Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
Жалғызкөз, Қоскөз, Үшкөз...

28.02.2025 1082

Жалғызкөз, Қоскөз, Үшкөз 6+

Жалғызкөз, Қоскөз, Үшкөз - adebiportal.kz

Әлем халқына танымал ағайынды ертегіші Гриммдердің үлкені Якоб Гриммнің туғанына 240 жыл толып отыр. Ағайындылардың әр ертегісінің оқырманға айтар ойы бар. “Жамандыққа - жақсылық” деген ұғымға құрылған “Жалғызкөз, Қоскөз, Үшкөз” ертегісін жас оқырмандарға ұсынып отырмыз.

Ерте заманда бір әйел өмір сүріпті. Оның үш қызы болыпты. Үш қыздың ішіндегі тұңғышының есімі Жалғызкөз екен. Олай аталатын себебі: қыздың маңдайының дәл ортасында бақырайған жалғыз көзі бар екен. Ортаншы қызын Қоскөз деп атапты. Себебі ол қыздың өзге барлық адамдар сияқты екі көзі бар екен. Ал ең кіші қызын Үшкөз деп атапты. Өйткені оның кәдімгі екі көзінен бөлек, маңдайында үшінші көзі бар екен.

Қоскөз қыздың көзі басқа жұрттан еш айырмашылығы болмағандықтан, анасы мен әпкелері оны жек көріпті. Олар әрдайым Қоскөзге қызғанышпен қарап:

– Сен бізбен бірге жүруге лайық емессің. Себебі екі көзді болғандықтан, өзге жұрттан біз сияқты ерекшелене алмайсың, - деп кемсітеді екен.

Сөйтіп олар Қоскөзді анда да, мұнда да қуалап жұмсаумен қатар, оған ескі-құсқы ең нашар киімдерді ғана кигізіп, өздерінің ішкен-жегендерінен асқан қалдық тамақтарды ғана беріп, оған әрдайым қорлық көрсетіп, кемсітіп қалуға тырысып жүреді екен.

Бір күні Қоскөздің ешкі бағып жайылымға баруына тура келіпті. Әпкелері азыққа деп өте аз мөлшерде тамақ салып бергендіктен, Қоскөз әбден әлсіреп, қатты ашыққан еді.

Аштықтан халі азайған қыз, кең далада көк шалғынға отыра қалып, көзінің жасын көлдете еңіреп жылайды. Ол осылайша жылап отырып, кенет басын көтеріп қараса, қасына бір бейтаныс әйелдің тұрғанын көреді. Әлгі әйел қыздан:

– Қоскөз-ау, соншама жылап-еңіреп отырғаныңның қандай себебі бар? - деп сұрайды.

Сонда байғұс қыз бейтаныс әйелге:

– Қалай жыламайын? Анам мен әпкелерім менің өзге барлық адамдардыкі сияқты екі көзім бар болған себепті, мені жек көреді. Анда да, мұнда да қуалап, ұрып-соғып жұмсаумен қатар, маған тек ескі-құсқы киімерді ғана кигізеді, тамақтың да өздерінен қалған қалдығын жегізеді. Бүгін де тым аз тамақ салып берген еді, қарным ашып, әлім құрып отыр ғой, - деп жауап береді.

Сонда әлгі сиқыршы әйел оған былай дейді:

– Қоскөзжан, көзіңнің жасыңды тый енді! Сен бұдан былай ешқашан ашықпайтын боласың. Ол үшін саған бір тәсіл үйретемін. Ол былай: ешкіңе қарап тұрып: «Ал, қанеки Ешкіжан, жайып жібер дастарқан!» - деп дауыстап қалсаң болды, көзді ашып жұмғанша алдыңда тап-таза дастарқан жайылып, оның үсті қалағаныңша жейтін тамаққа толатын болады. Ал қарныңды тойдыра тамақтанып болған соң: «Ал, қанеки Ешкіжан, жиналсын енді дастарқан!» - десең болғаны, алдыңдағы дастарқан да, үстіндегі тамақ та бірден көзден ғайып болатын болады.

Осыны айтқан бетте сиқыршы әйел көзден таса болыпты. Қоскөз сонда:

– Ендеше мұның рас-өтірігін дереу тексеріп көре қояйын! Онсыз да шұрқырап қарным тым ашып тұр ғой, - деп ойлайды да:

– Ал, қанеки Ешкіжан, жайып жібер дастарқан! - деп дауыстайды.

Осы сөзді айтып ауыз жиғанша қыздың алдына аппақ дастарқан жайылыпты, дастарқанның үстінде пышағы мен табағы, шанышқысы мен күміс қасығы қаз-қатар ретімен тізіле қалған екен. Үстелдің үсті жаңа ғана піскен, буы бұрқыраған неше түрлі ыстық тағамдарға толып тұр. Қоскөз Құдайына сиынып шүкірлік етіп алды да, ас та-төк тамақты асықпай жеп тойған соң: 

– Ал, қанеки Ешкіжан, жиналсын енді дастарқан! - депті.

Айтып ауыз жиғанша дастарқан да, оның үстіндегі тамақ та әп-сәтте жоқ болады. «Бұл бір ғажап нәрсе болды ғой!» - деп Қоскөздің көңілі қуанышқа бөленіп, дән риза болды.

Кешке таман ешкісін айдап үйге келген соң ол әпкелерінің қалдық тамақ салып қойған саз табағын көрді. Табақты көрсе де, ондағы қалдықты жемек түгілі қолын да созбапты.

Келесі күні де жайылымға ешкі бағуға барып келген қыз, бұл жолы да өзіне тиесілі ас қалдығын жемек түгілі, ыдысқа көз қырын да салмапты.

Бұған бастабында әпкелері көңіл аудара қоймапты. Бірақ біраздан соң олар бұған күдіктене бастайды. «Осы біздің Қоскөздің әлде бір бүккен сыры бар сияқты! Бұрын қандай тамақ берсек те сыпырып-сиырып тауысып жеп қоятын еді ғой. Қазір жемек түгілі дәмін де татпайтын болыпты! Қалай болғанда да оның әлде бір жерден тамақ тауып жеп жүргені анық!» - деп өзара болжам жасайды әпкесі мен сіңлісі.

Сөйтіп олар мұның мән-жайын білмек болады. Әуелі Жалғызкөз әпкесі сіңлісімен бірге ешкі бағуға шықпақ болады. Шындығында оның ойы далада бұған кімнің тамақ жеткізіп беріп жүргенін білу еді.

Осы кезде Қоскөз де ешкісін айдап жайылымға беттейді. Жалғызкөз сіңлісінің жанына келіп: «Менің де сенімен бірге ешкі бағып, малдың қалай жайылғанын, семіріп тойғанын көргім келеді», - дейді.

Қоскөз де әпкесінің шын ойы бұл емес екенін сезді. Сөйтіп ешкісін биік өскен шалғынға айдап әкеледі де Жалғызкөзге: «Ал, әпкетай, кел, қасыма отыр. Шаршадың ғой, мен саған ән салып берейін!» - дейді.

Жалғызкөз қапырық ыстық пен ұзақ жүрістен әбден болдырып шаршаған еді. Қоскөз сонда: «Жалғызкөз-ау, қалғи бер, Жалғызкөз-ау, ұйықтай бер!» - деп, осы сөздерді бір сарынмен ыңылдап қайталап айта беріпті, айта беріпті.

Сөйтіп отырғанда Жалғызкөз қалғып отырып көзі жұмылып ұйықтап кетеді. Мұны көрген Қоскөз: «Ешкіжан, маған таяй ғой, дастарқаныңды жая ғой!» - дейді.

Сөйтіп ол дастарқан басына отырып, тойғанынша ішіп-жеп болған соң: «Ал, қанеки, Ешкіжан, жиналсын енді дастарқан!» - дегені сол-ақ екен, барлығы да әп-сәтте көзден ғайып болады.

Тамақтанып болған соң Қоскөз әпкесін оятып алып:

– Жалғызкөз, тұр енді! Сен ешкі бағамын дедің де, өзің ұйықтап қалдың ғой. Былайша бағатын болсаң, ешкінің қайда кеткенін де білмейтін түрің бар. Жүр, үйге қайтайық, - дейді. 

Сөйтіп олар ешкісін айдап үйлеріне келіп жетеді. Қоскөз бұл жолы да әдеттегідей ыдысқа қол созбапты.

Жалғызкөз бүгін далада не болғанын, яғни сіңлісінің үйде тамақ жемеуінің себебін шешесіне түсіндіріп бере алмапты. Сондықтан ол шешесіне: «Барған соң ұйықтап қалыппын», - деп шындығын айтып кешірім сұрапты.

Келесі күні шешесі Үшкөзді шақырып алып: «Осы жолы сен еріп бар. Далада Қоскөз бөгде біреудің әкеліп берген ас-суын ішіп-жеп жүр ме, жоқ па, бәрін мұқият бақылайтын бол. Оның далада бізден жасырып немен тамақтанып жүргенін білуіміз керек!» - деп шегелеп тапсырады.

Сөйтіп Үшкөз де әпкесіне: «Жайылымға сенімен ере барып, ешкіні қалай бағып семіртіп жүргеніңді бақылап көруім керек!» - деп айтады да, әпкесінің қасынан бір елі қалмай еріп алады. Қоскөз де әпкесінің ойында не барын біліп келе жатқан еді. Ешкіні биік шалғынға айдап апарады да сіңлісіне: «Кел, екеуіміз мына жерге отырайық. Мен саған ән салып берейін!» - дейді. Шақырайған күннің ыстығы мен ұзақ жүрістен шаршаған Үшкөз әпкесінің қасына келіп отырады. Қоскөз болса кешегі әдетінше: «Үшкөз-ау, қалғи бер, Үшкөз-ау, ұйықтай бер!» - деп әнін бастайды. Кейде сөзінен жаңылып: «Қоскөз-ау, қалғи бер!» - деп те айтып қалып отырыпты. Расымен де сол себепті үш көзді қыздың қос көзі біртіндеп жұмылып ұйқыға кетіп, ал маңдайдағы үшіншісі ұйықтамапты.

Үшкөз қыз қулыққа басып ояу көзін ұйқыдағы көздері тәрізді жұмып жатқан болатын. Жалғыз көзбен-ақ айналада не болып жатқанын толықтай бақылауға болатын еді.

Сіңлісінің ұйықтап қалғанын көрген Қоскөз әдеттегідей: «Ешкіжан, маған таяй ғой, дастарқаныңды жая қой!» - деп дауыстап қалды.

Тамағын асықпай емін-еркін ішіп-жеп, қарнын тойғызып, шөлін қандырған соң: «Ал, қанеки Ешкіжан, жиналсын енді дастарқан!» - дейді.

Үшкөз қыз мұның бәрін көріп жатқан болатын.

Қоскөз Үшкөздің жанына келеді де: «Ой, сіңлім-ау, ұйықтап қалғансың ба? Сен де ешкіні жақсы бағады екенсің! Тұр, кеттік үйге!» - дейді.

Сөйтіп олар ешкісін айдап үйге келеді. Қоскөз тағы да тамақ ішпейді. Үшкөз сонда шешесіне қарап: «Бұл қыздың неге тәкаппарланып тамаққа қол созбай отыруының сырын мен білемін!» - дейді. Сөйтіп ол бүгінгі көрген-білгендерін шешесі мен әпкесіне баяндап береді. 

Мұны естіген анасы мен әпке-сіңілілері қызғаныштан іштері күйіп қатты ашуланады:

– Демек сенің бізге қарағанда тәтті-дәмді тамақ ішіп жүр екенсің ғой! Олай болса мен сені осы мүмкіндігіңнің жолын кесейін! Осылай жасағаным дұрыс болар!» - деп, қолына пышағын ала сала, ешкіге жүгіре жетіп тура жүрегіне ұрады. Пышақты суырып алып екінші қайта сұққанда, ешкі де өліп үлгерді.

Мұны көріп тұрған Қоскөздің көз жасын көл қылып жылағаннан басқа амалы жоқ еді. Иен далаға барып көк шалғында зар жылап отырады.

Осы кезде жанында кенет баяғы сиқыршы әйел пайда болыпты. «Неге жылап отырсың, Қоскөзжан?» - деп сұрайды әйел. «Неге ғана жыламайын? Сіздің үйреткеніңіз бойынша мені тамақтандырып жүрген ешкімді шешем сойып тастады. Тағы да бұрынғыдай ашығып әзер жүретін болдым ау!» - деп жауап береді қыз.

Сонда сиқыршы әйел оға былай деп ақыл үйретеді:

– Сен жылама. Бар да анаң мен әпкелеріңнен сойылған ешкінің ішек-қарнын сұрап ал. Сұрап ал да оны үйдің есігі алдына көміп таста. Осыдан саған бір үлкен жақсылық болады. 

Сиқыршы әйел осыны айтады да көзден ғайып болады.

Үйге қайта оралғансоң Қоскөз әпкелеріне:

– Басқа ештеңе сұрамаймын. Маған ешкінің ішек-қарынын берсеңдер болды, - дейді.

Әпкелері Қоскөздің бұл сөзін естігенде, оны әбден мазақ етіп күлісіпті:

– Осыдан басқа қажетіңе жарайтын бірдеңе сұрауға да миың жетпей ме? Ала бер, алғың келіп тұрса! - деп, ішек-қарынды алуға бірден рұқсат етеді.

Ішек-қарынды алған Қоскөз кешке таман сиқыршының үйретуі бойынша ешкімге көрсетпей есік алдына шұңқыр қазып көміп тастайды.

Ертеңгісін үйдегілердің барлығы ұйқысынан оянып, сыртқа алдына қараса, есіктің алдында күмістей аппақ жапырақты, алтын сары жемісті, таңғажайып ағаш жайқалып өсіп тұр екен. Мұндай қымбат әрі таңғажайып әдемі ағашты бұрын-соңды ешкім көрмеген еді. 

Бұл ағаштың қайдан қалай пайда болғанын Қоскөзден өзге ешкім білмейтін еді. Ағаштың кеше кешкісін өзінің ішек-қарын көмген сол жерден өсіп шыққанын ол түсінді. 

Сонда шешесі Жалғызкөзге:

– Қызым, ана ағашқа өрмелеп шық та, маған жемісінен үзіп әкеліп берші, - дейді. 

Жалғызкөз ағашқа өрмелеп шыққанымен, алтын алманы үзіп алайын десе, бұтақтары қолынан сусып шыға береді. Сөйтіп ақыры бір де бір жеміс үзіп ала алмай қояды. Бұл әрекетін әлденеше рет қайталап көрсе де, еш нәтиже шығара алмапты.

Мұны көрген шешесі Үшкөзге: «Үшкөз, қызым, енді сен өрмелеп шық! Жалғызкөздей емес, сен үш бірдей көзіңмен қарайсың, әр нәрсеге икемің жақсы ғой. Жемісті үзіп әкел», - деп бұйырады.

Сөйтіп әпкесі ағаштан түсіп, сіңілісі өрмелеп шығады. Бірақ сіңлісінің де бұтақтан жеміс үзіп алуға икемі болмапты.

Екі қыздың қолынан келмеген соң, шешесі өзі де ағашқа өрмелеп көреді, бірақ алманы үзіп алу оның да қолынан еш келмепті.

Сонда Қоскөз шешесіне:

– Анашым, маған ағашқа өрмелеуге рұқсат беріңіз. Алманы үзіп алу мүмкін, сендердің емес, менің қолымнан келетін шығар, - дейді.

Әпкесі мен сіңлісі мұны әбден мазақтап: «Ой, байғұс Қоскөз-ау, сенің қолыңнан не келеді дейсің!» - деп күліседі. Алайда Қоскөз ағашқа өрмелеп шыққаны сол-ақ екен, бұтақтардағы алтын алмалар өздігінен үзіліп түсе бастайды. Сөйтіп қыздың етегі алмаға толып қалады.

Шешесі қызы әкеліп берген алмаларды алады. Бірақ қызына ризашылық білдіріп рақмет айтқанның орнына бұрынғыдан бетер қызғанышы күшейеді. Ағаштың жемісін үзіп алу өздерінің емес, Қоскөдің ғана қолынан келгеніне күйініп, шешесі мен әпке-сіңлілері мұны бұрынғыдан бетер жек көре түседі.

Бір күні бәрі ағаштың жанында тұрған кезде мынадай бір оқиға болды: олардың үйінің жанынан бір салтанатты сері жігіт өтіп бара жатыр екен. «Әй, Қоскөз, - деп айқай салады әпкесі мен сіңлісі, - ағаштың түбіне жылдам жасырынып жата қал. Сөйтпесең бізді ұятқа қалдырып жүрерсің!»

Сөйтіп олар асығып-үсігіп Қоскөзді де, үзіп алған алтын алмаларды да ағаштың жанында тұрған бос бөшкенің астына жасыра салады.

Сері бұларға жақындап келіп қалады. Ол өте сұлу да, сымбатты жан екен. Сері атының басын іркіп, ғажайып ағашты тамашалап қызықтап тұрады да, апалы-сіңлілі екеуден: 

– Мына таңғажайып ағаштың иесі кім екен? Маған бұл ағаштың бір бұтағын сыйға тартқан адамның қалаған тілегін орындаған болар едім! - дейді.

Мұны естіген Жалғызкөз бен Үшкөз таласа-тармаса сөйлеп, бұл ағаштың иесі өздері екендігін және бір бұтағын абайлап қиып алып бере алатындығын айтып жауап қатады.

Бірақ екеуі екі жақтап қанша тырысса да, бұтақ қимақ түгілі, бір алма да үзіп алып бере алмапты. «Қызық екен! - дейді сері. – «Ағаш біздікі» дейсіңдер, бірақ өздерің бұл ағаштан бірде бір бұтақ та, алма да ала алмайды екенсіңдер!» Апалы-сіңілілер сонда да ағаштың өздеріне тиесілі екендігін өршелене айтып бой бермейді. Әпкесі мен сіңлісінің өтірік сөзіне әбден ашуы келген Қоскөз осы кезде үстіндегі бөшкені сәл көтеріп қалады да, екі алтын алманы серінің дәл алдына қарай домалатып жібереді.

Алмаларды көрген сері таң қалып, бұл бөшкенің астындағы адамның кім екендігін, қайдан пайда бола қалғанын сұрайды. Сонда мейірімсіз де қызғаншақ апалы-сіңілілер серіге бұл өздерінің Қоскөз атты сіңлісі екенін, оның өзге барлық адамдар сияқты екі көзі болғандықтан, жалпы жұртшылыққа көрсетуге арланып, ұялатындықтарын айтады.

Сері жігіт бұлардың сөзіне қанағаттанбай, бөшке астындағы қыздың бет-жүзін көргісі келеді. Сөйтеді де: «Қоскөз, мұнда шығып кел!» - деп айқайлап жібереді. 

Қоскөз бөшкенің астынан жайлап басын шығарып қараған кезде, сері оның таңғажайып көркіне қайран қалып, былай дейді: «Иә, Қоскөз атты қыз сенбісің? Сен мына ағаштың бір бұтағын маған қиып бере аласың ба?» - дейді. «Иә, - әрине, үзіп бере аламын, - деп жауап қатады Қоскөз, - себебі бұл ағаштың иесі менмін ғой».

Сөйтіп ол ағашқа өрмелеп шығады да, ондағы бұтақтың бірін таңғажайып күміс жапырағымен, алтын сары жемісімен қоса қиып алып серінің қолына ұстатыпты.

Сонда сері жігіт қыздан: «Қоскөз ару, бұл бұтақты маған сыйлағаның үшін саған не берейін? Қалаған тілегіңді айт!» - деп сұрайды. 

Сонда Қоскөз қыз сері жігітке былай деп мұңын шағыпты:

– Мен – қарным аш, таң елең-алаңнан қараңғы түнге дейін бір тыным көрместен жұмыс істеп, осыған қарамастан әпкем мен сіңлімнен, шешемнен үнемі қорлық көріп келе жатқан бишара жанмын. Мені осы азаптан мәңгілік құтқарып, өзіңізбен бірге ала кетсеңіз өзімді өте бақыттымын деп санаған болар едім». Осылай деп қыз шын сырын айтады.

Мұны естіген сері Қоскөзді атына мінгізіп алып, өзінің үйіне, әкесінің сәулетті қамалына ертіп алып барады. Барған соң қызға әдемі көйлектер кигізіп, қалаған тәтті-дәмді тағамдарына тойдырады. Өйткені ол қызды ұнатып қалған еді. Осыдан кейін ол қызға үйленіп, той салтанатын тамаша етіп өткізіпті.

Сұлу да сері жігіттің Қоскөзді өзімен ертіп әкеткеніне әпкесі мен сіңлісі соншалықты қызғаныш жасаса да, бөгет болатын еш амалы жоқ еді. «Жарайды, кетсе кете берсін. Оның есесіне таңғажайып ағаш өзімізде қалды емес пе, - деп ойлайды қыздар, - жемісін жұлып ала алмасақ та осы маңнан ары-бері өткендер ағаштың жанына тоқтап, біздің үйге кіріп, оны мақтайтын болады. Мүмкін біздің басымызға да бақыт құсы қонар».

Алайда келесі күні таңертең тұрып қараса, есік алдындағы ағаш көзден ғайып болыпты. Жоғалған ағашпен бірге олардың үміттері де желге ұшқандай болды. 

Қоскөз таңертең өз бөлмесінің терезесінен сыртқа көз жіберіп қараса, дәл терезенің алдында ағашының өсіп тұрғанын көреді. Ағашы өзінің соңынан іздеп келіп қалғаны осы екен.

Қоскөз ұзақ жылдар бойы молшылықта, баянды бақытты ғұмыр кешіпті.

Бір күні оның үйінің алдына екі қайыршы әйел келіпті. Ол екі әйелдің бет жүзіне қарағанда-ақ олардың өзінің әпкесі мен сіңлісі: Жалғызкөз бен Үшкөз екенін тани қойыпты. Екі қыз кедейлік пен жоқшылықтан азып-тозып ел кезіп, қайыр сұрап күнін әзер көріп жүрген екен.

Бұлардың мұндай бейшара халін көрген Қоскөз оларды сыртқа теппей, мейірімділік танытып қамқорлығына алыпты. Әпкесі мен сіңлісі де жастық шақта өздерінің бұған жасаған зұлымдықтары үшін қатты өкініп кешірім сұрапты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар