Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
"Ұнатамын күзді мен!" байқауы сәтті өтті...

07.11.2023 1702

"Ұнатамын күзді мен!" байқауы сәтті өтті 6+

"Ұнатамын күзді мен!"  байқауы сәтті өтті - adebiportal.kz

Балалар – біздің болашағымыз. Еліміздің ертеңі болашақтың қолында десек, бүгінгі жас ұрпақтың өз тіліннен, әдебиетінен, мәдениетінен барынша хабардар болып өсуіне мүмкіндік жасауымыз қажет. Осы мақсатты жүзеге асырудың бір тетігі – оларды әдебиетті сүюге баулу болса керек. Әсіресе жас ұрпақты өзінің өмір сүріп жатқан ауыл-аймағынан, қаласынан туып шыққан қаламгерлердің шығармашылығымен таныстыру маңызды. Жерлес ақын, жазушылар туындыларындағы өзіне етене таныс өлке суреттер мен осы өңірде өмір сүрген белгілі адамдар туралы ақпараттармен танысу, ақын жырларының көркемдік қырларын зерделеу – балаларды рухани әлемге барынша жақындата түсері сөзсіз.

Осындай танымды да тағылымды іс-шара Қарағанды қаласында өтті. Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының 70 жылдығы аясында осы облыстың Ақтоғай ауданында туып өскен қарымды қаламгер, дүйім қазақ жұртына танымал балалар ақыны Жеңіс Қашқыновтың өлеңдерін мәнерлеп оқушылардың «Ұнатам күзді мен!» облыстық сайысы өткізілді.

Сайысқа Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Саран, Абай қалалары мен Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауданы, Ақтоғай ауданы, Бұқар жырау аудандарының ауылдарынан, жалпысы 35 білім беру мекемесінен 2-3 сынып оқушыларынан 100-ге тарта өтінім түскен екен.

Балалар әдебиеті бағытында өндіре еңтек етіп, соңында мол мұра қалдырған қаламгер Жеңіс Қашқыновтың шығармашылығын танымал ету арқылы балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, жеткіншектердің шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында сайыстың өтуіне мұрындық болып, демеушілік көрсеткен – Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, облыстық мәслихаттың депутаты, ақын-айтыскер Айтбай Ботпайұлы Жұмағұлов пен Ж.Қашқыновтың туған інісі Мелс Қашқыновтың ұлы Ернат Мелсұлы.

Әр ауылдан, қалалардан келген жеткіншектер өз өнерлерін ортаға салып, мәнерлеп өлең оқыды. «Ең бастысы – жеңіс емес, ең бастысы – қатысу» дейтін қағиданы ескерсек, әр мектептің үмітін арқалап келіп осындай әдеби сайысқа қатысушы бүлдіршіндердің  бір-бірінен үйренері көп екені сөзсіз ғой. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады», - дегендей, сайыста өз өнерлерін көрсеткен оқушылар арасынан оза шапқандар жүлдеге ие болды. 

Байқау қорытындысы бойынша мына мәнерлеп оқушылар жеңімпаз атанды:

I орын

• Серикпай Айдана - №66 ЖББМ, 2-сынып

II орын

• Ербаева Сабира - Абай қаласы, Топар кенті Абай атындағы тірек мектебі (ресурстық орталығы), 2-сынып

• Берік Айзере - Ақсу-Аюлы ауданы Ы.Алтынсарин атындағы мектеп, 2-сынып

• Фольмер Илона - Шәкәрім атындағы гимназия, 2-сынып

III орын

• Еркаш Асылзат - Теміртау қаласы №8 ЖББМ, 2-сынып

• Ғибадат Айзере - №8 ЖББМ, 2-сынып

• Серік Байкұтты - Ә. Бөкейхан атындағы мектеп, 3-сынып

• Мухитов Байдаулет - Бұқар жырау ауданы, Новоузенка ауылы М.Жүсіп атындағы ЖББМ, 2-сынып

• Мейізбек Раяна - Ақтоғай ауданы Шашубай кенттік мектебі, 2-сынып

• Ерғанат Медина - С.Саттаров атындағы метеп-лицейі, 2-сынып

Номинациялар бойынша:

«Үздік әртістік шеберлік» - Ербаева Айғаным, Абай қаласы, Топар кенті Абай атындағы тірек мектебі (ресурстық орталығы), 3-сынып және Мұрат Заңғар, Шет ауданы, Өспен ауылы Сәкен атындағы ЖББМ, 3-сынып

«Әділқазы көзайымы» - Русскова Анна, №25 ЖББМ, 3-сынып және Жанайдар Еңлік, М. Жұмабаев атындағы гимназия, 2-сынып

«Үздік образ» - Құсбек Сырғалым, №12 ЖББМ, 2 сынып; Кәріғұл Әзімжан, Балқаш қ. С.Сейфуллин атындағы № 7 мектеп-гимназия, 2-сынып және Сейфолла Азиза, Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназия, 3- сынып.

«Үздік эмоционалды орындаушы - Владимир Ерғали, №17 ЖББМ, 2-сынып; Муталляпова Ақнұр, А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп гимназия, 2-сынып және Сүйіндік Айым, М. Жұмабаев атындағы гимназия, 2-сынып.

Байқаудың сәтті өтуіне атсалысқан әділқазылар балалардың көрсеткен өнері туралы, жалпы осы іс-шара туралы ойларын ортаға салып, тұщымды пікірлерін білдірді. 

Байқаудың өтуіне мұрындық болып, демеушілік жасаған ақын-айтыскер, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Қарағанды облыстық Мәслихатының депутаты Айтбай Жұмағұл: «Былтыр да осы сайыстың басы-қасында болып, жеткіншектердің өлеңге деген қызығушылығын көрген едік. Биыл да кітапханамен бірлесіп, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлауға тырыстық. Байқауға облысымыздың түкпір-түпкірінен 100-ге жуық өтінім түскенін көріп шын қуандым. Бабалар сөзін жаттаған балалар рухани бай болып өседі. Бұл балапандар біздің болашағымыз, мақтанышымыз. Алла қаласа, байқауды дәстүрлі түрде өткіземіз деп жоспарлап отырмыз».

Абай атындағы Қарағанды облыстық кітапхананың директоры Баян Уатаева: «Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Жеңіс Қашқынов атындағы бұл байқауды біз былтыр ақынның туғанына 80 жыл толған мерейтойы кезінде қолға алдық. Балалар және ұстаздар тарапынан ынтаның өте жоғары екенін байқадық. Биылғы сайыс кітапханамыздың құрылғанына 70 жыл толуына сәйкес келді. Басты мақсатымыз – республикамызға танымал, өлеңдері бала жүрегінен орын таба білген жергілікті ақын шығармашылығын барынша дәріптеу, балалардың кітапқа деген қызығушылығын ояту, шығармашылық талпыныстарын қолдау. Олар жаттаған ақын шығармалары білімпаз, саналы жеткіншектердің қалыптасуына ықпал ететіні сөзсіз. Расында Жеңіс Қашқыновтың шығармашылығы алуан түрлі. Ол кішкентай бүлдіршіндер тіліне оңай өлеңдермен қоса, поэмалар, дастандар, ертегілер де жазғаны белгілі. Осыған орай, ақынның осы шығармаларын танымал ету мақсатында келесі сайысымыз орта буын оқушылары арасында өтеді деп жоспарлап отырмыз».

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымынан кандидаттық диссертациясын балалар әдебиетінің ертегі жанры бойынша қорғаған әдебиеттанушы-ғалым Жанар Рүстемова: «Үлкендерге де, балаларға да арнап жыр жазған қаламгерлердің бірі – Жеңіс Қашқынов. Ақын өлеңдерін балабақша бүлдіршіндері жатқа айтады. Өлең-жырлары бастауыш мектеп оқулықтарына енгізілді. Өмірбаяны мен шығармашылығы жоғары оқу орындарының филология, педагогика факультеттері пәндерінде оқытылады. 

Оқырманы барда, іздеушісі барда ақын мәңгі жасайды. Жеңіс Қашқыновтың өлеңдерін мәнерлеп оқуға арналған «Ұнатам күзді мен!» атты сайыс – осының дәлелі. Ақынның жас ұрпаққа арналған қай өлеңін алсаңыз да, балаға, елге, туған жер табиғатына деген махаббаты сезіліп тұрады. Ақын өлеңдеріне тән танымдық, тәрбиелік сипаттар эстетикалық қызметпен ұштаса өріліп, алғашқы жолдарымен оқырманын бірден баурап алады. Ауыл тұрмысы мен тірлігін сурет етіп көз алдыңызға әкелетін «Ұнатам күзді мен», жасы кіші баланы тұрмыстық атаулармен таныстыратын «Санамақ», бала мінезі мен қылығына құрылған «Кір қуыршақ», «Тақпақ», «Көмектесем анама» өлеңдері – ақынның қайталанбас өзіндік стиль, мәнермен жазылған дүниелері. Ақын өлеңдерінің тағы бір ерекшелігі – рөлмен айтуға, көрініс түрінде көрсетуге сұранып тұруында. Осы ерекшелікті сайысқа қатысқан бүлдіршіндер сәтті, тиімді пайдалана білді. Сайысқа қатысушылар ақын әлемін жарқырата көрсетті, ақын махаббатын паш етті, жүрек лүпілін жеткізді».

Ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, «Алиф», «Сағынышбасқан» жыр жинақтарының авторы Ерқанат Кеңесбекұлы: «Жеңіс Қашқынов атында екінші жыл қатарынан өтіп жатқан бұл сайысты бірінші кезекте үлкен идеологиялық құрал деп айтуға болады. Қазіргі кезде балалар әдебиетінің өзектілігі отандық тұрғыда өте маңызды іс. Бұл байқауды қаламгердің туған топырағы – Қарағанды дәстүрлі сайыс еткен ләзім. Тіпті ақынның кезекті мерейтойында байқауды республикалық деңгейде де өткізген жөн. Жеңіс Қашқыновты республика кеңінен таниды, шығармашылығын жақсы біледі. Оның балаларға арнап жазған шығармалары жас буынды патриот, мейірімді, алғыр, тапқыр, елгезек, озық, ой-өрісі кең, жан-жақты жетілген азамат, тұлға ретінде дамытуға таптырмас көркем дүниелер. Жеңіс ақынның шығармашылығын танытуға қатысты ілкімді істердің ілгері басуына өзіміз де атсалысуға әркез дайынбыз. Бұл әруақ алдында ғана емес, сонымен бірге ұрпақ алдындағы парызымыз дер едім». 

Н. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың Өлкетану бөлімінің басшысы Сандуғаш Телпекбаева: 

«Қазақ балалар әдебиетінде өзіндік орны бар сезімтал ақын Жеңіс Қашқыновтың шығармаларын дәріптеуде Абай атындағы балалар кітапханасының игі іс-шарасы өте құптарлық. Оның өлеңдерін бастауыш сынып оқушылары жатқа оқып, сынға түсті. Ережеге сәйкес үлкен даярлықпен келген көптеген оқушылар тапсырма ретінде берілген ақынның 17 өлеңін тегіс жаттап алған. Тіпті театрландырылған көрініс арқылы өлең оқыған балалар да біраз болды. Осы байқауға байланысты ұсынысым бар. Қарағанды облыстық Білім басқармасымен бірлесе өткізілсе екен деймін. Балалар өз мектебіндегі іріктеуден өтіп келіп, ең мықты дегендері облыстық байқауда бақ сынасса, сайыстың деңгейі бұдан да арта түсері сөзсіз. Сондай-ақ Жеңіс ақынның дастан-балладалары да жетіп-артылады. Соның ішінде Кеңес Одағының батыры Қазыбек Нұржанов туралы жазған үлкен поэмасы бар. Сол дастанды да байқаудың шартына енгізсе. Оның өлеңдері өзге тілдерге де аударылған. Сол аударылған жырларын да өзге ұлыс өкілдері жаттап, оқыса тамаша болады. Осы істі бір жағынан Қазақстан халқы Ассамблеясы, оның Қарағанды облысындағы өкілдігі қолға алса, өздері үшін де игілікті іс-шара болар еді. Осы сайыста отырған кезде ақынның өлеңдерінің жыр жинағын таппадық деп жатты. Осыған байланысты Жеңіс Қашқыновтың кітаптары мектеп кітапханаларында жоқ-ау деген ой келді. Шынымен балалар әдебиетінде кітаптар аз ғой қазір. Сондықтан Жеңіс ақынның кітаптарын қайта шығарып, мектеп кітапханаларына берсе дұрыс іс болары сенімдімін». 

Қазақ тілінің қолданылу аясы тұрғысында айтылар сын мен песимистік сарындар көп-ақ. Иә, әсіресе үлкен қалалардағы үйлердің ауласында ойнап жүрген балалардың үніне сырттай құлақ түрсеңіз, көп жағдайда көңіл жабырқап қалатыны рас. Дегенмен бұған бола мойымай, жас ұрпақты туған халқының тілдік, ділдік мәйегінен ажыратпау тұрғысында, «Ұнатамын күзді мен!» тәрізді байқауларды көбірек өткізіп, бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің ақыл-есін төл руханиятының құндылықтарымен үздіксіз суарып, сусындатып отыру – тамаша нәтиже бермек.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар