Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Жат өлкенің жылғасында (ІІ бөлім)...

06.08.2024 486

Жат өлкенің жылғасында (ІІ бөлім) 14+

Жат өлкенің жылғасында (ІІ бөлім) - adebiportal.kz

Мәулекештер, жалпы әскери тұтқындар – Еуропа топырағын көздері көрмей, үйде естіген әңгімелердің әсерімен басқан буын. Бала кезде көре қалған «болыскей (польский) керует», «борансоз (француз) жастық» ... Есейгенде естіген Құтыбар батыр айтыпты дейтін «Ат алсаң Арабстаннан ал, қыз алсаң Үндістаннан ал, зат алсаң Қызылбастан ал, ақыл алсаң Франкстаннан ал» деп келетін нақыл. Одан соң, Абай таңдаған Еуропа мәдениетінің рух сыны. 

Бұдан кейінгі, қазақтан оқшау еуропаласқан алашшылдар. Сол әсермен бұлар ілгеріде-ақ Батысқа оң иығын беріп тұрған. Ал әлгі Франкстанды (Батысты), бүгінгі тілмен қоқырайтқанда өз заманының глобальдық державасы – Фатерландты, Еуропадағы ең жауынгер, ең сарамжал, ең жаһаткер халық дойчты көзбен көріп, қолмен ұстау сана төңкерісін жасады. Олар, сауатты, көзі қарақты Мәулекештер, әлбетте, Батыс пен Шығыстың арасындағы Жаратушы ажыратқан өркениеттік бояулы айырмашылықтарды көріп байқастады, үйренетін де, жиренетін де әсерлері бар екенін аңғарды. Десе де, оларды бір мәселе – «Асып туған ақ адамдар жасаған мәдениеттің артықшылығы неде?» деген сұрақ үнемі мазалағаны зайыр ақиқат. Құдайшылығын айтайық, бүгінгі біз де осы сұрақты өзімізге сан мәрте қойып жүрміз ғой. Еуроамерикан өркениеті жылына жүздеген психологиялық фильм тудырып жатады, адам жанының нәзік қатпарларына бойлайтын жүздеген кітап шығарады – осының өзі-ақ бұл өркениет біз ойлағаннан әлдеқайда бай, алуан түрлі екендігін көрсетпей ме?! Бүгінде Батыста бұл бағытта терең зерттеулер жүргізіліп жатыр, осы орайда демографиялық және интеллектуалдық дамудағы ұрпақтардың бір-бірінің орнын басу индексін – халықтың ұдайы өсуіндегі зияткерлік коэффициенттердің бруттосы мен неттосын анықтау бойынша да ізденіс аз емес, а бірақ мәселенің мәселесі – терең тамырлы, бой салып өскен, ұланғасырға жалғасқан Батыс мәдениетінің генезисі қайда дегенде, ол Еуропа құрлығы әу баста мұхиттық рахат патшалығы болып жаралуында ма дейміз. Фрейдшілесек, асып туған ақ адам әлгі рахат сезім-күйді анасының құрсағында бінә боп, шілде суында тербеліп жатқан кезде-ақ бастан кешетін сияқты ғой. Қалай жақсы айттым, а?! Енді ше, «Стейнвей» роялінің сапасын ондағы шектерге барып ұратын балғашықтардағы фетр матаны жасайтын қой жүнін сол қой отары жайылған жайлаудағы шөптің сапасынан шығаратын ұңғыт сарамжалдықты басқалай қалай түсіндіруге болады?! Жоғарыда өзіміз келтірген, Мәулекештен ИФЛИ-дің әдебиет факультетінде қатар оқыған Мұса Жәлел Германияда жүргенінде «Сүйімбике» операсына либретто жазбақшы боп тарихи материалдар іздеуі бұл елдің баурау қуатының күштілігі емес пе? Соның ішінде, еуропалықтардың қай-қайсысы болсын «еуропалық ұлы мәдениет» деген кезде дереу құлақ қағып, бір сапқа саусылдап тізіле қалатын аса қымбат рухани мінезімен де ерекше. Сол мінез «Тұтас Еуропа» идеологеммасын өмірге әкелген және оған мұрындық болған – гитлерлік Германия. Еуропаның жартысынан көбін жаулап алып отырғандағы мақсаты да сол – роман-герман жұртын бір нырыққа келтіріп, сол арқылы мультиполярлық әлемге «жаңа тәртіп» енгізу. Кеңестік езгідегі аз халықтарды да осы одаққа кіруге, жаңа Еуропаға дос-жар пейілді еуразиялық ел болып тұруға шақырады. «Қазақтықты сақтап қалу, Еуропа, ол арқылы адамзат түсіп жатқан бас жарма жолға – өркениетті әлемге қосылу сатқындық емес» деген нарратив. Қарашы, изоляцияда қалғандықтарыңыздан дүниежүзі сендерге наданға қарағандай қарайды, дейді. Пушкиннің «Угораздило родиться в России умом и талантом» деген сөзін мысалға алады.

Мынадан кейін Мәулекеш ойланады. Жан-жағын берік қымтап алған кеңестік тоталитарлық жүйе ішіндегі халқының адам аярлық халін ойша саралайды. Әдебиеттің де өспей, 30-жылдардағы деңгейінде қалып қойғанын санаға алады. Өздерін де бас жібімен қазыққа тұқыртып, ананы айт, мынаны айтпа деп қанаттарын жаздырмай келгенін... Бұрынғы ортасын олқысына бастайды, ал мына көргені, көріп-сезінгені уақыт өткен сайын аңсата, тамсанта түседі. Мына жақта екінші тынысым ашылып, шын шеберлік тұсауым алынатын шығар деп үміттенеді.

Не керек, еуропалық «жұмсақ күш» – асқан күшті мәдениеті, еуропалық қоғамдастықтың жаңадан бөртіп келе жатқан, азды өсіріп, көпті көбейтетін мультикультуризмі, ашықтығы, инклюзивтілігі ақыры дегеніне жетті. Ай, несін айтасың, әсерленгіш, әсершіл бейнетрансформациямыз күшті халықпыз ғой. Аз күн ішінде шетелде болғаннан өзгеріңкіреп жал алып қайтамыз. Ал шетте тұрақты тұрып және дүниені қарыштап жүрген қазаққа не дауа?!

Ақыры Мәулекеш, аз біліп, көпке ғашық болып жүретін білімпаз Мәулекеш, өзі мойындағанына ғана тоқтайтын талапшыл Мәулекеш соңғы тағдыр жолын таңдады. Қайтып бұрылмастай болып таңдады…

Анаконда тұзағы

Әдетте Мәулекештің Берлиндегі III D лагері, Вустраудағы насихатшылар мектебі, «Винетадағы» пропаганда бюросында болғаны хронологиялық тізбекпен келіп, Түркістан Ұлттық Комитетінің мерзімді баспасөзіндегі қызметіне ұштасады. Оның тағдыр жолы жайлы барлық жарияланымдар осы тізбекті ұстанады. Бірақ жоғарыда келтіргеніміздей, ТҰҚ-қа дейінгі өмір кезеңіне қатысты деректер жартымсыз болғандықтан, дәл осы тұстағы ортасы, араласқан адамдары, саяси-публицистикалық қарекеті күңгірт қалып келеді (қайта оған жаһаттас Харес Қанатбайға қатысты дерек қоры әлдеқайда молырақ).

Осы орайда кеңестік чекизм әзірлеген апологет жазушылардың бірі Павел Горбуновтың «Президенты без государств» дейтін, совет тұсында қайта-қайта басылым көрген кітабы еске түседі. Жанры – шытырман оқиғалы роман. Мұстафа Шоқайдың Берлиндегі саяси қаракетін, осы жолдағы тартыстарын, араласқан ортасын хикаялайды. Бір көріністе, әскери тұтқындар лагерлерін аралаған сапарынан сырқаттанып қайтқан Мұстафа беті енді қайтып бері бұрылмайтынын сезіп, Берлин ауруханасында «Архивімді кімге тастасам екен – Кариске ме, Кайгинге ме?» деп ойланып жатады. Кешінде нотариус бекіткен өсиетін әйелі Мария Яковлевна келіп, өзі тоқтаған қонақ үйге алып кетеді.

Түркістан көсемінің қайтыс болғанын да Вали Каюмға түнде Шоқайдың жақын қызметкері Кайгин хабарлайды. Каюмнің кабинетіне Түркістан комитетінің шенді қызметкері Қанатбаев Карис пен «Туркоштелле» жетекшісі Ольцше жиналып, енді не істейміз деген мәселені талқылайды. Автордың жазуынша, бұрынғы журналист, майданда командир болып жүргенде тұтқынға түскен Кайгин Легионовада ол жерге Шоқаевтың алғаш келуіне бір күн қалғанда пайда болған. «Кайгин өзін ұстамды ұстады, ол Шоқаев өзін ұлындай жақсы көретінін айтып мақтанды, Шоқаев жайында кітап жазбақшы болып жүргенін хабарлады» делінген одан әрі.

Сонан соң оқиға баяғы Мұстафа архивінің жайына ойысады. Архив жесірінің қолында. Ольцше мен Каюм соны қолға түсірмек боп тырмысып жүреді. 1944 жылғы қарашада лейтенант Кайгин «мұраны» – Шоқаевтың кітапханасынан алу үшін Парижге жүрмек болады. Ол әңгімені Кайгиннен Ольцшенің жансызы, шын мәнінде кеңес агенті Ахмет Орозов естиді. Алдымен Каюм, сосын Ольцше арнайы келгенде жесір оларға архивті бермей жібергендіктен, енді Ольше Орозов арқылы Кайгинді айналдырады. Шоқаев архивінен өзін қызықтырған нәрсе – Англия мен КСРО-ға түсірілген агенттердің тізімі, Кайгин сол үшін архивті жесірден Ольцшеге алып беруі керек. Ольцше мен Кайгин Парижге келеді. Кайгин Мария Яковлевнаны қауіпсіз Берлинге көшуге үгіттейді. Жесір оған болмай қояды және марқұм күйеуі архиві мен кітапханасын Кайгин мен Қанатбаевқа беруді уәсиет етіп кеткенін мәлімдейді. Бірақ, уәсиет қағаз бойынша, Кайгин оларды Мария Яковлевна көз жұмғаннан кейін ғана алуға құқылы. Соңыра жесір жұмбақ жағдайда ғайып болады. Майер-Мадер оны Париждің өзен порты жанындағы бір шағындау үйден тауып алады. Жесірге көп ақша, бриллиант ұсынады. Оларды көріп ауаланған әйел архив Париж түбіндегі жер үйдің ауласында тығулы жатқанын айтады. Майер-Мадерді архивтің Шоқаев жасап кеткен тізіміндемесінде көрсетілген, оның Англиямен байланысына қатысты № 3-жәшік және әсіресе Шоқаев агентурасының мәліметтері бар № 5-жәшік қызықтырады. Жәшіктерді аулада көмілген жерінен қазып алған соң Мадердің ертіп келген жендеті жесірді пышақ салып өлтіреді. Романның соңында Мадердің соғыс соңында бомба астындағы қаладағы вилласынан Шоқаев архиві салынған шабаданмен қашып бара жатқаны суреттеледі. Роман осымен аяқталады. Оқиға немен тынғаны белгісіз, соңы ашық структурамен тасталған.

Романның тарихи шындықпен жанаспайтын, тіпті оны белден басатын тұстары аз емес. Шоқай 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлиндегі «Виктория» ауруханасында қайтыс болды. Бұл құжатпен бекітілген факт, «Шихитилік» зиратындағы құлыптасында да солай деп жазылған. Бұл кезде, Горбунов жазатындай «Түркістан комитеті» әлі құрылмаған еді, сәйкесінше Қанатбаевтың онда лауазым иесі болуы мүмкін емес. Сол сияқты Ольцше де «Туркоштелле» ұйымына жетекші бола алмайды, себебі тропикалық медицина дәрігері Ольцше РСХА жүйесіне 1943 жылы келген, ал «Түркоштеллені» 1944 жылы құрған. Екіншіден, Мұстафа госпитальда жатқанда Мария Горина Берлинде болмаған, Парижден күйеуі өлгесін, жерлеуге келген, ендеше Шоқайдың уәсиетнама қағазын алып кетуі, кейін Майер-Мадердің қолынан қазалануы шындыққа сәйкеспейді. Мария Яковлевна көп кейін Парижде қайтыс болды. Осы және өзге де эпизодтар, біріншіден, романды шытырман оқиғалы нон- фикшнге айналдыру әрекетінен туған, екіншіден, сол арқылы автор кеңестік чекизм сызып жіберген жоба бойынша «атын атасаң тек жамандау» керек принципімен көп нәрсені ойынан пішкен.

Дегенмен, осы жерде бірқатар жәйттің бүгінгі бізге мәлім болмау ықтималдығын да ескеру жөн. Прокурор Павел Горбунов, КГБ офицері Серік Шәкібаев қалай болғанда да кітаптарын мәліметі мол, түйсігі зор тасшайнар чекистер кейін легион, комитеттерде болған, не солардан есте қалған әскери тұтқындардан және өздері легион, комитеттер ішінде сыналап енгізген жансыз-агенттер арқылы жинаған байтақ мәліметтер негізінде жазған. Бірқатар деректер кезінде КСРО-ға әкетілген және орталықта, республикалар архивтерінде сақтауда ұсталған Вермахт анықтама қызметінің (ВАС) мәліметтеріне негізделуі мүмкін. Сондықтан бұл кітаптарда айтылғандар қанша дәлелі кем, пікірі даулы болғанмен, олардың арғы түбінде белгілі бір шындық ұшқындары жатуы мүмкін. С. Шәкібаев Шоқайды Сувалкиде Харес Қанатбаевпен кездестіреді. Бірақ Мәулекешпен кездескені айтылмайды, дегенмен Мәулекештің Берлинге 26-27 қарашада әкелінгенін ескерсек, оның арадағы бір айда Горбунов жазғандай Легионоваға Мұстафадан бір күн бұрын келіп Шоқаймен кездесуі, оған бірдеме-бірдемесімен ұнап, жақсы шәкірт атануы теориялық тұрғыдан ықтимал нәрсе ғой. Харес екеуіне архив-кітапханасын аманаттауы да қисынға келеді. Майер-Мадердің Шоқай архивін алып қашуына келсек, шынында да сол күндері (1943 жылы) Мадер жұмбақ жағдайда қайтыс болған ғой. Не үшін, кім өлтіргені сол күйі ашусыз қалды. Бірқатар зерттеушілер бұл қағазға герман командованиесінің, соның ішінде Ольцше, Гелендердің қатысы болуы мүмкін дегенді ымдайды. Ольцшенің кейін кеңес тұтқынында бағалы тұтқынға айналуы, Гелен қолындағы агентура мәліметтерін (КСРО-ға түсірілген агенттер) американдарға саудалап аман қалғаны, АҚШ көмегімен Батыс Германия прокси барлау қызметін ұйымдастыруы ой саларлық. Шоқай архиві кейін Мәулекештің де түбіне жетуі, яғни ол осынау «үлкен ойынға» 1941 жылы-ақ араласуы, соның ішінде Мәулекеш Мұстафаны алғаш Иран жерінде ұшыратып, екеуі құпия таныс-біліс болуы мүмкін бе? Исламды барша мұсылманның, түркілердің рухани бірлік көзі деп қараған және дінге саяси түркішілдіктен де жоғары маңыз берген Шоқай КСРО-ны іштен іріту әрекетін өзінің ТҰҚ ұйымы арқылы Ирандағы антикеңестік иммигрант ұйымдар көмегімен де жүргізгенін ұмытпайық. Әйтеуір Горбунов шығармасындағы кейбір эпизод ойландырмай қоймайды...

Шоқай бастап құрған «Түркістан Милли Бірлігі» ұйымы, толық аты – Milli Türkistan Birlik Komitesi 1930-жылдар соңында Стамбулда пайда болған, соңыра Германияға көшкен (немісше – Nationalturkestani – sehes Einheitskomitee) ТҰҚ – осы «Милли бірлігінің» мирасқоры саналады. Ресми тарих бойынша, коллаборанистік ТҰҚ-тың құрылу мерзімі оны Үшінші Рейх басшылығы ресми мойындаған 1942 жылғы 14 қарашамен белгіленгенімен, шын мәнінде бастап құрылуы сол жылдың жазына келеді. Комитеттің ресми баспасөз тілі «Милли Түркістан» газетінің алғашқы нөмірі тамызда шыққан, ал 1941 жылғы күзден Шоқай бастаған ТҰҚ өкілдері арнаулы комиссия құрамында лагерлерді аралаған кезде комитетке кадр тауып, даярлау жұмысымен айналысады. Осы оймен Шоқай Розенберг министрлігінің көмегімен, Вустрау лагерінде ауфанслагер, форлагер және штамплагер дейтін үш сатылы курс ашады. Комиссия құрамында жұмыс істеген актив осы Вустраудағы және Оствицтегі «Вальдлагерь СС 20»-да сабақ береді де, оқуды аяқтағасын Харес Қанатбай сықылды аузы епті, аяғы желді, білімді жігіттер «Фрайлагерде» топтастырылып, сол жерден ТҰҚ-та басшылық қызметтерге жіберілген. Біздіңше, Мәулекеш те осы қатарда болған, бірақ ол Шоқай қайтыс болған соң басшылыққа жақындатылмай, лагерлерде іріктеліп алынған 9 адамның құрамында газет-журнал жағына ауыстырылған болуы. Кейін, «Милли Түркістан» журналының бас редакторы болғасын комитет ағзасына енуі мүмкін. Ал бастабында журналдың тізгінін Уәли Каюм өз қолында ұстаған. Бірақ бүкіл қара жұмысын Мәулекеш атқарған сияқты. «Үлкен Түркістанның күйреуінен» бір эпизод.

Фон Мендеден өзінің ТҰҚ президенті болып тағайындалғанын естіген Каюм мейманхананың бір бөлмесінде журнал шығарушы қызметкерлеріне келеді. Олар Каюмды жапатармағай құттықтап болғасын Кайгин тұрып:

– Енді комитетке жұмыс істейтін үй берер, мүмкін, – дейді.

« – Береді, береді. Мен аман болсам бәрі де болады, – деп көтеріле түсті Каюм. Иә, журнал дайын болды ма?

– Материал жетпей жатыр, – деді Кайгин.

– Жетпесе енді жетеді».

Бұдан көрінеді, ТҰҚ-та жұмыс істеуге Легионовадан Баймырза Хаит, Мәжит Айтбаев, Хакім Тыныбеков, Саттар Алманбетов және Вустраудан Харес Қанатбай келгенге дейін Мәулекеш жетекшілік еткен топ, шамамен 1942-нің жазында «Милли Түркістан» журналын шығаруды бастап кеткені. Данияр Исанов дейтін қырғыз зерттеушісі «Тагдыр туткундары» атты мақаласында жазғандай, «Мили Туркестан журналын казак улутуындагы Асан Кайгин деген акын көзөмөлдеген» (орысша нұсқасында: «контролировался»). Яғни, ресми атақ Каюмдікі болғанымен, басылымның бейресми редакторы Мәулекеш болған. Каюм шеф-редактор, Мәулекеш шығарушы-редактор атануы да мүмкін.

Жалпы, сол кезеңде Германияда түркі тілдерінде шығып тұрған саяси «Милли Түркістан» журналын, әдеби-көркем «Милли адабият» алманагын, ақпараттық «Иени Түркістан» және «Түрк бірлігі» газеттерін бір желіге қосақтау қате. Бұлардың алғашқы үшеуі ТҰҚ-тың баспасөз органы, ал «Түрк бірлігі» газеті «Түркістан легионының» тілі. Себебі, «Шығыс легиондары» розенбергтік ТҰҚ-қа тікелей қарамаған, олар вермахтық ОКВ жанындағы Шығыс әскерлері басқармасына бағынған. Соған сәйкес Түркістан легионының «Түрк бірлігі», Грузия легионының «Сакартвело» газеті тәрізді мерзімді баспасөз құралдарын әр ұлттық комитеттен алынған бір-бір өкіл арқылы ОКВ-ның насихат бөлімі қадағалап отырған. «Сакартвелоның» редакторы обер-лейтенант Георгий Магалакелидзе болса, «Түрк бірлігінің» татар тіліндегі нұсқасының тәу редакторы Ахметжан Омарханов (1944 жылы газет РСХА-ға, Ольцшанның қарамағына көшкен соң, татар Шихап Нигмати шеф-редактор боп тағайындалғанына қарағанда, «Түрк бірлігі» әу бастан «Идел-Орал» комитетінің ықпалында жүрген сияқты).

Атасын іздеп жүрген Найля Нұрқанова, анасы Роза Қайбалдинамен

Ал «Милли Түркістан» басында қазақ тілінде көбірек жақын лұғатпен шығарылған деу жөн. Себебі оның басында Мәулекеш тұрды. Ол жанына жазу жағына бейім жөпшеңді қазақ жігіттерін жинады. Олардан бізге белгілісі – Мәжит Айтбаев («Қобызшы Қорқыт», кейін «Милли адабият» журналының редакторы), қызылордалық және бір қызметкер Қади Данабаев және Мәжит Айтбек («Мәжит Дара»), жазушы Әли Асқар («Асқар Әли»). Қазақтың белді жігіттері, қалыптасқан қаламгерлер, негізінен 27-28 сегіз жаста, әлі жарылмаған қауындай тояты бар дер шағындағы топ. Іштерінде әлі күдірге түсіп, табандарына тас бата қоймаған, ащы тері алынбаған бұла жүйріктер кездеседі. Тағдыр тоғыстырған бұл топ үш жыл бойы тасқа сөз бастыру өнерінің көрігін қыздырып, талай газет-журналды тотыдай түрлендірді. Хамза Абдуллин олардың осы бір өмір кезеңі жайында қызықты естеліктер қалдырған. Арғы бетте қарта жеуден қалған қазақ бірақ қалжыңнан қала қоймапты – Хамаң естелігіне қарағанда, даң құрдас Мәулекеш пен Мәжит редакцияда бірін-бірі түртпектеп, қалжың айтып, сөзбен қажасып отырады екен (Х. Абдуллин «екеуі 1913 жылы туған» дейді, алайда Мәулекеш те, Мәжит те құжат бойынша 1914 жылы дүниеге келген). Мәжит әдебиетке Мәулекешпен қатар 1935 жылы келген, таза ақын, 1937-1939 жылдары Алматыда ҚазПИ-де, кейбір мәліметтер бойынша музыка техникумында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Сірә, екеуі сол тұста сыр түйісіп, араласып жүрсе керек. Әйтеуір Германияда достық айнымастықтары күшейе түскені анық.

«Милли Түркістан» журналы 1942-1986 жылдар аралығында он бес күнде бір рет шығып тұрған. 1942-1945 жылдары барлығы 63 нөмірі жарық көрген. Таралымы 15 мың данамен басталып, кейін 80 мың данаға жеткен. 1945 жылдан 1948 жылға дейін шықпай, төрт жылдай уақыт тоқтап тұрған.

Берлин кітапханасында, Стамбулда жеке адамдардың қолында кейбір нөмірлері бар, неғұрлым толық библиографиясы (300 бет) қазірде Түркияның Адана қаласында тұратын «Азаттық» радиосының өзбек редакциясының бұрынғы қызметкері Шағатай Кочардың қолында сақтаулы тұр. Қолда түгел нөмірі болмағандықтан басылым турасында, негізгі бағыттары, редакциялық саясаты жөнінде тұтас қорытып пікір айту қиын. Әлбетте, біреуден тоқпан жілік жесең, ашамаймен қайтару керек, ендеше онда кеңестік тоталитарлық түзімді найзадан өткір тілмен шенеген материалдар жазылмай тұра алмаса керек, бұған қарсы дау – қарғаша қылып советтер дәл сол 1942-нің қыркүйегінің күзінен немісше 50 газет шығаруы бұған бір айғақ. Десек те, қолдағы азбыншы дерек журнал редакциясы көбірек жалпыағартушылық бағыт ұстанғанын көрсетеді. Мұның өзі онда ОКВ басылымдарына қарағанда әскери цензураның аздығына байланысты болса керек. Осы орайда жоғарыдағы Шағатай Кочар ақсақалдан алып, бізге Әлихан Жаналтай бауырымыз жеткізген библиографияның бір үзігі назар аударарлық. Онда Абай, Алтай, Асан Қайғы, Әуес, Coqan, Ғали-Алтай, Мусафир, Нариаз, Найман, Npz, Қобызшы Қорқыт, Сыр баласы, Сырлас бүркеншік аттармен жарық көрген 28 мақала көрсетіліпті. Мысалы:

Мәлімет беруші Әлихан Жаналтай зайыбы Шәрипамен

  1. Асан Қайғы. Мен көрдім. – №2, 1 июл 1942, 13-18 бет.
  2. Асан Қайғы. Түркістан мәдениеті. – №3, 15 июл, 1942, 18-23 бет.
  3. Асан Қайғы. Сөз Түркістан солдаттарынан. – №6, 1 октябрь, 1942, 16-19 бет.
  4. Асан Қайғы, Turkestan Şagir-Adiblarining Tilaklari. – №7, 15 октябрь, 1942, 8-11 бет.
  5. Асан Қайғы, Qara Misiq. – 12, 1 январь, 1941. 11-14 бет.

... 13. Қали-Алтай, Махамбет. – № 12, 1943.

... 23. Сырлас, Исатай-Махамбет көтерілісі. –№ 18, 1943.

Мақалалардың тақырыбына қарап, кейінгі «Қали-Алтай», «Сырлас» та Қайбалдиннің бүркеншік есімдері емес пе екен деген ой келеді. Хамза Абдуллиннің жазуынша, Мәулекеш «Милли адабиат» журналында прозалық шығармаларын да жиі шығарған. Тарихшы, профессор Т.Чоротегинның мәліметінше, Асан Қайғин «Милли Түркістанда» «Манас» эпосының Тыныбек нұсқасының үзіндісін жариялаған. Оны 1943 жылы Бет-Алман (Саттар Алманбетовтың қаймана аты) немісшеге аударып, 2 мың дана етіп көбейтіп таратады. Сөзден маржан тізген ақынның Германияда жүріп, жалын жұтып, жанын жеп жазған өлеңдері де аз болмағанға ұқсайды. Бізге солардың кейбір үзіктері ғана жетті. Көлемі жағынан біркелкі, ықшам, шағын, көбірек элегияға келеді. Белгісіз тылсым күш «алып кетіп», «әкеп тастап» отыратын белкүллі мәлім Мағжан қолтаңбасын да еске сала ма, қалай?! Әйтеуір өлеңінің өлшемі қызық, тосын, жаңаша. Еуропа поэзиясының әсері байқалады. Сірә, автор эксперимент жасап көрген. «Түн перісі» тарихи балладасымен елең еткізген Хамза Абдуллин сияқты.

Оларға қарағанда Мәжит Айтбаев шығармаларын жинақтап, жариялап отыруға көбірек құнт етіпті. Өзі де ептеп сүгірет салған ол (інісі Әбдісадықтың ұлы Салахиддин Айтбаев кейін белгілі сүгіретші атанды) кезінде 100 теңгелік Қазақстан бонында бедерленген Абылай ханның сомсүгіретін салып, жаңадан өріс ашумен қатар, 1943 жылы Берлинде «Абылай хан» өлеңдер жинағын шығарады (жинаққа екі поэмасы, үш балладасы, қырық бір өлеңі, төрт әні топтастырылған). Жинақ 1971 жылы Мюнхенде Хасен Оралтайдың алғы сөзімен қайта басылым көреді. «Милли Түркістан» мен «Милли адабиеттегі» отыз шақты өлеңі 1990-жылдар басында Қазақстандағы «Шалқар» газетінде жарық көрді. Мәулекеш шығармашылығы бойынша ондай іздестіру-ізденіс және насихат жұмысы жүргізілмеген.

ТҰҚ баспасөз органдары да, легиондық басылымдар да «әп» дегеннен комитет басшысы Уәли Каюмнің қалауымен түркі халықтары үшін ұғынықты, ортақ тілде, әдебиетте «шағатайша» деп аталатын түрікше латын қарпімен шықты. Берлиндегі «Дойче Верлаг» баспаханасында басылып тарады. Редакциялар қызметкерлері – журналистер корпусы революцияға дейін мектеп-медресе көрген, ескіше хат таныған, яғни «түркі сауаты бар» адамдар еді. Бала ұлан жасындағысын қалай да ұмытпайды. Екіншіден, біз сөз етіп отырған кезеңде «ұлы да қуатты» тіл қазіргідей толық «түркіаралық» лұғатқа айнала қоймағандықтан және сол кезде түркілердің әдеби тілі халықтық тілден ажырай қоймағандықтан, қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, татар, башқұрт, тіпті түркімен, әзербайжан өзара ұғынысып сөйлесе берген. Сонан соң бұлардың бірқатарының ұлттық жазуы 1930-жылдары қалыптанған латын әліпбиі негізінде үндестік заңына орайластырып жасалған-ды. Мысалы, трамвай – тырамбай, вокзал – бағзал, Ырысбек (Рысбек емес) деп айтылып-жазылушы еді. Орыс тілінің әсері мен фонетикалық принципті тастап, орыс тілінің фонематикалық принципін ұстануымыз кейінірек орын алды. Дегенмен, татар тәрізді халықтар сол 1930-жылдары-ақ орысшаға оң иығын беріп қалған-ды. Бойында сақлаб (славян) қаны бар, әрі түркінің ішінде орыспен алғаш қоян-қолтық келген татар тілі төтенше соққы көргендіктен, орысшаны араластырмай сөйлемейтін күйге жетіп қалған (молдасына шекті «Құранды қазақша оқыма, құдай понимайт етпейді» деген деседі). Содан да олардың «Идел-Урал» газетінің, «Татар эдэбиеті» журналының тілі дені бірден татар тілінде шыққан. Өзбегіңнің де тілі шағатайшадан шығып, фарсидің тәжік диалектісі забони дариге бойұрыңқырап кеткен. Қысқасы, ләһже (наречие) проблемасы – әр халықтың көнекті сыртқа салу әрекеті басталды. Оны айтасыз, тілдері қазақ пен қырғыз сияқты өте жақын түрік пен әзербайжанда да болды сондай мәселе: баста түрікше, түрік әліпбиімен шыққан «Азербайжан» легиондық газетін әзери легионшылар мандытып түсінбегендіктен, газет әзербайжан тіліне және 1930-жылдары жасалған латын қарпіне көшуге мәжбүр болды.

Марқұм Гейдар Джамалдың тіл тарихына қатысты бір тосын пікірі бар. Айтуынша, тіл зерттейтін, туыс тілдердің басын қосқысы келетін қоғам-ұйымдар шын мәнінде тілді бүлдірумен айналысады. Осы орайда философ-ойшыл «Латыннан роман тілдері қалайша, қай түрде өсіп-өнген? Санскриттен жаңа үнді тілдері қалай шыққан?» деген сұрақ қояды да, тілдің дамуының бұл тарихи жолы тілді жүйелі түрде бұзудан басқа ештеңе емес, себебі олар сондай-ақ Арабияда бүкіл арабтар сөйлеген диалектілер Құран тілінен өте қашық болғандықтан, Құранның түсуімен жасалған жасанды классикалық араб тілі жоғарыдағы лұғаттарды өшірді, дейді Гейдар. Біз бұған ХІХ ғасырдың соңында ғана құрылған жас мемлекет Германиядағы кезінде Лютер арқылы дойч ләһенжілерінің басын құрап жасаған койнэ тілді де қосар едік.

Сол айтқандай, ілгергі ортағасырда түркі қауымы үш түрлі тілдің – араб, фарси, түрки басын зорлап қосып пайдаланған мәдениет тілі жағынан да, рухы жағынан да табиғи емес еді және бұл түркі-шағатай тілі Әмір Темір билігі кезінде ғана фарсиды алмастырып, келе болған қолтума тіл-тін. Германиядағы 1940-жылдарғы тарихи ситуацияда осы жасанды жол, халықтық тілдердің әлгі қолтума әдеби тілден недәуір алыстап кетуі кәдімгідей проблемаға айналған-ды. Әсіресе, қазақ пен қырғыз коллаборационистері үшін.

Шоқанның «Халқымыздың қарымды да қанатты, ақындық шалымы шалқар тамаша әдебиеті Шығыстың үнді-герман эпостарына әлдеқайда жақын» деп жазғаны бар. Шынында да, қарап отырсаң, қазақта ортаазиялық түркі (шағатай) тілі таза қалпында қолданылмағанын, оның сол шағатайлық негізді сақтаған, белгілі бір дәрежеде жазба тілі ретінде нормаланған «қазақтық варианты» болғанын байқаймыз. Ауызша әдеби тілмен қатар қолданылған бұл жазба әдеби тілде шежірелер, іс қағаздары, хат-хабарлар жазылған. Оның сілемдері ұлттық әдеби тіл қалыптасқаннан кейін де жадтан өше қоймаған-ды. Кейінгі ұлттық әдеби жазба тіліміз ауызекі сөйлеу тілі мен ауызша әдеби тілдерді негізге ала отырып және жоғарыдағы көне және ескі (ХV-XVIII ғ.) жазба тілдің дамыған стильдерін дамыта отырып жасалды.

Міне, 1920-1940-жылдары әдебиетке келген қаламгерлерімізде қазақтың әлгіндей ескіден тамыр тартқан, әмбебап әрі құнарлы әдеби тілі – про-ортаазиялық түркидің «қазақ варианты», оңайлатылған лайт-нұсқасы бар еді. Ол осы қалпында, кейін Милтон Дж. Кларк, Б.Шитниковтар негізін қалағандай, идеологиялық күрес құралы ретінде пайдалануға әбден жарарлық еді. Алғашқы қарсаңда эмиграциялық журналистикамыздың материалдарының отының алды, суының тұнығы осы тілмен қалыптанды десек, шындықтан адаса қоймауымыз мүмкін. Тіпті «Милли Түркістанның» қазақша қосымшасы шығарылған дейтін дерек кездеседі. Бірақ соңыра бұл үрдіс бел алып кете алмаған, себебі оған ТҰҚ басшылығы жүргізген саясат ереуіл келді.

Розенбергтің ТҰҚ-ты Түркістанның болашақ Уақытша үкіметі ретінде әзірлемек болған түпкі ойымен құрылған Түркістан Ұлттық Комитетінде барлығы 60 адам жұмыс істеген. Басшылық құрамы 21 қызметкер. Бастабында төралқасы 4 қазақ, 3 түркмен, 2 қырғыз, 2 тәжік және 3 өзбектен, яғни халықтардың жан санына қарай құралғанымен, шынтуайтында, жалпы басшылық бойынша паритет сақталмаған-ды: салалық бөлімдер меңгерушілерінің 7-і өзбек, 4-і қазақ және 1-і қырғыз, тұтас алғанда 27 басшы қызметкердің 12-і өзбек, 8-і қазақ, қалғаны басқа ұлттар. Соның ішінде әскери бөлім, насихат бөлімі, жабдықтау, т. б. тұтқалы орындар өзбек қолында. Каюмның екі орынбасарының біреуі Баймырза Хайт – өзбек, екіншісі Қанатбай. Оны Каюм немістердің ұсынысымен әрең алған. Ең жеңілі, «Түркістан ансамбліне» де өз-ағаң жетекшілік етеді. Ең шатағы, басылымдар ішінде Йохан Бензинг бақылау жасайтын «Милли Түркістаннан» басқасы өзбектің қадағалауында, содан да баспасөз орындары өзбек тілінің арғы атасы – шағатай тілінде шығады. Ортақ тіл делінгенімен, оларды дайындығы бар адам ғана түсініп оқи алады.

Қысқасы, Каюмнің айналасында өзінше бір өзбектік Нәзірлер шорасы (министрлер кабинеті) қалыптасты. Ал ол өзін хан атағанды ұнатады. Нәзір Шораның түсінігінде, бүткіл Шығыс легиондарының ішінде өзбек еріктілерінен артық жауынгер жоқ. Шағатайша газет-журналдың бетінде күнде солар мақталады. Қалса, қазақ пен түркімен тарапына біржар тәуір сөздер айтылады. Каюм-ханның ұғымында Еділ бойының татары, башқұрты, чувашы мен удмурты адам емес, орыстанып кеткен, орыстың табанын жалап, абыройдан жұрдай болған, сондықтан олардың орны – болашақ азат Түркістанның түкпірінің түбегі, ал олардан босаған мекен-қонысқа өзбекті, сосын мұсылманшылығы әлхам шүкір қазақ пен түрікменді қоныстандыру керек. Қазіргі, уахаббшыларды мұсылман қатарына қоспайтын тірлікке ұқсас жағдай.

Аманжол Махбузов, Мәулекештің жиені ковидке қарсы қазақстандық вакцина авторларының бірі, эпидемиолог ғалым

Бұған алдымен татар туганкайлар сүрен тартты. Түркітілдес мемлекеттер одағын құруға ықыласты халықтар ортақ мүдде игілігі жолында өз егемендігінің бір бөлшегін бөлісуге дайын болу керек те шығар, бірақ орысқа сыбай көрші отырғаны үшін ғана ағаш атқа мінгізіп, ирек қамшылатып, сонау Қарақалпақтың құладүз медиеніне, Қарақұм мен Қызылқұмның ысылдаған шағылына қуам деу, енді, шығаннан шығу ғой. Жоқ, мұны қалайда райынан қайтару керек, илікпесе жалғыз-ақ жол бар, ол – есебін тауып жығу. Ол үшін алдымен құшағы кең, көңілі ақ қазақпен келісімге келмек керек.

1943 жылдың маусым айында Берлиндегі «Френкишерхоф» отелінде башқұрт қайраткері Вали Уәлиди «Идел-Орал» комитетінің жетекшісі Ахмет Темір мен Шафи Алмасқа бір кезде татардың арқасында адам болған, бүгінде көбеңсіп, сол жақсылықты ұмытып, өздерінің балтырынан алған күшікті тәубесіне түсіру үшін ТҰҚ-тағы өзбек саясатына наразы, Харес Қанатбай бастаған қазақ тобымен одақтасуды, турасын айтқанда, қазақ-өзбек арасындағы кірбіңді пайдалануды ұсынады.

Қазақ пен қырғыздың біріккен оппозициясы әлгі ұсынысты қабылдап, тіпті ТҰҚ-тан бөлініп шығып, Еділ бойы мұсылмандарымен бөлек комитет құруға қарсы емес екендіктерін білдіреді. Шәкібаев кітабында керісінше, әлгі ұсынысты Идриси мен Шафеевке «Хауст Фатерланд» ресторанындағы түстікте Харес пен Мәулекеш айтады. Сол 1943 жылдың жаз айларында жеке татар-қазақ өкілдігін құру жобасы шындап талқылана бастайды. Кеңестік барлау орындары жиған мәліметтерде «ТҰҚ-тағы қазақ ұлтшылдары» деп аталған топтың тізімі мына түрде түзілген: Қанатбаев Карис, Тыныбеков Хаким, Қайболдин Мәулекеш, Қошалақов Үсен, Оразиманов Сафа, Хаитов Мырза, Алманбетов Саттар, Омарханов Ахметжан, Бакиев Розақ, Каурбанов Рамазан және тағы басқалары. «Милли Түркістанның» Мәулекештен кейінгі бас редакторы Хакім Тыныбеков 1946 жылы кеңестік тергеушілерге берген жауабында өзі жылы қазанда ТҰҚ-қа келген соң Мәжит Айтбаев екеуі бұрыннан білетін Мәулекеш Қайболдин (Кайгин) арқылы Харес Қанатбаевпен танысқандарын айтқан. «Одан әрі аралас-құраластық әңгімелесу барысында біздің ортақ ұлтшылдық көзқараста екендігіміз анықталды» депті. Бұл жердегі «ұлтшылдық» қазақ ұлтшылдығы емес, жалпы түркі халықтарының бірлігін білдіреді. ТҰҚ-та Мұстафа Шоқайдың болашақ тұтас Түркістан мемлекетінің идеологиясы талдап жасалған еңбектері кәделенген. Соның ішінде Харес пен Мәулекеш Шоқайдың «Түркістан милли бірлігі» ұйымының ісін комитет аясында одан әрі жалғастырмақ болады. Олардың пайымдауынша, Каюмның Шоқай идеяларынан кейін шегінуі, қозғалыстың басында лайықты түркі ұлтшылы, көрнекті қайраткердің болмауы Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының одан әрі дамуын тежеген. Бұл даға (миссия) жүктелген Каюм өзінің көсемдік құқын лауазымдық атрибутқа емес, жеке бас белгісіне айналдырып, Шоқай белгілеп берген программаны іс жүзіне асыруға дәрменсіз екенін көрсетті. Мұның өзі ТҰҚ-та ұлтаралық қақтығыс кенет шиеленіп кетуіне әкеп соқтырды. Комитетте өзара жақын, ұлпар жүрген, сыйластықтары сырластыққа ұласып, Еуропаның төрін алшайысып аралаған үркердей «түркі бірлігі» тобы «Тең атаның баласы теңдікке көнсе де кемдікке көнбейді, позициямызды жарты ширек те ұттырмаймыз» деп мәмілелескенде «түркінің қазан ұстап қалған қара шаңырағы – қазақпын» демеген, «Қазақ-қырғыз бір туған, өзбек сартты кім туған?!» деулі, біріне-бірі «Ағаш уықты, киіз туырлықты бір елміз» деп жан тартулы. Осы бір райластықтан комитетте бейформалды қазақ-қырғыз қарым-қатынасы орнағанына жоғарыдағы ТҰҚ қайраткерлері тізіміндегі біраз қырғыз-каймана есімдері ыспат. Түпкі ой – біріккен Қазақ-қырғыз комитетін құру болған. Бұл жоба Еділ бойы халықтарымен бір одақ құру идеясынан да бұрын, яғни 1943 жылдың басында сызылады. Түрікмендер де өз алдарына бір комитет болып тұруға ауаланған. Бұл екі топ та көп ұзамай Розенбергке жазбаша өтінішпен жүгінеді. Бірақ қазақ-қырғыз тобы хат жазбас бұрын басқа бір канал арқылы Каюмді өз беттерінше иліктірмекке әрекет еткен.

Серік Шәкібаевтың бір ет, бір майды араластырып соғатын «Күйреуінде» Люккенвальдеден Берлинге келген Әлихан Ағаевтың Мәулекешке телефон соғып, Харес екеуін Феридрихтрасседегі «Фишерхауз» ресторанына шақырғаны суреттелетін керім бір эпизод бар. Мәулекеш кездесуге Мәжит Айтбаевты ерте келіпті. Түстік үстінде Харес Ағаевқа Каюмнің қазақ жігіттерінің аяғын бір етікке тығып жатқанын, жақында ол өзбекше тағы бір газет – «Иени Түркістан» газетін ашпақшы екенін хабарлайды. Бұған шамырқанған Ағаев отырыстан шыққасын әуелі ОКВ-ға соғып, сонсоң Ноэнбергштрассе, 14-үйдегі ТҰҚ-қа кеп, Каюмнің тіке өзіне кіреді. «Мен қазақ халқының Германиядағы өкілі, фамилиям Ағаев!» – деп кіріп барады. Каюмнің орнынан тұра алмай, тілі күрмеліп қалғанын байқап, алқымынан алатындай сұрақтар қойып келіп:

– Комитетте сіздің жүргізіп отырған саясатыңыз дұрыс емес. Мұсылмандарды біріктіруді бастаған Шоқаев болатын. Сіз тек сол идеяны пайдаланып отырған адамсыз. Шоқаевтың жолын сіз бұрмалап бара жатырсыз. Ол болмайды. Саясатыңызды өзіңіз түзетесіз, немесе біз көмектесерміз, – деп бастырмалатады. Одан әрі Қанатбаев, Кайгин, Айтбаев сияқты қазақ жігіттерін қуғындап отырғаны, журнал, газетті тек өзбек тілінде шығарып жатқаны, барлық тілге, соның ішінде ішінде қазақ тіліне көп көңіл бөлу керек екендігі жөнінде сөйлейді. Қысқасы, мәлімсіз қазақ офицердің – ОКВ обер-лейтенантының – түрі де, сөзі де мығым әлпетінен шошынған Каюм «қазақтарға күресте молырақ мүмкіншілік туғызуға, журнал-газеттерде қазақша жазылған материалдарға көбірек орын беруді қарастырып көруге» уәде беріп құтылады.

Шәкібаев кітабы – жалпы чекистік жазушылардың қаламынан қорытылып шыққан жазбалар – түгел сыпыра өтірікке құрылмаған. Батыс советологтары өздеріне тиімсізді орағытып өтеді, мүлде сөз қылмайды, ал кеңестік мифология бірін айтып, бәрін айтпайды, яғни шындықты жартыкеш көрсетеді. «Бір шындық – жүз өтірік» принципі. Өте қауіпті, залым әдіс. Майға орап берген сүйекті қалай жұтып жібергеніңді байқамай қаласың. Мұнда да солай болды: үш бет бойы суреттемеде Ағаев пен Каюмнің өзара арбасуы мысалында ойдан қосу, фантазиялық жеттіктіру арқылы екеуінің карикатуралық бейнесі жасалады, а бірақ эпизодтың сүйегі өмірде болған оқиғадан шығарылған: құпия архивтен кейін табылған күнделігінде Әмірхан Тілеумағамбетов «Ағаев» өзінің Уәли Каюмға кіргенін, жоғарыдағыдай талаптар қойып, Каюм оларды орындауға уәде еткенін жазған. Бұдан көрінеді, соның алдында «Фишерхауста» Әмірхан, Мәулекеш, Харес үшеуі тетелеп-теңесіп, ортайып кеңесіп, нәтижесінде екеуі қатарына ықпалы өтіп, сөзі жүре бастаған Әмірханды тым көбеңсіп кеткен ТҰҚ президентін орнына қоймаққа, реті келсе ортақ мәмілеге келуге көндірмекке Каюмға баруын құп көргені. Ағаевты екеуі де үлкен көріп, қадір тұтқан, сөйлескенде намыс жібермейді, сүйек сындырмайды – сөзі пәтуа, әрі Байұлының жолдығы (үлкендігі) деген де бар ғой. Шәкібаевтың Каюмнің Ағаев алдында шошығанын кеңінен сүгіреттеуі тегін емес. Шындап келгенде, ТҰҚ неміс барлау орындарының ОКВ әскери барлау органының және ішкі-сыртқы империялық қауіпсіздік органы РСХА-ның бел баласы «Унтернемен Цеппелин» жобасына сәйкес 1942 жылдың наурызында құрылған дейтін дерек бар...

Осы шамада ТҰҚ-тағы «қазақ-қырғыз» тобынан Шығыс министрлігінің шефі Розенбергтің атына бөлек комитет құру жөнінде хат жолданады. Бақыт Сыдықованың жазуынша, бұл оқиға 1943 жылдың басында болған, Павел Горбуновша жіберсек, хат 1942 жылы қазан айында жолданған, Серік Шәкібаев болса «1942 жылдың 27-октябрі» деп дәлдей түседі. Горбуновша, хат жазуы туралы шешім Қанатбаев, Кайгин, Тыныбеков, Айтбаев және Уравимов (Оразиманов Сафа-?) бас қосқан «Потсдамерплац» ресторанында қабылданған. Хатты жазған Кайгин-Қайболдин мен Қанатбаев, түпнұсқа Розенбергке, көшірмелері Риббентропқа, Кейтельге және рейхсминистр Гиммлерге жолданған. Шәкібаевта хат мәтінін жазуды Қанатбаев «қаламың ұшқыр, тілің үшкір» деп Мәулекешке тапсырады, хат жазылып болғасын өзі аздаған қосымша-түзету енгізеді, алайда хатқа «қазақ жазушысы Асан Кайгин» бір өзі қол қойған. «Үлкен Түркістанның күйреуінде» хаттың толық мәтіні жарияланған. Кітаптың екі жарым бетін алып жатқан ұзақтау хат, жігіттердің іші әбден толып қалғаны көрініп тұр, біздіңше Мәулекеш соларды жинақтап, қорытып, неміс тілінде жазып шығып, соңына өзі қол қоюы мүмкін, Шәкібаевтың хатты Қанатбаев пен Мәулекеш неміс тіліне аудартты дегені күмәнді, қайта ондағы кейбір калька аударма сөз-тіркестерге қарағанда кейін неміс архивінен табылған хат кеңестік әскери аудармашы тарапынан немісшеден орысшаланған болуға.

Хош, сонымен, хат иесі не дейді? Шәкібаевтың мағызын – «дезу» жанды «жеткізіп жіберулерін» аттап өтіп, соңындағы маңызын – қазақ-қырғыз тобының нақты ұсыныстарын берейік. Онда былай делінген екен:

1. Татария мен Башкирияны Түркістанға қосу;

2. Егер Каюм-хан, татар-башқұрттармен бірлесіп еңбек етуден бас тартатын болса, онда қазақ-қырғыз және татар-башқұрт халықтарынан жеке мемлекет құру;

3. Қазақ-қырғыз және татар-башқұрттардан бөлек легион ұйымдастыру, осыған байланысты «Түркістан легионындағы» қазақ-қырғыздарды осы легионға ауыстыру;

4. Қазақстан, Қырғызстан және Еділ-Орал проблемасына басшылық етуді Берлинде бір жерге жұмылдыру».

Соңында автордың «Маған легионға барып, жағдайды біліп қайтуға командировка беруіңізді және де өтінемін» деген қыстырмасы бар.

Сонымен, хаттың мазмұны нақты екі ұсынысқа – болашақ қазақ-қырғыз, татар-башқұрттан «Шығыс Түркістан мемлекетін құруға» (2-ші позиция) және соған негіз болатын «қазақ-қырғыз, татар-башқұрттың Шығыс Түркістан комитетін» құруға (4-ші позиция) кеп сарқады. Серік Шәкібаев эпизодтың соңын «Қанатбаев пен Кайгин хатты Фон Мендеге апарып берді, Розенберг мырзаға табыс етуді өтінді. Көшірмелерін герман империялық «СС»-бас басқармасы мен Сыртқы істер Министрлігіне тапсырды», – деп тұжырған екен. Сондай-ақ соңында хаттың жазылған орны көрсетілген: Берлин – Панков, Боркумштрассе, 10-үй. Шамалауымызша, бұл – хат мәтінін Харес екеуі шағып ойластырып, қағазға түсірген Мәулекештің жалданба пәтерінің мекен-жайы. Мәулекештің хатқа «Асан Кайгин» деп қол қоюы да ойландырады: қалай десе де кісі жоғары инстанцияларға бүркеншік есіммен жазбайтын шығар? Және ойландыратыны, әдетте естеліктерде таза шығармашылық адамы ретінде суреттелетін, әрі бірлік жылы – барыс жылы туған кейіпкеріміздің дәл мына уақиға тұсында кенет тарлан ашып, саяси күрделі ойындарға батыл араласуы, азаматтық қыжыл, күрескерлік темпераментімен танылуы. Бәрінің атынан, тіпті жанында ақыл-кеңес беріп отырған Харестің де атынан сөйлеп, бүткіл жауапкершілік жүгін өз мойнына алады. Батыс қазағында қайбір «қыз жылатқандай» елшілік мінез болған – бұлтара сөйлеуді білмейді, «Ұрдым да қол қойдым» дейді. Ал хат жай хат емес, неміс командированиесіне, яғни фол шегінде жазылған, аққа тәуекел хат.

Ақыры болды, болатын нәрсе – жағдай қатты керілген шек сияқты шертпекке келді. Мәулекештей білімді, сауатты қазақтың мығым қисыны, етікшінің бізіндей екі айыр тілі неміске қайдан ұнасын – «Менің аузым құрысын, құрулы тұрған зеңбірек» деп Құлмамбет айтқандай, Мәкең, оның артында тұрған бүткіл топ тыныш жүрмей, басына бәле тілеп алды. Хат дөкейлердің көңіліне жатпапты. «Жау қайтарудың орнына дау қайтарумен отырамыз ба енді?!» деп ашуланған жоғарыдағылар, Серік Шәкібаевтың дәл қасында тұрған кісіше жіберуінше, хат қолына тиген доктор фон Менде Каюмнан Кайгин дегеннің кім екені жөнінде мәлімет алдыртады. Хатпен жете танысып, онда қойылған талаптарға қатты кейіп қалады. «Эмигранттардың интригасы әбден жалықтыратын болды, қазір мұндай өсектермен айналысатын уақыт емес, Қызыл армия күн өткен сайын өрлеп келеді» деп қынжылады, сөйте тұра Каюмға «Бұл хаттағы ұсынысты әзірше қоя тұрайық, кейін шешерміз» деп жақауратады.

Кейін бе, дереу ме, қашан болғаны нақты белгісіз, бірақ немістер мәселені шешкен. Фон Менде емес, одан да жоғарырақ Шығыс министрліктің шефі Розенберг арнайы құрған комиссия хатта айтылған жағдайларды негізсіз деп табады және тауып қана қоймай, оның авторларын жазбаша түрде тәубеге келтіреді. Яғни «қазақ-қырғыз» тобы жаздық-жаңылдық деп кешірім сұраған. «Қазақ пен өзбектің арасына жік салдың» деп, Зәки Уәлиди мен Ахмет Темірді де елден қуып, Үскен тау – Түркия асырады. Шәкібаевтың жазуынша, «Ашуы тасыған Каюм-хан Қанатбаевты совет агенті деп көрсетіп, гестапоға ұстап берген». Қисындауынша, гестапошылар оны «Розенбергке хатты совет разведкасының нұсқауымен жаздырттың» деп айыптаған. «Жуан таяқпен Қанатбаевты маңдайынан періп жібергенде, жарқ ете түскен көзін маңдайынан аққан қан басып, есінен танып құлап түсті», – деп құтыртады Шәкібаев. Каюмның Харесті түрмеге салдыртқаны жөнінде сенімді дерек жоқ, дегенмен Патрик Мюлленнің жазуынша, көрсетіп беру (донос) болған.

Және бір дерек. ТҰҚ-та қызмет еткен қызылордалық Ақмырза Қуатбаевтың естелігі. Бұрын Қармақшыда военком, майданда танк батальонының политругі болған ол Харес Қанатбаев Розенбергке хат жазудан кейін шаталып, Майндағы Франкфурт түбіндегі концлагерьге қамалғанын айтады. Ақмырза оны құтқармақшы болып, тікелей бастығы Вера Алексеевна дейтін әйелмен (сірә, Власов армиясында қызмет еткен) сөйлеседі. Вераның көмегімен Харес 1944 жылғы ақпанда концлагерьден босап шығып, ТҰҚ-тағы қызметіне оралады. Ғажабы сол, Вера Алексеевна немістерге жіберілген кеңес агенті болып шығады. Ақмырза жанындағы қармақшылық Кішкентай Әбсадықов, алматылық Бақыт Тұрысбеков дейтін жолдастарымен бірге Хареске оққағар болады, соғыстың соңына дейін иық тірестіре жұмыс істеп, тұтқындағы мыңдаған қазақ, өзбек, қырғыз солдаттарын аман алып қалады. Бұған сенер болсақ, Харес Уәли Каюм айтқандай, шынында да кеңестік прокси болып шығады. Осы мүмкін бе? Осы орайда кейінгі тарихшылардың ТҰҚ-тағы қазақ-өзбек қайраткерлерінің ортасына шайтан араластыруды кеңестік агенттердің ісі деп қарайтыны ойсаларлық. Айталық, марқұм Көшім Есмағамбетов Мұстафа Шоқай туралы еңбектерінің бірінде 1920-жылдары Ауғанстандағы түркі мұғажирлерінің арасында әрекет еткен НКВД офицері Махмуд Айқарлы (екінші аты-жөні Ибрагимов) ТҰҚ-тағы қазақ пен өзбектің арасына сына қағып, алатайдай бүлдіргенін жазады.

Қалай болғанда да, Харес 37-жылы айтылғандай «бір түндік» болмағаны анық, себебі ол, Шәкібаев кітабына сенсек, Балканда, Толминода жүрген Ағаевқа 1943 жылдың желтоқсанында хат жазып, өзінің бұл кезде комитетке оралғанын, бірақ Каюм қысым көрсетуін әлі де жалғастырып жатқанын айтып шағынады. Бұл мәтін Әмірхан күнделігінде келтірілген Харес хатымен толық сәйкеседі, сондықтан Қанатбай концлагерьде көп болса бір-біржарым ай отырып, тез шыққан сияқты. Бірақ Каюм оның да, Мәулекештің де соңына шам алып түсуін доғармаған, оның жайына кейін ораламыз.

Бұл айқастың бенефициарлары, әлбетте, Уәли Каюм. Біріншіден, ол немістердің өздері құрған коллаборанттық ұйым-мекемелерге әскери тұтқындарды емес, КСРО аумағынан келген қиякелділер (аустерланд) пен Германияға соғыстан көп бұрын кеп тұрып қалған эмигранттар қатарынан тағайындау саясатына дәл келді. Екіншіден, Каюм қаршадайынан қолда өскен «ұяда соғылғандығына» қоса герман бодандығын алған және дойч қызына үйленген күйеу бала еді. Үшіншіден, ол танауын желге тосып, иіс аулап отыратын әккі саясаткер. Осы қасиеттерінің арқасында жасынан қызмет баспалдағымен зу етіп көтеріліп, «үлкен астаудан» дәм татқан, қашаннан наны жүргіш, иті үргіш стратег өз-ағаң қазақ-қырғыз, татар-башқұртпен арадағы қақтығыстан да мерейі үстем шығып, Харес тұрмақ, Зәки Уәлиди, Ахмет Темір сияқты мықтыларыңның да мүйізін қағып жіберген. Себебі неміске қызметімен де, ой жүйріктігімен де жаққан, бедел алып, сенімге кіріп үлгерген Каюм саясатының ең ұтымды жері – Исламның дүниетанымдық рөлін дұрыс тани білуі және осы жағынан дін қиракезік, қиын уақытта ұлт-азаттық күресінің шақыртқы туына айналатынын ағатсыз түсінуі деу жөн. Осы оймен ол 1941 жылдың қаңтарында-ақ татар-башқұртты қатыстырмай, бес түркі тілдес халықтан Түркістан мемлекетін («Гросстүркістан») жасақтау жобасын талдап жасаған және оны Розенбергтің өзі ұнатып, бекіткен-ді. Соғыс бастала Каюм әлгі жоспарға сәйкес оккупацияланатын түркі аумағына көшуге гремиум дайындықты бастаған. Мәттақам Үшінші рейх басшылығы әзірге осы әзірлік ісімен шұғылдана айналысқандықтан, оларға елдің назарын бұл платформадан бұрып әкететін әрекет тіпті де қажет емес-ті, және ең қызығы, оларда жоғарыдағы Каюм жобасынан өңге, Түркістан бойынша дайын тұрған басқа өнжеулі жоспар жоқ та еді. Әркім көңілінен шығарғанын айтып-жазып келген. Рейхскомиссариаттар деп жүргендері болашақ ұлт республикалары, яки қандай да бір өзге суверенді құрылым емес, бар болғаны саяси-әкімшілік бірліктер болатын. Басқаша айтқанда, қырғыз айтатын тақтеке (қуыршақ) үкіметсымақтар. Осыдан келіп, герман әскери және саяси аппараты КСРО құрамындағы түркі халықтарының алдағы тағдырын, Германиядағы Шығыс ұлт комитеттерінің қызметін соңғылардың арасындағы айтыс-тартыс шегіне жеткен 1943 жылдың соңына қарай ғана назарға алады. Патрик Мюлленнің зерттеуінше, неміс командованиесі бұл мәселеге 30 қыркүйектегі және 6 қазандағы екі отырысын арнайды, бірақ онда қабылданған екі шешім – Каюмды Зәки Уәлидимен ауыстыру, сондай-ақ бірыңғай Мұсылман легионын жасақтау шешімінің екеуі де сәтсіздікке ұшырайды, бұған наразы болған татарлар мен башқұрттар қазақ-қырғыздармен ынтымақтасуға мәжбүр болады. Яғни, жоғарғы басшылық тұтанып келе жатқан жанжал отын уақытылы өшіруде дәрменсіздік танытқан. Бәлки, тіпті өшіргісі келмеуі де мүмкін. Мынадай тосын ой байламдары: Павел Горбунов Асан Кайгин хатының жайын тарата кеп, «Бұл келіспеушіліктер немістерге тиімді еді», деп жазады. Осы ойдың ұшқыны С. Шәкібаев кітабында да бар. Жазуынша, фон Менде Кайгин хатын Розенбергке көрсеткен кезде, герр Альфред біраз ойланып отырып:

– Меніңше, өзбектер мен қазақтар арасында қайшылық туғаны пайдалы сияқты, – дейді.

– Қалайша? – дейді Менде, бастығының ойын ұғыныңқырамай.

– Араларында қайшылық болса, әрқайсысы өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеймін деп, бізге беріле қызмет істейді. Сондықтан, егер қайшылық болмаған күннің өзінде, араларында со құрғырды тудырып отыру керек. – Розенберг профессорға тесіле қарады.

Әрине, чекист жазушылардың мәселенің мәнісін «беріле қызмет істеуге» әкеп тіреуі көп себептің бірі шығар, бірақ елеулі себебі емесі анық. Немістердің ұлт комитеттеріне түсіндіруі бойынша, әр комитет саяси орган ретінде коллаборационистерді большевизмді құрту (бірінші кезең) және өз мемлекетін құру (соңғы кезең) міндетіне бағдарлауы тиіс еді. Алайда неміс әскери және саяси аппараты ұлт өкілдеріне ешқашан алысқа сілтейтін саяси уәде бермеуді өзіне қатаң тәртіп етіп ұстанған. Әрі кеткенде, кейін Вальтер Шеленберг жазғандай, олардың тәуелсіздік алуға деген баяғы көкейкесті арман-аңсарының желігін баса тұратын ұлттық автономия идеясы. Әлбетте, мұндай текті ауадан уәде, тозаңнан тілхат беру Шығыстың аз ұлттарын қанағаттандыра қоймады. Содан келіп, нацистермен ынтымақтасудың келешегі жоқ екенін түсінген олар Үшінші рейх үшін өздерін құрбан еткісі келмей, арадағы қарым-қатынасты таза коммерциялық жолға қояды. Олардың мақсат-мұраты герман национал-социализміне ауыл-үй қатар қонбайтын еді. Түптеп келгенде, ұлт өкілдері өздеріне кеңестен де, немістен де «жәрекімалла» болмасына көздері жетіп, енді «үшінші жол» іздейді. Ол жолды Шоқай бастабында айтып кеткен жоба, яғни неміс солдатының етігі Еділге тигеннен кейін одан арғы аумақты, яғни Тұран-Түркістан жерін өз легион-әскеріміздің қаруымен босатып, аймаққа бірінші болып кіру деп біледі. Ал ондай күн туғанша барлық бағытты қамтитын болашақ мемлекеттік институттардың мини-моделі жасалып жатқан ТҰҚ құрамында сол құрылашақ «Тұтас Түркістанды» басқарып кетуге даярланып алу керек.

Жінтікті неміс бұл түпкі есепті сезіп қойса керек. Сезіп, ұлт комитеттерінің ағзаларының бір-біріне қарама-қарсы ұстамда, өзара ара-дара жүруіне мүдделі болуы мүмкін. Осы «бөліп ал да, билей бер» парқын пәрменді жүргізу үшін іштегі ахуалды, көңіл-күйді біліп отырмақ керек, ал ондай ақпар-ақпаратты кім береді? Әрине, өздерінің комитеттердегі көзі мен құлағы көместегі агенттер жеткізіп отырады. ТҰҚ-тың «Үшінші жолға» ауытқу қаупінен және алда ағылшындармен жасырын байланысу ықтималдығынан сескенген герман барлау қызметі, атап айтқанда, СД-ның терең қойнауындағы «Цеппелин» ұйымы Каюмның жанына Жұмабай дегенді қарауыл етіп қоядыірә, кейінірек Власов армиясында ТҰҚ әскери өкілі болатын обер-лейтенант, қызылордалық Ақберген Жұмабаев). Сергей Чуев бұл істің артында Ольцше Райнер басқаратын РСХА-ның Шығыс рефераты тұрды дейді. Ең қызығы, Ольцше мұнымен қоса-қабат, баяғы «қазақ-қырғыз» тобы ту етіп көтерген «Шығыс Түркістан» мемлекеті идеясын жандандыру әрекетін жүргізеді. Оның орынбасары Шломс кеңес тергеушілеріне берген жауабында Ольцше бұл істі Қанатбаев және Тыныбеков арқылы жалпытүркілік «Түрк бірлігі» газетін шығарудан бастаған» деген. Естеріңізде болса, бұл басылым 1942 жылдан жарық көрген «Түркістан легионының» баспасөз органы, Ольцше соны енді жалпы қазақ-қырғыздық, татар-башқұрттық және түркістандық бір іргелі ұйымға айналдырып әкетпекші болады. Сондағы сүйенгені – Каюмнан жеңіліс тапқан баяғы қазақ-қырғыз-татар-башқұрт оқығандары. Кейін бұл топ Ольцше Дрезденде «Арбайтгемайншафт Туркестан» деген атпен құрған барлау мектебіне агентуралық кадр табу ісіне белсене қатысады да, Шығыс істер жөніндегі институт атымен әрекет еткен бұл арнаулы мектеп үлкен Түркістанға басшы кадрлар даяулар даярлау міндетінің аясында, шын мәнінде Каюм басқаратын ТҰҚ-қа қосанжар баламалы ұлт комитетіне айналады. Кейінірек Ольцше түркінің білімді ұлтшылдарын әрі өлкені болашақ басқару ісінің ғылыми тағанын тарту, сонымен қатар барлау қызметіне пайдалану мақсатында талдап жасаған жобамен Гиммлердің тікелей өзіне кіріп, рейхсфюрерге үшкіртіп алғаннан кейін оның «ТҰҚ-ты Каюмның жеке мансап алаңына айналдырмау үшін комитет басшысының жеке бас кемшіліктерін жою» тезисі басшылыққа алынған.

Ольцше институты жұмысты болашақта Түркістан мемлекетін басқаратын кадр әзірлеуден бастаған дедік қой. Ол үшін әскери тұтқындарға берілетін көлемді анкеттік сұрақтар тізілген. Бұл кең ғылыми-социологиялық жобаны іске асыруға жоғары сауатты, дайындығы мол адамдар керек болғандықтан Ольцше Менденің көмегімен ТҰҚ-тан он екі кісіні таңдап алып, солардан айрықша комиссия құрады. Комиссияны екі топқа бөліп, бірін Орта Азия университетінің бұрынғы доценті Сәлимиге, екіншісін Асан Кайгинге басқартады. Топтар әскери тұтқындар лагерлеріне кеткен.

Біздің қолда Мәулекештің «Арбайтгемайншафт Түркестан» институтындағы қызметі жайында бұдан басқа дерек жоқ. Әйтеуір, 1943 жылдың күзі мен қысындағы оқиғалардан кейін үш достың – Әмірхан, Харес және Мәулекештің сонан кейінгі соқтықпалы өмір жолдары әр тарапқа айырылып, жаңа соқпақтар тапқаны белгілі.

Жалғасы бар


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар