Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Ұлы дала тарихының жазба мұралары» көрмесі ашылды

15.04.2022 576

«Ұлы дала тарихының жазба мұралары» көрмесі ашылды 12+

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Ұлы дала тарихының жазба мұралары» атты көрменің ашылуы салтанаты өтті. Көрменің мақсатықазақ халқының төл мәдениетіне қатысты сирек кездесетін қолжазбаларды кеңінен насихаттау, әртүрлі мәдени-тарихи жағдайлардағы олардың әлеуметтік рөлін, ерте кезеңдерден бері қалыптасқан отандық жазба мәдениеттің тарихын жан-жақты көрсету.

Іс-шараның ашылу салтанатында алғаш болып сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев: «Бұл төл құндылықтарымызды насихаттаудағы аса маңызды іс-шара. Себебі, жазба мұралар тамыры терең тарихымыздың бедерін айшықтап, көпшілікке дәріптеп келеді. Ұлт руханиятын одан әрі нығайтып, жас ұрпаққа жол ашады. Осы ретте, біз ұлттық музейде «Қолжазбалар және сирек кездесетін кітаптар» орталығы қорындағы бірегей жазба деректерден арнайы көрме ұйымдастырып отырмыз. Мұндағы мақсатымыз: көнеден сақталған тарихи-мұраларды келешекпен өзара байланыстыру. Еліміздің сан ғасырлық тарихын айғақтайтын баға жетпес мұраларымызды таныту, оларды қалың жұртшылық назарына ұсыну, әрі ғылыми айналымға қосу болып саналады. Бұл көрмеге еліміздің тарихына қатысты бірнеше жазбалар қойылды. Атап айтсақ, жетінші ғасырда жазылған Құран-кәріммен, Қожа Ахмет Яссауидің, Ибн Мұхаммед Самарханидің, Махмудидің, Ибн Халифаның шығармаларымен қатар, басқа да бірегей жәдігерлермен таныса аласыздар. Оған қоса осындай деректердің тағы да бірқатары «Қолжазбалар және сирек кездесетін ұлттық кітаптар» көрме орталығанда орналасқанын атап өткім келеді. Мұндай жазба мұралар ұлтымыздың әлемдік өркениетке қосқан өз үлесін көрсетіп, жаһандық тарихтағы ұлы даланың орнын анықтауда үлкен рөл атқарады. Сондай-ақ рухы берік, білімі терең, ел жанды ұрпақ тәрбиелеуге мүмкіндік береді деп есептеймін. Көрме жұмысына сәттілік тілейміз», - деп көрменің лентасын қиып, құттықтау сөзін білдірді.

Қолжазба жәдігерлері – қазақ халқының бірнеше ғасырлық рухани, саяси, мәдени және тарихи дереккөздерінің бірі болып саналады. Қазақстандағы жазба мәдениеттің бастаулары – қынамен салынған таңбалар, символикалық белгілер, петроглифтер, қыш тақтаға жазылған қаңылы жазуының нұсқалары, сармат таңбаларының үлгілері қабырға суреттерде көрсетілген.

Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ұлттық музей директоры, мемлекет және қоғам қайраткері Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Ұлттық рухани жаңғыру бағдарламасының аясында ашылған сирек кездесетін ұлттық кітап орталығының бүгінгі көрмесі біздің музейде өтіп жатқандығы әрине қуанарлық шаруа. Өздеріңіз білесіздер, алтын адам табылған кезде қасында жазуы бар көне тостаған болды. Одан да басқа біздің музейдің жауһарының бірі Күлтегін тасы бар. Мырзатай аға Жолдасбек сонау Орхонның жағасына барып, қаражат бөлгізіп, Жапониядан көшірмесін жасатып алып келді. Біздің советтік тарихи кезеңде «Түркі қағанаты» деген ұғым жоқ болатын. Баға жетпес көне жәдігерімізді алып келіп, тарихымызды кеңінен насихаттауға ат салысқан Мырзатай ағамызға шексіз алғыс. Сол Күлтегін жазуында: «Тәңірдің арқасында аз халықты көп қылдым. Ығы болған қағандықты игі қылдым» деген керемет жазу бар. Бұны қазір өздеріңіз де оқи аласыздар. Көрме құтты болсын, қазақ елі жасай берсін», - деп ақ тілегін айтты.

Көрме нәтижесінде құнды мұра болып саналатын тарихи қолжазбаларды кеңінен насихаттау және дәріптеу жұмыстары жүргізіледі. Және жас ғалымдарға түпнұсқа дереккөздерімен жұмыс жасау мүмкіндігі ашылады. Көрмеге зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, архив, кітапхана, музей қызметкерлері мен жоғарғы оқу орындарының білім алушылары және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар