«Құдай. Рух. Жауапкершілік. Адамға осы үш түсінік жеткілікті. Маған осы үшеуі жеткілікті болды. Нағыз дін осы. Мен сол дінмен өмір сүрдім және сонымен өлемін. Ақиқат, Жарық Дүние, Әділдік, Ар-ұят – Құдай деген осы»... («Dieu. L’âme. La responsabilité. Cette triple notion suffit à l’homme. Elle m’a suffi. C’est la religion vraie. J’ai vécu en elle. Je meurs en elle. Vérité, lumière, justice, conscience, c’est Dieu»).
Бұл француз жазушысы Виктор Гюгоның өмірінің соңғы жылында жазған өсиет іспетті сөзі екен. Өзінің өмірлік формуласын сипаттаған сөзге де ұқсайды. Жазушының шығармаларын оқып, өмір жолын зерделеп шыққанда, оның жоғарыдағы ҮШ ТҮСІНІККЕ берік табан тіреп, темірқазығына айналдырып, ешуақытта Құдайын, Рухын, Жауапкершілігін жадынан шығармағанын, осы түсініктер әруақытта оны Ақиқатты, Әділдікті іздеуге мәжбүрлегенін жан жүрегімізбен сезінгендей болдық.
Ол ес жиып, етек жапқан қоғам – монархиялық қоғам еді. Мұндай қоғам үшін халықтың басым бөлігі кедейшілікте, жоқшылықта естерін жия алмай жүргені өте-мөте қолайлы-тұғын. Ауқатты әрі еркін болса, биліктің әділетсіздігі мен озбырлығына төзе алмай, ақырып теңдік сұрар-ды. Ал үнемі мұқтаждық пен жоқшылықта күн кешсе, ең батыр адамның өзі сергек санасынан айырылып, ақыл-ойы топастанып, құлдыққа оңай көндігер-ді. Гюго ат жалын тартып мініп, қоғамның өміріне араласа бастағанда халықтың жағдайы дәл осындай болатын: аш-жалаңаш, қорғансыз, құлдыққа әбден көндіккен, рухы өлген, үміті сөнген...
Қоғамның игілігін тек ат төбеліндей ғана адамдар көріп, қалған жұрт неге жоқшылықта қиналып күн кешуі керек, әділдік қайда? Осы бір сұрақ жас Гюгоның жанын жай таптырмағандай. Қолына қалам алғанда қорғансыз кедейлерге пана, әлсіздерге медеу, жалғыздарға жебеу болу оның ең басты жазушылық кредосына айналғанына шығармалары дәлел.
Тіпті, ең соңғы демі үзілер шағында да ол кедейшілікке қарсы ақырғы соққысын жасап барып мәңгілікке көз жұмған еді. Соңғы сағаты соғар алдында 50 мың франк қаржысын кедейлерге мұрагерлікке қалдырып, өзін барлық кедей адамдар сияқты қарағай табытқа салып жерлеуін тапсырып, ана дүниеге аттанып кете барды. Мұны өз мұратына деген адалдық, қарапайым халыққа, жалпы адамзатқа деген Ұлы Махаббаты дейсіз бе, қалай атасаңыз да қонымды.
Гюго хәл үстінде жатыр дегенді естігеннен-ақ көшеге жиналған миллиондаған Париж халқы оны соңғы сапарына зор құрметпен шығарып салды. Миллиондаған қарапайым халық өздерінің қорғаушысын, қамқоршысын жоқтап аза тұтты. Оларға мына дүниеде, жоғары элиталы топтың ішінде өздеріне Гюгодай қамқор болған, жаны ашыған, үнемі мүдделерін қорғап, сол жолда отқа да, суға да түсіп, жиырма жылдай ғұмырын елден жырақ қуғында өткізген жан жоқ. Қарапайым француз халқы оны сол үшін де шексіз қадірлеп, құрметтеді. Ұлы Жүректің соғысы тоқтағанда бүкіл Париж қара жамылып, қайғырып жоқтауы сондықтан еді.
В. Гюго «Әдебиеттің де асыл мұраты – адамзатты ізгілікке бастау және озбырлық пен әділетсіздікке қарсы тұру» дейтін. Бұл пікірге жазушы кемел жасында келген болар. Алайда, ол әдебиеттегі алғашқы жолын да әділетсіздікке қарсылығын білдіруден бастапты. Жазушы 18 жасында жазған алғашқы романында («Бюг Жаргаль») сол уақыттарда Францияның отарлығында болған Сан-Даминго аралындағы қара нәсілділердің қасіретін жеріне жеткізіп жазды. Басты кейіпкерлердің бірі Бюг Жаргаль арқылы қара нәсілділердің арасында достыққа адал, мейірімді, жүрегі кең адамдар бар екенін көрсетіп, ұлтқа, нәсілге бөлушілікке қарсылығын білдіреді, езгідегі халықтың аянышты тағдырына аяушылықпен қарауға үндейді. Бұдан кейін Гюгоның қай шығармасы болмасын, зұлымдық пен озбырлыққа, әлеуметтік теңсіздікке қарсы күреске бағытталды.
«Күлегеш адам» – монархияға қарсылық
В.Гюгоның «Күлегеш адам» романы бір қарағанда бұл ұрланған балаларды сатып алып, түрлі операциялар жасау арқылы адамның өңін күлкілі, немесе қорқынышты кейіпке өзгерткеннен кейін король сарайларына, көшедегі ойын-сауықтарға, цирктерге сайқымазақ кейіпкер ретінде сатумен айналысқан компрачикостар, солардың қолына түскен баланың тағдыр-талайын баяндаған шығарма сияқты. Алайда, романның басты идеясы компрачикостардың қылмысын әшкерелеп, қоғамды осындай айуандықтан сақтандыру емес. Гюго бұл романында монархиялық билікті аяусыз әшкерелеп, соған қарсылығын білдіруді мақсат тұтқан. Автордың осы мақсаты романның ең басында жазылған он шақты жолдан тұратын шап-шағын ғана алғысөзінен де айқын көрінеді. Осы алғысөзде автор былай дейді: «...Бұл кітапты негізінде «Аристократия» деп атау керек еді, сосын оның жалғасы болып шығатын келесі кітапты «Монархия» деуге болады. Авторға осы екі еңбегін аяқтау бұйырған болса, бүтін бір циклді тәмамдайтын үшінші кітапқа «Тоқсан үшінші жыл» деген атау беріледі».
Егер осы жолдарға дұрыстап назар аударсаңыз, бұдан автордың аристократия мен монархияға қарсы бірнеше жылға арналған шығармашылық күрес жоспарын көруге болады. Бұл жоспарын ол және сәтті орындап шықты. Арада біраз жылдар өткенде, дәлірек айтқанда 1874 жылы «Тоқсан үшінші жыл» атты соңғы романын жариялады. Франция тарихынан хабардар адамдар 1793 жыл – Ұлы Француз Революциясы аяқталып, елде Бірінші Француз Республикасы құрылған уақыт екенін жақсы біледі. Гюго осы романында ескі билік режимі мен модернистік бағыттағы республикашылардың революциялық идеялары арасындағы тартысты береді. Бірінші Республиканы құру жолындағы күресте жетекшілік жасаған тұлғалардың өмірін, ерлігін шығармасына арқау ету арқылы республикашыл рухты, идеяны қайта жаңғыртты. Елде Үшінші Француз Республикасының құрылуын жеделдетуге үлес қосты. Осы уақытта елде ІІІ Наполеонның шексіз императорлық билігіне (1851-1870-жж.) қарсы бітіспес күрес жүріп жатқан болатын.
Рас, Гюго жасөспірім кезінде анасының ықпалымен бурбондар әулетінің қайта билікке келуін, яғни монархияны жақтап, бастапқы жылдардағы шығармашылығын осы идеяға арнады. Анасы сияқты І Наполеонның әскери диктатурасының (1804-1814-жж.) құлауын жан-тәнімен қалады.
Алайда, есейе келе атадан балаға жалғасатын монархиялық биліктің шын мәнінде қандай екеніне көзі жеткенде, осы жүйеге ашықтан-ашық қарсы шыға бастады. Қоғамдағы адам теңдігін, азаматтардың еркіндігін, заң үстемдігін жоғары қоятын республикашылардың идеясын қолдауға көшеді. Міне, содан бастап ол Француз Республикасын құру жолындағы күрестің алдынғы шебіне шыққан еді.
Дәл осы романынында Гюго алғашқы беттерінен-ақ монархиялық, аристократиялық биліктің басты өкілдері – лордтарды аяусыз мысқылдап, сынаудан бастайды. Арба үстінде орнатылған үйшігімен қаланы аралап, түрлі монологтар мен қойылымдар орындайтын өзі филосов, өзі ақын, өзі артист, өзі балгер Урсустың кішкентай күркесінің қабырғасында мынадай жазу бар: «Лордтар әрдайым ғалым адам саналады, тіпті оқу білмесе де. Оларды туғаннан сауатты санау құқығы берілген. Лордтар қарапайым адамды өлтіріп алса, оны қылмыстық қудалауға болмайды. Лордты тек лорд қана соттай алады. Лордтың үстіне шағымдануға жол берілмейді». Лордтар туралы осы сыңайда жалғаса беретін сөздер шын мәнінде қазір де өзекті, біреулерді еске салатындай ма, қалай? Бізде артымен диірмен тартатын күштілердің де жағдайы сол он сегізінші ғасырдағы лордтардан бір кем емес қой. Қазіргі қоғамда да не істесе де ешқандай жазаға тартылмайтын, сот пен прокуратураны да өз ыңғайында жүргізе алатын, бәрін ақшамен бір мезетте шешетін байшыкештер жетеді. Ондайлардың үстінен шағымдансаң да, заң алдында жауапқа тарта алмайсың. Ол үшін міндетті түрде әлеуметтік желілерде халық айқай-шу көтеруі керек, соның өзінде амалсыз көз алдаулар жасауға көшер еді.
Баяғыда лордтар дворян тұқымы болғаны үшін ғана қоғамда шексіз артықшылықтарға ие болып, Англияның парламент палатасына да солар ғана мүше болды. Өздері әліпті таяқ деп білмесе де, көпшілік халықтың тағдырын солар шешті, Король қандай ұсыныс жасаса да, «ләббай тақсырлап» қос қолдарын көтеруден басқаға өрелері жетпесе де, бәрібір билік, барлық игілік солардың қолында. Лордтардың балалары да құлағы керең, көзі соқыр болса да туғаннан лорд болып саналады.
Ал сау ақылмен терең толғанып, ойлана алатын, қоғамды өзгертуге, алға сүйреуге қабілетті, ақыл-қайраты жеткілікті қарапайым адамдарға жоғары жақтан орын болмады. Гюго он тоғызыншы ғасырда жазған романында осындай мәселелерді көтерсе, жиырма бірінші ғасырдағы біздің қоғамда да бұл мәселе әлі өзекті. Шын мәнінде ақылды, білімді адамдардың қай заманда да қоғамның басты сатысына шығып, халықтық мәселелерді шешуге араласуы қиындау.
Гюгоның кейіпкері Урсус сан қырлы талант иесі болса да кедей, кейбір кездері төсекке кешкі ас-сусыз жатуға мәжбүр болады. Бұл сонау 19 ғасырдағы білімді, талантты адамдардың басындағы хәл. Алайда, бүгінгі қоғамда ақылды, білімді адамдардың бәрі бай ма? Ойшыл адамға, білімді жандарға қоғамның байлығы деп құрметпен қарай ма? Бүгінгінің лорд, пэр, тағы сондайларына салсаң да, қоғамның осылай өзгермей тұра бергені керек.
Романда «Лорд Ричард Лаутердің иелігінде Уэстморлендте орналасқан зәулім сарайы бар, Уилтонский бағы лорд Филипп Герберттің иелігінде» деп тағы жүздеген лордтың меншігінде не бар екенін тізбелеп шығатын жеріне келгенде, есіңе еріксіз біздің шенеуніктер мен байшыкештердің Дубайдағы зәулім сарайлары мен үйлері түседі...
Гюго Францияның пэрі (айырықша саяси құқықтарға ие жоғарғы дворян тобы) болып сайланғаннан кейін парламент палатасында, үлкен Құрылтай жиынында аштық пен жоқшылықта қиналған халықтың жағдайын пэр, лордтардың, билік өкілдерінің алдында қалай жүрегі ауырып айтса, «Күлегеш адам» романында да әлдебір шындықтар ашылып, мұрагерлік жолмен лорд болып шыққан Гуинплен де лордтар палатасында солай ашына сөйлейді.
– Сіздердің қолдарыңызда байлық та, биілік те бар, өмірдің барлық қызығы да сіздерге бұйырған. Сіздер бірақ төменде қарапайым халық – адамзат барын ұмытып кеттіңіздер. Шел басқан көздеріңді ашыңдар. Ертең есеп беретін күн келеді. Түбінде бір жаза тартатындарың анық, бірақ сіздерде соның алдын алатын мүмкіндік бар, мен өздеріңізге соны айтуға келдім, – деген Гуинпленге лордтар аңтарыла қарап, «мынау қайдан келді-ей?», «не айтып тұр өзі?» деп гуілдесіп кетеді ғой.
Парламентте Гюго сөйлегенде де, жиыналғандар дәл осылай гуілдесіп, аң-таң қалысқан-ды. Өйткені, оған дейін биік мінберде жоқшылықта күн кешкен халықтың жағдайын айтып, оған өздерін бұлай ешкім кінәлап көрмеген-ді. Безбүйрек қоғам жазушының бұл жанайқайына селт етпеді. Бірақ, үнсіз қалуға тағы болмайтын еді. Себебі, үнсіз қалу – билік басындағы бай-бағыландардың көздері одан сайын шелденіп, қарапайым халықты езгіге ұшыратуына біржола көндігу, мойынұсыну еді. Ал Гюго мойынұсынғысы келмеді. Оған Рухы иліктірмеді. Біздің осындай рухымыз әрідегіні айтпағанда, берідегі Жасарал Қуанышәлі, Арон Атабектермен бірге кеткендей. Қалғаны кешегі қаңтар оқиғасында жеңіліс тапты, бұл Қазақы Рухтың соңғы тұяқ серпуі (лайым, олай болмасын) болып шықпаса неғылсын?..
Әйтеуір, күрес тоқтады, қоғам бәз-баяғыша меңіреу. Бейне он жасар Гуинплен аштан өлген әйелдің құшағынан тауып алған сәбиді өзі аш-жалаңаш болса да, қаншама күн жол жүріп, арып-ашып, таң ата бір қалаға кіргенде, ешкім есігін ашпаған, ешкім үн қатпаған, қаншама үйдің есігін тарсылдатса да, біреу бір дыбыс бермеген шаһар секілді. Сол қала аяушылық, жанашырлық сезімнен ада біздің бүгінгі қоғамның шын бет бейнесі ғой. Романды оқып отырғанда ана ғасырдағы француз, ағылшын қоғамымен, мына атом заманындағы біздің қоғамның арасында көп айырмашылығы жоқ сияқты болын көрінетіні несі екен? Әрине, технология, өндіріс, тағысын-тағылар дамыды. Әйтсе де, қоғамның тыныс-тіршілігі көп өзгере қоймағандай. Сол баяғы әділет іздеген адамдар, құқығы тапталған қарапайым халық, бір үйдің ішінде өртке оранып опат болған құны сұраусыз балалар... Ең қиыны атойлап шығып әділет іздейтіндердің, қара халықтың жоғын жоқтайтындардың қатары сирегені. Бұл рухтың жығылып, үміттің сөнген белгісі ме?..
«Күлегеш адам» романында өз ішіне еріксіз үңілтіп ойландыратын тұстары көп. Мәселен мына эпизодты алайықшы. Компрачикостар кішкентайында бет-жүзіне операция жасалған (беті үнемі күліп тұратындай болуы үшін екі езуін құлағына жеткенше кесіп, бір жағынан қорқынышты көрінетіндей кейіпке енгізген) он жасар Гуинпленді Портленд аралына жападан жалғыз қалдырады да, өздері кемеге мініп қашады. Бұлардың арасында бір тақырбас қарт адам бар еді. Кеменің иесі қарақшылардың бастығынан бұл кісі кім деп сұрағанда, ол бір сөзінде «ақымақ» десе, айнала беріп «ол кісі данышпан» деп жауап береді. Ойшыл адам шынында да сырт көзге біреуге ақымақ, біреуге данышпан көрінетіні бар ғой.
Қарақшылар мінген кеме алай-дүлей дауылға тап болып, ұзақ уақыт тау толқындармен арпалысып, ақырында одан аман-есен шығады. Алайда, қуаныштары ұзаққа созылмайды, себебі кеме дауыл кезінде теңіз астындағы жартасқа соғылса керек. Соның салдарынан астынғы жүк тұратын бөлігі суға тола бастапты. Қарақшылардың бастығы дереу кемедегі барлық заттарды суға лақтыруға бұйрық береді. Ыдыс-аяқ, тең-тең қапшықтар, барлық заттарды түгел суға лақтырады. Кеменің суға толуы баяулағанымен, бәрібір деңгейі аз-аздап көтеріліп келе жатқан еді. «Енді лақтырмаған не қалды?» деп сұрайды қарақшылардың бастығы. «Ештеңе, бәрін түгел лақтырдық» деп жауап береді барлығы бір ауыздан. Осы кезде қарт данышпан шығып, «лақтырылмаған нәрсе бар, ол біз жасаған қылмыстар. Біздің бойымыздағы ең ауыр жүк сол. Соны теңізге лақтыруымыз керек. Енді өмірімізді ештеңе құтқарып қала алмайды. Жанымызды қалай құтқарып қаламыз, соны ойлауымыз керек. Ол үшін барлық жасаған қылмыстарымызды мойнымызға алып, мына ақ қағазға кімге не істегенімізді жасырмай жазып, қолымызды қоямыз. Сосын қағазды құтыға салып, аузын бекітіп, суға лақтырамыз. Ең болмаса, жанымыз Құдайымызға тазарып барсын» дейді.
Осы арада Құдайды Ар-ұят, Әділет деп ұғатын Гюгоның Ар сотының қаншалықты биік сот санайтынын сезуге болатындай. Өзіңе өзің әділетті болып, өзіңді Ар сотының алдына тарту, күнәң үшін адамның аяғына жығылып кешірім сұрау – кез келгеннің қолынан келетін іс емес қой. Оған да мықты Рух, Ерік-жігер керек. Күнәні мойындауға жетудің өзі – адамның ішіндегі Рухтың Жеңісі шындап келгенде. Әйтпесе, неше түрлі күнә жасап алып, содан соң намаз оқып, дұға қылып Құдайдан ғана кешірім сұрап, осылай істесем Құдай кешіреді деген соқыр сеніммен өмір сүретіндер аз ба? Тек құлшылықпен ғана жан-дүниеңді тазарту, кешірімге ие болу мүмкін бе? Нағыз тазару – адамның алдында қолмен істегеніңді мойынмен көтеру арқылы келетінін автор романдағы осы бір эпизод арқылы ұқтырып тұрғандай.
Қате басып, күнә жасау қорқынышты емес (пендеміз ғой), ең қорқыныштысы – соны ішіңде ұзақ жыл жүк қылып сақтап, ана дүниеге алып кету, өзіңді мына дүниеде Ар Сотының алдына тартып, тазаруға тырыспау ма деймін. Тазарсаң, осы дүниеде тазар. Мұқағали ақын жырлағандай, «Айтып өткен ақында арман бар ма, Жүрегінің түбіне кір жасырмай». Ақынның Рухы Мәңгілік жасауының бір себебі – ішіндегінің бәрін өлеңге ақтарып, өлеңнің алдында Ақ, Адал бола білгенінде жатыр-ау...
Өлім жазасына қарсы күрес
Өлім жазасына қарсылық Гюгоның бойында бала кезден пайда болған еді. Тоғыз жасында кіндік әкесі генерал Лагориден айырылғанда-ақ осы бір жазаның тым қатыгез жаза екенін кішкентай жүрегімен сезінді, іштей қарсылық та сол кезден туған-ды. Лагори Наполеон Бонапарт армиясында қызмет атқарып жүріп (Виктордың әкесі Леопольд Гюго да генерал болған) генерал Мороның әскери диктатураға қарсы ұйымдастырған көтерілісіне қатысып, соңынан қуғынға ұшырайды. Виктордың әкесі досы Лагориды өздерінің Парижде тұратын үйінің ауласындағы ескі шіркеуге әкеліп жасырғанымен, көп ұзамай қолға түседі. Артынша үш генерал: Малэ, Гвидаль, Лагори Гренель жазығында Француз империясына қарсы бүлік ұйымдастырғаны үшін атылады.
Лагоридың атылғаны жөнінде жазылған үлкен хабарландыруды Виктор анасы Софии Требушемен бірге көшеде келе жатқанда оқиды. «Көшеде олай-бұлай өткен жұрт үлкен тақтадағы хабарландыруға көздерінің қиығы түскенде бойларын қорқыныш билеп, аяқтарын тез-тез басып кетіп қалуға асықты. Сонда тек жалғыз анам ғана хабарландыруға қасқайып қарап тұра қалды да, маған оқы деп бұйырды» деп еске алады Виктордың өзі бұл оқиғаны бір естелігінде.
Кіндік әкесі үйлерінде бой тасалап жүргенде Виктор оған кәдімгідей бауыр басып қалған еді. Наполеон орнатқан әскери диктатура елдің экономикасын қалай тұралатып, халықтың жағдайын тым нашарлатып жібергені туралы әңгімені де Лагоридің аузынан жиі еститін.
Тек осы оқиға ғана емес, Виктор бала кезінде герцог Беррийскийдің мұрагерін өлтірген Лувельдің, жаза басқан Жан Мартеннің, сосын тағы бір шалдың қалай өлім жазасына кесілгенін көріп жаны түршікті, жүрегі айнып, айналасынан қатты жиренді. Сол сәттен бастап оның бойында осы қатал жазаға деген қарсылық туып еді. Ішінде ұзақ жылдар сақтаған қарсылықтың бәрі 27 жасында оның қаламынан «Өлім жазасына кесілген жанның соңғы күні» деген роман болып туды. Соңғы сағатын күткен жанның күнделігі түрінде жазылған шығарма адамның өлім алдындағы күйінішін, өкінішін, жан азабын шынайы суреттейді. Оқырманды адам жанына тереңірек үңілуге жетелеген шығармасымен ол осылайша қоғамдық позицияның ең алдыңғы қатарына шығады.
Кітабы жарыққа шыққанан кейін сол кездегі король Луи-Филипппен (1830-1848) бірнеше рет жеке кездесіп ұзақ сөйлескенде, одан шындықты жасырмай, шаруалар мен жұмысшылардың жағдайына көңіл бөлуін сұрады. Қоғамдағы байшыкештердің азғындығына қарсы күрес жүргізуге кеңес берді. Король жазушыға бұл мәселелермен арнайы айналысуға уәде бергенімен, іс жүзінде оның бірі де орындалған жоқ. Бұл Гюгоны одан сайын ширықтыра түсті.
Елдегі әлеуметтік мәселелерді, қарапайым халықтың қиын тұрмысын, жер-жерде жайлаған әділетсіздіктерді елдің ең жоғары мінберінде айту үшін ол Францияның пэрі болуға ұмтылады. Сөйтіп жүріп те өлім жазасына кесілген қаншама адамға (арасында көтерілісшілер, саясаткерлер, жай қарапайым адамдар бар) араша сұрап, король Луи-Филиппке өлеңмен үндеу жолдаумен болады.
Француз академиясына қайта-қайта кандидатурасын ұсынып жүріп, бірнеше жылдан соң ақыры Франция пэрі болып сайланады. Франция парламентінің жоғары палатасының мінберінде сөз алған күннен бастап ол орыс патшалығының қысымына ұшыраған Польшаға жәрдем беру, елден шетте қуғында жүрген Бонапарттар отбасы мүшелеріне рақымшылық жасау, яғни тым қатігез жазаларды жеңілдету, елдегі кедейшілікке қарсы шаралар ұйымдастыру туралы мәселе қозғайды.
Әйтсе де, мұндай жоғары деңгейдегі гумманистік ойларды көздерін байлықпен ашқан, білімі жоқ болса да білімді саналатын дворяндық орта тіпті қабылдамады. Олар қарапайым халықтың жағдайынан мүлдем хабарсыз еді. Билік басында жүрген пэр, лорд сияқты байшыкештердің шын мәнінде адамшылықтан, аяушылықтан ада тоғышар, ештеңеге жаны ашымайтын безбүйрек болып келетініне көзі жеткенде, бойында оларға деген жеккөрініш пайда болады. Оның осы жиіркеніші «Күлегеш адам» романының өн-бойына төгіліп түскендей (үнемі күңкілдеп, бұрқылдап сөйлеп жүретін Урсустың сөздерін есіңізге алыңыз).
Гюго кейін Құрылтай кеңесінің мүшелігіне өткенде өлім жазасын тоқтату мәселесін қайта көтереді. «Өлім жазасы – бұл біздің қоғамдағы шексіз айуандық пен тағылықтың көрінісі. Өлім жазасы шамадан тыс көп қолданатын елде жабайылық, өте сирек қолданылатын елде өркениет басым болады. Біз Құдайдың өзінен оның адамға өмір сыйлау және оны қайтарып алу құқығын тартып алып отырмыз. Адамның басын кесе салғанша, сол бастарды ерте жастан дұрыс жолға бағыттасақ, одан өте жақсы қоғамның қызметшісі шығар еді. Қарапайым халықтың басын өндеп, оған тыңайтқыш құйып, ілім-біліммен ағартсаңыздар, сонда сіздерге оны кесіп тастаудың қажеті болмайды!» – деп ашына сөйлеген еді.
Әйтсе де мұны тыңдар құлақ болмады. Себебі бұл уақытта елдегі саяси оқиғалар барынша қыза түсіп, авторитарлық жүйені орнатуға бағыт алған еді. Дворяндар тобының үстемдігін, шексіз билігін қайта орнатуды көксегендер республиканы құлатуға жанталасып жатқан болатын. Оның ең басында Луи-Наполеон жүрді. Гюго бұған ашық қарсылық білдірді. «Эвенман» газетінде жиі-жиі жазған мақалаларында республиканы құлатып, Луи-Наполеонның диктатурасына жол ашуға тырысып жатқандарды аяусыз сынады. Бұл қаупін Құрылтай жиынында да айта келіп, «Наполеон билік басына келсе, бұрынғы диктатура қайтып оралады. Бізге Ұлы Наполеоннан кейін кіші Наполеон қажет пе, өзі?» деп төтен сұрақ қояды.
Ақыры оның айтқаны айдай келді, 1851 жылдың 2 желтоқсанында Луи-Наполеон мемлекеттік төңкеріс жасап, өзінің саяси қарсыластарының бәрін түрмеге тоғытты. Өзін Француз императоры – ІІІ Наполеонмын деп жариялап, Француз тарихындағы екінші империяны құрды. Сөйтіп, 1848 жылы құрылған Екінші Француз Республикасы бар-жоғы үш жылдан астам уақыт қана өмір сүрді.
Елде басталған қуғын-сүргін кезінде баспасөз бетінде әкесінің идеяларын белсенді қолдап, мақалалар жазып жүрген ұлы Шарль Гюго ұсталып, түрмеге қамалады. Виктор Гюгоның өзі бұл уақытта айналасындағы достары мен жақтастарын қолға қару алып, көшеде баррикадалар құруға шақырып жүрген болатын. Кері шегінбеске әбден бекінген ол халық алдында сөз сөйлеп, соңына жастарды да ерітіп алған еді. Алайда, Виктор Гюгоның басы үшін 25 мың франк тігіліп, көрген жерде немесе ұстаған бойда атып тастау жөнінде император жарлығы шыққанын естіген достары оған бір минутта елде қалуға болмайтынын айтып үгіттеп, едел-жедел шетелге қашырып жіберуге мәжбүр болады.
Қуғындағы жылдар
«Егер ең соңында бір адам қалатын болса, сол адам мен боламын» (Et s’il n’en reste qu’un – je serai celui-là!). Бұл Гюгоның ІІІ Наполеонмен енді қайтіп бітіспеске серт беріп жазған өлеңі еді. Қуғында жүрген жылдары ол осы сөзінен бір сәтке де айныған жоқ. Брюссельге табан тіреген бойда бірден «Кіші Наполеон», «Бір қылмыстың тарихы» кітаптарын жазуға кіріседі.
Брюссель басында ақынды жылы қарсы алды, халқы да оны жақсы көрді. Арада көп уақыт өтпей қуғынға ұшырағандардың біраз бөлігі осында жинала бастаған болатын. Олардың арасында француз әдебиеті, өнері мен ғылымының белгілі өкілдері бар еді.
Әйтсе де, Гюгоның «Кіші Наполеон» кітабы жарық көріп, Брюссельге кең таралып кеткеннен кейін мұндағы жағдай күрт өзгереді. ІІІ Наполеонның қаһарынан қаймыққан Бельгия үкіметі жазушыны елден шығаруды ойластыра бастайды. Соны сезген Гюго дереу Англияға аттанады. Алайда ол мұнда ұзақ тұрақтай алмады, 1852 жылдың 5 тамызында Джерси аралына тұмсық тірейді. Мұнда оны қуғында жүрген француздың бір топ зиялылары қарсылап алады.
Ол аралға келгеннен кейін де бір минутта қарап жатпады. Қаламнан қолы босаған уақытта қуғында жүргендерді жинап, оларға рухты сөздерімен дем беріп, Францияның болашағына деген сенімдерін үстеумен болды. Содан соң Наполеонға үндеу түрінде арнайы хат жазады. Оны француз императоры Англияға келген сапарында Дувр қаласының кез келген қабырғасынан оқи алатындай етіп, тарату жағын да ұйымдастырады.
Осы аралықта ІІІ Наполеонды аяусыз сын тезіне алған «Les Châtiments» (Жаза) деген шағын өлеңдер жинағы да жарық көрген еді. Бұл кітапқа Францияда қатаң тыйым салынғанына қарамастан көпшіліктің арасында жасырын түрде тез тарап, жақсы оқылды, қайғырған халықтың көз жасын көлдетіп, ашу-ызасын туғызды. ІІІ Наполеонның өзі бұл сатиралық өлеңдерді өте ауыр қабылдап, қатты ашуланып кәріне мінеді. Англияның патшайымы Викториядан Гюгоны Джерсиден қудалауын сұрап бірнеше ресми хат та жолдайды. Виктория патшайым француз императорының өтінішін аяқасты етуге дәті бармай, аралға арнайы сәлем жолдайды. Сөйтіп, Гюго Джерси аралын да тастап шығуға мәжбүр болады.
«Жазған құлда шаршау жоқ», бұдан соң ол Гернси аралына бет бұрады. Гернси Джерсиден біршама шағындау, халқының саны да отыз мыңнан аспайтын. Бұл арал да Англияның қанатының астында еді. Тек бір айырмашылығы – мұндағы халық өздерінің көне заңдары және жергілікті салт-дәстүрлерімен өмір сүреді. Екі аралды мекендеген халықтың арасында ертеден келе жатқан жаулық бар екен, содан да болар, Джерсиден пана таппаған Гюгоны гернсиліктер құшағын жая қарсы алады.
Нормандия жағалауындағы Гернси аралы шын мәнінде Гюгоға құт мекен болды. Ол осында күні-түні еңбек етіп, «Пайым» («Les Contemplations») деген өлеңдерін жинағын аяқтады. Осы жинақтағы өлеңдерінің негізгі бөлігі жиырма жасында Сена өзеніне күйеуімен бірге суға батып кеткен үлкен қызы Леопольдинаға арналған еді.
Сондай-ақ, 1848 жылы бастап жазған атақты «Аласталғандар» романын да Гюго Гернсидегі «Готвиль-Хаузда» соңғы нүктесін қойды. Аталған роман 1862 жылы Парижде, Брюссельде, Лейпцигте, Лондонда, Милан мен Мадридте, Роттердам, Варшава және тағы біраз әлем қаласында бір мезгілде жарық көрді. Жазушы, аудармашы Аделаида Паевскаяның 1890 жылы жарық көрген «Виктор Гюго. Өмірі және әдеби шығармашылық қызметі» деген кітабындағы деректерге қарағанда, «Аласталғандардың» алғашқы 7 мың данасы Парижде екі күнде сатылып кеткен көрінеді. Брюссельдегі тираж 12 мың дана болса, Лейпцигте 3 мың дана сол бойда сатылып кеткен. Бұған қоса, жапон тіліндегі аудармасы 26 мың дана тиражбен тараған. Бұл сөз жоқ, ұлы жазушының сол уақыттағы атақ-даңқы қаншалықты кең тарағанын айғақтайтын дәлел.
Мұндай атақ-даңқ оған жанкешті еңбегі немесе теңдессіз таланты арқасында ғана емес, жалпы адамзатқа деген шексіз махаббатының арқасында келді. Себебі, ол «Адамзаттың бәрін бауырым» деп сүйе білді. Сосын да оны әлем халқы жақсы көріп, махаббатына махаббатпен жауап қайырған болуы керек. Өйткені ол қуғында жүрген жылдары жалпы әлемдегі өлім жазасына қарсылығын білдіріп отырды. Бұған дейін АҚШ-тағы құл иеленушілікке қарсы күреске қолдау білдіріп келген ол 1859 жылы Америкада Джон Браунды дарға асқалы жатқанда «Байқаңыздар, Браунды өлтіру американдық демократияға сызат түсіретін саяси түзетілмейтін қателік болып жүрмесін» деп ескертіп, АҚШ азаматтарын ізгілікке үндеп еді. Алайда, оның дауысын құл иеленушілерден тұратын сот ескермеді. Джон Браунды «Қара нәсілділерді көтеріліске үндеп, бірнеше ақ адамның өліміне себепші болды, өзі де көтеріліске қатысып, көп адамды өлтірді» деген айыппен өлім жазасына кесті.
Джон Браун негізінде елде зор құрметке ие, дін жолын берік ұстанып, бүкіл өмірін құл иеленушілікті жоюға арнаған адам болатын. Плантация иелері мен фермерлер қарулы шабуыл ұйымдастырып, қара нәсілділер мекеніне баса-көктеп кіргенде Джон Браун бес баласымен бірге қолдарына қару алып, қара нәсілділерді қорғау соғысына қатысты. Осы ұрыста оның екі баласы бірдей қаза тапты, өзі ауыр жараланып қолға түскен еді. Гюго Джон Браунға араша тұруға қанша әрекеттенгенімен, оның бәрі сәтсіз аяқталды. Бірақ осы өлім жазасына қарсы жүргізген үздіксіз күресі көп өтпей өз нәтижесін бере бастады.
1862 жылы Женева Құрылтай жиыны өздерінің конституциясын қайта қарап, өлім жазасының сақталуын дауысқа салған кезде, Гюго женевалықтарға гуманистік ой-пікірлері жазылған хатын жолдайды, сөйтіп сол құрылтайда католиктік партияның қатты қарсылық білдіргеніне қарамастан, өлім жазасы түбегейлі жойылады. Бұдан соң Гюго 1865 жылы өлім жазасын жою бағытында құрылған Италия Орталық комитетінің мүшелеріне қолдау білдіріп хат жазады.
1867 жылы Гюгоға бір португалиялық дворян хат жолдап, өздеріндегі парламенттің қос палатасы өлім жазасына қарсы дауыс бергенін қуана хабарлайды. Бұдан Гюгоның өлім жазасына қарсы күресін, қоғамды орта ғасырға тән айуандықтан арылуға шақырған шығармаларын, үндеу парақтарын бүкіл еуропа, әлем халқы оқып, қолдап отырғанын байқауға болады. Яғни, Гюгоның дауысы әлемдегі әрбір саналы, ойлы азаматтарға жеткен, олардың да осы күреске қосылуына ықпал еткен.
Егер адамның ниеті шын болса, өзінің ұстанымдарына адал болса, кейде кішкентай ісімен де әлемге өзгеріс әкеле алады екен. Үнемі ізгілікті насихаттап, адалдық пен әділдіктің жолынан айнымаған Гюго Гернсиде тұрғанда апта сайын «Готвиль-Хаузда» кедей балаларға арнап ас беруді дағдыға айналдырған болатын. Балалардың саны басында сегіз, одан кейін он бес, ең соңында қырыққа жеткен. Рождествода шырша мерекесін ұйымдастырып, киімдер мен тәтілер таратуды да ұмытпаған. Кейін ашыққан балаларға апта сайын ас беру дәстүрі арал тұрғындары арасына кеңінен тарала бастайды. Сөйтіп бұл дәстүр Англияға да жеткен ғой. Осылайша, бір адамның бар ниетімен жасаған бір мейірімді ісі бүкіл елге дәстүр болып таралды.
«Мен Францияға бостандықпен бірге ораламын»
Виктор Гюго Гернсидегі өмірін осылай жан-жақты күреспен өткізіп жатқанда Империяның құлайтын күні де біртіндеп таяды. ІІІ Наполеон елді қанша жерден қатаң диктатурамен басқарып, кішкене қарсылықтың өзін аяусыз басып тастап отырғанымен, қарсылық еш тоқтаған жоқ. Бұл кезде түрмеден босап шыққан жазушының ұлдары, бірқатар достары «Rappel» газетінде ынтымақтаса жұмыс жасап, кез келген қолайлы сәтті қапы жібермеді. Газет бетінде жарияланған сыни материалдар қарсыластардың қатарын көбейте түсті. Ортақ мақсатқа жұмылған табанды күрестің нәтижесінде ақыры империя құлады.
Осы уақытты Гюго 19 жыл күтті, өлеңінде берген сертінен таймай, әр минутын күреспен өткізіп, империяның құлап, Үшінші Француз республикасы құрылатын күнді табандылықпен күтті. Одан бұрын, дәлірек айтқанда 1859 жылы ІІІ Наполеон қуғында жүргендерге амнистия жариялаған болатын, сол уақытта шетте жүргендердің көпшілігі елге қайтып оралды. Тек Гюго ғана: «Мен Францияға қашан бостандық оралады, сонда ғана бір ораламын!» деп берген сертінен таймайды.
Ақыры айтқанында тұрып, Империя құлаған соң ғана ол Францияға 1870 жылы 5 қыркүйек күні оралады. Сақал-шашы аппақ қудай, жетпіс жасқа таяған жазушы Парижге аяғын іліктіргенде ауа-райы әлденені сездіргендей аспан күнгірт тартып, күн жауарға ұқсап еді. Шерге толы жүрегі де өз-өзінен зіл қара тас болып, төмен тарта берген. Соның бәрі бекер болмапты. Париж көшелеріне кіргенде арып-ашқан, қолдарын жайып нан сұраған, жаралы, рухы сөнген, Пруссия әскерінен тас-талқаны шығып жеңілген француз жауынгерлерінің сорлы күйін көргенде Гюго өзін ұстай алмай өкіріп жылап жіберді. Ол Францияны, өзі жиырма жылдай сағынып, аңсаған Парижді, аяулы Парижін осындай күйде көрем деп ойлаған жоқ еді. Екі бетін жуып, аппақ қудай сақалынан төмен қарай сорғалаған көз жасымен ІІІ Наполеонның диктатурасына деген лағынеті, рухтан айырылған француз жауынгерлеріне аяушылық сезімі, жылдар бойы ішіне шер болып тұнған елге деген сағынышымен араласып төгіліп жатты. Бұл жас емес, жанын өртеген ащы запыран еді, жүрек түбіндегі зарлы мұң еді.
Ол пойыздан секіріп түсіп, айналадағы дүкендерден толтырып нан сатып алды да, бәрін жауынгерлерге, жарты құрсақ жандарға тарата бастады, жанына жүгіріп жеткендерге бәрін тегіс үйлестіруге бұйрық берді. Ол жиырма жылға жуық үзілістен соң аяулы Парижімен осылай қауышып еді...
Гюго ертесіне-ақ пруссиялықтарға үндеу-хат жолдап, екі халықтың арасында жаулық жоқ екенін айтып, ІІІ Наполеон бастаған соғысты тоқтатуға шақырды. Өзі сол бойда Ұлттық гвардияның құрамына жазылып, Парижді қорғауға үлес қосуға кіріседі. Жаңадан құрылған Үшінші Француз Республикасының іргесін бекітуге бар күш-жігерін жұмсайды.
Париж қоршаудан босағаннан кейін ол палата депутаты, одан соң сенатор ретінде елдегі саяси оқиғалардың қақ ортасында жүрді, Эльзас пен Лотарингия провинциясын Пруссияға беру туралы келісімге қарсы шықты. Әрқашан рақымшылық жағында болып, жұмысшылар мен шаруалардың жағдайын жақсартуға пайдасы тиетін істер атқаруға тырысқан ол жиырмасыншы ғасыр адамзат үшін еңбек пен бейбітшілік ғасыры болатынына, бүгінгі ізгілік жолындағы күрестің түбі жемісін беретініне жән-тәнімен сенді.
«Біздің ешбір ісіміз зая кетпейді. Көзімізді төмен салсақ, шөптің арасынан жәндіктердің қыбырлаған тірлігін көреміз, аспанға қарасақ, жанарымызға жарқыраған жұлдыздар ілігеді. Олар не істеп жатыр дейсіз ғой? Жәндіктер жерде, жұлдыздар аспанда еңбек етіп жатыр. Шексіз кеңістік оларды бір жағынан бөліп, бір жағынан байланыстырып тұр. Мұның бәрі – Мәңгіліктің заңы. Ал осы заңдылықтан адам қалай тысқары қалуы керек? Адам да жаһанның жаратылыс күшіне бағынады, екі есе бағынады: денесімен және рухымен. Қолымен саз балшықтан мүсін соқса, рухымен аспан әлемін құшады. Оның жәндік сияқты денесі бар, алайда жаны жұлдыз сияқты мәңгілік. Ол еңбек етеді және терең ой кешеді. Еңбек – ол Өмір, ой – ол Жарық Ғалам... Бізді сүйетіндерді және бізді сүймейтіндерді де жақсы көруіміз керек. Барлығына жақсылық тілеуді үйренейік. Сонда бәрі өзгереді және бізге ақиқаттың есігі ашылады» деген екен Гюго.
Мына өмірде негізінде бәрінің кілті өте қарапайым, бірақ соны жасау одан да қиын бір-ақ нәрседе – бір-бірімізді махаббатпен сүйе білуде жатыр ғой. Біздің Абайдың да «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» деуі сондықтан. Алланың хикметін сезу үшін алдымен адамды сүйе білуіміз керек расында. Алланы содан кейін. Ал біз болсақ, адамды шынайы жақсы көре алмай тұрып, Аллаға махаббатымызды дәлелдемек болып ит әуреге түсеміз.
Расында да, өзімізді жақсы көретіндерді де, жақсы көрмейтіндерді де жақсы көріп, жақсылық тілесек, бар дүние өзгеріп, ақиқатқа бір табан жақындар ма екенбіз?..
P.S. Иә, мына жердің бетінде әділдік пен зұлымдықтың күресі мәңгілік. Жаратылыстың заңы солай. Егер күрес бәсеңдеп, қарсылықтар жойылса, қоғам да бір орында иіріліп қалған су сияқты алға баспайды. Виктор Гюго осыны бүкіл жан-жүрегімен ұғынған қаламгер, осы ұлы майданда ең табандылықпен күрескен жауынгер! Оның өмірі де – күрес, шығармашылығы да – күрес еді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.