Ақтөбе өңірінде қазақ руханиятының дәстүрге айналған мерекесі – халықаралық «Әдебиет. Рух. Қоғам» әдеби байқауының салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, белгілі ақын-жазушылар мен мәдениет майталмандары қатысты. Жиынға Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, белгілі жазушы Мереке Құлкенов модераторлық етті.
Салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров байқаудың рухани маңызын ерекше атап өтті.
«Осынау әдеби байқаудың негізгі мақсаты – кешегі қабырғалы қаламгерлердің есімдерін ұлықтау және олардың жолын жалғап келе жатқан бүгінгі буынның шығармашылығын қолдау. Әдебиеттің әр жанрындағы үздіктерді анықтау биыл да оңай болмаған секілді. Байқауға ұсынылған шығармалардың деңгейі жоғары, бірінен бірі озып тұр. Бұл – қаламгерлеріміздің ізденісінің, қазақ әдебиетіне деген жауапкершілігінің белгісі. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Әдебиетті ешкім мақтаныш үшін жазбайды, ол мінезден туады, сөйтіп ұлтының қажетін өтейді». Осы орайда, қазақ әдебиетінің мәртебесін көтеріп жүрген барша ақын-жазушыларға ризашылығымды білдіремін. Қазақ әдебиетінің мерейі әрдайым биік болып, қаламгерлеріміздің қарымды туындылары халқымыздың игілігіне айнала берсін», - деп атап өтті өңір басшысы.
Биылғы додаға еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден барлығы 140-тан астам шығарма қабылданды. Байқау нәтижесінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері атындағы 11 номинация бойынша үздік қаламгерлер марапатталды.

Сағи Жиенбаев атындағы номинация Индира Керееваға, Төлеген Айбергенов атындағы номинация Аманжол Исламғалиға, Тахауи Ахтанов атындағы номинация Гүлжайнар Қалдина, Үмбетбай Уайдин атындағы номинация Нұрлыбек Қалауовқа, Ізтай Мәмбетов атындағы марапат Ернұр Сейдахметке бұйырды. Түркия елінің жас ақыны Фатих Султан Йылмаз Қуандық Шаңғытбаев атындағы номинацияның жеңімпазы атанды. Бұл – қазақ әдебиетінің халықаралық ықпалының кеңейіп, мәдени байланыстардың нығая түскенінің айқын дәлелі. Тағы бірнеше жеңімпаз түрлі номинациялар бойынша марапатталды.
Әр жеңімпазға 1 млн теңге көлемінде сыйақы табысталды. Сонымен бірге, қазылар алқасының жоғары бағасын алған туындылары үшін облыс әкімінің ұсынысымен төрт қаламгерге 500 мың теңгелік арнаулы жүлде берілді.
Фотосуреттер Қазақстан жазушылар одағы сайтынан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.