Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Жанна Елеусіз - ақсүйек ақын...

08.09.2017 7665

Жанна Елеусіз - ақсүйек ақын

Жанна Елеусіз - ақсүйек ақын - adebiportal.kz

Ол маған өзімен өзі жарысып, өзімен өзі бәсекелесіп жүргендей көрінеді. Шын дарын өзімен жарысады. Нағыз ақын ғана өзімен бәсекелеседі. Ол маған әдеби ортаның «ойын ережесінен» жалығып, талантына тұсау, шабытына тежеу болған адамдардан шаршап, екіжүзді, жағымпаз, жасанды, аяр пенделерден қажып, өз әлемінде, жалғыздық мұңына қамалып өмір сүріп жатқандай көрінеді. Жо-жоқ, ол біздің әдеби ортаның «ойын ережесімен» ойнай алмайды. Оның өмір сүру туралы өз ережесі бар. Әдеби ортаның «ойын ережесін» әбден меңгерген пысықай, өлермен, орташа таланттар оның поэзия патшалығының есігінен де сығалай алмайды. Ол әлемді санасындағы уақыт пен кеңістікке сыйдырып, өзінің поэзия патшалығында «ұйықтап жатқан миларға» эксперимент жасап жатыр. Оның басындағы поэзияның алтын тәжін неге көргіміз келмейді?

Ол поэзиясын әлдекімдер секілді қолдан күрделендірмейді, оның болмысының өзі күрделі. Ол «мына әлем неге мені түсінбейді?» деп аласұрмайтын секілді, себебі, өзінің ерекше жаратылыс екенін біледі. Рас, ол - поэзиядағы құбылыс! Өзі «Мен Өлеңді аяймын. Сендер кімді?» дейді. Ол өлеңді саудаға салған «ақындармен» ешқашан ымыраға келе алмайды. Себебі, оның өзі поэзия! Ол – өлең! Поэзияны қызғыштай қорып, өзін ақын сезінетін, тобырлық санамен өлең жазатын өлермен дәлдүріштерді аяйды. Олардың шын ақынмен, шын талантпен салыстырғанда қоғамда танымал, беделді екенін Жанна, әрине, біледі. Жо-жоқ, ол өлермен дәлдүріштерді қызғанбайды, тек мүсіркейді.

Өлең!

Сен періште шығарсың,

қайырылып келіп тұратын...

өлмеуі үшін ішімде,

өкініші көп бір ақын...

Көрмеген ешкім өң-түсін,

Білмейтін ешкім қабірін...

Бармысың, әлде, жоқпысың,

Сенбісің сол бір Тәңірім?!

Артық та десін, кем десін,

мінезім, осы тұрысым...

тіріде өзім – пендесің...

өлгеннен кейін – Ұлысың...

Жанна өзінің қазақ поэзиясындағы орнын біледі. Тіпті өзінің құбылыс екенін біледі. Бірақ ол әлдекімдер секілді айқайламайды, жеке басының қамы үшін поэзияны «құрбандыққа шала алмайды». Оның үнсіз өз әлемінде өмір сүруінің өзі «қайткенде жанымды, жүрегімді таза сақтаймын» деген арпалыс болар? Жаннаға тобырдың қолшапалақтауы керек те емес. Ол мұны саналы түрде таңдады. Ол – өзінің ары мен ұятының тұтқыны.

Белгілі ақын Мейірхан Ақдәулет «Әдебиет» порталына берген сұхбатында Жанна туралы айтыпты. Журналистің «Ашығын айтайықшы, поэзияда ер азаматтар жасай алмаған сілкіністі жасаған ақын қыздың жырлары өз заманында неге елеусіз қалды?» деген сұрағына : «Мүмкін, дұрысы елеусіз қалу шығар? Өлең – өз жанының күбірі. Оны адам, адал адам біреуді таң қылайын деп жазбайтын болар. Анна Ахматова айтқан: «Менің жанымды талапайға салып, таратып әкелесіңдер ғой» деп. Оқырмандарына. Әлгінде айттым: өлеңнен "рекламный товар" жасаудың қажеті жоқ. Өлең мықты ма – әркім әкетсін. Жаттасын. Қажетіне жаратсын. Ал Жанна да – жеке құбылыс. Мен оны Астанаға, Фариза апама жалынып жүріп, әрең апарғанмын. Демек, өзі қаламайды жарнаманы. Демек, оныкі дұрыс шығар: жұрт алдына шығып өлең оқу да, біле білгенге... шешінумен бірдей, мына мүшемді көр деп. Пастернак айтады: «Быть знаменитым некрасиво...» Жалпы бізде бір мүгедектік бар: Пәленшені жақсы көрсең, соны насихаттайсың. Барлық басылымдарда, радиода солай. Қазір бұл тіпті күшейіп алды: ортадан төмен деңгейдегі ақындардан, көбіне әлгі айтқан «коллективтік томның» кандидаттарынан бәрі сұхбат алып, өлең оқытып... «жұлдыз» жасап жатады. Солардың редакцияларында әдебиеттің оң-солын айыра алатын ештеме қалмады-ау деймін... Жанна – Елеусіз ғой. Маған сол елеусіздігі ұнайды – кейін тарихта қалады» деп жауап беріпті.

Мейірхан Ақдәулеттің пікірінде жан бар. Бірақ бүгінгі оқырман шын поэзияны іздеп жүріп оқи ма? Позияны сақтағысы келетін, талантсыз, өлермендерден қорғағысы келетін интеллектуалды ақынның мақсатын түсіне ме? Бүгінгі оқырман телеарнада жиі жылтыңдап, сұхбат беріп, әлеуметтік желіге өлеңін жиі салып, кешін жиі өткізіп, журналистерге шай беріп, өзін мақтатып жазғызатын ақындарды мықты деп ойлайды. Телеарнада беті жылтырап, жиі көрінетін ортақол ақындарды көргенде есіме Жанна түседі. Кешін жылтыңдап, жиі өткізетін өлермен ақындарды көргенде Жаннадан ұялам. Қасында орта деңгейлі журналистерді «ұстап», жиі сұхбат беретін пысықай ақындарды көргенде «бұл ақындар бір сәт есіне Жаннаны ала ма екен?» деп ойлаймын. Әлеуметтік желіде «біздер, ақындар» деп, өзін ақын сезінетін, кеудесін ұрып жатқан адамдарды көргенде бәрінен шаршаған, бәрінен жалыққан Жаннаны біртүрлі аяймын... Себебі, ол поэзияның көз жасын көреді, өксіген үнін естиді.

«Керек емес ештеңе. Ешкім. Өлең,

Мен болайын әндерін естімеген.

Күле алмадым қосылып көп тобырға,

сорыма орай,

олардан естірек ем...» - дейді ақын бір өлеңінде.

Ол – қазақ поэзиясындағы ақсүйек. Қоғаммен ымыраға келе алмаған, келе алмайтын ақынның күрсінісін естиміз бе? Әдебиеттегі тобырмен ешқашан тіл табыса алмайтын ақынның жанын түсінеміз бе?

«Келмейді енді оралғым ортасына,

жүре берсін бөленіп торқасына.

Жалғыз дауыс шығады «қайдалаған»,

ол да күмән – шыны ма, жортасы ма?!» - дейді ақын тағы да сол өлеңінде.

Ол ортадан безініп, саналы түрде қашқан ақын әлеміне ешкімді кіргізгісі келмейді. Жаннаның жалғыздығы – өзін-өзі тапқысы келетін жалғыздық қана емес, ғаламдық сұрақтарға жауап іздеген, кемелдікке ұмтылған жалғыздық.

«Қоғамнан қоғамдастыққа ауысып, өткелден өткелекке ұрынып, шындықтан шытырманға көшіп, әрі-сәрі күндерге тап болған мына кезеңде, ештеңе бітіріп жарытпаса да, тас төбеңде шырылдап жүрер бір торғай керек. Сол торғайыңыз – өлең. Жаннаның өлеңдерінің болмысы да сондай. Бұйрық бола алмайды, бейқамдықтан сақтандырады; билік айта алмайды, бейкүнәлілікті аялайды; тақсыр бола алмайды, тақсіреттерді шимайлайды. Ащы айтып ашындырып алады да, іле-шала тұщы айтып тұшындырады», - дейді ақын Ертай Ашықбаев.

«Пенделерге бере көрші кешірім –

Ұлы аспан. Ұлы Тәңір. Ұлы әлем!

Ұмытылып жазатайым есімім,

Мені біреу «Ұлы» десе, жылар ем!..» - дейді ол.

Жанна да – ет пен сүйектен жаралған пенде, бірақ сіз бен бізге ұқсамайтын ерекше пенде. Бірақ оның сол «пендешілігінің» өзі көп ақыннан ерекше, көп ақыннан биік. Өз басым жалғыздықты, шығармашылық адамына тән жалғыздығын Жанна секілді аялайтын ақынды білмеймін.

Кейде онымен әңгімелесіп отырып, «Сіздің шығармашылығыңыз ешбір ақынға ұқсамайды, бетіңізге мақтайыншы, өзгеше ақынсыз. Бірақ Марина Цветаеваға қатысты естеліктер оқысам, болмаса, оның Мәскеудегі үйінде болсам, ойыма сіз ораласыз. Екеуіңіздің араңызда бір рухани ұқсастық бар секілді көрінеді», - деп айтқым келеді.

Ол Цветаеваны да мойындамауы мүмкін. Неге мойындауы керек? Оның шығармашылық адамына тән амбициясын, «Мендігін» қабылдаймын.

«Жалғыз өмір сүрем. Шекпен, шен берме!

Ел тіпті де еркелетпес «Ақын» деп...

Қаралы жұрт бұйырған күн көмгенде,

Қарай алсам болды өзіңе жақын кеп!» - деген ақынның атақ пен дақпырт туралы өз түсінігі бар.

Бодлерді өмірбойы бір сауал мазалады: «Оның құлағына өлеңді сыбырлайтын Құдай ма, әлде Ібіліс пе?». Осы сұраққа бас қатырып, жауап таба алмай, ақын жаны шарқ ұрды.

Меніңше, Жаннаның ақындығы - Тәңірден, оның құлағына Құдай сыбырлайды. Сондықтан Тәңірдің сыйын саудаға салуға оның ары мен ұяты жібермейді.

«...Ақындардың Елі емес бұл Өмір,

Айтпаңдаршы адам бол... деп Ақынға».

Себебі, ол «Өлең бұл - маған берілген Құдайдың жазасы» деп шарқ ұрып, өмір пен өлімнің арасынан үйлесімділік іздеп аласұрған ақындардың жанын түсінеді.

«Қазір әлемде поэзия сәнде емес» деген пікірді әдебиеттанушылар жиі айтады. Поэзия шығыс халқының табиғатына жақын, сол себепті, бізде ақын көп. Әлемде поэзия сәннен қалса да, біздің елде сәннен қалмасы анық. Қазаққа қандай әдебиет керек? Қандай проза керек? Қандай поэзия керек? Осы сұраққа жауап іздеп жатқан әдебиеттанушы, ақын-жазушы бар ма бізде осы?

Бағашар Тұрсынбайұлымен әңгімесінде Жанна Елеусіз: «Қазақ поэзиясы бағыт жағына келгенде аса тапқыр емес, сосын да ой да, сезім де қайталана беретін секілді көрінуі. Маған өткен ғасырдың басындағы орыс поэзиясындағы ағымдардың ішкі тартысы көбірек ұнайды, бізде жекелік те жоқ емес, бірақ бірдеңе жетіспейді... Не екенін білсем айтар едім... Маған суреттеу де, еліктіру де, құштарландыру да жақын емес поэзияда... Салқындық ұнайды, сірә» дейді.

Жаннаның поэзиядағы «салқындығы» – ақын болмысының табиғилығы мен шынайылығы, атақ үшін, құрмет пен танымалдылық үшін оқырманға жалтақтамау, өзіне есеп беру.

«Нағыз шығармашылық адамы әдебиетке саз топырақ қана ала келеді. (ол енді қай ғаламшардан, оны өзі ғана сезуі мүмкін). Ал соны илеп, соңындағылар құман не мүсін жасауы мүмкін, бәлкім, еліктеушілік осы деңгейде ғана өмір сүруге құқылы шығар, онда да олар сол жасаған дүниесінің өзегін тым құрыса өздері іштей мойындай алса...» дейді.

...бір Кітап – Өмірге қалдырам.

Бір кітап – жазылған Қаныммен.

Емес ол – том дүние, таңғы ұран.

Сырларым – бөлісер бәріңмен.

Әрібі – ауатек қамалдай,

көрінбес жазудай – жолдары.

Сол кітап жүз қайта жамалған –

жоғалып табылса болғаны...

Парағы – жүдеген жолшылар,

жұбанбай өтетін түсінде.

Аспан деген де – сол шығар?

Жұмағы, тозағы – ішінде.

Қол соғып қарсы алмай – сарайлар,

елеңдеткізбей-ақ әр үйді –

Ол –

өзін: – ақынмын!.. деп ойлар

біреудің көкірегін Қариды.

Өтірік сөздер арбаған –

Өртеніп тұр қанша Текшелер.

...мәңгілік қалам мен

әлгі адам

менен соң жыр жазып кетсе егер...

Егер нағыз ақыннан бір кітап қалу керек болса, сол кітапты Жанна жазды, жазып қойды. Өзі айтқандай, «қанымен жазды».

Жаннадан сұхбат алмақ болып, ұзақ іздедім. Жаннаны таниды, жерлесі ғой деген ақындардың өзі оның телефон нөмірін білмейді. Біз онымен бір қоғамда, бір кеңістікте өмір сүріп жатсақ та, жан дүниесін түсінбесек те, еш болмаса, телефон нөмірін білмейміз... Бір түрлі көкейімде өксік тұрды. Жаннаны емес, эстрада ақындары билеп-төстегісі келетін қазақ поэзиясын аядым...

Бір қызығы: эстрада ақындары өздерін қазақ қоғамына керек сезінсе, интеллектуалды ақындар қоғаммен үйлесім таппай, өздерін қоғамға керек сезінбей, қиналады. Поэзиясында мәңгілік сұрақтарға жауап іздеген Жанна Елеусіз керек! Қоғамды айтпағанда, кейбір ақындарды сана дағдарысынан құтқару үшін үшін керек!


Аягүл МАНТАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар