Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 9

11.04.2019 646

Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 9

ІХ

1928 жылдың 15 ақпанында “Советская степь” әлдебір Томиловтың “Деревня жазбаларын” (“Деревенские заметки”) басты. Ол былай деп жазады:

“ХV съезде тасталған ауыл шаруашылығын коллективтендіру ұраны деревняда, әсіресе кедейлер ортасында қызу қолдау табуда...

Коллективтендірудің қарсыластары оның жақтаушыларын әскери коммунизм кезеңінде құрылған әртүрлі коллективтік шаруашылықтардың (коммуналар) ыдырау мысалдарымен қорқытуда.

Коллективтендіру мәселесінің біздің баспасөзімізде, біздің үгіт-насихатымызда және біздің саяси ағарту жұмысымызда жеткілікті түрде көрсетіліп отырмағандығын мойындау керек.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 8

Осындай олқылықтардың салдарынан, кулактар шаруашылықты коллективтендіру туралы ұранды өңін айналдырып, қыңыр-қисық түсіндіру арқылы орташаларды “коммунамен” қорқытуға мүмкіндік алуда...

Шаруалар жиналыстарының бірінде: “Міне, партия съезі коллективтендіруді жүргізуге шешім қабылдады. Ал ол қалай жүргізіледі – ерікті ме әлде мәжбүрлі түрде ме?” деген сұрақ қойылды”.

Көріп отырғанымыздай, журналист сұрақты орынсыз деп санап, аңқаулықпен (немесе өтірік) таңғалады, ол тіпті оған жауап беруді қажет деп те санамайды. Мінберден айтылғанмен газетте жазылғанның бәріне ойланбастан еш күмәнсіз сеніп әдеттенген оның шаруалардың не себепті алаңдайтынын түсінуі мүмкін емес.

ХV съезден оралған Голощекин Қызылордадағы партактив жиналысында “жаңа асулар” туралы әмірлі үнмен сөйледі:

“...Большевизмнің бүкіл тарихын бір жеңістен екіншісіне өту түрінде көрсетуге болады, бірақ сонымен бір уақытта бұл – бір қиындықтан екіншісіне өту.

...Большевиктердің бүкіл тарихы – бұл екі майдандағы күрес тарихы. Біз екі жауды жеңуге тиіспіз. Негізгі жау – капитализм. Екінші жау күш – бұл пролетариатқа буржуазиялық және ұсақ буржуазиялық ықпал етушілік”.

Осыдан кейін ол неғұрлым нақтырақ сөйледі:

“Кулактар шаруашылығы” кедейлер шаруашылығына қарағанда ірі шаруашылық ретінде шапшаңырақ өсуде. Кулактарға шабуыл – бұл, ең алдымен, ірірек коллективтік шаруашылыққа, кедейлер мен орташаларды коллективтендіруге бағыт алу”.

Филипп Исаевич “кулак өсуде” деп бұрын да айтқан болатын, алайда бұл кедейлерді таптық жауына қарсы жақсырақ топтастыру мақсатында асырып айтылған сөз еді; іс жүзінде 1928 жылы “кулак-бай” әлеуметтік тобы Қазақстанда 6-8%-дан 3-4%-ға дейін кеміді (РСФСР бойынша 3,9%-дан 2,2 %-ға дейін).

Неліктен мен “кулак-бай” әлеуметтік тобын тырнақшаға алып отырмын? Иә, “кәмпескеленген” байлардың байлығы туралы біз айтқанбыз: пішен шабатын және шөп тырмалайтын машина әрбір шаруашылықта болған жоқ және әрбір киіз үйде кілем де бола берген жоқ дедік. Ал “кулактар” деп аталатынға келсек, оның қатарына өкімет ең еңбексүйгіш және пайым-түсінігі бар шаруаларды (крестьяндарды) қосты (оларды кейін жою үшін), бірақ олар да байлар емес еді. Бертінірек кездері белгілі болған объективті деректер көрсеткеніндей, тәркілеудің алғашқы жылында, яғни 1930 жылдың басынан жазына дейін 320 мың кулак шаруашылығынан кәмпескеленген мүліктің құны 400 миллион сомнан сәл артық болған (бұған үй, мүлік, мал т.б., ең ақыры, құс төсек пен құс жастыққа дейін енген). Бір кулак отбасы мүлкінің орташа құны 1250 сомға (рубль), яғни маман жұмысшының жылдық еңбекақысына теңестірілген. Міне, көр­ діңіз бе, күні-түні пролетариат диктатурасын жоюды армандайтын ауыл (деревня) кедейлерінің сайтан алғыр қанаушылары бүкіл өмір бойында қаншама көп байлықты кедейден сығып алған десеңізші.

Көп ұзамай халықтан астық жинау науқаны басталды. Сібірден оралған Сталин “заң негізінде алыпсатарлар мен кулактардың алыпсатарлық элементтерінен кәмпескеленген артық астықтың 25 пайызын кедейлерге, ұзақ мерзімдік несие түрінде олардың тұқымдық және қажет болған жағдайда тұтынушылық мұқтаждарын қанағаттандыру үшін беру” туралы айтылған “БК(б)П-ның барлық ұйымдарына” директивасына қол қойды.

Ауыл (село) – барлығы туралы бәрі білетін орын. Қиын күндерге арналған астық толы сақтық ұрасын “пролетарлық” қырағы көзден қалай жасырсаңыз да, міндетті түрде ерте ме, кеш пе, көршінің күншіл көзі іздеп табады, міне, сол кезде “саналы” кедей ауқатты орташаны көрсетіп, оның жасырған артық астығын тауып береді және жер өңдеп, егін егіп, тер төкпей-ақ көршісінің астық қорының төрттен бір үлесіне тегін сый ретінде ие бола кетеді. Осылайша большевиктер ауылды (деревняны) тағы да бір рет сөз тасығыш өсекшілерге және басқаның игілігіне қолсұғушылардың құрбандарына, сонымен қатар олар өздері кімдерді қайыршыландырып, түрмеге тығуды, ал отбасын ел ақтатып, қаңғытып жіберуді ойлаған болса – сондайларға бөлді.

Сәуірдің соңында, әдетте, Голощекин төменгі қызметкерлерге жабатын әртүрлі “асыра сілтеу­ лер мен бұрмалауларға” қарамастан, астық дайындау жөніндегі жоспар орындалмай қалды. Ұжымдастыру әрең-әрең аяғынан тұра бастады, ал бұл екіарада өлкелік комитеттің бірінші хатшысы ірі мал шаруашылығы және егін шаруашылығы кеңшарларын құру міндетін қойды. Артық та емес, кем де емес – бірден ірі кеңшарлар бер. Бұл – көшпенді және жартылай көшпенді мал шаруашылығында және көптеген ұсақ егіншілік шаруашылықтарында!..

Бұл аралықта белсенділер астық ұраларын тексеріп, астық қоры тек кулактарда ғана емес, сонымен бірге орташалар мен кедейлерде де бар деп реніш білдіре мәлімдеді. Соғыс туралы және ЖЭС-тің (НЭП) жойылуы жөніндегі “кулактық” өсек-аяңды әшкереледі. Ал соғыс қаупімен кулак емес, дәл сол өкіметтің өзі қорқытты; ЖЭС-ті жойды, бұл дұрыс ойлай білетіндердің бәріне белгілі жай еді: селода азық-түлік салымы ысқырып тұрды. Адамдарды сұрапыл үрей билеп, олар аштықтан қорқып, сақтық қор үшін артық астық жинай бастаған болса, бұған таңғалатын несі бар, өйткені әскери коммунизмнің аштық жылдарынан бері көп уақыт өте қойған жоқ еді. Алайда қарны тоқ, қам-қайғысы жоқ өкімет “артық” астығын арзанға сатудан жасыруға дәті барған шаруаларға қатты кейіді. “Қазір астық дайындау жөніндегі жұмыс барлық артық астықты дереу мемлекетке сату үшін үгіт жұмыстарын өрістетуге келіп саяды. Егер тек әрбір орташа шаруа 15-20 пұттан сататын болса, біз астық дайындау жоспарын мерзімінде орындаймыз. Қазіргі кезде әзірше ілгері басушылық жоқ...” – деп жазды газеттер.

“Советская степь” газетінде “Астық дайындауға зиян келтірушілерге соққы берейік” (“Удары по вредителям заготовок”) деген тұрақты айдар пайда болды.

12 маусымдағы нөмірі “Аштықты айтып кім зарлайды?” деген сауал қойылған тақырыппен жарық көрді.

Оның жазуы бойынша, кезектен “алынған” төрт “тоғышардан”, тексеру барысында, “үлкен астық қоры” табылған екен. Бұлар болса, “алыпсатарлар” (кезекте тұрған адам ешқандай себепсіз тұтқындалады, оған тінту жүргізеді және осы жағдайда оны “алыпсатар” деп атайды) және “Ойбай, астық жоқ! Аштық келе жатыр! Құтылыңдар, қор жинаңдар!” деп үрей мен “дүрбелең туғызады”...

Көп кешікпей-ақ революциялық айла-шарғының халықты қайда бастап бара жатқанын адамдардың дұрыс түсінгені белгілі болды. Ал мұны басқалардан бұрынырақ болжап білгендерді қудалады және бірінші кезекте соттады.

“Советская степь” газетін парақтап көрейік.

1928 жылдың 18 маусымы. “Әлі де аштықпен қорқытушылар туралы. (Біздің ақмолалық тілшімізден.)

Ворошилов болысының Вознесенская станицасы... Кедейлер жиналысында ұйымдасқан кулактар аштық туралы әртүрлі үрей туғызып, астық дайындауға қарсы тегеурінді үгіт-насихат жүргізді. Кулактардың қысымымен жиналыс:

“Біздің аш екендігімізге және Совет өкіметі бізді аштан қырылуға айдап салып отыруына байланысты астық тапсырмаңдар, ал дайындалған астықты өздеріңде қалдырыңдар...” деген үндеу қабылдады.

Қандай? Міне, кулактың мүйізі шығып келеді...

Тексеру анықтағанындай, станицада 20 000 пұттан аса бастырылмаған астық бар...

Бұл қарсылық ақыр аяғында талқандалуға тиіс”.

Шаруаларға қысым күшейе түсті, егіншілер мен малшылардың үш қабат жон терісін сыдырып алуға кірісті. Мұны өкімет жасырған да жоқ. 1928 жылдың шілдесінде БК(б)П ОК пленумында Сталин былай деді:

“Бізде қазіргі кезде шаруалардың жағдайы мынадай болып тұр: ол мемлекетке әдеттегі тікелей және жанама салықтарын ғана төлеп отырған жоқ, сонымен бірге ол тағы салыстырмалы түрде жоғары бағада өнеркәсіп тауарларына артық төлейді – бұл біріншіден және ауылшаруашылық өнімдері үшін баға бойынша азды-көпті кем алады – бұл екіншіден. Бұл бүкіл елге, оның ішінде, шаруаларға да қызмет ететін индустрияны көтеру мүддесімен шаруаларға салынған қосымша салық. Бұл – “алым” түріндегі әлдене, артық салық...

Бұл іс, айтары жоқ, жағымды емес. Бірақ біз, егер бұл фактіні боямалап көрсететін болсақ және шаруаларға салынған бұл қосымша салықсыз, өкінішке қарай, біздің өнеркәсіп, біздің еліміз әзірше қиындықтан жол тауып шыға алмайтынына көз жұма қарайтын болсақ, онда біз большевик болмаған болар едік”.

“Большевиктік турашылдығына” қарамастан, ашық пікірлі Коба алымды (дань – ауд.) құлданылған адамдар төлейтінін және бұл “әзіршенің” мерзімін анықтамағанын айтпай қалды... Ол аз десеңіз, шаруалар алым төлеп отырса да, осы жағдайдың өзінде де оларды өкіметтің қауіпті жауы деп санады. Азамат соғысы кезінде болғанға ұқсас, адамдар арасындағы қатыгездік қатерлі ісік сияқты өсіп, күннен-күнге насихат арқылы өрши түсті.

Газет тақырыптары былайша айғайласты:

- Кулак пен байға шабуылды күшейтейік!

- Кулак бұзақыларының қолында.

- Бай мен ақсақалдың құшағында.

- Байлар мен қылмыскерлерді қуып шығайық!

- Кулактар мен байларды қаттырақ соғайық!

- Кулак пен байға шабуылға шығайық!

* * *

Ол кезде құдіретті де әмбебап болып көрінген тазалау әдісі күшіне мінді (дегенмен бұл әдіс кеңес өкіметінің бірінші күндерінен бастап әртүрлі жағдайда қолданылды және оны өз кезінде Маяковскийдің: “Мен өзімді тазартамын қарап Ленинге, революциямен жүзу үшін әлі де...” деген мейлінше қызықты жолдармен жырлауы тегін емес).

Тазартты... партияны жікшілдер мен ұлтшылдардан, ұжымшарларды кулактар мен байлардан; зауыттар мен фабрикаларды әлеуметтік жат кадрлардан; село мен ауыл-қыстақтарды шіркеуден және мешіттен; жоғары оқу орындарын табы бөтендерден; мектептерді кулак балаларынан... және бәлкім, әлдебір жерлерде балабақша мен яслилерді... тазартты. Ленин мен Сталин ашқан әлеуметтік жат элементтердің периодтық жүйесі Менделеевтің қарапайым кестесіне қарағанда әлдеқайда кең де күрделі болып шықты.

Бәрі дайындалған, тексерілген, сынақтан өткен: алдымен тазалау, одан соң асырасілтеушілікпен күрес, одан кейін келесі тазалау...

Міне, “Советская степь” газеті 1929 жылдың 24 қаңтарында екі шағын мақала жариялады: “Құқығынан айырылғандар өңін өзгертеді” (“Лишенец меняет кожу”) және “Асыра сілтеу сабақтары” (“Уроки перегибов”). Алғашқы хабарламада сайлау комиссиясына сайлау құқығын қалпына келтіру туралы көптеген өтініштердің келіп түскені туралы айтылған. Әрине, автор өздерінің азаматтық құқықтары жөнінде ауыз ашуға ұялмаған тап жауларының айла-шарғысына кейістік білдіріп, олардың бәрін бас-басына “бай”, “молда”, “кулак” деп атайды. Ал оның қатарында Қостанайдан түскен хабар: Затобольск ауданында сайлау құқығынан айырғандарды тексеріп, 1222 адамнан тұратын тізімнің үштен екісін қысқартқан, өйткені “айырылғандар” санатына тіпті “орташалар” да кіріп кеткен болып шықты. Сірә, қостанайлықтар да павлодарлықтар сияқты тек бір ғана нәрсеге – тазалау жөніндегі жоспарды асыра орындауға асыққан тәрізді.

Халықты таза және таза еместерге бөліп, мұны оның есіне қайтадан салды және тазалықтың шарты әлеуметтік шығу тегінде болды.

1929 жылдың 22 ақпанында “Советская степь” газеті “Пролетарлық студенттер үшін емтихан” (“Экзамен для пролетарского студенчества”) мақаласында:

“БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің оқу орындарын әлеуметтік жат элементтерден тазарту туралы соңғы шешімі – аса зор мәнге ие факт, бұл – Қазақ өлкелік комитеті үздіксіз және табандылықпен жүргізіп келе жатқан саяси бағыттың жалғасы және одан әрі нығаюы”, – деп жазды. Тарихи, әйтсе де орталықтың дағдылы партиялық нұсқауы бойынша дайындалған шешімге ұсақ... (бірақ) буржуазия қатарынан шыққан, алайда бұдан өзін әлеуметтік жат элемент деп санамайтын Голощекин қол қойды.

Бір күн бұрын газет Ортаазиялық мемлекеттік университеттің әртүрлі факультеттерінен (сонымен бір уақытта комсомолдан) әлеуметтік және идеологиялық жат деп танылған “бет-жүзін бояған” студенттерді қалай лақтырып тастағаны туралы Ташкенттен жазылған хатты басты.

“Кулактың еркетотайларына мектепте орын жоқ!” деп ұрандатты 10 наурыздағы нөмірдің тақырыбы.

“Тап күресі өткірленді, – деп баяндады Голощекин 1929 жылдың 9 наурызында Қызылордадағы партактивте. – Мен бүкіл Қазақстанды аралап келдім, қазірге дейін 50 миллион пұт дайындалды... 75 миллион сомның тауары жеткізілді, 50 миллион сомға астық сатып алдық”.

Баяндамашының пікірінше, тап күресінің формалары елеулі түрде өзгерді. “Қазірге дейінгі кулактар мен байлардың күресінің негізгі тәсілдері аузын майлап, өз жағына шығару, топ құру, рулық жікшілдік т.б. болып келген еді. Биылғы жылы кәмпескеден кейін... террор келді. Кулактар мен байлар барған сайын қожайындық орынды көбірек иелене бастаған кедейлер мен орташаларға жол бергісі келмейді”.

Қазіргі кездің тарихшылары Б.Төлепбаев пен В.Осипов “Шындық тұрғысынан” (“С позиций правды”) деген мақаласында бұл кезең туралы былай деп жазады:

“Деревнялар мен ауылдарға өлкелік және округтік органдардан ең қатал нұсқаулар алған және аса үлкен құқыққа ие болған 4812 уәкіл аттандырылды. Қаталдық пен принципсіздік олардың мінез-құлқының негізгі белгісі болды. Басты соққы кулактар мен байларға берілуі тиіс еді. Бірақ жағдайды меңгерудің дұрыс жолын таба алмаған уәкілдер орташаларды, тіпті кейде кедейлерді де жиі-жиі соққының астына алды.

Әкімшілік шаралар экономикалық тиімділікке жеткізбеді, сотталған (34121) “байлар мен кулактардан” 631 мың пұт астық, 53 400 бас мал тартып алынды, ал бұл астық дайындау жоспарының не бәрі бір пайызға жуығын, ал ет дайындау жоспарының 3,5 пайызын ғана құрады. Мұның үстіне, БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті 1929 жылдың көктемінде астық дайындаудың жоспарын 84,3 пайызға орындауға, ал ет дайындауды: өткен жылғымен салыстырғанда, сиырдан 1,5 есе, қойдан 3 есе өсіруге қол жеткізілді деп баяндады.

Әрине, астық дайындаудың негізгі ауыртпалығы орташа мен кедейдің мойнына түскені анық. Оның үстіне, олардың көпшілігінің астығы соңғы дәніне дейін тартып алынған еді. Астық дайындаудың жоспарына мүлде егін екпейтін қазақтың көшпенді шаруашылықтары да ілікті. Олар өздерінің малдарын сатып, оған астық сатып алуға мәжбүр болды...”

Сонымен, “бай-кулак” қылмысының он жылдан аса мерзімінде 34 121 адам сотталған... Әйтсе де, бұл цифр қандай да бір түсініктеме беру мен нақтылауды қажет етеді.

Жоғарыда келтірілген мақаланың авторлары саналы түрде немесе байыбына бармай, “мемлекеттік органдардың өкілдері деревнядағы күресті арандатушылықпен өздері шиеленістірді” дегенге күмән келтіреді. Бұған күмәнданудың орны жоқ деп есептеймін: таптық, дұрысын айтқанда, тап ішіндегі соғысты тұтандыру большевиктік саясаттың негізі болды және бұл саясат Кеңес өкіметінің алғашқы күндерінен бастап жүргізілді: Қазақстанда ол Голощекиннің келуімен бірге жаппай жанданды. Бұған дәлел көп келтірілді де, ал мынау 1929 жылға қатысты куәлік.

Қазақстан Халком Кеңесінің жаңа төрағасы О.Исаев 11 қыркүйекте қол қойған жарлық бойынша, әрбір ауқатты және бай, кулак шаруашылықтары барлық артық астықтарын 1929 жылдың 1 қарашасынан кешіктірмей өткізулері тиіс болды. Жалтарғандарға өткізуге тиіс болған астық құнының бес есесі көлемінде айып тарту немесе 61-бап бойынша қылмыстық жазаға кесілу қаупі төнді. Екі аптадан кейін дайындаушыларға Филипп Исаевичтің өзі “жол болсын” айтты:

“...Ал кулак бізге бермейді, коммунистер кедейді оларға қарсы ұйымдастыра білмейді. Біз оған біл, ұйымдастыр, бұл кулакты соқ дейміз (қол шапалақтау). Өйткені бұл – тап күресін ұйымдастыру; бұл – аса ірі таптық міндет. Ал қалаға жол тартатын, алдынан қаладағы жұмысшылар мен қызметшілер шығып қарсы алып, шаруалармен бірге сап түзейтін мыңдаған жүк арбалардан тұратын қызыл керуендерді ұйымдастыру – әлде бұл таптық міндет емес пе?”

Адамдардан тартып алынған астықты тиеп жолға шыққан мыңдаған қызыл керуендердің көңіл желпінтерлік көрінісі және өздерінің станоктары мен кеңседегі үстелдерін тастап, осы керуенді қарсы алуға шыққан шат-шадыман қуанышты қалалықтар – міне, Голощекинді қандай ой билеп алған, міне, ол дайындаушы-уәкілдерді немен сатып алғысы келеді? Ал оны тұқымдық астығын сыпырып алған, ашықпағанның өзінде бірін екіншісіне әрең-әрең жеткізерліктей халге душар болған мыңдаған отбасының тағдыры тіпті де қызықтырмайды. Ол керуенмен сапарға шыққандарды осындай апофеоздық (Құдайдың құдіретімен болған іс ретінде асыра дәріптелген. – ауд.) көрініспен – тоналғандарды дәл осы үшін қуанышты болып, керуендердің алдынан шыққандармен қорқытып-қуушы тонаушылардың сап түзеген қатарымен жігерлендірді.

Ұжымдық ұйымдастырушы және насихатшы газеттер күн сайын астық дайындау туралы, бейне бір майданнан жолданған әскери мәліметтер секілді қысқа хабарлар беріп тұрды.

Орыс тілінен аударған Ғұсман Жандыбаев


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар