Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Василий Шукшин туралы 10 дерек...

25.07.2017 5827

Василий Шукшин туралы 10 дерек

Василий Шукшин туралы 10 дерек - adebiportal.kz

Дәл бүгін талантты жазушы, танымал актер, жүлделі режиссер, сценарист Василий Шукшин тірі болғанда 84 жасқа келер еді.

1. Жазу мәнері жағынан біздің Бейімбет Майлинге ұқсайтын орыс жазушысы Василий Шукшиннің прозалық шығармалары өз кезегінде ауыл өмірі мен тұрғындарын қапысыз суреттеді. Ауылда туып, ауылдан түлеген қазақ оқырмандары үшін оның әр әңгімесі қызық көрінді. Орыстың орта тап өкілдері мен қарапайым халқының сол кездегі психологиясын, сана-сезімін сюжет арқылы дөп басып көрсетуден жазушы алдына жан салмады. Василий Шукшин бір сөзінде: «Нағыз жазушы адамдарды қапысыз танитын психолог, бірақ өзі де науқас болып келеді» - дейді.

Алғашында Антон Чеховтың «Сәтсіз, қарабайыр көшірмесі» саналған Василий Шукшиннің атағы жыл өткен сайын шарықтап, қаланың элиталық жазушыларын артқа қалдырып кетті.

2. Атақты жазушы Алтай өңірінің Сростки ауылында дүниеге келген. Шукшин арқылы бұл ауылдың аты жарты құрлыққа танымал болды. Сәйкесінше, жазушының мұражайы, әртүрлі шеберлердің қолынан шыққан мүсіндері ауыл көркін кіргізіп тұр. Қазір сол жерден өткен саяхатшылар мен жолаушылар Шукшиннің ауылына бас сұқпай өтпейді.

3. Жазушының балалық шағы саяси жүйенің қолдан жасаған қиын-қыстау кезеңімен тұспа-тұс келді. Ауыл шаруашылығымен айналысатын жазушының әкесі Макар Леонтьевич ұжымдастыру кезінде бар мал-мүлкінен айрылып, қарапайым шаруаның қатарына қосылады. Кейін Кеңес үкіметі тарапынан айыпталып, түрмеде атау жазасына кесіледі. Өзге ұлт өкілі түгілі, ел мен жер иесі орыс халқының өзін аямаған тоталитарлық жүйенің салдары талай дарындардың обалына қалды. Екі баламен жесір қалған Василий Шукшиннің анасы Мария жоқшылықпен бетпе-бет жолығады. Тіпті уланып, осы өмірмен біржолата қоштасқысы келеді. Бірақ, екі балаға деген махаббат Марияны өмірге одан әрі ынталандырады. Осындайда Хемингуэйдің «Нағыз жазушы жетімдерден шығады» деген сөзі ойға орала береді.

4. Василий Шукшин әкесі сотталғаннан кейін куәлік алғанша анасы Марияның ата тегіне жазылып, «Василий Попов» болып жүреді. Бозбала шағы екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келген жазушы көп қиындықты басынан өткереді. Болашақ жазушы 15 жасында 14 жастағы Маша есімді қызға ғашық болып, араға 9 жыл салып отбасын құрады. Кейін ажырасып кетеді. Жазушының бірнеше әйелі болған.

5. Сростки ауылында жеті жылдық мектепті тәмамдаған бозбала көлік жөндеу техникумында екі жыл білім алып, сол салада біраз қызмет атқарады. Көп уақыт өтпей әскери борышын өтеуге шақырту алып, үлкен өмірге қадам басады. Бір қызығы Василий Шукшиннің жазушылық қабілеті, дарыны әскерде жүргенде оянады. Оның алғашқы әңгімесінің оқырмандары солдаттар болды.

6. Әскерден келген жас жазушы Сроски ауылындағы мектептен арнайы курстан дәріс алып, мұғалім болуға мүмкіндік беретін атестатқа қол жеткізеді. Сосын ауылдық мектепке орыс тілінен сабақ беретін ұстаз болып орналасып, кейін директорлық қызметке дейін көтеріледі. Бір қызығы Шукшиннің атестатында орыс тілінен – 3, әдебиеттен – 4-ке аяқтағаны көрсетілген. Бірақ, болашақ жазушының арманы мүлдем бөлек болатын. Ол бала кезінен актер болуды армандап, Москваның белді жоғары оқу орындарының бірінің режиссерлық факультетіне қабылданады. Василийді оқуға жіберу үшін анасы қорадағы жалғыз сауын сиырын сатады. Сүйген жарын, директорлық қызметін артқа тастап, болашақ жазушы өзі қалаған оқуға аттанады.

7. Оқуға қабылданар алдындағы сынақта сұрақ қойған ұстаздарға ол: «Мен «Соғыс және бейбітшілік» кітабын оқыған жоқпын. Тым қалың шығарма. Уақытым болмады» - деп жауап береді. Аң-таң болған оқытушы: «Сен сонда бірде-бір қалың шығарма оқымадың ба?» - дейді. Сонда Шукшин саспастан: «Неліктен олай дейсіз? «Мартин Иденді» оқығам. Өте жақсы шығарма» - деп қысқа қайырады. – Мына түріңізбен қалай мектептің директоры болдыңыз? – дейді оқытушы тұқыртып. – Оның не қиындығы бар, мектептің отын-суын, қыстық қамын, оқытушыларын тас-түйін дайындап, балалардың емін-еркін білім алуына жағдай жасайсың. Қалың кітаптарды оқып отыратын ауылда уақыт та болмайды, - деп шынын айтады. Жауабына риза болған тәжірибелі оқытушы Шукшинге үздік баға қойып, оқуға қабылдайды. Жазушының шығармашылық ізденісі, өзін-өзі табуы осы жылдардың жемісіне тиесілі болады. Жазушы және актер ретінде қатар қалыптасқан батыл әрі шыншыл жігіттің бағы бірден жанады. Студент кезінде киноның кішігірім рөлдерінде ойнап, тырнақалды әңгімелері баспасөз беттерінде жарық көреді. Оның дебюттық шығармасы үлкен аудиторияға 29 жасында «Смена» журналы арқылы жол тартады.

8. «Иә, бізде әдебиет жоқ. Осы сөзді айтудың өзі қорқынышты, ал біз – өмір сүріп жатырмыз» - деп әдеби процеске көңілі толмайтынын ашық айтқан жазушының алғашқы әңгімелер жинағы 34 жасында «Село тұрғындары» деген атпен жарық көрді. Кинода қаланың кейіпкерлерін сомдағын талантты жазушы әңгімелерінде ауыл кейіпкерлерінің жиынтық образын кескінді келбеттейді.

9. Василий Шукшин актер, режиссер, өнер қайраткері ретінде Кеңес үкіметінің барлық сыйлықтары мен наградаларына қол жеткізді. Тіпті сол кезеңде жоғары шен саналатын Ленин атындағы сыйлықтың иегері де атанды. Оның сценариіне жазылған көптеген кино посткеңестік елдерде танымал болды. Ресейде оны әлі күнге дейін кино майталманы ретінде қарастыратындар бар. Бірақ, қарабайыр жазса да, оқиға желісі арқылы көздеген идеясын оқырманға сіңіре білетін Василий Шукшин шынымен мықты жазушы еді.

10. «Өмірден озған адамның құлпытасына оның қандай адам болғанын емес, қандай адам болуға қабілеті жететіндігін» жазу керек дейтін жазушының сегіз қырлы, бір сырлы болғанына көзіміз жетті. Алтайдың топырағында туған осы бір жазушының әр шығармасы түркі тектес халыққа бір табан жақын болып көрінеді. «Әдебиет ұлтқа, ұлысқа бөлінбейді» - деп жатамыз. Бірақ, ортақ көзқарас, дін мен діл, мораль мен этика бір бағытта көрініс табатын жазушы мен оқырман арасындағы байланыс болатыны жасырын емес қой...

Бағлан Оразалы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар