Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

31.08.2022 3106

Үш торай 14+

Үш торай - adebiportal.kz

Ағылшын ертегісі бойынша қазақша өңдеген А.Байтанұлы

Ерте, ерте, ертеде ағайынды үш торай өмір сүріпті. Бұл үшеуінің бойлары да, қызғылт сары түрлері де, топ-томпақ денесі де, көңілдене бұлғақтататын кішкентай құйыршықтары да бір-біріне өте ұқсас екен. Тіпті бұл үшеуінің аттары да бір-біріне қатты ұқсас болатын. Бұл торайларды жұрт Ниф-Ниф, Нуф-Нуф және Наф-Наф деп атайтын. Үш торай жаз бойы көк майсада асыр сала аунапты, ыстық күнге әбден қыздырыныпты, көк шалғында рахаттана ұйықтап қайғысыз-қамсыз өмір сүріпті. 

Осылай серуенмен жүргенде жапырақтар сарғайып, күз де жетіпті. Күннің қызуы бұрынғыдан бәсеңдеп, аспанды кезген сүреңсіз сұры бұлттар сарғайған ну орманның үстінде қаптай жөңкілетін болыпты.

– Қыстың қамын ойлайтын кез жеткен екен! - депті таңертең ерте тұрған Наф-Наф сонда екі ағасына, – Тоңғаным соншама, тіпті қалтырап тұрмын. Былай жаурай берсек тұмауратып қалатынымыз сөзсіз. Жүріңдер ендеше, уақыт кеш болмай тұрғанда бірлесе қимылдап, басымызға үй тұрғызып алайық. Сонда еш алаңсыз қыс бойы жылы шатырдың астында бірге өмір сүретін боламыз.

Алайда екі ағасы мұның айтқанын тыңдап жұмысқа кіріскісі келген жоқ. Олар жер қазып, ауыр-ауыр тастарды көтеріп тасып жандарын қинағанша, ендігі қалған жылы күндерді пайдаланып көк шалғында армансыз шапқылап, асыр салып өткізгенді жөн санады. 

– Қойшы, әлі үлгереміз! Қыс түсекнше әлі қаншама уақыт бар! Біз сондықтан әлі де болса сайран сала беретін боламыз, - деген Ниф-Ниф ағасы тоңқалаң асып түсіп, көк шалғында аунап домалай жөнелді.    

– Қажет болса, күн суыта мен де өзіме үй тұрғызып аламын әлі, - деп мәлімдеген Нуф-Нуф та ағасының соңынан көк шалғынға аунай берді. 

– Иә, мен де сөйтетін боламын, - деп оны қостай берді Ниф-Ниф. 

– Мейлі, ондай болса өздерің біліңдер, мен ескертіп айттым. Ендеше үйді жалғыз өзім тұрғызатын боламын, – дейді Наф-Наф, – сендерді күтетін уақыт та қалған жоқ.

Сөйтіп айдан ай, күннен күн өтіп, уақыт жылжып қыс жақындаған сайын суыта беріпті. Бірақ әлгі Ниф-Ниф пен Нуф-Нуф тіпті де асықпапты. Олар жұмыс істеу, өздеріне баспана тұрғызу туралы ойнына да алмапты. Сөйтіп олар таң атқаннан күн батқанға дейін құр босқа ерігіп сандалып, уақыт өлтіріп жүре беріпті. Өздеріне тән торайлық ойындарын шаршағанша ойнап, шалғында домалап аунап, секіріп жүгіргеннен басқа ештеңе бітірмепті. 

– Бүгінгі күнді де кешегідей сауық-сайранмен өткізейік те, – дейді олар бір-біріне, – сосын ертеңнен бастап іске кірісеміз.

Бірақ осылай айтқандарымен, олардың осындай «күнде ертеңдері» таусылмапты. Бір күні таңертең оянғанда олар жол жиегіндегі биік шалғынды бүркеген жұп-жұқа мұзды көргенде ғана жалқау ағайындылар естерін жиып, бірден баспана тұрғызу жұмысына кірісіп кетті. 

Ниф-Ниф сонда үйді тым қарапайым тәсілмен: биік сабаннан тұрғызып алмақ болып шешеді. Сөйтіп ол бауырларымен де, өзгелермен де еш ақылдаспастан істі бастап кетіп, кеш түсе жұмысын аяқтапты. Осылайша Ниф-Нифтің баспанасы – сабан күркесі әзір болыпты. Ниф-Ниф шатырға соңғы бума сабанды төсеп жатып, өзінің атқарған шаруасына дән риза кейіппен былай деп әндетіпті:

Жарты әлемді шарласаң да,

Қанша жерді айналсаң да,

Мұндай үйді табу қайда,

Табу қайда, табу қайда! 

Осылайша өзіне дән риза кейіпте әндеткен ол ініссі Нуф-Нуфқа келеді. Бұған жақын жерде Нуф-Нуф та өзіне қыста тұратын үй тұрғызып жатыр екен. Ол да ағасы тәрізді осы бір үй тұрғызу дейтін көңілсіз шаруаны тезірек аяқтап тастауға тырысқан екен. Бастабында Нуф-Нуф та Ниф-Ниф ағасы сияқты үйді сабаннан тұрғызып шығуды ойластырады. Бірақ мұндай үйдің қыста суық болатынын аңғарған ол баспанасын бұталар мен шыбықтардан тоқи отырып салмақ болып шешеді. Сөйтіп ол осы тәсілді қолдана отырып ойлаған үйін тұрғызып шығыпты. Ол бұталарды жерге қағыпты, оған шыбықтарды тоқып өріпті, оның үстіне құрғақ жапырақтарды көптеп төсеп жауыпты. Осылайша кешке таман жұмысты аяқтап, үйі дайын болыпты. Нуф-Нуф та өзінің атқарған ісіне аса риза болады. Сөйтіп ол үйін бірнеше рет насаттана айналып өтіп, былайша әндетіпті:

Үйім жақсы – өзім салған,

Әрі жаңа, нық қалағам.

Ешбірінен мен қорықпаймын,

Жаңбырдан да, найзағайдан! 

Нуф-Нуф салған әнін аяқтап үлгермей жатып, бұтаның арасынан ағасы Ниф-Ниф жүгіріп шықты:

– Мінеки, сенің де үйің дайын болған екен! - дейді Ниф-Ниф ағасына. – Бұл шаруаны әлі-ақ үлгереміз деп баяғыда айтып едім ғой, саған! Мінеки, бұдан былай біздің бәріміздің қолымыз бос, қысқа дейін қалай сайран салсақ та болады емес пе!

– Ендеше қазір Наф-Нафқа барайық. Оның өзіне қандай үй тұрғызғандығын көрейік! - деді Нуф-Нуф. – Өзін көптен бері көргеміз де жоқ! 

– Кеттік, ендеше, үйін барып көрейік. – деп Ниф-Ниф те келісе кетті. Сөйтіп екі ағасы өздерінің бүгінгі атқарған істеріне соншалықты тоқмейілсіген түр танытып, бұта ішіне қарай беттеді.

Ал Наф-Наф болса бірнеше күн бойы құрылыс жұмысын жүргізумен әуре болып жатқан еді. Ол жан-жақтан тас тасыды, балшық иледі.  Осылайша құрылысқа қажеттілердің барлығын әбден дайындап алған соң қатты желге де, сары аязға да төтеп беретіндей берік те, қабырғасы қалың жылы үйді тұрғыза бастады. Осы маңға жақын жердегі орманда жүретін қорқау қасқырлар келіп кіріп кетпес үшін мықты тиегі бар ауыр емен есікті де орнатып алды.

Желе жортып жеткен Ниф-Ниф пен Нуф-Нуф өздерінің інісі Наф-Нафты қызу жұмыс үстінде кездестірді. 

– Сен не тұрғызып жатсың өзің?! – деп мұның ісін көрген Ниф пен Нуф-Нуф қосарлана айқайлап жібереді. – Бұл не нәрсе, торайдың үйшігі мен әлде бекініс қамал ма? 

– Иә, торайдың үйі тасқамал берік болуы тиіс ! – деп екі ағасына жауап қатқан Наф-Наф, жұмысын әрі қарай жалғастыра беріпті.  

– Сен өзі, біреумен соғысқалы жатқаннан саусың ба? - деген Ниф-Ниф інісін әжуалай қорсылдап, Нуф-Нуфқа қуланып көз қысты. Екі ағасының ойыны тасып көңілденгені соншама, олардың тарсыл-тұрсылы мен қорсылы осы маңдағы шалғыннан да асып, алыс жақтарға жаңғырыға естіліп жатты. 

Ал Наф-Наф болса ештеңеге де назар аударып мойын бұрмастан үйінің тас қабырғасын қалаумен әуре болып жаттты. Сонда ол бәсең дауыспен былайша әндетіпті:

Ақылым бәрінен асқан,

Ақылым бәрінен асқан!

Үй тұрғыздым тастан,

Үй тұрғыздым тастан!

Болса да күшті аң тіпті,

Болса да жауыз, қауіпті,

Бұза алмас мына есікті,

Аша аламас мына есікті! 

– Бұл өзі қандай жауыз аң туралы, қауіпті аң туралы айтып тұр? - деп таңдана сұрапты Ниф-Ниф бауыры Нуф-Нуфтан. 

– Сен өзі қандай аң туралы айтып тұрсың? - деп сұрапты сонда Нуф-Нуф Наф-Нафтан.

– Мен жаыртқыш қасқыр туралы айттым! - депті Наф-Наф асықпай тағы бір тасты қабырғаға қалап жатып.   

– Қарай гөр өзін, мұның қасқырдан қалай қорқатынын көрдің бе! – деп күліпті Ниф-Ниф.  

– Өзімді қасқыр жеп қояды деп қорқады екен! - деп Нуф-Нуф та інісін қостапты. Екі ағасы мұның сөзіне бұрынғыдан бетер қорсылдай дауырығысады.

– Осы араға дейін келетін қайдағы қасқыр? – дейді Ниф-Ниф. 

– Ешқандай да қасқыр жоқ. Мұны айтып тұрған оның өзі қорқақ! - деп мазақтайды Нуф-Нуф. Сөйтеді де екеуі қол ұстасып алып, әндетіп билеп жөнелді:   

Біз қорықпаймыз қасқырдан,

Сұры албасты басқырдан.

Ақымақ қасқыр қайдасың?

Кәрі қорқау, алжыған?

Екі ағасы тағы да біраз Наф-Нафтың қытығына тиіп, оны ашуландырмақ болып еді, ол бұларға бұрылып та қарамады. Өзінің тиісті жұмысын жалғастыра берді.

– Кеттік, онда Нуф-Нуф, – деді сонда Ниф-Ниф. – бізге бұл жерде бітіретін ешқандай іс жоқ! 

Сөйтіп екі «батыр» ойындарын әрі қарай жалғастыруға жөнелді. Олардың жолда әндетіп-билеп ну орманды басына көтере шулағаны соншама, дәу қарағайдың түбінде ұйықтап жатқан қасқыр оянып басын көтереді.

– Бұл не шу-шұрқан өзі? – деп орнынан тыжырына көтерілген ашулы аш қасқыр әлгі шуыл естілген жерге таяп келіп бақылап қарады. Қасқыр қорсылдай  әндетіп келе жатқан екі ақымақ торайды көрді.

– Бұл жерде қайдағы қасқыр! - депті осы кезде қасқырды тек суреттен ғана көрген Ниф-Ниф. 

– Қасқырды кездестіретін болсақ, оны ұстап тұмсығынан қысып алып, әкесін танытып ұрамыз! – деп өзі де әлі күнге дейін тірі қасқырды көрмеген Нуф-Нуф ағасына қосыла есіріпті.

– Қасқырды ұстап аламыз да жерге жығып салып байлап тастап, аяқпен былай, былай тепкілейміз! - деп Ниф-Ниф қасқырды қалай ұрып-соғатынын көрсетіп мақтанып мәз болады. Ағайынды екеуі осы кезде тағы да көңілдене әндетеді:

Біз қорықпаймыз қасқырдан,

Сұры албасты басқырдан.

Ақымақ қасқыр қайдасың?

Кәрі қорқау, алжыған?

Осылай көңілдене томпаңдап келе жатқан олар кенет алдарында тұрған нағыз тірі қасқырды көрді. Қасқыр биік, жуан ағаштарың ар жағында қарап тұр екен. Қараса: қасқырдың түрі сондай қорқынышты екен, арандай ашылған аузынан сойдиған тістері ырсияды. Ниф-Ниф пен Нуф-Нуфтың қорыққаны соншама, арқаларын сұп-суық тер жауып, жіңішке құйыршықтары әлсіз дірілдей бастады. Байғұс торайлардың зәрелері ұша шошығаны соншама, тіпті орындарынан қозғалуға да шамасы келмеді. 

Қасқыр тұра ұмтылмақ болып тісін қайрай шықырлатып, көзін жыпылықтата жарқ еткізгенде торайлар да естерін жиып алып үйлеріне қарай зыта жөнелді. Бұған дейін ешқашан да дәл осындай жылдамдықпен тез жүгірмеген болар! Тұяқтары жалтылдап жердің шаңын шығара құйғытқан екі торай зытқан қалпы әрқайсысы өз үйлеріне жетіп үлгерді. 

Ниф-Ниф өзінің қамыс үйіне бірінші келіп жетіп, соңынан қуып келіп қалған қорқау қасқыр аузын сала бергенде есікті жауып үлгерді.   

– Аш деймін есікті жылдам! – деп ашулана ырылдады қасқыр. – Әйтпесе оны бұзамын! 

– Жоқ-жоқ, – деп діріл қаға қорсылдайды Ниф-Ниф, – ашпаймын! 

Есіктің сыртында қорқынышты жыртқыштың ырылдай тыныс алғаны естіліп тұрды.

– Аш деймін, жаныңның барында! - деп тағы да ырылға басты қасқыр. – Қазір қатты үрлеп қалсам мынау үйінің быт-шыты шығады! 

Алайда бұл кезде Ниф-Нифтің қорыққаннан қасқырға тіл қатуға шамасы дақалмаған еді. Осы кезде қасқыр үйшікке қарай: «Ү-ү-ф-ф-ф-ф-ф-ф!» - деп қатты үрлей бастады. Осы кезде күркені жапқан сабан жан-жаққа ұшып, үй солқылдай бастады. Қасқыр тағы бір рет терең дем тартып алып, бұрынғыдан да қатты үрлей бастады: «Ү-ү-ф-ф-ф-ф-ф-ф!». Қасқыр осылайша үшінші рет үрлеген кезде қатты дауыл соққан тәрізденіп, сабан үйшік жан-жаққа шашылып қалды. 

Қасқыр қарсы алдында дірілдеп тұрған кішкентай торайды көргенде сілекейі шұбырып арс етті. Алайда дәл осы сәтте ес жиған Ниф-Ниф жалма-жан жалт бұрылып қаша жөнелді. Торай қашқан бойы інісі Нуф-Нуфтың үйіне жетіп, есіктен ішке еніп үлгерді. 

Екі торай есікті әрең дегенде жауып үлгеріп, демдерін басқанша сыртта қасқырдың дауысы да естілді:

– Осында келіп  ендің бе, бәлем! Ендеше, қазір екеуіңді бірдей жейтін боламын! 

Шошынған Ниф-Ниф пен Нуф-Нуф бір-біріне үрейлене қарады. Бірақ осы кезде торайларды қуа-қуа әбден шаршаған қорқау қасқыр қулыққа көшуді жөн көрген екен:

– Жарайды, мен сендерді жейін деген ойымнан айнып қалдым! – дейді ол әдейі үйшіктегілер естісін деп қаттырақ дауыспен. – Мен тыртиған арық торайлар сендерді жеп қайтемін! Онан да үйіме қайтайын!  

– Әне, естідің бе? – деді Ниф-Ниф Нуф-Нуфқа. – Ол бізді ап-арық болған соң жемейтін болды!

– Бұл дегенің керемет қой! - деп қуанғанынан айқайлап жіберген  Нуф-Нуф дірілдеуін әп-сәтте қоя қойды. Қасқыр кетті деп көңілдері орныққан ағайындылар ештеңе болмағандай жайбырақаттанып баяғы әндеріне басты:

Біз қорықпаймыз қасқырдан,

Сұры албасты басқырдан.

Ақымақ қасқыр қайдасың?

Кәрі қорқау, алжыған?

Зымиян қасқыр болса үйдің жанынан кетпеген болатын. Ол үйді айнала беріп, бұта арасында бұғып жатқан еді. Торайлардың үйдегі қылығы оған өте күлкілі көрінді. Аңқау торайларды осылайша оңай алдағанына дән риза болған қасқыр олардың күлкілі іс-әрекетіне қарқылдап күліп жібермеу үшін өзін әрең ұстап жатқан болатын! Торайлардың көңілі әбден орнына түсті-ау деген кезде қасқыр қойдың терісін тауып алып, соны жамылып алды. Сөйтіп ол торайлардың үйіне келді. Есіктің алдына келген соң ақырын ғана тықылдатты. Ниф-Ниф пен Нуф-Нуф бұл тықылды естігенде жүректері тас төбесіне шыға шошып кетті. 

– Бұл кім? – деді сұраған кезде олардың жіңішке құйыршықтары тағы да дірілдей бастады.   

– Бұл м-е-ен, суықтан жаураған қоймын! – деп жуан дауыспен қырылдай сөйлейді қасқыр. – Отардан адасып қалдым, үйлеріңе кіргізе көріңдерші! Қатты шаршадым!! 

– Кіргіземіз бе? – деп ағасынан сұрады мейірімді Ниф-Ниф. 

– Қой ғой, оны кіргізуге болады! – деп келісті Нуф-Нуф. – Қой – қасқыр емес қой! 

Олар сөйтіп есікті ашып қалғанда,  алдарында тұрған қойды емес, тісі ақсиған бағанағы қорқау қасқырды көрді. Ағайындылар есікті жылдам жаба қойып, қорқынышты қасқыр кіріп кетпесін деп бар күштерімен итеріп тұра қалды. Кіре алмай қалған қасқыр бұл жолы торайларды алдай алмағанына өкініп қалды. Қойдың теріңсін лақтырып жіберді де былай деп ырылдады:   

– Бәлем сендерді ме! Қазір бұл үйшіктеріңді түгін қалдырмай қирататын боламын! 

Ол дем тартып тұрып қатты үрлеп жібергенде үй біраз қисайып кетті. Қасқыр сөйтіп үрлей берді, үрлей берді. Шатырға төселген жапырақтар ұшып, қабырғалар солқылдай бастағанымен, үйшік бірден құлай қоймады. Қасқыр бесінші рет бар пәрменімен күшін жинап тұрып үрлеп жібергенде үйшік қисайып барып күл-талқаны шығып құлады. Тек үйдің есігі ғана үйіндінің арасында құламай біраз шайқалып тұрды.      

Зәрелері ұшқан торайлар тағы да қаша жөнелді. Қорқыныш меңдеп, денелерінің әрбір қылы қалтырап, аяқтары салдырап, тұмсықтары кеберсіп қалды. Ағайындылар Наф-Нафтың үйіне қарай бар пәрменімен зымырады. Қасқыр да соңдарынан қалмай зулап қуып келеді. Тіпті бір рет қасқырдың тым жақын қалғаны соншама, Ниф-Нифтің артқы аяғына ауыз сала берген кезде, ол жұлқи шыңғырып жан ұшыра зулады. Қасқыр да оларды біртіндеп өкшелеп қыспаққа ала түсті. Ол бұл жолы торайлардың өзінен құтылмайтынына сенімді болатын. Бірақ қырсыққанда оның тағы да жолы болмауға айналды.

Торайлар қарсы тұрған жуан алма ағашының жанынан оған соқтықпастан, жанынан зымырай айналып өте шықты. Қасқыр болса айналып үлгере алмай ағашты бар күшімен келіп соққанда, бұтақтардағы дәу алмалар басына сауылдай топылдап түсе бастады. Бір қап-қатты үлкен алма екі көздің ортасына қатты тиіп, қасқырдың шекесі күп болып ісіп кетті.   

Бұл кезде жан ұшыра қашқан Ниф-Ниф пен Нуф-Нуф өлдім-талдым дегенде інілері Наф-Нафтың үйіне жетіп үлгерген болатын. Естері шыға қорыққан ағаларын үйге кіргізеді. Байғұс торайлардың қорыққандары сондай, тіпті сөйлеуге де шамалары келмеді. Олар үн-түнсіз төсектің астына кіріп, бұғып-бұғып жата қалды. Наф-Наф олардың артынан қасқыр қуып келе жатқанын бірден сезген болатын. Алайда оның тастан қаланған үйінде ештеңеден қорықпауға болатын еді. Ол есіктің тиегін жылдам сала қойып орындыққа жайғасып отырып, дауысын қатты шығара былай деп әндетті:

Болса да қандай аң тіпті, 

Болса да, залым, қауіпті, 

Бұза алмас мына есікті,

Аша аламас мына есікті

Дәл осы кезде есікті біреу сабалап тарсылдата жөнелді.   

– Есікті сабалай қағып тұрған кім бұл? – деп сабырлы дауыспен сұрады Наф-Наф.

– Босқа сөйлемей есікті аш жылдам! – деген аш қасқырдың дөрекі дауысы естілді. 

– Есікті қалай ашпақпын саған! Ашпақ түгілі мұндайды тіпті ойыма да алмаспын! – деп іштен қатқыл үнмен жауап берді Наф-Наф. 

– Мыналарды қара! Ендеше, қарап тұрыңдар! Енді үшеуіңді бірдей жейтін боламын! 

– Жемек болып тырысып көр, ендеше! – деп жауап берген Наф-Наф қорықпақ түгілі тіпті орындығынан тұрған да жоқ. Ол өзіне ағаларымен бірге бұл берік тас үйде  еш қорқыныш жоғын жақсы білетін. Қасқыр болса, алдыңғылардыкін бұзғандай әдіске басты. Ол демін тартып тұрып, тас үйді бар шамасынша үрлей жөнелді! Бірақ қанша үрлегенімен, үйді төңкеру түгілі, кішкентай тасты да орнынан қозғай алмады. Қасқыр үрлеп-үрлеп, күшене-күшене көкпеңбек болып ісініп кетті.

Тас қамалдай берік үй еш мызғымады. Амалы құрыған қасқыр есікті жұлқылап та көрді. Бірақ оған да шамасы келетін емес екен. Ызаланған қасқыр сояудай тырнағымен үйдің қабырғасын тырнап, жиналған тастардың арасын аршып, тасты кемірмек болғанда тырнағын сындырып, тісін жарақаттап алды. Аштықтан әбден бұралған ашулы қасқырдың бұдан кейін басы ауған жаққа зытудан басқа еш амалы қалмаған еді. Сөйтіп тұрғанда ол кенет басын көтеріп қарап еді, шатырдың биік мұржасын көрді. 

– Әп бәлем, сендерді ме! Осы мұржа арқылы үйге кіріп көрейін, ендеше! – деп ойлаған қасқыр қуанып кетті. Ол шатырға еппен баспалап шығып, іштен тың тыңдады. Үйдің іші тып-тыныш, тым-тырыс. «Мен бүгін қайтсем де торайдың жас етіне тоюым керек», – деген қияли ойдан сілекейі шұбырып кеткен қасқыр мұржаға басын сұқты. Қасқыр мұржамен түсіп келе жатқан кезде торайлар да тысырлаған дыбысты естіді. Пештің үстіне күйе жауып түсе бастағанда-ақ айлакер Наф-Наф бұл істің немен бітетінін аңғарып қойған еді. Ол пеште сақырлап қайнап дайын тұрған суға тұра ұмтылып жетті де, қақпағын жұлып алды.

– Мархабат етіңіз! – деді сонда Наф-Наф өзінің ағаларына көзін қысып. Ниф-Ниф пен Нуф-Нуфтың да жүректері орнына түсіп, ақылды да батыл інілерінің мына әрекетін қуана тамашалап тұрған болатын.  

Торайларды көп күттірместен қасқыр да жетті. Мұржа тазалаушы сияқты үсті-басы қап-қара күйе қасқыр жоғарыдан сырғи түсіп, қайнап тұрған суға күмп етті. Күні бүгінге дейін ешқашан дәл осындай ауырсынбаған шығар! Көзі күп болып ісіген, терісі салтақ-салтақ.  Терісі ыстық суға әбден күйіп жидіген қасқыр мұржаға қарай жандәрмен қайта секіріп шығып, шатырдан жерге қарғып түсті. Түсе бере жерге төрт-бес рет домалай сүріне қыңсылап-қаңқылдап, құйрығын қысып алып, орманды бетке алып зымырай жөнелді.

Үш ағайынды, кішкентай үш торай болса жауыз қарақшыдан, қорқау қасқырдан қалай құтылғандарына мәз болып, соңынан қарап тұрды. Сәлден соң олар өздерінің көңілді әндеріне басып былайша шырқады:

Жарты әлемді шарласаң да,

Қаншама рет айналсаң да,

Мұндай үйді табу қайда,

Табу қайда, табу қайда! 

 

Болса да қандай аң тіпті, 

Болса да, залым, қауіпті, 

Бұза алмас мына есікті,

Аша аламас мына есікті

 

Ормандағы қасқыр да,

Оралмайды еш мұнда!

Келмейді енді ол мұнда,

Келмейді бізге ол мұнда!

Осыдан кейін ағайынды үш торай бір үйде, бір шатырдың астында тату-тәтті өмір сүре бастапты. Ағалары інісі Наф-Нафтың ақылы мен айласына риза болып, одан алдыңғы қылықтары үшін кешірім сұрапты. Мінеки, балалар, біздің ағайынды үш торай Ниф-Ниф, Нуф-Нуф және Наф-Наф туралы білетініміз осы еді. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар