Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Тұрсынхан Зәкенұлы: Жақсылықтың жаны қазақ деп тұр...

30.10.2018 4096

Тұрсынхан Зәкенұлы: Жақсылықтың жаны қазақ деп тұратын...

Тұрсынхан Зәкенұлы: Жақсылықтың жаны қазақ деп тұратын... - adebiportal.kz

Бүгінгі тәуелсіз қазақ әдебиетінің бір бұтағындай болған, Шынжаң қазақтарының әдебиеті. Шынжаңда туған, тегі Шынжаң өлкесінен саналатын қаламгерлер. Оның бір бөлімі ата мекенге ертерек оралса, соңғы буыны тәуелсіздіктен кейін келгендер. Тіпті тегі Шынжаңдық шет жұртқа кеткен қаламгерлерде бар. Түптеп келгенде, олардың барлығы да қайда, қалай өмір сүргеніне қарамастан жалпы қазақ әдебиетінің өкілдері саналады. Солардың бірі- Жақсылық Сәмитұлы. Жақсылық Сәмитұлын елге тәуелсіздік алған алғашқы жылдары оралған, бесеудің бірі. Сол бесеудің ішінде тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлыда бар еді. Ол кісі Жақсылықпен аға-бауырдай жақыннан сыйласып, сырласқан, қызметтес те болған. Тіпті, Алтайдан Үрімжіге, Үрімжіден Қазақстанға қалай көшкеніне куә болып, әр қуанышты сәтінде жанына жақын жүрген жазушылардың бірі. Сондықтан Жақаң туралы таңды таңға ұрып айтар естелітері көп... Біз Тұрсынхан ағамен аз-кем әңгімелескен едік.

- Тұрсынхан аға, Жақсылық Сәмитұлымен бұрыннан таныссыз ба?

- Жақаңмен 1986 жылы таныстым. Ол кезде «Атамекен» атты повестер жинағымен танылған. Өзі «Алтай аясы» журналына редактор болып тұрған кезі. Мен Алтайға бөлініп келдім, қайда барып, қайда жұмыс істерімді білмей қиналып жүргем. Ақыры Жақаңды іздеп, үйіне бардым. Кештеу тұрып, таңғы асын енді ішкелі жатыр екен. Шамасы шығармаларын түнде жазса керек. Мен өз бұйымтайымды айттым. «Сені жақсы білем, жазып жүрген жігітсің ғой», - деді. Сырттай біледі екен. Содан мені Алтай аймағының уәлиі Қадысқа ертіп барды. Қадыс уәли өтінішіме дәу қаламмен ««Алтай аясы» журналына жұмысқа қабылдансын» деп қол қойып берді. Оған дейін жұмыс іздеп, көп сандалып кеткен едім. Жақаңның арқасында бірден «Алтай аясы» журналына орналастым. Мен «Алтай аясы» журналының редакциясына төсек салып алдым, ол кезде адамдардың көбі жұмыста жата беретін. Редакцияның бір жағында жатақ, ал енді бір жағы шай ішіп, әңгіме айтатын құжырамыз сияқты еді. Әңгіме де, ұйқы да, жұмыс та сонда. Редакцияда күнде думан болып жататын. Ол кезде Алтайда жаны жайсаң, үлкен ағаларымыз болды. Жақсылық Сәмит, Абдылдабек Аққұштай, Қалибек Манап, Түркия Күркебай ағамыз, Сарқытжан Ахмади, Абденбай Бажайып, Бәйдік Дүйсебай қатарлы ағаларымыз барда Алтайдың берекесі кіріп, құты ұйып тұрғандай өзімізді еркін, бақытты, жайлы сезінетін едік. Сол кездегі Алтай Алтай еді. Мен үш-төрт ай жұмыс жасағаннан кейін, Үрімжіге қайтатын болдым. Сонда ағаларымыз «Сен Алтайды тастап қайда барасың?» деп ағалық өкпелерін айтып, мені Үрімжіге жіберуге қимады. Маған да Алтайды тастап кету қиын болды. Бірақ автономды аудандық байырғы шығармалар кеңсесі мені қайтып шақырды. Сол кеткеннен мол кеттім. Көз алдыман әлі күнге Алтайдың жапалақтап жауып тұратын қары мен өте бауырмал әрі мейірімге толы даласы кетпейді.

- «Алтай аясы» журналының 80 жылдары шыққан санына қарасаңыз, көне мұраларды үзбей жариялап, жаңғыруға бетбұрыс жасағанын бірден аңғарасыз. Бұл Қытайдағы қазақ қаламгерлерінің жаппай ұлттық рухты оятуға арнаған істері екені анық. Бірақ қытайлар мәдениет төңкерісінен кейін, бұндай кеңшілікті қазақтарға қалай қиды?

- 80 жылдары Қытайда рухани жаңғыру басталып кетті, себебі сол кездегі саясат солай болды. Ұлттардың мәдениетін, әдебиетін көтеруге ерекше көңіл бөлінді. Шынын айтуымыз керек, бұл реформа Дэн Саяупиннің ашық есік саясатының жолға қойылған кезі еді. Ұлттарға мейлінше еркіндік беріліп, ұлттық аудандардың аты қайтарылып, Шынжаңның Алтай, Тарбағатай, Іле аудандарында журналдар ашылды. Алтайда «Алтай аясы», Тарбағатайда «Тарбағатай» журналы, Іледе «Іле айдыны» мен «Іле жастары» журналдары шыға бастады. Орталықтан «Шұғыла», «Шалғын», «Ата мұра» қатарлы бірнеше журналдар да шықты. Аймақтарда шығатын журналдардың мәдени мұраға арналған айдарлары болды. Сол кезде «Алтай аясының» айдарларында, Арқалық батыр бастаған тарихи тұлғалармен қатар, мақал-мәтелдер, би-шешендер мен шешендік сөздерді де бере бастады. «Алтай аясы» журналының мазмұндық жақтан баюы мен дамуына Жақаңдар бір кісідей үлес қосты.

- «Шынжаңнан кеткен бесеу», бұл бестік туралы арғы беттегі қазақтар арасында айтылмаған аңыз-әңгіме қалмады. Бірі сіздерді отан сатқыны десе, енді бірі батыр атады. Сол бестікте барсыз ғой, ендігі аңыз сізден.

- Мен Үрімжіге барғаннан кейін 1988-1989 жылдары Пекинге оқуға кетіп қалдым. Оқуымды бітіріп, Үрімжіге қайта келгенімде Жақаң Алтайдан Үрімжідегі Шынжаң телевидениесінің көркем фильм аудармасының қазақша бөліміне басшы болып келіпті. Алғашында Үрімжіде салт сақталып тұрды. Сонда үлкен ағаларымыз Жақаңа үйлерінен тамақ тасып, кезек-кезек қонақ қып, балаша мәз болып жүрді. Көп ұзамай, Жақаң Алтайдан біржола көшіп келді. Ол кісі келгенде қалада үлкен той болды. Тойды Омарғазы Айтан жүргізді. Тойға Шынжаңдағы үш миллион қазақтың беткеұстар қаймақтары қатысты. Сонда Омарғазы ағаның «Ойпрым-ай, Үрімжіге Алтайдың бір бейсісінің ауылы көшіп келгендей болды ғой» дегені бар. Біз де Алтайдағы ауылымыз көшіп келгендей күнде сол үйде жүретін едік. Жақаң Үрімжіге келгеннен кейін телефильмдер мен кинофильмдердің аудармасын дамытты. Екеміз бірігіп «Шетел әдебиеті» деген үлкен оқулық аудардық. Сөйтіп жүргенде 1990 жылдары біз күткен тәуелсіздік жарияланды. Содан Үрімжідегі жастар жиналып, Қазақстанға кетудің қамын жасадық. Жақаң біздің бұл жоспарымызды естіп қойыпты. Бір күні бізді шақырып алып: «Сендер құпия кездесіп жүр екенсіңдер ғой, сол топқа мені неге тартпайсыңдар», - деді. Біз: «Ойбай, Жақа, сізден жасыратын түгіміз жоқ. Үш-төрт семья Қазақстанға кетейік дегенбіз», - дедік. Жақаң бірден: «Мені де өздеріңмен бірге алып кетіңдер, қалдырмаңдар», - деді. Сонымен Жақаңды арамызға қостық.

- Сонда Қазақстаға бірден кетіп қалдыңыздар ма?

- Жоқ, біз арамыздан Армиябек Сағындықұлын Қазақстанға жібердік. Қазақстандағы жазушылар одағының төрағасы Қалдарбек Нарманбаев ағамыз Армиябекті ертіп жүріп: «Көшіп келсе қабылдаймыз, баспаларға жұмысқа алып, баспанамен қамдаймыз», - деген. Содан кейін Сыртқы істер министрлігінің талаптарына сай жауапкершілікпен шақырту жіберді. Біз көшудің қамына кірістік. Бірақ Қытай елі Жақаңа паспорт бермей қойды. Жақаңның партияда болғандығынан ба, әлде, кезіндегі тарихына бола ма, не себепті екенін білмедік. Мен Жақаңның арызын Пекинге апарып, Ішкі істер министрлігіне кіргіздім. Біз күткен шешім шықпады. «Қазақстанға не үшін барасыңдар? Ол жаққа барғандар, қайта көшіп келіп жатыр», - деді. Онысы өтірік болатын. Ол кезде Қытайдан әлі ешкім Қазақстаға көшіп келмеген. Ақыры олар Жақсылық Сәмитұлына рұқсат берілмеуін өкіметтің шешімі емес жергілікті саясаттың шешімі деп түсіндірді. Бұған жауап бере алмайтындықтарын және оны Шынжаңдағы жергілікті билік шешетіндігін айтты. Шешілмей жатқандықтан, мен таныс іздедім. Шынжаң орталық халық радиостанциясының қазақ бөлімінде істейтін қытай жігітпен жақсы таныс едім. Өзі кезінде Алтайдан кеткен, қазақ тілін жақсы білетін. Соның министрлікте істейтін туыстары бар болғандықтан, мен оған өтінішімді айтып бардым. Бірақ олардың да қолынан келмеді. Премьерге хат жазу туралы ақыл-кеңестерін айтты. Министірлер кабинетінің жанындағы почтаға барып, сол кездегі премьер министр Ли Фың Зұңлиға өтініш жазатынымды айттым. Маған үлкен хат жазуға арналған ақ парақ берді. Сол параққа премьер Ли Фыңға өз арыз-шағымымды жазып, жолдадым. Сол хат қабылданған болуы керек, екі аптадан кейін Шынжаңның жергілікті билігі Жақаңа рұқсат берді. Содан 1993 жылы сәуірдің 8-і күні Қазақстанға кететін болып Үрімжідегі автовокзалға келдік. Бізді шығарып салуға жиналған жұрттың санында есеп болмады. Қайдан естіп алғандарын өзіміз де білмейміз. Үрімжідегі қазақ студенттері мен сонда тұратын қазақтар бірақ келіпті. Біреулер Жақаңа «Үйден дәм тата алмай кетіп едің» деп автобустың артына апарып тамағын, енді біреулер азын-аулақ болса да ақшаларын беріп жатты. Халықтың осындай ыстық ықыласынан артық не бар дейсіз?! Аңқылдаған көңілдерінен бауырмалдық пен шынайы қимастықтарын көріп, біз де толқып кеттік. Сондағы жиылған топтың көзінен сол елге біз де кетсек деген құштарлық оты мен Қазақстанға деген аңсарын анық аңғардық. Ол жерде ұрандатуға, насихат айтуға болмайтын еді. Үнсіз ғана бір-бірімізді түсініп, тілеулестік білдірдік. Біздің бұл кетуіміз халықты қатты толқытты. Автобусқа мінгенде біз қос қолымызды қапсыра ұстап, биік көтердік. Ондағымыз «Енді біз бірігуіміз керек!» дегеніміз еді. Автобус жүріп кетті, бәрі арт жақта қол бұлғап қалып бара жатты... Жолда келе жатырмыз. Көкейімізде қашан Қазақстанның топырағын басамыз деген бір ғана арман. Сәуірдің 9-ы күні таңертең Қазақстан-Қытай шекарасына жеттік. Жақаң автобустың арт жағында отырған, мен алдынғы жақтамын. Сонда Жақаң: «Сен шекарадан өте қалғанда маған дыбыстап ескерт», - деді. Шекарадағы көпірдің жартысы Қазақстандікі де, қалған жартысы Қытайдікі екен. Көпірдің жартысынан өткен кезде арт жаққа қарап, «Жақа!» деп айқай салдым (күлді). Автобус шайқалақтап әрең келеді. Жақаң орнынан атып тұрып, алға қарай ұмтылып, мені тас қып құшақтап алды. Шекарадан өтіп, бері қарай шыққан соң көңіліміз алып-ұшып, бәріміз қуандық. Бұл қуанышты автобустың ішінде тойладық. Жақаң балаша мәз (тағы да күлді). Содан түннің бір уағында Алматыдағы Сайрам автовокзалына келдік. Вокзалда бізді Жағыда Бабалық, Жәркен Бөдеш, Рымғазы Дәулетхан, Тұрсын Жұртбай, Несіпбек Айтұлы бастаған бір топ ақын-жазушылар күтіп тұр екен. Оған дейін Қабдеш Жұмаділ ағамыз да күтіп-күтіп, кеш болып кеткесін қайтып кетіпті. Олар біздің қайда түсетінімізді алдын ала дайындап қойыпты. Жақаңды Райымбек ауданындағы Меркіт ағасы романның авторы Сейітхан Әбілқасымның үйіне алып кетті. Бізді Несіпбек Айтұлының үлкен қара шаңырағына алып келді. Кең екен, далаға жүгімізді үйіп тастадық та, сол үйде отырып тойладық. Ішімізде Жағыда Бабалық ағамыз, Тұрсын Жұртбай бар. Ертесінде түске дейін демалып алған соң, үй іздедік. Содан уақытша отыратын үй таптық. Бір-екі күнен кейін «Жақаң не болып жатыр екен?» деп Сейітхан ағаның үйіне бардық. Сейітхан аға ағынан жарылатын ақжарқын адам екен. «Елден келген бауырларым» деп бізді құшақтап, еңкілдеп жылап алды. Ол кісі туралы бұрын көп нәрсе білмейтін едік. Елім дейтін азаматтардың бірегейі екен. Бостандық, еркіндік үшін өзіне ізгілікті мұрат тұтқан адам. «Байлық деген осы. Қазақстаным тәуелсіздік алды, осы күнді көргеніме шүкір», - деп отырды. Сейітхан ағамыз 1960 жылдардың соңында Қытайдағы мәдениет төңкерісі кезінде зардап шеккен кісі. Кезінде Алтайды шулатқан атақты ақын Қызырбек Ораловтың қасында ағасындай бірге жүрген досы осы кісі екен. Сол Оралов екеуі Шынжаңнан қашып бара жатқанда қолға түседі. Сол жолы Оралов атылды. Бұл кісі Моңғолияға қашып өтіп, сол жақта жаңа өмір бастаған. Одан кейін Қазақстан тәуелсізік алған кезде көшіп келіпті. Өмірі үшке бөлінген адам. Бір жартысы Қытайда, енді бір жартысы Моңғоляда, соңғы өмірін Қазақстанда сүрді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қиын болды. Соған қарамастан Қазақстанға Сейітхан ағадай нағыз ұлтшылдар мен бостандықты аңсаған қазақтар бірінші жетті.

- Елге оралғанан кейін Жақаңмен жиі араласып тұрдыңыз ба?

- Мен профессор, археолог, тарихшы Әлпеш Төлеуғалиевтың дачасына барып түстім. Жақаңды Германиядағы «Азаттық» радиосының қазақ бөлімінің бастығы Қасан Оралтай ағамыз іздеп келіп, өзінің Алматыдағы Жұлдыз деген шағын ауданындағы екі бөлмелі үйіне көшіріп алды. Анда-санда Жақаң біздің үйге келеді. Екеуміз есік алдындағы бақшаны жөндейміз. Өзіміз еккен көкеністерімізді қуырамыз да, туған жерден әкелген шарабымызды ішеміз. Мына жақтан Ғалым келеді, ана жақтан Армиябек келеді, бір жақтан Алмас Ахметбек келеді. Сөйтіп, арқы-жарқа болатын едік.

- Қиналған сәттер болды ма?

- Жақаңның бізбен бірге қатар жүріп тартқан қиындықтарын көргенде қабырғаң қайысып кететін. Үрімжіде үйінде күзеті, жұмысқа апарып, әкелетін жеке жүргізушісі, арнайы хатшысы да болды. Бір сөзбен айтқанда халықтың да, биліктің де алақанындағы адам еді. Бірақ сондай адам бізбен қатар жүріп, қарабайыр, елеусіздеу өмір сүрді. Ол кісінің кім екенінен, қандай шығармалар жазғанынан мына қоғам бейхабар еді. Мұның бәрі оған ауыр болды, бірақ соның бәрін түсінетін. Өйткені, өзі осы жолды таңдап алды. Оның жаны қазақ деп тұратын жазушы. Толыққанды тәуелсіздіктің болмайтынын, қоғамның басқа түске ауысатынын бәрін де сезген. Біз кеткелі жатқанда Әбділдабек Аққыштай ағамызға қош айтысуға үйіне бардық, сонда Әбділдабек: «Бара жатқандарың өте дұрыс. Елге бара жатырсыңдар. Бірақ қазақтың толық тәуелсіздік алуына әлі талай уақыт бар», - деді. Мына сөзінен кейін біріміз ойланып, енді біріміз шамданып қалдық. Былай шыққаннан кейін: «Ол кісі неге тәуелсіздікті төмендетіп сөйлеп тұр? Біз ұмтылып, алып-ұшып бара жатқан тәуелсіздік қой бұл?» - деп Жақаңа қарадық. Сонда Жақаң: «Ол басынан талай тағдырды кешкен адам, бірдеңені біліп отыр. Оның ойлағанын мен де ойлап отырмын», - деді. Ескі мен жаңаның, ақ пен қараның ажырауы үшін ұзақ уақыт керек екенін ұзақтан болжап, сезген адам. Сондықтан «Қаһарлы Алтай» трилогиясын тісін-тісіне басып жүріп, төзімділікпен жазып шықты. Ол кісі шығармаларын қайта-қайта өңдейтін. Бір күні маған телефон соғып: «Бәленбай жеріне келдім, енді өңдеп жатырмын», - деді, содан мен тұрып: «Жақа, оны қайта-қайта өңдей беріп қайтесіз? Бір күні сол шығармаңыз бітпей қалып жүрмесін, жазып тастаңыз», - дедім. «Әй, сен дұрыс нәрсе айттың, осыған үлгермей қалып жүрмейін», - деді, сөйтіп романды тез жазуға тырысты. Мен сол сөзді қалай айтқанымды білмеймін. Бірақ бәріміз де сол романның жазылып бітуіне тілеулес едік. Өйткені, осы шығармасы үшін туған жерін де, атақ-даңқын да, мансабын да тастап кеткен адам ғой. Шығарма жазылып қалды. Бұл шығарманың бағасы келешекте беріледі, енді оны орыс, ағылшын, түрік тілдеріне сауатты әрі дұрыс аудару керек. Сонда Жақаңның кім екенін дүние жүзіндегі бүкіл оқырман білетін болады. Оның «Қаhарлы Алтай» романы 20 ғасырдың 40 жылдарындағы Қытай қазақтарының басынан кешкен оқиғаларына арналған. Қазан төңкерісі кезіндегі бүкіл Дон бойындағы халықтың тағдыры туралы Михаил Шолохов жазған «Тынық дон» роман-эпопеясын оқырман ретінде қалай жоғары бағалайтын болсақ, Жақсылықтың «Қаhарлы Алтайы» трилогиясы одан артық болмаса кем емес. Сосын Жақаң жай ғана жазушы емес, ұлтын сүйген, өте патриот жазушы. Ол өзі өмір сүріп отырған қоғамға деген наразылығын ашық білдіре бермейтін. Оны тек көркем сөздермен, әдеби тәсілдермен жіңішкелеп жеткізуге тырысатын. Өзінің азаматтық, ұлттық ойларын ақ жауындай білдірмей өткізіп жіберетін. Ол – жазушылықтың осындай шебер үлгісін көрсете алған жазушы. Өйткені, қытай, орыс классиктерімен қатар, әлем әдебиетін де көп оқыған, тіпті, араб әлеміне де көп үңілген жазушы. Біз Жақаңмен қатар жүргендіктен, қадір-қасиетін білмедік. Жақсылық Сәмитұлын Қытайдағы қазақ әдебиеті жөнінен айтсақ та, қазіргі тұтас қазақ әдебиетінен айтсақ та ұлы тұлға, керемет жазушы деп бағалауға болады. Өзінің саналы ғұмырын жазушылыққа арнаған, көркем сөз зергері.

40 жылдардың тарихы мен аңызы туралы жазғандар көп, бәрі де өз шамасынша жазды. Бірақ сол романдардың көбісі жекелеген тұлғаларға құрылған, рулық, туыстық деңгейде ғана жазылды. Ал ол кезеңді Жақсылықтай жүйелеп, нақтылап жазған ешкім жоқ. Сондықтан «Қаhарлы Алтай» романы тарихтың бір кезеңі туралы кең суреттелген, көркем шежіре.

Жақаң – ұлтшыл, нағыз патриот адам, жаны қазақ деп тұратын жазушы, тәуелсіздікті жанымен аңсаған адамның бірі. Ол – толыққанды тәуелсіздіктің болмайтынын, қоғамның басқа түске ауысатынының бәрін сезген көреген.

- Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары оңай болмайтынын біле тұра кеттіңіздер, сондағы басты мақсаттарыңыз қандай еді?

- Біз Қазақстанға кететін кезде қайтып күн көреміз, қалай жан бағамыз дегенді ойлаған жоқпыз. Бірақ ол жаққа барып қой бақсақ та, жерден кепе қазып алып тұрсақ та разымыз, ең бастысы, Отанымызға жетсек дедік. Біз Қытай өкіметінің берген жайлы үйіне де, айлығымызға да, болашақтағы мансабымызға да қараған жоқпыз. Бізде өсем, бастық болам деген ой, тіпті, болған жоқ. Тек Отанға жету еді. Одан басқа артымызға қарайлайтындай уайымымыз жоқ. Өзіміздің осы іс-әрекетіміз арқылы арттағыларға үнсіз үндеу тастауға тырыстық. Енді Шынжаңға жалтақтайтын ештеңе қалған жоқ, біздің Отан – Қазақстан!

Сұхбаттасқан: Айжамал Көпеева


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар