Алтыншы тарау. ШЫҒЫС: КІМНЕН, НЕДЕН?
Құнанбай: «Кімнен қаупің болса – қатер содан», – деген. «Неден қашсаң – пәле содан».
Кейіпкер – жазушының өзі. «Соғыс және бейбітшілікте» – Толстой, «Мартин Иденде» – Дж.Лондон, «Мұхиттағы аралда» – Хемингуэй, «Абай жолында» – Мұхтар Әуезов өз өлімін суреттеген.
Мысалы, Толстой мазасыз өлімнен қашып, тыныш ант мезгілін іздеп, ақыры поезда жан тапсырды.
Мопассан махаббатың құрбаны болуға құштар кейіпкерлері сияқты, өзі де албаты жүрістің салдарынан өлімге іліккенін өзі білмей қалды.
А.Франстың «Өлігі» («Труп») өзінің өліміндегідей суреттелген.
Бальзак жан тәсілім беріп бара жатып өзінің не сезгенін, көз алдына не елестегенін айтып үлгерген.
Пушкиннің соңғы сөзі: «Қош болыңдар, достарым!» – деп кітаптарымен бақұлдасқан.
Мұхтар Әуезов үшінші рет «пышаққа түсуден» қашып жүріп, жеңіл ұшықтаумен құтыламын деп жүріп, операция столында қаза тапты.
Жетінші тару. КӨМЕКТЕС: КІММЕН, НЕМЕН?
Енді осыншама жүйкені шүйкелеген шығарманы жазуға суреткерді мәжбүр еткен қандай тылсым күш, соған көшейік.
Егерде жоғарыда біз желөкпелете баяндаған «іліктесіп», «түрткілесіп» қалғаннан туынды туа берсе, біздің өзіміз неге осы «Бейнет сусынының» жазылуын отыз жеті жыл бойы күттік? Демек, мұны жазуға қандай мұқтаждық, қандай мүдде итермеледі.
Мұқтаждық деп қалдық па?
Иә, дәп соның өзі. Қаржылай мұқтаждық, рухани мұқтаждық дейсіз бе, бәрібір, әйтеуір бір мұқтаждықтың жазуға түрткі болғаны анық. Қағазға түскен өнер туындыларының бәрін тудыруға мәжбүр еткен осы мұқтаждық. Бұған имандай сеніңіз. Елім үшін, жерім үшін, ұлт мүддесі үшін, парызымды өте үшін – дегеннің біріне сенбеңіз. Оның барлығы өзінің бағасын арттыру немесе қандай да бір салмақты іспен айналысатынын бұлдап қалу.
Шынайы суреткер: «Кірлеген жүрек өзі үшін, Тұра алмас әсте жуынбай», – деп Абай айтқандай, тамағына тығылып тұрған өксікті басу үшін шерін тарқата жазуға мәжбүр және әр суреткер сол сәтке құштар. Онсыз құмығып, тұншығып өмір сүруі, тіпті өліп кетуі де мүмкін.
Ал әлгі «іліктер» мен «түрткілер» онсызда шыңыраудан булығып шығайын деп тұрған бастаудың көзін түртіп қалғанмен бірдей кездейсоқтық. Мұндай шешуші сәтке, «шабыттың ғарасат майданына» нағыз суреткер кез-келген сәтте дайын тұруы тиіс.
Өйткені оның ту сыртынан әлгі мұқтаждық желкелеп тұрады. Егер қаражат мұқтаждығы болмаса, Қадыр Мырзалиев «Дала дидары», «Ой орманы», «Бұлбұл бағы», «Ақ отаудан» кейін ештеңе де жазбас еді. Оның атын мәңгілік өлтірмейтін де осы жинақтары. Олардың қаламақысы бір рет жарылқап тастағанымен, қамсыз өмір сүруге жетпейтін. Еріксіз «Алақанын» ысқылап, «Домыбырасын» шертіп, «Қорамсаққа» қол салды.
Сондықтан да бағзы заманның озаны Петроний: «Не знаю, почему получаются, что сестрой таланта оказывается нужда» – «Таланттың қарындасы неге мұқтаждық болуы тиісті, соны түсінбеймін» – депті.
Әдебиетке «ой ағысы мен кісіркенуді» әкелген атышулы Альбер Камю: «Бедность делает человека одиноким. Но одиночества это всему придает цену»; «Урок любви и бедности...» – «Кедейшілік адамды жалғыздыққа душар етеді», сондықтан да адамды жазуға итермелейтін «Махаббат пен мұқтаждықтың тәлімі» – депті.
Жоқшылық, тапшылық, ақша мұқтаждығы «желкелеп қалам алдырған» жалғыз Камю емес. Оның алдыңғы толқын ағалары Оноре де Бальзак та, Александр Дюма да, Вальтер Скотт та, Александар Пушкин де, Федор Достоевский де, Джек Лондон да, Жорж Сименон да, Александр Куприн де, Лу Шың да, Акутагава Рюнеску де, Мұқағали Мақатаев та тек қана қаламақымен күн көрген. Тапқаны тапқанына жетпей, келесі кітаптың қаламақысын несиеге алып, сол қарыздан құтыламын деп, күні-түні жазудан бас көтермеген. Александар Пушкин, Джек Лондон, Александр Куприн, Максим Горький, Ғабдол Сыланов, Мұқағали Мақатаев несиеге өмір сүруден әбден мезі болған. Бальзак пен Скотт тепеңдей-тепеңдей жүйкесін тоздырып, ақыры зорығып өлген.
Федор Достоевский қояншығы ұстап қалғаннан соң екі-үш күн қалам ұстауға дәрмені жетпеген. Дертіне емес, баспа мен редакцияның межелеп берген көлеміне алаңдап, қолжазбаны тапсырудың мерзімін бір аптаға ұзартуды өтініп жазған хатын оқысаң, аза бойың қаза болады. Күн көрісің қалам ұшына қарап тұрған соң басқа амал қайсы. Сол әредікте Раскольниковтың кемпірді өлтіруге көтеріліп бара жатқандағы баспалдақтың саны нақты қанша екенін білу үшін ескі ғимаратқа барып, санап үлгерген.
Пушкиннің «Қарыз дәптерінің» іші толған берешек пен алашақ иелерінің аттары, тиын-тебеннің есебі екен. Мұндайда шабытты күтіп шалқуға мұрша жоқ сияқты. Алайда олар барлық қорлыққа көнген, тек «көңіл хошы» келмесе, келмеске жіберемін десең де, қолына қалам ұстамаған. Өйткені, олар сөздің киесі ататынын білген. Сескенген әрі сыйлаған.
Ал жазуды рухани қажеттілік деп санаған, қаражатқа ешқандай мұқтаждығы жоқ Гете, Толстой, Стендаль, Флобер, Тургенев, Федин, Симонов, Абай, Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов сияқты ірі суреткерлердің жанкешті жанталасы «мұқтаждардан» кем түспеген. Бұлардың дені қаражат мәселесін мұрагер ретінде немесе қоғамдағы әлеуметтік орыны арқылы шешіп алған (Мысалы, Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов үшеуін академикке төленетін айлық толық қамтамасыз етті). Сонда да үшеуі қаламақының қадірін ерекше бағалаған.
Демек, оларды азап әлеміне құлшындырған мұқтаждық – рухани мұқтаждық, дүниеге көзқарас. Гетенің «Фаусты», Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігі» мен «Анна Каренинасы», Ролланның «Жан Кристофы», Әуезовтің «Абай жолы», Мүсіреповтің «Ұлпаны» сондай рухан мұқтаждық тудырған, көркем талдауға құрылған туындылар.
Не қаражат, не рухани мұқтаждық қыспаған шығарманың шығардағы жаны басқа.
Кінә кімде? Рухани мұқтаждықты тоқмейілсумен айырбастап алған тоғышар жазармандардың өзінде. Оларды В.Ключевский: «Публичные девки публицистики» – «Қызыл сөздің қылымсыған қырттары» – депті.
Дұрыс. Өйткені, олар суреттеген – «ағаш адамдардан мейірім іздегеннен гөрі, жағып жіберген оңай» – «Деревянные души – их легче сжечь, чем согреть».
Содан кейін барып араға әдеби тәсіл мен әдіс деген жеңгетай жүреді.
Қазіргі бизнес тілінде «Помогайка» дейді.
В.Ключевскийдің дәл тауып айтқанындай: «Әдебиет тарихы арманнан, идеядан және көңіл-күйден тұрады».
«Абай» романы осы үш ілхамның рухани көркем энциклопедиясы
Арман орындалды. Идея жүзеге асты. Көңіл-күй орнықты. Енді не істейді. Қимасына айналған кейіпкерлерімен қоштасау оңай ма, әрине, жылайды.
«Страшно плакал, когда описывал последние страницы Толстовского бегства, потому что он был такой знаменитый, что ему некуда было бежать» (В.Ключевский).
Ендеше, жүйкені шүйкелейтін қарабайыр да қазымыр шындықты қазбалай бермей, сөз, сөйлем, абзац, жоспар, идея, туралы ойды осы арадан үзіп тастап, оның тағдыры туралы толғауға көшкен лазым шығар.
Міне, осыншама азаппен жазылып біткен туындының тағдыры қызық пен қатерге толы болады. Бір қолжазбаның, туа сала «шаһзада» деп жарияланған тума сияқты жолы болып, қолдан-қолға тимей құрмет көріп, кәрі сүйегі қурағанша алғаудың астында қалады.
Екінші біреуі, дүниеге талантты төлдің келгені мәлім болса да, өмір-өзеннің ағынымен баяу қалқып барып мәңгілік теңізіне құяды.
Үшінші бір қолжазба, туа сала ескерусіз қалып, сандықтың, кітапхана мен архив сөресінің, тіпті қоқыстың ішіне тасталып, ғайыптың күшімен күндердің күнінде көзге түсіп, атақ-даңқ жөнінен әлгі шаранасы кеппей жатып «бақытқа бөленген» шығармаларды да көлеңкесінде қалдырады.
Ал адам боп кетеді деп әлпештеумен есейген шала шығармалар мен әлжуаз дүниелер суға бір батып, бір шыққан жаңқа сияқты алмағайып өмір сүреді.
Әдетте, мұндай туындыларды тақырыбының «жетектейтіні» бар. Заман ауысқан тұста, көзқарастар өзгерген кезеңде, белгілі бір қоғамдық сілкініс орын алғанда, тарихи не ғұмырбаяндық шығарма болса, басты кейіпкерінің әлде бір мүшел жасқа толғанында қалыс қалмай, тақырып атты «қолдаушысының» арқасында қылаң беріп қалатыны бар.
Мұны «кітап тағдыры» дейді.
Мысалы, Гете: «Завершив работу (1825-1831, «Фауст», 2 отд.) над рукописью, поэт положил ее в большой конверт, запечатал и завешал опубликовать лишь после его смерти. 22 марта 1832 г. Гете скончался. Несколько месяц спустя появился «Фауст».
Редьярд Киплинг атақты «Recessional» атты өлеңінің қолжазбасын себетке (корзинаға) тастай салған. Оны ақынның Сара Нортан деген танысы тауып алып, Киплингтің өзінен жариялауға рұқсат сұраған. Сөйтіп, көлденең көздің арқасында бір туынды өмірін жалғастырған.
Вергилий – «Энейдіні», Мицкевич – «Пан Тадеушті», Кафка – барлық мұрасын өртеуді өсиет еткен. Кафканың досы Макс Брод оған қарсы болып, аман сақтап қалған. Үшеуінің де жазғандарына көңілі толмады ма, әлде бір жеке кілтипаны болды ма, кім білсін.
Қалай дегенмен де, алдыңғысы соңына – 2000 жылға, екіншісі 200 жылға созылған даңқ қалдырды. Ал көзі тірісінде жөндемі бір туындысы жарық көрмеген Франц Кафка ХХ ғасырдағы ең атышулы жазушылардың алдыңғы қатарынан орын алды.
Стендальдің «О любвиінің» екі данасын ғана оқырман сатып алған. Ал қазір ол туралы монография жазылды.
Рембо 19 жасында 1-ақ кітап шығарып, новатор-классик атанды. Бірақ «бейнет сусынын» қанып ішпеген ол, мәңгілік өмірге де, өнерге де риза болмай өтті.
Ал кітаптары он миллиондаған данамен тараған қазіргі жазарман Дэни Браунның көмекшілерінің өзінің саны бір түменнен асқан.
Бұл – жеке әңгіме, арнасы басқа талдауды қажет етеді. Біз, жазушының бағы мен сорын ашатын «(Krinein) – судить, – критика – сын», «тайны ремесла – талант жұмбағы», «от первый до последней темы – сөзден – соңғы сөйлемге дейін», «скрытый союзник – қойын дәптер», «письмо-предатель – сатқын сөз, яғни, «өлең шіркін өсекші» (Абай), танылу, мойындалу (призвание) сияқты сыртқы факторларды сырт тастап, осы «бейнет сусынына» шөлі қанбаса да шырынын сорған зейнет иелерінің жүйкесін шүйкелеген шығармашылық бейнетін баяндауға көшеміз. (Жалғасы бар)
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.