Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
«Жақынсырап-ақ жүргендер, болады кейде тасбауыр......

12.10.2017 9313

«Жақынсырап-ақ жүргендер, болады кейде тасбауыр...»

«Жақынсырап-ақ жүргендер, болады кейде тасбауыр...» - adebiportal.kz

(Атырауда өткен Меңдекеш Сатыбалдиевтың 80 жылдық мерейтойы хақында бірер сөз)

1.Меңдекеш Төлегеннің көшірмесі емес...

Әкем маған бала кезімде үнемі Меңдекеш аға туралы естеліктер айтып отыратын. Жақсылығы мен жан тазалығы өн бойында есіп тұратын дейтін. Өзегі өрт өлеңге толып, тым ерте көз жұмған ақсұңқар ақынды ақырғы сапарға аттандыру кезінде болған жағдайларды тебірене әңгімелегені бар-ды. Меңдекешті ақырғы сапарға аттандырар жаназасына әзірлік кезінде ыдыс-аяқ, орындықтарды Әбіш Кекілбаевтың үйінен әкелу керек болды. Екі ара үш-төрт аялдама, біраз жер, машинамен тасуға ақын інісі Дүйсенбек Қанатбаев қарсы болды. Көшеде жаяу-жалпылап жүргеніміз ұят емес пе десті біреулер. Оған да орынды тоқтау айтты. Қарымызға қаралы белгі тағамыз да, қолдасып әкелеміз.Мекеңнің інісінің көптігін адам түгіл, Алланың өзі көрсін деді. Ақыры жүзге таяу жас қаламгерлер шеруі қажет нәрсенің бәрін еш қиындықсыз жеткізді. Біздің әрқайсымыз орындық емес, ақынның өзін арқалап келе жатқандай сезіндік деген еді.

Осыдан бір жыл бұрын белгілі қаламгер Рахымжан Отарбаев ағамыз бір сұхбатында: Өзі аспанда екі жұлдыз қатар жанса, бірінің жарығын бірі басып кетеді. Өлеңде де осы қағида өміршең. Мәселен, Төлеген Айбергенов өзімен қатар шыққан талантты ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтің жарығын басып кетті» деп айтты. Меңдекештің творчествосын білмейтіндер дұрыс екен десті. Рахымжан ағам қателеседі.

Меңдекештің бағасын кезінде Ғафу Қайырбеков ағасы беріп кеткен былай деп: «Меңдекештің шыға шабуында, әрине, Төлегеннің алғашқы да, ағалық шылбыры болуы ықтимал. Ол-тек ашылғалы тұрған бұлақ көзін аршушы күш. Меңдекештің ерекшелігі неде деген сұраққа бірінші жауап-оның ақындық шешендігі, өлеңінің желді, арқалы, айтқыштығы. Неде болса жүрегіңді қатты соқтырып, құмарыңды қандыруы. Бізге мұндай ақынның керектігі мен бөлектігін айтып жатудың қажеті жоқ» десе, Әбіш Кекілбаев былай деп жазды: «Бұрын көкірегінде симай жүрген мөлдір қайнардың көзін Алматыдан келген сұрапыл ақын Төлеген Айбергенов ашып бергендей болды. Оның тебіренген теңіздей жойқын буырқанысы, ыңыранып алыстан жеткен сарындай сағынышты сазы, соған лайық мың оралып, мың бүктеліп жататын білем-білем ырғақтары мен арқардың мүйізіндей мың бұралған бунақ-бунақ күрделі ұйқастары атыраулық жас ақынға көптен ауаланып жүрген таңсық кеңістігіне жол сілтегендей болды. “Көбіміз кейде көтере алмаған өлеңнің жүгін үстеген; сең күркірегенде найзағайлардан да үстем-ең! Тебіренген сені көргендей болам мен әлі, теңізді көрсем деңгейден төмен түспеген. Атырау жаққа омырауыңды ашып келмесең, маған да арман бітер ме еді – арындылығыңды көрмесем?! Қайқы қылыштай қайқиып шыға келдің-ау, мінажат қылып Махамбет жатқан жерге сен!” — деп толғанды кейін бұл жайында Меңдекеш». Ғафу Қайырбеков те айтқыш, кісі танығыш. Әбіш ағам да айтқыш, дана. Бұл күнде Рахымжан ағам да күшті.

Меңдекештің ақындық бақыты сол, тірісінде танылды, мойындалды. Ол Төлеген Айбергеновтың көлеңкесінде қалған жоқ, Төлеген Меңдекештің жарығын өшірмеді, керісінше биіктетті.

2. Құлсарыдағы Сатыбалдиевтың балалары

Меңдекештің «Ақ моншақ», «Шулайды толқын», «Күн шуағы», «Қызғыш құс», «Қоңыр қозы», «Жартастағы жазулар», «Мөлдір аспан» сияқты поэзиялық, прозалық кітаптары әлі күнге дейін оқырманын қызықтыратын дүниелер.

Өмірден мықтап

қайтса деп жүрмін бір есем,

Мен соны қалқам қалқам

Тілеймін күнде

Тіле сен...

Арман не шіркін!

Ақкиізтоғайға алшыдан түскен асықтай

Тезірек табан тіресем.

Туған ауыл, ақындардың ауылы атанған Ақкиізтоғайына деген құрметі мен сағыныш-көңілі де аласармайтын , суымайтын ақ арманына айналды.

«Атамекен , өзіңнен алған деммен,

Алыстарға ұзауды арман көргем.

Кім білген асау өлең, дүлдүл өлең,

Аударып кетеріңді қай күні ерден»-деп биік арманға қол созған Меңдекештің туған жерге деген перзенттік сағынышы әрдайым қаламынан сәулелі жыр болып төгілді.

Жыр тұлпарында мығым отырған, шабытқа толы шағында сұм ажал ақсұңқар ақынды 36 жасында қыршынынан қиып кетті. Одан бері қаншама жыл өтті. Алатаудағы Көктөбенің баурайында бір төбе боп жатқан ақынға ауыл-аудан азаматтарының бүгінгі құрметі қандай?! Акынның 80 жылдық мерейтойға Жылой аудандық Білім басқармасы, Меңдекеш мектебінің ұжымы мен оқушылар қауымы тыңғылықты дайындалыпты. Меңдекеш оқуларын өткізіп, ақын шығармашылығын тануға бет алғаны қуантады. Мектептегі акын мұражайы бұл күні есігін айқара ашты. Бұл мектепте 1000-нан аса бала оқиды. Демек, Меңдекеш Сатыбалдиевтың осынша баласы Құлсарыда оқып білім алып жатыр деген сөз. Маған ен ұнағаны, Мендекеш мектебінің окушылары жасаған қолөнер көрмесі болды. Бала қиялы қандай ұшқыр! Бір оқушы Мендекештің " Туған жер" өлеңінін сюжетін бисермен өрнектесе, бір оқушы М. Сатыбалдиевтың " Қоңыр қозы" повесінің бір көрінісін ақ киіз бетіне түсірген екен. Ал Құлсары қаласының төрт бұрышына Меңдекеш Сатыбалдиевтың өлеңі жазылған билбордтар көрік беріп тұр. Аудандық «Кең Жылой» газетінің бас редакторы, ақын Сәулеш Шәтенова газет бетінде Меңдекештің әдеби мұрасын насихаттай отырып, ақын туралы естеліктердің әдемі күнтізбесін жасағандай әсер қалдырды.

3. Махамбет мінездес ақын

Меңдекеш ауырып жатқан шағында атақты дәрігер Естөре Оразақовқа «Аға, мен жиырмасыншы ғасырдың Махамбеті едім ғой! Қиналып барам, атым ел аузында қалар ма екен» деп мұң шаққан екен. Сонда Естөре Оразақов : «Меңдекеш, сенің атың , болашақ ұрпақтың аузында жүретін болады, сенің ақындығыңның қуат-күші кемімейді» деген екен.Меңдекештің Махамбетті жие еске алуы да тегін емес. Махамбет – ақын. Махамбет – жыр. Ақынның өз бейнесі – жырында. Өзі өлеңіне, өлеңі өзіне ұқсаған ақындар бақытты. Ақын болып жаратылу бақыт та, сор да. Ақын бақытты. Артында асыл сөзі қалса. Ақын сорлы. Өлеңнің киесінен қорықпаса. Ол үшін ақынға түйсік пен батырлық көп керек шығар. Батырлық білекке емес, жүрекке бітеді. Ақын – жүрегі аузын ашып жырласа, сол жүректігінен шығар. Жүрегін мұң мен ыза, өрт – өлең пен өрлік билеген Махамбет бабамыз:

«Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,

Қанатың қатты мойның бос.

Исатайдан айрылып

Жалғыздықпен болдым дос», – деп қамыға, күрсіне жырлайды. «Қызғыш құс» – Махамбеттің ішкі айқайы.

Ақын да, батыр да пенде. Ет пен сүйектен жаралған. Исатайдай асыл досынан айрылып, ақынның рухани жалғыз кең даланы басына көтеріп, көл қорыған қызғыш құстай күй кешуі. Бұл қызғыш құспен қоштасып, бір сапарға аттануға бел байлағаны сияқты. Махамбет өзінің ішкі жан толқындарын өлеңіне қосқанда, қара аспандай мұнарланады, найзағайдай шатырлайды:

«Исатайдың барында

Қара қазан, сары бала

Қамы үшін қылыш сермедік.

Шабытымыз келгенде

Ерегіскен дұшпанды

Шетінен сүйреп жеп едік»

Махамбет поэзиясында Махамбеттің өз образы және Исатай образы қатар өрілген, Расында, Махамбетше жазу мүмкін бе? Мүмкін емес. Әр ақын өзінше жазады. Махамбеттік мінез, Махамбеттік екпін, Махамбеттік сарын Меңдекеш Сатыбалдиев жырларында бар. Олай болуы заңды шығар.

Ұлы ақын туған топырақта дүниеге келген Меңдекеш бала жастан Махамбеттің өр рухты жырларымен сусындап өскен.

Ақын туралы Әбіш Кекілбаев «Жайсаң» атты мақаласында былай деп жазады: «Көзін ашпай жатып жетім қалып, кісі қолында, тағдыр талқысын көрудей–ақ көріп өсіпті. Бұғанасы қатпай жатып, ауыр жұмыстар істеп, қар төсеніп, мұз жастанып, ауыр дертке ұшырапты. Талай рет оташының қолына түсіп, қабырғасын сөктіріп, бір жақ бұғанасынан түгел айрылып, өкпесін кестіріп, үштен бірі арқылы тіршілік кешті. Одан басқа адамның қарадай опырылып, опат табатын–ақ қасіреттері. Меңдекештің тұла бойы тұнған молшылық еді. Осыншама жоқшылықтың ортасында, осынша бейнет арқалап өсіп, мұншама дархандықты қайдан тауып жүр?! Алқалы жиын көрсе, арқаланып, үлкен–кішінің бабын тауып, сүйкімді мінезімен, тапқыр әзілімен бәрінің жанын балбыратып, қай отырыстың да қошын келтіретін жібек мінез, желең көңіл жайдары жан еді. Есіңді кетірердей ерекше үйірімді еді. Бірақ ешкімге қылдай қиянаты жоқ, айтып жеткізе алмастай адал еді. Сөзінен, көзінен, өзінен әлде бір теңдесі жоқ оптимизмнің, өмір сүйгіштіктің лебі есіп тұратын. Ол сөйтіп, ел мүсіркейтін халден ел таңғалатын күйге бір–ақ жетті. Өмірде де, өлеңді де өжеттігінен танбады.»

«Қабырғасын қаусатып,

Бір–біріндеп сөксе де.

Қабағын шықпас ер керек

Біздің бүйткен бұл іске».

немесе:

«Арғымақтың баласы,

Арығанын білдірмес» – деген Махамбетке тән мәрттік мінез Меңдекештің өз бойынан да, өлеңнен де көрінеді дейтініміз сондықтан. Әйгілі ақынның «Қызғыш құс» өлеңін бойтұмардай қастерлеп, кітабына таңдап алуы да тегіннен тегін емес. Меңдекештің «Қызғыш құс» атты таңдамалы өлеңдер жинағы өзі өмірден өткен соң жарық көрді. «Махамбетке» деген өлеңінде Меңдекеш ақтарылып бар сырын айтып кеткендей:

«Ақиқатпен – қылышпен жеңем дедің,

Зұлымдықты айдаһар ініндегі.

Қайран қалам ғұлама – кемеңгерім

Жүз жылдан соң оятты үнің мені.

Сен айдаһар жұтуды ойлағанда,

Бұл қазақты қызғыштай қорғадың – ау.

Найзағайлар төбеңде ойнағанда

Жайратқышың, дариға, болмадым – ау...»

Бұдан соң ақпа – төкпе ақын шабыты арнасынан асып, қара дауылын азанда қазан сапырып «Махамбеттің монологы» болып бұрқырады:

«Қара аспандай мынау қаһарлы басыммен,

Қопармаспын ба, Қап тауының тасын мен?!

Құл бола алман көндігіп,

Қорғасын–қайғы қалжыратқанда,

Құзғындар көзі қанды баққанда

Қабыландай салам мен бүлік...»

Махамбеттің дәл осылай сөйлегені, ханнан қаймығып, биден бүгіліп көрмегені, тағдырының қатал заңымен қасарысып, қас жауының алдында сөзімен де, ісімен тайсалмай кеткені тарихтан аян.

Ақынның Махамбетке арнаған өлеңдері бір шоғыр. «Меңдекеш өзінің қажыр–қайратқа толы омыраулы ойларын өз аузынан айтуға әлі де болса жүрексінеді. Оларды дулығалы Махамбет ақынның дуалы ауызымен айтқысы келеді. Ауыздығымен алысқан тұлпардай тарпаң жыр жолдарын Меңдекеш атақты атасының аузына салып, ол өлеңді «Махамбеттің монологы» деп атаған. Батыр бабамыздың «Ереуіл атқа ер салмай» атты жойқын жырындағы «е» әрпінен ерліктің ебгей желі қалай соқса, өнер мұрагерінің «Махамбеттің монологы» атты өлеңіндегі үздіксіз қайталанатын «қ» әрпінен қайсарлықтың қара желі соғып тұрғандай», – деп Қадыр Мырза Әли әділін айтқан.

Қазіргі қазақ поэзиясына алпысыншы жылдардың бел ортасында келіп, жалында жырларымен халық ықыласына бөленген Меңдекеш Сатыбалдиев бар–жоғы отыз алты жыл–ақ ғұмыр кешті. «Азырақ болып ортаңда, көңіліңде жүрсем көбірек» деп өзі айтқандай, оның әдеби шығармашылығы бүгінгі күннен биік әстетикалық талғамы мен талабына жауап беретін, идеялық – көркемдік жағынан аса құнды еңбектер екені дау тудырмаса керек.

«...Қаңқ етіп қанша артында қазы қалған,

Жалт етіп қанша артында жазы қалған.

Жатыр міне, батырдың бас сүйегі

Қабірден күні кеше қазып алған.

Өлеңмен отырды ма өсіңкіреп,

Ұлымен сүйіскендей төсін тіреп.

«Қапыда кеттім!» – депті–ау қайран батыр

Шапқанда басын қылыш бесінші рет

Сонда да бассыз дене күйремепті,

Құзғындай жау үстіне үймелепті.

Өз қанына шомылып бара жатып

Ақын жауын есікке сүйреп өтті.

Сонда да батыр қанша өкінді екен,

Ажалмен неге ойнауға бекінді екен?

Махамбеттің басы да біле білсек

Дүние–ай, жалаң қылыш секілді екен!» – деп жырлады өзегі толы өрт өлең – ақын. Енді бірде ақ алмастай суырылып, иманды әрі қаһарлы Исатай болып, «Исатайдың соттағы сөзі» болып үн қатты:

«Сары мұрт жендет!

Аш арыстанға адырайма, ақырма!

Төбеңнен сенің шатырлап түсіп

Қазақтай қағам тақырға.

Менің басыма алтын тігіп еді–ау

Албасты міскін Жәңгірхан

Мен сендердің бастарыңа

байламаспын қара бақыр да.

Қаралаңдар!

Ақталу үшін қойындарыңа қыз салмаймын.

Басыма балта төндірсеңдер де

Шіміркенбейді маңдайым.

Мен – даланың көсерек, көкжал бөрісімін

білсеңдер –

қандарыңда ішпей қанбаймын».

Бұл өлеңдегі ақын тілінің тегеуіріні, уытты салмағы Махамбет жырына қосқан, өмірде бізге көрмеген ер Исатай бейнесімен жарасып кеткен.

Меңдекеш ақын қайтыс болғаннан кейін оның жыр дәптерінен табылған өлеңдердің ішіндегі «Құпиялар» атты өлең ақынның бір мінезін ашатындай.

«Мен жоғалсам, жоғалармын.

Арасында жатпаспын қоғалардың.

Бір қадалып қас дұшпан кеудесіне

Махамбет жебесіндей –

Мен жоғалсам, жоғалармын...»

Бұл – ақынның «мен ел көзінен жоғалармын, бірақ елеусіз, ескерусіз қалмаспын» деп өлеңдегі өз болашағын меңзегені сияқты. Ақын түйсігі қателеспепті. Артында қалған қабырғалы елі – қазағы Меңдекешті, оның өрелі жырын ұмытқан жоқ. Бұл – бір. Бүгінде Атырау қаласындағы үлкен көше Меңдекеш Сатыбалдиев есімімен аталады. Құлсарыдағы 2000 мың орындық мектеп Меңдекеш ақын атында. Бұл – екі.

Ойландыратыны, неге ақын «Бір қадалып қас дұшпан кеудесіне» дейді.

Жаны жайсаң, ақынның қас дұшпаны болуы мүмкін бе? Мүмкін екен. Шын ақынды танымаған, бағаламаған, сөзінің қадіріне жетпеген Адам – мәңгүрт. Ендеше, ежелден мәңгүртке ақын атаулының жаны қас қой...

«Мен ешкімге қайрамадым тісімді,

түңілген жоқ –

көрген жандар түсімді.

Қастасуға құрбан етпек жайым жоқ

Достасуға сарп ететін күшімді.

***

...Мен даңққа жақындаман бір табан,

Қорқам оның боранынан бұрқаған.

Даусы біткен даңқты әнші болғаннан

Әнім артық еш даңқсыз шырқаған», – деп өлеңінде өзінің жайсаң, ақжарма мінезін ашқан Меңдекеш ақын қазақ өлеңінің болашағына алаңдағандай екен. Құдай Қазақты мәңгүрттіктен сақтасын... Мәңгүрттіктің алғашқы сатысы -сөз түсінбеу, сөз ұқпау, сөз тыңдамау...

4. Меңдекеш айтыскер болған ба?!

Меңдекештің табан астында өлеңдететіп жіберетін әдеті болған.1963 жылы облыс әдебиетшілері арнаулы вагонмен Алматыға қаламгерлер жиынына аттанады. Поезда сапарлас жолаушылардың азығын шығарып, ортаға қоятын әдеті бар ғой. Ақындар етті, қымызды, шұбатты дастарханға қойып, қуат шақыра бастаған екен. Сонда ақын Мақсот Неталиев: “Мен ештеңе алып шыққан жоқпын. Пісірілген 2 жұмыртқам бар еді. Оны Фариза мен Бақытқа бердім» - дейді. Басқалар Мақсоттың сөзіне мән бермейді. Ал Меңдекешке қызық болып көрінеді де,табан астында былайша өлеңдеткен екен:

“Қой, мына ақын деген халықты қой,

Мақсотың жұмыртқасыз қалыпты ғой.

Қос қызға қос жұмыртқа сыйлап беріп

Ат болып журіп жатыр жарықтық-ой!”

деп, елді қыран-топан күлкіге батырады. Меңдекештің өлеңді табан астында шығаратын қасиетін еске алған болар, Құлсарыда өткен ақын тойында аймақтық ақындар айтысы ұйымдастырылыпты.Меңдекеш тойында ақындар мүшәйрасы өтсе әрине бұл өте тағылымды шара болған болар еді.Айтыскерлеріміз Меңдекешті жырлаудың орнына өздерін өлеңдетіп кетіп жатты. Ел арасындағы проблемаларды айтқандай болып, «Қойшығұл ағам маған бас жүлде аласың деген» деп сөз бастаған ақтаулық айтыскер бас жүлделі боп, 300000 теңгені қалтасына басып кетті. Айтыстың жүргізушісі әрі ұйымдастырушы да, шешімді шығарушы да Қазақстан Жазушылар одағының Атырау филиалының директоры , ақын Қойшығұл Жылқышиев ағамыздың өзі болды. Кілең жюри мүшелері сол кісінің аузына қарап отырдық. Сол сәтте менің көзіме аяулы аға Меңдекештің жыры босағадан аттай алмай, жасып жылап тұрғандай боп көрініп кетті.Ішімнен қасқа поэзияны аядым...Түрік халқында «Дұшпандар бір біріне жыр оқымайды» деген мақал бар.

Ойсыз жыр жазбайтын Меңдекеш былайша тебіренеді:

«Өрден ойға балақ түріп ,

Өзен неге тасиды екен?

Ойдан өрге қарап тұрып

Адам неге жасиды екен?

Өзендердің таситыны-

Өрлігі ішке сыймайды екен.

Адамдардың жаситыны-

Арман түбі көрінерде

Бірін-бірі қимайды екен.»

Бұл - Меңдекеш. Бұл - поэзия. Бұл - философия. Осы өлеңді айтысқа салсақ, не болар еді?!

«Көктемде өзендер де тасиды ғой,

Адамдар да кей кезде жасиды ғой.

Жемқорларды шетінен ұстай қалса

Амалсыздан желкесін қасиды ғой.

Дәй-дәй.»

Бұл-айтыс. Бұл-қазіргі айтыс. Қай сөз құндырақ? Өлең бе, әлде айтыс па? Абай атамыз : «бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін ,деп жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді кей қазақ »дейді .Кейде мен «айтыс ,айтыс» деп жүріп ,кітапты, поэзияны ұмытып кетеміз бе деп қорқам. Айтысқа қаражат бөлу мен қолдау жоғары денгейде. Егер Абай мен Махамбеттің кітабы шығып, елге бағасы 3000 теңге деп сатар болса, ой не деген қымбат дер ме еді ?! Ал айтыста бас жүлдеге үш миллион не үш жүз мың тігілсе, ойбай аз боп қалды –ау қымсынатын денгейге жеткендейміз. Құлсарыда өткен Меңдекеш ақынның тойына қатысқан әкім-қаралар, бастық-бағыландардың қарасы өте аз болды. Айтып-айтпай не керек, жетім қыздың тойындай боп ақын тойы өтті. Меңдекеш жыры жүрегімде сөйлеп тұрды:

Сақалды бұлдау бір жөн де,

Сәлемді сату басқа бір.

Жақынсырап-ақ жүргендер

Болады кейде тасбауыр.

Сондай көңілсіздік жанымды жаулады. «Қуырдақтың көкесі» соңында, мен Астанаға аттанар кезде болды. «Келу-кету жол шығыныңды өзіміз көтереміз» деген Қазақстан Жазушылар одағының Атырау филиалының директоры , ақын Қойшығұл Жылқышиев ағамыз бір жақтың ғана ұшақ билетінің жарты ақшасын берді. Себебі, менің сыншыл мінезім ұнамай қалыпты.

Соңғы уақытта Атырауда тумаса да, туғандай боп, Махамбет драма театрында 70-80 жылдық мерейтойларын өткізіп жатқан қаламгерлер қарасы көп. «Қарт Атырау! Күйремесін нар тұлғаң» деп талқаны таусылғанша Атырау-Жайығын жырлап өткен Меңдекеш Сатыбалдиевтың Атырау төрінде бір жыр кеші өтпегені көңілге кірбің ұялатады. Бірақ абзал ақын бәрімізді өзінің жырымен жұбатады, бағы да ,азабы да туған халқымен бірге екеніне қуанады .Солай да болар, сөз соңын ақынның өз сөзімен аяқтағанды жөн көрем:

Сенімен бірге азабым, бірге бағым,

Жатсын тек жүрегіңде гүрлеп ағын.

Құласаң-нардан құла , өкінбеске

Бірақ та ардан құлап жүрме, жаным...

Маржан ЕРШУ,

ақын, филология ғылымдарының кандидаты


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар