Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ұлт ұстазы, жазушы Спандияр Көбейұлының туғанына 1...

13.10.2023 4485

Ұлт ұстазы, жазушы Спандияр Көбейұлының туғанына 145 жыл 12+

Ұлт ұстазы, жазушы Спандияр Көбейұлының туғанына 145 жыл - adebiportal.kz

Қазақ даласының ең солтүстігінде жатқан Қостанай туралы айтылғанда, ең әуелі осы өңірден туып шыққан ұлы жаңашыл ұстаздар Ыбырай Алтынсарин мен Спандияр Көбейұлы ойға оралады. Олардың еңбегі – ескі мен жаңаның арасын жалғаушы алтын көпір сияқты. Себебі, дәуірдің сұраныс, талабы осылай болды. 

Рухани өмірдегі жазбаша қарым-қатынасты, әдеби әлемді қадымша араб жазуымен жүзеге асырып келген қазақ даласына, соның ішінде Арқа өңіріне Ресей билігінің 1868-жылы қабылдаған басқару реформаларының ықпалы анық сезіле бастады. Бұл кезеңде қазақ балалары негізінен ауыл молдасынан хат танып сауат ашып, ары қарай медреседе оқуын жалғастыратын еді. Медреседе ислам дінінің негізгі канондары туралы бастауыш білім алумен бірге, философия, математика, медицина негіздері оқытылған. Сондай-ақ тіл білімі мен астрономия бойынша да оқытылатын болған. Басқару реформасы күшіне енгеннен кейін медреселерде орыс тілін үйрету міндеттелген.

Орыс-еуропалық үлгідегі мектептер қазақ жерінде ХІХ ғасырдың ортасында ашыла бастады. 1841 жылы Жәңгір хан аштырған алғашқы мектеп қазақ балаларын зайырлы бағытта оқытудың жолбасшысы болды. 1850 жылы Орынборда ашылған жетіжылдық мектепте оқитын қазақ балалары – болашақ хатшылар мен аудармашылар еді. Дегенмен уақыт алға жылжыған сайын қазақтардың жаңаша сауат ашуға мүмкіндігі ұлғая берді. 1879 жылы Ташкентте мұғалімдер институты ашылуы, ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің ықпалымен 1879 жылы Торғайда екі сыныптық орыс-қазақ мектебінің ашылуы, 1883 жылы Ор қаласында алғашқы қазақ мұғалімдер мектебі өз жұмысын бастауы, 1885 жылдан барлық уездерде ауылшаруашылық мектептері, 1887 жылдан барлық жерде бірдей болыстық орыс мектептер ашылды. Ал 1891 жылы әр өлкеде қыздарға арналған бастауыш мектептер ашылып, келесі жылдан бастап ауылдық көшпелі мектептер ұйымдастырылуы арқылы қазақ балалары жаңаша көптеп сауаттана бастады. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қалыптасқан қазақ зиялыларының мол шоғыры – осы мектептерде білім алған алғашқы қарлығаштар еді. Осындай алғашқы қарлығаштардың бірі – әйгілі педагог, ағартушы ұстаз Спандияр Көбеев болатын. 

1878 жылы бұрынғы Торғай облысы, Қостанай уезінің Обаған болыстығының №3 ауылында (қазіргі Қостанай облысы Меңдіқара ауданы, Ақсуат селосы) дүниеге келді. Әкесі Көбей – етікшілік пен балташылықты кәсіп еткен, анасы Айтбоз ауыл-аймағына қадірлі ана, қарапайым шаруа отбасында туып-өскен болашақ ұстаз жазушының балалық шағы алаңсыз өтеді. Тоғыз жасқа шыққанда бала Спандиярды ауыл молласына оқуға береді. 1887 жылы Алакөл көлінің жағасындағы Обаған болыстық екі сыныптық орыс-қазақ мектебі ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің ықпалымен ашылған жиырмашақты мектептің бірі болатын. Спандияр Көбейұлы бұл мектепті 1892 жылы бітіріп шыққан соң оқуын әрі қарай жалғастырып, 1892-1895 жылдары Қарағайлыкөл төрт жылдық болыстық мектебінде, одан соң Қостанай қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебінде оқып, білімін жетілдірумен болады. 

Мұғалім болып, Ыбырай ұстаз сияқты ұлтқа қызмет етуді мақсат тұтқан Спандияр Көбейұлы 1898-1901 жылдары Қостанайдағы екі жылдық курсқа түсіп, бастауыш мектеп мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады. «Алдымда туып-өскен ауылым. Мәдениеттен кенже қалған қараңғы ауыл. Менің ендігі өмірім сол ауылда өтпекші. Сол ауылда қолымнан келгенше мәдениет шам-шырағын жақпақшымын. Бір кездегі өзім сияқты, кіршіксіз таза, уыз тілекті жас жеткіншектерді оқытып, олардың көзін ашып, ғылым жолына, мәдениет соқпағына түсіремін деп асығып келемін», - деп жазады, өзнің «Орындалған арман» атты мемуарлық туындысында. Осы еңбегінде баяндалатынындай, көршілес жатқан Ырғыз уезіндегі Кішіқұм деген жерге барып, ауылдық мектепте сабақ беріп, балаларды білім әлеміне жетектейді. Осы өңірде жүргенде ол Түбек, қарқын, Шолақсай, Боровской, Уәлисай мектептерінің ашылуына бастамашы болады. Бар ғұмырын білім беру ісіне арнаған Спандияр Көбейұлы 1931 жылы Ақсуат мектебін жетіжылдық, 1944 жылы орта мектеп болдыруға ұсыныс білдіреді. Осы мектепті ол ұзақ жылдар басқарады. Осы өмір өткелектерінің бәрі жазушының «Орындалған арман» кітабында егжей-тегжейлі, тамаша суреттейді. 

Ол заманда арнайы оқулықтар, әдістемелік құралдар жоқ немесе тапшы болған себепті, Ыбырай Алтынсариннің әдістемесі бойынша, орыс тіліндегі материалдарды қазақ балаларына тәржімалап жеткізу қажет болады. Мұның өзі мұғалімді сауатты, шығармашыл болуға міндеттейтін жағдай еді. Спандияр Көбейұлы осы үдеден шыға білді. Ол өзі де өлең жазды. Ыбырай Алтынсарин салған сара соқпақпен балаларды мектепке, білім алуға шақырды:

Балалар, жиналыңыз мектепке ерте, 

Мәз болмай деген сөзге, мырза-ерке, 

Бұл кезде өнерлі адам өрге шықты, 

Зат емес, надан кісі алар текке. 

Ертеңгі шақыруымен әтеш құстың, 

Халықтар кетіп жатыр егіндікке. 

Күн шығып, терезеге сәуле түсті, Т

ұрыңыз, жарамас тек уақыт өтсе, - 

дейді, шәкірттерге арнаған өлеңінде. Осылайша білім бере жүріп, шығармашылықпен шұғылданады. Орыс тілінен балаларға арналған туындыларды, әсіресе, мысал өлеңдерді басымырақ аударады. Шығармашыл ұстаздың «Үлгілі бала» атты оқу кітабы 1912 жылы Қазан қаласында жарық көреді. Мұнда қамтылған шағын әңгімелер, ертегілер балалардың талғамына сай әрі қызықты дүниелер болды.

Бұдан соң Қызылжарда (Петропавл) қызмет етіп жүрген кезінде орыстың әйгілі мысалшысы И.Крыловтың мысалдарын қазақ балаларының таным-талғамына сай аударып ұсынуы – Абай мен Ыбырай салған жолдың жалғастығы еді. Сонымен қатар ол Л.Н.Толстойдың, К.Д.Ушинскийдің балаларға арналған туындыларын да аударды, өзінің сабақ беру әдістемесінде қолданды. Спандияр Көбейұлының аудармалары кейіннен «Үлгілі тәржіма» деген атпен жарық көрді.

Спандияр Көбейұлы тек оқу-ағарту саласында ғана емес, қазақтың жаңа заман әдебиетінің тарихында, ХХ ғасыр басындағы көрнекті қаламгердің бірі ретінде тарихта есімі қалды. Ол – қазақ әдебиетіндегі тұңғыш романистердің бірі. Қазақ әдебиетіндегі роман жанры ХХ ғасырдың басында пайда болып, дамып жетілді, қалыптасты. Жетісудағы Маман бай ұрпақтары жаңа дәстүр бастап, жылдық асына орай қазақ тіліндегі романға жүлде жариялайды. Осы бәйгеге үн қосушылардың бірі Спандияр Көбейұлы болды. Ол «Қалың мал» атты роман жазып ұсынады. 1913 жылдың қзанында Татарстанның бас қаласы Қазанда басылып шығады. Қазақ қоғамындағы әйел затының теңсіздігі мәселесі болғаны рас. Ғайша – өзінің қарама-қайшылықты заманының құрбаны. 

Спандияр Көбейұлы – Ыбырай Алтынсарин үлгісіндегі педагог-жазушы. Қаршадайынан өзі үлгі тұтып, сондай болсам екен деп армандаған ұстазының жолын үлгі тұтып, ағартушылық идеясын педагогтік қызметі арқылы насихаттап өтті. Сол бағытта Спандияр Абай мен өз ұстазы Ыбырай Алтынсарин негізін салған қазақ әдебиетіндегі демократтық, ағартушылық идеяны әрі қарай жалғастырды және жаңа жағдайға лайық дамытты.

Спандияр Көбейұлының 1954 жылы жарық көрген «Орындалған арман» мемуарлық романы – педагог-жазушының өз өмірін дәуір тынысымен сабақтастыра жазылған туынды.

Спандияр Көбейұлы Ақсуат мектебінде өмірінің соңына дейін жұмыс істеген даңқты ұстаз, белгілі қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Спандияр Көбейұлы 1956 жылы 78 жасында өмірден өткеннен бергі екі бірдей дәуірдің жүзінде қазақ әдебиеті мен педагогикасы тарихында өзінің лайықты орнын иеленіп, өшпес есімі сан ұрпақтың жадында жаңғырумен келе жатыр.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар