Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

09.02.2025 1178

Мұқағали... 14+

Мұқағали... - adebiportal.kz

«Өлтіре алмағандардың бәрі бізді тек күшті ете түседі»                                                                                                                                                            (Ф.Ницше)

Мұқағали Мақатаев өлеңдері көп жазылған тақырыптың бірі ғой. Солай десек те ақынның жұрт жақсы көріп жатқа айтатын кей ғазалдарына қайыра ой жүгіртіп, жекелей пайым жасауды жөн деп санадым. Ақынның барлық  өлеңдерінің түп-төркініне тоқталмасам да соның ең негізгі дегендерінен ой маздатып, мақаламды барынша шашауын шығармай, сығымдап жазбаққа ниеттеніп отырмын.

XX ғасыр басындағы саяси  бұлғақ кесірінен жер үстінен біржола жойылып кете жаздаған халықтың бірі еврей қауымы ғой. Халықпен бірге оның тілі де адам айтса нанғысыз қызыл қырғынға ұшырады. Осы қым-қуыт мезетте жанұшырған еврей тілі синагога ғимараттарын барып паналады. 

1948 жылы дербес мемлекеттігін тіктеген бұл қауым  байырғы баба тілін сол шіркеу арқылы қайыра  қаз-қалпына келтірді деген де жанама мәліметтер бар.  Міне, бұл біздің де басымызды шарпыған кеп қой. Бұл қамырық мысалды алдағы өрбітпек әңгімеміздің  негізі атмосферасы  үшін де әдейі тиянақ етіп алып отырмыз.

…Тіліміз тасқа.  Әрине, Құдай бұл нәубаттың бетін аулақ қылсын дейік. Бірер сәт былай деп елестетіп көрейікші. 

Кенет Нұх пайғамбар заманы секілді жер үстін топан су басып, сол топаннан бірер қазақ баласы ғана аман-сау қалды дейік. Енді сол халықтың бұрынғы болмысы мен төл танымын, адамдарының өзара қарым-қатынасын қайыра қалпына келтіру күн тәртібіне қойылды дейік. 

Мен еш ойланбастан аталған сол қабиланы қайтадан жер бетіне қайтарудың  ең негізгі  әдіснамасы (методологиясы) ретінде Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін пайдалануға  әбден  болады дер едім  (Мейлі, ақын  беріде XX ғасырдың орта шенінде өмір сүрді десек те). 

Себебі Мұқағали поэзиясында бүкіл қазақтың болмысы дамылдап тұр. Бұл жағынан ақынның эпигоны (еліктеушілері) көп болғанымен ешқашан да экземпляры (сыңары мен теңдесі) болған емес.

Бұл ешқандай да езуге күлкі үйіретін ұшқары пікір емес. Ойымды суық ақылыма он мәрте тоғытып, еш эмоциясыз жан жүрегіммен айтып отырмын.  Мысалы, Мұқағали арқылы  тым ілкідегі  әке мен баланың,  қайны мен жеңгенің өзара қарым-қатынасындағы  бастапқы  түпнұсқаны қаз-қалпына келтіруге болады. 

«СУ СҰРАСАҢ СҮТ БЕРГЕН, АЙРАН БЕРГЕН, ҚАРТАЙЫП ҚАЛЫПСЫҢ ҒОЙ, ҚАЙРАН ЖЕҢГЕМ...».  Міне, бұл жеңгенің бастапқы төл болмысы.  Негізі,  сұрағанымыз су ғана еді-тұғын.  Ол неге су орнына сүт пен айран берді?!  Мәселе су да емес, бастапқы төл  болмыстағы түйіршік пен ақпарда болып тұр ғой (Мұның енді басқалай болуы да мүмкін емес ). Мінекей, осы бір жол өлең арқылы тұтас ұлттың қарым-қатынасындағы негізгі дәстүрдің өшкен ізі мен сорабын  осылайша  қайта тірілтуге болады. 

Ұлттың ұяты мен өз антропологиясы да Мұқағали өлеңдерінде  тұр. Әсіресе, қазақ қызының ибасы мен түр-тұлғасы дер едік. 

 «... ҚОЛАҢ ҚАРА ШАШЫҢ-АЙ КҮН ҚАҚТАҒАН, ҚОС БҰРЫМЫҢ ЖОТАҢДА БҰЛҒАҚТАҒАН...». Ақын «Қолаң қара шашың-ай...» деп өкініш білдіргеніне қарағанда өлеңнің арғы жағы қамырыққа толы. 

Мұқағали манағы сөз басында сілтеме жасаған Нұх пайғамбар  секілді топан суды көрмесе де одан  бір мысқал да кемдігі жоқ, тұтас ұлттың құндылығы мен жауһарын  шайып әкеткен  қызыл идеологияны көрді. Соның бірі ұлттың бет-бейнесі мен шын әлпеті еді. Желке тұсы күзеліп, көз алдында бырт- бырт қиылған сол бұрымға  қан жүрегімен жасаған  қарсылығы мынау еді. 

«КЕЛШІ, ҚАРҒАМ, ШАШЫҢНАН ИІСКЕЙІН...». Бұл әлгі әдемі қыздардың  ағалар мен «ақсақалдар» бопсасына  шағымданған  харассмент ұғымына тіпті де қатысы жоқ.  Қандай әдемі эстетика десеңізші. Ақын осы арада ақыл соғудан аулақ. Ішкі тілегі мен запыран шерін тек «...шашыңнан иіскейін» емеурінімен ғана түсіндіреді. 

Бұл Мұқағалидың көз алдында күлі көкке ұшқан ұлт құндылығымен қоса, ажары өзгеріп сала берген аруларға айтқан арзуы-тұғын. Ару мен бірге ардың да ішкі қиналысы бар. Осыны оқығанда үстіңе кірпі аунағандай біртүрлі тітіркеніп кетесің.

Қазақтың ілкідегі  ішкі тәубасы мен иманы, шын мұсылманшылығының үлгісі де Мұқағали өлеңінде тұр. 

«...Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,
Аттап өттім олардың қия белін.
Енді, міне, қауқарсыз құр ашуды.
Жия бергім келеді, жия бергім...».

Ақын осы жерде не де болса  өзі туралы айтып отыр дейсіз ғой. Мен бұл пікірге мүлде келіспеген болар едім. Кешегі кішіпейіл, бидай өңді,  ұяң ұлт неге ғана қауқарсыз құр ашуға ұшырады.  Жалпы дәрменсіз халықтың  құр ашудан басқа қолынан келер қай шарасы болушы еді. Тозақ  пен азап та соның бір басында ғана емес пе?  Еркіндігі  жоқ елде жақсылық пен ұяңдықтың қатар жымдасып  өмір сүре алмасы белгілі.  Ақынның «...Аттап өттім олардың қия белін» дегені бәрінен де  айырылдым дегені емес пе?  Бұл Мұқағали арқылы  көрініс берген ұлт  мінезінің шын суреті-тұғын. Ал тәубасы мен ұжданы түптеп келгенде бәрібір кісілікті сүйеді.

«СӘБИ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ, СӘБИ БОЛҒЫМ...» деп бей санадағы тазалыққа ұмсынады.  Мінекей, аталған  халықтың  Ақиқатқа қарым-қатынасы мен кісілік келбетін қайыра қалпына келтіргіміз келсе, осы пайымның діңіне ат байлауымызға болады. 

Қысқасы, қазақтың  қара өлеңдегі қайғысы мен қуанышы, исі мен әуезі кім десеңіз ол  - Мұқағали. Әгәрәки, ұлттың осы күнге дейін  көрген құқайы мен кеткен есесіне бір жиынтық атау беру керек болса, ол атаудың аты сөзсіз, Мұқағали болатын еді.  Ол ұлттың өлең кейпінде сөйлеген өзі десек те болатындай. 

 

               Өмірді сүю…

Өмірді сүю қазақ мәдениетінің ең негізгі тағаны мен күретамыры. «Жалғанның жарығына жетер дүние жоқ» пайымы  сол күретамырда аққан қызыл қанның негізгі мұраты.  Рас, жарық күн шұғыласы мен ананың мейіріміне жетер мына дүниеде мұғжиза бар ма екен, сірә. Осы ұғым Мұқағали танымында бүй деп үн қатады. 

Meн сені сүйгем
Жаныммен сүйгем,
Жарық Күн!
Жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың.

Ақ сәулең сенің аймалап мені,
Жарық Күн,
Тұрған да болар үстінде мынау табыттың.
...Қомағай көңіл құмартып өткен әрнеге.
Тірлікте сонау түскемін талай әуреге.
Кешкен өмір де,
Көрген бақыт та, барлығы,
Жетпейді екен ғой,
Бір күндік сенің сәулеңе.
Бір күндік сәуле...
Бір күндік жарық мекенім!
Мәңгілік түнек - қапасқа қалай кетемін.
Келмейді-ау тілім...
Өлгеннен сұра дер едім,
Тірі жандарға,
Өмір дегеннің не екенін.
Өмір дегенге,
Тірлікте, сірә, жетер ме ой.
Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.
Бекер ғой бәрі,
Бекер ғой бәрі – бөтен ғой,
Өмір дегенің – бір күндік Сәуле екен ғой!..
 

Өмір сүю  – Мұқағали өлеңінің ең  негізгі тағаны. Ақын өлеңдері мен мәтіндерінің  түп энергиясы да осы. Оның аурухана төсегіндегі өліммен арпалысын сезінуге темірдей жүйке керек. Мұқағалидың өмір сүйгіштігі өзімен  бірге кетті.  Сол ықыласы мен ынтызарлығы о дүниеден де талықсып  үн қататындай. Таң қалмасқа шарамыз жоқ. Төбедегі  мына өлеңді «өлгендердің» тірілерге  жолдаған  үшбу тілегі демей көріңізші енді? 

«..Келмейді-ау тілім...
Өлгеннен сұра дер едім,
Тірі жандарға,
Өмір дегеннің не екенін...». 

 Ақын екі дүниенің де елшісі ғой. Содан шығар, бахи дүние де ақының өз мекені секілді. Кейде қан жүректі қозғаған жоғары туынды өзінің  ақы иесін тылсымдық шекке өткізеді. Нағыз  кемеңгер жандарға  қос дүниенің шекарасы мен еш  құпиясы болмайтыны да сол.  

Шын өлең әулиелік діңнің негізгі бұтағы болса, сыр мен тылсым өнердің ішкі уілі мен қозғаушы күші. Мұнсыз поэзия болмайды. Сондағы өлгендердің тірілерге «тілі келіп» айта алмай отырған ақиқаты мынау ғана. 

«...Кешкен өмір де,
Көрген бақыт та, барлығы,
Жетпейді екен ғой,
Бір күндік сенің сәулеңе».

Мұқағалидың көлемді бұл ғазалы Моцарттың музыкасына жазылған. Моцарттың осы  он екі бөлімнен тұратын «Жан азасы» (Табыт үні) реквиемін мұхият тыңдасаңыз, жаңа тартылған кілегейдей қою мұң да, қимастық пен үміт те бар. Мұқағали мұны тап басып тани алған.  

«Табыт үні» деп тақырып қойылғаннан-ақ бұл туындының  о дүние қақпасынан  бұ дүниге жолданған бейнебір сәлемдеме дерсіз.   Ақын өлілердің осыбір тылсым үнін тірілер тіліне келтіріп ұлы тәпсір жасаған. Сонда ол  үшбу сәлемдемеде не айтылған дейсіз ғой? 

«Дөңгелек дүниеде бір күндік сәулеге жетер еш бақыт жоқ. Ей тірілер соның бағасын біліңдер» деп жазылған.  Егер де Моцарт пен Мұқағалидың  мына дүниеге кері қайтар  құдіреті болса, жоғарыдағы бір-ақ шумақ өлеңді осы ғұмырдың абсолютті анықтамасы деп айтарына   менің зәредей де шүбәм  болмас еді.                                           


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар