ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бастап Қытайдағы әдеби тіршілік күтпеген жерден жандана бастады. Әдебиет қоғамдық «қызу нүктеге» айналып, жазушылардың жұмысы сансыз оқырмандар армиясының үлкен назарын аудартты. Енді ғана жазуды бастаған кез-келген жас автор оқырманға ой саларлық қоғамдық мәселені өз шығармасында тілге тиек етсе, «құрметті жазушы» деуге тұрарлық «сол күннің қаһарманына» айналып шыға келді. 80- жылдарға дейін қытай жазушылары «жабық есік саясаты» қоғамында өмір сүріп, батыс әдебиетінің жетістіктерінен хабардар бола алмағаны белгілі. Алайда, кейінгі «ашық саясат» реформасы арқылы Қытайда шетел әдебиеті үшін есіктер айқара ашыла бастады. Батыста баяғыдан танымал Джойс, Камю, Сартр, Хемингуэй, Кафка, Маркес, Кундерра, Томас Манн, Ромен Роллан, Беккет, Андре Жид, Роб-Грийе т.б. жазушылардың шығармаларының аудармалары жарияланып, олар қытай авторларының ерекше қызығушылығын оятып, терең әсерде қалдырды. Тұтастай онжылдық ағымында (80-90 жылдары) Қытай жазушылары қаптап кеткен шетел әдебиетіне құмартып, алғашында санасып, ақыр аяғында өздері батыс авторларына еліктеп жазып жатқанын сезбей қалды. Дәл сол уақытта қытай әдебиеті өздеріне тағылған «саясат қолшоқпарлары» деген таңбаны өзінен жұлып тастап, белгілі бір түрде ішкі және шығармашылық еркіндікті іздеп тапты.
Қытайдағы көркемөнерді түбегейлі өзгертуді талап еткендердің, яки өздері туралы 1985- жылдары жаңғырық тудырып, гүлденуі 1987-1988- жылдары болған әдеби ағымның алғашқы тобының пайда болуы да шетел әдебиетімен тікелей байланысты. Ағымның негізін балалық және жастық шағы «мәдениет төңкерісі» кезеңіне, ал алғашқы шығармашылық қадамдары батыс әдебиетіне аса бір қызығушылық дәуіріне тап келген жас жазушылар құрады. Көркемөнерді түбегейлі өзгертуді талап еткен жазушылардың атақтыларының бірі Мо Янь (шын аты Гуан Мое) еді. Заманауи қытай авторларының саусақпен санарлығы ғана өз туындыларының Мо Янь секілді өз Отанында ғана емес, шет елдерде де танымалдылыққа ие екендігімен мақтануы мүмкін.
Десе де, Мо Янь шығармашылық жолының алғашқы жылдарында, өз туындыларына жоғары ықпал еткен Уильям Фолкнер мен Габриэль Гарсиа Маркеске соқтықпағанда, мұндай табысқа қол жеткізуі мүмкін емес те еді. Сыншылар ғана емес автордың өзі де Гоголь, Свифт, Рабле, Борхес, Патрик Уайт секілді әлем әдебиеті классиктерінің өз шығармашылығына тигізген ықпалы жиі айтады. Алайда, Мо Янь автобиографиялық эсселері мен сұхбаттарында аталмыш екі жазушының есімін қалдырмай үнемі айтып отырды. Оқырманға көлденең тартып отырған осынау дүниемізде дәл сол Фолкнердің Мо Янь шығармаларына қатысы туралы толығырақ айтпақпыз.
Қытайдың Шаньдун аймағына қарасты Гаоми өңіріндегі қыстақтың сабан шатырлы лашығында дүниеге келген Мо Янды туып-өскен ортасы тіптен бөлек Миссисипи штатындағы ағылшын егістік иелерінің ұрпағы Уильям Фолкнермен салыстыру қызығушылық тудырмай қоймайды. Дейтұрғанмен, өнер дейтініміздің өзі – осы. Адамзаттың шығармашылық аңдауы мен ішкі әлемінің түсінігі мекен мен уақыттың бірлігін қажет етпейді. Адамдардың сезімдерінің ең жоғарғы қабатқа жетуі нәсілдердің мәдениеті мен өнерінің өзара алмасуына әкеледі. Өнер – сөзсіз, адамның туындысы. Мейлі, ол қытай әдебиеті, мейлі, батыс әдебиетінде болса да, адам жасаған көркем бейнелер қашан да шын өмірдің тура және жанама суреттері.
Мо Янь мен Уильям Фолкнердің шығармашылық жолдарында ұқсас тұстар көп. Сонымен қатар, бұл жазушылардың шығармашылығын ерте кезең (ізденіс кезеңі) және әдеби көзқарас кезеңі деп екіге бөлуге болады. Тіпті, Мо Янның ерте кезең шығармашылығы бұлдыр, анық емес. Автордың ертеректегі жазбаларынан өзін іздеуі, өзіндік жазу мәнері мен әдеби тілін іздеуі, кейінгі жазушылық шеберлікке алып шығатын бағытын іздеуі байқалады. Мо Янь өткен ғасырдың 70-жылдары, яғни «таңбалар әдебиеті» қытай әдебиетінің алға сүйреуші күші болып тұрған шақта жазуды бастады. «Қоғамдық-саяси тақырыптарды батыл қозғайтын, шын сезімдерді батыл төгетін, қытай халқының өмірінің тұманды жақтарын батыл ашатын» бұл қозғаушы күш қытай әдебиетіне әдеттен тыс, оның үстіне тыйым салынған «мәдениет төңкерісі» кезеңінде келді, бірақ сонда да әдебиеттің мақсаты дәстүрлі шындық тұрғысындағы тәсілдер арқылы партия мен халықты мадақтау болып қала берді. Мо Янға да сол қабылданған үлгіден арылуға мүмкіндік болмады. Алғашқы кездегі «Көктемнің түнгі нөсері»(1981 ж.), «Мақталы жол» (1983 ж.), «Халық әуені»(1983 ж.) шығармаларында Мо Янь үйреншікті идеологияға, «адамдарды істеріне қарап бағалайды» деген дәстүрлі түсінікке келуге тырысады және адамның сұлулығы мен оның ішкі сезімдерін жырлайды.
Осы жылдардағы Фолкнердің «Әскери марапат» (Soldiers' Рау, 1926) және «Масалар» (Mosquitoes, 1927) романдары сондай шынайы, онда бірінші дүниежүзілік соғыс пен «джаз дәуірінен» өткен буынның психологиялық кескіні бейнеленеді. Бірақ Фолкнердің бұл романдары бар-жоғы сол уақыттағы өзекті мәселелерге үстіртін әрі шұғыл берген жауабы ғана. Ол өнердегі өзінің тақырыбын таппай жатып, шығармашылыққа тән еместігі және тақырып жиілігі уақыттың көркем атмосферасының артықшылығымен тұтасып кетті. Осыдан қарыздық сипаттар, ойдан шығарылған құштарлықтар, жазу мәнері пайда болды. Романдарда өзге ықпалдарға еліктеуге әсер ететін, образдар салып, оған тірі жан беретін әрі таңғаларлық ете алатын суреткердің берік қолы сезіледі.
Мо Янь өзінің қаншама жарияланымдарының барлығында да Фолкнер шығармашылығындағы «Шу мен ашу» (1929) романы және оның ықпалы хақында айтпай кеткен емес. Қытай жазушысы автордың бұл романын алғаш қолына 1984 жылы алған, содан бері Фолкнер Мо Янь үшін сүйікті жазушы, ал оның өмірі – даңқты үлгі. Мо Янь Фолкнермен рухани туысқандасып, оның қадамдарына таңғалып, оған еліктеп барлығын бағындыруға талпынды. Бірақ Фолкнерге еліктеу аса қиынға соқты, Мо Янь өзінің «Фолкнер ағай, қалай тұрып жатырсыз?» атты эссесінде «Маған Фолкнер, жазушы батыл өтірік айтуы керек, аз ғана ұят қосып айту керек, автор жәй ғана роман жазып шықпау қажет, сонымен қатар өзінің жеке өмірбаянын да жазуы керек» деп айтқан. Оның үстіне ол мені «жазушы бай қалалардан қашу керек, өзі туған мекенінде тұрақтау қажет» деу арқылы, ағаш секілді тамырын сонда жаю керектігін үйретті. Мен оның өсиетін бұлжытпай ұстанғым келді, алайда менің туған жерімде электр жарығына деген үлкен мәселе бар, қыста жылу жоқ; мен осындай ауыртпашылықтар мен қиындықтардан қорықтым әрі ол жаққа әлі ат ізін салмадым» дейді.
Өзінің жазушылық қызметінің алғашқы бастауында Фолкнер туған жерінің кіп-кішкентай ғана пошталық маркасы да көркем шығарма жазуға тұратынын, ол туралы жазу үшін бір ғұмырды түгесу де аздық ететіндігін түсінді. Соның арқасында ол адамдардың жанын, өзінің жеке әлемін аша алды. Америкалық жазушының ойынан шығарылған Иокнапатофа аймағы (орталығы Джефферсон қаласы) Мо Янның жеке әдеби патшалығын (Гаоми уезін(үйезін) құруына шабыттандырды. Мо Янның өз айтуында ол Фолкнерді оқу арқылы «жердің белгілі бір айқын нүктесінде тұрып, «ғарыштық әуеннің» кешіне билет алу керегін» түсіндім дейді. Шыннан кем емес, ойдан шығарылған уезде Мо Янь өзінің әдеби жұмысына оқиғалар мен адамдарды орналастыра бастады. «Жазушы тек қана кейіпкерлерді, оқиғаларды ғана ойдан шығармау қажет, географияны да қолдан жасау қажет» деді Мо Янь тебіреніп тұрып.
Өзінің ерте кездегі сыни мақалаларында Фолкнер, өнердің «айрықша жат жерлік, яғни ол тікелей нақты ғасырдың, не нақты жерден өзінің тамырын тартатынын» айтқан, әрі америкалық болмыс «драмалық шикізаттардың сарқылмайтын қорынан» тұратынын баяндаған болатын. Ол өз шығармаларында өзінің жақсы білген дүниелері туралы ғана жазды, яки туған, өмірінің үлкен бөлігі сонда өткен туған жері туралы. Фолкнер секілді Мо Янь да көркем қиялын «Қызыл гаолян» (1986), «Сандал ағашының азаптары» (2001), «Сарымсақ жыры» (1988), «41 бомба» (2003) және «Шарап елі» (1990) секілді романдарына айналдырып отырды. Қызыл гаолян, диқанды дала, бөгетті өзен, Гаомидің жабайы жуасы, бәрі-бәрі оған бала кезінен соншалықты таныс.
Мо Янь өзінің кішкене Отанына шексіз риза, ол үшін жаны мен жүрегін береді, бұған «Қызыл гаолянның» беташар сөзі дәлел: «Мен кеудемнен соя сіңген жүрегімді жұлып алып, ұсақ кесектерге турап, оны ыдысқа жайып қойып, гаолян даласына көтеріп шығамын. Жер бауырлап жатып: «Сіздерге саулық тілеймін! Саулық тілеймін!» деп тіл қатамын».
Ол Гаомиді түрлі оқиғалар мен іс-әрекеттерге, кәріқұлақтар мен көнекөздерден естіген ғажайып аңыздарға толтырады. Ол жазатын жабайы рулық қауымдар мен орындар, ерекше эстетикалық, поэтикалық құндылықтарымен ерекшеленіп тұрады. «Мен, туған жерімде ауыздан-ауызға жетіп отырған көп әңгімелер естідім. Егіндікті өңдеп жүрген шаруалар дем алатын уақыттары болып, тастарға жайғаса-жайғаса кетіп әртүрлі әңгімелерді айта бастайтын. Біреуі 1937 жылы дәл сол жерде жапон солдаты ауыл тұрғынын өлтіргенін немесе керісінше өткенін, әрі оқ өзі арқылы, асқазанға үлкен саңылаулы тесік қалдырып өткенін айтуы мүмкін. Келесі күні басқа шал оны басқаша баяндауы мүмкін, т.с.с. Әр айтылғанында, бұл оқиғаға жаңа бір нәрсе қосылып отырады. Неғұрлым көп айтылған сайын, соғұрлым құнды бола түседі, әрі кейіпкер бейнелері жарқырай береді. Бірте-бірте бұл оқиға мифке айналады». Аңыздың осындай ауызша әрі бай формасынан қытайдың «магиялық реализмі» пайда болды. «Магиялық реализмнің» отаны - Латын Америкасы, осы бағыттың көрнекті өкілі - Габриэль Гарсиа Маркес екені бәріңізге белгілі. Мо Янь Фолкнерді ұстазым әрі шабыттандырушым деп айтудан жалықпайтыны секілді, Маркес жайлы да көп айтады.
Егер Фолкнер үшін әкелердің күнәлары олардың ұрпақтарының тағдырына байланысты болса, ал Мо Янь үшін ата-бабалардың жабайы сексуалдық ойыны, бұл – кейінгі ұрпақтың мақтаныш көзі. Жазушы бабалар алдында тізесін бүгеді, өткен ұрпақтың заманауи ұрпақтан басымдылығы туралы сезінуі «Қызыл гаолян» романында жарқын бейнеленеді: «Солтүстік-шығыс Гаоми әлемдегі ең қасиетті әрі жемқорлығы асқан, әрі батырлығы тасқан, әрі ұятын ашқан, шектен тыс ішетін һәм шектен тыс сүйетін жер екендігін ойлап көрмеппін. Сонда тұрған менің әкемнің ұрпақтары, ұнатпаса да гаолян жейтін, сонда да оны барлық жерге көптеп отырғызатын. Кейінірек күзде, сегізінші айдың ішінде, қызыл гаолянның егін даласы қан теңізі секілді құйылып, шағылысып жататын. Биіктік пен беріктік, салқындық пен талғампаздық, қызықтыратын құмарлық пен сүйіспеншілік, барлық ұлылық содан таралатын. Онжылдықтар бойы, бейне бір-ақ сәттегідей қызыл фигуралардың көлеңкелері тігін машинасының қайығындай болып адамзат тарихының алып материясына тор құру арқылы гаолян сабағының арасынан жүгірді. Олар өлтірді, тонады және өз жерін қорғады, жан балқытатын балет билегендей бізді, рақметі жоқ, қайырымсыз, жерлерін басып отырған бізді көлеңкесінде қалдырды. Тез қарқынмен дамып келе жатырған әлемде өмір сүре тұрып, мен кері кетіп бара жатқан адамзаттың шыңғырған дауыстарын естимін».
Фолкнер шығармашылығын зерттеуші Клинт Брукстың сөзінше, бұл американдық жазушының ұлылығы адамзаттың адамгершілік өмір сүруін анықтайтын өткен және қазіргі заманның әлеуметтік күшін бағалауда жатыр. Бұл, атап айтқанда, АҚШ-тың оңтүстігіндегі нәсілдік және таптық күресті, ХХ-ғасырдың басындағы роман талаптарына сәйкес келетін фольклор мен романтикалық көзқарастарды ойдағыдай бейнелеуге мүмкіндік. Бірақ, Фолкнер қазіргі заманауи жазушы әрі оның жалпы әдеби шығармашылығын модернистік мектепке жатқызады, оның жазу көзі жергілікті аңшы мен кішкентай ағаш мейрамхананың жалға берушісі екеуінен анау алау жалауында отырып жұтқан-халық шығармашлығы. Қатаң тәртіптері мен шекаралары бар ауданның тұрғыны бола отырып, ол бірегей, таңқаларлық жаңаша рухтағы шығармаларды жасап шықты. Көптеген әдебит сыншылары Фолкнерді қарабайыр жазушы немесе мистик жазушы деп жатады, оның үстіне өз шығармашлығында реализм мен романтизмнің шегін шебер ұштастыратын, шығармашылығы жан-жақты бағытты алып жүретін автор деп сипаттайды. Фолкнердің өзі бірнеше рет айтқандай, ол өз жұмысында нақтылы жерді сипаттаудағы, сан-сапат мәселелері бар нақты адамдарды, жалпы адамзаттық мәселелерді сипаттаудағы идеялардың үйлесім-қағидасын ұстануға тырысты. Осының негізінде, оның шығармашлығында қолданылатын халық өнерінің дәстүрлері неге соншалықты керемет екенін түсіну оңай, ол жазушы уақыт, жады және адам табиғаты сияқты ұғымдарды ашуға көмектеседі. Бәлкім, Фолкнердің аймақшылдық пен реализмнің, романтизм мен натурализмнің шеңберінен шығып, халықаралық деңгейдегі жазушы болуы осыдан да шығар.
Фолкнер шығармашлығының әмбебап бағыттылығы және Мо Янның әдеби көзқарастары осы екі авторды салыстыруға мүмкіндік береді. Шарап, қызыл жүгері, бидай, қызылша немесе жыныстық ойындар, мистизм реңктерін шығармаларында беру арқылы Мо Янь оқылған кезде қатардағы адамның қалауы мен сезімін жазуымен әрі қарапайым құмарлықтар мен мистикалық аңыздарды тілмен жеткізу қиын қытайлық сұлулықпен толықтырады. Қарапайым халық шығармашлығынан біз автордың «рухани» үйін таба аларымыз сөзсіз.
Фолкнердің әдеби жұмыстарындағыдай Мо Янь шығармашылығы да зұлымдыққа толы. Дегенмен Мо Янь американдық жазушының «Шындықты білдіруге тырысу үшін жамандықты қолдану керек. Адамды зұлымдықты түзету, оны өзгерту үшін оны еске алатын кездер болады. Егерде жазушы бір нәрсе істеу керек болса, онда ол әлемді әлдеқайда жақсы етуі керек. Және мұны барлық жағымды нәрселерді сипаттамай істеу керек - жазушы адамға өзінің негізгі ерекшеліктерін, адамның бір мезгілде өзін жек көретін зұлымдықты көрсету керек» деген сөздердін сөздерін толықтай қабылдайды.
Мо Янь өз баяндауларында уақыт салдарымен шебер ойнайды, әңгімелерді сана ағынына орналастырады, бұл тұрғыда авторға Фолкнердің айқын әсерін көруге болады. Фолкнердің «Шу мен ашуында» бір уақыт қайталанып отырады, әрі баяндау әртүрлі уақыт пен кеңістікте орын алады. Жан-Поль Сартр айтқандай «Шын Фолкнер аса қауіпті. Ол бізге ұры секілді күңкілдейді де ізім-қайым жоғалады». Фолкнер баяндауы сана мен оның үзінділеріне бөледі, онысы оқырманға шығарманы оқуға мүмкіндік беру мақсатында. Бұл модернистік жүрісті Мо Янның «Ақ мақта» (1991) жинағындағы «Сенің тәртібің бізді қорқытады» әңгімесінен сезуге болады, мұнда автор халық әндерінің орындаушысы Лю Лицузидің өткен өмірінде де, қазіргі уақытта да басынан өтіп жатқан оқиғаларды, бас кейіпкердің уайымы мен шырғалаңын баяндау арқылы бір уақытқа орналастырып отырады.
Мо Янның әлемді қабылдауы Фолкнердікімен ұқсас, оны «машинада артқа қарап отырғанда, айналасында пішінсіз көлеңкелер пайда болып, жарық тілімдері мен ауа тербелістері болып жататын, тек алға қарағанда ғана шынайы өмірдің нақты көрінісін қабылдайтын» адамға ұқсатуға болады.
Көптеген сыншыларды, Фолкнер және басқа да жазушылар, атап айтқанда Мо Яндар неге абсурдты, яки мағынасыздықты таңдады деген сауал мазалайды. Ойлап қарасақ, оның себептерін қазіргі заманғы өмірдің әлеуметтік жағдайларынан іздеу керек. Қоғам, пұшайман хәлге түсірер өзгерістер, бәрі де, абсурдтың үлкен бөлігін құрайды. Абсурдтың қатысуын Мо Янның «Шарап елі» романының, қиял-ғажайып әлемге сюрреалдық бөлшектенген саяхат сәтіндек жалт қараған көзқарастың қоғамның жан түршігерлік бұрыштарын көрсетуінен көруге болады. Мо Янның екі ойды қатар көтеріп жүруге бейімділігі, шын өмір мен ойдан шығарылған дүниелерді араластыруға ниеттенгендігі «Шарап елінде» анық байқалады. «Мен қоғамның көлеңкелі тұстарын жазамын, жемқорлық секілді қауіпті құбылыстарды жазамын, бірақ көп оқырмандар мұны сандырақ деуі мүмкін». Бұл екі ұштылық, екі ойды қатар алып жүру жәй ғана әдеби тәсіл емес, қазіргі өмірдің белгісіздіктерінің бейнесі. Біз, бізді қоршаған нәрселердің қаншалықты шын, қаншалықты жасанды екенін білмейміз.
Мо Янь шығармаларындағы абсурдтық бейнелер мен оқиғалар сиқырлы сұлулықпен бірегейлене түседі. Мысалы, «Біз кенеттен терісінің түсі қызыл, қызыл көйлек киген, отқа қарғығалы тұрған әйелді көрдік. Ол кеудесін ашты да, кенет қызыл көбелек жалынға түсіп кетті. Дегенмен, ол көбелектей емес, тауық секілді. Бірақ уақыт өткен соң мен қуырылған тауықтың жұпарын сездім».
Қытай әдеби сыншылары Мо Янның модернистік қадамдарын аңдап отырады. Мәселен, кейбіреулері Мо Янды оқи отырып, жаңа әрі қиын әдеби түсініктерді кездестіретінін, қысқаша айтқанда, ол жасаған көркем бейнелер мен формалар қытай әдебиетінде айқын ерекшеленетінін алға тартады. Егер біз, Мо Янь шығармаларында Фолкнер мен Гарсиа Маркес секілді жазушылардың ықпалын ескере отырып, әдебиет тұрғысынан неғұрлым кең қарасақ неге оның кейіпкер бейнелерін метаморфозамен ұштастыратынымызды түсінер едік.
Жоғарыда айтылғандар Мо Янның бүкіл шығармалары Фолкнер әсерінен туылған деген сөз емес, әрине. Дұрысы, Фолкнердің ықпалы қытайлық жазушының өз шығармашылық жолының үстінде ғана әсер еткен делік.
Автор: Дарима Цыренова
Орыс тілінен тәржімалаған: Еділбек Дүйсен
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.