Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ыбырай Алтынсарин - 180...

31.07.2021 13605

Ыбырай Алтынсарин - 180 12+

Ыбырай Алтынсарин - 180 - adebiportal.kz

2021 жылдың айтулы даталарының бірі – ұлт ұстазы, қазақ балалар әдебиетінің атасы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы. Осы мерейлі датаға орай «Әдебиет порталы» жыл бойы мақалалар жариялауда.

Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығы туралы бір жарым ғасыр уақыт жүзінде кеңінен жазылып, айтылып, насихатталып келе жатыр. Яғни Патшалық Ресей, одан кейінгі Кеңес Одағы тұсында да Ыбырай Алтынсариннің қызметттік жолы, шығармашылық мұралары жайлы өз дәуірінің идеологиялық ауқымына сәйкес қарастырылып келді. Ы.Алтынсариннің тарихи тұлғасына қатысты материалдарды зерттеп, зерделеудің өзі қазақ әдебиеттануы мен педагогикасының, тарих ғылымының қатпарлы да қызықты тақырыбы болары сөзсіз.

Қазақ балалар әдебиетінің арғы бастауы ұлттық фольклор, жазба әдебиетінің бастауы – сөзсіз Ыбырай Алтынсарин шығармашылығы. Қазақ балалар жазба әдебиетінің алғашқы қалыптасуы, шыға бастауы Ыбырай Алтынсариннің педагогтік қызметін бастау кезеңімен, яғни XIX ғасырдың алпысыншы жылдарынан басталады.

Төрт ғасыр бойы Ұлы Далада өмір сүріп, халқымыздың антропологиялық, рухани бет-бейнесін анық қалыптаушы фактор болушы Қазақ хандығы Патшалық Ресей мен Мәнж-Шың империяларының Жоңғар және Қалмақ хандықтарын айтақтатқан құйтырқы саясаты салдарынан әлсірей келе өмір сүруін тоқтатты. Бытыраңқылыққа ұрынып, бөлшектелген қазақ халқының ғасырлар бойы «қасқа» және «ескі» жолдары мен жарғыларымен реттеліп келген әдет-ғұрып, жөн-жосық, заңнамаларының орнына Ресейлік басқару нормалары біртіндеп еніп, ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында хандық билікті жойғаннан соң, еріксіз жағдайда орнығып, күш ала бастады. Бұл қазақ даласынан хандық билікті аластап, үш жүздің өз ішінен ұсақ дуандар, одан соң болыстықтар ашып, ел ішіндегі басқару билігін бытыраңқылыққа ұрындырумен көрініс тапты. Болыстық басқару – қазақ атқамінерлерінің ең үлкен билік буынына айналды. Болыстар үш жылға сайланып, олар уез басшысына бағынышты болды. Уезд басшысы (начальник) міндетті түрде орыс немесе орыстілді еуропалық шенеунік болды. Сондықтан да уезден, облыстан келген бұйрықтарды, Петербордан түскен жарлықтарды елге жеткізіп, насихаттау, жоғарғы басшылықпен байланысты іс-қағаздар жүргізу үшін орыс тілінің қажеттілігі өз-өзінен туындады. Бұл – қазақ арасында орысша оқуға деген сұранысты тудырды. Болыстар орыс тілінде іс қағаз жүргізетін, аударма жасайтын аудармашылар ұстады. Ел арасында түрлі хат-хабар, арыз-тілектерді жазып беретін песірлік кәсіптің (писарь) айы оңынан туды.

Қазақтан шыққан есті кісілер, ауқатты адамдар балаларын орысша оқытудың пайдасы барын сезініп, осы мақсатта алғашқы қадамдар жасады. Мұның жарқын мысалы: Шоқан Уәлиханов, Мұса Шорманұлы, Ыбырай Алтынсарин қатарлы шонжар әулеттерден шыққан шәкірттердің орыс школына түсіп, білім алуы болмақ.

Міне, осылайша ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап жоғарғыдай себептердің арқасында қазақ қауымы орыс-еуропалық біліммен бетпе-бет келді. Орысша оқу арқылы бағынған жұрт өкілдері өздерін бағындырған билік алдында көптеген мүмкіндіктерге қол жеткізе алатындығын сезінген адамдар мұны малтабарлық жол санады. Сондықтан да Абай өз өлеңдерінде дәл осы мақсатты сынағаны белгілі. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында бас ақын шығармашылығындағы ойды дамыта отырып, өз кейіпкерлері Абай мен баласы Әбдірахман арасында мынадай пікір алмасу жасатады. «Әуелі бір нәрсенің басын аша сөйлейік, аға. Жаңағы сіз санаған көп жерде оқыған, көп қазақ жасы азғантай ғана оқып, ерте тоқтап қалып жүр...

- Рас... Рас, - деп Абай Әбдірахманның сөзін бөле берді де: - тоқтап қалып жүрген жоқ. Топтап барып тілмаш, песір болып жүр. Көбі және песір бола алмай, кесір боп жүр. «Қазақ жаманы орыс бола алмайды, ал орыс жаманы қазақ бола алмайды», - дегенді біздің халық соларды көріп айтқаны. Бұл не деген сөз? Менің ұғуымша – терең сын. Яғни, әуелі жақсы қазақ болып алмай, жақсы орыс та бола алмайсың, яки, әуелі жақсы азамат болып, өз ортаңа, халқыңа адамшылық танытпасаң, өзге елдің адамы болып та жарытпайсың деген сөз. Ал біздің көп шала оқығандар жетістірген күнде, тәуір шенеунік болады екен. Салтыков-Щедрин мен Толстой масқаралап, әшкерелеген қу-құрдым төрешік болғанша, болмай-ақ қал, - деп ойлаймын», - дейді. Иә, қазақ ортасынан шыққан алғашқы орысша оқыған «қаратаяқтардың» бірсыпырасы тілдік тұрғыдағы өзінің мүмкіндігін мал жиып баюға арнап, өз халқының қалтасын отаршылармен бірге тонасқаны – сол заманның ақиқат шындығы.

Әрине, орысша тіл сындырып, сауат ашып, арнаулы оқу оқығандардың барлығын бірдей руханиятқа пайдасыз «тәуір шенеунік» қатарында өтті деуге болмайды. Солардың бірі де бірегейі – өз жұрты да, нағашы жұрты да қазақтың шынжырбалақ шұбартөс дейтін әулеттерінен шыққан Ыбырай Алтынсарин болатын.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, ұлы тұлғаның ұяда көрген тәрбиесі – ділмар шешендікке, көшелі билікке құрыған дала даналығы болатын. Сөйлесе сөздің көсемі болған билерге тән шешендік өнерді қаршадайынан терең меңгерген, сөзге орамды, тілге ұстамды азамат болып ержетуіне атасы, көрнекті ел ағасы Балғожа бидің де ықпалы аз болмағаны сөзсіз. Атасының өлең-сөздің қадіріне жеткен әрі өзі де жанына жыр шығаратын қасиеті немересіне үлгі болады. Жас жеткіншек Ыбырай сол дәуірдің өзге де балаларындай, ең алдымен ауылдағы молдадан мұсылманша оқып, сауатын ашады. Екі-үш жылдай молдадан сабақ алған немересінің зеректігін, ынта-жігерін аңдаған Балғожа би Ыбырайды өзінің ізбасары ретінде қарастырады. Сөйтіп 1850 жылы тоғыз жасар Ыбырайды атасы Орынбор округі бойынша Торғай облысында қазақ балаларына арналып алғаш ашылып жатқан жеті жылдық мектепке апарып береді. Осы бір сәтте Балғожа бидің немересіне арнап жазған өсиет өлеңінде жас Ыбырайдың болашағына деген үлкен сенімді көреміз:

Ата-анаңды өнер білсең асырарсың,

Надан боп, білмей қалсаң, аһ ұрарсың.

Шырағым, мұнда жүрсең, не етер едің,

Қолыңа құрық алып кетер едің,

Жүргенмен, не мұратқа жетер едің?!

Ыбырай Алтынсариннің достарына жазған бір хатында: «Менің алты жүздей асыл тұқымды жылқым бар еді», - дейтіні бар. Осыған қарап, ұлт ұстазының мал-дәулеттен еш кенде болмағанын, егерде расымен атасы айтқандай, қолына құрық алып, мал өсіруге кеткен болса, Сарарқаның ен даласына қос-қос жылқы салған атақты байлардың бірі ретінде еміс-еміс аты қалар ме еді. Бірақ сұңғыла ата немересі үшін басқа жолды таңдаған екен. Және дұрыс таңдағаны анық.

Қазақ балаларынан патша үкіметінің кеңсе жұмысына жергілікті ұлттың балаларынан тілмаш, ұсақ шенеуніктер даярлауға арналған школдарда (мектеп) орыс, татар тілдерінде сабақ оқытылатын болған. Ол заманда бұл мектептерде кез келген қазақтың баласы оқи алмайтындығын және ескерген дұрыс. Яғни бұл мектепте Ресей мемлекетіне, патша үкіметіне ерекше еңбегі сіңген, оған шынайы беріліп, оны ісімен дәледеген беделді адамдардың балалары ғана оқитын болған. Дегенмен орыс оқуына барып «шоқыншы» атануға қанша жерден беделді әулеттен шыққан болса да Ыбырайдың анасы Айман, ағасы Қанғожалар қарсы болады. Атасы Балғожаның талассыз ықпалымен Ыбырай мектепке қабылданады. Шындығында діншілдік пен патша билігін уағыздауды негізгі жұмыс өзегі еткен бұл мектепті Ыбырай 1857 жылы «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шығады.

Ыбырай Алтысарин осы жылдарға дейін Батыс, Шығыс әдебиетін терең меңгеріп, әлемдік педагогика бойынша іргелі еңбектерді оқу арқылы өзінің болашақ мақсаттарын айқындап, біртіндеп іс-әрекетке көше бастайды. Ресейдің ағартушылық бағыттағы ақын-жазушылардың шығармаларымен танысып, сол замандағы белгілі шығыстанушылардың еңбектеріне ден қояды. Кейбіреулерімен жолығып танысады. Солардың бірі атақты шығыстанушы В.В.Григорьев болатын. Ыбырай Алтынсарин 1859 жылы Орынбордағы шекаралық комиссияға тілмаш болып ауысады. Дәл осы кезеңнен бастап ел арасында осы мақсатты іске асыруға кіріседі. 1864 жылы Торғайда алғаш мектеп ашуға рұқсат алып, төрт-бес бала жиып алып, оқуды бастайды. «Мен балаларды оқытуға, қойға шапқан аш қасқырдай, өте қызу кірістім», - деп Қазандағы пікірлесі әрі «қамқоршысы» Н.И.Ильминскийге хат жазады. Қазан университетінің профессоры Н.И.Ильминский – шынымен де Ыбырай Алтысариннің һәм қазақ халқының шынайы қамқоршысы ма еді? Бұл жөнінде Ыбырай Алтынсариннің көзқарасы өмір бойына өзгеріссіз болды ма? Осы және т.б. сұрақтарға да бірден жауап беру оңай емес...

Ыбырай Алтынсариннің өзге замандастары сияқты мәнсап пен шен қуалауына, ата-бабасынан бері басқарып келе жатқан өлкеде алаңсыз әкімшілік іспен шұғылданып, бақуатты өмір сүруіне толық мүмкіндік бар еді. Бірақ ол мұндай жолды таңдаған жоқ. Бірақ та Ресей үкіметі жергілікті ұлт өкілдері арасынан орысша оқыған адамдарды дайындаудағы басты мақсатын қатаң ұстанатын еді. Сол себепті де дәл осы қатаң қағидадан ұлт ұстазы Ыбырай Алтысарин де шет қалған жоқ. Мемлекеттік билік құрылымындағы қызмет ұлт ұстазының да өмірінде терең із қалдырған болатын. Яғни Ыбырай Алтысарин оқуын бітіріп келген соң кеңсе қызметіне араласуға тиіс еді. Осылайша Торғай уездік басқармасында шенеуніктік қызмет атқаруға тиіс болған. Сөйтіп кеңседегі іс жүргізуші, уезд бастығының аға көмекшісі, уездік сот қызметін біраз уақыт атқарады.

Асылы, әр дәуірде туған елінің мұң-мұқтажын жүрек елегінен өткізе туатын пассионар тұлғалар болады. Олардың елшілдік ересен қадамдарға баруына кешегі кеңестік пролетарлық дәуірде дәріптелетіндей, міндетті түрде «езілген, қаналушы таптың өкілі – қарақасқа пролетар» болудың қажеті жоқ екен. Мұның да жарқын мысалы – ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин. Осылайша, тарихи дәуірдің өзі бодандықтың ауыр қамытын киген қазақ халқының рухани-ағартушылық бағыттағы зиялылар шоғырын қалыптастыра бастады. Осы азғана шоғыр ішіндегі ең көрнектілері ретінде тарихымызда өшпестей із қалдырған ұлт зиялылары – Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы болса, солардың ізін баса шыққан Ыбырай Алтынсарин Ресей империясының алыс қиырындағы бұратана атанған қазақ халқын білім мен ғылымға бағыттау арқылы, шәкірттерді орыстың, батыстың үлгілі мәдениетін, озық ой-пікірлерін негізге ала отырып тәрбиелеуге, қазақ халқын жаңаша оқу мен білім-ғылымға үндеді. «Қараңғы қазақ көгінде, өрмелеп шығып күн болам, Қараңығлықтың кегіне күн болмағанда кім болам?», - деп Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы негізін салған ұлт зиялылары шоғырының ХХ ғасыр басындағы көрнекті өкілі Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағанындай, тыңнан жол салу оңай емес еді. Қараңғылық – қашан да қараңғылық. Ресей билігі қазақ даласын рухани отарлауды барынша ашық әрі дөрекі түрде жүргізіп жатқан бұл тұста Ыбырай Алтысарин билік өкілдерінің, христиан мисионерлерінің ел арасындағы ұлт мүддесіне кереғар іс-әрекеттеріне тосқауыл қоюдың ең үмітті жолы білім деп білгені ақиқат. Сол үшін де ол халықты жаңаша білім мен ғылымға бағыттайтын школдар (мектептер) ашу, бұл оқу орындарына қамтылған шәкірттерге «Қырғыз (Қазақ) хрестоматиясы», «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы», қазақ арасында мұсылмандықты өз дәуіріне сай ұстанудың шынайы қажеттілігі бойынша «Мұсылмандық әліппесі» қатарлы оқу құралдарын, көмекші нұсқамаларды жазуы Ыбырай Алтынсариннің ұлт алдында атқарған өлшеусіз еңбегі еді.

Ғасырлар бойы мызғымай, Ұлы далада салтанат құрған көшпелілер мәдениетінің, феодализмнің дәурені өтіп, индустриалдық төңкеріске негізделген капитализм артықшылыққа ие болатынын, бұдан әрі аграрлық өмір сүру тәсілі отырықшылық мәдениетке жол беретініне көзі жеткен Ыбырай Алтынсарин қазақ баласына жаңа дәуір білім ғылымын беруді, игертуді, озық елдердің, яғни өнер-білім бар жұрттардың жақсысынан үйренуді ұлт мұраты етуді көкседі. Бұл көксеуді ұлт ұстазы халыққа поэзия тілінде, қарапайым да түсінікті сипатта бере білді:

...Адамды құстай ұшырды;

Мал істейтін жұмысты

От пен суға түсірді;

Отынсыз тамақ пісірді,

Сусыздан сусын ішірді...

Ыбырай Алтысарин осылай Еуропа мен АҚШ-та жүрілген буржуазиялық төңкеріс нәтижесінде қарыштап дами бастаған ғылыми ашылымдар нәтижесінде ХІХ ғасырдың өзінде адамзат игілігіне жарай бастаған техникалық жаңалықтардың қазақ арасындағы жаршысы бола білді.

(жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар