Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Жасөспірімдер не оқып жүр?...

31.05.2023 1833

Жасөспірімдер не оқып жүр? 14+

Жасөспірімдер не оқып жүр? - adebiportal.kz

Қазіргінің жазушысы не жазып жүр? Оқырман не оқуға құлшынады? 

Жуырда пәндік олимпиадаға қатысқан оқушылардың шығармаларын тексердім. Отыздай шығарманы оқып болған соң жастардың әдебиетпен ауырмайтынын сезіндім. Қазіргі түлектер мектеп бағдарламасындағы классиктерден бөтен әдебиет іздеп оқымайды екен. Олар мейнстримдік бағыттағы дүниелерді ғана қызығады. «Кайдзен», «Вавилондағы ең бай адам», «Таң шапағаты», «Гарри Поттер», «Екінші болма», «Өз өміріңді сауықтыр» сынды кітаптарды атапты. Ізденісі енді басталып жатқан баланың оқығаны осы. Әдебиетті таңдап келген балалардың ізденісі әлі басталмағандай көрінді. Мейнстримдік дүниелер автордан күтпеген шешім күтеді. Айды аспаннан алып бер дегендей. Аяқ астынан түк бітірмей байып кету. Негізі мейнстрим қазіргі заманның қаһармандарында кездесетін мінезді ашуға тырысатын бағыт. Мейнстрим авторы тек жазушы емес, мықты психолог әрі айтарлықтай ойшылдығы да болуы тиіс. Тағы бір ерекшелігі мейнстрим бір жанрда жазылмайды. Ол көбіне екі-үш жанрды үйлестіріп әкетеді. Не тарихи роман, не махаббат дастаны секілді, не басынан кешкен ауыр тағдырды сипаттайды. Жалпы драмалық кейіпкер бұл мейнстримдік туындының белгісін көрсетеді. Мейнстрим бір кітаппен шектеліп жатады. Одан бірнеше серия туындатып әуре болмайды. Оны не жақсы, не жаман деп қана бағалайды. Жалпы мейнстрим америкалық жазушы Уильям Дин Хоуэллстың арқасында пайда болған термин. Ол «The Atlantic Monthly» журналында жұмыс істеп жүріп, ылғи адамгершілікке сүйенетін, пәлсапалық түйткілдерді талқылайтын дүниелерге басымдық берген екен. Хоуэллстың арқасында реалистік әдебиет сәнге айналады. Бір кездері тек сондай бағыттағы туындыларды мейнстрим деп атап келген. Қазір мейнстрим тез танымал болатын әдебиетке қарата айтылады.   

Мектеп бағдарламасында әдебиет қалай оқытылып жатыр? Қызымның мектептегі ортасы кітап оқып жарысады, олар оқыған кітаптар арасында Агата Кристи, Джек Лондон, Джейн Остин, Шыңғыс Айтматов, Антуан де сент Экзюпери сияқты авторлар бар еді. Қазір Достоевскийді бастады. Балаңыздың не оқып жүргеніне мән бересіз бе? Набоковтың «Лолитасын» қолға алғанда, «әлі ертерек, мұны 18 жастан кейін оқы» деп тоқтау салдым.  «Лолита» жасөспірімдік психологияға кері әсер ете ме деген күдік болды. Ал, сіз жасөспірімдерге оқуға қандай кітапқа кеңес бересіз?   

Жасөспірімдерге нені оқы деуге болады? Классиканы аздап болса да оқып келеді. Бүгінгі жазушылардан кімді ұсынсақ? Қазір фантастиканы жазатын қазақ жазушысы бар ма? Соңғы жылдары Нұржан Қуантайұлының фантастика әлеміне барлау жасап жүргенін байқадық. Зира Наурызбаева мен Лиля Калаустың «Бату мен достары» деген ертегісі мультфильмге сұранып тұрған туынды. Жалпы қазақтың фольклорына құрылған дүниелерге сұраныс бар. Бұл сұраныс заман талабына сай үдей бермек. Біздің аңыз-әпсаналарға, ертегілерге құрылған заманауи сюжеттерге бай болатын фэнтези туындылар аса қажет. Қазір «Хәрридің» заманы оңынан туып тұр. Іздеп жүріп оқып жатыр. Көңіл қуантады. Шетелдік ертегілер аударылып жатыр. Қазір ресейлік ағайынды Стругацких жазатын фантастика өте танымал. Олардың шығармашылық деңгейі өсті. Юморға құралатын әңгімелері жастар арасында сән. Олар түрлі тақырыпты талқылап өтеді, шығармашалықтың психологиясы, бейғылыми тұжырымдамаларды тарату, ғылыми еркіндіктің қажеттілігі, тұтынушылық, бюрократизм. Осы тақырыптың бәрі жастар арасында өте өзекті болғандықтан, бұл ағайындылардың оқырманы көп. Бізде детектив жанры кенжелеп қалғандай көрінеді. В.Пелевин сияқты полицейлер өмірін сериялап жазатын дүниелердің де өзіндік орны бар. Есесіне Бақытгүл Сәрмекова, Лира Қоныстың шығармаларын жастар сүйіп оқиды. Қыздардың ізденісі бар. Мистика бетбұрыс жасаған Тоқтарәлі Таңжарықтың хикаяты бар. Осындай қорқынышты шығармалардың өзіндік аудиториясы болады. Оларды жасөспірімдер жақсы көреді. Қазір жасөспірімдер негізінен не оқиды? Олар комикс пен манга оқиды. Көбіне орысша, ағылшынша оқиды. Осы ниша қазақ тілінде бос тұр. Комикс пен манганы авангардтық әдебиетке жатқызсақ әбден болар. Олардың тиражы аз, тек сұранысқа сай шығады. Баланың көкжиегін кеңейтетін күтпеген шешімдер мен интеллектуалдық ақпаратты қажетсінеді. Есесіне ең көп жазылатын жанр тарихи романдар. Жастар көп оқи бермейді. Олардың жасында махаббат пен лирика, достық пен өзін тану маңыздырақ. Тарих пен патриотизм қызықтырмайды. Авантюралық сюжеттері көп дүниелерге құмартады. Жапондық мангалар бұл тарапта зор сұранысқа ие. Сол мангалардың негізіндегі мультфильмдер көп қаралады. 

Қазір сұранысқа ие жанрдың бірі нон-фикшн десек қателеспеспіз. Нон-фикшн деген не? Бейәдеби кітаптар. Түрлі оқулық, өмірбаяндық кітаптар, энциклопедиялар, мемуарлар, бау-бақша, көлік таңдау, ас пісіру, дизайнерлікті үйрету және тағысын тағы. Мәселен, «Жазушы болуды үйренгің келе ме?» деген кітаптар. Мұндай кітаптарға сұраныс аз болғанмен, олардың өзіндік аудиториясы бар. 

Қазір жасөспірімдер классикалық әдебиеттен гөрі психологиялық бестселлерді көбірек оқиды. Олардың заманға сай дамуына көмегі бар кітаптар маңызды. Дейл Карнегидің «Дос табудың жолдары» секілді дүниелерді қажетсінеді. Немесе өз кумирына қатысты өмірбаяндық кітаптарды іздеп жүріп оқиды. Мысалы, «Майкл Джордан» кітабы көп сатылған кітаптар қатарында екен. Жетістікке жету үшін өз бағытын іздейді. Ізденісі бар тұлғаларды танығысы келеді. Осы бағыттағы кітаптар аударылса, жазылса, нұр үстіне нұр. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар