2024 жылы Нобель сыйлығына ие болған корей жазушысы Хан Ган туындылары әлемнің көптеген тілдеріне аударылуда. Әлем халқына мойындалған қаламгердің “Ет жемейтін әйел” туындысын қазақша сөйлеткен - журналист, жазушы Қалиәкпар Үсемханұлы. Аудармашының өзіндік тілдік қолданыс стилін сақтай отырып, аталған туындыны қазақ оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.
Әйелім ет жеуден бас тартып, қатықсыз тамақ ішуден бұрын мен оны ерекше адам деп ойлаған емеспін. Шынымды айтсам, ең алғаш кездескен сәтте де ол мені бірден баурап кете алған жоқ. Бойы сорайған ұзын да, тайпақ та емес, шашы да шұбатылған ұзын да, шолтиған қысқа да емес, сарғыш тартқан терісі мүйізгектеніп кеткен, көздері қыртыстанып, жақ сүйегі сорайған ол ешкімнің назарын аудармайтындай баран киім киіп алыпты. Аяғына минималистік стильдегі қара аяқ киім киген ол байсал басып, мен отырған үстелге қарай келе жатты.
Менің мұндай әйелге үйленуімнің басты себебі де оның адамды баурап алатын ешқандай тартымдылығы да, көзге ұрып тұрған кемшілігі де жоқтығынан еді. Оның қарапайым мінезінен көрген жан тамсанатындай ешқандай артықшылық байқалмайтын. Бұл маған да ыңғайлы болды. Сосын да оның жүрегін жаулап алу үшін білімді болып көрінудің қажеті жоқ, кездесуге кешігіп барсаң да абдырап, абыржымайсың, сән журналында суреті басылған келбетті жігіттермен өзіңді салыстырып әуре болудың тіпті қажеті жоқ. Жиырма бес жастан асқан соң, томпиып шығып кеткен қозы қарыным, қанша машықтансам да бұлшық еттері бұлтиып шықпайтын шілбиген қол-аяғым, өзім іштей қысылатын тәнімнің кішкентайлығына да назар аударып жатқан ол жоқ.
Мен ешқашан асыра сілтеуді ұнатпайтынмын. Кішкентай кезімде өзімнен екі-үш жас кішкентай балалармен бірге ойнайтынмын; Есейген соң стипендиясы мол университетке оқуға түстім; Оқуды бітіргеннен кейін болмашы қабілетімді бағалайтын әрі жалақысы аздау болса да уағында беріп тұратын компанияда жұмыс істегеніме мәз боп жүрдім. Сосында әлемдегі ең қарапайым әйелмен үйлену мен үшін өте дұрыс таңдау болды. Әу бастан-ақ сұлу, ақылды, сүйкімді, бай, қалталы қыз деп сипатталған әйелдер мені еш қызықтырмайтын.
Менің күткенімдей, ол қарапайым әйел рөліне оңай кірді. Күн сайын таңертең сағат алтыда тұрып, маған сорпа, күріш және балық қосылған таңғы ас дайындайды. Үйленгенге дейін жасаған жұмыстарының азды-көпті табысы да отбасымызға сүйеу болды. Әйелім бұдан бұрын компьютерлік графика мектебінде оқытушының көмекшісі болып бір жыл жұмыс істеген, жайшылықта ол кейбір баспалардан комикстердің жобаларын алып, оны мәтінмен кірістіретін.
Әйелім көп сөйлемейтін кем сөзді, тұйық жан, менен бірдеңе сұрап, артық талап айтқан емес. Жұмыстан кеш оралсам да, қабақ шытып, орнысыз байбалам салмайтын. Кейде екеуіміз де дем алып, үйде болған кезімізде сыртқа шығып келейікші деп мазаламайды. Қолыма пультті алып күні бойы залда теледидарға телміріп жатсам да, есікті тарс жауып, сыртқа шығып кетпей, жұмысын істеп немесе кітап оқып отыра беретін. Ал хоббиіне келетін болсақ, ол тек кітап оқуды ғана ұнататын сияқты, оның үстіне мен оқымақ түгіл қолыма да алғым келмейтін кітаптарды оқитынын қайтерсің. Ас ішетін мезгіл болғанда ол бөлмеден шығып, үн-түнсіз тамақ әзірлеуге кіріседі. Шынымды айтсам, мұндай әйелмен бірге тұрудың еш мәні жоқ. Бірақ күні бойы күйеуінің басқан, тұрғанын аңдып, күйеуінің әріптестеріне, достарына қайта-қайта телефон соғатын немесе үнемі шағымданып, жанжалдасып жүретін әйелдерді көргенде, осындай әйелім болғанына тәуба деймін.
Менің әйелімнің басқаларға ұқсамайтын бір ерекшелігі – ол емілдірік (лифчик) кимейтін. Махаббаттың лапылдаған мезеттік сезіміне мас болып жүрген күндерімнің бірінде мен оны арқасына қолымды қойдым, жұқа жемпірдің ішінен емілдірік бауының жоқтығын байқап, аяқ астынан сезімім өрекпіп шыға келгені бар. Мүмкін ол осы арқылы бірдеңені сездіргісі келгені ме? деген оймен оның жанарына сұраулы көзбен тесіле қарадым. Бірақ қанша қадалсам да оның жанарынан әлде нені сездіргісі келіп отырған сезімді байқай алмадым. Сонда бұл емілдірік кигеннен ерінетін болғаны ма? әлде оны киюге мүлде мән бермей ме? Тым құрыса омырауының үстіне қалыңырақ бірдеңе салып томпайтып алсашы. Қос анары бұлтиып тұрса, достарымның алдында менің де бетім жарық болар еді.
Үйленгеннен кейін, ол үйде жүргенде емілдірік кигенді мүлде қойды. Тек жаз маусымында ғана сыртқа шыққан кезде тікірейіп тұрған екі үрпін басу үшін ғана емілдірік киетін. Бірақ бір минутқа жетпей оның түймесін ағытып жіберетін. Егер ол ашық түсті немесе денеге жабысып тұратын киім кисе, емілдірігінің түймесі ағытылып кеткені анық көрініп тұрар еді, бірақ ол оны елемейтін. Мен қайта-қайта ұрса берген соң, ішінен жилет киіп алатынды шығарды. Ал ол болса, емілдіріктің омырауын қысып тұрғанынан жайсызданамын деп ақталатын. Өзім киіп көрмеген соң, оның омырауды қысатынын қайдан білейін. Дегенмен, басқа бірде-бір әйелдің көкірекше киюді ол сияқты жек көрмейтінін білгенде, мен оның шамадан тыс реакциясына таң қалдым.
Бәрі ойдағыдай өтіп жатты. Биыл ол екеуіміздің некеленгеніміздің бесінші жылы, әу бастан-ақ бір-бірімізді өліп-өшіп сүймегендіктен, лапылдаған махаббаттың сезіміне мас болған ерекше есте қалар сәттеріміз де болған жоқ. Өткен жылы күзде осы үйді несиеге алғанға дейін біз балалы болуды кейінге қалдырып келдік. Ақпан айының мәлім бір таңында әйелімнің ұйқы киіммен тұрғанын көргенге дейін, мен мұндай өмір қандай да бір жолмен өзгереді деп ешқашан ойлаған емеспін.
***
- Мұнда не істеп тұрсың?
Жуынатын бөлменің шамын жаққалы тұрған қолым да ауада аспақталып тұрып қалды. Сағат таңғы төрттен енді асқан мезгіл екен, кеше кешкі аста жарты құмыра арақ ішкен едім, таңға жуық дәрет қысып, тілім аузыма сыймай шөлдеп ояндым.
-Ей, не істеп тұрсың деп сұрап тұрмын сенен?
Салқын желеміктен денем дірілдеп, әйеліме таман жақындадым. Әп-сәтте, ұйқым шайдай ашылып, мастығым да тарап кетті. Әйелім тоңазытқышқа қарап сілейіп тұр. Тас қараңғы түнде оның бет-әлпетін анық көре алмасам да, бойымды қорқынышты сезім биледі. Ол осы күнге дейін бояу тимеген шашын жалбыратып жайып жіберіпті, үстіне қызыл асығына дейін төгілген ақ түсті ұйқы киімін киген, оның етек жағы қайрылып қалыпты.
Ас үй бөлмеден әлде қайда суық. Жайшылықта тоңғақ әйелім бұл бөлмеге жүн күпәйкесін, жылы сандалын кимей мүлде кірмейтін. Ол сонда қашаннан бері жалаң аяқ, жалаң бас, үстіне жаздық жұқа ұйқы киімін киіп ас үйге кіретін болған, менің дауысымды естімегендей сілейіп не істеп тұр? Тоңазытқыштың ішінде маған көрінбейтін біреу тұр ма, жоқ әлде сайтан ба...
Сайтан алғыр, бұл не сонда, әлде аңыздарда айтылатын айкезбе ме?
Қаққан қазықтай қалшиып әлі тұрған әйелімнің қасына әзер жеттім.
-Саған не болды? Не істеп тұрсың...
Қолымды иығына қойған сәтте де ол мелшиіп тұра берді. Менің келгенімді сезбей тұрған жоқ, бөлмеден шығып, оған сөйлегенімді, оған жақындап келгенімді де біліп тұр. Бар болғаны ол менің бар екенімді ұмытып кеткендей үнсіз. Бейне кинолардағы мелшиіп тұрып қалған кейіпкерлер сияқты ештеңені көрмегендей, сезбегендей мелшиіп қатып қалған. Таңғы төртте қою қараңғылыққа малынған ас үйде 400 литрлік тоңазытқыштың есігін ашып алып не істеп тұр? Оны осынша еліткен не күш бұл?
-Жаным!
Қараңғыда оның әлпеті әзер көрінді, көзінен мен бұдан бұрын көрмеген ызғар шашып, тістеніп тұр.
-...Түс көрдім.
Дауысы анық естілді.
-Түс көрдім? Не айтып тұрсың? Қарашы, сағат неше болды?
Ол жалт бұрылып, есігі ашық тұрған жатын бөлмеге қарай жүрді. Бөлмеге кірді де есікті тарс жауып алды. Ас үйдегі өлі қараңғылық құшағына қамалған мен оның ақ сағым бейнесін жұтып қойған есікке қарап тұрдым да қалдым.
Шамды жағып, тазалық бөлмесіне кірдім. Температура бірнеше күннен бері минус он градустан төмен еді, бірнеше сағат бұрын жуынғанда шашыраған су әлі кеппепті, су болған сүйретпе шақай да мұздай суық екен. Ваннаның үстіндегі қара түсті желдеткіш саңылауынан, еден мен қабырғаға жапсырылған қаңылтақ кірпіштерден аңқыған ызғар мені осы бір мейірімсіз маусымда жалғыздық құшағында қалтыратып тұрғандай еді.
Жатын бөлмеге кірсем, әйелім төсекте бүк түсіп жатыр, осы бөлмеде жалғыз тұрғандай құлазып сала бердім. Оның тыныс алғанын да естіп тұрмын, бірақ ол ұйықтап жатқан адамның тыныс алғанына мүлде ұқсамайды. Азырақ ұмсынсам, оның денесіне қолым тигелі тұр, бірақ неге екенін білмеймін, мен оған қолымды тигізгім де, бір ауыз тіл қатқым да келмеді.
***
Көрпеге оранып, мең-зең күйде төбеге қадала қарап жаттырмын. Қысқы таңның бозғылт сәулесі сұр перде арасынан сығалап, бөлмеге әлсіз жарық шашып тұр. Кенет қабырға сағатқа көзім түсіп кетті де, орнымнан ұшып түрегеліп, есіктен атып шықтым. Әйелім ас үйдегі тоңазытқыштың алдына тағы тұр.
- Сен есіңнен адастың ба? Неге мені оята салмайсың? Сағат неше болғанын көрмей тұрсың ба?!
Мен бірдеңені басып кеткендей болдым. Жұмсақ нәрсе... Қарадым да, өз көзіме өзім сенбей қаттым да қалдым.
Үстіне кеше түнде киген ұйқы киімін киген әйелім, шашы жалбырап еденде жүрелеп отыр. Ол өзінің айналасын ақ, қара түсті жарғақ қалталармен, тамақ салатын қорапшалармен айналдыра қоршап тастапты, аяқ басар жер жоқ. Самауыр сорпасын жасап ішеміз деп әкеліп қойған сиыр еті, шошқа еті, сиырдың сіңірі, балғын сақтайтын үлдір жарғаққа оралған кальмар, ауылда тұратын енем біраз уақыт бұрын өзі тазалап жіберген жыланбалық, жіпке тізіп кептірген тұқы, аузын ашпай, қалтасымен мұздатылған тұшпара мен ішіне не салынғаны белгісіз қалталар. Әйелім осыларды шетінен жерге төгіп, үлкен қоқыс қалтасына бір-бірлеп салып жатыр.
- Бұл қайткенің?
Шыдамым таусылып, айқайлап жібердім. Бірақ ол дәл кеше түндегі сияқты менің бар екенімді мүлде ұмытқан адамша, сиыр, доңыз еттерін, ұсақтап туралған балық еті мен бағасы кем дегенде екі жүз мың корей воны тұратын жылан балықты қоқыс қалтасына салып жатыр.
-Сен жындандың ба? Мұның бәрін неге тастап жатырсың?
Мен жарғақ қалтаның ауызын ашып жатқан әйелімнің білегінен ұстай алдым. Мұндай қарымды болар ма, бар күшімді салып еңкейте басып, қолындағы қалтаны жерге әзер қойғыздым. Әйелім сол қолымен менің саусақтарым батып, қызартып кеткен білезігін сипап отырып, салмақты да сабырлы үнмен:
-Түнде бір түс көріппін,- деді.
Тағы да сол сөз. Міз бақпай бетіме қарап отыра берді. Сол сәтте ұялы телефоным бебеулеп қоя берді. Жүгіріп барып, кеше түнде қонақ бөлмесіндегі диванға қалдырған пальтомның ішкі қалтасындағы тынбай сайрап жатқан ұялы телефонымды алдым.
- Кешіріңіз, үйде шұғыл жұмысым шығып қалып еді... Ғапу етіңіз. Мен лезде жетемін. Жоқ, мен қазір барамын...Аздан соң... Жоқ, өйтпеңізші, маған тағы бір рет мүмкіндік беріңізші. Кешірім сұраймын, иә, не айтарымды білмей тұрмын...
Телефонды жаба салып, жуыну бөлмесіне қарай жүгірдім. Асығыс-үсігіс сақал-мұртымды алғанда ұстара бетімді де тіліп кетті.
-Үтіктелген көйлегім бар ма еді?
Ол үндеген жоқ. Боқтанып, кіжініп жүріп жуыну бөлмесіндегі кір киімдердің арасынан кеше шешіп тастаған көйлегімді тауып алдым. Аброй болғанда көп бырыспапты. Галстугімді шарпы сияқты мойына орай салып, шұлығымды киіп, ноутбук пен әмиянымды алғанша әйелім ас үйден шыққан жоқ. Бұл үйленген бес жылдан бергі әйелімнің мені киіндіріп, жұмысқа шығарып салмаған алғашқы күні болды.
- Ол жынданған екен, шынымен мүлдем жынданған екен.
Аяғыма жақында сатып алған аяқ киімімді кидім. Қыры сынбаған жаңа аяқ киім аяғыма сыймай, әзер кидім. Кіреберіске жүгіріп шықсам, лифт ең жоғарғы қабатта тұр екен. Оны күтіп тұрғанша, үшінші қабаттан жүгіріп түскенім артық. Есігі енді жабылғалы тұрған метроға алқын-жұлқын жүгіріп шыққан мен бозғылт терезеден өз кеспірімді көрдім. Ұйпаланған шашымды түзеп, галстугімді дұрыстап байлап, көйлегімнің бырысқан жерлерін тартып-тартып қойдым. Сөйтіп тұрғанда әйелімнің адамның зәресін ұшыратын меңіреу бейнесі, қатқыл үні қайта ойыма түсті.
Бір түс көріппін дейді. Осы бір сөзді әйелім екі қайталап айтқаны несі. Зулап келе жатқан метроның терезесіне телміріп келе жатқан мен метро тас қараңғы туннелден өткен кезде әйелімнің жамалы жарық етіп көз алдымнан өте шыққандай болды. Бұл бейненің маған бейтаныстығы соншалық бір адаммен алғаш кездесіп тұрғандай күй кештім. Жарты сағат ішінде жал тауып, тапсырыс берушінің алдында қалай ақталу керектігін ойластырып, бүгін енгізілетін жоспарды қайта қарауым керек деген ой да мазалап келеді. Сосын да әйелімнің бүгінгі қалыпсыз әрекетін ойлайтын мұршам да жоқ еді. «Неде болса бүгін үйге ертерек қайтайын» деп ойға келдім. Жұмыс бөлімшем ауысқан бір неше айдан бері жұмыстан сағат он екіден бұрын қайтып көрмеппін.
* * *
Қою қараңғылық басқан орман іші. Төңіректе тырп еткен жан баласы жоқ. Сүйрік жапырақтары қаулап өскен ағаш бұтақтарын қолыммен олай-бұлай қайырып, сол орманның ішіне кіріп келемін. Қолымды, білектерімді, бетімді ағаш бұтақтары тіліп айғыз-айғыз қылды. Қасымда серіктерім бар секілді еді, қазір олардан көз жазып, адасып қалдым. Үрей мен ызғардың құшағында қалтыраған мен мұз құрсаған алқаптан өткенде шамы жанып тұрған қойма тәрізді бір ғимаратты байқадым. Әлгі ғимаратқа жақындап келіп, шөп бүркеген терезесін ашып, ішке кірдім. О, ғажап, бамбук арсаға кесек-кесек қып-қызыл еттерді самсатып іліп тастапты. Кейбірінен қан тамшылап ағып тұр. Арсаланған еттің арасымен алдыға таман жүріп, қанша іздесем де шығар есікті таба алмадым. Үстімдегі ақ түсті киімім де қып-қызыл қанға боялды. Бұл арадан қалай шыққаным мүлде есімде жоқ. Өзен жағасын бойлап, ағысқа қарсы жан ұшыра жүгіріп келем. Кенет, орман іші жап-жарық болып, ағаштар көктемдегідей құлпырып шыға келді. Сап түзеп, қатар-қатар тізілген балаларды көрдім. Әлде бір тағамның хош иісі мұрнымды жарып әкетіп барады. Менің көз алдымда тілмен айтып жеткізе алмайтын нұр-шұғыла, алау сағым ойнап қоя берді, сылдырап аққан бұлақтың жағасында түз тамағын жеуге шыққан көптеген отбасылар отыр, олардың кейбірі суши жеп отыр, ал кейбірі ет қақтап отыр. Әсем ән мен шаттық күлкісі құлақ тұндырып, адамды айырықша әсерге бөлейді.
Қатты қорыққан менің бойымды үрей биледі, үсті-басым қып-қызыл ала қан. Аброй болғанда бір ағаштың қалқасына жасырынып үлгерген мені ешкім байқаған жоқ. Қос қолым да, аузым да қан-қан, бағана арсадан түсіп қалған бір кесек етті аузыма салып, рахаттана шайнап, қан-сөлін мейірлене жұтып жатып, қан толған шұқанақтан жанары жаудырап ашық жатқан екі көзді көрдім.
Жұп-жұмсақ шикі етті құшырлана шайнаған кездегі дәмі, бейтаныс әлпет пен анау сырлы жанар көз алдымнан мүлде кетер емес. Оның түрін мен бірінші рет көріп тұрған сияқтымын, бірақ ол менің өз бетім еді. Жоқ, олай емес, керісінше ол мен үнемі көріп жүрген бейне, бірақ ол менің бетім емес. Мен бұл екіұдай сезімді түсіндіруге мүлде шарасыз едім...Көз алдымда тұрған ап-анық әрі оғаш сол бір көріністер мен бойымды билеген қорқынышты тілмен айтып жеткізе алар емеспін.
* * *
Әйелім кешкі асқа тек салат, соя тосабы, кимчи және сиыр еті де, теңіз ұлуының еті де қосылмаған ламинария сорпасын дайындалды.
- Бұл қайткенің? Жаман түс көрдім екен деп еттің бәрін лақтырып жібермексің бе? Бұл еттің бағасы қанша тұратынын білесің бе?
Орнымнан тұрып, тоңазытқыштың есігін аштым. Бәрі бос тұр, шайға салып ішетін талқан, ұнтақ бұрыш, қатырылған көк бұрыш пен сарымсақ жентегінен басқа ештеңе қалмапты.
- Тым құрса, маған жұмыртқа пісіріп берсеңші, бүгін әбден діңкеледім, түскі ас та ішкен жоқпын.
- Жұмыртқаны да лақтырып жібердім.
- Немене?
- Сүт те әкелмейміз енді.
- Бұдан өткен сорақылық бола ма? Сонда мені де қатықсыз қара тамақпен қаңтарайын дедің бе?
- Ол тағамдардың тоңазытқыштың ішінде тұрғанына мен ендігәрі шыдай алмаймын.
Осындай да өзімшіл адам болады екен-ау. Әйелімнің бетіне сұраулы көзбен қадала қарадым, қабағы ашық, жайшылықтан да сабырлы көрінді көзіме. Бәрі мен ойлағандай болмай шыққаны ма, ол шынмен де өзімшіл әрі алған бетінен қайтпайтын көк айыл ма еді. Ол мұндай ақылсыз әйел деп кім ойлаған.
- Сонда бүгіннен бастап үйде қатықсыз тамақ ішеміз, мүлде ет жемейміз демекшісің бе?
- Сен бәрі бір үйден таңғы ас ғана ішесің ғой, түскі және кешкі аста жейтін етіңді жей бер... бір уақ қатықсыз тамақ ішкенге өле қалмассың?
Ол маған осылай жауап қайырды. Аңғары өз бекімін әділ әрі үйлесімді шешім деп білетін секілді.
-Жарайды, мен жемесем жемей-ақ қояйын, ал өзің ше? Бүгіннен бастап ет жемейсің бе сонда?
Ол басын изеді.
-Сонда қашанға дейін?
-Енді етті ешқашан аузыма салмаймын.
Тілімді жұтып қойғандай үнсіз қалдым. Соңғы кездері жұрт арасында қатықсыз тамақ ішудің ауқым алып бара жатқанын мен де білемін, жұрт дені сау, ұзақ жасау үшін, аллергияны азайтып, қоршаған ортаны қорғау үшін вегетариандық жолды таңдайды. Мұнан сырт монахтар да тірі жәндіктің қанына ортақ болмау үшін ет жемейтін әдеті бар. Дегенмен, менің әйелім сымбатын сақтап арықтауға әуес болатын он екіде бір гүлі ашылмаған бойжеткен емес қой. Бар болғаны бір ғажайып түс көрдім екен деп тамақтану дағдысын бір жолата өзгертпек пе сонда? Менің сөзімді керек те қылмай, алған бетінен қайтпай отырғанын көрмейсің бе өзінің. Егер бұрыннан ет жемейтін адам болса бір сәрі, қай тамақты болса да қарбыта жейтін адам еді ғой. Мен де оның тамақ жесіне сүйсінетін едім. Кәуапты қандай әдемі қақтайды, бір қолына қысқыш, енді бір қолына қайшы ұстап, доңыз сүбесін қандай әдемі тілуші еді. Үйленгеннен кейін әр жексенбі күні ол дастарқанды дәмді құжырға толтырып, тамағы дәмді, қолы құтты әйел екенін көрсететін. Майға қуырылған жемжеміл мен қантқа бөктіріп барып шыжғырып пісіретін доңыз сүбесін қандай дәмді пісіреді. Оның тағы бір дәмді тағамы самауыр сорпасын жасағанда қолданылатын сиыр етіне бұрыш сеуіп, бамбук тұзы мен күнжіт майын жағып, оның бетіне глютинді күріш салып қақтап пісіретін. Ұсақтап туралған сиыр еті мен суға бөрттірген ақ күрішке күнжіт майын қосып, үстіне бұршақ өскіндерін сеуіп, мескейге салып қайнатып иісі аңқыған кимбап (корей асханасының аса танымал тағамдарының бірі- аудармашыдан) жасайтын. Картопты кесектеу турап жасайтын ащы тауық сорпасының дәмі де тіл үйретін, бұрышты бойына сіңірген тауық етін жеген сайын тәбетім ашылып, бір уаққы тамақтың өзінде үш үлкен кесе жеп алатынмын.
Ал қазір сол әйелдің жасаған тамақтарының түрі мынау! Өзі орындыққа қырындай отырып алып, адамның асқа деген тәбетін жоғалтатын теңіз балдырынан жасалған сорпаны сораптап ішіп отыр. Күріш пен тұзға шыланған салатты әзер жеп мен отырмын. Кенет маған қарсы алдымда отырған әйел жайлы ештеңе де білмейді екенмін ғой деген ой сап ете түсті.
-Тамақ ішпейсің бе? деді ол менің төрт баламды бағып отырған сары кідір әйел сияқты салқын үнмен. Оған алая қарадым, бірақ ол мұнымды еш елеместен ауызы шылпылдап, екі ұрты бұлтыңдап шайнаңдап отыра берді.
***
Күлімдеп көктем келгенше әйелімде ешқандай өзгеріс байқалмады. Әр күні тәңертең таңғы асқа тек қана көкөніс жеп жүрсем де, оған ренжімейтін болдым. Егер бір адам толықтай өзгерсе, оның қасындағы адам да соған ілесе өзгеретін секілді ме қалай.
Әйелім шидей болып арықтап, аза бастады, жағына пышақ жанығандай жақ сүйегі сорайып, екі ұрты солып кетті. Боянбаса, бет терісі де сүзектен тұрған адамдай бозарып көрінетін. Егер жұрттың бәрі менің әйелім сияқты ет жеуден тыйылып, қатықсыз қара тамақпен қақтықса, мынау әлемде ешкім де семірмей, сымбатымды сақтаймын деп әуре болмас еді. Дегенмен, менің әйелім ет жемегендіктен арықтап, азып кеткен жоқ, керісінше сол бір қорқынышты түстің кесірі екені маған анық еді. Өйткені ол сол түсті көргеннен кейін түні бойы ұйықтай алмай дөңбекшіп, таң атқанша кірпігі айқаспайтын.
Оны пысық, сергек әйел деп айта алмаймын. Бұрын түн ортасында үйге келсем, ол көбінде тәтті ұйқының құшағында жататын. Ал қазір таңға жақын үйге келіп, жуынып-шайынып жатқанша ол жатын бөлмеге кірмейді. Кітап оқып, әлеуметтік желіде біреумен әңгімелесіп немесе теледидар қарап жатқан жоқ, комикстерге диалог қосу жұмысы да соншалықты көп уақытты алуы мүмкін емес.
Таңғы сағат бес мөлшерінде орнына жатып, көз шырымын алған болады, бірақ соның өзінде ұйқылы ояу бір сағаттай аунақшып жатады да, қайта тұрып кететін. Әр күні тәңертең бет терісі құрғап, көзі қанталаған, шашы ұйпа-тұйпа ол маған таңғы ас әзірлейтін. Бірақ өзі аузына салмайтын.
Мені ең қинайтыны ол содан бастап менімен жыныстық қатынасқа түскенді мүлдем қойды. Бұрын төсекте кейде өзі белсеніп, мені ұдайы төсек тоятына батырушы еді. Қазір қасына жақындап, мойнынан құшақтасаң, қарадай қашқалақтап, жолатқысы келмей тұрады. Бір күні әбден шыдамым таусылды да, «Бұл қайткенің сонда?» деп айқайладым.
- Шаршап тұрмын.
- Бір жапырақ ет жемесең әлің азайып, шаршамағанда қайтесің, сен қазір мүлде басқа адамсың.
- Нағында
-Иә?
-Сенен бір иіс бұрқырап тұрса қайдан.
-Иіс дейді?
-Иә, сенің өнебойыңнан еттің иісі бұрқырап тұр.
Қарқылдап күліп жібердім.
-Жаңа ғана жуынып шыққанымды көріп тұрсың ғой, ол не қылған иіс сонда?
-Сенің әр бір түгіңнің түбінен еттің иісі шығып тұрады.- деді ол байыппен.
Мен кейде бұл мәлім бір аурудың бастапқы белгілері болмасын деп те алаңдаймын. Егер бұл паранойяның немесе депрессиялық көңіл-күйдің алғашқы белгілері болып, барған сайын ауырлап, жүйке ауыруына шалдықса ше...
Әйелім жынданып кеткен жоқ па деп те ойладым. Бірақ ол бұрынғыдай бұйығы, кем сөзі қалпынан жазбай, шаруасын істеп шауып жүр. Әр жексенбі сайын екі қуырамаш дайындайды, еттің орнына азықтық саңырау құлақ қуарды. Вегетарианизмнің қазіргі ағымы тұрғысынан алып қарасақ, оның бұл ісіне таң қалудың қажеті жоқ еді. Бірақ мен оның түні бойы көз ілмей, таң атқанша мелшиіп отыратынын мүлде түсінбеймін, осы әдетіне қарап оған бірдеңе жабысқан жоқ па? деп те ойлаймын. «Саған не боп жүр?» деп сұрай қалсаң баяғы сол «бір түс көрдім» деген жалғыз жауаппен құтылады. Одан ары қазбалап мен де сұрамаймын, оның тас қараңғы орман ішіндегі қойма, қан жауған бет... деген әңгімелерінен мен де жалықтым, естігім де келмейді.
Мен мүлде түсінбейтін, түсінгім де келмейтін сол бір шым-шытырық түстен кейін әйелім біртіндеп азып, тізген сүйекке айналды. Бастапқыда денесі сымға тартқандай әсемденіп, бишілердей бұралып шыға келген еді, бірақ кейін сүзектен тұрған адамдай қу сүлдері ғана қалды. Ол науқастанып қалған жоқ па деген алаңдау пайда болғалы, іштей өзімді өзім жұбатқаннан басқа еш қайран қыла алмаушы едім. Шағын қалашықта ағаш материалдар зауыты мен кішкентай дүкен ашатын ата-енемде, ақ көңіл қайын бикем мен балдызымда да еш қалыпсыздық жоқ, ақыл-есі дұрыс, дені сау жандар.
Қайын жұртымды ойласам болды, ашық отқа тамақ пісірген көрініс көз алдыма келіп, түтін мен тамақтың аңқыған иісі мұрынымды қыдықтап ала жөнелетін. Ерлер залда отырып арақ ішіп, кәуап жеген кезде, әйелдер ас үйде қысыр кеңеске кірісуші еді. Бір үйлі жанның бәрі, әсіресе, қайын атам сиыр етінен жасалған суық салатты қатты ұнатып жейтін, енем балық етін дайындайтын, әйелім мен балдызым ет турайтын үлкен пышақпен тауық етін кесек-кесек етіп керемет тураушы еді. Мен әйелімнің өмір сүру ұстанымына риза болушы едім, көзіне көрінген тарақанды алақанымен басып өлтіре салатын оның қазір ананы да, мынаны жақтырмай, кірпиязға айналып шыға келгенін көрмейсің бе.
Оның жағдайы шынымен күдікті болса да, мен оны психиатрға апаруға немесе емдетуді ойлаған емеспін. Өзгелерге «Психикалық ауру- бұл аурулардың бірі ғана, бұл үлкен мәселе емес» деп айтып жүргеніммен, өз басыма түскенде оған басқаша қарауыма тура келді. Шынымды айтсам, түсініксіз, өзім байыбына жете бермейтін істерге үнсіз қалуға шыдамым жетпейтін жанмын.
***
Әлгі түсті көрерден бір күн бұрын, тәңертең мен мұздатылған етті турап жатыр едім. Сен күйіп-пісіп «шешеңді, не деген ыбылжыған немесің?» деп боқтадың.
Сен сыртқа шығам деп жанталассаң, сенімен бірге мен де қарадай қарбаластап, қолды-аяққа тұрмай сасқалақтап кететінімді білесің ғой. Мен тез істейтін деп асыққанмен, істеп жатқан ісімнің берекесі қашып, басқа бір адам сияқты ебім кетіп, есім шығатын. Сен бол, болдың астынан алғанда мен сасқалақтап, абайсызда саусағымды кесіп алдым. Пышақтың да жүзі кетіліп қалыпты.
Удай ашыған сұқ саусағымның ұшына қарап едім шыққан қан дөңгеленіп, шардай үлкейіп келе жатыр екен, ауызыма сала қойдым, қып-қызыл қан мұндай дәмді болар ма, таңдайыма тиісімен менің жүйкем балбырап сала берді. Сен бір кесек етті аузыңа салдың да, қайта түкірдің. Туралған еттің арасынан темірдің жылт-жылт еткен сынығын алып, «Мынау не? Пышақтың жүзінің сынығы ғой» деп айқалап, от алып, қопаға түстің.
Өңің өрт сөндіргендей түтігіп, айқайға басқан сенің түріңе қарап мелшидім де қалдым.
-Жұтып қойсам қайтесің? Түбіме жете жаздадың ғой,- дедің сен.
Неге екенін білмеймін, сол сәтте мен ештеңеден алаңдамай, біреу маңдайымды сұп-суық алақанымен басып тұрғандай, сабырлы күйге ендім. Төңірегімдегі сен және ас үстелі сияқты барлық заттар қайтқан толқындай менен алыстап, өзім жалғыз шексіз кеңістікке сүңгіп кеткендей болдым.
Соның ертесі әлгі қамбадағы қан толған шұңқыр мен қанға малтыққан бетті көрдім.
***
-Ерніңе не болған? Сүрме жақпағансың ба?
-Аяқ киімімді шештім. Қара түсті плащ киген әйелім үрейі ұшқан адамдай көзі бақырайып есіктің көзінде тұрған. Білегінен шап беріп ұстап, жатын бөлмеге сүйреп кіргіздім.
-Осы сиқыңмен сыртқа шықпақсың ба?
Сән үстелінің айнасынан екеуіміздің сұлбамыз көрінді.
-Қайта боян.
Ол қолымды сілкіп тастады да, бетіне опа- далап жаға бастады, оны жағып болған соң, оның үстінен тағы бірдеңесін жағып еді күл беттеніп, қуыршақ сияқты сұп-сұры болып шыға келді. Ернін бояп, көзіне сүрме жағып еді, науқас адамдай қуарған өңі білінбей қалды. Мұны көріп мен де «үһ» дедім.
-Кешігетін болдық, тездетейік.
Есікті ашып, лифт түймешесін басқан мен оны аяғынан тастамайтын көк түсті спорт шақайын кигенше дегбірім кетіп қарап тұрдым. Үстіне плащ, аяғына спорт шақайын кигенінің байыбына бара аламай еріксіз бас шайқадым. Дегенмен, оның басқа аяқ киімі де жоқ еді, теріден тігілген аяқ киімдердің барлығын лақтырып жіберген.
Көлігімді оталдырған соң, біз баратын корейше тағамжайдың маңындағы жолдардың жағдайын білейін деп жол қатынасы хабары радиосын қостым. Қауіпсіздік белдігін бекітіп, қол тормозды төмен түсірдім. Өзімен бірге даланың суық ызғарын ала кірген әйелім қауіпсіздік белбеуін асықпай байлап жатты.
-Бүгін қалайда өзімізді жақсы жағынан көрсетуге тырысайық. Бұл қонақ асы біздің бастықтың бөлім басшыларын жұбайларымен қоса шақырған бас қосу. Мені елден бұрын шақырды, бұл оның маған ықыласы түскендігінің белгісі.
Жан жолдармен айналып, жақын жолмен тіке тартқан біз бас қосу өтетін екі қабатты сәулетті ресторанның автотұрағына келіп тоқтадық.
Көктемнің басы болған соң күн әлі шытқылдау еді. Жеңіл киінген әйелім кешкі суыққа шыдамай, дір-дір етеді. Жол бойы тіс жарып, тіл қатқан жоқ. Бұрыннан көп сөйлемейтін бұйығы жан болған соң, оның мұнысына тым мән беріп кеткем жоқ. Кем сөзді болғаны жақсы ғой, аз сөйлетін әйел үлкендерге де ұнайды, осыны ойласам менің де көңілім жай табады.
Бастық, күнделікті жұмыстар мен арнаулы істерге жауапты басшылар әйелдерін ертіп, бізден бұрын келіп алыпты, бөлім басшысы да іле-шала келді. Аман- сәлемнен кейін біз сырт киімдерімізді шешіп, киім ілгішке ілдік. Қас-кірпігін әсемдетіп, мойнына жақұт алқа таққан бастықтың әйелі бізді дастарқанға бастады, қалған қонақтар осы ресторанның үнемі келіп жүрген қонақтары іспетті жайбырақат.
Байырғы заман үлгісінде жобаланған төбеге бір, тастан жасалған балық көлшігіндегі алтын балықтарға қыдырта көз салып келіп, орныма жайғастым. Отырып жатып әйеліме бұрылып қарағаным сол еді, алдымен омырауына көзім түсті. Денесіне жабысқан қара жейде киген әйелімнің омырауының екі үрпі тікірейіп көрініп тұр. Емілдірік тартпағаны бесенеден белгілі. Мынасы жұрттан ұят болды-ау деп байқатпай басқаларға назар салып едім, көзім арнаулы істерге жауапты басшының әйеліне түсті. Мен оның әйеліме таңырқай қарап отырғанын байқадым, жанарынан менсінбеушілік те ұшқын атады.
Екі бетім ду ете түсті. Әйелім сөзге араласып, төңірегіндегілермен тілдеспей, меңірейіп отыр. Жұрттың бәрінің назары әйелімде екенін сезіп отырмын, дәл қазір көңіл-күйімді бұзбай, сабырлы кейіп танытудан басқа шара жоқ.
-Бұл жерді оңай тауып келген шығарсыңдар? - деді бастығымның әйелі.
- Бұрын бұл арадан бір рет өткенмін, әсем ауласын көріп, кіріп көргім де келген.
- Солай ма, ауласы шынмен әсем, күндіз тіпті әдемі көрінеді. Ана терезеден гүлзар да көрініп тұр.
Біз осылай шүйіркелесіп отырғанда алдымызға ас та келді. Манадан бері сабырлы кейіп танытып отыр едім, енді бәрі ойран болатындай абдырап кеттім. Өйткені дастарқанға ең алдымен тханпхёнчхэ деген тағам қойылды. Бұл салқын дірілдекке саңырауқұлақ пен сиыр етін қосып жасайтын тағам еді. Даяшы қасықты алып, әйеліме тамақ салып бергелі жатыр еді, бағанадан жұмған аузын ашпай қақшиып отырған әйелім «маған салмаңыз» деді.
Ол мұны сыбырға жақын үнмен, ақырын айтса да, дастарқан басында отырғандар бәрі бір естіді, қолдарына ұстаған қасықтары да қаңтарыла қалған олардың сұраулы көздері әйеліме тігілді.
- Мен ет жемеуші едім, - деді ол дауысын сәл көтеріп.
- Сіз вегетариан ба едіңіз?- деп сұрады бастығым қатқылдау үнмен.
- Шетелде қатықсыз қара тамақ тұтынуды дәріптейтіндер көбейіп барады деуші еді, біздің елде де вегетарианизм танымал бола бастаған сияқты. Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдары да ет жеудің залалы жайлы айтып, ұзақ өмір сүргің келсе, ет жемеу керек деп ауыз жаппай айтып жатады, онысы дұрыс шығар,- деп еді, «бірақ бір жапырақ ет жемей адам қалай өмір сүреді сонда?» деп әйелі де сөзге араласты. Әйелімнің алдындағы тәрелке бос тұр, даяшы қалған тоғыз адамның тәрелкесіне толтырып тамақ салды да, кетіп қалды. Енді әңгіме ауаны табиғи түрде вегетарианизмге қарай ойысты.
- Жақында 5000 жыл бұрын өмір сүрген адамның мумиясы табылған жоқ па? Мумияның қасынан аңшылыққа қатысты бұйымдар да табылған. Бұл ет жеу адамның табиғаты екенін дәлелдейді, ал вегетариан болу адам табиғатын бұзумен бірдей, ақылға қонымсыз.
- Төрт қуат тәлімі деген бар, жұрттың көбінің қатықсыз қара тамақпен қақтығып жүргені сол ілімнің ықпалы болса керек...мен де талай дәрігерге қаралып, өз денемнің физиологиялық типін анықтағым келді, бірақ бірінің айтқаны біріне ұқсамайды. Әр рет дәрігерге қаралған сайын, емшінің айтушы бойынша тамақты бір қалыпты жеуді әдетке айналдырайын деймін, бірақ бәрі аяқсыз қалады... Сосын тоңып секіргенше, тойып секірейін деп өзімді тамақтан тартпайтын болдым.
-Тамақ талғамай, бәрін де жей беретін адам нағыз дені сау адам болмай ма? дені саудың жаны сау емес пе,- деді бағанадан бері менің әйелімнің омырауына көз алмай қарап отырған арнаулы істерге жауапты басшының әйелі. Оның бұл сөзді мені әйеліме қаратып айтқаны айдан анық еді.
- Неге вегетариандық жолға түстіңіз? Денсаулық үшін... әлде діни нанымдарға байланысты ма?
- Олармен еш қатысы жоқ.
Әйелім бүгінгі кешкі астың мен үшін қаншалықты маңызды екенін мүлде түсінбейтін секілді, сондықтан ол жайбарақат сөз бастады. Менің денем түршігіп, қарадай қысылып кеттім, өйткені оның не айтқалы отырғаны маған мәлім еді.
- Бұл жағдай менің бір түс көруіммен байланысты.
- Әйелімнің асқазан- ішек жолдарының кірнесі бар еді, ұйқысы да жақсы емес. Дәрігердің кеңесі бойынша еттен тыйылғалы денсаулығы жақсы боп қалды,- дедім әңгіме ауанын ауыстырып жіберейін деген оймен.
Отырғандар түсінген сыңай танытып бастарын шұлғыған болысты.
-Бұл бір кездейсоқ жайт болды. Мен ешқашан қатықсыз қара тамақ ішетіндермен бірге тамақтанған емеспін. Мен сияқты ет жейтін адамдарды жек көретін жандарды ойлаудың өзі қорқынышты ғой. Рухани жақтағы себептерге байланысты вегетариандық жолды таңдағандар, қалай деген күннің өзінде ет жеуді жек көретін шығар? Солай емес пе?
-Сен сақпымен (қос таяқшамен) қысып алған сегізаяқты ауызға салып жіберіп рахаттана шайнап отырғанда қарсы алдыңда отырған әйел саған жалмауыз көргендей ала көзімен ата қарап отырса қандай жаман. Сен де сондай сезімде отырған шығарсың?
Отырғандар ду күлді, жұртпен бірге мен де күлдім. Әйелім күлген жоқ, жұрттың не айтып жатқанын естіп отырған да жоқ, ерінге жұққан күнжіт майының жұғынын іздеп отырғандай әр бір адамның аузына тімтіне қарап отырғанын байқап, отырғандар да ыңғайсызданып қалды.
Келесі тағам- құрғақ пісірілген тауық еті, одан кейін тунец тілімдерін әкеліп алдымызға қойды. Барлығы жапа тармағай асап жатқанда, әйелім қасығын да қимылдатқан жоқ. Екі үрпі көйлегінің кеудесін тесіп шығардай тікірейіп тұр, ал оның көздері әр кімнің аузы мен қимыл қозғалысына қарап қатып қалған.
Он неше түрлі қуырмаштың бәрі дастарқанға қойылып болды. Бас қосу аяқталғанша әйелім салат, кимчи және асқабақ ботқасынан басқасын мүлдем аузына салған жоқ. Тым құрыса, дәмі тіл үйіретін тәтті күріш сықпа ботқасынан да ішкен жоқ, өйткені бұл тағам да ет сорпасына қайнатып пісіріледі ғой. Дастарқан басындағылар бірте-бірте әйелімді елеусіз қалдырып, өз әңгімелеріне көшті. Арасында мені мүсіркегендей менімен дым қатысы жоқ сұрақтарды сұрап, көңілімді аулаған болады, олардың маған деген құрметті сезімі қалмағанын мен сезіп отырмын.
Тамақтан кейін дастарқанға тәтті тағамдар қойылған кезде, әйелім алма мен апельсиннен ғана ауыз тиді.
-Қарның ашқан жоқ па? Мандып бірдеңе жемедің ғой,- деді мекеме басшысының әйелі байыпты үнмен. Әйелім үндеген жоқ, бет-әлпетінде ешқандай өзгеріс жоқ бедірейіп отыра берді. Ол бұл қандай басқосу екенін, қарсы алдында тұрған орта жастағы әйелдің кім екенін біле ме екен деші? Сол сәтте мен әйелімнің санасы-- мен ешқашан еніп көрмеген санасы, түбі көрінбейтін терең шыңырау екенін сезіндім.
***
Әйтеуір қалайда бірдеңе істеу керек еді.
Сол түні болған оқиға мені қатты ұятқа қалдырды. Қайтар жолда қалың ойдың құшағына баттым, ал әйелім ештеңе әсер етпегендей қаннен қаперсіз отыр, өз қателігін мүлде түсінбейтін сияқты көрінді. Бір жағына сәл қисайып, бетін терезеге сүйеп отырған оның шаршағаны анық байқалады. Егер бұрынғы мінезім болса, әлдеқашан ашуға мініп «Сен менің жұмыстан қуылғанымды қалайсың ба? Бүгінгі қылығыңа қарашы!» айқайға басар едім.
Бірақ ішкі түйсігім маған бұл кезде не істесем де, еш пайдасы жоқ екенін сезіндірді. Қалай ашулансаң да немесе байыппен ақыл айтсаң да оны райынан қайтару мүмкін емес, бұл жағдай мені әбден дәрменсіз күйге түсірді. Әйелім жуынып-шайынып, ұйқы киімін киді, бірақ жатын бөлмеге кірмей, өзінің бөлмесіне қарай беттеді. Мен қонақ бөлмеде ары-бері сенделіп жүрдім де, телефонды алып, шалғайдағы шағын қалашықта тұратын енеме қоңырау шалдым. Ел жастыққа бас қойып, ұйықтайтын мезгіл әлі болмаса да, ұйқылы-ояу енемнің даусы тым әлсіз шықты.
-Сендерде бәрі жақсы ма? хабарсыз кеттіңдер ғой?
-Кешірім өтінемін, жұмыстың қарбаластығынан хабарласа алмай жатырмын. Қайын атамның денсаулығы қалай?
-Бізде бәрі орынша. Жұмысың қалай, жақсы жүріп жатыр ма?
Мен біраз кідіріп барып «Менде бәрі жақсы, тек Ин Хуэй....» деп жауап қайырдым.
-Ин Хуэйға не болды? Не боп қалды?
Жайшылықта ол екінші қызына тым көңіл бөлмейтін сияқтанғанмен, қанша айтқанмен бауыр еті баласы емес пе, дауысынан алаңдап тұрғаны анық аңғарылды.
-Ин Хуэй етті аузына салмай жүргені.
-Не дейсің?
-Ол ауызына бір түйір ет салмайтын болды, тек қатықсыз қара тамақ ішіп жүргеніне бірнеше айдан асты.
-Бұл қалай болғаны? Ол диета ұстап жүрген жоқ па?
-Білмеймін. Қанша айтсам да, тыңдамай қойды. Менің де үйде ет жемегеніме біраз уақыт болды.
Енем тілін жұтып қойғандай үнсіз қалды. Осы сәтті ұтымды пайдаланған мен: Ин Хуэйдің қаншалықты әлсіреп кеткенін сіз білмейсіз ғой,- дедім сөзімді нықтай сөйлеп.
- Оның бұл қайткені? Телефонға шақыршы.
- Қазір ұйықтап қалды, ертең таңертең сізге хабарлас дейін.
- Қажеті жоқ. Ертең таңертең өзім хабарласамын. Бұл бала адамды қарадай уайымға салды ғой... сенен де ұят болды-ау, балам.
Телефонды қойып, тел нөмерлері жазылған дәптерімді парақтап шықтым да, қайын бикеме қоңырау шалдым. «Алло» деп төрт жастағы жиенім тұтқаны көтерді.
Шешеңді шақыра қойшы.
Қайын бикем әйеліме қатты ұқсайды. Дегенмен оның әйеліме қарағанда көзі үлкендеу, әйеліме қарағанда сұлуырақ, ең бастысы оның бойында әйелге тән нәзіктік пен тартымдылық бар. Ол тұтқаны тез алды.
- Алло?
Телефонда сөйлескен сәтте қайын бикемнің мұрнына тұншығып шығатын дауысы менің сезімімді қыдықтап, жігіт желігімді қозғайтын. Мен оған енеме айтқанымдай, әйелімнің ет жемей жүргенін жеткіздім. Ол да сондай таңданыс білдіріп, менен кешірім сұрап, бір шешім қабылдауға уәде беріп, қоңырауды үзді. Енді қайын ағама телефон шалсам бе екен деп бір ойладым да, өйткенім артық болар деп, телефонды қойдым.
***
Мен тағы да түс көрдім.
Біреу кісі өлтіріп, ым- жымын білдірмей барлық айғақтарды жойып жіберген екен деймін. Ояна келсем, есімде ештеңесі де қалмапты. Ана адамды мен өлтірдім бе? жоқ әлде өлген адам менмін бе? Егер мен өлтірген болсам, сонда өлген адам кім болғаны? Сен емессің бе? Әйтеуір таныс біреу. Жоқ әлде сен мені өлтірдің бе?... Онда мәйіттен ешбір айғақ қалдырмай, бәрінің көзін құртқан кім болды сонда? Ол үшінші адам мен де, сен де емес екені анық... Адам өлтірерде қолданған қарудың темір күрек екенін анық білемін. Қаза болған адам басына күрек тиіп көз жұмды. Қатты тиген соққының дауысы, темір күректің басқа тиген кездегі серпімділігі...соққыдан құлап бара жатқан адамның сұлбасы... бәрі-бәрі тас қараңғы түнде ап анық көрінді.
Мен бұл түсті бірінші рет көріп тұрған жоқпын. Осы түсті қанша рет көргенімді өзім де білмеймін. Бейне мас болған кезде бұрынғы мас күйдегі сәттер еске түсетіні сияқты, түсімде де бұрын көрген түсім есіме түсіп жатады. Біреуді қайта-қайта өлтіріп жатқан адамның кім екенін білмеймін. Бәрі бұлыңғыр, түсініксіз, бірақ сол үрейлі шынайылық сезімі анық есімде.
Мұны ешкім түсінбейтін шығар, иә? Мен бұрыннан біреудің пышағын жалаңдатып бірдеңе турап жатқанын көруден қатты қорқатынмын, мейлі ол пышақты ұстаған адам әпкем болсын, әлде анам болсын. Сол бір төзім жетпейтін жиіркеніш сезімді сөзбен айтып түсіндіре алмаймын, бірақ бұл түйсік, керісінше, мені оларға мейірімді болуға итермелейтін. Демек, кеше түсімде көрінген қылмыскер де, өлген адам да анам немесе әпкем де емес. Адамды өлтірген немесе өлтірілген сәттегі сезімді бастан кешпей, сол бір ап-анық әрі күйретіп түсірердей сұрапыл, аққан қандай жып-жылы қабағат сезімді түсіну мүмкін емес...
Неге бұлай? Барлығы жат, түсініксіз, мен бір заттың қалқасында тұрғандаймын немесе тұтқасы жоқ есіктің ар жағында қамалып тұрған секілдімін. Жоқ, мүмкін, мен басынан бастап осында болған шығармын, тек қазір ғана соны түсініп тұрған сияқтымын. Шеті-шегі жоқ түпсіз қараңғылық, бәрі бір-біріне қосылып, қап- қара даққа айналған.
* * *
Менің күткенімдей болмады: енем мен қайын бикемнің үгіт-насихаты әйелімнің тамақтану дағдысына ешқандай әсер еткен жоқ. Демалыс күндері енем маған телефон шалып: «Ин Хуэй әлі де ет жемей ме?» деп сұрайтын. Тіпті бізге әдетте хабарласпайтын қайын атам да от алып, қопаға түсті. Қасында отырып, телефонның арғы жағынан оның ашулы айқайын естідім:
- Сен не істеп жүрсің? Өзің жемесең мейлі, жас әрі қайратты күйеуіңнің жағдайы не болады?
Әйелім оған ешқандай реакция білдірмеді, тек телефон тұтқасын үнсіз тыңдап отыра берді.
- Неге үндемейсің? Естіп тұрсың ба өзі?
Ас үйдегі сорпа қайнап кетті, әйелім ләм деместен телефонды үстелге қойды да ас үйге кіріп кетті. Содан қайтып шыққан жоқ. Бұл жағдайдан хабарсыз қайын атам телефонның арғы басында бақырып-шақырып жатты. Мен амалсыз телефонды алып: Ата, кешіріңіз,- дедім.
— Бұл сенің кінәң емес, керісінше мен сенен кешірім сұрауым керек.
Мен қатты таң қалдым. Үйленгенімізге бес жыл болса да, ешқашан өзімшіл мінезімен танылған қайын атамның менен кешірім сұрағанын естіген емеспін. Атам сөйлегенде ешкімнің қабағына қарап жатпайтын, оның өміріндегі ең үлкен мақтанышы — Вьетнам соғысына қатысып, құрмет медалін алғаны еді. Ол жайшылықта дауысын көтеріп, қатты сөйлейтін, бұл оның өз пікірінен қайтпайтын, қатал адам екенінің айғағы іспетті. «Баяғыда жалғыз өзім жеті Вьетнам сарбазына төтеп бердім...» деп басталатын оқиғаларды мен күйеу баласы болсам да, екі-үш рет естідім. Оның айтуынша, әйелімді бала кезінен он сегіз жасқа дейін ұрып-соғып тәрбиелеген көрінеді.
-.Келесі айда біз Сеулге барамыз, сол кезде жақсылап сөйлесеміз, - деді ол.
Енемнің туған күні маусым айында. Қарттар алыс жерде тұратындықтан, жыл сайын Сеулде тұратын балалары сыйлықтар жіберіп, телефон арқылы құттықтайтын. Бірақ биыл мамырдың басында қайын бикем жаңа үйге көшті, олардың жаңа үйін көріп, құтты болсын айтуға келмек болған енем мен қайын атам туған күнді де сол үйде атап өтеміз деп шешіпті. Осылайша, маусымның екінші жексенбісі әйелімнің төркіні үшін соңғы жылдардағы сирек кездесетін үлкен жиын болмақ. Ешкім бұл туралы ашық айтпаса да, сол күні барлығы әйеліме қатты сөгіс айтуға дайындалып жатқанын іштей сезіп жүрдім.
Әйелім бұл жағдайды біле ме, жоқ па, ол жағы маған беймәлім, бірақ ол күндерін ештеңе болмағандай тыныш өткізіп жатты. Тек менімен бір төсекте жатудан қашқақтап, джинси шалбармен ұйықтайтынды шығарды. Сырт көзге біз әлі де қалыпты ерлі-зайыптылар сияқты көрінетін едік. Оның күн сайын азып бара жатқаны болмаса, бұрынғыдан көп айырмашылық та жоқ. Әр күні тәңертең оятқыш дабылдың үнін өшіріп, орнымнан тұрғанда, оның көзі бадырайып ояу жатқанын көретінмін. Бұдан басқасының бәрі бұрынғыдай еді. Компанияның ұжымдық кешіне қатысқаннан кейін біраз уақыт әріптестерім маған күмәнмен қарап жүрді. Бірақ менің жетекшілігімдегі жоба керемет нәтижелерге қол жеткізгеннен кейін бәрі қайтадан қалыпына түсті.
Кейде отырып, осындай біртүрлі әйелмен өмір сүрген де жаман емес екен-ау деп те ойлаймын. Оны бөтен адам ретінде қабылдауға да... жоқ, одан да кір жуып, тамақ пісіріп, үй тазалап жүретін әпкем немесе күтушім деп санасам да артық болмас еді. Бірақ мәселе мынада: жас әрі қайратты, өмірі жалықтырарлықтай көрінсе де, некесін сақтап қалғысы келетін ер адам үшін ұзақ уақыт өзін-өзі тежеу өте қиын екен. Бірде, компаниядағы бас қосудан кейін үйге кеш әрі масаңдау оралдым да, әйелімді алып соғып, астыма бастым. Оның жанталаса қарсылық көрсеткен қолдарын қайрып, шалбарын шешкен кезімде өзім де түсінбейтін бір түрлі рахат сезім бойымды шарпып өтті. Жағаласып, боқтап жүріп үшінші рет мақсатым әзер орындалды. Ол тасқа айналып кеткен адамдай сезімсіз меңірейіп, тас қараңғылық құшағында төбеге телміріп жата берді. Мен алқынып барып үстінен ауып түскенде ол ары аунап, бетін көрпемен бүркеп алды. Мен жуынып-шайнып келгенше ол төсекті реттеп қойды да, мен қайта келіп жантайған соң, ештеңе де болмағандай, көзін тарс жұмып жата берді.
Осындай сәттерде мен әрдайым біртүрлі әрі жайсыз бір күй кешемін. Бір нәрсені алдын ала сезіп, түйсінетін ақ сайтаным жоқ, айналамыздағы ортаға аса сезімталдық танытатын адам да емеспін, алайда жатын бөлмені жұтып алған тастай қараңғылық пен мүлгіген тыныштықтан денем тітіркеніп, қарадай қалтырап кететінмін. Ертесі таңертең ас тақтайдың басына жұмған аузын ашпай, ешқандай ақыл-кеңес тыңдамайтын кейіп танытып, мелшиіп отырған әйелімді көргенде өзімді мүлде ұстай алмай қалдым. Оның өмірдің сансыз қиын қыспағынан, сарсаңға толы соқпағынан өткендей өлеусіреген ұсқынсыз өңі оған деген жиіркеніш пен өшпенділік сезімімді оятты.
Отбасылық бас қосуымызға үш күн уақыт қалған еді. Сол күні кеште Сеулге аяқ астынан аптап ыстық орнап, барлық кеңсе ғимараттары мен сауда орталықтарында кондиционерлер қосылған болатын. Компанияда бір күн салқын самал астында отырған мен үйге келіп, есікті ашқан сәтте әйелімді көріп, есікті дереу қайта жаба қойдым. Себебі біз дәліз секілді пәтерде тұрамыз, әйелімнің мына түрін ары-бері өткен біреу көріп қала ма деп қатты састым. Әйелім ашық сұр түсті мақта шалбар киіп, жарты денесі жалаңаш, теледидар тумбочкасына арқасын сүйеп, еденде картоп аршып отыр. Әбден азып, арқа сүйектері арсиған оның омырауы ғана салбырап тұр,
– Неге киім кимей отырсың? – дедім күлімсіреген кейіп танытып. Ол басын да көтермей, картобын арши берді.
– Ыстық қой. Бар қайырған жауабы осы.
Мен тістеніп тұрып «Басыңды көтеріп маған қара! Жүзіме қарап күліп тұрып, қалжыңдап отырмын деп айтшы» деп айқай салғым келді. Бірақ әйелім күлген жоқ. Сағат кешкі сегіз еді, балконның есігі ашық тұрған, үйдің іші тым ыстық емес, тіпті оның иығында тоңазудан пайда болған ұсақ бөрткендер де байқалды. Газеттің беті картоп қабығына толып қалған, отыз шақты картопты түгел аршып, төбедей қып үйіп тастапты.
– Бұның бәрін неге аршып жатырсың? – дедім өзімді салмақты ұстауға тырысып.
– Буға пісіріп жеймін, – деді ол.
– Бәрін бе?
– Иә.
Мен еріксіз күліп жібердім, ішімнен оның да мен сияқты күліп жіберуін қаладым. Бірақ ол езу тартқан жоқ, керек десеңіз басын көтеріп, бетіме де қарған жоқ.
– Қарным ашып тұрғаны, – деді ол.
***
Түсімде үнемі біреуді пышақпен бауыздап жатамын, басын кесіп ала алмай, шашынан тік көтеріп тұрып бауыздауынан шығармақ боп жанталасам. Оның екі көзі ағып алақаныма түскен кезде шошып оянамын. Бірақ оянғаннан кейін де мазасыз ойдан құтыла алмай, ары-бері ұшып жүрген кептерлерді қынадай қырып, көршінің ұзақ жылдан бері бағып келе жатқан мысығын тұншықтырып өлтіргім келеді. Аяқ-қолым дірілдеп, суық терге малшынған кезде өзімді бөтен адамдай сезінемін. Біреу менің ішіме кіріп, рухымды жұтып алғандай күйге түсемін. Дәл осындай сәттерде...
Ауызыма сілекей толып кетеді. Ет дүкенінің жанынан өткенде, аузы –мұрнымды басып өтемін. Өйтпесем көмекейімнен шыққан сілекей ерініме келіп тіреліп, аузымнан ағып кетердей алас ұратынмын.
***
Шіркін, бәрін ұмытып, тым құрыса бір сағат сеспей қатып ұйықтасам ғой... Қаншама түндерді кірпің ілмей, үй ішінде жалаң аяқ сенделіп жүрдім, ондайда тұтас үйдің іші, әр бір бөлме суып қалған сорпадай салқын әрі сүреңсіз сезілетін. Ал терезенің сыртындағы әлемді көзге түртсе көрінбейтін тастай қараңғылық жұтып қойған. Саңлауынан өлеусіреген болымсыз жарық түсіп тұрған есік ешкім қақпаса да, анда-санда сықыр-сықыр етеді. Ал жатын бөлмеге қайтып кірсең көрпенің іші де мұздай суық.
***
Қазір бес минут та ұйықтай алмаймын. Кірпігім айқасты болды түс көремін, жо-жо-жоқ, оны түс деуге де келмейді. Қысқа-қысқа үзік-үзік көріністердің бұғауынан шыға алмай тұншығамын, әуелі, жыртқыш жануарлардың от шашқан көздері елес беріп, онан кейін өзен боп аққан қан мен шықшытынан шытынаған бас сүйекті, соңынан жанары жаудырған сол бір көзді көремін. Ол көздер менің ішімнен шығып келе жатқандай көрінеді. Мен қалыш-қалыш етіп көзімді ашамын да қолыма қараймын, тырнақтарым әлі жұмсақ па, тістерім қалпында тұр ма екен деп ойлаймын.
Мен сенім арта алатын жалғыз нәрсе – кеудем ғана. Мен өзімнің омырауымды жақсы көремін, себебі оның ештеңеге залалы жоқ. Қолдың, аяқтың, тіс пен сүйреңдеген тілдің, тіпті, тігіле қарған жанарың да біреуді өлімге итермелеп, жанын жаралайтын қатігездік құралы бола алады. Бірақ омырау олай емес, томпиған, тырсиған қос анарым ғана жанымды жай таптырып, санама сенім ұялатады. Бірақ оның да күннен күнге солып, кішірейіп бара жатқаны қалай? Бұрынғыдай сүті кернегендей тырсиып тұрмайтыны несі? Мен неге күн сайын азып, жүдеп барамын? Сырықтай сидиып, істіктей біздиіп, бұл қайткенім?
***
Бұл жарық жақсы түсетін, оңтүстікке қараған пәтер 17-қабатта орналасқан. Алдыңғы жақтағы ғимарат ештеңені көрсетпей, далдалап тұрғанымен, артқы терезеден алыстағы тау етегі мұнартып көрінеді.
– Енді сендер уайымсыз өмір сүресіңдер, ақыры баспаналы болдыңдар,-деді қайын атам сақпыны қолына алып жатып.
Қайын бикем тұрмысқа шыққанға дейін косметика дүкенін ашқан болатын. Бұл пәтерді толығымен сол дүкеннен түскен табысқа сатып алған. Ол балалы болғанға дейін оның дүкені бастапқыдан үш есе үлкейген еді. Кішкентайлы болған соң, кешкі уақыттарда ғана дүкенге барып, шаруасын бақылап жүрді. Баласы үш жасқа толып, балабақшаға барғаннан кейін ғана дүкенде күні бойы болуға мүмкіндік тапты.
Мен бажама қатты тәнтімін. Ол бейнелеу өнері университетін бітірген суретші болса да, отбасының шаруасымен еш қатысы жоқ. Әкесінен қалған дәулеті бар дегенмен, тек шығыс бар, кіріс жоқ болса, оның да бір күні түбі көрінетіні анық. Еті тірі қайын бикемнің арқасында бажам да ештеңеден алаңдамай, өз кәсібімен айналысты. Оның үстіне, қайын бикем де менің әйелім сияқты ас пісірудің хас шебері. Оның түскі асқа үлкен үстел толы дәмді тағам дайындағанын көріп, тәбетім ашып, ішегім шұрылдап қоя берді. Қайын бикемнің толықсыған тұлғасы мен боталаған қос жанарына қарап, жағымды әуені, тәтті сөздеріне елітіп, байқаусызда өтіп кеткен көп нәрсеге іштей опық жейсің.
Әйелім бір ауыз жылы сөз де айтқан жоқ, «Үйлерің жақсы екен», «Түскі ас әзірлеп әуре болдың ғой» деп те айтпай, үн-түнсіз келіп, дастархан басына отырды да ақ күріш пен тұзға шыланған көкөністі асай бастады. Басқа тамақты аузына да салған жоқ. Тіпті жұмыртқадан жасалған майонезді де жеген жоқ, дастарқан үстінде самсаған салатқа да көзінің қырын салмады.
Ұзақ уақытқа жалғасқан ұйқысыздықтан әйелімнің өңі сарғайып, қаны қашып, бозарып кеткен еді. Егер оны бейтаныс біреу көрсе, ауыр науқас меңдеткен деп ойлауы әбден мүмкін. Ол бәз баяғысындай емілдірік кимей, тек ақ футболка киіп алған. Жақыннан қарасаң, кеудесіне жұққан кір дақ сияқтанып, емшегінің үрпі де көрініп тұр. Әлгінде есіктен кірген кезде, оны бірден жатын бөлмеге сүйреп кіріп кеткен қайын бикем аздан соң өңі бір түрлі болып қайтып шықты. Сірә, әйелім емілдірік кимей қойған тәрізді.
– Мұндағы пәтерлердің бағасы қанша? – деп сұрадым мен.
– Кеше сайттан қарасам, бұл пәтердің бағасы 50 миллион вонға өсіпті, келесі жылы метро да салынып бітіпті деп естідім.
– Бажамыздың қолынан шынмен іс келеді екен.
– Мен ештеңе істеген жоқпын, барлығын қайын бикең өзі ыңғайлады ғой, – деді бажам күлімсіреп.
Бәріміз оны, мұны айтып әңгімелесіп отырмыз, балалар тәтті-кәмпиттерін жеп, асыр салып ойнап жүр.
-Әпке, осыншама көп тамақты жалғыз өзіңіз дайындадыңыз ба?-деп едім, қайын бикем күліп: Иә, алдыңғы күннен бастап дайындалғанмын, устрицадан жасалған мына салатты базардан арнайы сатып алып, Ин Хуэй жесін деп жасап едім, ұнатып жеуші еді... Бірақ бүгін аузына да салмады ғой, – деді.
Мен демімді ішіме тарттым. Ақыры дауыл басталды.
– Ин Хуэй, саған қанша рет айттым, сен бар ғой... деп қайын атам ашу шақыра бастап еді, қайын бикем іліп әкетіп: «Сен сірә қайтпексің сонда? Адам деген ағзасына қажетті қоректік заттарды қабылдауы керек қой. Егер міндетті түрде қатықсыз қара тамақ ішетін вегетариан болғың келсе, денедегі азықтықтың тепе теңдігін сақтауың керек қой, аш аруақтай азып кеткен түріңе қарашы,- деп жазғыра сөйледі.
– Мен тіпті екінші әпкемді танымай қала жаздадым. Ет жемей, қатықсыз қара тамақ ішіп жүр екен деп естігем, бірақ осындай дәрежеге жетеді деп ойламаппын, – деді балдызымның келіншегі де аяушылық танытып.
-Тап қазірден бастап сен ет жемей көрші. Мә, мынаны, мынаны, сосын мынаны тез же! Ішерге тамақ таппай, отқа қарап, суға сиіп отырған жоқпыз ғой, бұл не масқара?! – деп, енем қуырылған сиыр еті, ащы қуырлған шошқа еті, бұқтырылған тауық және сегізаяқты кеспе салынған тәрелкелерді әйелімнің алдына қарай ысырып қойды.
– Не қарап отырсың? Жесеңші енді тезірек?! – деп қайын атам да қаһарына мініп, әйелімді құтқуырлай бастады.
– Ин Хуэй-ау, ет жесе ғана адам әлденеді. Адам өмір сүру үшін сергек әрі қуатты болуы керек. Буддизмге бет бұрған монахтардың өзі тек аскетизм мен ауашалану арқылы өмір сүреді ғой, – деп қайын бикем де байыппен әйелімді көндіруге тырысты. Балалар да көздерін бақырайып, әйеліме қарап аңырып қалыпты. Ал әйелім не істерін білмей бетімізге жапақ-жапақ қарайды.
Үй ішінде бір ауық ауыр үнсіздік орнады. Дастарқан басындағыларға қарап едім, қайын атамның ашудан қап-қара болып түтіккен өңі; ешқашан жас болмағандай көрінетін енемнің әжімге толы ажарындағы алаңдаушылық; қайын бикемнің қарыс түюлі қабағы; бажамның қызық көрген адамдай өз жайында отырғаны; кіші балдызым мен әйелінің селқос әрі мән бермеген кейпі – бірден көзге ұрды. Әйелім бірдеңе дейтін шығар деп ойладым, бірақ ол өзінен жауап күткен жанарларға қайтарған жауабым осы дегендей қолындағы сақпыны үстелге тарс еткізіп қоя салды.
Шамалы абыр-сабырдан кейін енем сақпымен бір жапырақ етті қысып алды да, әйелімнің аузына жақындатып:– Кел қане, аузыңды аш, бір тістеп көрші,- деді.
Әйелім ернін аузын тарс жұмып алып, анасына аңтарыла қарады.
– Аш аузыңды. Мұны ұнатпайсың ба? Ендеше, мынаны же, – деп енем енді қуырылған сиыр етін ұсынды. Әйелім бәрібір ауызын ашқан жоқ. Енем сиыр етін қоя салды да, салқын устрицаны оның аузына таятып:- бала күніңнен ұнатып жеуші едің ғой, қарным тойғанша, жүргім айнығанша жеймін деп қиғылық салатының қайда...
-Соны деймін, менің де есімде, қайда барсам да, устрицаны көрсем болды, ойыма Ин Хуэй түсетін,- деп қайын бикем әйелім устрицаны жемей қойса дастарқан басында шатақ шығатындай жуып-шайған болды. Енем сақпымен қысып алған устрицаны әйелімнің аузына жақындаған кезде, әйелім аузын басып, артқа қарай шалқалай берді.
– Жей сал, қолым талып кетті... – деді енем. Оның қолы дірілдей бастағаны анық көрінді.
Сол кезде әйелім орнынан атып тұрып: «жемеймін» деді алғаш зірк етіп үн қатты.
– Не дейді?! – деп, тік мінезді шарқая қайын атам мен балдызым бірдей саңқ етті. Келін балдызымның білегінен ұстап, сабырға шақырды.
– Қарашы өзінің! Мені ашудан жарылып өлсін деп тұрсың ба? Айтқанымды естіп тұрсың ба? Мен саған же деп тұрмын, же! – деп, қайын атам ашуға булықты.
Мен әйелім «Әке, кешіріңізші, менің ет жегім келмейді» деп айтатын шығар деп ойладым. Бірақ ол ешқандай қынжылмай: – Мен ет жемеймін, – деді.
Үміті үзілген енем сақпыны үстелге қоя салды. Айғыз-айғыз ажым торлаған жүзінен жыламсырап отырғаны байқалады. Үй ішін дауыл соғардың алдындағы мүлгіген тыныштық басты. Қайын атам сақпыны алып, бір жапырақ етті қысып алды да, үстелді айналып, әйелімнің алдына келді.
Өмір бойы еңбек істеген қайын атамның денесі сом әрі шымыр еді. Бірақ кәрілік шіркін қойсын ба, тіп-тік денесі еңкіш тартыпты.
-Жей ғой, әкеңнің тілін ал, қане, жей сал. Мұның бәрі сен үшін, өстіп жүріп науқастанып қалсаң қайтесің,- деп етті оның аузына таятты. Атамның мейірлі сөзін естіп, көңілім босап, көзіме жас үйірілді. Дастарқан басында отырғандардың бәрін осы бір әсерлі сәт толқытып жіберді. Әйелім әкесінің қалтылдаған қолын кері итерді.
-Әке, жемеймін.
Қайын атам шапалақпен тартып кеп жіберді. Әйелім қолымен бетін баса берді.
- Әке!
Қайын бикем баж етіп, атамның қолына жармасты. Ашуға булыққан қайын атамның еріні дір-дір етіп, тістері сақылдап кетті. Атамның мінезі жаман екенін бұрыннан білсем де біреуге қол көтергенін бірінші рет көріп тұрмын.
– Шияу Жэнь, Ин Хао, келіңдер! – деп бұйырды ол.
Мен екі ұдай болып әйелімнің қасына таядым. Шамасы атамның шапалағы қатты тисе керек, әйелімнің шапалақ тиген беті талаурап, қып-қызыл болып кетіпті. Шапалақ әйелімнің үнсіздігін бұзып, тыныштық құшағынан суырып алғандай, ол алқынып ентігіп кетті.
-Ұстаңдар мынаның қолын.
– А?
– Ол бір жапырақ ет жесе болды, етті қайтадан жеп кетеді. Бұл дүниеде ет жемейтін кім бар!
Балдызым ренішті кейіппен орнынан тұрды.
– Әпке, ақылға келші, бір жапырақ жей салшы. Тым құрыса ырымын жасай салсаң болды ғой. Әкеңнің алдында осылай қасарысудың қажеті қанша? – деді ол.
Қайын атам бар дауысымен айқайлап жіберді:
– Бос сөзді қойып, ұстап тұр оны! Жэнь, сен де көмектес!
– Әке, өйтпеңіз,- деді қайын бикем атамның оң білегінен тартып. Қайын атам қолындағы сақпыны тастай салды да, бір жапырақ етті алып, әйеліме жақындады. Балдызым орындықта шалқалап отырған әйелімді алға таман итеріп:
– Әпке, әкеңіздің айтқанын істей салыңыз, өзіңіз алып жей салыңызшы.
-Әке, өйте көрмеші,- деп қайын бикем де жалынып тұр.
Балдызым әйелімді бар күшімен қапсыра құшақтап ұстап тұрды, ал қайын бикемнің қайын атамды тоқтатпақ болған әрекеті әлдеқайда әлсіз еді. Қайын атам оны итеріп жіберіп, қолындағы етті әйелімнің аузына күштеп тықпақ болды. Әйелім аузын тарс жұмып алып, тұншыға айқайлады. Ол бірдеңе айтқысы келді, бірақ а деп аузын ашса, атам етті оның аузына салып жібергелі тұр.
Балдызым да «Әке!» деп айқайлады, бірақ әпкесін ұстап тұрған қолдарын босатқан жоқ.
– Ұһ... Ұһ... М-м! – деп әйелім қинала бұлқынады. Қайын атам етті оның аузына нығарлап, аузын күштеп ашуға тырысты. Оның мықты саусақтары әйелімнің ернін ашқанымен, тістеніп, қарысып қалған тістерін аша алмады.
Қатты ашуланған атам әйелімнің бетінен шапалақпен тағы да осып жіберді.
– Әке! – деп айқайлаған қайын бикем атамның ту сыртынан барып қапсыра құшақтай алды. Бірақ атам келіншегім аузын ашып қалған кезде аса тездікпен етті оның аузына салып жіберді, сол кезде барып балдызым да қолын босатты. Әйелім лоқсып- лоқсып алды да, аузындағы етті түкіріп тастап, «кетіңдер ары» деп жан дәрменімен айқай салды.
Мен еңкейе жүгірген әйелім сыртқа шығып кетпекші болды деп ойладым, бірақ ол жалт бұрылып, ас үйге кірді де, үстелдегі жеміс пышағын қолына алды.
-Инь, Инь хуэй!
Енемнің үзіліп-үзіліп шыққан жарқышақ дауысы селт етіп орнай қалған үнсіздікті қарс айырып, тіліп түсіргендей болды. Балалар шулап-шұрқырап жылап қоя берді.
Әйелім тістері сақылдап, көзі шағырайып пышағын көтерді.
- Тоқта......
- Тез!
Оның білегінен қан фонтаннан атқылаған судай атылып, ақ табаққа қызыл қан тамшылары жаңбырдай жауып кетті. Бағанадан қасымызда отырып қарап отырған бажам атылып барып, жерде тізерлеп отырған әйелінен қолынан пышақты жұлып алды.
-Аңырып не істеп тұрсыңдар? Тез орамал әкелсеңдерші!
Арнайы жасақта қызмет істейтін қағылез сарбаздай тездік байқатқан бажам атқақтап жатқан қанды тоқтатқаннан кейін, оны көтеріп сыртқа қарай жүгірді.
-Тез астына түсіп, жедел жәрдем шақырыңдар!
Жан ұшыра сыртқа жүгірген мен ебім қашып, асығыста аяқ киімімді де таба алмай, басқа біреудің аяқ киімімен аустырып алып, екі киіп екі шешіп жүріп далаға әзер шықтым.
***
...Мені қауып алған итті әкем мотоциклдің артына мықтап байлады да, құйрық жүнін өртеп, оның күлін жарақатыма сеуіп сыртынан таңып тастады. Тоғыз жастағы мен есік алдында тұрмын, ол бір аспан айналып жерге түсердей ыстық жаз еді, қозғалмай отырсаң да қарадай қара терге малшынып, мазаң кетеді. Әлгі ит те тілі салақтап, екі иінінен дем алып, ырсылдап жатты. Ол менен де жуан ақ ит еді. Қожайынының қызын қабудан бұрын ол жұртқа ақылды әрі сүйкімді көрінетін.
-Бұл итті ағашқа асып алып, өлімші қып сабап, етін тірідей қақтаймын, – деді әкем тістеніп. Қайдан естігенін білмеймін, «итті соярдан бұрын ары-бері жүгіртіп, жініктіріп әкеліп сойса еті жұмсақ әрі тәтті болады» деген сөзді әйтеуір бір жерден естігенмін. Әкем мотоциклін оталдырды да, итті сүйретіп екі-үш айналып шықты. Жіпке қылқынып, әбден әлсіреп, көзі ақиып бара жатқан ақ итке есік алдында тапжылмай қарап тұрдым. Оның аянышты жанарымен көзім түйсе қалған сәтте мен қабағымды түйіп «Қарғыс атқыр ит! мені қауып алуға қалай дәтің барды?!» дедім ызбарланып.
Бес айналып шыққанда иттің аузынан ақ көбік ағып, арқан қиған мойнынан қан аға бастады. Әкем оның қаңқылдап, қыңсылағанына қараған жоқ, алты айналғанда қылқынған иттің аузынан қара қан бұрқ ете түсті. Мен орнымда табжылмай қарап тұрмын. Екі көзім иттің өлеусіреген жанарында. Жетінші айналымның ортасына келгенде әкем тоқтап, әлі жаны шықпай сұлық жатқан итті мотоциклдің артына бөктеріп алып кетіп қалды. Мен олардың қарасы үзілгенше мотоциклдің артына бөктерілген басы-көзі қанға боялып, төрт аяғы салақтаған иттен көз алмай қарап тұрдым.
Сол кеште біздің үйде үлкен дастарқан жайылды. Базардағы, көшедегі аман-сәлемі түзу ағайлардың бәрі келді. Ит қапқан жерің тез жазылсын десең, ит етінен жеуің керек деген соң, мен еттен ауыз тидім. Жоқ, шынымды айтсам мен бір кесе етті сорпасымен соғып алдым. Еттің исін кетіреді деп қосқан дәмдендіргіштің өзі ит етінің мүңкіген иісін баса алмапты. Сол сорпа мен ет, қылқына қан құсып, қырылдаған ақ ит, оның маған жалына қараған аянышты жанары күні бүгінге дейін есімнен кетпейді. Бірақ маған бәрібір, тіксініп, қаперіме алған емеспін.
***
Әйелдер үйде қалып, шошынып қалған балаларды жұбатып жатты. Балдызым да ес-түссіз жатқан енесінің қасында қалды. Бажам екеуміз әйелімді жақын маңдағы аурухананың жедел жәрдем бөліміне алып бардық. Қауіпті кезеңі өтіп, екі кісілік жай палатаға ауыстырғанда барып, үстімізге шашыраған қанның сауыс болып қатып қалғанын байқадық. Ес-түссіз жатқан әйелімнің оң қолына система салып қойды. Бажам екеуміз үн-түнсіз оның бетіне телміріп отырмыз. Бейне сол беттен бір жауап табуға болатындай, кірпік қақпай қарап отырмыз.
– Бажа, сіз үйге қайта беріңіз, – дедім мен
– …Иә.
Ол бірдеңе айтқысы келгендей, аз кібіртіктеп тұрды, бірақ ештеңе айтқан жоқ. Қалтамнан жиырма мың вон алып шығып, оның қолына ұстатып:
– Мына түріңізбен қайтпаңыз , алдымен дүкеннен киім алып киіңіз.
– Ал сен ше?… А, Зиюдің анасы келгенде, саған киім беріп жіберейін.
Кешкісін қайын бикем мен балдыз, келінім үшеуі ауруханаға келді. Енем қатты есеңгіреп қалғандықтан, үйде қалды деді. «Мен де барам деп, әзер тастап кеттік» деді олар.
– Бұл не сұмдық болды өзі? Балалардың көзінше бұл не қылғаны?.. – деді балдызым абдырап.
Шошығаннан есі шығып кеткен келінім жылай-жылай екі көзі домбығып, қып-қызыл боп кетіпті, бетіне жаққан опа-далабы да айғыз-айғыз.
-Атам да қызық, күйеу баласының көзінше қызын ұрып-соққаны несі? Жоқ әлде бұрыннан күн көрсетпеуші ме еді?
-Әкем өте шарқая адам ғой… дәл Инхо сияқты, екуінің мінезі аумайды. Қазір қартайып, бұрынғыдан едәуір басылып қалған кезін көріп тұрсыңдар ғой.
-Мұнымен менің қатысым қанша?
- Ин Хуэйнің да кішкентайынан бетіне ешкім қарамаған соң, шыдамай кеткен шығар бәлкім.
-Атамның оған ет же деп қысағаны дұрыс емес, әрине. Оның да тістей қатып, жемей қоятын не жөні бар? Оның үстіне, пышақты қайтпек?.. мұндай істі өмірімде бірінші рет көруім, енді оның бетіне қалай қараймын?
Әйелімнің қасында қайын бикем қалды, мен күйеу баланың жейдесін киіп, жақын маңдағы моншаға бардым. Душ себезгісінен аққан жылы су қарайып қатып қалған қан дақтарын ағызып түсіп жатты. Маңайдағылардың бәрінің көзі менде. Қандай жиіркенішті еді, тұла бойым түршігіп кеткендей күй кештім. Бәрі шынайы емес, өтірік секілді сезілді. Менің бойымды қорқыныш пен абыржудан гөрі, әйеліме деген ашу-ыза кернеп барады.
Қайын бикем қайтып кеткеннен кейін, екі кісілік палатада әйелім екеуімізден басқа, ішегі тесіліп кетіп ауруханаға түскен орта мектеп оқыйтын қыз бен оның ата-анасы ғана қалды. Мен әйелімнің кереуетінің қасында оның жүзіне қарап отырмын, бірақ бәрібір аналардың ту сыртымнан тесіле қарап отырғанын сезіп, сыбырлай сөйлеген сөздерін естіп отырмын. Бүгін табандап өтпей-ақ қойған жексенбінің ымырты үйіріліп келеді. Ертең дүйсенбі, тағы бір апта басталғалы тұр. Ертеңнен бастап әйелімнің қасында бола алмаймын. Ертең қайын бикем бір күн қараса, бүрсігүні келіншегім ауруханадан шығады. Ол ауруханадан шықты деген сөз менің осы бір ғажайып әрі қорқынышты әйелмен бір шаңырақтың асындағы күндерім де қайта басталады деген сөз. Бұл мен үшін өте ауыр болғалы тұр.
Келесі күні кешкі сағат тоғызда палатаға бардым. Қайын бикем жымиып жылы қарсы алды.
— Шаршаған шығарсың? - деді ол.
— Бала қайда?- деп сұрадым.
— Үйде, бажаң бар қасында,-деді ол.
Егер кешке жұмыс орнында кешкі қонағасы болса ғой, онда мен дәл осы уақытта ауруханаға келмес едім. Бірақ бүгін дүйсенбі, ешқандай сылтау таба алмадым. Жақында бір жобаны аяқтағанмын, қосымша жұмыс та істемеймін.
— Инхуэйдың жағдайы қалай?
— Әлі ұйықтап жатыр, не сұрасаң да жауап бермейді. Бірақ тамағын жепті... үлкен қауіп жоқ сияқты.
Қайын бикемнің ерекше мейірімді үні әрдайым менің жүрегімді дір еткізіп, сезімімді қытықтайды. Оның жағымды дауысы жанымды жадыратып, жүрегіме тыныштық сылайды. Қайын бикемді шығарып салған соң, біраз отырдым да, галстугымды шешіп, жуынуға дайындалып жатқанмын, әлдекім палата есігін қақты.
Енем екен, ол кісі келеді деп мүлде ойламағанмын.
— ... Саған қарайтын бетім жоқ, балам,- деді ол палатаға кіріп келе жатып.
— Ол не дегеніңіз. Денсаулығыңыз қалай?
Ол ауыр күрсінді.
-Төрімізден көріміз жуық қалғанда мұндай жағдай болады деп кім ойлаған...деді енем сатып әкелген заттарын маған ұстатып жатып.
— Бұл не?
— Осылай келерде қара тауықтың етінен сорпа әзірлеген едім. Инхуэйдің бірнеше айдан бері ет жемегенін естіп, әлсіреп қалмасын деп ала келдім... екеуің ішіп алыңдар. Мен мұны Ренхуэйге көрсетпей алып шықтым. Инхуэйге апам қайнатып әкелген шөп дәрі дей салсаң болды. Көптеген дәрілік шөпті қосып қайнаттым, иісін сезе қоймайды. Өзі аш әруақтай арықтап кеткен екен, осы жолы қаншама қан жоғалтты...
Мызғымас ана махаббатына іші-бауырым езіліп кетті.
— Мұнда микротолқынды пеш жоқ қой? Медбикелер бөлімінен сұрап көрейін,-деді енем.
Енем пакеттегі сорпаны алып, есіктен шыға жөнелді. Қолымдағы галстугымды шеңбектеп тұрып қалдым, қайын бикемнің сөзінен кейін тыншып қалған жүрек шіркін қайта өрекпіп қоя берді. Аздан кейін әйелім оянды. Бақытыма жарай, дәл қазір палатада жалғыз емеспін, сол сәтте іштей енемнің келгеніне қаншама разы болғанымды сіздер білмейсіздер ғой.
Әйелім оянып көзін ашқанда ең алдымен көргені аяғы жағында отырған мен емес, енем болды. Енем есіктен кіріп келгенде әйелімнің оянғанын көріп, таңданыс пен қуанышын жасыра алмады. Бірақ әйелімнің жүзінен ештеңені аңғара алмадым. Ол бүгін күн бойы ұйықтады. Аспа уколдың әсері ме, әлде ісіктен бе білмедім, оның жүзі толып қалғандай аппақ болып көрінді.
Бір қолында буы бұрқыраған қағаз стақаны бар енем екінші қолымен әйелімнің қолынан ұстады.
— Балам-ау... деді енем көзі жасаурап.
— Қане, аздап іше қойшы. Мына түріңе қарашы, қу сүлдерің қапты.
Әйелім үнсіз ғана стақанды қолына алды.
— Бұл дәрі шөп. Анаң денсаулығыңды жақсарту үшін арнайы дайындады. Есіңде ме, үйленуден бұрын да осындай дәрі ішетін едің ғой?
Әйелім стақанды мұрнына жақындатып, иіскеп көрді де, басын шайқады.
- Бұл дәрі емес,- деді ол бәсең үнмен, жүзін мұң торлаған ол анасына аса мейіріммен аялай қарап, стақанды қайтарып берді.
- Шөп дәрі деймін. Мұрныңды қысып тұр да, жұта сал,- деді енем.
- Ішпеймін,- деп әйелім шорт қайырды.
- Азырақ іше қойшы, жалынайын саған, мен ажалынан бұрын өлсін демесең, іше сал, - деді енем, стақанды әйелімнің ерніне жақындатып.
- Рас шөп дәрі ме?-деп сұрады әйелім күдіктеніп.
- Дәрі дедім ғой,- деді енем.
Күдігі сейілмеген әйелім мұрнын қолымен қысып тұрды да қара сорпаны жұтып жіберді. Енемнің жүзіне күлкі ойнап шыға келді: «Тағы іш, тағы бір жұтым, ал қане»,- деді ол. Әжім басқан қабағының астынан қос жанары бұлттан шыққан күндей жарқырап жайнап шыға келді.
- Қоя тұрыңыз, аздан кейін ішейін,- деп әйелім қайта жантайды.
- Не жегің келеді? Тәтті бірдеңе алып келейін бе?- деп сұрады енем.
- Қажеті жоқ, - деп қысқа қайырды.
Енем менен дүкеннің қайда екенін сұрады да, палатадан асығыс шығып кетті. Енемнің шығып кеткенін көрген әйелім бірден көрпені серпіп тастап, орнынан атып тұрды.
- Қайда барасың?
- Дәретханаға.
Мен аспа уколдың сұйықтық қалтасын көтеріп онымен бірге палатадан шықтым. Ол сұйықтық қалтасын дәретхана ішіне іліп, есікті ішінен іліп алды. Ол бір неше рет лоқсыды да, манағы ішкенін лақылдатып түгел құсып тастады.
Ол дәретханадан әл-дәрмені кетіп, әлсіреп әрең шықты, үстінен құсықтың қолқаны қабар күлімсі иісі бұрқырап тұр. Аспа уколдың қалтасын да өзі көтеріп шықты, бірақ жоғарырақ көтермегендіктен, тамырдағы қаны кері теуіп, түтікшенің ішіне ене бастады. Ілби басып төсектің қасына әзер жеткен ол еңкейіп қара тауықтың сорпасы құйылған қалтаны алды. Оң қолында аспа уколдың инесі шаншылып тұрғанын сезбейтін сыңайлы. Ол сорпа құйылған қалтаны көтеріп палатадан шыққанша қарап тұрдым, оның не істемек екенін білгім де келген жоқ.
Көп өтпей, енем де қайтып келді, бір қолында тәтті-дәмділер, енді бір қолында қара тауықтың сорпасының иісі сіңген пакеті бар енем есікті алқын-жұлқын ашып кіріп келгенде естіктің сықыры құлақтарына түрпідей тиген орта мектеп оқитын қыз мен оның ата-анасы енеме сүзе бір қарап қойды.
– Чжэн, не қарап тұрсың? Оның не істейтінін білесің ғой?– дегенде есіктен атып шығып, үйге қашып кеткім келді.
– ...Сен білесің бе, бұл қанша ақша тұратынын? Әкең екеуіміздің маңдай терімізбен тырнаштап жиған ақшаға сатып алған тамақты лақтыра салуға қалай батылың барды? Сен өзі менің қызымсың ба, жоқ па? – деп дауыс көтерді енем.
Есіктің көзінде ішін басып, мықшиып тұрған әйеліме қарасам, кері тепкен қан аспа уколдың қалтасына дейін жетіп, қызыл күрең қан қалтаның ішіне тама бастапты.
– Қарашы өзін! Қазір сен ет жемесең, бүкіл әлем сені жеп қойғалы тұр! Айнаға қарап, өзіңнің кейіп - кеспіріңе бір қарашы! – деді ашу қысқан енем дауысы дірілдеп. Сөзінің соңын айта алмай булығып жылап жіберді.
Ал әйелім болса алдында бөтен біреу жылап тұрғандай оны елеген жоқ, енемді айналып өтті де, кереуетіне барып жантайып, көрпесін жамылып, көзін жұмды. Сол сәтте барып, кері тепкен қан қайтып, сұйықтық қайта тама бастады.
***
Мен ол әйелдің неге сонша жалынғанын, маған неге сонша ішіп-жеп қарайтынын білмеймін, қалтыраған қолдарымен таңғыш байланған қолымды неге сипалай бертінін тіпті түсінбеймін.
Менің білегіме ештеңе болған жоқ, ауырып та тұрған жоқ. Бірақ жүрегімдегі ауырсыну жанымды жегідей жейді, кеудемде бірдеңе тығылып қалғандай тұншығып жатырмын. Оның не екенін де білмеймін. Қашаннан бері осылай жайсызданып жүргенімді де ұқпаймын. Емілдірік тақпасам да, бір нәрсе кеуде тұсымды қысып тұрғандай дем ала алмай тұншығамын.
Ішімде біртүрлі айқай мен жан айқай қабаттаса шығып жатқандай, жан дүниемді жабырқатып барады. Бұл – ет. Иә, мен тым көп ет жегенмін. Сол өмірлердің бәрі еш өзгеріссіз менің жүрегімде сақталып қалған. Қан мен ет денеме сіңіп, қанымен араласып, қалған қалдықтары дәретпен бірге сыртқа шығарылғанымен, жан иелерінің рухы менің денемде мәңгілікке қалып қойғандай.
Мен бар даусыммен айқайлап, бақырғым келеді, тым құрыса бір рет болса да тамағым жыртылғанша айқайлап шерімнен шықсам ғой шіркін. Терезеден атылып шығып сырттағы қараңғылыққа сүңгіп кетуді қаншама армандаймын десеңші. Егер солай істесем, ішімдегі сол нәрселер жоғалар ма еді? Шынымен де жоғала ма?
Ешкім маған көмектесе алмайды.
Ешкім мені құтқара алмайды.
Ешкім маған еркін тыныстауға мүмкіндік бермейді.
***
Такси шақырып, енемді шығарып салдым. Қайтып келсем, палата тас қараңғы. Шудан шаршаған мектеп жасындағы қыз бен оның анасы теледидар мен шамды ерте сөндіріп, шымылдықтарын жауып алыпты. Әйелім ұйықтап қалған, ал мен бүрісіп, күтуші төсегінде ұйықтай алмай жатырмын. Неге осындай жағдайға тап болғанымды біле алмай далмын, қазіргі жағдайды да еш түсіне алар емеспін, бірақ бір нәрсе анық – бұл нәрсе менің басыма келмеуі тиіс еді.
Көзім ілініп кеткен екен, түс көрдім. Түсімде мен біреуді өлтіріп жаттым. Пышақпен әлгі адамның ішін жарып, ішек-қарнын ақтарып тастадым. Балықты тазалағандай, сүйегін ғана қалдырып, етін түгел сылып тастадым. Бірақ мен өлтірген адамның кім екенін оянған соң ұмытып қалдым.
Таң саз бергенімен, айнала тас қараңғы еді. Біртүрлі оғаш сезімнің жетегінде әйелімнің көрпесін ашып, денесін сипалап көрдім. Әйтеуір қаны төгіліп, ішек-қарны ақтарылып жатпағанын көріп қуанып қалдым. Қасымдағы төсектен қорылдаған адамның дыбысы естіледі, ал әйелім тып тыныш жатыр. Кенет қорқынышты сезім бойымды билеп «мынау өліп қалған жоқ па?» деген оймен сұқ саусағымды оның мұрнына апардым, ол әлі тірі екен.
Қайта жантайдым. Мен оянғанда күн көтеріліп, палата іші жап- жарық нұрға малынып тұр екен. «Қатты ұйықтадыңыз ғой... Таңғы асты әкелгенде де оянған жоқсыз» деді мектеп оқушысының анасы маған аяушылық танытып. Тамақ салулы ыдыс төсектің үстінде тұр, әйелім бір қасық та жемепті. Аспа уколды суырып тастаған ол сыртқа шығып кетіпті, сұйықтық ағатын түтікшенің басындағы иненің ұшында бір тамшы қан мөлдіреп тұр.
- Кешіріңіз, әйелімнің қайда кеткенін білесіз бе?- деп сұрадым аузымнан аққан сілекейді сүртіп жатып.
- Біз оянғанда, ол жоқ болатын,- деді әйел.
- Не деп тұрсыз? Неге мені оята салмадыңыз енді?
-Өзің ұйқыны соғып жатсаң, оның қайда кеткенін біз қайдан білейік,- деді ол қабағын шытып, ашуланған сыңай танытып.
Апыл-ғұпыл киіндім де сыртқа жүгіріп шықтым, ұзын дәлізде де, лифттің алдында да әйелім көрінбейді. Бойымды алаңдаушылық сезімі билеп ала жөнелді. Мен әйелімнің ауруханадан шығу жұмыстарын ыңғайлау үшін компаниядан екі сағатқа сұранып келгенмін. Бәрін ойластырып қойғанмын, үйге қайтар жолда әйеліме де, өзіме де: «Мұның бәрін жай ғана түс деп қабылдайықшы» деп айтпақ болатынмын.
Жеделсатымен бірінші қабатқа түстім, бірақ әйелім онда да жоқ. Жүрегім аузыма тығылып алқынған мен аурухананың ауласына қарай жүгірдім. Таңғы асын ішіп алған науқастар таза ауа жұтуға сыртқа шыққан екен. Олардың шаршаңқы, жабырқау жүздерінен қайсысының ұзақ уақыттан бері ауруханада жатқаны аңғарылып тұрғандай. Субұрқақтың маңына жақындағанда, бір топ адамның у-шу болып жиналып тұрғанын көрдім. Кимелеп алдыға өттім.
— Ол қашаннан бері осында отыр?
— Құдай-ау…жүйке аурулары бөлімінен қашып шыққан шығар. Мұндай жас әйел…
— Қолына не ұстап отыр?
— Ештеңе жоқ сияқты ғой?
— Бар! Қараңдаршы, жұдырығын қатты түйіп алған!
— Әне, ақыры біреу келді!
Артыма қарасам, сұсты ер мейіргер мен орта жастағы күзетші жүгіріп келе жатыр екен.
Ал мен… мен өзімді сырттай бақылап тұрған адам сияқты сезіндім. Ештеңеге қатысым жоқтай, көз алдымдағы көріністі салқынқандылықпен бақылап тұрдым. Айналасындағы адамдарға мелшиіп қарап отырған оның жасты жанары әлден уақытта менің көзіммен түйілісті.
Мен бұл әйелді мүлде танымайтын сияқтымын. Өтірік айтып тұрған жоқпын – бұл шындық. Бірақ жауапкершілік сезімінің итермелеуімен, қорғасын құйғандай ауырлаған аяқтарымды әрең қозғап, оған қарай жүрдім.
— Жаным, сен не істеп отырсың? — деп сыбырлай тіл қаттым да, тізесінде жатқан науқас киімін көтеріп, ашық қалған омырауын жаптым.
— Ыстық... — деді әйелім жай ғана күлімсіреп. Бұл күлімсіреу – мен бұрын еш күмәнсіз сенген, шынайы, қарапайым жымиыс еді.
— Ыстық, пысынап кеткен соң шештім.
Ол маңдайына түскен күн сәулесін алақанымен қалқалауға тырысты. Сол қолынан айқын тыртық іздері көзге шалынады.
— ...Бұлай істеуге болмай ма?
Мен әйелімнің тас қып жұмылған оң қолын күштеп аштым. Ұстараның жүзіне түскендей қатты қысылған кішкентай құс оның ашылған алақанынан сылқ етіп орындыққа құлады. Бұл – жүні түскен, қаражасыл түсті зәйтүн көзді шымшық еді. Оның денесінде жыртқыштың өткір тістерінен қалған жарақат іздері анық көрінді. Қанның қып-қызыл дағы орындыққа жайлап жайылып бара жатты…
Аударған Қалиәкпар Үсемханұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.