новелла
«Такси» деп мінген көлігі бүйірінен тесе тепкілегенде амалсыз тепеңдейтін шабан ат секілденіп жүрісі мандымай, қаладан шыққалы төрт-бес тоқтады. Тоқтаған сайын Нұртай шопыр капотын ашып тастап инесі түсіп кеткендей үңіледі, тоқтаған сайын бұл да түсіп, шеті мен шегі жанарына сыймайтын құладүзді айнала шолады. Жұмысынан үш күнге демалыс алып, көптен бері бұлардан «бөлектеніп», ауылдағы ескі қорымнан тыныш қоныс тапқан әке-шешесінің басына келіп қайтпаққа шыққаны еді, әлі тегіс көгере қоймаған дала көзіне ерекше жылыұшырайды, көк аспан да ақ шарбысы бері жақындап, көкшіл торғыны бұрынғыдан тұнық көрінетіндей. Шопырмен бірге қайта жайғасып, маң даладан көз тоқтайтын бір қара іздегендей қарсы алдына мелшиген күйі, көңілімен қара жолды қуалай, естеліктерін ойында қайта ақтарып... бес жүз шақырымдық жолды қысқартып әуре. Әке-шешесін көз алдына әкелген сайын ұзақтығы мезеттік болса да, әсері ішін жылытуға жарайтын фильм көргендей болады. Міне, мына естелігінде жасы сегіздер шамасы, әкесінің тізесінде еркелеп отырғаны, әкесі екеуінің қой кезекке барып, жауын жауып кетіп оқуға ала шыққан кітапты су болмасын деп бұның мәйкесіне тығып,оған өздері мәз болғаны, әкесінің соңғы сәтінде бұған әлдене айтқысы келіп оқталып, ақыры ештеңе айта алмай кеткені... Міне, мына естелігінде алғашқы велосипедін алған қуанышы бар, көкшіл "Уралец" болатын, осы кезде шешесінің даусы құлағына келгендей болады. Бұрындары «ата-анасы неге ұзақ өмір сүрмеді екен,айталық, кемі жүз он жасқа жетсе ғой» дейтін, қазір ойлап көрсе, ол ойынан өзі шошиды, егер бұл өзі жүз жылға дейін өлмей қойса, өте кәрі әрі өте мазасыз адам кімге керек болар еді? Немерелері түгілі балалары қажып кетпей ме? Осы кезде бір жазушының әңгімесі ойына оралды. «Авторы кім еді, Снегирев болу керек, онда бір жігіттің әжесі алжа-алжасы шығып әбден қартайып қайтыс болады. Әке-шешесі қауырт жұмыстан босамайтын болып, жігіт досын ертіп әжесінің күлін алуға крематорийге келеді. Жас адамның ондай жерге бірінші рет келуі. Күл салынған ыдысты ашып, саусағын тығып, одан ауызына салып көреді, сөйтсе адамның сүйегінің күлі өте майлы болады екен. Екі жігіт сол жерде таңғалып, мәз-мейрам. Жігітте «әжем өлді ау» деген ешқандай қайғыру сезімі жоқ. Әңгіменің қатал екені рас, бірақ, шыншыл. Бұл ұрпаққа ренжуге бола ма?» деп ойлап кетті.
Өмірдің қатал шындығы бар десе де, бәрібір, әке мен шешеге жетері жоқ. Қазір міне, есейді, шын мейірленіп, елжіреуік көңілмен «айналайын» дейтін де ешкімі қалмауға айналды, адам есейген сайын жақын адамдары азая береді екен.
Телефоны тыз етті.
- Әлеу, әлеу...қай жерде...
Немере ағасының даусы шықты да аар жағы қаңғыр-күңгір етіп, байланыс жоғалып кете берді.. Елдің бәрі көшкенде ескі жұрттан қозғалмаған немере ағасына кеше жолға шығатынын айтқан, сол ағасы інісінің қай жерде келе жатқанын сұрамақ болғаны анық. Отыра-отыра белі талды ау дегенде алыстан ауылдың қарасы көрінді. Көз ұшындағы басын жерден көтермей жайылған төрт аяқтының қарасы тым селдір.. Ақ шаң көтеріп ауыл шетіне іліккенде кәрі адамның әр жерден бір сойдиған кетіңкі тісі құсап қалған бес-алты қоныстың ішінен ағасының үйі көзіне оттай басылды. Әке-шешесін көшіріп әкеткелі келіп тұрғаны ау....
Қақпа алдында жаулығы ағараңдаған бір кемпір маңдайына күн салып бұлар жаққа ұзақ қарайды. Жақындағанда байқады, кемпір дегені – денесі қаңылтақ тартып, көне қамзолы қолпылдап, баяғы ақша маңдайының әжімі қалыңдай түскен Дариға жеңешесі екен. Бұған құшағын жайып қарсы жүрді.
- Айналайын, ақ қайным, - деп еміренгенде сәт арасында жеңешесінің жанарына бір ерекше жарқыл қонақтағандай.
Заманында сырлы зерендей ажары келіскен-ақ адам еді, жеңешесінің мына жүдеу, жұпыны қалпын көріп көкірегі шым етсін. «Уақыт-шіркін бұ кісілерді де жайына қалдырмапты...».
- Ал, қош келдіңдер! Ойбуу, сопайып жалғыз келгенбісің, ой сен де бір, бала-шағаңды ертіп келмедің бе? Ал, кір, төрле! Ағаң монша жағып жүрген.
Үйдің есігін ашқанда бала кезден таныс иіс мұрнына келді. Баяғыда әке-шешесімен талай рет ағаларына қонаққа келетін, сол кезде де құрттың, майдың суының иісі араласқан осы ашқылтым иіс шығып тұратын. Жеңешесі қайным келді деп баяғыша құрақ ұшып, бұған біресе құс жастық әкеліп, біресе хал-жайын сұрағыштайды. Келін де жарқылдай амандасып, бұны сирек көрсе де қуанған сыңайы бар, бала-шағасын түгел сұрап, «шөлдеп келген шығарсыз» деп көже толы кесені қолына ұстатып кетті. Жеті жыл бұрын тойларында бір, кейін әке-шешесін қорымға әкелгенде бір көргені бар, сонда адамға да, мына жарық дүниеге де жатырқамай маңқия қарайтын момақан бала көрінген. Жанарыңның нұры сарқылғанша қарауға тұрарлық сүйкімді адамның көйлегінің кеңейіп, бетіне ноқта түскенін байқап,ішінен «түф, түф» деп түкіргеннің ырымын қылды. «Я, Құдай, аға-жеңгейдің көптен күткен қызығы еді, ұзағынан!» деген шын тілеуімен.
Дариға жеңешесі қазан-ошағына әуелден мұқият адам, үй ішінде сол ұсынықты қолдың жылуы әлі тұр. Осы үйдегі келіннің де үй ұстауға үйлесімі бардай, мұнтаздай, жаңа көрпе-төсегі мен сәнді терезе жабын қонақтың көңіл қошын келтіруге жарап жатыр.
Бір кезде ағасы келді.
- Әке-шешемнің басына келіп кетейін дедім дейсің бе? Е-еее, дұрыс екен. Әйтпесе, бір соғуды білмейсіңдер, - деп бір қойды.
- Қалаңда не жаңалық? Әлгі жамандарың неғып жүр? Өзіңмен бірге неге ала келмегенсің, атасы мен әжесінің бейітін көрсетпеймісің, бірақ, олар да осыгүні босамайды дейді ғой, қызметке баратын адам сияқты әр күні сағатымен жазылып тұратын көрінеді ғой, - деп бір кеңкілдеп алды. Сосын көп сөйлемейтін адам өзімен-өзі отырып қалды.
Бұл кісіні жас уағында бөтелкеге қырын қарамайтын, теңселіп жүрген кезі көп дейтін, сонысы болмаса, ешкімге зияны жоқ ақкөңіл адам.Бір кезде ағасының ұлы кірді. Сақал қойып, онысы өңіне сұс беріп,жасына жас қосқан ба, әйтеуір, қабағы шытыңқы, жүзі сесті ересек жігітке айналыпты. Сүлесоқтау келіп қолын берді.
- Монша жағып едік, ет әзір болғанша шайынып алсаңшы, - деп бәйек болған жеңешесі асқа отырғанда ет толы астауды бұған қарай ысырғыштап, білем-білем құйрық майды алдына тастайды. Әуелден солай, тек бұл емес, басқа қайныларына да қабағы тәуір.
- Қайным ау, алсайшы. Жесейші. Ұнның арасына салып сақтаған сары қазы да бар арасында. Жолдан келдің ғой, елдің дәмін сағынған шығарсың. Келіннің сыбағасын беріп жіберем ғой.
Марқаның былбырап піскен еті сағынып жегесін астың төресіндей. Байқайды, бұған «іш, же» дегенмен, өзінің табаққа қол созуы сирек.
- Өзің алмай отырсың ғой, жеңеше.
- Е-е, ас-табақтың қасында жүрген адамның аузы құр жүре ме... өзің ала отыр, бізге қарама.
- Қайынаға, өзіңнен үміт күтетін еді, шүкір, азамат болдың. Олар да баламыз келді деп бір аунап түсіп жатқан шығар, жарықтықтар. Қайынаға мен абысын жақсы адамдар еді ғой, жатқан жерлері жарық болсын ол кісілердің...
Ағасының әңгімешіл еместігін байқатпайын дегендей жеңешесі әрнені бір қозғаған болады. Неге екенін, бәрібір бір тосаңдық бардай. Көптен көрмегеннен бе, әлде осыгүні ағайын арасы баяғыдай емес пе... Шайға отырғанда да ақтарылып кете алмады.
Отқа жайылған сиырдың қою қаймағы сап-сары, көктің дәмі бар, сары майы таңдайда ериді. Бұл өзі қайнатқан құртпен ішкен шайға жуық маңда қанбайтын сияқты. «Тары салып ішсейші, былтыр қуырғаным еді, әлі күтірлеп тұр, үш летрлік бәңкімен сендерге де салып жіберем, - деген жеңешесі шайдан ғана ақырын ұрттап отырды.
Бұлар есік алдына шыққанда күн кешкіріп қалған екен.
- Осы сен өзің мәшін алдың ба? - деді ағасы тісін шұқып тұрып.
- Жоқ.
- Бір көлік мінетін уақытың болды ғой. Әке-шешең аман отырса әперер еді... бізден де көмек болмай жатыр, -деп қипақтағандай болды ағасы.
- Ой, сіздерден не көмек күтем? Өзім де алам ғой бұйырған күні. Тиын-тебенімді ыңғайлап жүрмін әзірге.
- Е, бәсе. Сөйдесейші. Мәшін алсаң, жеңешең орындығының жабынын тігіп берер. Ісмерлігі бар ғой, білесің. Баяғы іс мәшіні әлі істеп тұр. Тек соңғы кезде тамағынан жөнді ас өтпей, шамалы мазасы кетіп жүргені болмаса...
- Жеңешемнің бе?
«Бәсе, өңі жүдеу көрінгені содан екен ау».
- Қашаннан?
- Ой, қыстан бері... әлде былтыр күзден бері ме...
- Дәрігерге қаралды ма?
- Е-е, жоға. Дәрігер бар ма маңда? Ол үшін төрт жүз шақырымдағы қалаға бару керек...
Майса самалдың ызғырығы бар ма, моншадан кейін желеңдеу шыққаннан ба, тұла бойы біртүрлі шімірігейін деді.
***
- Жеңеше, менімен қалаға жүрсең қайтеді, дәрігерге қаратайын, - деді ертеңгі шайды ішіп бола келгенде.
Жеңешесінің қабағы дір еткендей болды.
- Ағаң айтты ма? Бірдеңе мазалап жүргені рас.
- Кешегі келген көлік қайтам деген, орын болады.
- Е-е, Тұраптың Нұртайы ғой, лекерлеп жүрген нәрсе ол да, соған да шүкір. Әй, бірақ, қайдан... шыға алмаймын-ау. Мына малды қалдыратын кісі жоқ. Биыл төрт сиыр бұзаулап тұр. Қалаң да қазір... аттап бассаң ақша. Ақшаң болмаса қарала да алмайсың... Мыналардың ас-суы тағы бар. Келін болса күніне жетіп отыр.
- Қойшы, жеңеше, үйдің тірлігі біте ме. Екі еркек отырып малды қарайтын шығар... Өзім ертіп жүріп қаратам. Дәрігерлер не айтады, соны түгел жасаймыз, тәуір боласың.
- Келінді қалай жалғыз қалдырам?
- Күйеуі қасында емес пе, неге уайымдайсың?
- Үйбай, сен білмейсің ғой... жеңешесі үнсіз қалды.
- Сиыр сауам, күл шығарам деп жүріп... Өзі жеті жыл дегенде әрең көтергенде...
Жеңешесі қайнысына беріп жіберемін деген майды былғап отырып күрсінді. Бірдеңенің жұтқыншағына тіреліп, кейде құрғап, түкірік өтпей қалардай жайсыздық сезінетіні өз алдына, жан-дүниесіне уайым сеуіп, жаншып жапырып жайпай келе жатқанның тегін еместігін өзі де іштей топшылайды.
- Кешегі көлік бүгін кері шығады екен. Қалаға жүрсең қалдырма деп айтып қойғам. Жеңешемді ала кетіп, дәрігерге қаратсам қалай қарайсыз?, - деді ағасына қарап.
- Апамды ма, қалаға ма? Ағасынан бұрын інісінің даусы қатқыл шыққандай болды.
- Ия, дәрігерге көрінгені дұрыс қой.
- Әуре болып қайтесіз? Қыңқыл-сыңқылсыз адам бола ма? Осы жүргенде сау адам жоқ, бәріміз ауырамыз. Ол кетсе біз қайтеміз? Төрт сиыр тұр... Қалаға барғанда тегін ештеңе жоқ, қаралуға ақша керек...
- Ауырған адам әуелі қаралмай ма, дәрігер емін айтады ғой. Мүмкін, дәрі берер... Не болса да ерте-бастан қаратайық.Төрт сиыр туып тұр дейсіңдер де, ақша жоқ дейсіңдер..
- Енді қайтейік, қарап отырғанымыз бір мал болғасын? Қарттар әлі пенсияға ілікпей отыр ғой.
- Осы жұрт келсе неге тып-тыныш қана өз жайына келіп-кетпейді екен, - деп күңкілдеді інісі орнынан тұрып бара жатып.
Мән бермеуге тырысты. «Сол іші боқ, сырты түк малдың қасынан ұзамай ғұмырларың түгесілуге айналды емес пе...» дегенді айтқысы келген.
- Жә, барса барсын, - деді ағасы. - Тек баласы қасына ере барсын. Мен малға қарайын.
Әуелі «бармаймын» деп тулаған інісі ақыры ере шықты.
Келе жеңешесін клиникаға апарды. Тексеруден өткізіп,сынама тапсырған соң бірнеше күн күттірген дәрігерлер бірауыздан: «кесел асқынбас үшін операция жасау керек, әлі де қарекет қылуға мүмкіндік бар.Тек науқастың өзі тезірек бір шешімге келуі керек» десті.
Жеңешесі үндемеді. Жеңешесінің «операцияға келістім» деген кесімді сөзін ести алмағасын жөндем сөз күтіп інісіне қараған.
- Біз соны... пышақ тигізбейміз бе деп тұрмыз. Жараға пышақ тигізген дұрыс болмайды өзі. Әнеу Сақыпбай ше, біздің ауылдағы... осындай болғанда әперетсияға барып еді, не болды ал... содан оңалмай қайтты ғой...
- Сақыпбайды білмейм, қазір медицина дамыды ғой. Жеңешем ерте-бастан жасалса, жақсы боп кетеді.
- Өй, қазір доқтырлар тегін жасаушы ма еді, ақша сұрайды екен ғой... Анау Қарөзек жақта бір жақсы емші бар көрінеді. Күкіртті сары майға езіп ішкізеді дей ме, әйтеуір, барған адамдар жақсы болып кетіп жатыр екен. Апамды сол халық еміне апарсам ба деп тұрмын.
- Дәрігер не үшін сонда? Еміне әкесінің құнын сұрамайтын шығар.Тіпті сұраса да адам жаны үшін табады ғой.
- Өй, сұрайтыны белгілі ғой. Ақша қайда оған? Немді берейін? Вахтаға барып тапқаным үйдегі адам мен малдың тамағынан ауыспайды.Кеше айттым ғой қарттар пенсияға бір жыл қалды, қарап отырғанымыз төрт сиыр мен жиырма қой.
- Жә, сұраса өзім көмектесем. Кредит алсам да... Жеңешем тәуір болса болды ғой...
- Көмектескіш болсаң, жаман ініңе бір айдалған ескі мәшін әперсейші. Ауыл арасына айдап жүрмеймін бе, ағам әперді деп. Інісі қалжыңдаған болды.
Бұл енді жеңешесіне бұрылды.
- Жеңеше, өзің айтсаңшы, операция жасатасың ба? Жан өзіңе керек қой.
- Мен не дейін, інің керек емес деп отыр ғой.
- Керек емес, жасатпайды, - деді інісі нықтап.
- Қаралам деп бір, әперетсие деп екі, одан күтінем деп айлап жатады екен, үйдегінің де уақыты жақын, сонда біз ана жақта өз асымызды өзіміз пісіріп жүреді екенбіз. Одан да үйге қайтамыз. Емшіге апарам, жақсы болады. Бәрі Алланың қолында. Алып кетем десе әперетсиеңе қарай ма ол...
Жеңешесі күрсінді. Қабырғасын суық жел сияқты жанай өткен осы бір күрсіністі қайнысы түсінгендей. Інісіне мұндай жыны келмес, тура бір көкірегіне көк жұлын дүлей кіріп кеткендей ыза қысты.
- Не деген су надан адамсыңдар ей! Дәрігерлер үміт бар деп тұр ғой, неге түсінбейсің?
- Су надан дейсің бе? «Аға, аға» дегенге не өзіңше болып тұрсың? Інісінің бұған қараған алақандай екі көзі өңменінен өтіп барады.
- Сонда оқымысты болып кеткен сен бе? Көп болса диплом алған шығарсың, көп болса кеңседе отырған шығарсың, бірақ, Алланың алдында бәріміз бірдейміз! Әке-шешеңді көшіріп әкетіп едің, төрт-бес жылда сүйегін әкелген жоқпысың ауылға? Келгелі қатының жөндеп қарап та жатқан жоқ қой бізге! Ақылың өзіңе! Ишшо маған бірдеңе дейді ғой, рахмет, ауылға қайтамыз!
Жеңешесі бұрынғыдан да жүдеп қайтты.
***
Өткендегі Нұртайдың жолда бірдеңесі бұзылып тұрып қала беретін көлігімен ауылға тағы келді. Бұл жолы алдынан ешкім шықпады. Үйдің есігін ашып, іштен шыққан ашқылтым иіске танауын тосты. Үйдің тіршілігінің жуырдан бергі шын кескін-келбеті көрініп тұр: ауладан бастап кіреберіс те айра-жайра шашылған, үйдің іші де жабынсыз жалаңаш терезедей құлазып, тозыңқы көрінді. Төргі бөлмеге барды да кері шықты, жан жоқ, бұл жолы ағасының шаңырағына келгенде адыра қалған айдалаға келгендей болды. Келесі бөлмеге кіріп еді, ағасы теледидар қосып қойып онысына мәнсіз көз салады. «Әліксалам, оу, қашан келдің?» деп қуанып қалды ағасы. Көптен ас-суы дұрыс емес пе, кеспірі ошақ басынан ұзамай омалып отырған көтерем шалға ұқсап көрінді.
«Қайным келді» деп алдынан баяғыша жүгіріп шықпаған жеңешесі түкпірдегі қараңғы бөлмеде жатыр екен. Бөлмеден ашыған бірдеңенің әлде шаңға бөккен құрым киіздің иісі ме, шығып тұр. Қасына тізе бүкті..
-Жеңеше, амансыз ба, бұл мен ғой.
Жеңешесі көзін ашып алды да, бұның бетіне бажырайып қарап жатып таныды..
- Қайным, сенбісің... деді ақырын ғана.
Сипаланып бұның қолынан ұстады. Сырқатының апта санап кеулеп, күні кемігені байқалады Күнінде тары түйгенде келі мен келсапты күрсілдететін қармаулы жеңешесінің саусақтары да жіңішкеріп, білезігі де баланыкіндей болып қалыпты.
- Қалайсың, жеңеше.
- Шү-кір-міін.
Осыны айтқанда жеңешесі бүкіл күшін жиып тістеніп бағып, дем шығармауға тырысқандай.
- Ауруды басатын дәрі әкелдім.
- Рах-мет, айна-лайын.
- Ұйқың қалай, жеңеше?
- Айна-лайыын, аппақ қайным-ай... жаман емеспін, бақытты бол.
Осылай дегенде тауаны жығылып пәсейген сары жүзі жымиғысы келді ме ау, әйтеуір, жеңешесі бұған біртүрлі елжіреп бөлек қарағандай болды. Жанарынан қайнысының арнайы келіп хал сұрағанына ризашылығы көрінді... көкірекке тұнса да, аузыңмен ақтарылып айтуға келмейтін ризашылық әлде қимастық болатынына қайнысы осы жолы көзі жеткендей еді.
- Келінді естіген шығарсың? Оған бір барып қайтатын адам да табылмады ғой, -деді бір кезде үһілеп.
Келінді айтқанда жеңешесі үһілей берді.Үһілеген сайын шықпай қалған кермек жасы ішінде кеуіп, кеппей қалғаны көзінің алдына шемен боп байланғандай қарасы қатайып, манағы жымиысы жоғалып, өң-түсі суықтанып көрінді. Қайнысы үндемеді. Інісі мен келіні ренжісіп, ақыры келін кетіп қалыпты дегенді анада естіген. Ішін бірдеңе тырнағандай болғанымен, ағасы мен жеңешесі үшін арағайындыққа жүріп, келіннің әке-шешесінің алдына барайын десе де, ар жағы көңілі дауаламаған, буалдыр саналы інісіне сенбеген.
- Шай ішесің бе, қайнатып берейін.
- Шайды өзің қайнатып, ағаң екеуің ішерсің, бұл үйде саған шай қайнататын да ешкім жоқ. Әлгі бала да көрінбейді ғой,вахтасына кеткен болар, менің жатысым мынау...
Қарсы алдындағы кішірейіп шөжіп қалған жеңешесіне қарап отырып қайнысының ішін мұң шалған.
«Қайран Дариға жеңешем, қандай едің! Ағайынның бүкіл тойы мен жиынында қазан басының берекесін келтіріп жүретін, қайынағаларының алдын бір кесіп өтпеген, біз сияқты қайныларының қалжыңын көтеретін, жеңешеміз ай, сырқатың жаныңа батты ау... Ернің тұшып сүйген перзентің шешесінің жайын айыратын халде емес, өзінің шала діни қиялынан өзі адасып ол жүр», дегенді ойлады қайнысы.
***
Дариғаны ой иектей береді. Сырқат меңдеген жүзіне дендей жайылған бір қорғасын ой. Әйел болғасын бәрін ойлайды. «Бұған бірдеңе болса, ері қайтеді? Баласының ас-суын кім жасайды? Егер қастарында басы қарайып бұл жүрмесе, мына үйдің жылуы қашпай ма... Кейде іштегі тұншыққан дүлей сырқаты күш алғанда қол-аяғы байланып, тұла бойы сіресіп, неше күн бойы кірпігі ілінбейді, қалжырап әрең ұйықтағанда бірдеңеден құлап кеткендей болып шошып оянады. Дертіне төзіп бағайын десе, бір жағы іштегі қайғысы мен булыққан наласы буын-буынын алатын сияқты. Кеткен келінді ойлайды, оған барып, әкесінің алдынан өтіп қайта әкелем деп жатқан да ешкім жоқ. Баласынан да көңілі қалды. Мүмкін, өңді келген жас келіншегінің уыздай әлпетін қызғанатын шығар дейін десе, кішкентай ауылда бейсауат адам да жоқ. Сөйтіп бұлар немере аңсап, бір шақалақты күтіп жүргенде келіні жерік болған. Төрінен сәбидің уілі шықса ұлының да қабағы жазылар деген. Немере сүйсе сырқаты меңдеген бұның өзі де қуаныштан бойын тіктердей көрінген. Ақыры көптен сарыла күткен аяулы аңсарыңдай боп немере де келген. Қыз бала. Соған әрең жетіп отырып, келіншегін ұрған жетесізге не десін? Екеуіне не жетпей қалғанына миы жетпеген. Адам өз қолын өзі кесе алмайды екен. Сөйтіп бұлардың азды-кем қызығын көп көріп, келін ақыры баланы көтеріп кетіп қалды. Тәрбиесі оңды айналайын ай, жеті жылда жеті ауыз сөз айтпаған еді» деп кеткен келін мен немересін ойлағанда пәлен айдан бері көмейін бітеп тұрып алған өксік ақтарылған.
***
- Айналайын, қарағым,, - деп бұрылды бұған етжеңді кемпір.
- Анаң ғой, «ақ сүтіңді кештім» де.
Кемпірдің бұл сөзі өңменіне шаншу болып қадалғандай болды. «Анаң ғой» дегені несі? Жеңешең демей ме?»
- Қаладан келген бала, естіп отырмысың, саған айтам, қарағым! Бері жақындасайшы. «Ақ сүтіңді кештім, бақұл бол» де. Құдай куә, осы отырған бәріміз куәміз ғой, үлкен кісілердің сертін осы кезге дейін бұзған емеспіз. Бірақ, бүгін уақыты келген екен, бақұлдасып қал, сенің анаң осы Дариға ғой.
«Сонда қалай?»
Со бойда іші қозғалып, бірдеңе жүрегінің астынан лып етіп көтеріліп, жақындап келіп, өттей ащы болып алқымына тірелген.
Егер кемпірдің айтқанын қылса мына қол созым жерде топырақ астында жатқан әке-шешесі қайтеді, егер жеңешесін анам еді десе мәуесі де, ығы да, саясы да бола алған әруақтарды сыйламағаны болмай ма...
Кемпір де қоймайды екен. Қайта-қайта айтқызып барып, амалы таусылып, ақырын ғана «ақ сүтіңді...» деді бұл.
«Ғұмыры сарқылғанша ешкімнің бетіне тіке қарамаған, жел боп тимеген, дүние ауса да өзгермей кеткен апам ай, немереңді жаныңда томпаңдатып ертіп жүре алмадың ау...». Еңірей төгіліп, сай-сүйегін кеміріп ала жөнелген зарлы үн қазаға келгендердің бәрін жалт қаратқан. Бұл жоқтаған келіні екен. Енесіне топырақ салуға келіпті.
Ағасы үнсіз. Аз күннің ішінде қатары сиремесе де, қайраты кеткен адамға айналыпты. Жаратылысында онша жұмсақ болмаса да көңіл айта келгендерге жаутаңдап қарайтындай ма...
Қабір басында да бұның көзінен жас шықпады, дымқыл топырақты алақанында үге берді. Бұрынғыдай жеңешем дейін десе, ол шындық өзгерген, демейін десе басқа шындықты мойындап көрмеген. Бұл жолы әке-шешесінің басына да бөгелмеді. Кешелі-бері оларды ренжітетін күпірлік бірдеңе істеп қойғандай ма, бұны асырап-баққан адамдардың алдында адал болмағандай ма.... әйтеуір, бір зіл батпан батып, жүрегінің басына бүк түсіп жатып алғандай болды.
Соңына көз салды. Жеңешесі бір төмпешік болып қалып барады.
Ертең мына қабірдің бетін жел ұшырып, су шайып, жеңешесі жайлы бірлі-жарым естеліктер ескіреді, мына дымқыл топырақ та кеудірлеген кебір топыраққа айналады, мына қорымға келетіндер де сирейді, айдалаға кім келе берсін. Бұның баласы келе ме бұл жерге? Ай, келмейді ау...
- Сен анда-санда келіп тұрсайшы, - деді ағасы бұл кетерде. - Екі араның жолы кемітіп айтсаң төрт жүз, асырып айтсаң бес жүз шақырым болар, ыңғайы келсе келіп тұр. Біздің ауылда өзі бес үй қалдық қой, оның өзі қалаға көшкен балаларына ермей қалған қисық-қыңыр шал-кемпір. Ата-бабам жатқан кәрі жұртты күзеткенде не таптым десейші. Дариға да осы жерге жіпсіз маталып өтті ғой.
Ағасы өзін-өзі мазақтағандай миығынан күлді.
- О байғұс, не көрді дейсің, жастықпен талай қолым да тиді ғой, ішкен адамда ес бола ма, әкіри... іштім, сабадым, бәріне көнді. Сонда да әке-шешеме қызмет қылды, тұңғышын ағамның бауырына салам дегеніме де көнді, үндемеген қалпы бәріне мойынсал болып өтті... енді, мынау... артында қалам деп ойлаппын ба...
Ағасы алақанын маңдайына апарып, пенделіктің буына піскен кезін есіне алды ма, әлде өзінше тәубеге келгені ме, екі иығы бүлкілдеп сәл кідіріп қалды да сөзін қайта жалғады:
- Е-ее, ғұмыр дегенің таң алдындағы қып-қысқа, бір қайырымға келмей жалт етіп көрген бұлыңғыр бір түстей екен... Қамшының сабындай деп неге айтады десем, тура қамшының қысқа сабындай шолтаң ете түсті ғой, паһ-паһ! Мен де сол, ақыл-есім дұрыста жөнімен жөнелсем дейм... Олай-бұлай болсам, орным әзір, кеше жігіттерге айтып, бір үлкен тасты көтертіп, Дариғаның оң жағына қойдырдым.
«Төрт-бес үйі бар ауылдың қорымына кім таласады, қабіріңді қай жағынан қаздырсаң да жер жетеді емес пе» дегенді айтқысы келді де, көзінің сүйегі ішіне қарай кемірілгендей түрі бұзылып, беті тыржиған ағасына қарап үндемеді.
- Айтпақшы, жеңешеңнің сен көлік алсаң көрімдігіне берем деген жабыны тұр еді, соны ұмытпа.
Ағасы бұның қолына үлкен буманы ұстатты.
Қаласына қайтып келеді. Дүние баяғысынша жайбарақат, тек мұның көкірегі ғана әлем-жәлем.Бала кезде шешесінің бұны немере ағасының ауылына жібергісі келмейтіні, немере ағасы бұларға келсе дереу көшенің арғы басындағы біреудің үйінде мәнті кәстрөлі бар екені есіне түсіп жұмсап жіберетіні, бір-екі рет сол ауылға барған кезде бұған көздерін қадаған екі-үш кемпірдің бастарын түйістіріп «ұқсап тұр емес пе» деп өзара шүңкілдескенін құлағы шалса да, оған мән бермегені... бәрі есіне түсті. Аяқ астынан ойшыл болып кеткендей. Жоқ, ешкімге өкпесі жоқ. Кімге өкпелейді?
Қайтадан жеңешесін ойлады. Тәмамдалғаны - бүкіл сапары сол ескі саман үйі мен қорасынан әрі ұзамаған жеңешесінің кішкентай ғана ғұмыры ма... ағасының шаңырағының да жылуы бірге кетті ау. «Адам-бейшара осылай жүреді жүреді де бір күні жалп ете түседі, сонда бәрі бітеді, жаныңда тек мүлгіген тыныштық қана қалады, тыныштық қорқынышты емесі анық, сонда өлімнің несі үрей» деп ойласа да, әлдеқалай бойы тоңазиды. Қолындағы буманы ашып көрді. Жеңешесі мәшине орындығының жабынын сұр түсті түкті барқыттан, мәйке секілді оңай киіліп-шешілетін қылып, бір сабақ жібі шашылмай, әдемілеп тігіпті. Сырқаты жанына батып жүріп те бар өнерін салған-ақ екен!
Бірдеңе бұлдырағандай болған, көз алдын көлкештеп тұрып алған көзінің жасы екен...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.