Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Түбімді іздеп түркіден, Түртемін тарих қағазға......

12.06.2018 4055

Түбімді іздеп түркіден, Түртемін тарих қағазға...

Түбімді іздеп түркіден, Түртемін тарих қағазға... - adebiportal.kz

(Мақсат Әубәкіровтің шығармашылығы хақында)

Қазақ өлеңінде өзіндік ақындық стилі айқындалып, қаламгерлік қолтаңбасы айшықталған шығармашылық тұлғалардың қатарына жататын Мақсат Әубәкіровтің туындылары оқыған жанды бей-жай қалдырмайды. Жалпы қазіргі әдеби процестегі ақындар туралы сөз қаузаған шақта әдебиеттанушы үш өлешемді негізге алғаны ләзім. Оның біріншісі – бұрынғы жазғанынан кейінгі жазғаны басым түсетіндік; екіншісі – кейінгі жазғанынан бұрынғы жазғаны асып түсушілік; үшіншісі – бұрығысы да, кейінгісі де тепе-теңдікте қалушылық. Шығармашылық ілгершілік осының біріншісіне қол жеткізгендердің несібесіне жазылады.

Жалпы Мақсат ақын – поэзияның түрлі жағдаяттарда аяқталған характерді сипаттайтындығын айқын ұғынған ойлы лирик. Мәкең өлеңдеріндегі не маскалы персонаждың, не нақты персонаждың белгілі бір сәттердегі бастарынан хал кешулері түрлі қырынан суреттеледі.

Кермарал бұғы кеудесін керіп,

Шаңырақ мүйіз бұлттарға тиіп.

Қарайды шыңнан Сарыарқа жаққа,

Адасып қалған келер деп киік...

(Сұлулық пірісің, Шығысым)

Осы шумақтағы ең ілкісі – тұлғат (субъекті) емес, керісінше – сөз болған нысанатпен (объектімен) ондағы бейнеленген дүниеге деген ақын көзқарасы. Лирикалық туындының ауқымы кең, өйткені, ол адами бастан күй кешуді тудыра алатын табиғат пен қоғамдағы өмір құбылыстарын қамтиды. Оған мына тармақтар дәлел бола алады:

Балықтардай әйнексуға үйренген,

Түбі бізді жасандылық құртады.

(Әйнексу.Балық.Қожайын)

Ақынның бір ғана «Қ» әрпіне құрылған алты шумақтық «Қасқыр» өлеңі ұлттық тотем аясында бодан қазақ пен бостан қазақ образын түзіп, талай нәрсенің парқын ашады.

Қасқырдың қайсар ісінен,

Қазақтар тауып болмысын

Құлшыған жастар шетінен

Қасқырдай болса елі үшін...

Көріп отырғанымыздай лирик ақын бастан күй кешуді образдандырған сәтте айшықтау құралдарын қолдана отырып, лирикалық туындыдағы асып-төгілген эмоционалдықты қамтамасыз ететін жанрлық форманы өмірге әкеледі.

«Кермарал бұғы», «Қасқыр» мен «Әйнексу» осы лирикалық туындылардағы асып-төгілген эмоционалдықты танытып тұр.

Лирика шағын тұрпатты хош көреді. Міне, осы қағидатты ТМД орыс ғалымы: «Мүмкіндігінше барынша шағын, мүмкіндігінше барынша жан-жақты»,-деп түйіндейді (Сильман Т.И. Заметки о лирике. Л., 1977. С. 33.). Лирикаға эпикалық туындыдағыдай бейтараптық реңк үйлеспейді. Оның синтаксистік құрылымының бойындағы лирикалық экспрессия оны музыкамен туыстырады. Оған мына өлең шумағы дәлел.

Бесігім Берелім,

Еңкеймес Өрелім,

Тарихтың куәсі,

Көненің көзі едің.

Айбынды атағың,

Шуақты шапағың,

Ортаймас ырысың.

Сұлулық пірісің

Шығысым!

Ю. Петерсен лириканың табиғатында бірінші кезекте адами сананың жеке ахуалы тұрып, оқиғалық қатар сирек бой көрсетеді дей келе, бастан күй кешу айырықша айшықтылыққа ие болып келіп, көркемдік құралдарының бәрі адам сезімін барша қырынан ашуға жұмылдырады деген уәжді пікір айтады. Осы орайда Мақсат ақын:

Бесқарағай қайыңның безіндей боп,

Тұнжырайды, мұжықтың көзіндей көк.

Қалың орман ішінде тек Қоянбай,

Қасқаяды қазақтың өзіндей боп...

(Қоянбайдың түтіні)

Еліміздің әр шетіндегі орысқа жақын отырса да, тілі мен дінінен безбеген қазақ ауылдарының бірін «Ана тілдің жалғыз аралына» балап, өткен мен бүгінгі тарихтың аражігін поэзиялық парасаттылықпен жалғайды.

Біз Л.Я. Гинзбургтің лирика турасында «мұқым жан дүниеміздегі көңіл күйді өз құшағына сыйдыратын әдебиеттің ең субъективті тегі» (Гинзбург Л. О лирике. Л.( 1974. С. 7.) деген пікірін хош көреміз. Адамның жан дүниесіндегі көңіл күйдің бірпарасын өз құшағына сыйдыратын туындыларды оқыған сәтте бір жадырап қаламыз. Осындай жаныңды жадыратар өлеңдер Мақсатта молынан ұшырасады.

Әдебиеттанушылар лириканың хас сипаты адамды өзіне сезімдік ахуалды беру арқылы илантуға қабілеті емеуіренділігі (суггестивтілігі) әм мәңгілік сауалдар төңірегінде парасатты пайымдаудан тұратын медитативтілігі (ой толғаулылығы) деп таниды.

Емеурінділік пен ой толғаулыққа иелік етпей жалаң сезімді күйіттеп кетушілік ақынға еш опа әпермейді. Осы екеуін өзіне қолбала қыла білген ақын ғана ел сөзін ұстаушы шығармашылық тұлғаға айналады.

Партадағы мінезі мен пәктігін,

Жоғалтқандар көрсетеді тоқтығын.

Шенеунік шекесінен қарайды,

Ұстазына «үлкен кісі» боп бүгін.

Әппақ жүрек, кеуделерде нұр шуақ,

Ойларында білім жайлы мың сұрақ.

Хабары жоқ заманауи заңдардан,

Жүрген кезің сияқты еді-ау жақсырақ.

Байлық жиған, ұрлап қоғам нанынан,

Енді бірі түспейтіндей тағынан.

Партадағы пәктіктерін жоғалтқан,

Мен солардың сәби кезін сағынам.

(Парта.Өмір.Пенделік)

Біз осындай қоғамға кесік айтушы ақын жырларынан ел сөзін ұстаушы авторлық образды беймарал аңғарамыз.

Суггестивтік поэзия (лат. suggestio – ишара, иландыру), – басы бүтін ой қисындылығына әм дыбыс үйлесіміне ғана емес, қосымша мәндік әм екпіндік реңктерге де арқа сүйейді (Суггестивная поэзия // Литературный энциклопедический словарь. С. 429.). Өлең жолдары өздерінің түсініксіздігімен белгілі бір бұрыннан аян бір жайттың өз бойында бұғып жатқанын бізге «Қоянбайдың жұмбағы», «өртенген бестерек» және «жылаған боз талдар» деп сыбырлайды.

Тамсанып тірлігіне, маңайдағы ел,

Қоянбайдың жұмбағын жүр түсінбей...

(Қоянбайдың түтіні)

Немесе

...Бала болып осылай түс көремін,

Түс көргенде оралар ескі өлеңім.

Жаным жылап кей түні оянамын,

Таңбалының өртеп ап бестерегін...

Адамдар қасіретті кеш біледі,

Кеш білсе де жоқ оның ескірері.

Мойылдыда боз талдар жылап тұрған,

Сияқты бір мұңды әуен естіледі.

(Мойылды сай)

А.Н. Веселовский суггестивтік эффекті формулалану, образдану, сюжеттенуді білдіру арқылы ескіні жаңартады деген ой айтады (Веселовский А.Н. Историческая поэтика. М., 1989. С. 58.). Осындай формулалану, образдану, сюжеттену ақынның туған жер тарихына арналған жырларынан танылады. Оның кейбірінің мысалын үзінді шумақтар арқылы жоғарыда беріп кеттік.

Медитативтік лирика (лат. meditatio – ой толғау) философиялық лирикамен түбі бір болғанымен оған сіңісіп кетпейтін поэзияның жанрлық-тақырыптық түр ерекшелігі (Медитативная лирика // Литературный энциклопедический словарь. С. 214.). Оның түп өзегінде адам тағдыры мен жанының құпиялығының тақырыбы жатыр. Және қазіргі әдеби процесте адам тағдыры мен жанының құпиялығының тақырыбына бір ақын біліп барып, бір ақын жаңсақ басып барып жүр. Осы біліп барып жүргендер қатарында Мақсат Әубәкіров те бар.

Күлтегінің тасқа басқан жазуы әр алаш баласының кеудесіне жазулы екені, Тоныкөктің тасқа басқан қарпі ғасырлардан ғасырға жететіні өзек болған «Компьютер мен өлең» жыры адам тағдыры мен жанының құпиялығын арқау етеді.

Алшы түспей қисық кеткен асығы,

Мен болдым ғой елдің қожанасыры.

Кешір мені қаламсап пен ақ қағаз,

Шатыстырған компьютердің ғасыры..

Көк темірге баяндап ем сырымды,

Бір топ өлең сәтсіздікке ұрынды.

Туа сала ғайып болған жөргектен.

Іздеп жүрмін сол бейкүна жырымды.

Немесе

Жұмбағы қалың мына өмір,

Жаралған нұр мен тамшыдан.

Боласа да шаттық көл көсір,

Бақытқа зәру қанша адам?

Жасырып, күннің келбетін,

Торлайды демде ала бұлт.

Кезеді үнсіз жер бетін,

Кезікпей жүрген бір бақыт.

(Таң.Үміт.Бақыт)

Г.Н. Поспелов осы орайда сезімдік толғанысты айшықтайтын сөз – медиативтік сөз, сол себепті бұндай лирика ең алдымен өзінің ішкі әлемін сыртқа паш еткен ақынның сөздік медитациясы болып табылады деген ой айтады. (Поспелов Г.Н. Теория литературы. М., 1978. С. 106.).

Мақсат ақын бал күндердің дестеленген тізбегін өлеңмен өрімдеп, сәби шағын іздейді. Оны поэзия тілімен тамаша төгілте жырлайды.

Балалық-ай, алдамшыға құмартқан,

Хабары жоқ өмірауи жұмбақтан.

Адамдар көп мына өмірде әліде,

Сезімдерін жылтыраққа ұрлатқан.

Балалығым артта қалып кекілді,

Өмір әйнек талай қақты бетімді.

Армандарым алдамаса болды енді,

Мұзға қатқан сол моншақтар секілді.

(Мұзға қатқан моншақтар)

Қыс алдындағы жаңбырдан кейінгі терезеге қатқан мұзмоншақтың өткен мен бүгінгіні жалғастыруы нанымды суреттелді. Ақын жанын белгісіз күй тербеп, балқаймақ балалық бал дәуренін сағына еске алады. Көз алдымызға лирикалық кейіпкердің кішкентай кезіндегі «терезеде қалған тілінің ізі» келеді.

Лирикалық кейіпкер автормен өмірге деген көзқарасы жағынан, тілдік сөз қатым жағынан, рухани-ғұмырнамалық тәжірибе тұрғысынан әм жан дүние ауаны тұрғысынан біте қайнасып қана кетпейді, одан көп жағдайда мүлдем бөліп алғысыз болып табылады. Лирика негізінен автопсихологиялық болғандықтан ақынның сезімін тудырып қана қоймады, әрі оны түр өзгешелігіне ұшыратады.

Сүмбіле тумай су қатып,

Ызғырық ерте соға ма?

Жайдары жаздан әл кетіп,

Түсе ме көңіл сабаға...

Сары күз шерткен пернеде,

Аздаған мұң бар астарлы.

Өмірге ғашық бір пенде,

Айта алмай сырын жасқанды...

(Сағындым жазғы Алтайды)

Ақын дегеніміз – лирикалық кейіпкердің ілкі бейнесі (прообразы) сондықтан олардың арасында байланыс бар. Маяковский: «Мен Ақынмын. Әм сонымен қызықтымын...» деп тегін айтқан жоқ. Бұдан келіп лирикадан ең басты өзекті сауал «Авторлық лирика мен сөздік нышанат (өкілі)» туындайды.

Осы өзгеден өзгешелену, ақындығымен қызықты болудың шығармашылық бақыты Мақсатқа да бұйырғанын мына жолдардан анық тани түсеміз.

Көзімнен, кім бар менің оқыр мұңды,

Еске алмай есеймеспін өткенімді.

«Заманым түлкі болса»- деймін дағы,

Ауыстырып киермін бөрігімді.

Балалығым шым батып шыңырауға,

Періштелер айналып сұмырайға.

Елес қуып, келемін есім кетіп,

Жыр оқыған ақындай саңырауға.

(Өмір.Шырпы.Мұзтау)

ХІХ ғасырға дейін Платон мен Аристотелден бастау алған әдебиеттануда лирикалық «Мен» белгілі бір деңгейдегі «автоғұмырнамалық ақындық сөз саптам» деген пікір өмір сүрді. Тек ХХ ғасырда әлемдік ғылым лирикадағы авторлық образды өмірдегі автормен араластырудың келеңсіздігін алға тартты.

Б.О. Корман лирикалық кейіпкерді қаққа жаруды ұсынып: автор-хикаятшы (автор-повествователь), өздік автор (собственный автор), лирикалық кейіпкер және рөлдік лирика кейіпкері деп жіктейді (Корман Б.О. Литературоведческие термины по проблеме автора. Ижевск, 1982.). С.Н. Бройтман оның «өздік автор» термині сәтсіз шыққан, әрі автор мен кейіпкерді теңдестіріп жібереді, сондықтан оны лирикалық МЕННІҢ қатарына қосуды ұсынады (Бройтман С.Н. Лирический субъект. С. 141-153.). Автор-әңгімеші мен өздік автор – дербес орбаздылыққа ие болып келмейді. Оған мысалды заманалық қазақ поэзиясынан молдап кездестіреміз.

Авторлық хикаяткерлік – Мақсат ақынның өзіндік ұстанымы. Ақын бірде – жұрттың бәрі білетін туған өлкесінің (Кіндікті, Тоғызтарау, Мойылдысай т.б.) тарихына қатысты «Түбімді іздеп түркіден, Түртемін тарих қағазға» деп жаңаша ой толғаса, енді бірде өзіне ғана аян табиғат құбылыстарына байланысты жеке пікірін жырмен айшықтайды.

Асфальттарды айғыздап күзгі жауын,

Гүлзарлардың жаныштап топырағын.

Сайқал қала тұншығып, шылымына,

Иығынан алып тұр әрең демін...

Күзгі жаңбыр тамшылап төбесінен,

Суық ине сұққылап шекесінен.

Ана тілін білмейтін қандастарын,

Іштей боқтап келеді әкесінен.

(Ауыл ұлы)

Лирикалық кейіпкер – ең алдымен «қаһармандық» жосыққа жуықтап келетін тұлғаттық тұрпат (субъектная форма). Ол лирикалық «Мен» секілді дербес образдылыққа иелік ететін тек тұлғаттық қана емес, сонымен қатар, өзі үшін тұлғаттанған өздік тақырыпқа иелік етеді. «Ауыл ұлы» өлеңі турасында осындай пікір білдіруге болады.

Әрбір ақын лирикалық кейіпкерге иелік етпейді. Дегенмен ол бір өлеңде төбе көрсеткенімен де, түптеп келгенде тек өлеңдер топтамасында не болмаса ақын шығармашылығының бүткіл бойында ғана танылады. Ю. Тынянов ТМД әдебиеттану кеңестігі үшін «лирикалық қаһарман» терминін енгізіп: «Блок – Блоктың ең үлкен лирикалық тақырыбы. Бұл тақырып әл әзір жаңа, әлі өмірге келмеген (ойда жосықтанбаған) тұрпаттағы романның тақырыбы сияқты өзіне тартады. Дәл қазір тап осы лирикалық қаһарман жайында сөз етіліп жүр. Ол қажет етілді, оны дәл қазір аңыздар шырмаған, олар оны өмірге келмей тұрып-ақ, өз шырмауына алған болатын, өйткені, Блоктың поэзиясы ілкі негіз болып, оның поэзиясы тұжырымдала қағидаттанған образды дамыта толықтырды. Бұл образда Блоктың барша өнері персонданған; қай кезде оның поэзиясын сөз етеміз, сол кезде поэзияның тасасынан адами келбет ұшырасады, өнер емес, осы келбет жұртты тәнті етуде» деп жазды (Тынянов Ю.Н. Блок // Поэтика. История литературы. Кино. М., 1977: С. 118-119.).

Лирикалық қаһарманның «Адами келбеті» Мақсат Әубәкіров шығармашылығында айқын айшықталғанын мына жолдардан көреміз.

Сұрғылт үйлер сазарып, бедірейген,

Тұрғыны ит жетектеп ежірейген.

Қазақшаңды қақпайды қазақ біткен,

Көшіп келген секілді Ресейден.

(Ауыл ұлы)

немесе

Еске түссе сағындырар өткен күн,

Естеліктер әлеміне кеткен күн.

Адалдықтың ең алғашқы мекені,

Пәк күндердің патшалығы мектебім.

(Парта.Өмір.Пенделік)

Қазір «Лирикалық қаһарманның» Орта Азия назариятшылары мойындаған біршама концептуалды сипаттамасын Л.Я. Гинзбург түзді. Аталған әдебиеттанушы ғалым «Лирикалық қаһарман» пайда болуы үшін қажетті шарты «биографиялық, психологиялық, сюжеттік тұрақты нышандарға» иелік етіп, «белгілі бір проблемалар төңірегінде» бағдар ұстанған әлдебір «авторлық сана бірлігінің» өз кезегінде «туындының әрі тұлғаты, әрі нышанаты» болып табылуы туындауы керек деп санайды (Гинзбург Л. О лирике. Л., 1974. С. 160-165.). Осындай сана Мақсаттың азаматтық лирикасында туған тілді жақтау мен жемқорлыққа қарсы жыр күрес арқылы танылады.

Лирикалық қаһарманмен қатар Мақсат ақынның белгілі бір туындысын немесе туындылар шоғырын арнаған адресаттары (алашы), яғни лирикалық персонаждары (қалалық-далалықтар) да аңғарылады. Шығармашылық уақыт пен кеңістік аясында бұндай әңгіме дүкен құруға ақын тарапынан орын алатын талпыныс не адамға, не зообейнеге, не ғаламзатқа арналуы да ықтимал. Махабеттің «Қызғыш құсқа» мұң шағуы, Әсет Найманбаевтың «Қарағашқа» зарлануы осының куәсін. Осы арзулану Мақсатта жаңаша поэтикалық тұрпатта жалқыланып емес, жалпыланған аңыста «Әйнексу.Балық.Қожайын», «Парта.Өмір.Пенделік» және «Қасқыр» өлеңдерінде ұшырасады.

Шыны ішінде мекендері жасанды,

Жасы жетпей экспонат атанды.

Азып кеткен алып киттің тұқымы,

Білесің бе акуладай атаңды.

Тұмаларды айырмайтын бұлақтан,

Крансуды ішіп көңіл жұбатқан.

Қожайында баласы еді даланың,

Ол да мұңылық өз ортасын жоғалтқан...

(Әйнексу.Балық.Қожайын)

Лирикалық персонаждардың прототиптері болуы да ықтимал. Жоғарыдағы мысалдарда осындай «Лирикалық персонаждар»: Исатай мен Демежан болып табылады. Осы лирикалық персонаждардың типологиясы биографиялық реалды және тарихи болып келеді. Мақсаттың да әйнексуда балық ұстаған, ұстазына «үлкен кісі» болған, «ана тілін білмеген қандастарын» іштей боқтаған өз «лирикалық персонаждары» бар.

Лирикалық персонаж образы – өздік сипаты мен эстетикалық тұрғыдан поэзиядағы ең күрделі құбылыс. Қазіргі әлем әдебиетінде ақындардың лирикалық туындыларын негізінен тақырыптық жақтан классифициялау орныққан. Біз осы тұрғыдан шартты түрде қазіргі қазақ поэзиясындағы: қоғамдық-саяси реңкі басымдарын – азаматтық лирика, ұлттық дүниетаным аясындағы шайырлық толғаныстарды – философиялық лирика, жеке бастық көңіл ауаны мен махаббат машақатын – интимдік лирика, табиғат аясындағы толғанысты – пейзаждық лирика деп бөлгенмізбен, бәрі бір лирикалық туындылардың көпшілігі көп тақырыпты болып келіп, махаббат, достық, азаматтық сезім сынды сан алуан мотивтерді қозғайды.

Осындай сан алуандық – Мақсат Әубәкіров шығармашылығының тіні.

Мақсаттың лирикалық өлеңдерінің жанрлық формасы не автор атынан, не ойдан шығарылған лирикалық кейіпкер атынан көрініс табады. Жанына жақын дүниені барынша ашып көрсету үшін ақын өз ақындық қолтаңбасына тән өлеңдер топтамасын өмірге әкеліп отыр. Біз солардың бәрін болмаса да кейбіріне қатысты әдебиеттанушылық ойымызды жария етіп отырмыз.

Е. Эткинд осы турасында «...өлең біздің өмір бойы бірге жүретін жол сергіміз, сондықтан, оның мазмұнын тауысып түгесе алмаймыз, себебі ол «кеңістіктегі (рухани-мәдени – Ә.Ә.Ә.) қара құрдым» болғандықтан түбіне ешкімде ешқашанда жете алмайды» деген уәжді ой айтады (Эткинд Е. Разговор о стихах. С. 7.).

Бізде өз кезегімізде қазақ әдеби процесінде өзіндік ақындық үрдісі, өзіндік авторлық сара жолы бар М.Әубәкіровтің поэтикалық туындыгерлігіне қатысты кейбір пікірімізді сөз танитын алаш баласының келесіне салып отырмыз.

Әбіл-Серік Әбілқасымұлы,

әдебиеттанушы-журналист


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар