Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
«ҰЛЫ ГЭТСБИ»: «Адамның ұшқыр қиялындағы бейнеге еш...

31.07.2023 1278

«ҰЛЫ ГЭТСБИ»: «Адамның ұшқыр қиялындағы бейнеге ешқандай шынайы сұлулық теңесе алмайды» 14+

«ҰЛЫ ГЭТСБИ»: «Адамның ұшқыр қиялындағы бейнеге ешқандай шынайы сұлулық теңесе алмайды» - adebiportal.kz

«Ұлы Гэтсби» романы – 1920 жылдардағы Америка әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Фрэнсис Скотт Фицджеральд (1896-1940) шығармашылығында ерекше орын алатын туындының бірі. «Бұл роман Modern Library баспасының нұсқасы бойынша ағылшын тіліндегі 100 үздік роман тізімінде екінші орынға ие болған».  Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Америка қоғамы мен экономикасындағы күрделі кезеңді сипаттау үшін Ф.С. Фицджеральд өзі енгізген ұғым – «джаз ғасырының» жарқын өкілі саналды. 

Ф.С. Фицджеральд джаз дәуірінің бейнесін былай келтіреді: «Қазір біздің музыкамыз джаз. Ызаға булыққан, ашуға толы джаз – біздің кумиріміз. ... Ал біздің таңымыз жалғыздыққа толы. Біздің таңғы жалғыздығымыз шыны сияқты. Салқын және нәзік. ... Ілтипаты, тереңдігі жоқ ұрпақпыз. Біздің тереңіміз тұңғиық. Бақытсыз, отансыз, қош айтыспайтын ұрпақпыз. Күніміз жұтаң, махаббатымыз жауыз, жастық шағымыз жастықты білмейді. Өйткені, біз құдайсыз ұрпақпыз, өйткені біз – ілтипаты жоқ, өткені жоқ, танылмаған ұрпақпыз».

Жалпы әлем әдебиеті тарихында «джаз ғасыры» сынды белгілі бір кезеңдегі ақындар мен жазушылар шығармашылығына тән мәдени-әдеби үдерісті танытатын «жоғалған ұрпақ», «күміс ғасыр», «алтын ғасыр» сынды терминдер кездеседі. Бұдан басқа әдебиет тарихының ширек ғасыры, жарты ғасыры немесе отыз жылдық кезеңін мерзімдерге бөліп, ерекшелеп көрсетеміз. Бұдан да басқа белгілі бір дәуірдің мәдениеті, әдебиеті және өнеріндегі тенденцияларды білдіретін атаулар кездеседі. 

Ф.С.Фицджеральдтің 1925 жылы жарық көрген «Ұлы Гэтсби» туындысы кезінде сыншылар тарапынан объективті тұрғыда бағаланбағанымен, романның қуаттылығын, әсіресе, әлеуметтік-сыни бағытын мойындаған жазушылар да кездесті, соның ішінде «жоғалған ұрпақ» терминін енгізген Гертруда Стайн болғанын атап өткен жөн. Ол аталған роман әлеуметтік оқиғаларды кең қамтығанын айтқан болатын. 

«Ұлы Гэтсби» романында Фицджеральд өмірінің мотивтері көрініс тапқан. Жазушы досына жазған хатында әлеуметтік мәртебесіне сай келмейтіндіктен, бай қызға үйлене алмайтын кедей жастың тағдырының әділетсіздігі өз басымнан да өтті деген екен. Бұл жазушы өмір сүрген жылдары қоғамдағы «америкалық арман» және сынды идеялардың құлдырауы мен әртүрлі иллюзиялардың құрдымға кететінін Гэтсби кейіпкерінің трагедиясы арқылы көрсетеді. 

ХХ ғасырда Солтүстік Америкада түптегі ақнәсілді ағылшындардан тарайтын бай, қуатты қоғамға Скоттың енуге және сонда сіңуге деген ұмтылысы, Скотт кедей әрі студент кезінде ауқатты отбасыдан шыққан Джиневра Кинг есімді бикешке ғашық болуы және қыздың әкесі жас жігіттің бетін қайтаруы (https://www.livelib.ru/translations/post/96871-mezh-dvuh-ognej-frensis-skott-fitsdzherald-i-ego-detische-dzhej-getsbi), одан кейінгі отбасылық өмірде әйелінің жазушыны көп қаржы табуға табанды түрде итермелеуі, қаржылық қиындықтар Фицджеральдті көп жазуға мәжбүр етті. Ақсүйек қоғамдағы табыс пен қаржыға деген қомағайлыққа төтеп беру үшін Скотт жазармандық деңгейге түскенімен, жеке басындағы және шығармашылығындағы трагедия «Ұлы Гэтсби» сынды роман жазып қалдыруына да үлкен септігін тигізді. Әрбір қоғамдық ортада әлеуметтік теңсіздіктің, әсіресе, кедейліктің зардабын тартуы Фицджеральдті жақсы жазуға итермелеп отырды. Жазушы бір сөзінде «өмірімде із қалдырған байлардың байлығын ешқашан кешіре алмаймын» деген екен (https://www.livelib.ru/translations/post/96871-mezh-dvuh-ognej-frensis-skott-fitsdzherald-i-ego-detische-dzhej-getsbi).

Роман композициясы туралы айтар болсақ, баяндау құрылымы айқын, оқиғалар бізді байланысқан. Оқиғаның көп бөлігі Ник Каррауэйдің көз алдында өтіп жатады және бұрынғы оқиғалардың да куәгері Ник болғандықтан, кейіпкерлердің өткенін осы шақта баяндайды. Қазақша аудармасы қай қырынан алып қарағанда да жақсы тәржімаланған. Кітап «Фолиант» баспасынан шыққан. Аударған Заманбек Әбдешев. Артықшылығы ретінде, түпнұсқа сынды қазақшасында да сөйлемдердің нық және ойдың мығым берілгенін атап өтуге болады. 

«Ұлы Гэтсби» романында Фицджеральдтің өз өмірінен алынған детальдер кірістірілгені көпшілікке белгілі. Романның үшінші тарауында Гэтсбидің зәулім вилласында атақтылар мен бай-бағландар бас қосқан бір ойын-сауық кешінде Ник Каррауэймен тілдескен бейтаныс адамның әңгіме арасында Гэтсби екені белгілі болады. Ник сол ойын-сауық кешінде көршісі бола тұра аты аңызға айналған Гэтсбимен кездесіп, танысу сәтін күтіп жүреді. Іздеп жүрген Гэтсби көпшілік ішінде болып шығады. Мұндай меңзеу арқылы жазушы ХХ ғасырдың басында Фицджеральдтке тағылған негізсіз пайымдар мен жалған айыптаулар, дақпырттардың болғанын көрсететіндей. 

Романдағы басты протогонист – дәулетті вилла мен шексіз байлық иесі Джей Гэтсби. Бұл кейіпкер ХХ ғасыр басындағы асқан сән-салтанатымен, стильді зәулім сарайларымен, шексіз байлығымен мақтанатын және, ең бастысы, өмірдің шынайылығынан алыстаған Солтүстік Америка элитасының типтік бейнесін көрсетеді. Джей Гэтсбидің күнделікті өмірі қандай еді?.. Оның вилласы Америкадағы орта және жоғары деңгейдегі қауым жиі бас қосып, көңіл көтеретін ортаға айналған болатын. Университет қызметкерінен бастап, дәрігер, компания басшылары, театр және кино саласының мамандары, кино жұлдыздары, ататегі танымал Америка капиталистері, т.б. Гэтсбидің вилласынан табылатын.

Дэйзи есімді бақуатты бикешке қолы жете алмай қалған Гэтсби Ник Каррауэйдің септігімен араға бес жыл салып, өзінің вилласына  көрші тұрған  Никтің үйінде бас қосады. Дэйзиге әрі зәулім вилласын да көруге ұсыныс жасайды. Сол сәтте өз санасында байлыққа құмар әйелдің шынайылықпен сәйкеспейтін мінсіз бейнесін жасап алғанын ұғынады. Өткен шақтағы оқиғаларға және Гэтсби идеалындағы әйел бейнесінің шындықтан алыс жатқанын байқаған Ник бұл жағдайды келесідей сипаттайды. 

«... Қолы жеткен бақытқа күмәнданатын секілді (Гэтсби туралы айтады). Бес жылға таяу уақыт! Гэтсби бір сәтке болса да қазіргі Дэйзидің өз арманындағы Дэйзиге мүлдем ұқсамайтыны туралы ойлаған шығар. Шын мәнінде, әйелдердің өзгерген ештеңесі жоқ еді, болғаны жігіт өз ойында Дэйзидің мінсіз бейнесін жасап алған болатын. Сол қиялындағы бейне мына әйелдің өзінен де артық, жарық дүниедегінің бәрінен озық еді. Тап бір суреткердің шынайы құлшыныспен толықтырып, қолына түскен әсем қауырсынмен әшекейлегені секілді. Адамның ұшқыр қиялындағы бейнеге ешқандай шынайы сұлулық теңесе алмайды ғой. ... Дәл қазір олар тек өздерінің әлемінде болатын» (106-107 бб.). 

Сонымен қатар, Дэйзи бейнесінен Фицджеральд өмірінде кездескен Джиневра Кинг және Зельда Сейр есімді әйелдердің де әрекеттерін тануға болады. Бұл әйелдер жазушы және жазудан түскен табысына тіршілік ететін Фицджеральд сынды адамның махаббатына лайық бола алмаған болатын. 

Роман кейіпкерлерінің әрекетінен «жоғалған ұрпақ» кезеңі немесе «джаз дәуірі» буыны өкілдерінің адамгершілікке тән рухани құндылықтары құлдырай түскенін байқауға болады. Ер мен әйелдің, оның ішінде ерлі-зайыптылардың да жеңіл жүріске салынғаны, ішімдікке берілгені, материалдық дүниені бағалауға басымдық беруі, сатқындық, үміттердің күйреуі сынды жағымсыз әрекеттер белең алған еді. Мысалы, Дэйзи кедей Гэтсбимен кездесіп жүргенде оның байығанын күтуден жалығып, Томға күйеуге шығады. Алайда отбасылы Дэйзи арада бес жыл өткеннен кейін Гэтсбидің зәулім вилласы мен байлығын көріп, оған қайта жақындай бастайды. Рухани құндылықтардың құлдырағанын көрсететін тағы бір мысал: Дэйзи Томның әйелі бола тұра, күйеуінің көзінен тасаланған бойда бұрынғы ғашығы Гэтсбимен сүйісе кетеді. Бұл әрекетке бастапқыда Гэтсбидің өзі де таңғалғаны жасырын емес. Дэйзидің күйеуі Том да Миртл ханыммен көңілдес болады. Фицджеральд кейіпкерлері де Хэмингуэй мен Ремарктің ішкілікке салынған және болашағынан үміт үзген кейіпкелерінің болмысына өте жақын. Әсіресе, әйелдер қауымы да байлық пен ақшаға малынған салтанатты өмірді ұнатады. Оған жұп болатын ер адамның материалдық байлығы маңызды. Дэйзи – осындай әйелдердің типтік бейнесін көрсетеді. Романда Дэйзи туралы Ник пен Гэтсбидің мынадай диалогы кездеседі:

«(Ник): – Дэйзидің дауысы біртүрлі дедім. – Бірдеңе сыңғырлап... – Мен бөгеліп қалдым. 

(Гэтсби): – Онда ақша сыңғырлайды, – деді ол күтпеген жерден. – Иә, әрине. Бұрын қалай түсінбегем. Оның дауысында ақша сыңғырлаған екен ғой. Оның шексіз құбылуында жанын арбаған тиын сыңғыры, жеңіс сыры... Еңселі ақ мәрмәрлі сарайдағы патшайым, алтынға бөккен ару...».

Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қаламгерлердің немесе шығармаларында авторлардың өздері кескіндеген кейіпкерлер – «жоғалған ұрпақ» өкілдерінің бет-бейнесі «Күн де көтеріледі» (Хемингуэй) немесе «Үш жолдас» (Ремарк) романдарынан белгілі. Ал Фицджеральд «Ұлы Гэтсби» романында сол кезең өкілінің бет-бейнесін роман кейіпкері Мейер Вулфшимнің сипаттауымен келесідей жеткізеді:

«Онымен (Гэтсбимен) алғаш кездескенімде қандай болғаны әлі есімде. – Кеудесі майданда алған медальға толы, әскерден жаңа келген жас майор. Қалтасында соқыр тиыны жоқ. Жай костюм алуға ақшасы болмағандықтан, біраз уақыт сол әскери формамен жүрді. Алғаш рет оны Қырық үшінші көшедегі Уайн-бреннердің бильярд бөлмесінде жолықтырдым, сонда қандай да болмасын жұмыс сұрай келіпті. Бірнеше күн аш жүріпті. Оны таңғы ас ішуге шақырдым, сенсеңіз, ол жарты сағатта төрт доллардан астам тұратын тамақ жеді. 

... Оны адам қылған менмін! 

Мен оны батпақтан, қайыршылықтан сүйреп шығардым. Байқаймын, әдемі, сыпайы, жас жігіт, онымен қоймай Оксфордта оқыдым деген соң, өзінен бірдеңе шығатынын бірден сездім. Американ легионына кіруге міндеттедім, сол жерден тез көтеріліп кетті» (188 б.). 

Фицджеральдт те Принстон университетін аяқтамай, өз еркімен әскерге кеткені және жас офицер болғаны белгілі. Фицджеральдттің саудадағы серіктесі Вулфшимнің ойынша «Адамға ол өлгеннен кейін емес, тірі кезінде дос болу маңызды. ... Өлген кісіге оның қажеті шамалы, өз басым солай ойлаймын». Бұл сол кездегі қоғамның түсінігін көрсетсе керек. 

Жазушының өзі де Зельда Сейрмен отбасын құрғанда әйелінің қалау-тілегін қаржымен қанағаттандыру үшін жазушылықта графомандық деңгейге жеткен еді. Бұған Фицджеральдтің өзі қызына жазған бір хатында өкінетінін білдіреді. 

Фицджеральд шынайы өмірде Америка элиталарының ортасына қосылуға ұмтылса, Гэтсбидің бутлегер екені баяндалады. «Бутлегер – тыйым салынған тауарлармен сауда жасаушы, спиртті ішімдік контрабандасымен айналысушы» (120 б.). Том Гэтсбиден әйелі Дэйзиді қызғанып, Гэтсбидің немен айналысатынын да астыртын біліп алады. Гэтсби Нью-Иорк пен Чикогодағы көптеген дәріханаларда жасырын ішімдік сатумен айналысқан екен. Автор Гэтсбидің бұл ісін баяндау арқылы Америкада сол кезеңде жаңа байығандар тыйым салынған сауда түрлерімен айналысқанын көрсетеді. 

Автор романда Гэтсбидің өлім құштқан сәтін бейнелейді. Осындай шешім арқылы ақнәсілді англо-саксондар тұрақтаған Солтүстік Америкадағы материализмді маңызды құндылық санаған қоғамның бет-бейнесін аша түседі. Ол қоғам адамның байлығы мен сән-салтанатын ғана көргісі келетін еді. Гэтсби секілді ауқатты адамның мәрмәрден соғылған сарайлары мен көл-көсір байлығы алыстан көзге менмұндалайтын, әрқашан өзіне тартып тұратын көрме іспетті әлде көңілді сәттерді өткізуге арналған ойын-сауық мекені болатын. Жазушы өмірбаянынан алынған дереккөздер кедей, жас Фицджеральд те бір кездері Принстон университетінің студенті бола жүріп, Джиневра Кингке ғашық болғанда Солтүстік Американың зиялы қауымына кіргісі келгенін сипаттайды (https://www.livelib.ru/translations/post/96871-mezh-dvuh-ognej-frensis-skott-fitsdzherald-i-ego-detische-dzhej-getsbi). Алайда ол Гэтсби секілді өлім құшпаса да элитаның талап-тілегіне толық сай келмеді. 

Гэтсбидің вилласында ұдайы бас қосып тұрған қалталылар Гэтсби өлім құшқанда ешбірі де бас сұқпайды. Тіпті, арғы дүниеге шығарып салуға да ынтасыз болады. Тіпті, заңсыз саудамен айналысқанда жақын серіктесі болған Мейер Вулфшим де, сүйіктісі Дэйзи де ат ізін салмайды. 

Ф.С.Фицджеральд материалдық құндылықтарды асқақ тұтатын қоғамның барлық көріністерін көріп, қиындығы мен азабын өз басынан өткізіп, сезінбегенде, әлем әдебиетінің жауһары саналатын «Ұлы Гэтсби» романын жаза алуы мүмкін бе еді?.. Таңдаулы әдеби туындыларды қаламгердің ауыр тағдыры, қиын тіршілігі және мінезі жасайтыны жайлы пікірлер жиі айтылады. Бұның растығын әдебиет тарихында өлмейтін туындылар дәлелдеп келеді.

Дереккөз: 

Жазбада қолданылған дереккөздер Ф.С. Фицджеральдтің интернет көздерінде жарияланған хаттарынан және «Ұлы Гэтсби» романының қазақша нұсқасынан алынды (Фицджеральд Фрэнсис Скотт. Ұлы Гэтсби: роман. Ауд. З. Әбдешев. – Нұр-Сұлтан: Фолиант, 2022. – 204 б.).


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар