.
Соның нақты бейнесі – Көсемәлі Сәттібайұлының «№1 ҰРЫ» әңгімесіндегі әкім. Қабылдау бөлмесінде қызмет істейтін «қайқиған кірпікті, көз арбаған бөкселі сұлу» бикештермен ашына болу да қазіргі «серілердің» үйреншікті үрдісіне айналғаны рас.
«... - Мені қойшы, баяғыда жетім боп, оқымай-тоқымай қалғандықтан, амал жоқ ұры атансам, ал бүгінгінің ұрылары өте сыпайы боп келеді, - дейді Ергеш. - Миллиардтаған ақшаны жымқыру үшін олар асу да асу бел аспақ тұрмақ, саусақтарын да қимылдатпайды. Мысалы, мен аяғым мен атымның тұяғына, денемнің ірілігі мен етімнің тірілігіне сенсем, ендігінің ұрылары қолындағы мөрі мен қонжиған төріне сүйенеді. Лауазымы неғұрлым жоғарылаған сайын, олардың ұрлап-жырлаған дүниесі де соғұрлым еселеніп, көбейе түседі...»
Әсілі парақор, жемқор, жалақор, дүниеқоңыз, имансыз адамның, осындай топтан құралған қоғамның барар жер, басары тауы – құрдым емес пе?! Неге біз соншама құлдырап кеттік?! Өмірдің мақсат-мұраты дүниемен, ақшаман, мансаппен ғана өлшене ме?! Адамдық, кісілік, ар-ұждан дейтін өлшемдер қайда?! Бұл туралы қасиетті Құран-Кәрімде: «Қай қауым болсын, өз жағдайын өзі өзгертпесе, олардың жағдайын Алла өзгертпейді» дейді. («Рағыд сүресі», 11 аят).
Ергеш сөйлеп отыр, сөйлеп отыр. Кабинет иесі жауап қайтарайын десе, анау ауызын аштырмайды. Бәрі дұрыс, бәрі ақиқат. Соңында әкім: «Маған не айтпақсыз сонда?» дейді ғой. «Қазір басшылардың бәрі мәдениетті ұры-қарыға айналды, - дейді Ергеш. - Қайсысының «нөмірі бірінші», қайсысының «нөмірі екінші» екенін білмейсің. Бірақ бәрінің «бірінші» болудан үміттері зор. Бейнебір бәрі дүние жинаудан жарысқа түскендей, тендердің миллиардтаған теңгелерін жымын білдірмей жымқырып жатыр, жымқырып жатыр. Жымқырғандарын жат елге жытырып жатыр. О, Құдая құдуанда, ол да бәсекеге айналған. Түрмеде жатқанымда бір дәрігер біздің нәшәндікті нұсқап: «Адам «крутой» болған сайын, оның ауруы да «крутой» болады», - деп күлдіретін. Сол айтқандай, бүгінде үлкен ұрлықты да үлкен лауазым иелері жасайтын болды ғой. Осыны айтайын деп келдім, басқа не айтам саған...»
Ойланып-толғанғанша әлгінде ғана алдында отырған Ергеш зым-зия, жоқ. Қайда кете қалды? Жын ба, пері ме?! Қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз да, полицейлер де ешнәрсе білмейді, ешкімді көрмеген?! Ергеш болса, көз байлайтын ептілігімен шығып кеткен. Әңгіменің осы тұсы атақты Вольф Мессингтің сиқыршылығын еске түсіреді...
Пәлі, оны айтасыз, кеше ғана тендердің қыруар ақшасынан үміті бар бір мырза кабинет иесіне «аванс» деп, құны елу миллион теңге тұратын Bolex сағатын сыйлаған болатын. Сол сағат жоқ! Ергеш іліп кеткен ғой! «Шығасыға – иесі басшы» - демей ме?! Әне, тегін келген дүниенің құны – көк тиын!
***
«Жаңбырдан кейінгі күзгі дымқыл топырақтың иісі ауаға тарап, үй іші салқын тарта бастапты. Денесі тоңазығанын сезіп, тітіркеніп кетті де, жеңіл жамылғымен қымтанып, ас үйге кірді, терезесі ашық қалған екен, сырттан кешкі көше шамының әлсіз жарығы жылтырап көзге шалынады... Терезені жаба бергенде ішке серпілген ауамен ырғатылған торғын перде бетін шарпыды. Бір тәтті күй кешіп, салқын, таза ауаны сіміре ішке тартты...» (Есбол Нұрахмет. «Әтір иісі», Новелла. «Егемен Қазақстан», 03.11.2017)
Сезіммен жазылған сөйлемдер жетелеп барады. Ары қарай не болар екен дегенімше еліктің лағындай жас қыз Ақтотының қалта телефоны шырылдай жөнелген. Экраннан әлдебір көркем жігіттің суреті көрінді. Есігінің алдында тосып тұрған жігіт әуендете сөйледі. Жылдамдата киінген қыз есік алдында шыққанда байқады, «Мерседес» автокөлігінің қасында бір шоқ роза гүлін ұстаған жігіт тұрды. Содан екі жас көлікке отырып, қала оттасына тартып кетті. Көліктің ішінен де жағымды әтір иісі аңқып тұр. Зымыраған көлік, әдемі жігіт, жарасты әзіл мен жағымды әтір иісі қыз көңілін көтерді. Көк көйлекті жас сұлу сері жігітке еркелей, жымия қарап, білегінен ұстап ырғала басып дәмханаға енді.
Жігіт бастап қыз қостап дәмді, қымбат тағамдарға тапсырыс жасады. Ана-мынаны айтып, арасында бірнеше рет вальс билеп қайтты. Жігіт те көңілді, достарының күлкілі қылықтарын айтып екеуі бірдей күліп алысқан. Осы кезде жігіттің қалта телефоны шыр ете қалды. Жігіт телефонға үңілді де, қызыл тетігін басып қоя салды. Қоңырау қайта шалынды. Жігіт бұл жолы да көтермеді.
«... Көтере салсаңшы енді!
- Жоқ, ештеңесі жоқ.
- Кім ол сонша?
- Жай, біреу...
- Айтсаңшы...
Қыз қоймады.
- Жай, бір қыз, бұрын араласып едік. Енді бәрі біткенін түсіне алмай жүр әлі. Хабарласпа десем қоймайды...»
Қыз үнсіз қалды. Ендігі әңгіменің, ендігі отырыстың мәнісі кеткендей. Жігіттің ісі ерсі көрінді. Ақтоты солай қабылдады. Бәсе, тым еркін, тым батыл... Сүрең тартты отырыс. Қатарлас үстелде үш жасамыс әйел арақ ішіп отыр. Басқа да улап-шулаған, қызара бөрткен адамдардың қарасы мол. Қыздың мына жерден кеткісі келді. Мазасы қашып, мына даңғаза музыка ұнамағанын айтты. Жігіттен кешірім сұрап, орнынан тұрып сыртқа беттеді. Жігіттің басқа, тыныш жерге барайық деген ұсынысынан бас тартқан Ақтоты өз үйіне келіп, көліктен түсіп қалды.
Талғамға талас жоқ. Новелланы әркім әртүрлі қабылдары анық. Ақтоты адал, бірсөзді, ырду-дырду аса жақтырмайтын сезімтал қыз сияқты, ал жігіт сұлуларды құшып, сайран салғысы келетін адамға ұқсайды. Астындағы қымбат көлік, көрікті дәмханаға баруы, өзін тым еркін ұстауы жеңілтектігінен хабар бергендей...
«Қалған көңіл, шыққан жан» демей ме?!
Ақтотының шешімі осыған саяды...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.