Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ж.Әлиман. Астана – Алаштың стихиясы!...

24.07.2018 4703

Ж.Әлиман. Астана – Алаштың стихиясы!

Ж.Әлиман. Астана – Алаштың стихиясы! - adebiportal.kz


«Атына тұрман болсам деп,


Жұртына құрбан болсам деп,

Астана жұртын айналған»

(Махамбет)

Біздің ұлттың астана туралы түсінігі есте жоқ ескі күндерден тамыр тартады. Қазақ хандығы кезеңін айтпағанда, Алтын Орда дәуірінен әрі асып, ежелгі Түрік заманына барып тіреледі. Суяб пен Баласағұннан басталған астаналарымыздың бәрін атамағанда, Сарай-Бату, Сарай-Берке, Созақ, Сығанақ, Түркістан, Орынбор, Ақмешіт (Қызылорда), Алматыдан бүгінгі Астанаға дейінгі аралықта үзілмейтін тарихи желі бар. Бұлардың арасында заманында астана болған Отырар, Тараз сияқты тағы да басқа қалалар қалып қойып отыр. Кейін «мың өліп, мың тірілгенімен», кемі Алтын Орда дәуірінен бері ордалы ел, астаналы жұрт болған халықтың түпкі түйсігі мен ішкі стихиясы елордамыз – Астанаға алып келді. Ішкі қуаты астаналы жұрт болуға жетпеген рухы төмен ел жоңғар шапқыншылығы, аштық пен қуғын-сүргіннен біржола қырылып қалатын еді, әйтпесе. Керісінше, «ақырып теңдік сұрап», азаттық алысымен, әлемдік санаттағы Астана салып алдық. Аллаға мың да бір шүкір!

Жоғарыда астана туралы әңгімені Түрік қағанаты дәуірінен бір-ақ қайырдық қой. Негізсіз емес. Ондай негіз болмаса, мұндай Астана қайда бізге? Бүкіл Түркі тектес жұрттардың қара шаңырағы Қазақ ұлысында қалды. Оны ұлы Тұранның ұзаны Мағжан:


«Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,


Түріктен басқа от болып жан туып па?


Көп түрік енші алысып тарасқанда,


Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?!»

Суяб пен Баласағұн, Созақ, Сығанақ, Түркістан сияқты астаналар біткен топырақтың киесі мен оны қастерлеген ұлттың қасиетінен туған Алаштың Астанасы бұл! Байырғы Бозақтан тамыр тартатын қаланың сәні мен салтанаты қандай келісті болса, символы (Бәйтерек) тіптен ерек.


Қазіргі Астанамыз біздің атам заманнан бері астаналы ел болғанымызды ғана емес, соны жұлын-жүйемізбен сезініп, сана-сезімімізбен түйсінгенімізді көрсетеді. «Бес ғасыр жырлайды» атты ұлттық санамыздың төлқұжатын ашып қараңыз. Доспанбет, Ақтамберділерді айтпағанда, Қазақ хандығының ұлы жырауы Бұқар бабамыз «Астана жұртын айналған» елдің бет-бейнесін сол кездің өзінде-ақ сомдағаны байқалады. «Бағаналы орда, басты орда, Байсал орда қонған жұрт. Хақтың жолын күзетпей, Жамандықты ұққан жұрт, Бас, аяғың бай болып, Бәсеке дәурен сүрген жұрт. Ағар бұлақ сүтті жұрт, Көп жылдарға бек сақтап, Есен де есен болған құтты жұрт. Бағаналы орда, басты орда, Байсал орда қонған жұрт, Мамырласып, ел болып» отырсақ, Алла сондық сана мен сезімге ол бастан бөлегені!

Астана – Қазақстанның қақ ортасы дегеннен шығады. Ертеде әз Жәнібек хан қазақ хандығын құрып, өз алдына ел етіп, жеке шыққанда ханның Шу бойындағы ордасына Асан қайғы кеп түсіпті. Әз Жәнібек қасындағы төре-сұлтан, би-бағыландармен отырғанда, жырау ортаға төтеннен бір сұрақ тастайды. Қолындағы қымыз тостағанды төрде төсеулі жатқан қалы кілемнің қақ ортасына қойып, «осы кесені кілемді баспай кім әпереді» дейді. Қасындағы уәзір-сұлтандары тіл қатпаған соң, Жәнібек хан кілемнің бір шетінен түре жөнеліп, жырауға тостағанын алып берсе керек. Сонда Асан қайғы ханның өз қатесін өзіне мойындатқызып: «Астананы ел ортасы Арқадан неге тікпейсің? Алда-жалда жау шығып, ел шетінен түре шапса, шаңырағыңды шайқалтып, хан ордаң мен қарашы жұрттың айбарын қоса жығып кетеді», деп жөніне тарта беріпті. Бұл ескі әңгімелерден астананы Арқадан салу алғаш қазақ хандығы құрылғанда туған бабалар аманаты екенін аңғарамыз. Осы орайда италияндық ғұлама Никколо Макиавеллидің (15-16 ғасыр) мына сөзі еске түседі: «...Қандай мемлекет болмасын, оның тыныс-тіршілігі орталықтан бастау алуы тиіс. Елдің шеткері аймақтағы ірі қаласынан гөрі кіндігіндегі мекен алғашқыда көзге қораш, елеусіздеу, жұпыны болып көрінгенімен, келе-келе үлкен, күш-қуатқа ие болып, мемлекеттің темірқазығына айналады. Өйткені, өмір, тіршілік – ортада, орталықта» дейді. Асан абыздың айтқанын бұл да қайталап тұр.


Осман империясының орталығы Ыстамбұл кезінде ескі жүйе құласа да, жаңа талапқа онша бой бере қоймаған. Содан бұрынғы жүйенің қайта орнау қаупі туындаған. Осы жағдайда ұлы Ататүрік жаңа демократиялық Түркия астанасын Анкара қаласына ауыстыру туралы шешім шығарған. Тарихшылар, халықаралық сарапшылар бұл шешімді бүгіндері Ататүріктің даналығы деп бағалауда. Оның ұлт мүддесіне сай екенін тарихтың өзі де дәлелдеп берді.

КСРО тарап, Тәуелсіз ел болғанымызда кеңестік идеология құрсауын түбегейлі бұзып-жару үшін Елбасы өзгеріс қажет екенін пайымдады. Соның бірі – Арқаға көшкен Астана. «Алаш, алаш болғалы, Алаша хан болғалы» деген тіркеске енді астаналы ел болғалы деп қосуға әбден болатындай. Алла бізге осындай теңдессіз сыйды нәсіп етіп отыр. Алла берген Алаш ұлы қазір жігіт жасы – жиырмада. Ғұмыр жасы ұзақ болғай!

Жәнібек ӘЛИМАН.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар