Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жақсылық Қазымұратұлы. Қаламгердің міндеті – үздік...

24.08.2022 3310

Жақсылық Қазымұратұлы. Қаламгердің міндеті – үздіксіз іздену 14+

Жақсылық Қазымұратұлы. Қаламгердің міндеті – үздіксіз іздену - adebiportal.kz

Алматыда Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында жас жазушылардың «Дауыс» атты антологиясы жарық көрді. Әдебиет айналасында жүрген жастар мен жасамыстар жиналған жиында бүгінгі қазақ асыл сөзінің қатпар-қыртысындағы өзекті мәселелердің маңызы ортаға салынды. Жинақ Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорының қаржыландыруымен шыққан екен. 

Атауы айтып тұрғандай, бұл – әдебиетте іргелі жолын салып, өзіндік дауысын жеткізем деген жас прозаиктердің бірегей жинағы. Бұнда қазіргі қазақ әдебиетінде танылып қалған, көзге анық көріне бастаған жастардың негізгі әңгімелері топтастырылыпты. Жинаққа классик жазушы Мұхтар Мағауин алғы сөз жазып, ақ тілегін жолдаған екен. Осыған орай, бүгінде әдебиет майданында жүрген ақын, прозаик Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫНАН антология жайында ой сұрған едік.

– Қазіргі жастар прозасын бақылап отырсаңыз керек. Бұл «Дауыс» қандай дауыс? Келешекке үні жете ме? Мұхтар Мағауин атамыз оң жол тілеген екен... 

– Антологияның бағасын биіктетіп, құнын арттырып тұрған бір себеп – Халық жазушысы Мұхтар Мағауин ақсақалдың жазған алғы сөзі, сәт сапар, ақ батасы. Оны-мұныға елп етпейтін, «қаламға және оның жазуына серт» байлап, ант ішкен, «ала қағазбен алысу» дейтін ақ жолынан еш айнымаған, ұлт әдебиеті мен тарихы үшін қисапсыз еңбек еткен классик қаламгердің немерелері құралыпты жас жазушыларға ақжарма тілегін білдіруі шынында да көңіл қуантарлық жаңалық! Сонымен қоса бұл алғы сөз әйдік жазушының тәуелсіздіктен кейін қолына қалам ұстаған өскін жазармандарға деген ақыл-кеңесі әрі иығына артқан жүгі, күткен үміті іспетті. Ақыл-кеңес дейтініміз, қаламгер мұнда жазушылықтың қыр-сыры туралы айта келіп: «...Тынымсыз оқу, үздіксіз ізденіс, ой-толғам, соған орай қажырлы, бір қалыпты еңбек» деп тұжырады. Анығында мұнысы атақты «Мен» ғұмырбаяндық хамсасының бірінші кітабы «Шытырман немесе жазушының жан азабы» роман-эссесіндегі шығармашылыққа қатысты айтылған жазушылықты қалыптап, нығайтуға аса қажетті соны, сүбелі ойларды қайтадан бір қағыстырып, маздатқаны тәрізді. Кейінгі жастардың санасына бекісін, зердесінде жүрсін деген ниетпен. Ал иығына артылған жүк дейтініміз, Мұхтар Мағауин қазақ әдебиетінің «тақау отыз жылдағы ең басты міндетін» атайды. Онысы «...Қазақ қаламгері үшін ең бастысы анда-мында танылу, бағалану емес, осы қазақ ортасының қажетін өтеу. Хақымыздың рухын көтеру, өткендегі даңқты тарихын әйгілеу, бүгінгі халқыңды, болашақ ұрпағыңды оң ұғым, жаңаша бағыт-бағдарда қалыптастыруға талпыну. Яғни қазақ, ең алдымен өзін тануы, әуелде патшалық отаршылдық, кейінде қызыл фашистік идеология бойға сіңірген кемшін санадан арылу қажет». Міне, бұл жас жазарманның қаламына жүктелген міндет. Жететін жолы күдір де алыс болғанымен темір қазық іспетті, жаңылдырмайтын нақты бағыт.

Енді «Дауысқа» келейік. Мұндағы он жазушы он түрлі дауыс. Біреуінікі асқақ, біреуінікі қарлығыңқы, енді біреуінікі құмығып құлаққа шалынуы мүмкін, бірақ түптің-түбінде өз дауысымды анық, қанық естіртсем деп әдебиетте жанкештілікпен еңбек етіп, ізденіп жүрген жастар. Көбісімен бұрыннан таныспын. Бақытбектің, Досханның, Есболдың, Арманның және Әлішердің антологияға кірген әңгімелерін бұған дейін оқығанмын. Әрқайсысының өзіндік даралығы, стильдік ерекшелігі, өзінше түйсініп, сезінуі бар. Осы шығармаларды ұзақ сапардың тәй-тәй басқан тұсаукесер қадамы десек, алғашқы аяқ алыстары қуантарлық. Оның бәрін ашалап айтып, қыртыс, қатпарына үңіліп, тереңдеп талдау бір сұхбаттың құшағына сия қоймасы анық. Алдағы уақытта мақала түрінде жазыла жатар.     

– Антологияға тоқсаныншы жылдардан кейін туған жастар ілігіпті. Жалпы «алпысыншы жылдықтар» деген әдебиетімізде әдемі кезең болды. Бұл да соның сабақтас жалғасы болуы мүмкін бе?

– Нақты болады не болмайды деп кесіп айту қиын, әсіресе әдебиетте. Әдебиет аламанында кімнің маңдайы жарқырап мәреге жететіні болашақтың еншісіндегі дүние. Әзірге қаламгердің нақты міндеті – тынымсыз оқу, үздіксіз іздену, шығармашылық тұрғыдан ұдайы жаңарып, түлеп отыру. Барынша сапалы, жақсы жазу.

– «Әттеген-ай, осы бір жас прозаик жинаққа кіруі керек еді, қалып қойды» деген ой тумай ма?

– Антологияға негізінен жазу машығы біршама орныққан, бұған дейін де әңгіме, романдары жарық көрген жас жазушылар топтастырылыпты. Барынша жастарды толық қамтуға, ешкімді қалыс қалдырмауға, саннан гөрі сапаға салмақ салуға тырысқаны анық білінеді. Дәл осындай жақсы үрдіс бұдан кейін де жалғасын табуы тиіс. Егер антологияның екінші, үшінші кітаптары алдағы уақытта құрастырылып жатса Ретбек Мағаз, Абай Қазыбекұлы, Нұрбек Нұржанұлы секілді едәуір ысылып қалған жазушылардың шығармашылығына орын тиеді деп үміттенемін. 

– «Әдебиет – ардың ісі» дейміз. Бұл бүгінгі нарық заманында қаншалықты мүмкін?

– Біз кейде әдебиеттің өсіп, өркендей алмауының басты кілтипаны есебінде заманды, қоғамды жазықты етіп көрсетеміз. Әрине, рухани құндылығы жетесіне жетіп тозған қоғам, нарық, күн көріс, жан бағыс – мұның бәрі шығармашылыққа кедергі, қолбайлау. Бірақ, анығында бұлар сыртқы қалып, көзге көрініп тұрған, шешімін табуға болатын кедергілер. Шынын айтқанда, анық қолбайлау қаламгердің өзінде, ішкі рухани болмысында жатыр. Қай кезде де шығармашылықтың жолы жеңіл болмаған, болмайды да. Аузымыздың дәмін алып айта беретін «алпысыншы жылдықтардың» да алдында даңғыл жол сарнап жатпағаны анық. Бәрі де «қиуадан шауып» жол салды. Ну жыныс арасынан қанжыға жол, қоян жымын тауып, соны маңдай тер, қалам ұшымен аршып соқпаққа, сүрлеуге айналдырды. Әдепкі еңбекті, қажыр қайратты, сарып етілген өлшеусіз күшті айтпағанның өзінде, аяққа тұсау, қолға байлау болған цензурадан сытылып шығудың өзі жүйкеге қаншалық күш түсіргені айдай анық. Мұны айтып отырған себебім, әдебиетті Ар санайтын, жан жүрегімен соны сезінетін, өзінің ендігі ғұмырында ала қағазбен алысуға шындап бекіген жанкешті қаламгер үшін, күнделікті ұсақ-түйек түйткілдер ұлы мұратқа кедергі болмауы керек. Барынша сапалы әрі тынымсыз еңбек етуге құлшыну тиіс. Қандай қоғамда да қаламгер үшін бұдан өзге жол жоқ.

– Қазіргі жастар адам жанына үңіле алады деген сөздер айтылып жүр. Батыс әдебиетінен үйренгендері де байқалады. Бұл дәстүрлі прозаны мүлде басқа бағытқа бұрып жібермей ме екен?

– Адам жанына тереңірек үңілу, оның қырық қыртысты болмысына бойлап, қатпар бұлыңындағы нәзік бұлқыныс, сілкініс, күрсіністерді ашып көрсету әу бастан әдебиеттің бір міндеті. Мұның қазақ әдебиетіндегі ең биік үлгілері Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Мағауин, Әбіш  Кекілбайұлы қатарлы қадау-қадау жазушылар. Ал жастар осы үдерісті ары қарай дамытып, шамалары келсе тіпті де жетілдіре түссе ұлт әдебиетінің керегесі кеңи түсері анық. 

Әлем әдебиетінің үздік үлгілерінен әркім өзінше өнеге үлгі алады. Бұл бұрыннан бар дағды. Керісінше, қазіргі жастардың оқып, үйренуі кенжелеп, шабандап қалған секілді. Баяғыдағы Әбіш Кекілбайұлы, Мұхтар Мағауиндерше түнді түнге жалғап жастанып кітап оқитындар некен-саяқ, тіпті жоқтың қасы.

Дәстүрлі проза еш уақытта жоғалмайды. Мүмкін болса түрленіп, дамып, өзгеше тұрпаттағы биік өреге көтеріледі. Мысалы, дәл осыдан 50 жыл ілгері 1972 жылдың күзінде жазушы Мұхтар Мағауиннің «Көкмұнар» романы жарық көрді. Бұл шығарманың құрылымы, сөз, сөйлем құрлысы, композициясы, жазылу мәнері тым өзгеше. Сондықтан да бастапқы кезде романға үрке қарағандар көп болды. Тіпті санаттан шығарып, мүлде қатарға қоспауға ұмтылғандар да табылды. Ал, қазір сол «Көкмұнарды» дәстүрлі прозаны басқа бағытқа бұрып жіберді деп айта аласыз ба, жоқ әрине. Себебі «Көкмұнар» қазақ кәсіби прозасын жаңаша дейгейге көтерді. Сөйлем құрлысы, ой ағысы, кейіпкерлердің диалогына дейін жаңаша қалыптады. Қазақ әдебиеті бұдан ұтылған жоқ, қайта сол тұстағы әлем әдебиетінің ең озық үлгісімен үзеңгі қағыстырды. «Көкмұнардың» жазылу мәнері өзіне дейін қазақ прозасында жоқ жаңа үлгі, өзгеше тұрпат болғанымен, өзегі, діңі қазақы болмысынан бір мысқал айныған жоқ. Сол кездегі кеудесі өр, рухы әлі басылмаған қазақ ғалымының ширығыңқы мінезін, қапырыңқы көңіл күйін дөп басып бере алды. Сонымен қатар астарлап, мәтінге, сюжетке жасырып жеткізген емеурінді ойлары тағы бар. Демек, жазушының ұлттық санасы кемел болса әдебиеттің ең озық үлгісін игере отырып, ұлттық болмысын биікке көтереді. Үйренген, игерген білімін ұлттық әдебиетті дамытуға жұмсайды.

– Қазіргі прозада психологизм мәселесі анық байқалатындай. Жаһандану тұрғысынан алғанда бұл уақыт пен кеңістікке байланысты ма?

– «Адам жанына үңілу» мен прозадағы психологизм дегеніміз негізінен бір ұғым сияқты. Меніңше, әдебиетке шындап ден қоя бастаған жастар «қазіргі прозада анау бар, мынау артық» деген секілді пікірлерден бойымызды сәл аулақ ұстауға тырыссақ. Себебі мұндай ұшқалақ, асырыңқы пікірлерді көбінесе ыстық-суығы басылмаған, бойын қызба желік буып алған, арғы-бергі әдебиет тарихынан хабары аз адам айтады. Ең кемі қазіргі қазақ прозасы қай тұрғыдан алып қарасаңыз да Мұхтар Әуезовтің биігіне әлі маңайлаған жоқ. Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбайұлы қалыптаған биікке де жете алмадық.

Анығында,  проза тұтас дүние, оның бойында тіл, сюжет, психологизм тағы басқа толып жатқан қасиеттер мен мұндалап айқын көрініп тұруы керек, біреуі кемшін болса бір қайнауы жетпей қалған дүмбілез, шикі дүниеге айналады. Кәсіби қаламгер осының біреуін кемітпей, енді біреуін асырып баттастырмай дәл бабында пайдалану қажет. Сонда ғана айыл-тұрманы жарасқан, жүген-ноқтасы әсем әрі толық жабдықталған тұлпардай көз тартып тұрады. Әрине, мұны айту оңай, кәдеге жарату үшін жанкешті, тынымсыз еңбек керек. Бәрі бір күнде болса салмайтыны тағы анық. Әсіресе проза машықпен, тәжірибемен, көп жылғы еңбекпен келетінін саналы жазарман жақсы біледі. 

Жаһандану үдерісі прозаның бағыт-бағдарын, стильдік ерекшелігін түбегейлі өзгертіп жібереді, дәстүрлі үлгіні тамырымен отап тастайды дегенге өз басым онша иланбаймын. Прозаның ендігі даму бағыты жас қаламгерлердің ізденіс, ұмтылысына қатысты. 

– Қазіргі адам қандай адам? Сіздіңше сол адамның табиғатын қазіргі жас қаламгерлер аша алуда ма?

– Қазіргі қазақ қоғамының бейнесін, адамдардың кейпін дәл мынадай деп кесіп-пішіп айту қиын. Маған кейде айналамды бұлыңғыр, буалдыр тұман тұмшалап тұрғандай, сол тұманға тек сұлбалар кіріп-шығып жүргендей әсер қалдырады. Ал кейде айналамнан қанық, қою түстерді де жиі байқаймын. Тіпті кейде тығырыққа тірелген, әбден титықтаған адамдардың арасында сүлдемді сүйретіп ілби басып кетіп бара жатқандай үмітсіз күй кешем. Мұның бәрі менің сезінгенім, түйсінгенім, қазіргі адам дәл осындай деген сөз емес. Кейбіреулер «Гогольдің кішкентай адамын» мысалға келтіреді. Жоқ, оған да келіңкіремейтін секілді. Әйтеу тым күрделі…

Жас қаламгерлер өздері өмір сүріп жатқан қоғамның, адамдардың шынайы болмысын ашып көрсетуге барынша құлшынып жатыр. Мысалы, Әлішер Рахаттың «Үздіксіз әуезін» айтыңыз. Бұл шығарма шынайылығымен, оқиғасының соншалық табиғи әрі нанымдылығымен ерекшеленіп тұр. Әлішер әрбір сюжетке аса мән беріп шығарманы соңына дейін пышыратып алмай жақсы алып шыққан. Әңгімені оқып біткен соң ауыр ойға көміліп, тұншығып қаласыз. Сіз сұрап отырған қазіргі адам, бәлкім, осы Риза шығар. Тіпті қазақ қоғамы осы Ризаның тағдырын кешіп жатқан болар?! Біз кейде өз болмысымызға тіке қараудан, оны жасқанбай айтудан именеміз. Әлішер бұл әңгімесінде біраз дүниенің құйқасын қопарған. Қазіргі қазақ қоғамының іріңдеп, сыздап тұрған қанды жарасына қандауыр салған.

Үзігін қарақұрт жеп әбден тозған, себезгі жауынға да, үп еткен желге де қамсау болудан қалған қараша үй секілді, рухы мүжіліп, жаны әбден тоз-тоз болған қазіргі қазақтың шынайы кейпі барынша ашылып жазылуы тиіс. Әлішердің әңгімесі сексеуілдің шоғындай жүрегіңізге ыршып түсіп талауратып күйдіретін соның бір ұшқыны.

– Әңгімеңізге рақмет!

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар